Өтен Ахмет. Ауылдан безу

ӘДЕБИЕТ
1841

Өтен Ахмет

ПРОЛОГ ОРНЫНА

Ойын баласының даладан таппайтыны жоқ... үйге әкелмейтіні жоқ. Кішкентай немерем Диастың қолынан жаңбыр суы тиіп, шет-шеті топыраққа былғанып, әбден ілбіреп сілікпесі шыққан іс жүргізетін жалпақ қалың дәптерді көргенде қатты ренжідім, онсыз да даладай қораны кір-қоқырдан тазартып болмайсың, мұның не?

Әжеме от жағуға тамыздық болады, деп қарап тұр пысық немерем.

Онда жарайды, деп еріксіз күлдім де, ескі дәптерді сырттағы қазандық жанына апарып тастамақ болдым. Қолыма ала беріп іші тола жазу екенін байқадым. Мұқаба бетін ашсам, шынында, бір қызық жазулар. Отыра қалып оқиын. Мекемелер арасындағы қатынас қағаздар. Алғашқы дәрігерлік қызмет көрсету орталығы: «Біздің көзіміздің анық жеткені бұл психикалық дертке шалдыққан адам, не сөйлеп, не істеп қойғанын өзі де білмейді; үкіметте отырған Нұрберген Бекбергенов деген белгілі лауазым иесін менің досым еді дейді; ал оның қызы Ләззат менің әйелім деп соғады. Қолынан қағаз бен қалам бір түспейді. Жамылғысын басына тас бүркеп алып, өзінше бізден жасырынған боп, әлденені сүйкектетіп жазады да жатады. Ол не деп сұрағанымызға да, қорқытқанымызға да көнбей қойды. Жеке бас құқығыма қол сұққызбаймын деп айқайды салғанда, бүкіл аурухананы басына көтерді. Зәремізді ұшырдың.

 Екінші қатынас қағаз жындыхана бас дәрігерінің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдамасы екен: «Сіздердің сұрауларыңыз бойынша мынаны хабарлаймыз депті: Алтынбай бізге түсерінде қатты қарсылық көрсетті. Тордағы арыстандай ақырып, аяқ-қолына жармасқан үш бірдей күзет қызметшісін үш жаққа лақтырды. Тағы екі күзетші жігіт келіп көмектеспегенде қашып кетуі де мүмкін еді. Әсіресе қалың дәптер жазбаларын алардағы ышқынғаны соншалық  бейшараның шыбын жаны кеудесінен шығып кете жаздады. Талып құлады. Жазуы қазақша екен, сондықтан өз басым оның не туралы екенін білмеймін…» 

 «Таныстым. Қоғамның шетқора күресінінен шығып қалған сорлы жанның басынан кешкендері. Жазба иесі Алтынбайдың үкіметтегі Нұрберген Бекбергеновке ешқандай туысқандық жақындығы жоқ. Хаттарын Нұрберген мырзаға арнауын арнағанмен, алғашқы бір-екеуінен кейін, жауап алмаған соң жолдауын доғарған. Әрине, жазбаларда қоғам атына айтылған өткір сын, ащы шындық жоқ емес. Бірақ автордың қолжазбаны жариялату, тарату мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жылы жауып қоя салған жөн. Тақыр Тастақов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметкері…» 

 Тастақов анықтамасының шетінен одан шені жоғары біреу «архивке» деп бұрыштама соғыпты да қырқаяқ сияқтандырып жыбырлата шұбалтып қол қойыпты.

 Жазба мені қызықтырды. Оқып шығуды ұйғардым.

I

 Уа, менің жарты құртты жарып жеген жан досым, Нұрберген! Біздің ауыл баяғы өзің көрген Белтұрғанда әлі отыр. Бірақ жел тұрғанда сұлу қыздың мықынындай солқылдайтын бұрынғы биік ағаштары жоқ. Ұзын-қысқасына қарап жатпастан қынадай қырқып алып, шетінен отқа жағып жібергенбіз. Ас ішпей, жылынбай қалай отырамыз, өлеміз бе?

 Ауылдан мал кеткен соң, жағар отын таусылған соң, ел де кетті. Баяғы күнде базар ақар-шақар алпыс үйден шүңкиіп алтауы ғана қалды: Тоқсанбай шал мен Тоқтыгүл кемпір, мойындарына бұршақ салып, құдайға жалбарынып еңіреп жүріп көрген жалғыз ұлдарын айдаладағы Ауған соғысына жалматып, өлмеген соң бірін-бірі сүйрелеп әлі жүр байғұстар. Сосын байы өлген Қатира, кәрі қыз Жанат, жыл арылтпай туса да балалары тұрмай өле беретін Құндыз, жап-жас басымен қаласы құрысын деп, қаладан безіп, ауылда қаңырап қалған бос үйлердің бірін иемденген Құралай және мына мен — сенің сүр бойдақ ескі досың Алтынбай. 

 Мен ылғи, әсіресе батырыңқырап көп ішіп қойған күннің ертеңінде, ой батпағына белшемнен батамын да кетемін. Осы менің атым неге Алтынбай деп қиялдаймын. Қазақ ырымшыл ғой. Қойшыбай — қойы көп болсын дегені, Жылқыбай — мыңғырған жылқы бітсін дегені. Сонда маған өзі жарымаған әкем марқұм азан шақыртып Алтынбай деп ат қойғызғанда, өскенде менің алтыным көп болса екен деп армандаған ба… Қайдам, Нұрберген досым, өзің білесің, біздің ортамызда менен кедей адам жоқ. Әке-шешем дүниеден тым ерте өтіп кетті. Егер екеуміз бір сыныпта оқып, сенің есеп жұмысыңды шығарып бермесем, шығарманы жазып бермесем, басқа да қиын сабақтарды түсіндіріп жүрмесем, кім біледі, жетімдер үйіне өтіп кетер ме едім, қайтер едім. Анау айтқандай биік армандарға қол созып, үлкен оқуға түсуге жағдайым көтермесе де, екі қолға бір күрек деп, ағайын-жекжат ішінде қала бердім ғой байланып. Сен бардың да күмп беріп химиктердің оқуына түстің де кеттің. Мен сенің соныңа, шынымды айтсам, көпке дейін қайран қалып жүрдім. Ол сенің қанша түсіндіріп жатса да ұқпайтын, иіс алмас сабағың еді ғой. Тіпті ұра берсе құдай да өледінің керімен кейбір формулаларды жаттап алған күннің өзінде шыны қалбырларды шылдырлатып, химия қосындыларының сасығын жұтып, лабораторияның тар қуысы ішінде жүргеніңді көзге елестетудің өзі маған бір түрлі өте ерсі көрінетін. Бірақ мен қателескен екенмін. Қазір, міне, химиктердің заманы болып тұр. Сен осыны елден бұрын қалай болжап білгенсің. Fажап! Бұрынғының кезінде бір ауылдан бір ауылдың тентегі барымталап жылқы алса, екі жақтың мал дауы жылдарға созылып, кейде тіпті ұрпақтан ұрпаққа мирасқа қалып отырады екен. Ал сендер болсаңдар бір оқ шығармай-ақ, сойыл көтермей-ақ елдің ішпей-жемей қан құсып жүріп жинаған бар байлығын қас қағымда асадыңдар да жібердіңдер. Өзің білесің, сенің әкең Бекберген «Зорбейнет» совхозын акционерлік қоғам деп қайта құрғанға дейін шаруашылықта 120 мың қой, 10 мың жылқы, 15 мың сиыр болды. Қазір сол қисапсыз көп малдан тігерге тұяқ та қалған жоқ. Ұзынқұлақтан естуіміз, сенің лауазым жолында өсуіңе жұмсапты соның бәрін. Қазір Астана жақта сен ашқан үлкен бір сауда-саттық фирманың атқарушы директоры көрінеді. Жо-о, сен ойлап қалма, қызғанғаным иә ренжіген сөзім емес бұл. Қайта ауылдағы жаман ағайындарың қуанып отыр. Өйткені тәуелсіз елді ақшалы бай адамдар билеп-төстеуі керегін миымызға жақсылап тұрып құйып бердіңдер ғой. Жарайсыңдар, ерлерім!

 Жә, мен енді негізгі айтпағыма көшейін.

 Түзге отырайыншы деп ауыл сыртындағы өзің білетін жиделі сайға қарай бара жатқанмын. Тау бөктерінен бе, қыр беткейден бе — жалғыз ұшқан жапалақша жалпылдап газет қиындысы ұшып келеді екен. Қырғидай қағып түспеймін бе, дымқыл тартып былжыраңқырап тұр. Жұмсартамын деп ұйпалаудың қажеті жоқ. Шоқиып отыра беріп, ермек болсын деп үзік-үзік сөздеріне көз жүгірттім, анау-мынау баяғы. Кенет… көзімді уқалап жібереп қайта үңілдім. 2000 жылдың алғашқы сағатында жас босанған әр қатынға 100 мың теңгеден сыйлық бар… Бір түрлі болдым да кеттім. Өзіме-өзім: Алтынбай, сенің де сәт сағатың соқты. Алла жазса Алтынбай атыңды ақтайтын болдың дей беріппін. Ауылдағы Қатира, Жанат, Құндыз, Құралай қаздай тізіліп көз алдыма келе қалды. Неужели олар өзі келіп қолға қонған бақ құсын оқтау алып маңдайдан ұрады. Неужели… Газет қиындысын куәлікке қалдырып, құйрығымды көкшөппен сүрттім де, ышқырымды жол-жөнекей түзеп, үйіме жеткенше асықтым. Босада қия шыңды өрлеп кеткен асқақ, қиялымның жетегіндемін. Біздің қазақта тұқымы тұздай құрып тұрған жерінен құдайдың құдіретімен қайтадан рулы ел болып кететін аңыз-әңгімелер аз ба деймін. Кәрі мен жастан, кейде тоқалдан немесе күңнен, өкіріп жіберіп келіннен де… Біздің ауылдан да уілдеген жас сәбилердің даусы естілсе, олар өсіп ержетсе, ұрпақ таратса, ол ұрпақ одан әрі жалғасса, ой-хой-хой, қазіргі шүңкиіп қалған алты үй бастапқы алпысын былай қойып, алты мыңға жетпесе неғыласың. Өз-өзінен үлкен Алтынбай ауылы атанып кетпей ме. Бойымды бір ғажап патриоттық шаттық сезім билеп алғандай. Бәсе деймін-ау, осы күнгі кейбір көкезулерді тыңдасаң, жының келеді. Қазақ қатындарында денсаулық жоқ, бала табуға жарамсыз. Туған баланың әдетте көбі дімкәс, тіпті есалаң. Оның үстіне өздері аш-жалаңаш ерлі-зайыпты баланы қайтсін дейді. Енді бір отыз жылдан кейін мына шетсіз-шексіз кең далаға иелік етер жан қалмас деп сәуегисиді. Оңбағандар! Қазақтың өліп қалып, қайта тіріліп кететінін білмей ме екен. Мың рет сөйткен қазаққа мың біріншіде сонша не көрініпті.

 Кешір, Нұрберген досым, қаным қызып, күйіп кетіп жатырмын да.

 Сонымен, бұрынғы даналардың: «Есік көргеннен бесік көрген жақсы» дегенін ескеріп, кәр қыз болса да әуелі Жанаттан бастағанды жөн көрдім.

 Біздің ауылды қазір кеш түссе болды, бірден қараңғы түнек басады. Кезінде жел соқса сыбызғыдай сызылтып тұратын электр желісінің бағандары да, сымдары да жоқ. Бағандары отқа жағылды, сымдары қытай асып кетті. Үйімде біраздан бері тығулы жатқан үш жвачкам, яғни сағызым бар еді. Соны алып, түнгі елестей көлбеңдеп, бұғып-бұқпантайлап қызға бармаймын ба. Май шамның сығырайған әлсіз жарығында Жанат кешкі шайын ішкелі жатыр екен. Мені жоғары шығарды. Мынау саған деп алдына сағыздарымды тастадым Жанаттың көзі күлімдеп, біртүрлі шырайланып кетті. «Жеп ішіңіз, ыстықтай ішіңіз», — деп пейілдене түсті. Әңгімені қалай бастарымды білмей, ептеп қиналғандай едім. «Айта беріңіз, қысылмаңыз, жас емеспіз ғой», — деп тағы да Жанаттың өзі дем бергені. Бағана күндіз дәрет сындыруға барғанда, жерге бір соғылып, аспандап қайта көтеріліп, далбақтап ұшып келе жатқан жерінде ұстап алған газет қиындысын көзіне көрсетіп қойып, тығыны алынған судай ақтарылдым да жөнелдім. Осылай да осылай, егер дүниеге екеулеп сәби әкелсек, бізді 100 мың теңге олжа күтіп тұр… Жанатым қуанудың орнына қорсылдап жылап жіберді. «Ой, не қорқасың ба?» «Жоқ». «Енді ше?» «Мен бала таппаймын ә-ә-ә». «Е,неге?» «Алматыда сылақшы-сыршы оқуында жүргенде құрбы қыздарға еріп, ақша табам деп… Содан суық тиіп асқынып… Бір трубкамды алып тастаған а-а-а…» Қой-қойлап байғұсты зорға тоқтаттым. Енді кетейін десем, шалғайыма жабысып жібергісі жоқ. «Болса да бетіміз ашылды ғой, қона сал, бәрібір ертең өсекке қаламыз», — деп жалынады. Көнбедім. Мүмкін менің осы уақытқа дейін үйленбей жүргенім Алла тағаламның маңдайыма жазған миссияның орындалар сәтін күттіргені шығар. Сондықтан қасиетті ұрықты босқа шашуға болмайды деп ұйғардым…

 Сүр бойдақ еркек те көпті көрген әккі қатын сияқты, әр нәрсені әріден ойлап жүреді. Менің де талайдан сақтаған жарты шиша «самопалым» болатын. Сатушының екі стопкадан кейін тілің салақтап қалады дегені есімде, соны алып Құралайға келейін. Оның ішкенді жек көрмейтінін білетінмін. «Айран сұрай келген болсаң, шелегіңді жасырма», — деп Құралай алдымен өзі ыңғай көрсетті. Мен бұлбұлдай сайрап бердім. Осылай да осылай. Нан тістеп, жуа шайнап, самопалдан ішіп-ішіп жібергенбіз ғой, қызып қалды ма: «Ей, бишара, – деп Құралай мені иығымнан түйіп-түйіп жіберді, – бұл дүниеде еркектен жаман мақұлық жоқ». «О, неге? Өзің еркектен жаратылмағанда қайдан шықтың?» «Мәселе сонда — әкемді көргем жоқ, кім екенін де білмеймін. Шешем түрмеде өлген. Мен сөйтіп жетімдер үйінде өстім. Сен менің неше жасымда зорланғанымды білсең ғой… Бірақ айтпаймын, өсек болып кетеді. Так что, теңге емес, АҚШ долларымен берсе де, бала табар жайым жоқ. Ал байым бар, — деп қуақылана қалған Құралай тұрып барып, анадай жинаулы төсегінің жастығы астынан еркектің жасанды мүшесін әкеп көрсетті. Безотказный деп мақтанды. Әттең, — дейді, ауылда электр жоқ, әйтпесе Астананың дүкендерінде бұдан да класныйлары бар», — деп ернін сылп-сылп еткізеді бәтшағар. Қойшы, әйтеуір, жартылық самопалым босқа кетті…

 Көп тұрақтамай өле беретіні болмаса, бала тапқыш еді деп бір кило рожкиімді қолтығыма қыстырып, Құндыздың есігін қағайын. Рожкиіме ол өлердей қуанды. Аузын ашса, көмейі көрінетін аңқылдаған ақкөңіл жан ғой, айтып жатыр: «Анамай ма, әнемей ме, сондаймен ауырамын. Түсік тастай бергенім содан екен. Ақырында байым шыдамай қашып кетті ғой. Мына сендей уызы бойындағы сүр бойдаққа сыйлық ақша төлемесе де бала тауып беруден тайынбас едім. О, көк қыршын, көк қыршын, кеш қалдың, етегім тоқтап қалғалы қашан» дейді…

 Ойпырмай, түн қараңғылығын жамылып бұқпантайлап жүрмін ғой десем, менің бұл күйбеңбай харакетімді ауылдағылардың бәрі біліп отырыпты. Айран ішуге барсам, Тоқсанбай шал: «Артында ұрпақ қалдырудың қамын жеп түн ұйқыдан безіп жүрген көрінесің, шырағым, хе-хе. Алла тағаламның өзі қолдайтын нәсіп қой, хе-хе», — деп кеңікілдесе, Тоқтыгүл әжем де: «Ауылымызға сыйлық бұйырса, кәмпит-сәмпит сорып, аузымның дәмін алар едім», — деп жымиып шық-шық етеді… 

 Бәрінен Қатиранікі қызық болды. Мен оған қалай барсам екен деп іштей қиналып жүрсем, тапа тал түсте Қатира менің қолымнан шап беріп ұстай алды да, әй-шайға қаратпастан үйіне сүйреп бір-ақ кіргізді. Шіркіннің демалған лебінің өзін сексеуілдің шоғы дерсің. Тиген жерін күйдіріп, ойып түседі. Қаным түгіл миыма дейін қызып кетті. «Бұл ауылда менен басқа қатын жоқ. Әнеугіден бері тура маған келмейсің бе? Босқа шығындалып неменеңе шатылып жүрсің?» деп әуелі маған біраз ұрсып та алды. Сосын: «Сен өзі шын еркексің бе?» деп сұрады беті шімірікпестен. «Еркек болмасам…» деп намысым қызғандай болып келе жатыр едім. «Менің өлген байым да «еркекпін», «еркекпін» деп өзеурейтін, — деп Қатира сөзімді бөлді. Атом жаратын полигонда жұмыс істеген екен. Сонда жүргенде белін құртып алыпты байғұс. Сонда да маған үйленерінде «еркекпін», «зормын» деп кеуделеген. Ақырында ішіп-ішіп ішқұсадан өліп кетті ғой. Аузы күйген үрлеп ішеді деген, айыпқа бұйырма, көзіммен көріп, қолыммен ұстамасам болмайды», — деп қиылды шайтан алғыр.

 Мендегінің дұрыстығына көзі жеткен соң: «Саған қояр бір ғана шартым бар, — деді. Қорамның есігі құлаған, төбесі де шұрық-тесік. Бір буаз, бір қысыр қалған қойым бар еді. Қораға қасқыр түсіп, буаз қойымды жеп кетті. Қорамды жөндейсің. Ал патриоттық ұлы істің жолына қысыр қойымды қидым. Жас сорпа ішеміз. Бұл екі арада желіндеп тұрған жалғыз сиырым да бұзаулап қалар, бұйыртса, уызға да тоямыз».

  Шарт осы болды. Білек сыбана кірістім. Қора жөндеу әне-міне бітеді. Құдай қаласа ата-баба аруағына сыйынып, Қатира екеуміз наурыздың 24-інен бастап сәуірдің 2-3-і аралығына дейін есікті ішінен тарс бекітіп алып, патриоттық мәні зор ұлы іспен айналысатын шығармыз. Көңілім біртүрлі көбелектей алып ұшып түпкі нәтижесі ойдағыдай боларына күмән келтірмеймін. Бірақ күдігім де жоқ емес.

 Ұзынқұлақтан естіп жатамыз, Нұрберген досым, 450 мың АҚШ долларына үй салғызыпсың. Жоғарыда айттым ғой, фирмаларың да бар екен. Қазақстандағы аса ірі 100 байдың жуан ортасында жүрген көрінесің. Бәрі де соның баянды болсын. Қайта құстыртады дейтіндей заман енді көтінен кері айналып өзгере қоймас. Айтайын дегенім, әлгі ұзынқұлақтан естігенім, кейбір пысықайлар перзентхана басшыларымен осы бастан астыртын келісім жүргізіп жатса керек. Адам пенде қанша дәлдеп есептедім десе де, бәрібір соңғы есебі құдайдың қолында емес пе. Көрер жарығы бар шарана 2000-жылдың алғашқы сағатынан сәл ертерек, не сәл кейнірек келуі де мүмкін ғой. Соны ептеп түзетіп жіберу әйел босандыратындар үшін түк емес білем. Босанушы әйелдердің қасына бір-бірден күзетші қоймайтын шығар.

 Нұрберген досым, сен қолы ұзын адамсың. Сыйлас-сыбайластарың арқылы біздің аудан перзентханасындағыларға тапсырып қойсаң нең кетеді. Біз өз тарапымыздан баланы таптыруын таптырармыз-ау. Бірақ ертеңгі күні көди-сөди 10-15 минут үшін сыйлықтан құр қалғандай болсақ, өкініштен өртеніп кетпейміз бе. Тақа болмаса сыйлықтың тең жартысын солар-ақ алсын. Мен қалған жартысына да ризамын. 

 Құрметті досым, Нұрберген! Бұл менің баяғыда екеуміз мектепте оқып жүргенімізде саған есеп шығарып бергенімді, шығармамды көшірткенімді салмақ қылып өтеуін сұрағаным емес. Өз басым мұны нағыз патриоттық іс деп ұқтым. Әрине, сен де солай ойлайсың, күмәнім жоқ, Қысқасы, өтінемін, қол соз. Азып-тозып аты өшуге айналған ауылыңды бір қуант.

 Салеммен, Алтынбай.

 Белтұрған ауылы. 17 наурыз 1999 жыл.

II

 Қадірлі досым, Нұрберген! Мен сенің алдыңда айыпты болып қалдым. Қалай дейсің ғой. Есіңде ме, ана жолғы хатымда өтініш айтқаным: біздің аудан перзентханасына мен жайында құлақ қағыс жасап қой деп. Соным бекер-ақ болған екен. Астанада асқақтап тұрған абыройлы басыңмен иіліп, айдалада адасқан қайдағы бір қотыр ауылдың перзентхана дәрігеріне: «Сөйтіп жіберші» дегеніңді ойласам, қара терге түсіп, шырт ұйқымнан шошып оянам. Сенің елге, халқыңа керек қымбат беделіңе алаңғасарлықпен асығыстық жасап, шаң жұқтырып алдым-ау деп жерге кіріп кете жаздаймын.

 Жігіттің жолын байлайын десе Алла тағалаға қиын ба.

 Әуелде бәрі де тамаша болып басталды. 100 мың теңгені нысанаға алып, Қатира екеуміз патриоттық іске ал кеп кіріспейміз бе. Ауық-ауық қысыр қойдың майы сорғалаған семіз етінен жейміз, сиыр уызын ішеміз. Неше таң атты, неше күн батты, біліп жатқан мен жоқ. Тек, әйтеуір, қысылған кезде дәретке жүгіріп кетемін. Қатира қолы епсекті пысық қатын екен, әупірімде сиырды да сауып үлгереді, тамақты да пісіріп қояды. Піштірілген баладай төсектен түспей жатқан менің қойныма кіре беріп «нешауасың» дейді, салбыраған ауыр төсі төсімді қытықтайды. Жаңағы мақтау сөзі, енді мына қылығы… Өмірі жөнді әйел көрмеген сорлы басым, қаным қызып еліріп кетемін. Қас жауыма қарсы шапқандай құлшына түсемін. Қатира тойған сайын тоймайды. Тағы, тағы дей береді.

 Бір апта, әлде он күн өтті-ау деймін. Басым айналып, буыны кетіп тәлтіректедім де қалдым. Қой, даланың бетін көрейін, аядай бөлменің күлімсі ауасынан тұншығып өлермін дедім. Бұл кезде үйдегі ет те таусылып, сиыр сүті де уызынан арылып, сұйыла бастаған болатын.

— Осыдан бала тапсам, сен менің байым боласың, қашсаң да құтылмайсың, — деді Қатира сыртымнан есігін жауып алып жатып.

 Басым жұмыс істемей тұрған, не дегенім есімде жоқ. Сүйретіліп үйге жетіп, сүр бойдақтың кір-кір жаман төсегіне құлап түскенімді білем. Есім танып ұзақ, ұйықтасам керек. Оянсам денем қызып, өз теріме өзім сыймай жатырмын. Тілім іскен, ернім де кезеріп кетіпті. Сыртқа шықсам, маңай алакеугім, не таң екенін, не кеш екенін ұқпадым. Мең-зең қалпымда үй бұрышын айнала беріп… Зәрім шыққанда, жаным қоса шығып кете жаздады. Ар жақтан жүз градустық қайнаған су ағып тұрғандай тегі.

 Ауырып қалдым ба? Ауырсам, қандай сырқат? Төсегіме қайтадан қисая беріп ойланамын. «Жын ұрған жерде шайтан тұра ма?» демекші, біздің тозған ауылды айтасың, аяқ жетер төңіректе дәрігер де, дәрі-дәрмек те атымен жоқ. Сонда да «әй, неғылар дейсің» қазақшылығыма басып, тағы екі-үш күнді қамсыз өткіздім. Зәр орнына ірің бе, ақшыл бірдеме тамшылай бастады. Сонда ғана құдай ұрғанын білдім. Бұрын бастан өтпесе де, жігіттердің ауызекі әңгімелерінен естігенім бар. Ақырын жылжып Қатираға келейін. Ол қобалжыған жүзімнен бірдеңе сезді ме, дастархан жайып, шай қамдап, аяқастынан бәйек болды да қалды. «Бойыма тікен түскен-түспегенін білу әлі ертерек қой», — деп алдарқатып, алдымды орап қойғалы жатыр.

 Мен бірден әңгіменің төтесіне көштім. Осылай да осылай, қалай да бәле сенен келді. Рас, осыдан тура бес жыл бұрын Алматының Сайын көшесінен ұстап, ақшасын төлеп, бір қаракөзбен жарты сағат махаббат құрғаным бар. Содан кейін — сен, кәне, шыныңды айт, айдалада отырып, бұл қайдан тапқан бәлең?

— Е-е, бәсе, — дейді Қатира аз-кем үнсіздіктен кейін, кейде ішім бүріп… етегім де бірде келіп, бірде келмей… Тағысын айтсам, жүрегің айныр… Содан болды. Иә, содан, содан! О, көксоққан, жылмаңдауы жаман еді.

— Сен өзі түсіңде ақдамбалды әулие кеп аймалап, содан жүкті болып қалатын әлдебір бейкүнә қыз құсап отырғаннан саумысың?

— Ей, құдай-ай, бәрі де еркекке жарымағандықтың кесірінен емес пе. Қатира маған алакөздене бір қарап алды да, әңгімесін желдірте жөнелді. Өзің білесің, өткен қыс қатты болды. Отын аз, қалың оранып, бүрісіп, ерте жатып қалғам. Біреу дүрсілдетіп есік қаққан, аштым. Бет-аузын сақал-мұрт басқан еңгезердей сары кісі үйге сөйлей кірді. — «Ой, аяс, катти аяс, еще чуть-чуть мен олген». Қойшы, аңшы екен. Аты — Борис. Бір сұр қоянды алдыма тастай салды. «Кавардак жаса», — деді. Өзі сөзшең, әзілкеш, іші-бауырыма қалай кіріп кеткенін байқамай да қалдым. Құдды осы үйдің өз адамы секілді. Өзі үшін істеген болу керек, спирті молдау, суы аздау шөлмек-шөлмек ішімдігі де бар екен. Тіл үйірген қоян қуырдақтан ауызды толтыра асап қойып, күшті самопалдан стопкалатып тартып-тартып жібергенбіз ғой. Үй іші біртүрлі жылып кеткендей болды. Сықсима шамның жарығында Борис таудай болып көрінеді. Біртүрлі іргеңдегі жауға алдырмас қорғаның дерсің. Еркекпен қатар отырмағалы, еркек иісін сезінбегелі қай заман. Сонікі ме, әлде күшті самопалдың уытынан ба, қос анарым ісіне сыздап, құйымшағыма дейін шымырлап кетті. Боря болса анекдоттан аузы босамай отыр. Көңілім сөз тыңдайтын халде емес. Оның «Когде ей охота и тебе охота, вот это охота» дегенін ғана естимін. Иығы қандай кең, төсі қандай жалпақ. Аузы-басы сияқты төсі де жүн-жүн шығар-ау. Тиген жерін қытықтап, нәпсіңді қоздырып, ләззат жұлыныңды үзіп жібере жаздайтын шығар-ау. Еркектері осындай орыс қатындарында арман бар ма екен, — деп қиялданып кетіппін. Үстіме тау құлап келе жатты. Салмақтан, ләззаттан жаншылып-тұншығып өлетін шығармын деп ойлағам. Қайдағы! Аяқ қаптай күржиген құр кеудесі екен. Ылбырап-былбырап пыс-пыс етті де, тез басылды. Қор етті де, жаман тракторша тырылдап-пырылдап үйді басына көтеріп әкетті. Орта жолда рәсуа боп мен қалдым. Суық үйде шешініп, киінген еңбегімнің өтеуі қайтпағанына қатты ызаландым. Ертең мынау: «Ой, мен иесіз қалған ауылдардың казашкаларына кезек түнеп жүрмін» деп мақтанады-ау деп ойлағанда, өкініштен ішім қазандай қайнап, алақанымның құрыш етін қырши тістеп, жұлып ала жаздаймын.

 Қатира да әңгімесін бітірді, мен де құтырдым. «Маған сенің сексуалды хикаятыңның керегі жоқ, — дедім. Адыра қалған ауылды қайтадан ел қылайын деп едім. Ақ сүттей ұйыған ақ арманымның уыз бетін аямай тілдің, жолымды кестің, — дедім. Немене, олай өтіп, былай өтіп есігіңді қаққандардың бәрімен кімсің деп те сұрамастан «охота» жасауды кәсіп қылғанбысың?» 

 Байқаймын, менің шабаланғаныма қыңар Қатира жоқ.

— Иә, бәсе-ау, немене, қазақ қатыны ұрғашы емес пе? — деп қайта өзіме бас салды. — Шүкір, біз де оқығанбыз. Грамотныймыз, білеміз. Сонау жиырмасыншы ғасыр басын «Ойбай, қазағым», «Жаным ұлтым» деп жүріп-ақ зиялы аталарымыздың көбісі қазақ қызын сауатсыз, надан, лас деп менсінбей, орыс пен татар әйелдеріне үйленді емес пе. Осы бертінге дейін ауыл қызы ұяң, ойнап-күлуді білмейді, көпшілік ортаға кірмейді, байға тимесе суалып, қуарып өлуге бар, бірақ еркекке жақындамайды деп ат-тондарыңды ала қашып жүрдіңдер емес пе… Нұрберген де кезінде мені өстіп қажады ғой, асықтырды ғой…

— Әй, сен өзі не деп кеттің? Қай Нұрберген айтып отырғаның?

— Осы ауылдың Нұрбергені. Қазір анау Астанадағы дөкей. 

— Не дейсің? Онымен сенің қандай байланысың бар еді?

— Ол — менің тұңғыш еркегім.

— Қой, ей, тантыма… Ол дегенің… қайдағы бір жаман ауылдың шөпжелкесін…

— Он бітіріп, он бірінші сыныпқа көшкен жылдың жазы болатын. Мен қазір бұзылған көрдің аузындай үңірейіп-үңірейіп орны ғана қалған мына іргеміздегі қотыр белдің ар жағындағы Ақшағыл ауылында тұратынмын. Ауыл жастарының жалғыз ермегі — би кеші болып, Нұрбергенмен таныстым. Университеттің соңғы курсында оқиды екен. Қозы жауырын, бойшаңдау келген, бұйрабас, сұрша жігіт. Аялы қара көзі от шашқандай өткір. Ауылдың бар қызы естерінен танды. Бірақ Нұрбергеннің қалауы мен болдым. Биден соң, әрине, айлы түн, шегіртке шырылы, бақалардың құрылы… Сүйісу, аймаласу, күйіп-жану… әңгіме айтушы — ол, тындаушы — мен. Оның барлық сөзінің тоғысатын арнасы біреу — шын жақсы көргендіктің белгісі — ештеңеден тартынбау, қымсынбау. Мәдениеті жоғары елдердің бәрінде солай. Бүгінгі өмірің ертең жоқ. Сондықтан адам өз өмірінің әр минут, әр сағатын қызықтай білуі тиіс. Сонда ғана өмір сүріп жүрмін деп айтуыңа болады. Осылайша ол маған құр сөзбен ғана емес, іспен де бәрін үйретті. Мен ләззат алу, құмарлықтың не екенін Нұрберген арқылы білдім. Ол қоштасарда, уәде бермеймін, бірақ кім біледі, өйткені жігітшілік жолымда бірінші кездескен таза қыз сенсің, — деді. Ұзын сөздің қысқасы, мектепті де бітірдім, Ләззат есімді сәбиімді де тудым. Мен мұндай қадамға Нұрбергеннің «бірінші кездескен таза қыз сенсің» дегеніне алданғаннан барған едім. Тұңғышымды шешем алғаш күннен бауырына салып, өз балам деп өсіріп жатыр. Менің кезінде медбике оқуын бітіріп, осы ауылға келуім де қайтсем Нұрбергенге жақындаймын деген ойдан еді. 

 Қалғанын өзің де жақсы білесің…

 Қатираның жүрек жарды әңгімесін тыңдаған кезімде бір жағы өзін іштей аяп, бір жағы жан досым Нұрбергеннің мұнда тұяғы бар екен-ау, оны өзі біле ме екен дегенді де ойлап, әрі-сәрі күйде отырған едім. Жауабына келгенде басқаша құбылдым:

— Жастай қағынған нағыздың өзі екенсің ғой. Саған жаны ашыған адам ақымақ. Маған десең шіріп өл! — дедім де жөнелдім.

 Машина жүретін тас жолға жеткенше өкшем тесіліп, өкпем өшіп жаяу бардым. Әрі қарай шөп тасыған тракторшыға елу теңге төлеп, тыр-тырлатып аймақ орталығына жеттім. Дәрігер, көп ішкеннен үсік шалғандай беті домбығып жүретін, домаланған жылтыр қара екен. Әңгімені алыстан орағытып міңгірлей бастаған едім, анау сұстанған суық көзін өңменімнен өткізіп жібере жаздады:

— Әй! Сен мұнда қыз көру үшін келмеген шығарсың. Ақ ірің аға ма?

— Иә.

— Қызарған бөртпелер бар ма?

— Иә.

— Ақшаң ше?

— Ол қайдан болады. Біздің ауылды құдай да, адам да ұмытқалы қашан.

— Осы айтқаныңды ескеріп, жеңілдеткеннің өзінде 100 долларсыз емделмейсің.

— Доллар түгіл теңгенің өзі де түсімізге кірмейді.

— Ол — сенің шаруаң. Мұрның шіріп маңқа боласың. Шашың түседі. Таз боласың. Денеңді қотыр қаптайды.

— Іріп-шіріп өлесің десейші.

— Сөйтесің.

— Біздің Белтұрғанда менен басқа қайрат қылар жан жоқ. Халқыма керек адам едім.

— Мал бар ма?

— Бұқашық… Ауылдың бірлі-жарымды сиырына аяқ артып жүрген иесі еді. 

— Сен халқыңа, сірә, тірідей керек шығарсың. Ендеше, бұқашығыңды сой, сат. Осында жетелеп әкелсең де мейлің. Жүз долларға татитын шығар. Егер Алматының Сайын көшесінен қағынған болсаң, сөзім жоқ. Ауылдасың болса, оны да ала келерсің. Ол үшін қосымша ақы сұрамаймын. Мен де қазақпын ғой, жаным ашып аяғаным… 

 Қатираға қайтып көрместей боп «шіріп өл» деп кетсем де қолы кең, аңқылдаған ақкөңіл жан, оның үстіне сендей жан досымнан бала тауып отырған адам, оған деген өкпем ұзаққа бармады. «Бұқашықты сатам, ақшасына екеуміз де емделеміз» дедім. Қатира көңілшегі ұстап, көзіне жас алды. «Құдай-ау, әу баста маған неге сендей жігіт кездеспеді екен», — деп налыды. Бірақ бұқашықты сатуға қарсы болды. «Базарға менің сиырымды сал. Бұзауым бар. Әне-міне жетіліп кетеді», — деді. Бұқашықсыз ауылда төрт-бес сиыр қашпай қысыр қалады ғой. Сосын соңғы талшығымыздан айырылып, аштан қырылмаймыз ба. Әй, қалай дегенмен, Қатира қайырым-мейірімі мол, ақылды әйел екен. Мейірімінің молдығы да, ойнады да алдап тастап кетті демей, сенен бала тапқаны. Осындай абзал жанның тағдырын ит рәсуа етуге дәтің қалай жетті. Ай, дінің қандай қатты еді, достым. Сірә, мұсылман болудан қалғансың-ау. Бәлкім, сен де мені өзіңше менен бала тапқан әйелге аяқ салдың, достықтың ала жібін аттадың деп сөгерсің. Біріншіден, мұндай құпияңның барын білгем жоқ. Екіншіден, жақсы көргендік те, нәпсіқұмарлықта емес. Менікі тозған аулымның қайта түлеуіне жәрдемім тие ме деген ізгі ниет қана ғой. Құдай тағалам жолымды кесіп тастаса қайтейін. Әйтеуір, бір сиырдың ақшасын садаға қылып, аты жаман жексұрын аурудан құтылғанға Қатира екеуміз қатты қуанып жүрміз.

  Солай, досым, перзентханаға сыбырлап қойған болсаң, алдыңда айыптымын. Сенің беделің — халқыңның айбары. Ондайды түсінбесек, кімбіз. Ал Қатираға келсек, жә, ол жайында жеткілікті айттым білем. Ол байғұста не жазық бар. Басында өзің бұзып салып берген ырым-жырым жолдың сорабын кімнен, несін аясын…

 Сәлеммен, ескі досың Алтынбай.

 Белтұрған ауылы, 25 сәуір 1999 жыл.

III

 Ой, жарайсыңдар, Нұрберген, жарайсыңдар! Ақылды адамға дауа жоқ екен ғой. Осы пәрмендеріңмен тарта берсеңдер, құдай біледі, мына біздей пақырларыңды Жерұйыққа апарып бір-ақ күмп еткізетін түрлеріңді байқаймын.

 Қош, өткен жолы өзіңе жазғанымдай, орталықтан емделіп қайтарымда көшеде кездескен танысымнан қол тигенде оқырмын деп қолыңдағы ескі газетін сұрап алғам-ды. Көди-сөди деп жүріп ұмытып кетіппін. Кеше шынымен-ақ, Белтұрғанның өстіп құрығаны ма, ел болудан қалғанбыз ба деп көпке дейін ой қысып, ұйықтай алмай жаттым да, ермек болсын деп әлгі ескі газетті қолға алайын. Май шамды сығырайтып қойып қарасам, мәссаған! Жетікөл уалаятының әміршісі Уақытқұл Зымыранов бір ғажап бастама көтеріпті. Оны бірінші болып Темір би басқаратын қаранайза аймағының кемпір-шалдары дуылдатып-думандатып қолдап әкетіпті. Найзағай хабардың астында Нострадамустан несі кем Мөңке бидің ұрпағы Шөңке тарихшының түсініктемесі бар. Оны да оқып жібердім. Екінші дүниежүзілік соғыста ағылшын қатындары үйлеріндегі қалайы ыдыс-аяқтарын жинап беріп, одан ұшақ жасатып, Ұлыбританияны фашистерден аман сақтап қалған; күні кеше оңтүстік Корея халықтың қолдарындағы асыл заттарын үкіметке жаппай тапсырғаны арқасында әлемдік қаржы дағдарысынан аман-сау өткен…

 Байқаймын, бойымда қаным тасып барады. Міне, толқып келіп кеудемді ұрды. Шапшып басыма жетті. Басымның іші жап-жарық болып кеткен секілденді. Сынық қаламымды тісіммен жұлмалап ұштадым да, газет шетіне сүйкектетіп жаза астадым. Бұл елде соңғы санақ бойынша он бес миллиондай пенде тұрады екенбіз. Тапсырылған алтын әр жан басына шаққанда бір грамнан келгеннің өзінде он бес миллион грамм алтын жиналады. Он бес миллион! Енді осыны килоға немесе тоннаға айналдырып жіберсек ше. Пой-пой-пой, міне, саған байлық! Көп түкірсе көлдің көкесі! Ал Уалаят әміршісі Уақытқұл Зымырановтың бір өзі ғана үш кило саф алтынды мә депті. Бізде, шүкір, орыстардың матрешкесі секілді әміршілер мен билердің сорт-сорты сан-сапалақ емес пе. Бұларға үлкен уәзірлерді, кіші уәзірлерді, олардың орынбасар, тағын басарларын, биліктің барлық буындарындағы шекелері жылтырап жүретін марғасқа лауазым иелерін қоссақ ше, Нарықтың нарлары ше… Олардың өз алтындарын ортаға тонналап салулары да мүмкін ғой. Өз қатынынан, ойбай, лақтым, халқынан несін аясын. Өз халқымнан аяғанды ит жесін деп еңірегенде етектері жасқа толып жүр ғой шеттерінен…

 Өзімнен-өзім ой-хой-хой деп жынды адамша қатты дауыстап жіберіппін. Бойымды аруақ қысқандай денем біресе ысып, біресе суиды. Маңдайымды моншақ-моншақ тер жауып кетті. Нанасың ба, Нұрберген, түн ішінде Белтұрғанды аяғынан тік тұрғызсам деп ойлап, есікке үш барып, үш қайттым. Мынадай ұлтты сүттей ұйытатын патриоттық шаруаның хабарын таңға қалдырсам, бірдеңеден құр қалатындай елегізсем болмай ма. Ой, ғажап-ай, бойыңды отан сүйгіштік асау сезім кернесе, жаныңа бір түрлі қанат бітіп, құс боп ұшып кеткің келеді екенсің-ау. Сол бетінде тұп-тура Тәңірдің өзінің алдына барып, сәлем беріп, білесің бе, мен сондай пендеңмін ғой деп мақтануға да дайынсың. Түнді ұйқысыз өткізіп, шығыстан күн кірпігі көрінер-көрінбестен, әр-әр жерде бастарына шапан жамылып дәрет сындырып отырған адамдардай қарауыта омырайған ауыл үйлердің арасында зыр жүгірдім. Алдымен Тоқсанбай шал мен Тоқтыгүл әжейге барып: «Қазір бәріміз осында жиналамыз, маңызды әңгіме бар», — деп хабар салдым. Кәрі қыз Жанатқа келсем: «Әлі ерте ғой, — дейді есінеп. — Жұрт тұрып болғанша, осында қисая кетпейсің бе?» Баласы тұрмайтын Құндыз да мені көріп қарап қалмады: «Ой, көк шешек, мені кәрісініп… таза едім ғой», — деп жатыр. Қаладан келген Құралайдың есігін ұзақ қақтым. «Қайда барсаң осы, мәмбеттер, маза жоқ. Кайфымды бұздың», — деп ол өзіме біраз ұрсып та тастады. Маңайында болып жатқан абыр-жабырды естіді ме, Қатира есік алдына өзі шығып тұр екен. «Сені біртүрлі са-ғы-нып жүрмін», — дейді дауысын сызылта күйлетіп. Тырсылдаған омырауын керіле сипалап, назданып қояды бәтшағар. 

 Сонымен, не керек, Тоқтыгүл әжейдің шайы қайнағанша бүкіл Белтұрған жиналып та болғанбыз. Мен оларға мән-жайды қысқаша түсіндіріп шықтым.

— Маған құдай да, үкімет те, егемен де, еге сен де нипочем. Так что этот разговор без меня, — деді де Құралай бірден тайып тұрды арамыздан.

 Бәріміз де жымбыз. Арада өлі тыныштық орнай қалды. Жәпірейген аласа бөлме одан сайын аласарып кеткендей. Тек осы кезде, құдай жар болып, бүйірдегі қазақы пештің шоғында тұрған Тоқтыгүл әжейдің жырық шүмек құманы қайнап, буын бұрқыратып ысқыра бастағаны ғой. Содан күш алғандай Тоқсанбай шал жөткірініп:

— Қаланың тас қамалы ішінде өскен бала ғой. Елдік намыс дегенді ол қайдан білсін, — деп бір қойды. — Әй, кемпір, — деді сосын оттан қайнаған құманын алып жатқан Тоқтыгүл әжейге қарап, — асылдарыңнан қалған-құтқан нең бар еді? Шығарсайшы бермен.

— Ойбай, не дейді? Қайдағы асыл? Қашан жинап ең? — дегенде Тоқтыгүл әжейдің аузынан бірдеңе жылт етіп жерге ұшып түсті. Ертеректе Тоқсанбай передовик шопан болып дүрілдеп тұрған шағында салдыртып берген алтын тіс екен. Тоқтыгүл әжей оны жалма-жан жерден іліп ап орнына қоймақ еді, онысынан түк шықпады. Ілгектелген тісімен бірге жұлынып кетіпті.

— Құдайдың өзі қарайласқаны ғой, — деді Тоқсанбай көңілденіп. — Алтынбай қарағым, — деді маған қарап, — олжа тісті ортасынан екіге қақ бөл де, кемпірім екеуміздің атымыздан тапсыр. 

 Содан соң Тоқсанбай шалдың, яғни өзінің мәрттігіне атымыздан таңданып, ауыздарын ашып қалғандарға қарай бұрылды:

— Аз ауыл болсақ та, ел деген атымыз бар, — деді баяғының төбе билерінше әр сөзін салмақтап, соза сөйлеп, ортаға барларыңды салыңдар.

— Күйеуге тигендей болсам деп… ертеректе алып қойған едім, — деп Жанат сақина тастады.

— Қимағанмен қайтейін, жұрттан қалам ба, — деп Қатира да қылдырықтай сақинасын ортаға домалатып жіберді. Сосын құлағыма сыбыр етті: «Нұрбергенге қатын болсам деп дәмеленген күндерден бері көзімнің қарашығындай сақтап жүретінмін».

— Менде алтын жоқ, — деді Құндыз сасқалақтап. Баяғының зергері соққан дей ме, әжемнен қалған көз - күміс білезігім бар еді… 

 Сүр бойдақ еркек адамда алтын-күміс қайдан болсын. Бір тоқтымды аудан базарына жетелеп әкеп саттым да, банкке келдім. Мәссаған! Біздің ауыл тізімде жоқ. Белтұрғанда ел тұрмайды деп сызып тастаса керек. Намысшыл қазақпын ғой, қаным қазандай қайнап шыға келді. Аяқастынан шу шығардым. Қыза-қыза келе сендер білесіңдер ме, біздің ауылдан қандай адамның шыққанын деп, Нұрберген, сенің атыңды атап кеп жібермеймін бе. Жандары шығып кете жаздады. Аяқтарының ұшымен басып жорғалады. Аймақтық «Отар газетінен жалаңдап тілші жетті. Ой, ол да бір сөз сауған қу жақ екен. «Белтұрғанның биік белесі» деген тақырып қойып көлде қылып мақала жазғаны ғой. Шіркіннің айтқанына сенсек, елден алтын жинау науқанының алды біз екенбіз. Белтұрғандай сүттей ұйыған ауызбіршілігі зор ауыл барда, қажет болса, көң еттерін кесіп беруге дайын оның қарапайым да жомарт жандары аман-есен тұрғанда біз жеңбейтін қиындық, біз алмайтын қамал жоқ деп лепіртіпті. Ал мен болсам «ауыл көсемі» екенмін және тап ертең орнағалы тұрған мәуелі бақтағы бақытты өмірдің тірегі де, кепілі де мен екенмін. Мақтағанды кім жек көрсін. Жалғыз мен емес, бүкіл ауыл болып мәртебеленіп, арық атка жал біткендей күйдеміз. Тіпті одан-бұдан құрастырып акша жинап той ырымын жасап, жақсылап атап өтпек те ойымыз бар.

 Хатымды осымен доғардым.

 Алтынбай. Белтұрған ауылы, 11 мамыр 1999 жыл.


IV

 Білмеймін қызық болды ма, шыжық болды ма, Нұрберген досым. Көңілің соқса төрелігін өзің айта жатарсың кейін. Соқпаса, еркің білсін. Менікі дүниеге шыр етіп келгеніңде, кіндік қаның тамған ата жұртыңның — туған ауылыңның хабарын жеткізу ғана ғой.

 Иә, сөйтіп, өзіңе өткен хатымда жазғанымдай, кілең бір ілбіреп азып-тозып кеткен, аруақтарыңнан айналайын, әл Фараби, Сүйінбай, Жамбыл, Шоқан, Абай бабаларымыздың бейнелері салынған теңгелердің басын құрап, ертең ауданға шығып спирт әкелермін-ау деп отырғам. Мезгіл кешкі апақ-сапақ шақ еді. Бұзылған үй, қора-қопсылардың ара-арасымен қоңыздай жорғалап, «Запорожец» келе жатыр. Тура қарсы алдыма жетіп тоқтады. Машина ішінен бойы еңгезердей, апайтөс, төбесі жалтыр сары орыс пен қазақтың үріп ауызға салғандай қаракөз жас сұлуы түсті. Құйрығымды басқан ағаш дөңбектен тұрам дегенше, әлгі сары орыс алдыма арсалаңдап жетіп-ақ келгені. Келе қолымнан ұстап «Салам, салам» деп сілкілеп жатыр. «Мен Борис қой», — деп қояды. Өзін танымаймын. Аты да маған ештеңе айтып тұрған жоқ. Сонда да болса, қазақы сыпайылықпен «Жай жүрсіз бе?» — деп сұрамаймын ба. «Охота, сосын бизнес», — дейді ғайыптан пайда бола кеткен жаңа танысым Борис ыржалақтап. Соны айтқанда қасымдағы әдемі қаракөз бойжеткенге біртүрлі мекерлене қарап та қойды. Осы сәт маған «Охота», «Борис» — әлдеқалай таныс сөздер сияқты елестеп кеткен еді. Түптеп жатпадым.

— Арақ бар? — деп сұрадым, ойымды көңілімнің құртына жеңдіріп.

— Обижаешь друг, конечно бар.

— Оһо, қатып кетті, — деппін қуанғаннан. Ой, әкесінің… Біздің ауыл той тойлайды, ендеше…

 Ет пен арақ десе, біздің қазақ та қиды айналып ұшатын қара шыбын секілді. Лезде ұйымдаса қалдық. Таңдауымыз болса да Тоқсанбай шалдың қара шаңырағы. Қалай дегенмен бұрынғы передовик шопанның үйі емес пе, төбесі аласа болғанмен, іші кең. Бәрінен де бесбармақ дайындауға келгенде Тоқтыгүл әжейге жететін жан жоқ. Шайы да тіл үйірген балдай болып келеді. 

 Ауыл қатындарына мұндайда бейне қанат бітеді. Аяқтары жерге тимейді, қолдары қолдарына жұқпайды. Сөйтіп, әне-міне дегенше дастархан жайылды. Оған кебек араластырылып қоңыр ұннан пісірілген бауырсақ шашылды, қауашағымен «Рама» майы қойылды. Буы бұрқырап, быжылдап самауыр да келіп жетті.

— Ет піскенше қай заман, іш пыстырып отыра береміз бе, — дейді Құралай. Езуіне жиналған түкірікті жұтып жіберген болар, ерні сылп ете түсті. Әншейінде «мәмбеттер» деп бізбен еріне сөйлесіп, менсінбей қараушы еді. Қазіргі отырысы мынау суланған сабындай жылп-жылп. О несі екен?… Қатындар ішінде Қатира ғана біртүрлі көңілсіздеу сүлесоқ қалыпта жүр. Өлерде көрген бір тойсымағымыз еді, неге қуанбайды деп ойлаймын. Байқағаным, кіріп-шығып жүргенде, төрде қос жастықты қатар қойып шалқасынан түсіп шәниіп жатқан жас сұлуға жалтақ-жалтақ қарап қояды. Қараған сайын қабағы сұрланып, жүзі де қанын ішіне тартып қарауыта түседі. Оның сырын әр қолының саусақтарының арасына үш-үштен бөтелке қыстырып үйге Борис кіргенде, қатындар жапа тармағай дастархан басына үймелесе қалғанда барып білдім. Қатира құлағыма сыбырлап: «Менің Нұрбергеннен туған қызым осы», — деп төрде шалқасынан сұлап жатқан сұлуды иегімен нұсқады. Шынымен сенің қызың екені рас болса, Нұрберген, оллаһи, көрік-келбетінде бір мін жоқ. Осы күні жас қыздарды шешіндіріп, ел алдына жалаңаштап шығарып, аң таңдағандай таңдайтын үрдіс қалыптасты ғой. Сол жалаңаш тайраңдап жүретіндерді сенің қызыңның қасында маймыл дерсің. Сен де міне дейтін жігі сұлтаны емессің бе. Балаң өзіңе тартқан-ау. Жұрт дастархан басына жайғасып, ол да бойын тіктеген кезде байқадым, құлағы тура сенің құлағың, қалқанданып, үстіңгі жағы сәл алға қарай иіліңкіреп түр екен.

 Борис орысша-қазақша араластыра сөйлеп, қуаныш той үстіне кезіктім, өз жанымнан қосқан үлесім болсын деп басталмаған спирт ашып «самопал» арақтарын күшейтті. Енді не отырыс, көптен шаң жұтып, жөнді жуылмаған стақандармен ішіп-ішіп жібергенбіз. Шынымен спирт үстемеленген соң күшейіп кетті ме, кебек жеп, қара су ішіп жүрген пақырлармыз ғой. Борис пен қасындағы хас сұлудан басқамыз тез қыздық. Қазақ кезектесіп сөйлеуді білген бе, дастархан басы абыр-дабыр. Әркім өз көңіліндегісін білдіріп қалғысы келгендей. Қатира жатып кеп мені мақтады. Осы ауылды ұстап отыр деді. Айбынымыз, қорғанымыз, әйтпесе кез-келген көлденеңді көк атты иектеп кететін еді деді. Спирт буымен миымның сіресіп қалған ішкі қатпарлары жазылды ма білмеймін, Қатираның да, менің де жыныс мүшелеріміз ауырып, 100 мың теңге сыйлықтан құр қалғанымызға кінәлі «Охотниктің» нақ төрімізде кесілген теректің түбіріндей боп күжірейіп отырған Борис екенін іштей топшыладым. Басыма алғаш осы ой келгенде, ептеп қаным ысығандай болып, ептеп намысым ұстағандай болып, Бористі отырған жерінде теуіп-теуіп жіберсем бе деп ептеп көңілім өрекпігендей болып… Бірақ одан арыға бармадым. Тозған ауыл болса да, Қатира айтқандай, осындағылардың бас көтерер иесімін. Оның үстіне мен де кең пейілді, көнбіс, жонынан таспа алып жатса мың етпейтін момын қазақпын ғой. Шу шығарамын десе, әрине, Қатираның жолы еді. «Кесел жұқтырдың», «Жолымды байладың, сволочь!» десе, кісідегі кегін ащы тілмен алатын әйел адамға жарасатын да шығар. Бірақ ол Борис екеуінің арасында тап бір түк болмағандай-ақ ештеңесін сездірер емес. Тек төр жақтағы қызына ғана ауық-ауық зілдене қарап қояды. Қызы болса Бористің дөңбектей бура санына бір шынтақтап жатып алған. Өзіне ептеп ішсе, арақ жаға ма деймін, екі бет уылжып піскен өріктей албырап сыртқа қаны тамып кеткелі тұр. Бір қызығы Құралай екеуінің өзара әңгімесі жараса қалған тәрізді. Бористің екінші жағынан шынтақтап, бір-бірімен сыбырласа сөйлескендерін құлағым шалады. 

— Знаешь, қазір страшная конкуренция, — дейді Ләззат, бұрынғыдай тек Сайында ғана емес, практический барлық көшеде наши стоят.

— Баға ше? Баға өсті ме? — дейді Құралай.

— Ты что? Предложение көп, спрос аз. Еркектер қайыршы. Тут еще узкожопые курсистки елу теңгеге де. Хоть оральный.

— Вот сволочи! — деді Құралай. Кімге айтқаны белгісіз, өз-өзінен кіжініп. Мужиков без работы оставили, женщин на панель вынудили ходить. Еще в нас хотят видеть патриотов. Лицемеры, хапуги… Еще говорят, потерпите… А какие же мы будем через тридцать лет? Жизнь пройдет. Так что, подружка, будем цепляться за любую ниточку, чтобы жить сейчас и здесь…

 Әлденеге мәз болып күлгенде, Тоқтыгүл әжейдің астыңғы қызыл иегіне жабысқан алтын тісі бұрынғы байлығының көзіндей жылтылдап, бір кезде оның да жас болғанын айғақтап тұрғандай көрінетін. Алтын тіс ортасынан қақ бөлініп шалы екеуінің атынан Уақытқұл әмір құрған алтын-күміс қорына өтіп кеткелі аузының асты да, үсті де қызыл иектеніп біржола омырықтанып қалған-ды. Содан да мұрнының ұшы мен иегінің ұшы қосыла жаздап тұратын. Әсіресе қызыл иегімен бірдеңе шайнағанда немесе сөйлегенде қатты білінетін. Міне, қолына рюмке ұстаған Тоқтыгүл әжейдің омырықтықтан жымқырылып кеткен ерні жыбырлап, мұрны мен иегінің ұштары бір-біріне түйісе жаздап тұрды да, ол ақырын сөйлеп кетті. Сөйлегенде бүй деді: 

— Шалым передовик шопан болып тұрған кезінде бұл шіркіннің ағын да, көгін де, сарысы мен қызылын да — бәрін де іштік қой. Самопал дей ме, құдайға шүкір, егемендік алғалы мұнысын да көріп жүрміз, ішінде спирт болса болды екен ғой. Бұрынғыларынан еш кемі жоқ секілді.

— Ай, дұрыс айтасың, кемпірім, — деді мына жақтан Тоқсанбай шал да дереу қолдай кетіп, қолындағы стопкасын ерніне таман жақындата түсіп. Самопал деп өгейсітетіндей еш қисыны жоқ. Жаңағы ақ пен көктеріңнің атасы мен анасы спирт болса, әрі-беріден соң соларға ең жақын тұрғаны осы самопалың.

 Бұрынғының шалдары мынадай алқалы жиын басында қандай аталы сөз айтқандарын, Нұрберген досым, ғылым соңына түсіп, одан әмірші болып ел басқарған ығай мен сығайлардың ас та төк кең дастарханы басында жиі болатын сен білмесең, біз қайдан білеміз. Ал дәл осы сәтте Тоқтыгүл әжей мен Тоқсанбай шалдың жүрекжарды лебіздері дастархан басындағылардың делебесін қоздырды, бір әдемі шуақты сезім күйіне бөленді. Стопкалар ішіліп, Тоқтыгул әжей жөткірініп тамағын қырнап, еріндерін шылпылдатып:

— Жүгіріп шықтым белеске, — деп, оған Тоқсанбай шал:

— Белес жақын емес пе, — деп қосыла кеткен кезде қанымыз басымызға шапшып, қуаныш-қызықтың думанынан еліріп те, есіріп те кеткендей едік.

— Осы отырған отырыс,

 Бір ғанибет емес пе-ай, — деп, ал келіп күңірентпейміз бе.

— Эй-эй, казахи, булды, булды, — деді кенет Борис қолын көтере ербеңдетіп. Кісінің ішіндегісінің өзін біліп тұратын ымға түсінгіш қазақ емеспіз бе, тыныштала қалдық.

— Мен кунак, мен олен айтад.

 Құндыз ернін сылп еткізді:

— Ойбай, мына көкшешек төбесі жарық болуымен қоймай, біздің салтымызға да жүйрік білем, қонақ кәдесін талап етіп отыр-әй.

— Да, мен сольный олен айтад, — деді Борис мақтау естігенге мәз бола түсіп, — Мунау касумдагу киздарго ушин. Чтоб биздер тусунген ушин. «Биздер» дегенді Борис отырғандардың бәріне арнады ма, жоқ әлде, екі жамбасын екі жақтан таласа жастанған қасындағы қос қаракөзге арнады ма, кеш қимылдайтын қазақы ақылым о жағына жетіп үлгермеді, анау әнді бастап та жіберді:

Бир киз бар Маралдуда Корлан Каин

 Тафихат биргон икон кюн мен аюн

 Мюродхо издогон джан бару джаткон

 Даруго армоном джок нугуляин оу-у-у

 Ахо-хоу, армон

 Хусаин, Карлон

 Ико тарлон

 Икоко туфхан икон бир онодон

 Джигитлю калму капу бюл джалгоннон

 Джигитлю армоно джок

 Сайгонду алгон-оу-у-у…

— Ой, жаса!

— Сылқитты мынау! 

— Әй, расында да ана біздің көкемен қосылып «Арыс жағасындағыны» айтатын Трепченкодан да асып түсе ме деймін.

 Жан-жақтан ақпанның ақпа ала құйынындай бораған мақтау сөздердің, жырқыл-тырқыл күлкінің, шатыр-шұтыр қол шапалақтаудың басылуын сабырмен күткен Борис:

— Трепченко ким? «Арус жагасунда» и булды весь репертуар. Мен современный казакча олен тоже блед, — деді. — Вот слушайте…

 Өлеңнің бас жағын түсінбей қалдым. Әйтеуір:

— Алма-Ату бас кал,

 Астану жас кал, — деп қайырмасына келгенде, отырғандар тегіс бір кісідей еріксіз күліп жіберіппіз.

— Ой, көкшешек, кал емес, қала деп айт, — деп жатыр алдымен ес жиған Құндыз күлкіден жасаураған көзін жең ұшымен сүрткілеп қойып.

 Қойшы, сонымен не керек, өлең айтып көңілімізді көтерген таланты үшін деп Бористің құрметіне самопалдан алып-алып қойғанбыз ғой. Передовик шопан болған кезінде Тоқсанбай шалдың ел билеген қасқаларды үйінде жиі күтемін деп араққа жеңіліп қалғанын, «ас иесімен дәмді болады» деп ішіп, одан күйеуі далада қой соңында жүргенде бастаңғы жасап ішіп, Тоқтыгүл әжейдің де аузына бірдеңе тисе болды, буыны былқ-сылқ босап қалатынын білемін. Айтқандай екеуі де бірдей бір мезетте сұлап түсті. Сұлағанда, Тоқсанбай шал арқасын пешке сүйеген қалпы қор ете қалды да, Тоқтыгүл әжей Қатираға қарап:

— Қыз-әй, аяқ-табаққа ие боларсың, — деді де, жүруге жарамаған соң, шалының қасына таман еңбектеп барып құлай кетті де, шүйкедей болып бүрісіп, бірден ләззатты қалың ұйқы құшағына енді.

 Қолына билік тиген соң, Қатира қасына Құндызды қосып алып, бір-біріне сүйеніп, еттің нанын жаямыз деп шолан жаққа кеткен. Мен болсам, еркекпін, мықтымын, әлі де мас емеспін. Стақаныма самопалдан молырақ құйып алып «Охты» жасап жатқам. Борис пен қасындағы қос қаракөзайымның сыбыр-күбірін құлағым шалып қалды:

— Начнем? — дейді Борис.

— Самый подходящий момент, — дейді Ләззат.

— Куралай, ты тоже, — дейді Борис. 

— Я секс с мужчиной не люблю, — дейді Құралай.

— Ты, что, дура, в группе совсем другой кайф, — дейді Ләззат.

 Мен іштей бұлары не сөз деп ойлағандай болсам да, одан әрі тереңдей қоймадым, өйткені қолымдағы «Охты» стақаным ындынымды қуырып шыдатпай бара жатыр еді. Алдымен соны қағып салғаным. Босаған стақанымды дастарханға қойып үлгергенше Борис оған самопалдан толтыра тағы құйды. Сосын:

— А ты пей, не стесняйся. Оплачено. Мы пока малость отлучимся, — деді. Бұл кезде менің бойымды самопал жеңіп, көзім алды бұлдырап бара жатқан болатын. Сонда да ішіп қалайыншы деген ындыным жеңіп, қолым алдымдағы самопал толы стақанға қарай созыла берді…

 Біреу иығымнан жұлқылайды. Жағымнан алма-кезек шарт-шұрт соққылап та жіберді.

— Көзіңді аш, есіңді жи.

— Осы ауылдың бас көтерер сесі емес пе едің, не болды саған?

 Құндыз иығымнан жұлқылап, Қатира екі бетімнен алма-кезек шапалақтап тұр.

— Ой, бұларың не? Неге мазалайсыңдар?

— Әй, ана жақта бір сұмдық болып жатыр, — дейді Қатира бүйірдегі оңаша бөлменің есігін көрсетіп.

— Өзің тыңдашы, — дейді Құндыз, — әне, әне.

— Иә, мен де естимін. Оғаштау дауыстар. Мастығым тарқамағандығы ма. Борис қыздарға зорлық жасап жатқандай болып кетті. Теңселе басып бардым да, жабық есікті бар күшіммен жұлки аштым. Мәссаған! Мұндай кереметті естісем де, көремін деп ойлаппын ба. Общым, Бористің шатының үстінде Ләззат, дәл аузының үстінде Құралай отыр екен. Арғы жағын өз қиялыңмен толықтырып аларсың. Бізге сұмдық әрі тосын көрінгенмен, сендер үшін үйреншікті нәрсе білем. Сендер жасырын оңаша моншаларға қыз-қырқын апарып, экраны есіктей телевизордан небір ғажайып порнофильмдерді айналдырып қойып, сондағы көріністерді қайталап, оған кейде өз фантазияларыңды қосып, бұл дүниенің өзінде-ақ жұмақ төрінде жүзіп жүретін көрінесіңдер. Тіпті Русияның бас прокурорының, біздегі «Самғау» партиясы көсемінің төсектегі қайталанбас ерлік күшін телевизордан бүкіл әлем тамашалапты деп естиміз. Е, орыс анадай болғанда, біздің қазақ одан кем бе. Кейінгі кезде әйелден гөрі арақты жақынырақ көріп кеттік демесек, дүниеге Тоқсанбайларды әкелген қуатты ұлттың ұрпағы емеспіз бе. Әттең, ауылымыз есептен шығарылып, аузы-мұрны буылған қаптай тас керең болып қалмағанда, неғыласың, орыс пен қазақтың төсек жарысын біз де тамашалайтын едік қой.

 Мұның бәрі басыма алғаш келген ойлар ғой. Ашуымның да қатты болғаны анық: «Осы үйдің балтасы қайда, балтасы?!» — деп айқай салыппын. Қатира балта орнына күрек ұстатқан екен, затым намысшыл қазақ емеспін бе, Бористі жатқан жерінде паршалап өлтірмекпін. Бірақ біз улап-шулап балта іздеп жүргенде, Борис шалбарын киіп үлгеріпті. Онымен қоймай мен маспын, әл жоқ. Ол қолымдағы күректі жұлып алды. 

— Эй, тамыр, коз аш, кутурмаган, — дейді, зілденіп емес, күліп айтып тұр.

— Сен… қыздарымызға неге тиісесің?

— Ты что? Это же интим. Ал сен оны посередине бұзасың. За это тебя убить мало.

 Қатты керілдескен шаң-шұң дауыстар естілді де, Борис екеуміздің кіжініскеніміз жайына қалды. Қатира қызының шашына жармасып жатыр екен. Бірақ қысқа шаш уыстап ұстауға келмей, қолдан сусып шығып кете береді.

— Сені бекер-ақ туған екенмін. Мұндай масқараңды көргенше, өз қолымнан буындырып өлтіре салайын, бетпақ. 

— Иди, дура, не подходи. Я тебя не знаю и знать не хочу, — деп, долыланып алған Ләззат шешесін кеудеден түйіп-түйіп жіберіп еді, Қатира омақаса құлап, аяқ астына түсіп тапталып қала жаздады. Мың болғыр Құндыз демеп үлгерді, әйтеуір.

— Шырағым, Ләззат, мұның енді артық болды, — деп жатыр ол да екі араға сөз қыстырып. — Төрт көзімізді түгел бақырайтып қойып…

— Немене, үстімізге кіріңдер, көріңдер дедік пе?

— Сонда да енді байың емес және үшеуің бірдей… Біртүрлі өрескелдеу ме…

— Біріншіден, — деді Ләззат пікірталасқа түскендей өршеленіп, — байлары тек қатындарымен болатын болса, бұл елдегі басы артық миллион ұрғашы не істеуі керек? Екіншіден, төсек қатынасы — өнер. Бірақ мәмбеттер оны қайдан білсін…

 Борис пен Құралай дастархан жаққа қарай кетті де, мен, Қатира, Құндыз — үшеуміз Ләззатты ортаға алып тұрмыз. Мен іштей қолайлы сәт осы болар-ау деп топшыладым. Яғни Ләззатқа әкең бар, ол мықты адам деп, сені сырттай да болса таныстырып қойғым келгені. Қатираға қарадым. Ол көзі жасқа толып, не дерін білмей шарасыз күйде тұр екен. Менің жүзімнен ішкі ниетімді түсінді білем, еркің білсін дегендей ақырын бас изеп қояды.

— Ләззатжан, — деп бастадым алыстан орағытып, арбап алсам деген ниетпен.

— Жан дегенің жаныма жағып кетті. — Ол сөзімді бөлді. Мораль оқитын болсаң, сөзіңді тыңдамаймын. Ал жан деген лебізіңді тереңдетіп, қауқарың мен қарымыңның барын дәлелдей алсаң, онда көрерміз ар жағын. 

 Ойпырмай, қаршадай боп-ап сайқалдықтың майын ішкен пері екен. Ә дегенде тілім байланып қала жаздады. Бірақ шешінген судан тайынбастың керімен бар білгенімді ақтардым да салдым. Қысқасы, сенің Қатира екеуіңнің араңда болған хикаятты айтып бердім. Қазір біздің байтақ дербес еліміздің тағдырын шешетін тұтқалы қызметте отырғаныңды, қисапсыз аса көп мол байлық жинағаныңды да жеткіздім. Мораль айтпа десе де, осындайда аузы қышып біреуге ақыл айтқыш мен де қазақ баласымын ғой, шыдамадым, сөзімнің соңын осындай жақсы адамнан туғаныңды мақтан етіп, жақсы атына кір келтірмеуің керек қой деп бітірдім.

 Пері неме, сенің некесіз туған қызыңды айтамын да, аш бүйірін таянып тұрып, ал келіп күлсін: сықылық-сықылық, шықылық-шықылық. Дегенмен өзіне бар ғой күлгені де, ашуланғаны да, жалпы қандай қимыл жасамасын жараса кетеді екен. Адам емес, көз алдыңда ойнап тұрған сағым әлде елес секілді. Шіркін деймін іштей, мынадай құлын денені құшып өлген адамда арман жоқ-ау. Қиялымды Ләззаттың:

— Ну и что? — деген сиқырлы үні қиып жіберді.

 Байқағаным тілге шешен, не айтса да нақтап айтады. Өзімдікі дегенде өлмей беріспейтіні сезіледі. Ол жағы енді тура саған тартқан ба деймін.

 Сенің бұл айтқандарың мен үшін, біріншіден, КТК-ның ана жерде атып кетіпті, мына жерде қыз зорлап кетіпті деген хабары ғана секілді. Не более того. Неге десең, мына кісіден сұрайық, — деп шешесі Қатираға қарады. Нұрберген деген біреуді менің әкем дейсіңдер. Сол менің жарық дүниеге қалай келгенімді сенен сұрады ма? 

— Жоқ, — деді Қатира.

— Сәби кезімде ең болмаса бір рет балам деп маңдайымнан иіскеді ме?

— Жоқ.

— Өсе бастағанымды көріп, қуанып, желкемнен сипады ма?

— Жоқ.

— Сырттай да болса қалай ержетіп жатыр деп сұрап, қамқорлық жасады ма?

— Жоқ, жоқ! — Қатира жылағысы келіп кемсендей бастады.

— Сен мені туған шығарсың, бірақ аналық тәрбиеңді бердің бе маған?

— Жоқ! — Қатира қорс-қорс етіп жылап жіберді. Шешемнің кенже қызы боп…

— Ол кісіге өкпем жоқ. Мен бойжете бастаған кезде, оның бойын ауру дендеді. Аяғы ақсады, қолы қалтырады, көзі де жөнді көрмей қалды. Қайсысың қарайластыңдар? Нұрберген… Қазақтың марғасқасы… Ол мені дүниеге мазақ болу үшін әкелгенімен қоймай, туған анам сенен де айырды. Солай ғой?

— Иә.

— Ендеше Нұрберген деген мен үшін әлдебір жай есім. Ол менің тас шемен боп бітеліп қалған кеудемнен перзенттік сезім ұшқынын оята алмайды ешқашан. Екіншіден, қазір нарық заманы. Біреу біреудің қамын жеп, бақытын ойлап, ешкім де өйтіп босқа тырбанып жүрген жоқ. Не істесе де әркім өзі үшін істейді. Мысалы, Адам Ата Хауа Анаға биіктегі ағаш бұтағынан алма алып беріп бизнес жасады, сөйтіп дегеніне жетті… Демек, мәмбеттер жезөкшелік деп жүрген кәсіп Хауа Анадан басталады деген сөз. Біздің тауарымыз жаман болса, әміршілер, уәзірлер, қалталы байлар неге аяғымыздың астында жығылып жатады? Неге қара бақайымыздан бастап түгімізді қоймай бұзауша жалайды? Олай болса, менің бизнесімді кемсітетіндер — бейшаралар, ондайға қолы жетпейтіндер. Оларға тиесілі үлес — есіктің сыртында тұрып тың тыңдау, кілт салғыш тесіктен сығалау. Мені Бористен қызғанған боласыңдар. Немене, мен оған дейін еркек көрмеппін бе? Сендер білесіңдер ме, Борис самопал саудасынан түсетін бір апталық пайдасын түгелімен маған береді, өте көп ақша. Оның көлеміне сендердің қиялдарыңда жетпейді. Бүгін кештен бері сілтеп ішіп жатырсыңдар, әлі де ішесіндер, тегін. Мен ішкізіп жатырмын. 

 Бұл сөзден кейін Ләззатқа қарсы дау айту қиын еді. Қатира қорсылдап жылағанын қойып, момақанданып қалса да, көңілінде қалған бірдеңесі бардай, менің бетіме жаутаңдап қарай бергенін байқадым да, ар жағын түсіне қойдым.

— Қарағым Ләззат, — дедім құлағына ғана ақырын сыбырлап, — ана пәленің денесінде жұқпалы бірдемесі болып жүрмесін…

— Мен ауылдың мәмбеткасы емеспін, — деді Ләззат төтесінен тартып, — маған десе доллармен төлесе де сақтандырғыш құралсыз қасыма жақындатпаймын. Осы кезде:

— Ойбай, мыналар кеткелі жатыр, — деген Құндыздың ащы даусы естілген. Дастархан басына барған соң Борис көбірек ішіп жіберген бе, белінен тас қып құшақтап алған Құралайды ертіп, шынында есікке қарай беттепті. Ләззат көмейінен бойындағы қаныңды ұйытардай ысылдаған зәрлі де суық үн шығарып, оған «Ах, стерва!» деген сөз жалғап, тұрған жерінен оқ жыланша атылған. Атылып барып, Бористің қолтығындағы Құралайды жаман тымақша жерге жұлып түсірді. Табанға салып үсті-үстіне итше тепкіледі. Ана байғұс қарсыласпақ түгіл, әлде жезөкшеліктің заңы сондай ма, Ләззаттың «Только пискни, задушу!» дегенінен шын қорықты ма, үнін де шығара алмады. Ләззат енді аңтарыла тұрып қалған Бориске бұрылды:

— Ты что? Со мной шутки шутить решил? Хочешь, чтобы я на тебя всех собак натравила?!

— Ну-ну, меня же обидели, даже больше, оскорбили. — Борис мастығынан бір демде айыққандай біртүрлі сылқ түсіп қалды. — Мы же так не договаривались.

— Эти люди, — деді Ләззат Қатира екеумізді нұсқап, на то имели полное право. Усек?

— Усек.                   

 Тоқсанбай шал оянып былшық басқан көзін уқалап, жан-жағына сығырая қарап алды да:

— Ай, балалар, неге сонша қатты шулап кеттіңдер? — дей беріп, көкейіндегі негізгі айтпағына көшті. — Ет жедіңдер ме?

— Жоқ, сізді күттік, дайын тұр, — деп Құндыз бір жағынан өтірікті соғып та жіберді.

— А-а, онда түсіріңдер. Ас — адамның арқауы деген. — Соны айтып Тоқсанбай шал аяғының астында шүйкедей боп бүрісіп жатқан кемпірін оятуға кірісті. 

— Әй, тұр, ұйқыдан өлдің бе?! Келіндерге тамақ түсіріс, көмектес.

 Тоқтыгүл әжей ояу жатқан кісіше ың-шыңсыз тұрды да, асүй жаққа маймаңдап жылжи жөнелді.

 Сәлден соң бәріміз дастарқан басына қайта жиналдық.

 Ортаға үйеме табақ ет келді. Тоқсанбай шал қысқы соғымға еркек тайыншасын сойған, қалған өміріме бір бұзаулы сиырым да жетеді деп, етті аямай-ақ асқызған екен. Кедейдің бір тойғаны жарты байығаны деп, тісті пышақша қайрап, ал кеп тиісіп жатырмыз. Бірақ әлгіндегі шай үстіндегідей емес, бәріміз де сүлесоқпыз, әлденеден секем алып, жасып қалғандаймыз шетімізден. Соны сезген Ләззат:

— Что это такое? Траурная церемония что ли? — деп Бориске қарап, иек қағып еді, ол: — Как скажешь, — деп, сол арада бетіне қан жүгіріп, қолма-қол адам сияқтанып шыға келді. Далаға жүгіріп кетіп, машинасынан бес бөтелке самопал жеткізді. Оларын тағы таза спиртпен күшейтті. Нағыз ішу енді басталды. Тоқсанбай шал бірінші болып тост көтерді:

— Шырақтарым, өмір — жалған деген рас сөз. Міне, сексен асып тоқсанға таядым. Артымда не қалды? Түк те. Мойнымызға бұршақ салып жүріп қартайғанда көрген жалғыз ұлды айдаладағы Ауған соғысына апарып жалматтырды. Баяғы кәмпескеден бастап алпыс жыл үкіметтің қойын бақтым. Мыңғырып-ақ өсті, жарықтық. Ел дәулеті, өлсем артымда қалар деп ойладым. Одан да түк жоқ бүгін. Сондықтан, шырақтарым, ішетін кезде ішіп, жейтін кезде жеп қалыңдар. — Бористі Ләззатқа жалғыз иемдендіріп, өзі кемпір-шалға таман жылжып кетіп, қазір назары пәстеніп көңілсіздеу отырған Құралайға жымия қарап қойды. Жаңа бір әзірде ұйқылы ояу жатып шаң-шұң дауыстарыңды естідім. Араларыңнан бір мезет қызғаныш деген қызыл ит өтіп кеткендей ме… — Е-е, жас шақта ондай-ондай бола береді. Жалпы, еркек пен әйел арасының қыр-сыры әлі ешкімнің ақылы жетпеген шаруа ма деймін. Осы ауылдың тумасы анау үкімет жағында жүрген, мына біздің Алтынбайжанның құрдасы, әрі досы Нұрберген, соның атасы Тоқбергеннің екі қатыны болды. Әжептәуір мал біткен, осы төңіректің бетке ұстар байы еді. Соның Белтемір есімді бас жылқышысы болды. Белтемір десе белтемір еді, екі иығына екі кісі мінгендей, атқа отырса өкшесі жер сызған, қара шұбар апайтөс адам болатын. Ұлы кәмпескенің алды ғой. Оң-солымды танып қалған кезім. Айтайын дегенім, Тоқберген байғұс бақылдап-шақылдап малын түгендеп, екі қырдың астында жеке-жеке отыратын бәйбішесі мен тоқалының ауылында кезек конып жүретін. Сонда, мына қызықты қараңыздар, бай бәйбішесіне кеткен күні тоқалының қойнына бас жылқышысы Белтемір келіп жатар еді, бай тоқалына кеткен күні бәйбішенің ақ төсін бас жылқышы Белтемір келіп аймалар еді.

— Вот как! — деп Ләззат сүйсінгеннен таңдайын тақ еткізді. Бористің қолтығына таман сұғына түсті. — А вы думали, что степь молчала. Нет, у степного секса были свои неповторимые прелести.

— Менің айтайын дегенім мынау еді, шырақтарым, — деп Тоқсанбай шал үзілген сөзін қайыра жалғады. — Қыздарын айтпағанда, Тоқбергеннің бәйбішеден төрт ұл, тоқалдан үш ұлы болды. Содан кәмпеске шықты, елге аштық келді, қуғын-сүргін, қожа-молда, бай манаптың талайының тұқымы тұздай құрып кеткен емес пе. Сол бір қысталаң шақта белсендіде жүрген Белтемір біздің анау астанадағы дөкейіміз Нұрбергеннің әкесі — Бекбергенге араша түсіп, менің балам еді деп, айдаудан аман алып қалғанын жақсы білемін. Ит екеш ит те иесін аяйды деген. Белтемірдің ол ісін кезінде үлкен кісілікке жорып жүрдім. Енді қазір ойлап қарасам, сол өзі шын-ау, сірә, — деген күдігім басым. Өйткені бәйбіше де, тоқал да некелі байларын қалай қабылдаса, оның құлына да дәл солай құшақтарын ашты ғой. Еркектің тегеуріндісін ұнатпайтын ұрғашы жоқ. Мүмкін байынан да гөрі оның есігіндегі құлын ыстығырақ жақсы көрдіме… Қысқасы, осы елдің жетпіс жылдай тірнектеп жинаған мал-мүлік бар байлығын Бекберген, оның баласы Нұрберген қас-қағымда құртты да жіберді. Кебек жеп азып-тозып кеткен ел-жұртынан тым болмаса бір рет жағдайларың қалай деп сұраған да жоқ. Е-е, мейілдері, алды-арттарынан бір уыс топырақ ондайлардың. Шүкір, жанашыр, бас көтерер азаматымыз Алтынбайжан ортамызда отыр. Аман болса, әлі-ақ жарып шығады. Құдай тағалам Алтынбайжанға қуат берсін, аруақтар оң ісін қолдай жүрсін деп, осыны Алтынбайжан үшін алып жіберелік түгін қалдырмай. 

— Етпен ішкен қандай жақсы, кетіп жатыр. Қазақы қалжың әзіл, күлкі, анекдот. Борис «Охотасын» тағы бір мәрте айтып өтті. Бірінің басын, бірінің аяғын шалып, орысша, қазақша өлеңдерден попури жасап та қоямыз. Қатира, Құндыз, оларға Тоқсанбай шал мен Тоқтыгүл әжей қосылып: 

 Аса байлық не керек, 

 Ден сау болса болады-ай, — деп қоңырлатса, Ләззат, Құралай, оған Борис қосылып:

 Че те надо, че те надо,

 Может дам, может дам, — деп сұңқылдатып жібереді. Неге екенін қайдам, Борис екеуміздің ортамызда отырған Ләззат шалдың мен жайындағы мақтауынан кейін маған біртүрлі іш тарта қарауын жиілетті. Өзі жайнаңдап, елдің алдына түсіп ашық-жарқын отырса да, ішкілікке онша көп сұғына бермейді екен. Алып қойған болады, бірақ алмайды. Ұрттап-жалап қана қояды. Қылықты-ақ. «Осы ауылдың иесі екенсің ғой», — деп табақтағы еттің жұмсақ шұрайлы жерлерінен алақанын толтырып екі-үш мәрте асатып та жіберді. Ойпырмайдың саусақтарын-ай, алақанын-ай. Етпен қоса жұтып-ақ жіберсемші. Сол ойымды сезе ме, ет асатқан кезде саусақтарының ұшын тілімнің ұшына тигізіп сәл бөгеледі. Бірде тамсанып, бірде бал сорғандай әсер алуыма мүмкіндік жасайды. Онымен де қоймай ауық-ауық аяқтарын жинастырған болып адамға көрсетуге болмайтын жерлерін де көрсетіп қалады. Тіреніш еткен болып жұмсақ, ыстық алақанымен санымды да қыздыра сипап өтеді. Рның әрбір сүйкенгенінен, бетіме тиген ыстық демінен денем тоқ ұрғандай шымыр-шымыр шымырлайды. Неге? Түсінбеймін. Ал Қатира түсінетін сияқты. Оның бір қызарып, бір бозарып іштей өзімен-өзі арпалысып отырғанын сеземін. Онысы өзіне ақыры кесір болды-ау деймін, елден бұрын мас боп қалды. Сөйтіп, біріміз сәл ертерек, біріміз сәл кейінірек — бәріміз де мас болдық. Мен де мас болған секілдімін. Есімде қалғаны — Ләззаттан Құралайдың кешірім сұрағаны. Ұмытпасам: «Ты прости меня, я изменила своему убеждению. Пьяная была. Для меня мужчины как были дураками и скотинами, таковыми и останутся», — деді-ау деймін. Бұл кезде Борис денесінің ірілігіне қарамастан елден бұрын отырған жерінде құлап түсіп, қалың ұйқыға бас қойған-ды. Оның алып денесінен шығып жатқан қорылдан үй төбесі дірілдеп, тас қабырғалар қайысқандай еді. Сөйтіп, Ләззатты білмеймін, басқамыз тегіс мас болғанымыз анық-тын. Мұндайда кім құс төсек, мамық жастық сұрап бап іздейді. Борис құсап кімге қандай жер бұйырды, құлай-құлай кеткен болармыз.

 Түс көрдім, түсімде жұмақ ішінде жүр екенмін деймін. Міне қызық, жұмақ дегенім — тура өзіміздің Белтұрған ауылы. Жоқ, қазіргі ескі қорымдай омырылған құбыжық кезі емес, осыдан он жыл бұрынғы болып-толып тұрған кемел шағы екен деймін. Ойын қуған жас балалардың шуылын, өзара әзілдесіп қағысқан ересектердің күңгір-күңгір дауыстарын естимін. Қойдың маңырағаны, жылқының кісінегені, қаз-үйректің қаңқылы мен барылдағаны да құлаққа анық жетіп тұр.

 Өзім болсам ауыл шетіндегі үлкен алма бақтың ішіндегі жылқының түгіндей боп біркелкі қалың өскен көк майса шөптің үстінде жатырмын. Алма ағаштар гүл жарған. Керемет бір үлкен ақ шатыр астында жатқан секілдімін. Ау, деймін ойланып, біздің ауылдың алма бағы оталып, отқа жағылып кеткен жоқ па еді. Әлде жазықсыз жалманған бейкүнә бақтың аруағына Алланың мейірі түсіп, о дүниеге, жұмақ төріне өзі әкеліп қондырды ма екен? Ой салмағынан елегізіп, бір қырыма аунай бергенім сол еді, «Отағасы-ау, байқасаңшы, төсімді езіп тастай жаздадың ғой», — дейді өте бір сүйкімді таныс дауыс. Қарасам, хор қызы екен. Анасынан жаңа туғандай, бірақ өзіме өзімнің іштей қайран қалғаным, қысылып ұялмадым. Аузыма алғаш түскен сөзді айттым: «Денеңе жер батып, шөп тырнайтын болды ғой». «Жоқ, — деді ол, сен төсенген көк майса, сен жамылған алма гүл маған неге жат, суық болуға тиіс». Мен бір шынтақтап басымды көтердім. Оған ұзақ қарадым. Ол да менің көңілімді түсінді-ау деймін. Кейінгі кезде көбейіп кеткен жарқырауық журналдардағы әккі фотомодельдер құсап біресе шалқасынан жатты; біресе созылған қолдарын жамбасына қойды; біресе қарлығаштың қос қанатындай етіп жан-жаққа жайды; басынан асыра созды; біресе бір қырына ауысып, шынтақтады; бір қолына сүйеніп бір жамбастап отырды; шоқиып қос тізерлеп те отырды; қос қолын артқа жіберіп, саусақтарымен ғана жер тіреп, құс кеудесін артқа кере созып, шалқайды. Қайтадан бір қырымен шынтақтай жатып, бір аяғын тізесінен бүкті. Тағы да шалқалай жатып, қос қолын шынтағынан бүгіп, шынтағымен жер тіреп, қозы құйрығы жерде, аққу мойны жерде, кеудесін жоғары көтергенде, нәзік бел үзілердей, қос анары не оңға, не солға еш ауытқусыз мінсіз бұлтиып, дәл ұшындағы үрпегі дүниедегі бар тіршілік атаулының нәр алар күш-қуат көзіндей боп, осы көрсетілген қимылдың бәрі — адамға берілген тірліктің ең басты жұмбағы, мықты болсаң шешіп көр дегендей еді.

 Иә, бұл жұмбақ еді. Бірақ мен оның шешуін таппаймын әрине, таппаймын. Менің жалғыз-ақ ұққаным, хор қызы сан алуан қанша қимыл жасаса, мен сонша сұлулық көрдім: құс періштесі аққуды да, сайын дала еркесі маралды да, суда ойнаған ақ шабақты да, жәндік төресі құмырсқаны да. Осынша кербез сұлулыққа көзім қанша қарап тоймаса, ішкі жан әлемім күмбірлеген күй болып, жарық пен шуаққа айналып кеткендей еді. «Айналайын-ай, — деймін іштей, сенің мына жарық дүниеге келгенің қандай ғанибет, мына өткінші жалған дүние сенімен ғана сәнді, сенімен ғана мәнді әрі қымбат екен ғой». Неге екенін қайдам, о дүние жұмағында емес, өзіміздің кәдуілгі Белтұрғанда жүрмін деймін. Қасымдағы хор қызы емес, Ләззат екен деймін. Жүрегімнің қуанышты лүпілін Ләззаттың құлағына сыбырлап айта түсемін. Егер мен ақын болсам деймін, бір сені ғана жырлап өтер едім. Сазгер болсам… қылқалам шебері болсам, тек сен дер едім. Жалғандағы жалғыз сұлулық иесі тек бір сен дер едім. 

 Егер құдай бағымды ашып, маған сендей жар бұйыртса, ақ періштемдей көріп, мойныма мінгізуге арланбас едім, алақаныма салып аялаудан жалықпас едім.

— Рас па? — дейді хор қызы Ләззат құйрығымен жылжып, маған қарай тығыла түсіп. Апыр-ай, ішімдегіні қалай біледі. 

— Неткен сезімтал жан еді. 

— Мен өтірік айтуды білмеймін.

— Ол жаман. 

— Мейлі. Мен сондаймын.

— Кездескен қыздарың көп болды ма?

— Қалай десем екен… Бірде қасымдағы жолдас жігіт қоймаған соң, Алматының Сайын көшесінің бойынан жарты сағатқа, арзандау болсын деп…

— Сосын?

 Өтірік айтуды білмейтін адаммын, тілім байланып, қиналып қалдым.

— Айтпай-ақ қой, білемін, — деді хор қызы Ләззат. Оның бәрі есепке жатпайды. Мен де ешкімнің әйелі боп көргем жоқ. 

— Неге үйленбей жүрсің? — деп сұрады хор қызы Ләззат.

— Мүмкін өтірік айтуды білмейтінімнен шығар.

— Арамза болмай бақ қайда…

— Абай ғой.

— Иә. 

— Мен ауыл мектебінен тоғыз сынып бітіргем.

— Ауылды жек көресің бе?

— Аяймын. Кеудеме өксік толып, жылағым келеді. Бишікештер қалалықтардан қорқады. Санасады.

— Ауыл — қазақ қой.

— Иә.

— Қазақтың орыстан жеген таяғы әлі де кемі жүз жыл естен кетпес. Соны біліп қит етсе, орысты айтып қорқытады.

— Ләззат, сенің сыртың қандай сұлу болса, ішің де сондай сұлу екенін көріп тұрмын. 

— Рас па?

— Мен өтірік айтуды білмеймін.

— Ендеше кірші ішіме, аралашы, сайрандашы. Менің ішкі сарайыма шын құмартып қызықтағанынды көріп, мен де бақытты болайын. 

— Мен келістім. Төске – төс, қарынға – қарын, шатқа шат түйісті. Екі арада жүз, әлде мың градустық қызу пайда болып, бар денем қорғасын сияқты балқып сұйыққа айнала бастағандаймын. Ерінге ерін тиді. Сүйегіме дейін буға айналғанын сеземін. Әбден балқып тамшылай бастадым. Ұсақ-ұсақ молекуламын. Сонда да бәрін білемін, сеземін. Ұсақ молекулалар болып, Ләззаттың қан тамырларына қосылып, араласып сіңіп кетіп жатырмын. Рахат-ай, жұмаққа кіргізген, төрінен орын берген Жаратушыма мың рахмет, — деймін шаттанып.

 Молекула бөлшектерге айналып толық еріп біттім. Ләззаттың қан тамырлары ішінде жүрмін. Жаным әбден жайланды. Енді кішкене дамыл тауып ұйықтап алсам да болады…

 Түнімен көрген әдемі түстің әсерінен бе, оянып көзімді ашсам, қатты ұйықтағаннан аузымнан суым ағып қалыпты. Сүртіп тастайын деп қолымды… Білегіме басын салып қасымда хор қызы жоқ, Ләззат жатыр. Пісте мұрны пыс- пыс. Жалбыраған ұзын қара кірпіктер жүзінде қызылы ойнаған ақ торғын беттің шаң түсірмес пердесі дерсің. Қаннен-қаперсіз бұйыға ұйықтап жатқан қыздың ұзына бойына көз жүгіртіп дұрыстап бір қарадым. Тыр жалаңаш. Түнде түсімде көрген суреттер. Мә, мен де жалаңашпын. Бұл не сиқыр? Неге бұлай? Менің тыпыршып қозғалғанымнан Ләззат оянып кетті. Әуелі жалбыр ұзын кірпіктер жыбырлап, перде түрілді де, арғы жағынан күлімдеп күн көрінді. Иә, осы сәт маған караған тұнық көз күндей нұрлы, күндей өткір де еді. Әбден пісуі жетіп, шырыны шым-шымдап сыртқа тепкен карақаттай мөлдір, үлбіреген топ-томпақ ерні дір етті де, езуліктері шұңкырлана дөңгеленіп шұғыла шаша жымиды. Ақ мәрмәрден қашалғандай түзу маржан тістері жарқырады. Осы қалпында ол менен көз алмаған күйі әлденеге ойланғандай боп, аз-кем жатты да, «ім» деп ернін жымқырып, көзін жұмып, қолын басынан асыра созып, рахаттана керілді. Сосын серпіле көтеріліп, тырсылдаған қап-қатты анарымен төсімді тіреп, үстімнен төне қарап тұрды да, аса бір қуанышты ризашылықпен:

— Ну, Мәмбет, жарайсың, есімнен тандырдың, — деді нықтап, тиянақтап сөйлейтін әдетімен, — в первый раз в жизни я почувствовала себя женщиной, и познала что означает оргазм.

 Ләззат әр жерде шашылып жатқан киімдерін жинастырып, киіне бастады. Мен де киінуге кіріскем. Әйтеуір, құдай оңдағанда екеуміз оңаша бөлмеде болып шықтық. Киініп жатып өз-өзімнен қайранмын. Түндегі түсім не? Әлгіндегі жатысымыз не? Ләззаттың жаңағы сөзі не? Түк түсінсем бұйырмасын.

 Түнде ас ішкен бөлмеде Борис бүкіл төрді бір өзі алып әлі ұйықтап жатыр, қор-қор. Қатындар көрінбейді. Сірі жанды немелер сүрініп-сүйретіліп жүрсе де, үйді-үйлеріне жетіп алған болар. Тоқсанбай шал мен Тоқтыгүл әжей де жатқан шығар бір қуыста бір-біріне тығыла бүрісіп, домаланып.

— Что за безобразие, сколько можно, — деп Ләззат Бористің дәл құлағының түбінен айқай салды. — Хватит! Вставай, ехать пора!

 Қатты қорыл бірден тыйылмай қақалып-шашалатын ақаулы мотор секілді бір үзіліп, бір жалғанып тұрды да, кенет сап басылып, Борис басын көтерді.

— А, куда спешить? — деді, тілі аузына симай қалса керек, кезерген ернін жаланып зорға сөйледі. — Опехмелиться надо бы.

— Это по ходу.

— Ладно, как скажешь.

 Бәтеңкесін де шешпестен киімшең ұйықтаған Борис жатқан жерінен созалаңдап тұрды да, жолай аузын кере есінеп алып есікке қарай беттеді. 

— Куда путь держать будем?

— В Алматы.

— Как скажешь.

 Борис шығып кетті де, есікке жете берген Ләззат шұғыл кері бұрылып келіп, кенет мойнымнан тас қып құшақтай алды. Бетін кеудеме басып, сәл кідірген. Осы сәт жан жүрегім майша еріп, елжіреп кетті. Мен оның маңдайнан иіскеп, иығынан аялай сипағым келді. Бірақ жасқандым ба, сасқалақтадым ба — қолымды қозғай да алмадым. Сөйткенше Ләззат қалай шұғыл келсе, солай шұғыл бұрылып тез-тез басып үйден шығып та кетті. 

 Сәлден соң сырттан «Запорожецтің» от алып салдырлаған дарақы үні естілді де, бірте-бірте алыстап өшіп жоғалды. 

 Нұрберген, мен саған ауыл жаңалығын айтамын деп, кей жайларды тәптіштеп кеткен сияқтымын. Осындағының бәрі өзіңе жақсы таныс, кейбіреулер тіпті өте жақын адамың болғандықтан, кім не істеп жүр, тіршілік тыныстары қандай дегенді білсін деген ойым шығар. Оның үстіне қызың Ләззатты менің тұңғыш көруім еді. Шыны керек, қайран қалдырды. Сосын да баласы ғой, ойлайтын, сағынатын шығар деп айта түскім келді. Бір анығы — кетерінде ол маған біртүрлі іш тартып жақсы көріп қалғандай сыңайын байқатты. Сірә, әкемнің құрдасы, ескі досы деп көз көріп көрсеткен инабат-пейілі болар.

 Досың Алтынбай, Белтұрғаннан.

 19 шілде 1999 жыл.

Жалғасы бар...

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...