Жақында Түркияда алғашқы қазақ романдары түрік тіліне аударылып басылған болатын. Аудармашы –А...
Суһраб Сепеһри. Ол жерде су – көгілдір (Өлеңдер)
Суһраб Сепеһри (1928-1980) – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі қатарына Нима Йушидж, Ахмад Шамлу, Меһди Ахаван Салес, Форуғ Фаррохзад кіретін ең көрнекті бес ақынның бірі. Олардың барлығы дерлік классикалық өлең формасынан һәм мазмұнынан мейлінше бас тартты. Сол үшін де өлеңдері уәзінсіз, ұйқассыз, қара сөзбен жазылды. Сепеһри болса ақындықпен қатар жазушылығы және суретшілігімен де танымал. Бүгінге дейін ақынның өлеңдері әлемнің көптеген тіліне, соның ішінде ағылшын, француз, испан, италиян және литва тілдеріне аударылған. "Мәдениет порталы" модерн парсы әдебиетінің ең беделді өкілдерінің бірі, Суһраб Сепеһридің бірнеше картиналары мен алғаш рет Айнаш Қасымның қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімаланған өлеңдерін оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
Су
Суды лайламайық.
Төменде кептер су ішіп жатқан сияқты.
Я, алыс тоғайда шымшық мамық жүнін жуып жатқан болар?
Бәлкім, ауылда біреу көзесін суға толтырып жатыр ма екен?
Суды лайламайық.
Мүмкін, ағын су жүректің қайғысын шаю үшін аққайыңның түбіне ағып барар?
Әлде дәруіш кепкен нанын суға салып, жібітіп отыр ма екен?
Сұлу әйел өзенге келді.
Суды лайламайық.
Сұлу жүзі нұрланып кетті.
Су қандай дәмді!
Өзен қандай тұнық!
Жоғарыдағы адамдар қандай бақытты!
Бұлақтары атқылап, сиырлары сүтті болсын!
Мен ауылдарын көрген жоқпын.
Шарбақтарының түбінің Құдайдың мекені екендігі шәксіз.
Айдың нұры ол жерде сөздің кеңдігін жарықтандырады.
Күдіксіз, жоғарыдағы ауылдың дуалдары жатаған.
Адамдары лала гүлінің қандай гүл екенін біледі.
Күмәнсіз, ол жерде су – көгілдір.
Бүршік жарса да ауыл адамдары одан хабардар.
Қандай ауыл болуы керек?
Көшелері мен бақтары әуенге толы болуы шарт.
Адамдары өзеннің басында суды түсінеді.
Лайлаған жоқ,
Біз де суды лайламайық!
Басталудың үні
Аяқ киімім қайда?
«Суһраб!» деп шақырған кім екен?
Дауыс ауа мен жапырақтың таныстығы секілді.
Анам ұйқыда.
Манучеһр мен Парване де, бәлкім, қаланың бүкіл халқы да.
Хордадтың түні мәрсиенің тыныштығындай зымырап өтеді.
Салқын самал көрпенің жасыл шетінен менің ұйқымды сыпырады.
Хижраттың иісі шығады.
Жастығым қарлығаштардың қанаттарының әніне толы.
Таңертең
Мына суы бар кесеге
Аспан хижрат етеді.
Бүгін түнде кетуім керек.
Бұл ауданның адамдарымен ашығырақ терезеден сөйлескен мен
Уақыттың сипаты туралы сөз естімедім.
Ешбір көз ынтықтықпен жерге үңілмеген.
Бақты көргеннен ешкім елтіген жоқ.
Егістіктің басындағы шауқарғаны ешкім шынайы қабылдаған жоқ.
Жаным қатты құлазып тұр.
Терезеден хор қызын –
Көршінің балиғатқа толған қызын көргенде
Жер бетіндегі сирек кездесетін қарағаштың діңі фиқһ оқиды.
Тағы бір нәрселер бар: толқынға толы сәттер.
(Мәселен,
Кеңістікті тамашалауға берілгендері сондай,
Көздеріне аспан тұқым салған шайырларды көрдім).
Түндердің бірінде бір адам менен:
«Жүзімнің таңына дейін неше сағаттық жол?» – деп сұрады.
Бүгін кешке баруым керек.
Мен жалғыз жейдем сиятын шабаданымды алып,
Батырлық ағаштары көрініп тұрған жаққа,
Қарсысында мені үнемі шақыратын қаріпсіз кеңістікке барамын.
Біреу тағы «Суһраб!» деп шақырды.
Аяқ киімім қайда?
Судың дыбысы
Кашанның тұрғынымын.
Тұрмысым жаман емес.
Бір жапырақ наным, аздаған ақылым мен қабілетім бар.
Ағаштың жапырағынан артық анам мен
Ағынды судан артық достарым бар.
Осы жақын жерде Құдай бар:
жұлдызшешектердің арасында, анау биік қарағайдың түбінде,
судың хабардарлығы мен шөптің заңының бетінде.
Мен – мұсылманмын.
Қыбылам – қызыл гүл.
Жайнамазым – бұлақ, мөрім – нұр.
Дала – менің сәждем.
Мен терезелердің дүрсілімен дәрет аламын.
Намазыма ай мен толқын қатысады.
Тас намазымның артынан көрініп тұр: намазымның барлық бөлшегі мөлдір.
Намазымды
Азанды самырсын мұнарасынан жел шақырғанда оқимын.
Намазымды шөптің «тәкбір әт үл-ихрамы» мен
Толқынның иқамасынан кейін оқимын.
Қағбам судың жағасында.
Қағбам мамыргүлдердің түбінде.
Қағбам самал жел сынды бақтан баққа, қаладан қалаға барады.
«Хажар үл-Асуадым» – бақтың жарығы.
Кашанның тұрғынымын.
Кәсібім – суретшілік.
Кейде бояумен тордың суретін саламын да,
Ішіндегі қамалған лала гүлінің әнімен
Жалғыз жүректеріңіз жаңарсын деп,
Сіздерге сатамын.
Бекер, бекер, бос... білемін.
Пердем жансыз.
Мен салған хауызымның балықсыз екенін жақсы білемін.
Мекен жай – Достың үйі қайда? Салт атты сұрағанда таң еді. Аспан бөгелді. Жүргінші ерніндегі нұрдың бұтағын Түн қараңғылығына сыйлады. Саусағымен аққайыңға нұсқап: «Ағашқа жетпей, Құдайдың түсінен Жасылырақ «көше бақ» бар. Ол жерде, Махаббат – адалдықтың мамығындай көгілдір. Балиғаттың артынан көрінетін Көшенің соңына дейін барасың. Кейін жалғыз гүл жаққа бұрыласың. Гүлге екі қадам қалғанда, Әпсаналық мәңгілік қайнаған бұрқаққа Аяғың тиеді. Бойыңды мөлдір қорқыныш билейді. Кеңістіктің ағынды риясыздығында Сыбдыр естисің. Биік шыршамен өрлеп, Нұрдың ұясынан балапан алған Баланы көресің. Одан «Достың үйі қайда?» деп сұрайсың. Парсы тілінен аударған: Айнаш Қасым