Адасқандар (хикаят)

ӘДЕБИЕТ
14690

Рақыш Айзат Серікқызы - ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы, ұстаз. Қаламгер 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Жиделі аулында дүниеге келген. 2006 жылы Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. 2007 жылы Алматы қаласына келіп, шығармашылық жолға түсті. Сол жылдан бері «Қазақстан ДӘУІРІ» газетінде штаттан тыс тілші. 2015 жылы автор өзінің тұңғыш прозалық жинағын «Өлгендер қайтып келеді» атауымен оқырмандарына ұсынды. Ал 2018 жылы қаламгер «Мұз  үстіндегі қызғалдақ» атты екінші прозалық жинағының тұсауын кесті.

 Айзат Рақыш республикалық «Алтын тобылғы» әдебиет жүлдесінің 2018 жылғы жеңімпазы. Сондай-ақ, жазушы Ашық Еуразиялық әдеби фестивалінің финалисі.

-Не жаздым саған, Отаным?-Қыздың жан ұшыра айғайлаған ащы даусы шексіз кеңістікке жұтылып кетті.

-Тоғай арасына тығылып алып  қанша айғайласаң да, даусың ешкімге естілмейді. Одан да тауға бар, бірақ онда даусың жаңғырық болып өзіңе қайтып келеді,-деп кекетті құрбысы. Алдаспан ашуы қыздың жүзінде жасын болып ойнады. Бірақ жас болып ақпады.

-Отанды ана дейді. Ал сен қандай анасың?Өз балаларыңа өгейлік еткенің қай қорлығың?-Бұл жолы Жансұлу жыламсырай сөйледі. 

-«Астана-арман қала» деген әнді естуің бар ма? Біздің басымыздағы кеп сол арман қаланы аңсаудан туып тұр емес пе? Астана сен екеумізге мәңгі орындалмас арман болып қала береді.

-Сен қатал құрбысың. Не жұбатпайсың мені, не өзің жыламайсың,-Жансұлу көз жасын сығымдап отырып, Әлияға бір кейіп алды.

-Әкем батыр қыздың есімін берсе, қалайша жылаймын? Әрі жылағаннан не өзгереді? Жүр, қайтайық құжырамызға!

 Қуықтай жалдамалы бөлмеден жан рахатын табардай екеуі асығыс оралды. Бөлмелеріне бас сұққандары сол еді, үй иесі соңдарын ала кірді. 

-Осы айдың пәтерақысын бүгін беріңдер. Маған шұғыл ақша керек,-деп түнерді.

-Ағай, әлі бір апта уақыт бар ғой. Оған дейін пәтерақысын жинап үлгереміз. Ал бүгін қолымызда ақша жоқ,-деп бұлардың шырылдағанына құлақ аспады.

-Ертең түске дейін ақша болмаса, қуып шығамын!-Суық пәрменнің мөріндей болып есік тарс етіп жабылды. 

-Әлия, батырға да жан керек. Ауылға қайтайық!

-Жоқ, Жансұлу, олай ете алмаймын. Екі жыл тапсырып түсе алмаған оқуға «биыл түстім» деп анамды да, тіпті бүкіл туыс-туғанды құлақтандырып қойғанмын. Салпақтап ауылға қайтсам, байқұс анам елдің бетіне қалай қарайды?

-Онда ана дәмханадағы арсыз кебеже қарынның айтқанына көніп, соның салдақысы боламыз ба? Ертең жұмысқа бармаймыз деп шештік емес пе?

-Ол тоғышардың ашынасы болғанша, Астананың шет аймағын кезіп жүретін «белгілі тұрағы жоқ тұлға» болып кетейін!

-Иә, «БОМЖ» сөзін тұлға деп аударғанын естіп, ішек-сілеміз қатқанша күліп едік. Енді «тұлға» боларымыз анық! «БОМЖ» сөзін аудара алмай жүрген сол бір тілшілер содан соң бізден сұхбат алатын болады!-Жансұлу мысқылдай күлді.

-Бір жол бар. Соңғы аптада істеген жұмысымыз үшін ақымызды талап ету!-Әлия кенеттен бұлт астынан күн көргендей саңқ ете қалды. Құрбысы құлықсыз келісті. Мес қарын дәмхана қожайынының еңбекақыларын бере қоярына көңілі сенбесе де, алдамшы үмітінің соңынан ере берді.

 Әлсіз үмітін таяныш еткен қос құрбы дәмханаға да жетті алқынып. Күдіктері басым болса да, қожайынмен сөйлеспек. Адал ақыларын даулауға дәрмендері әзер жетсе де, үнсіз қала алмады.

-Неге келдіңдер? Кердең қағып кетіп, қайтып келместей көрініп едіңдер.-Құрман мырс-мырс күліп, екі қызды адам құрлы көрмей отыр.

-Аға дейін десем ағалық ниетіңіз жоқ. Мырза дейін десем ол да сізге жат. Қысқасы, біздің соңғы бір аптада даяшы болып жасаған жұмысымыздың ақысын беріңіз!-Әлия күнде дау-жанжалдың ортасында жүріп, шыңдалып кеткендей тым батыл сөйледі. Жансұлу тек басын изеумен ғана отыр.

-Сендер менде жұмыс істеп пе едіңдер?-Мына сөзге екі қыз аңтарылды да қалды.

-Менің дәмханамда даяшы болғандарыңды қалай дәлелдейсіңдер?Менің бір көз қысқаныма өздеріңше тулап қашқандарың қайда? Ақша керек болса, тыныш қана көну керек «тағдырға»!

-Тағдырды сендейлер жасамайды!-Әлия мен Жансұлу жарыса сөйледі.

-Е, жазмыштан дейсіңдер ғой. Онда сендердің маңдайларыңа көшеде қаңғыру жазылған. Немесе менің көңілімді қалдырмай тояттатар болсаңдар, ол жазмыштан құтыласыңдар.

-Жоқ! Күтпе бізден ондайды! Арам ақшаға сатылар арсызың біз емеспіз!-Әлияның даусы ышқына шықты.Тысқа атып шыққан екеуіне тамыз кешінің салқыны  қаңтардың ызғарындай сезілді. Салқын тарта бастаған кешкі ауа тұла бойларын тоңазытты. Тамыздан хабаршы жіберген Астана күзінің нышаны ауадан байқалады. Қара кеште қалтыратып қыздарды, адыра қалдырып жүректегі арман-сырларды, Астана кеші суық желін азынатты.

-Сен тағдырға сенемісің, Әлия?-Көз жасын көптен жасырған Жансұлудың жан құрбысынан жылы сөз күткен күйі бар.

-Иә, сенемін. Тағдырымның таңғажайып боларына еш шүбәм жоқ!-Әлия да өзін жұбатқаны, не бұған дем бергені белгісіз,кесіп-пішіп сөйледі.

-Батыр қыз-ау, қарашы ана бойжеткендерге! Қағаналары қарқ, сағаналары сарқ. Ал біз неге олардай күле алмаймыз?

-Біз шамамыз келмейтін биікке ұшуға талпынған балапандармыз. Жиырмаға жетпей жігерімізді жасытып, суық Астанадан жылу дәметкен ақымақтармыз!

-Олай демеші. Астаналық болуды армандасақ айып па екен?

-Ауылға қайтсақ, жеңгеңе жалтақтаумен күн кешкен ағаң саған қорған бола ма? Ал менің бір өтірігіме малданған анам байқұс мені кешіре ме? Ауылға қайтар жолды өзіміз жаптық. Енді бір амал ойлап табуымыз керек!

-Қайтайықшы ауылға!Жібіте алмаса да көңілдегі сызды, өлтірмес ауыл мына бізді!

-Тағдыр-сұмға қарсы тұрып қалайда, елордалық атанамыз, жарай ма?!-Күңгірт кеште серттескен қос мұңлық алдарынан не күтіп тұрғанын еш сезбеді..Ал бұл сәтте көше шамдары салтанатпен құйылып тұрды.Көз қарықтырған бұл жарық «мына сәулеге бөккен әлем сендер үшін емес» дегендей ескі шаһарға ене бергенде, үзіліп қалып қойды.

 Салқын тартқан тар бөлмеде сұлқ отырған құрбыларға әлдебір сүйінші хабар жеткізгісі келгендей қалта телефоны шыр етті. Жансұлулың жеңгесі екен. 

-Әй,-деді ол әдетінше адуынды үнмен. –Не тындырып жүрсің?

-Бәз-баяғы қалып қой менікі. Ауыл-аймақ аман ба?-дей берген Жансұлудың сөзін үзіп тастады.

-Жә, баяғының қазақтарынша амандық сұрасып, бірліктерімді тауыспа. Саған айтар жаңалығым бар. Мол табысқа кенелейін деп тұрсың.

-Жеңеше, не табыс ол соншалық? 

-Менің бөлем Ақжанды білесің ғой. Сол Мәскеуде мықты бір қызметке тұрыпты.Енді өзімен бірге жақын адамдарын да жұмыс істеуге ертіп әкетпек. Мен сені «ертіп ал» деп айтып қойдым.

-Мәскеу деймісіз? Басқа елге қалай барам?

-Әй, бұлтақтама! Астанаға адасып қалай бардың? Дәл солай барасың. Әзілім ғой. Мәскеуде жаныңда жақының болады. Мен сені Ақжанға жақсылап аманат етемін. Қам жеме. 

-Жеңге, мен ойланайын.

-Ойланатын дымы да жоқ. Бұл құдайдың саған беріп тұрған бағы. Ертең таңертең Ақжан Астанада болады. Ары қарай сонымен еріп «Мәскеу, қайдасың» деп тартып тұрасың. Ақша жиып, ақылы болса да оқып аласың. Сөйтіп сылқылдаған сұлу бойжеткен болып шыға келесің. 

-Қасымда құрбым бар. Оны тастап кетсем ыңғайсыз ғой.

-Тастама, оны да ертіп ал. Ақжан жағдайларыңды жасап береді. Ақшаны уыстап ұстап, қолдарыңды жылы суға малы-ы-ып отыратын боласыңдар.

 Жұмақтың есігі әне-міне ашылып сала берердей қыздар телефонда сампылдаған дауысты бар ынталарымен тыңдады.Бір дөкей бастықтың үйін тазалап берсе, долларлап төлейді дей ме? Мәскеудей мәңгілік қаласын серуендетіп, салтанатты өмір сүргізеді дей ме? Бір жылға келісім-шарт жасасып, жұмыстарын істеп, долларды бұрқыратып елге оралады дей ме? Әйтеуір бұлардың басынан таюға айналған бақтың тәжін қайта кигізді. Сезімге беріле бермейтін Әлияның өзі осы түн ғажайып түстер көріп шықты. Ал Жансұлу марқұм  анасының көмескі келбетін көріп, тіксініп оянды. Марқұм анасы қызының бұл сапарын қош көрмейтіндей теріс қарап отыр.  «Жақсылыққа жориын» деп күбірлей беріп еді, бөлменің есігі қағылды. 

-Тал түс болды. Ақша жоқ. Кәне, үйді босатыңдар!-Пәтер иесі долдана айғайлады.

-Аға, таң енді атты ғой. Түске дейін мұрсат беріңіз,-деп Жансұлу іштен сөйлей шықты.

-Кәкір-шүкірлеріңді жинаңдар да тайып тұрыңдар. 

-Ағай, біз пәтерақысын бергенімізге жиырма күннен енді асты ғой. Бір апта тұруға толық хақымыз бар!-Оқжыландай атыла шыққан Әлияны ожар еркек итеріп жіберді.

-Сен кімге ненің құқығын айтып тұрсың? Үй менікі. Босатыңдар тездетіп! Бұл бөлмеге бұдан қымбат бағаға кіретін кісілерім қазір келеді.Тез кетіңдер!-Төбет итше арпылдаған Қамысбек бөлмеге кіріп, қыздардың заттарын сыртқа лақтыра бастады.Шыр-шыр еткен панасыздарды әлділер түтіп жейтіні табиғат заңында да бар емес пе? Бірақ кейде саналы адам бола тұра, табиғаттың бір мақұлығындай әрекет ететін сәттер басым. Бұл да сондай күшіне мығым бір жуанның қорғансыз жіңішкеге көрсеткен құқайы болатын. 

 -Ит үрсе де жылайтын сен баласың ба, Жансұлу? Жылама!-деп шырқырай дауыстады Әлия. Ал құрбысында жауап болмады. Ол қалш-қалш етіп, заттарын жиыстырған болды.Әлия құрбысын қолынан жұлқи тартып, қақпадан шыға берді.

 Тығырыққа тірелген тұстары осы болды. Тұйықтан шығар жалғыз жол- Қадишаның кешегі айтқан ертегі еліне аттану. 

-Ақжанға қоңырау шалшы,-деді Әлия бір шешімге келгендей.

-Бір жылға қоянның да терісі шыдайды ғой. Жат елде өмір сүруге он екі ай шыдармыз. Иә, қоңырау шалайын. Бүгін аттанайықшы Астанадлан! Неткен суық еді өзі!-Жансұлудың ойы шашырап, жүйесіз сөйлеп кетті. Ақжан да көп күттірмей телефон тұтқасын көтере қойды.

-Ұшақтан тұскен бетім осы. Сәлден соң сендермен жолығып, пойызға билет аламыз да, Мәскеуге жолға шығамыз. Ол жақта екеуіңе өзім қамқор боламын,-деп жылы сөйледі. Мына сұп-суық әлемде «қамқор боламын» дейтін тірі жан табылды-ау ақыры.Өзі бұрын бірнеше рет көрген Ақжанның мұндай мейірбан екенін қалай байқамаған? Ұзын бойлы, ат жақты, арық жігіт сүсты көрінетін. Сөйтсе, қателесіпті ғой. 

-Қамысбек бізді қуып шыққан пәтеріне қамыс ексін. Ал біз жаңа өмірге есік ашамыз!-Әлия ойламаған жерден ойнақылана сөйлеп, бұл шешімдерінің сәтімен туғанына сенімді рай танытты.

-Неге арман болған жаңа өмір өз Отанымызда бұйырмады?-Жансұлу көңілсіз ғана күбір етті. Анасы өмірден өткелі бері бұған жетімдіктің тақсыретін мықтап тартқызған Қадиша жеңгесінің аяқ астынан елжірей сөйлеп, жүрегі езіле қалғанына қайран қалып тұр. Тіпті бұрын-соңды мұны адамға баламайтын Ақжан қамқорлық таныта қалыпты. Қар үстіне ғайыптан тайып қызғалдақ бүршік атқандай ма, қалай? Шым-шытырық ой тұңғиығында тұрған қызды құрбысы түртіп қалды.

-Оттан да ыстық Отанымыз еден жуушы болсақ, 40-50 мың теңге ғана төлейді. Ал Мәскеуде одан бірнеше есе ақыға жұмыс істейміз. Көп ойлана берме. Тәуекел дейік!

 Нар тәуекел! Тәуекел етпеске амалдары да қалмады. Бойжеткендер Ақжан жалдап берген арзан қонақүйде бір түнеді де, таң ата салысымен пойызға мініп, Астанадан жылжып шыға берді. Бозінгендей боздаған пойыздың даусы Жансұлуға сәбиін іздеген ана зарындай сезіліп, тұла бойы түршігіп кетті. 

-Философ ханым, күн жаумай су болған түріңе болайын!

-Әлия, не көрсек те, өз елімізде көргеніміз дұрыс сияқты. Кешелі бері марқұм анам түсімнен шығар емес. Бір түрлі осы шешімімді құптамайтындай сыңай танытады да отырады.

-Шешінген судан тайынбас деген.Елден біржолата кетіп бара жатқан жоқпыз ғой. Неге сонша қамығып тұрсың?

-Жаным қаламай тұр. Барғым келмейді. Жүрші, пойыз әлі қатты жүріске салмай тұрғанда секіріп түсіп қалайық.

-Әпендім-ау, құжаттарымыз Ақжанның қолында ғой. Оған не дейміз? Болды. Мықтылық танытшы.-Жансұлуды иығынан қыса құшақтаған Әлия оған дем бере сөйлесе де, өзінің іші де мұздап бара жатты.

 Отарба жылдамдығын арттырып, қарыштай түсті. Оның дөңгелектерінің тарсылы Жансұлуға «елден кет, елден кет» деп сартылдап бара жатқандай көрінді. 

 Қорғансыздың күнін кешкен, жастық керуендері шаттық аулынан көшкен қос сырлас Астанадан ұзай берді.Отарба алға лықси қозғалған сайын, ссән-салтанаты келіскен, қиялдан құралған Утопиядағы ғажайып қаладай сиқыры артқан Астана мұнартып қалып бара жатты. Сол буалдыр тұманның арасына жасырып ақ арманын, бақытты болуға қарекет жасап қамданып, кісі есігінде күнелтуге арланып, белгісіз жолға шыққан қазақ қыздары бір Алладан ғана шапағат күтті.

 -Мен дәл сенде армандарымды бағындыруға қайта келемін, Астана!-деп түйілді Әлия.

-Құрдас қалам, қайта айналып келермін. Бәлкім, сонда қарсы аларсың сен мені!-деп мұңды ойға шомды Жансұлу.

 Отанынан таба алмай жан жылуын, өзге жақтан іздеп өмір сұлуын,адасқандар, шоқ басқандар  қайта айналып таба алар ма қазығын?!

...Үміттерін күдік тұман сан мәрте тұмшалап алса да, екі бойжеткен ұзақ жол бойы жақсылықтан дәмеленумен болды. Мәскеуде нағашыларының үйіне бара жатқандай көңілдерінде соқыр сенім де жоқ емес. Тылсым түнек болашаққа тек жалғыз әлсіз шырақ-үміттері жетелй берді. Міне, отарба уһілеп келіп, Мәскеу бекетіне тоқтады.«Күн ортақ, жақсы ортақ» деуші еді қазекең. Мәскеу күні қанша жадырағанмен, бейсауат келген бөгделерге шуағын төккісі келмейтіндей, қиыстай түсіп тұр. Шіркін, Астананың нұрлы күні! Қазағымның кең көңілінде    й аңқылдап соғып, бір үзілмейтін сары желі! Түнгі Астанада бірер рет қыдырыстағандары бар еді. Түн баласында ерекше құлпырып, жақұттайын жарқырап кететініне бек тамсанып қайтқан. Ал Мәскеу бұларға суық, тым тәкаппар көрінді. 

-Кәне, қыздар! Жан-жақтарыңа жалтақтамай, соңымнан тездетіп еріп отырыңлар!-Ақжан түрме күзетшісіндей салқын сөйледі.

-Жан-жағымызға қарауымызға тыйым салғаның ба? Бас бостандығынан айрылған міскіндер емеспіз ғой,-деп Әлия өжет мінезіне басып, қарсы жауап берді.

-Түу, Әлия, қайдағы ауыр сөздерді қайдан тауып айтасың? Міскіні несі? Құдай сақтасын!-деп Жансұлу безек қақты.

-Сендер бұлай ауыз жаппай сөйлей берсеңдер, түбі жұмыссыз қаласыңдар. Одан да тездетіп діттеген жерге сендерді тапсырайын.

-Ақжан, етке мал тапсырғанды естуім бар. Ал сенің бізді «тапсырайын» дегенің не?-Әлияның бұл сөзінен Жансұлуды сапарға шыққалы бері жүрегін жұлқылаған күдігі бірден бас көтерді.

-Жә, жетер осынша уақыт өлтіргеніміз! Жүріңдер жылдам!-Бұл жолы Ақжан кәдімгідей жекіре сөйледі.

 «Тапсырамын» деп тепсінген жігіт бұларды әлдебір зәулім үйге ертіп келді. Бұлардың алдынан шыққан әйел қырыққа таяп қалған,қанын ішіне тартқан, шыныдай көк көзді қазақ екен. Екеуіне бастан-аяқ бір қарады да, ішке кіргізді. «Көп сөзді ұнатпаймын» деген әйел өзіне сұрақ қойғызбай бастырмалата даурығып, жұмыс тәртібімен таныстырған болды. Сондағы Әлияның түсінгені-бұл дүкенде сатушы болады екен, ал Жансұлу үйде бала күтушісі болып істеуі тиіс екен. Егіз қозыдай жұптары жазылмайтын құрбыларды неге  бөлмекші? Осы ойдан біреу үстіне мұздай су құйып жібергендей болған Әлия:

-Бізге бір жерден жұмыс болмай ма?-деп шар етті. Оған мән берген, назар салған әйел болмады. Жалғанның жалғыз әміршісіндей кердең-кердең басып, жоғары қабатқа көтеріліп кетті. Алыс жол мен шерлі ой тұралатқан қыздарға төменгі қабаттан бір бөлме бұйырды-ау, әйтеуір.

-Құл иеленушілік құрылысқа тап келдік пе?-Әлия сыбырлап үлгерді. 

-Мына дара патшайым өлсе, бізді де қоса жерлейтіндер табылар,-деп Жансұлу жауап қата беріп еді, бөлмеге бір әйел кіріп келді. Сап-сары, қысқа шашының табиғи емес екені көзге ұрып-ақ тұр. Өзі ұзын бойлы екен. Еркек пішіндес кейпіне қарамай, бояудан бетіне сурет салып алыпты. Ол бірден тергей жөнелді:

-Астанадан келдіңдер ме? Бұрын не жұмыс істеп едіңдер? Жеке құжаттарың қайда?

-Жеке құжатымыз Ақжанда еді. Пойыздан түскелі бері соның қолында. Алып бересіз бе құжатымызыды?Менің есімім-Әлия, ал мына нәзәк қыз-Жансұлу.

-Маған артық сөздің керегі шамалы. Менің атым-Гуля. Осы сарайдың шаруашылық жағына жауап беремін. Ал құжаттарың бізде болады. Көші-қон полициясына тіркеген соң, өздеріңе қайтарып береміз. Жүріңдер, жұмыс бабымен таныстырайын.-Тоқтаусыз зырылдаған Гуля дара патшайымның оң қолы тәрізді. Өзі қыздардың көңілін күпті еткен көп сұрақтың біріне де жауап бермеді. 

-Таңертеңнен бастап жұмысқа кірісесіңдер! Жұмыс киім береміз. Қалта телефонын маған өткізіп тастайсыңдар. Бөлмеден ешқайда шығуға рұқсат жоқ.-Дік-дік басып шығып кеткен Гуляның мына сиқы екеуін үрейлендіріп тастады. 

-«Тоқал ешкі құдайдан мүйіз сұраймын деп басынан айрылыпты» деген сөз есіме түсіп тұр.-Әлия қорқынышын жасырмай күңқ етті.

-Басы қатты, аяғы тәтті болар. Қанымыз бір қазақпыз ғой. «Өз өлтірмес» деген. Өлтіре қоймас.-Жансұлу да Әлияның мақалына қарсы бір жауап дайындап үлгерді. Әйткенмен дәл осы сәт қос қазақ қызы қалың үрей мен күдік тұманының құрсауында қалды.

 Мәскеу кешінің қалай батқанын қыздар тамашалай алмады. Бөлмеден шығуға қолайлы сәт тумады. Бұлар қыбыр етіп қозғалса болғаны, Гуля жетіп келіп, тыйымдарын қайта тәптіштеп түсіндіре бастайды. Шіркін, ауыл кеші-ай! Күн-ана қып-қызыл шапағымен табиғатты жасантып, көңілге алуан арман құсын ұялатып, маужырап тұратын. Аз уақыт астаналық болғанда да, Елорда күні кешқұрым зәулім ғимараттардың арасынан ұрлана түсіп, мамыражай бір тірліктің нышанын байқатып, сыздықтай төгілетін. Ал мұнда белгісіз бір мұнар басқан.Жаудың қолында қалғандай жандары байыз таппаған екеуі амалсыз ұйқыға шомды. Қазақ «түс-түлкінің боғы» дейді. Ал сол тылсым елестердің аян болып келуі мүмкін екенін де ешбір қазақ жоққа шығара алмайды. Мұндайда аса ырымшыл Жансұлу көзі жұмылып бара жатып, «О, Алла, аян түс бере гөр» деп тілек етті. Ал Әлия «тым болмаса түсімде бақытты болайыншы» деп тым мұңды тіледі.  Жат жердегі алғашқы түндері таңғажайып түс сыйлай қояр ма екен?!

 Шырмауықтай шым-шытырық түсініксіз түстер көріп, бөлмеге жарық түсер-түспесте оянып алған Жансұлу қалың ойдың құшағында отыр. Әлия сандырақтай сөйлеп, ұйықтап жатыр. Бұл қызбен биыл жазда университетке тапсырғанда танысқан. Алғаш көргеннен өзара шүйіркелесіп кеткен. Оларды жақындастырған ұқсас таңдырлары болатын. Қызы дүниеге клгенде, батырдың есімін берген әкесі қос перзенті өскенде, бір-ақ күнде сабындай бұзылып тастап жүре беріпті. Ауылда анасы мен сіңлісі ғана тұрады. Қырсыққанда бұл екеуінің оқуда бақтары жанбады, талаптары су сепкендей басылды. Межелі көрсеткішке екі-үш ұпай жетпей, беттері қайтқан. Ақыры тонның ішкі бауындай сырлас болып кетулеріне де осы өзектес тағдырлары себепші болса керек. Жастықтың қызығын кешпей, шыжығына көбірек түскен бұл халдеріне кімді айыптай алсын?! Тағдырға мойынсұнып, ауылдарына қайтса нетер еді?! Бәлкім, бір жібі түзу жігітпен отау құрар ма еді? Бірақ тұрмыс тапшылғыны көп көріп өскен қос қыздың ойында отбасын құру мақсаты әзірге қылаң бермеді. Себебі, алдымен өз аяқтарынан тұрып, содан соң ғана шаңырақ құруды көздеген. Адамның қалағаны орындала ма, Алланың пешенеге жазғаны орындала ма, кім білсін?!

-О, Алла,-деді Жансұлу тұншыға сыбырлап.-Өзіңнен басқа қолдаушымыз жоқ. Қорған болшы біздей тірегі жоқтарға! Қабыл етші осы тілегімді!

 Қайта кірпігі айқаспаған соң терезенің алдына жақын келіп тұрды. Биік дуалдан арғыны көру мүмкін болмады. Оқыстан бөлменің есігі қағылды. Әлденеден үрейленіп кеткен қыз есікке тез-ақ жетіп барды. Мұның жауабын күтпеген ар жақтағы адам есікті шалқасынан ашты. Шашы уда-дуда болып Гуля тұр. 

-Ей, тұрыңдар! Әкелеріңнің үйінде жатырсыңдар ма? 

-Таң алакеуімнен ояттыңыз ғой. Біз жолдан шаршап келдік,-дей берген Жансұлуды қағып өтіп, Әлияға жетіп барды. Оянса да түкке түсінбеген оны жұлқып қалды.

-Дүкендегі қоймаға барасыңдар. Қазір көлік келеді. Шапшаң жиналыңдар!-Абақтының қатал қарауылынан бетер сүстанған Гуляға бұлар үндей алмады. Оның жұмысқа киіңдер деп берген шоқпыттарын құшақтаған күйі көлікке отырды.

 Аз жүрді ме, көп жүрді ме, бұларға ғасыр бойы тырбыңдап бір орында тұрғандай көрінген көлік ақыры тоқтады. Көліктен атып-атып шыққан екі еркек бұларды аялдатпай, ішке кіргізді. Мына қызықты қара! Қадиша жеңгесі «Ақжан Мәскеуде мықты қызметке орналасқан» дегені қайда? Ұзын бойы бүктетілген Ақжан еден жуып жүр. Әлия топ ортасынан суырылып, жігітке жетіп барды.

-Мына түрің не? Мықты қызметкермін дегенің өтірік пе? Бізді де алдап әкелдің бе?-Ақжан тіл қатпады. Мәңгүрттен бетер мелшиіп тұр.Жандарына бейтаныс бір еркек таяп келді де, зілді әмір берді:

-Бұл жер жиналыс ашатын тұрақтарың емес. Сағат таңғы сегізге дейін дүкен сөрелерін жаңа тауарлармен толтыруымыз керек! Өзара сөйлесуге тыйым саламын!

-«Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым...»

 Бұл өлеңнің тіл ұшыма келгені несі? –Өз-өзінен тіксінген Жансұлу бақырып-шақырған бастықтың айдауымен қоймадан бір-ақ шықты. Әлияның қайда кеткені белгісіз. Жеміс-жидектерді шірігінен ажыратып, жуып-сүртіп отырып, маңайын барлаумен болды. Мына қапастай көрінген қоймада ешкім ешкіммен шешіле сөйлеспейді. Бәрінің қабақтары салыңқы. Еңселері түсіп кеткен. Бәрі әлдекімнен өлердей қорқатындай. Еңсесін тіктеп, белін жаза беріп байқады, жоғарыда бақылау камерасы құрылып тұр. Демек, дара патшайымның тым қатал болғаны ғой. Тағылардың қолына тап келген еліктің лағындай болып жаутаңдап отырған Жансұлуға ту сыртынан біреу сыбыр етті.

-Жаны сұлу ару!-Әлия ғой бұл қапысын тауып хабарын жеткізген.

-Басыңды көтермей отыра бер! Жоғарыда камера тұр. Ана Ақжан өзі малай екен. Бізді де малай болсын деп әкелген сияқты.

-Маған дүкен сатушысының көмекшісі боласың деді. Айтқан жалақылары көңілге қонымды.

-Жалақысы бар болсын. Ауылға кеткім келіп тұр. Жеңгемнің ұрсып берген қара шайының бал татитынын енді ғана білдім ғой.-Жансұлу жылауға айналғанда желкесіндегі сыбыр да өшті. 

 Келісім-шартпен жұмыс істеймін деп келіп, құлақкесті құл болды. «Қамқор боламын» деген Ақжанның өзі өлместің күнін кешіп жүр. Ертегі әлемінің сұмдығы ашылған сайын жанын қаңтар аязынан бетер сары уайым қарып барады. Ендігі күндері не болмақ? Жемісті жылтыратып сүртіп отырған Жансұлу көз жасына ерік берді. «Алла сүйген құлын сынайды» дейді пенделер. Егер сүйсе, неге сынайды? «Сол сынағына төзе білген пендесіне шапағатын үйіп-төгеді екен. Онда бұның қазіргі сынағының артында  ғажайып нұр күтіп тұр ма? Тезірек сол нұрлы сәт тусашы!» Өз ойынан қуат алып, қимылы шираған қыздың қолына бір жып-жылы қол тиді. Мына суық қоймада жылуды мүлде ұмытып, қалтыраған жүрегін дәтке қуат өз сөзімен жылытып, алдағы ғажап күннен үзбей ұміт, суықтан селкілдеген бойжеткен бұл жылылықты қапысыз сезді. Басын көтергенде көргені-мойылдай қара көздер мен қара қасы түксиген бір жігіт болды. 

-Жемістерді көз жасыңмен жуып отырсың ба?-деді ол ақырын ғана.

-Жо-жоқ,-деген Жансұлу сасқалақтап қолын тартып алды. 

-Есімім-Нұрзат. Қазақпын,-деп сыбыр еткен жігіт бұрылып кетті. Сөйтсе найзағай құдайындай көрінген қара қарауыл жетіп келіпті.

-Әй, қызыл сөзбен қуырдақ қуырған өңшең атаңа нәлеттер! Бейнебақылаудың бір нүктесі аз болды ма сендерге? Жұмыс жасаңдар, жұмыс!-Айналасын оттай шарпыған ол бәрінің апшысын қуырып жіберді. Осындай азан-қазанмен жүріп, әрі қараңғы суық қоймада отырып, тәуліктің қай мезгілі болғанынан бейхабар бұларға бір жақсы хабар жетті: «Түскі ас». Әлияны көрем-ау деп қуанған Жансұлу қоймадан өзгелерден бұрынырақ шықты. Алақандай ғана қара көлеңке бір бөлменің шекесіне «асхана» деп баттитып жазып қойыпты. Бірақ бұл жақтан дәмді астың исі мүлде шықпады.Анасының қолынан соңғы рет дәм татқаны есіне түсіп, іші ұлып қоя берді. Жылы-жұмсағының бәрін қызының аузына тосып, анасы сол күні ағытыла ақылын айтқан. Ол күні бұл балалықпен ана сөздерінің байыбына бара алмаған. Бірақ бүгін «бауырларыңа сенбе. Жалғанда тек өзіңді ғана пана тұт» деген өсиеттей сөзін енді түсініп, бармағын тістеп отыр. Сенбеуі керек еді жеңгесінің сиқырына. Жалғыз қарындасының Мәскеу асатынын білсе де, еш қайран қылмай, әйеліне қарап бүгежектеген ағасының бар екеніне сенбеуі керек еді. 

 Ешкім емен-жарқын ас іше алмады. Сол баяғы айғайшы мұнда да жүр. Өзінің долы қатындарша небір қарғысты жаудыратыны-ай!

-Тас жұтқырлар! Болыңдар, қимылдаңдар! Жұмыс күтіп тұрмайды! Қане, жылдам!

 Әне, Әлия кірді. Бұл қуанып орнынан  тұрып еді, шолақ белсендідей шатынаған ірің көз мұны иықтан баса қойды.

-Әмпей-жәмпей болып отыратын жерлерің бұл емес! Қане, сен қоймаға тайып тұр!-Дәрменсіз қызды лақша бүріп алып, есікке қарай ысыра салды. 

-Құрбыммен сөйлескенімнен кімге қандай жамандық келеді? Тиіспеңіз оған!-деп Әлия безілдей ұмтылып еді, оны Ақжан жұлқып тоқтатты.Осындай найсапқа «аманат еттім» деген жеңгесінң сөзі ойына оралып, Жансұлу булығып жылап жіберді.

-Неге бізді құлша қорлап ұстайсыңдар? Біз де адам баласымыз. Әсіресе мына жас қыздарға обал ғой,-деп орнынан сөйлей тұрған Нұрзатты қарауыл жағынаи ұрып жіберді. Нұрзат бұрын да таяқ жесе керек, көзіндегі манағы ұшқындаған от лезде сөнді. Осыдан соң Жансұлуға тағы көз жасымен тауарларды сүртіп, реттеуге тура келді.Шер тамшыларымен жуылған тауарлар жарқырап, дүкен сөрелеріне тұра қалды. Ал Әлия күні бойы сол заттармен әуреленіп, кешке сілесі қатқанын өзі әрең сезді. Кеш қараңғысы үйірілгенін білмес те еді, көк тәңірісіндей болып безере жеткен әмірші әйел келіп, барлық жұмысшыларды сапқа тізді.

-Ішер ас, киер киімдеріңді түгел қамтамасыз етіп отырмын. Жатын орын да тегін. Бұдан былай бәрін айлықтарыңнан ұстап қаламын!-деп аузынан жалын шашты.

-Жансұлу екеуміздің жеке куәліктеріміз сізде. Қашан қайтарасыз?-деп Әлия паң қожайынмен сөз ретін орайластырмақ еді.

-Айттым ғой. Көші-қон полициясына тіркеуге керек. Әрі бұл жерден шығып, Мәскеуді аралау қиялыңда бар ма? Ұмыт ол далбаса қиялыңды!-деп ашықтан-ашық кекетті.

-Бір жылға келісім-шарт жасасамыз дегендей едіңіз. Ол құжат қашан дайын болады?-Жансұлу жат жерлік қандасына алғаш рет сұрақ қойды.

-Ей, сен екеуің құжаттан жаралып па едіңдер? Мен не десем сол болады. Бүгіннен бастап екеуің де мына жұмысшылармен бірге осында түнейсіңдер!-Шегір көздері шатынаған қожайынға ешкім қарсы келе алмады. 

 Дүкеннің түнгі ауысымында істейтін бірер жұмысшы қалды да, өзгесі ұйықтауға қоймаға жіберілді. Құрбылардың бірге ұйықтауына әміршіден қарсылық болмады. Осыны да жанына медет тұтқан Жансұлу Әлияға теріс қарап жатты. Ондағысы құйылған көз жасын сезіп қоймасын дегені. Бөлменің іші салқын, әрі сыз. Қап-қараңғы бөлмеде ештеңе көрінбейді. Тек күні бойғы ауыр жұмыстан қатты шаршап ыңырсып, сандырақтаған жұмысшылардың дауысы ғана құлаққа келеді. Бәрі қазақтың көген көздері. Тек екі өзбек қыз бен бір қырғыз қызы бар. Олар да нәпақа іздеп, жоғары айлықты армандап келгендер. Енді қалай кетудің амалын таппай таусылып жүргендері ол қыздардың сырт пошымынан-ақ аңғарылады. Тіпті ауылға «дөкей қызметкермін» деп аңыз таратқан Ақжан да қоймада бүрісіп жатыр. Бұлардан бір айырмашылығы-оның жүріс-тұрысына тұсау салынбаған. Ара-тұра жұмыстан бой тасалап, қожайын әйелдің салтанатты сарайына барып, оның үйінің тірліктерін тындырады.

-Әумесер,-деді Әлия ішінен.-Сонда табан жалап жүріп табатыны қанша екен? Әй, қойшы. Ал біздің ақымақтығымызды айтсаңшы. Бірақ кетпеуге лажымыз да қалмады емес пе? Құрман мен Қамысбек өмірімізді астаң-кестең етуге айналғанда қашқандай болып кеттік қой. Сол екеуінің арсыз қылықтары Мәскеу асып кетулеріне себепші болған. Иә, солар айыпты. Енді не істейміз? Құрманның ашынасы болудан қашып тығылған тесігіміздің түрі мынау. Қалай құтыламыз мына тозақтан? Қашан?

 Жанын жегідей жеген ойлары одан бетер мұздатқан соң Әлия Жансұлуға тығыла түсті. Қамыстың үстіне жайылған жұқа матрац арқаларына батты. Жамылар көрпе де жоқ. Тек кір-кір, ескі жамылғыларды аяқтарына жауып, ілдәлда қылды. Жансұлу да мұны құшақтап алып, қатты қысты. Оқта-текте бітіп қалған мұрнын қорс еткізіп тартып қояды. 

-Жылама, құрбым! Бұл сынақтан да бірге өтеміз,-деп Әлия естілер-естілмес сыбыр етті. Жансұлу жауап орнына бұрынғыдан да қатты қыса түсті. Жаны қиналғанда анасының аруағымен іштей сөйлесетін қыз бұл жолы да солай жасады. «Апа! Анашым! Қадиша жыланның желкелеуінен қашып, Астана асқанда алдымнан тағы арсыз, пасық адамдар шықты. Жыланға жем болудан қашқан торғайдай басым арыстанның аузына тап болдым. Алланың қаһарына ұшырай беретіндей не жаздым, апатайым! Мұздаған жанымды жылытар бір сөз айтшы! Өмірді түсінгендеймін. Ол өксіп, мұңайып, іс түсіп басына, рахат көрмеу деген сөз ғой. Анашым, құшақташы құлыныңды! Жаурадым, ана!» Ойы сан-саққа бөлініп жатып, түсініксіз түстер әлеміне еніп кеті.

   ...

-Қызым, тоңып қаларсың. Көрпеңді қымтап қояйын,-деп анасы жақындай бергенде оянып кеткен Әлия қоймада екенін білгенде атып тұрды. Торға түскен тоты құстай ары-бері жүрді. Екі күн өтпей жатып, тозақтың дәмін татып болды.«Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» деген мақал есіне түсіп, кімге екені белгісіз, тісін шықырлатты. Өзін әлдебір көзге көрінбес құбыжық мазақ етіп тұрғандай жан-жағына қарады. Бөлме іші ала көлеңке. Әр жерде бүрісіп жатқан қыз-жігіттер ұйқыда болса да, тамұқ тағдырларын ұмытпайтындай. Ешқайсысы рахаттана пысылдамайды. Күрсініп, аһ ұрып жатқандары.

 «Өкініштің уы мұндай ащы болар ма? Астанада тоңдық деуші едік күллі қоғамға өкпелеп. Ал мұнда тіпті өкпелейтін де, сөз ұғатын да жан жоқ. Күннің көзін көруден қалдық. Бір ай шыдап істеп, содан соң елге қайту керек. Базарда жеміс сатсақ та, нанымызды табармыз. Иә, сөйту керек!» Әлия іштей бір шешімге келіп, содан өзіне қуат алғандай аз-маз серпіліп қалды. Бірақ сол бір ай қашан өтеді? 

 Қарауыл Сыдық бөлмеге тасыр-тұсыр кіріп келді.

-Тұрыңдар! Қойманы реттеп, әркім өз жұмысына кіріссін! Таңғы ас ішетін уақыт жоқ. Түскі шайда бір-ақ ауқаттанарсыңдар. Бол, шапшаң!-Барылдаған дауыс бүгінгі күннің жағымсыз жаршысындай құлақтарға дыңылдай жетіп, жүректерді бебеу қақтырды.Барлығы шоқпыттарын иықтарына іле сала, мас адамдай тәлтіректеп тарай жөнелді. Жансұлу басы айналып барып, бойын тіктеп үлгерді. Нұрзат қыздың жанына жетіп келіп:

-Жүзің жуған шүберектей болып тұр. Суық тигізген сияқтысың,-деп еді, Сыдықтың зікіріне қалды.

-Әй, Нурик, жаның ашыса қатын қылып ал! Әйтпесе бұлай үздіге берме! Ха-ха-ха! 

-Сыдық аға, қыз ауырып тұр. Көрер көзге көрініп тұр ғой. 

-Онда сен шипа шай қайнатып бер! Ха-ха-ха!

-Аға!

-Бар жұмысқа! Түске таяу қожайын келеді! –Әлемді өзі жаратқандай әкіреңдей сөйлеген Сыдық жан баласына жылы қарамады. Әлия оның жанына лезде келіп:

-Жансұлу сырқаттанып қалды. Кеше күні бойы суық  қоймада отырды ғой. Тым болмаса бүгін дүкенде менің жанымда болсыншы,-деп өтінді. Қызға бастан-аяқ сұқтана қараған Сыдық басын изеді. 

 Дүрбелең жұмыс күні басталып кетті. Келушілердің қарасы да көп. Құрбылар бірге жүргендеріне қуанды ма, әлде жастықтың буымен сырқатқа берілгісі келмеді ме, зыр қағып жүгіріп жүр. Тек орысша сөйлескен адамдар бұларға кісі елінде жүргендерін естеріне сала берді. «Орыстан досың болса, беліңде балтаң жүрсін» деуші еді қазақ атам. Бірақ олардың көпшіл мінездері мен әрнені білуге құмартып тұратындары қыздарға көмек болып тиді. Дүкенге кірген орта жастағы орыс әйел Жансұлудың тілім-тілім ернінен, кіртиген көзінен дене қызуы көтеріліп тұрғанын бірден байқады.

-Сен ауырып тұрсың ғой. Бүгін емделуің қажет. Қазір бастығыңа айтайын. Мен оны жақсы танимын. Надяға телефон шалайын,-деп бәйек болды. Надя деп тұрғаны Нұрила қожайын. Ол телефонда сыпайы сөйлесіп, сәлден соң келетінін айтты. Ал орыс әйел түрлі шөп тұнбаларынан ем жасауға болатынын айтып, кетер емес. Нұрила қымбат машинасымен көзді ашып-жұмғанша жетіп келді. Танысының сөзінен аса алмады ма, әлде басқа ойлағаны болды ма, Жансұлуды үйіне әкететін болып келісті. Әлия қуанғаннан Нұриланың сұп-сұр бетінен сүйіп ала жаздады. Мейірімді екен ғой! Бірақ неге сонша суық көрінеді? Әйел бола тұра, бір баланың анасы бола тұра неге сонша көрдей суық? Тағдырына өкпесі жоқ шығар. Үш қабатты үйі бар, баласы бауырында, күйеуі де жанында. Әлде жұмысшылардың алдында өзін паң, кербез қалыпта көрсеткісі келе ме? Әйтеуір түсініксіз әйел. Нұрила орыс әйелге алғысын айтып, Жансұлуды алып, үйіне қайтып кетті.

-Түскі ас,-деді Нұрзат жанай өтіп бара жатып елеусіз ғана. Мұнысы түскі ас уақыты болды дегені.

-Түскі ас емес, түскі жуынды десе орынды,-деп Әлия ашына сөйледі.

-Дұрыс айттың. Бірақ мұны менен басқа ешкім естімесін. Мұнда арандатушылар да жетіп жатыр. Тоқылдақтар да бар. Абай бол,-деді жігіт Нұрила әлемінен көбірек хабардар екенін аңғартып. 

 -Сөренің тасасында не деп күбірлесіп тұрсыңдар? Нұрзат, саған жаңа келген қыздар ұнап қалған ба? Әлия, жүр, тамақтанайық,-деп сатушы Бәтес қызды шақырып алды. Бәтеспен бірге отырып ішкен шай кешегіден әлдеқайда дәмді екен. Басқалардан ала-бөтен дәмді ас ішетіндей бұл Бәтес несімен мықты? Әлия осыған бас қатырып отырғанда, ол сұрақтарын қылтита бастады. 

-Нұрзат саған не деді? Өзі сөзге үйір жігіт. Көп жақындата берме.

-Түскі ас уақыты деді. Басқа не деуші еді?-Әлия Бәтесті не жақсы жанға, не жаман адамға жори алмай, оның әр сөзіне үңіліп отыр.

-Ее, солай де. Бәріміз күніміз үшін келгенбіз мұнда. Менің жақында келісім-шартымның мерзімі бітеді. Елге қайтамын.Осы айдың аяқталуын ғана күтіп жүрмін,-деп өз жайын жайып салды.

-Қандай жақсы! Біздің де кеткіміз келіп жүр. Айлық берсе қайтпақ ниетіміз бар,-Әлия Бәтестің ашық-жарқын қабағына қарап, өз сырын ашып қойғанын байқамай қалды.

-Елге келсеңдер, менің аулыма қонақтап қайтыңдар. Қане, менің телефон нөмірімді жазып алшы. Хабарласып тұрарсың,-деп Бәтес тіптен жік-жапар бола қалды. Мына мейірбан сөздерден көңіліндегі күдік бұлты бірден сейілген Әлия Бәтестің айтқан телефон нөмірін жаттап та алды. «Әпкесіндей біреудің болғаны жақсы емес пе?!» деп іштей қуанып та отыр.

 Бұлар ас ішіп әлденіп отырғанда, Жансұлу баяғы тар бөлмеде сұлқ жатты. Нұрила «қыз өліп қалмасын, қарап қой» деген соң, Гуля анау-мынау дәрілер берді. Сәлден соң бойы жылынып, көзі жұмылып кеткен Жансұлу Мәскеуге келгелі алғаш рет ғажайып түс көре бастады. Міне, Астананың тақтайдай тегіс көшелерімен көлік тізгіндеген Жансұлу зымырап келеді. Қасында жылы қабақты анасы отыр.Көлікті аса сенімді басқарған Жансұлу бір сәт тарау-тарау жолдардың қайсысына түсерін білмей, сәл кідірді. Сол-ақ екен, алдынан Қадиша жеңгесі шыға келді. Өзі әлденеге бұлқан-талқан. Кенет ол әбжыланға айналып, машинаның алдын орап тастады. Жүруден қалған көлікте зәре-құты қашқан бұл апасына тығылып еді, ол тас мүсіндей қатты да қалды. Қадиша улы сөзін аямай төкті:«Сенен мәңгілікке құтылсам деп Мәскеу асырдым. Сен ол жақтан да адаспай келіп, Астанада өмір қызығына тоймай жүрсің. Бұл әділетсіздікті мен орнына келтіремін. Сенен біржолата құтыламын. Ана сүмелек ағаң анда-санда сені уайымдап, мыңқылдап маған ренжитіні бар. Соның бәріне дәл қазір нүкте қоямын. Шешеңнің жанына аттандырамын. Ысссс!» Тура бетіне атылған әбжыланнан қашқан Жансұлу төсектен аунап түскенде барып, бір-ақ оянды. Өң мен түстің арасын ажырата алмай, сәл отырды. Япырау, бұл не? Басы сондай тәтті басталған түсін Қадиша бұзды. Тым болмаса түсінде анасымен емен-жарқын әңгімелесіп, шер тарқата алмады. Қап!

-Тұрыпсың ғой. Сені мырза шақырады. Қонақ бөлмеге бар!-Зілді бұйрығын айтқан Гуля бұған тінте қарады. Сырқатынан айыққан сыңайын байқап, даусын қатайта түсті.

-Бөгелмей бар! Мырза көп күткенді ұнатпайды!

 Жансұлу орнынан құлықсыз көтеріліп, жоғары қабаттағы қонақ бөлмеге барды. Барса Нұриланың күйеуі , оның кенже ұлындай етегіне оралып жүретін Мықтыбек майкамен отыр. Бұған таяп келіп, жейдесін ұстатты да бұйрық берді.

-Әдемілеп үтікте! Өзің бір созалаңдаған біреу екенсің!

 Жансұлу өз-өзінен қымсынып, үтік пен үстелін дайындап, жейдені қолынан тастар емес. Мықтыбек те кетіп қалмай, тура қасында тұр. Мәскеуде жүріп Миша атанған бұл жігіттің жасы Нұриладан әлдеқайда кіші. Жастығын бұлдай ма, әйтеуір әйеліне ерке. Жұмысқа да араласпайды. Тек қымбат киініп, сұңқардайын сыланып жүргеніне көңілі тоқ. Жұмысы жоқ, тамағы тоқ еркек елірме келеді. Мықтыбек те сол еркектер заңдылығымен Жансұлуға жақындай түсті.

-Өзің он сегізге толып па едің? Тіпті белің үзілейін деп тұр ғой.

-Мен жиырмадамын. Туған күнім Астана күнімен тұспа-тұс,-деп қыз одан алыс тұруға тырысты.

-Астана күні, Астана түні дегенді білмеймін. Тек сенің он сегізге толғаныңа сене алмай тұрмын,-деп қыздың белін орай өзіне тарта берді. Төменгі қабаттан әйелінің даусын естіп, бірден есін жиды. Бөлме ішінде ары-бері адымдап, асыққан жанның кейпіне ене қалды.

-Миша, тағы қайда жиналдың? Мынау мұнда не істеп тұр? Қолыңдағы не?-Нұрила бөлмеге кіре, Жансұлуға мысықша атылып жетіп барды.

-Мықтыбек ағай үтікте деп бұйырды. Сосын...

-Бұйырған екен ғой. Демек, бұйрықты орындап тұрған түрің  осындай екен ғой. 

-Бұйрық берген дәнеңем жоқ. Жуылған киімдердің барлығын шетінен алып үтіктей бастаған өзі. Ал мен осы жейдемді қатты ұнатамын. Бүгін сені мейрамханаға шақырайын деп жоспарлағанмын.-Мықтыбек жынынан айрылған бақсыдай қақалып-шашалып сөйлеп, бірді айтып бірге кетті.

-Мә саған бұйрықты орындаған! Менің күйеуіме көзіңді сүзбей, тыныш жүр. Әйтпесе арам қатасың!-Құлаштап тұрып шапалақ сілтеген Нұрила айғайға басты. Гуля жетіп келіп, Жансұлудың шашын жүн түткендей жұлғылады. Мықтыбек бұл жанжалдан сытылып шықты. Жансұлу  жылауға да шамасы келмей, құр кемсеңдей берді.Бұрын жеңгесінен таяқ жегені бар-тын. Бірақ дәл бұлай қорлықпен тепкіленгені тұңғыш рет. Тұшы етіне ащы таяқ тиген соң ба, қыз тістеніп қасарысты. Құлағында «бауырыңа да сенбе» деген байқұс анасының ақтық сөзі тұрды.Мұраға мал-мүлік қалдырмаса да, өсиет етіп бір ауыз сөз қалдырған анасы, қайран анасы қызының осыншалықты қиналғанын білсе, көрінен тіріліп келер ме еді?Ондай құдіреті болмаған соң, қызының түсіне кіріп, аян беріп бақты емсе пе? Тек оны ескерген Жансұлу болмады. Қадишаның азғыруына еріп, сау басына сақина тілеп алды. «Бауырыңа сенбе» деген дауыс жаңғырығып жақындай берді. Жансұлу құлағын басып, етбеттеп жатқан жерінен тізерлей көтерілді. Жан дәрмен сыртқа жүгірді. Тым құрығанда ашық аспанды, тұнық ауаны сезгісі келді. Салқын ауа есін жиғызды ма, әлгі дауыс үзіліп қалды. Мәскеу аспанын сұр бұлт бұғаулап алыпты. «Жұбата алмаймын, көрер құқайың әлі алда» дегендей күзгі күн сұр бұлтқа кіріп кетті. Соңынан ілесе шыққан Нұрила жүргізушісін долдана шақырды. 

-Баха, әкет мына арсызды үйден! Қоймаға апарып таста!

 Ханымның сөзі екі болмай, сіріңке қара жүргізуші қызды көлікке қарай сүйрей жөнелді. Көліктің арт жағына отырған Жаснұлу дүкенге барар жолды байқастап отырды. Дүкен мен үйдің арасы небары үш көше екен. 

 Дүкенге қайтып келген құрбысын көріп Әлия не ойларын блмей қалды. Сонша тез сауығып кеткен бе, әлде Нұриланың кәріне ұшырады ма? Бәтес кассаның ар жағында тұрған күйі қыздарға дауыстады:

-Жаника, не болды? Ауырып тұрсаң, бүгін жұмыс істемей-ақ қой.

-Жоқ, Әлияның қасында жүріп жұмыс істей берейін. –Жансұлу сөрелердің арасына қойып кетті. Оңашада шер нөсерін төкпекші еді. Оған да мүмкіндік болмады.

-Бәтес апай сондай ізгі жан.Жұмыс істемей-ақ қой деп айтқанын естідің бе? 

-Жұмыс істемегенде барар жылы бөлмем бар ма? Қамысбектің құрқылтайдың ұясындай бөлмесі қазір маған жұмақтай көрінеді.Әлия, біз не істедік? Не бүлдірдік?

-Қойшы, Жаника деп еркелетсе де жақпай ма саған? 

-Ол сайқалға сенбе! Анам «бауырыңа да сенбе» деп неге айтқанын кеш түсіндім. Ешкімге сенуші болма!-Нәзік құрбысының тосыннан неге сонша кесімді ақыл айтқанына таңданған Әлия оның жүзіне үңілді.

-Не болғанын айтшы маған?

-Нұриладан таяқ жедім. Күйеуін қызғанып, мені ұрды. Оған Гуля қосылды. Ал маған ырбыңдап тұрған Миша пәленің бәрін маған жапты да, өзі ұрыс алаңынан қарасын баырды.

-Қыздар, тездетіп мына тізімдегі заттарды жәшікке салып беріңдер!-Әндете дауыстаған Бәтес құрбылардың сөзін бөліп жіберді.

«Қашу керек» деген ой келді Әлияға.

«Өлсем өз елімде өлейін. Есің барда елің тап деген».-Жансұлу еліне қайтар жолдың ауыр болатынын жан-дүниесімен түйсінді.

 Дәл осы сәтте Бәтес бұл екеуіне сырттай аңысын аңди қарап тұрған еді.Бірнеше жылдан бері сыралғы болып алған Сыдық Бәтестің аңдуының түп төркінін жазбай таныды. «Бұл бойжеткендерді бір қорқытып алу керек екен,»-деп ойлады Сыдық. Жұмысқа қызу араласқан қыздарға келушілердің көзін ала бере ақырып-жекіріп, айбат шегуін күшейтті. Қоймаға келген жүкті түсіріп жүрген жігіттер жағын да жайпап қайтты. «Тырнадан қарауыл қойған» Нұриланың есебі түгел. Оған керегі де дәл Сыдықтай беймаза, даңғой адам.

 Жұмысшылар түскі үзілісте өзара орын алмастырғанда, құрбылар ас ішуден бас тартты. Ішетін астың сиқы шамалы ғой. Несіне барып, жарты сағат уақыттарын өлтіреді? Одан да дүкеннен ол-пұл сатып алып жеп, ақшасын еңбекақыларынан ұстап қалсашы. Бұл ойларын Сыдыққа айтып көріп еді, ол асаудай тулап шықты.

-Біздегі ережеге жат қылық көрсетпеңдер. Ел не ішсе, сендер де соны ішесіңдер. Ішкілерің келмесе арам қатыңдар. Ал дүкеннен нан-шай сатып алуды мүлде естен шығарыңдар!

-Ағай, ана кірдің суындай сорпасымақ пен оның бетінде қалқыған бір жапырақ орамжапырақты өзіңіз ішіп көрсеңіз қайтеді? Біз күні бойы бел жазбай ауыр заттар тасимыз. Тазалыққа да біз жауаптымыз. Сонда әл беретін құнарлы тамақ ішуге хақымыз жоқ па?

-Әлия, құқық туралы айтпашы. Қамысбекке «хақым бар» деп айтып, ақыры үйден қуылып едік қой,-деп Жансұлу Әлияны сабыр аулына шақырды.

-Қуса қуанар едім. Аштан-аш күң болғанымыз жетер!

-Ей, есерсоқ, сен мына жерден шығамын деп тұрсың ба? Есекдәмеңді ұмыт! Бұл жерден біз қаламайынша тірі жан тысқа шыға алмайды!

-Ағай, біз ашпыз. Соны түсініңізші!-Жансұлу өтіне сөйлеп, Сыдықты ырыққа көндірмекші.

-Тәртіп бәріне бірдей. Барыңдар асханаға!-Сыдық ашулы арыстандай ақырғанда бұлардың асханаға бармасқа амалдары қалмады.

 Асхана аталатын аядай бөлмеде ыдыс-аяқ қатты салдырлайды. Итке лақтырып бергендей жуынды тәріздес бір сұйықтықтар. Ескіріп, қатып қалған нанды қолына алған Жансұлу құрбысына арманға толы аялы көзбен қарады.

-Есіңде ме, батыр дос, Астанада Есілдің сол жағалауындағы бір дәмханадан тамақтанған едік қой.

-Иә, қалай ұмытайын! Астанада қыдырған алғашқы және соңғы күніміз ғой. Қымбат болса да, дәмді еді сол тамақтар!

-Әттең, Астанадан кетіп бара жатқанда аяғым неге сынып қалмады?

-Мені түлен түртті сол күні. Аяқ астынан Қамысбектің қорлығынан соң Мәскеу сапары бізге берілген ұлы мүмкіндік деп ойлап адастым.-Батыл көрінетін Әлия жылаудың аз-ақ алдында отыр. Бірақ Жансұлу жыламады.

-Иә, біз оңбай адастық. Қайтар жолымыз ну жыныс орманнан бетер болып, енді бізге Астанамыз арманға айналды,-деп сыбырлай сөйлеген Жансұлудың жүзінде өкінііштің өрті лаулады.

 Аш құрсақ жүріп түнек түнді қарсы алды. Қой түгендегендей бәрін санап, шала-шарпы аттарын атаған Сыдық кенет бір жұмысшы қызға тап берді. 

-Нұрила ханымның жұмыс бөлмесін тазалаған сен емес пе? Бөлмеден ақша жоғалыпты. Табан астында қайтар ұрлаған ақшаңды!

-Ағай, мен ұры емеспін. Бөлмені жинадым да дереу шықтым. Қолды қылған ештеңем жоқ,-деп азар да безер болған Айкүмістің шашынан бас салды. Жанында тұрған Ақжанға ымдап еді, ол Айкүмісті шырылдатып сүйреп ала жөнелді. Бұл көріністен Жансұлу мен Әлия қатты сескеніп қалды. Кәдімгідей айылдарын жиды. Тілдеріне де, әрекеттеріне де сақ болулары керек. Әйтпесе Айкүмістей тепкінің астында қалып жүрер. Нұрзат таяп келіп:

-Жансұлу, бұл әншейін қойылым. Айкүміс-Надяның оң қолына айналған қызметшісі. Бұл сендерге сес көрсеткендері. Абай болыңдар,-деп айтып үлгерді.

-Бізге сабақ болсын деген түрлері деші. 

-Иә, Айкүмістен өзге қыздардың барлығы таяқ жейтін. Ал бүгін аяқ астынан сүйікті қызметшілеріне қол жұмсағандарын тек солай ғана түсіне аламын.

-Аждаһадай ысқырынса да, уын шашып, қалмаймыз мына тозақта, сірә, жасып!

-Мен сендермен біргемін, қара көздерім!

 Мына өмір атты аумалы-төкпелі жалған дүниеде Нұрзат есімді сүйеніш дос тапқандарына қыздар қатты қуанды. Алайда ұлы күш-достық бұл қорлық қамалын бұза алар ма екен...

    ...

 Мәскеудің қара күзі биыл ерекше суық. Жаңбырлы күз ызғарлы күшіне енген. Сүйектен өтер сызды ауа алдағы ақ қыстың аласапыран әмірін аңдатады.Түн баласында тіптен суық тартатын шаһар кешінде Нұрила жалғыз отыр. Жанына былдырлап келген баласын да қағып жіберді. Үй қызметшілерінң бәрінің әптер-тәптерін шығарды. Сондағы қанын қарайтқан жағдай-Мишасының күні бойы телефон қоңырауларына жауап бермеуі. Нұрила қырыққа таяп барып, тұрмыс құрды. Санамды тұрмыс билемесін деп, алдымен қалтасын қампайтты. Әке-шешесі мен дөкей ағаларының арқасында үлде мен бүлдеге оранды. Сөйтіп жүріп жастық шағының қай күні қолынан сусып кеткенін білмей де қалды. Ақыры бір мейрамханада танысқан осы Мықтыбекке өзі сөз айтқандай болып жүріп отау көтерген. Әйтсе де Мықтыбектің өзіне ешбір сезімі жоқтығын, тек мұның алтын сарайы мен қымбат көлігін жақсы көретінін сұңғыла іші сезетін. Сезген сайын іші алай-дүлей күйге түсетін. Өзінен жасы кіші әйелдер қауымына деген өшпенділігі сәт сайын күшейіп келе жатты. Ад күйеуі адам сенбес сылтау айтып, түн ортасы ауған шақта қарасын әзер көрсететін. Бүгін де сондай сұрқай кештердің бірі.Үйде жанын қоярға жер таппаған соң, дүкен жаққа барып қайтуға бекінді. 

 Бәтес қожайынын көрсе, құйрығын бұлғаңдатып арсалаңдай жөнелетін күшіктерше қарсы алды Нұриланы. Сызылып бүгінгі табыс мөлшерін баян етті. Оның бірде-бір сөзі Нұриланың құлағына кірмеді. Сыдық та бір орында шыр көбелек айналып, қожасына иіліп-бүгіліп мәз болып қалды.

-Сыдық, көңіл көтергім келеді,-деді Нұрила кенет ұйқысынан оянғандай.

-Иә, айта беріңіз. Бірақ дүкен мен қоймада қалай көңіл көтеруге болады?

-Менің пәрменім жүретін жердің бәрі мен үшін көңілді. Жұмысшыларды тегіс қоймаға шақырт. Сол жерде қызыққа батамыз!

 Сыдық мол денесімен кәдімгідей жүгіре басып шығып кетті. Ал Бәтесті жанына ерткен Нұрила қанын ішіне тартып, қойманың кең бөлмесіне беттеді. Сәлден соң сегіз жұмысшы қыз-жігіт қаз-қатар тізіліп тұра қалды. Ештеңенің байыбына бара алмай, бәрі аң-таң. Ақжан ғана түксиіп, өң-түсін алдырар емес. Қыздардың көзінен үрей байқаған Нұриланың құрысқан желкесі жазылайын деді.

-Бүгін жұмысты ұмыта тұрыңдар. Кішкентай ойын ойнаймыз.

-Ойын дейсіз бе?-Нұрзат таңданып үлгермеді. Нұрила оның сөзін кілт үзді.

-Иә, ойын. «кім күшті?» деп аталады. Қане, шеңбер болып тұрыңдар! Тез!

 Нұриланың әмірі екі болмады. Жұмысшылар шеңбер болып тұра қалды. Бәрінің жүзінде таңданыс пен үрей бар. Нұрила Ақжанның білегінен ұстап, шеңбердің басына тұрғызды. Әлия мен Жансұлудың арасына Нұрзатты орналастырды. 

-Ойын шарты мынадай. Ақжан шеңбер басында тұрып, келесі ойыншыны сілейтіп тұрып ұрады. Ол өз кезегінде көршісін сабайды. Егер сабамаса, ойыннан шығады. Яғни, қатаң жазаланады. Бастаңдар!

-Мынау әйел ме, құбыжық па?-деп шошына сыбырлады Жансұлу.

-Бұл өзі адам ба, хайуан ба?-деп оны қостады Әлия. Қырғыз қызы Баршын жүгіріп ортаға шықты. 

-Надя ханым, бұл не қорлығыңыз? Біз-адамбыз. Біз елімізден кетіп, текке тентіреп жүрген жоқпыз. Өз елімде екі қолға бір күрек таппай сенделген соң, ғаламторда жарнамасы жер жарған сіздің жұмысыңызға келдік. Бірақ қорлануға, күң болуға емес, адал еңбекпен ақша табуға келдік. Бізді бұлай қорламаңыз!

-Мына бикештің тілі өсіп кетіпті. Қысқарту керек,-деді Нұрила тым жайбарақат. Оның бұл сабырлы түрі жұмысшы қыздарды одан бетер састырды.

-Сіз малды да кие көріп  ұрмайтын қазақ емессіз бе? Қазақ бола тұра өз бауырларыңызды неге бұлай жек көресіз?-деп Нұрзат бүйірден қосылды. 

-Мен сендерге жиналыс ашыңдар демедім. Күш сынасыңдар дедім!-Шаңқ еткен әйелдің даусынан екпін алғандай Ақжан оң қолымен Баршынды ішінен ұрып қалды. Екі бүктетілген қыз ызадан, әлде шарасыздықтан қатарында тұрған Зухраның қолын қыршып  алды. Нұрила қол шапалақтап, оған Бәтес қосыла күлмеңдегенде, Зухра Әлияны шапалақпен бір тартты. Шеңбер түріндегі кұүш сынасу кезегі Нұрзатқа жеткенде ол сілейді де қалды. Қарсы алдында кең маңдайлы, жаудыраған, аясы кең қой көзді, шашы уда-дуда болып тарқатылып кетсе де, өзіне жарасып-ақ тұрған қымбаты-Жансұлу тұр. Оған қол көтергенше осы жерде жан тапсырғаны артық. Қызды алғаш көрген сәті көз алдына келді. Бір уыс болып бүк түсіп, иығы дірілдей үнсіз жылап отырған болатын.Бұл келіп, қолынан ұстағанда, басын көтеріп, аңтарыла қарағанда, мөп-мөлдір жанарының тұңғиығына тартып әкеткен. Содан бері жүрегінде аялаған ардақтысын қалай қорлыққа қисын?!

-Ұр!-деп шыңғырды Нұрила жын ұрғандай. –Әйтпесе сені басқалар тепкілейді. Кәне, ұр!-Жігіттің жүрегінде жас қызға деген ыстық сезімнің бас көтергенін сезе қойған әйел одан сайын зәрін төкті. Оның жүрегінде өзі өмірінде ие бола алмаған шынайы махаббат иесіне деген долы ашу атой салды.

-Сыдық! Ақжан!-деп көбік шашты Нұрила. Нұрзатты таяқтың астына алыңдар! Ойынның ережесін бұзған қандай болатынын білсін!

-Нұрила ханым, райыңыздан қайтыңыз! Сіз адамсыз, әйелсіз, анасыз! Нұрзат та біреудің перзенті ғой,-деп араша түскен Жансұлуды Ақжан иығынан қағып құлатты. Өзі қол тигізуге дәті бармай тұрған Жансұлудың құлағанын көрген Нұрзат Ақжанға барыстай атылды. Бәлкім, жекпе-жекке шықса, Нұрзат жеңер ме еді? Әділетсіз ойынның ережесімен ол Сыдық пен Ақжанның қос бүйірден ұрғылаған соққысында қалды. 

-Қан шыққанша тепкілей беріңдер!-деген Нұрила кірпік қақпай қарап тұр.

 Мына сөзді естіп, зәре-құты қашқан Жансұлу ханымының аяғына бас ұрып отыра кетті.

-Жалынам, құлың болайын! Нұрзатқа тимеңдер! Мерт болса қайтеміз?

-Жансұлу, тұр. Оған жалынғанша, анау тас қабырғаға жалынғаның әлдеқайда артық!-Әлия құрбысын қолынан тартты.

-Айызым қанып тұрғаны. Қос аққудың бірі таяқ жеп жатыр. Сыңар аққу менің аяғымды құшып жылап отыр. Жаным жай тауып қалды ғой!

-Жтеер!-деп Әлия оқыстан ащы үн көтерді.-Жетер! Адамды адамның қорлауына хақы жоқ! Бәрмізді тап қазір босат! Ақшасы да, басқасы да құрып кетсін! Бұдан арғыға төзе алмаймыз! Босат!-Қыздың жішішке даусы тым өктем шығып, Нұрила көзін кең ашып, Әлияға таңдана қарады.

-Әлия құқық туралы айтса болғаны, басымызға бұлт үйіріледі. Бұл жолы нендей пәлеге душар болар екенбіз?-деп іштей алас ұрып Жансұлу тұр.

-Ей, әлін білмеген әлек! Сорлы заңгерім-ау, мен сендейлерді өлтіріп, күресінге тастасам да ешкім білмес. Сенің жоқтаушың жоқ. Ал мен бәріңнің жоқтауыңды асыра аламын!-Нұрила көздері от шашқан Әлияға қарсы келіп, сәл ойланды. Айнала тұрғандардың барлығы Әлияны іштей өлім жазасына кесіп те қойған еді, себебі ол ханымның өзіне дауыс көтерді ғой. Дегенмен ханымдары салмақты раймен, тіпті түк естімегендей:

-Бәтес, таңертең демалысыңа шық! Орныңа Жансұлу тұрады,-деп бұйырды да бөлмеден шыға берді.  

 Пендесі жәрдем сұрағанда, Алланың ақ таңы атпай қоятыны бар. Бұл жолы да солай болды. Таң күндегідей болмашы сәулесін бөлменің темірмен құрсауланған терезелерінен ұрлана сыздықтата түсіруге асықпады.Таң атса, бұл тажал тағдырларының қамытын шешіп лақтырып кететіндей бәрі бірдей аһ ұрды. Тек Ақжан ғана томаға-түйық қалыпта ешкіммен сөйлеспей, оқшау отыр.

 -Сен анадан тумағансың, Ақжан!Атыңды Қаражан деп қойса жарасар еді,-деп тістене сөйледі Нұрзат.

-Туыла сала шешем өліп қалған. Ана деген сөздің мен үшін құны көк тиын.-Ақжан неге екені белгісіз, өзі жайлы бір сырдың шетін шығарды. 

-Тасбауыр жетім қозының түңіліп отыққан кейпі ме бұл?-деген Нұрзат жарасын ауырсына қабағын кіржитті.

 Атпастай көрінген таң да құлан иектеніп ағараңдады. Бөлме ішіне тым әлсіз ақшыл рең кірді. Өлімші болған үміттеріне иек артып, барлығы жұмысқа байланды. Қай күн, далада қандай ауа райы, бәрінен бейхабар жұмысшылар аш қарындарын сәл-сәл жұбатып, қарбаласа жөнелді. Бәтестің орнына кассир болып тұрған Жансұлу бастығының бұл ісінің байыбына бара алмай-ақ қойды.Миында дамылсыз ұрғылаған «неге?» деген жалғыз сқрақтың жауабын таба алмастан, жұмысын атқара берді. Қыздың солғын жүзі мен ісіп кеткен көзінен бір жайсыздықты сезген орыс әйел жұмсақ сөз бастады:

-Қызым, өзің уыздай жас екенсің. Нешедесің?

-Астанамен құрдаспын,-деп мұңая жымиды Жансұлу. 

-Естуімше, Астана өте сұлу, әрі жас қала. Сен де сондай сүйкімдісің, үлбіреген жассың. Бірақ неге сонша мұңдысың?

-Заттарыңызды есептедім. Тағы не аласыз?-деп Жансұлу әйелдің әңгімесін доғаруға асықты. Асықпай қайтсін, төбесінде бақылау камерасы шаншылып тұр.

-Жоқ, қызым. Осымен болды. Құлпырып жүретін шағыңда мұңға бата берме,-деп тілек тілеген әйел заттарын алып тысқа шығып кетті. Жансұлу қолындағы ақшаға қарап, оның қайтарымын алмағанын білді. Әйелдің соңынан жүгіре шығып, оны тоқттаып, аұқшасын ұсынды. Ол алғысын жаудырып, риза болып қалды.

-Жаның да әдемі болса керек. Рахмет!

-Кешіріңіз, кешке серуендеп шығайық деп едік. Жақын жерде қандай орындар бар?-деп асығыс сұрақ қйоды Жансұлу.

-Екі көше жоғары жүрсең, Ішкі істер басқармасы бар. Оның саған керегі бола қоймас.-Әзілдей сөйлеген әйел сөзін жалғады.- Оңға қарай бір көше жүрсең, үлкен саябаққа жолығасың. 

-Көп рахмет,-деп Жансұлу жалт бұрылды да ішке кірді. Сыдық әзірейілдей төніп келіп, барқ етті.

-Не айттың оған?

-Ештеңе. Ақшасын қайтарып бердім. Ол алғыс айтып, мені бөгеп қалды.

-Сыртқа да бірнеше бақылау камерасын орнату керек, деп Сыдық өз-өзінен кейіп, дүкен сөрелерін аралап кетті. Осы Сыдыққа таңы бар. Елуді еңсерсе де, ханымының алдында құрдай жорғалайды. Өзі туралы жақ ашпайды. Бала-шағасы, үй-орманы жоқ па? Тамағын асырап жүрген бір жәреуке ме? Ол жағы Сыдықтың өзіне ғана аян.

-Сұлу, сен күн көзін көрдің ғой.Тысқа шықтың.-Әлия сыбырлай сөйлеп, құрбысына жақын келді.

-Бүйтіп көрген күні құрсын!

-Мына камераны ретін тауып өшіріп тастаса, шіркін!

-Әлия, екі көше солға қарай жүрсең, Ішкі істер басқармасы бар екен.-Жансұлу бір үміт ұшқынын көргендей баяу сөйледі.

-Соған бір жетсем. 

-Ақырын! Ешкім естіп қоймасын!

-Иә, ақылдасамыз.-Әлия дүкен сөрелерінң арасымен ғайып болды. Айкүміс келіп, тазалық құра бастады. Таяқ жеген адамға мүлде ұқсамайды. Қимылы ширақ, өңі де жақсы. Тіпті мұрын астынан әндететінін қайтесің? Келушілердің заттарын есептеп берген Жансұлу Айкүмісті жанына шақырды.

-Кеше құлындағы даусың құраққа шығып еді. Әйткенмен бетіңнен ұрмаған сияқты. Жүзің жайнап тұр.

-Ашық сөйле орағытпай!

-Кеше неге көрініс қойдыңдар?-Айкүміс селк етіп, бақырая қалды. Бұл жазған бақсы ма, әлде тисе тереке, тимесе бұтаққа деп айта салған сандырағы ма? Бәрін қайдан біліп қойған?

-Қайдағы көрініс? Бетімді бүркеп алып, таяқ жеп жаттым. Өзің даусымды естідің емес пе?

-Тек қана жотаңнан ұра бергендері қызық екен,-деп Жансұлу жүзін бұрып әкетт. «Сыдық пен Ақжаннан, мына Айкүмістен бүгін түнде қайтсем де құтылуым керек. Олар тұрғанда осы тұтылғаным тұтылған,»-деп жанталас ойда тұрды.

 Кассаны Зухра қабылдап алғанда, Жансұлу Нұрзат пен Әлияны іздеді. Оларсыз қалай қашсын? Екеуі бақылау камераларынан қорқып, қойманың бақылаусыз тұратын түкпіріне кетіп қалыпты. 

-Нұрзат, сен қашып шық та, бізді құтқар,-деді Жансұлу.

-Жоқ, болмайды.

Неге болмайды? Осылай құлдық құрылыстың езгісінде жүре берсек бола ма?

-Мен қашсам сендердің көмектескендеріңді сөзсіз-ақ біледі . Сендерді жазалары хақ. Одан да біреуіңді қашырайық. 

-Мұның да ақыл екен. Біз мына маңайды мүлде білмейміз.

-Сұрай сұрай Меккеге де барасың.

-Әлияны қашырайық. Ол менен гөрі батыл,орысша да ағып тұр. Менің орысшам тұсаулы аттай кібіртіктеп жатыр.

-Қатырдың, Жан! 

-Рас айтамын. Жаным қысылса, санамда тек ана тілім ғана қалады. Жай кезде орысша сөйлей беремін.

-Жә, қыздар, Әлия қашсын. Ал қалай қашырамыз?

-Дуалдан секірсін.-Жансұлу түйе бойындай қойма дуалдарынан да күшті үміті барын байқатты.

-Жоқ, ол қауіпті. Қойма есігін ашық қалдыру керек.Сол жерден шықса, ары қарай өзі де амалдар.

 Үш дос осылай уәделестіп тарқасты. Асханада Ақжан өз-өзінен өрекпіп, бұларды іздеп отыр еді. Ханымының жарлығы осы болатын. Сорпа-суларын ішкен болып, орындарынан көтерілген жұмысшылар қалыпты шаруаларын жалғастырды. Жансұлу кассаға бас-көз болып тұр. Анда-санда Әлия келіп, қабағымен ымдап кетеді. Түс ауа күндегідей қоймаға тауар әкелетін көліктер келді. Жүрегінде жалғыз тілек қалған қыздар Құдайларына жалынумен болды. «Қайыршыға жел де қарсы» дегендей, тауар тез-ақ түсіріліп, көлік қаңтарылып тұрмай, кетіп қалды. Ал Нұрзат қойма есігін ашық қалдырудың орайын таппады. Мысы құрыған Әлияны көрген Сыдық айғай салды:

-Не болды, ей, ары-бері сандалып? Бар да түкпір қоймадағы картопты тазала. Сатыл алуға жарайды-ау дегендерін бөлек жәшікке салып қой. Аяқтамай шықпа!

 Жазығы болмаса да жапа шеккен, содан салы суға кеткен Әлия ілбіп басып қойманың түкпіріне кетті. Кішкентай ғана тілектерін қабыл етпейтіндей бұл Құдайға не жазды?Сән-салтанатты өмір тілемеп еді ғой. Ырду-дырду көбелек-ғұмыр да керек емес бұларға. Бар болғаны ешкімге тәуелді болмай, тойып тамақ ішіп, жылы жерде ұйықтап, болашақтарын қамдасақ деді. Сол тілектері Астанада қабыл болар деген үміттері де бүгінге дейін өлмеді. Енді сол үміті дірілдеп барып, үзілмей тұрып қалды. Сәттіліктен дәметіп, құрғыр көңілі емекси берді. Бір қап картопты жерге төккен қыз шірігін лақтырып, тәуірін жәшікке сала бастады. Егер адамдарды мана картоптар сияқты сыртқы түрлеріне қарап ажырата алатын болса. Онда Ақжанның қара ниетін о баста білген болар еді ғой. Өз ойымен өзі алысып отырып, қанша уақыт өткенін аңдамай қалды. Тыныштық орнапты. Алыстан күңгірлеген бір дауыстар ғана естіледі. Бел жазып тұра беріп еді, көзі қарсы алдындағы есікке түсті. Сонда сағаттап осы есікке арқасын беріп отырған ғой. Тартып көрді. Есік сықыр етіп ашылды. Жұмақтың есігі ашылғандай жүрегі тулап қоя берді. Иә, есік ашылды. Енді бостандыққа жол ашуға болады. Атып шыққан бойы жан-жағына қарауға дәрмені қалмай, зымырай жөнелді. Бұл жеміс әкелгенде ашып, кейін іштен жабылуы тиіс қойманың бүйір есігі болатын. Көз байланған шақта қойманың бұл шетінде адам аз жүретін. Әлия артына қарауға да қорқып, тек алға деген бір ғана оймен зымырап келеді. Суық жел бетін шарпыды. Аяғындағы кең, ескі етігі балшыққа малынып, жүруі қиындай бастады. Қайда бара жатқанын өзі де ажырата алмай қалды. Бір сәт есін жиып, ойын таразылады. Жансұлудың «қоймадан тура шықсаң, оң жақ көшеде Әділет басқармасы орналасқан» дегені бар емес пе? Бұл басқа есіктен шықты да, өмірі аяқ баспаған Мәскеудің батысы мен шығысын бажайлай алмай әлек болды. Бейтаныс жердің ой-шұңқыры да жау деген осы. Енді қайтті?Әлия алқынып, демін зорға алып, сәл аял қылды. Қанша уақыт жүргенінің есебін біле алмады. Денесі бір ысынып, бір суынып, қорқыныштан қалш-қалш етті. Дегенмен қазір кеудесін кере жұтқан ауа қоймадағы күлімсі иістен тым бөлек. «Бұл-бостандық ауасы, қымбат, әрі шынайы ауа,»-деп өз-өзіне ырсылдай күбірледі. Енді осы еркіндіктің есер желін үзіп алмас па екен? Жүре-жүре аяғы талды. Қараңғылық тіптен қоюланып, діңкесін құртты. Ұсақ тамшылаған жауын да күшейе түскен. Қыздың алға басқан қадамын кері кетіруге табиғат та күш салғандай сезінген Әлия ышқына айғайлады: «Ей, күз долысы суық жаңбыр, жолымнан тайдырма! О, қара жер, аяғымнан тартпа! Жіберіңдер мені еркіме! Құлдықтағы өрімдей жастардың бар үміті менде!»Қыздың үнін жұтып жібергісі келгендей жаңбырдың соңы нөсерге айналды.  Қараңғыда қармана бергеннен ештеңе өнбесіне көзі жеткен Әлия үлкен көше тауып, сондағы жүргіншілерден жөн сұрамақ ниетке кетті. Көліктер ерсілі-қарсылы жосылған жол бойы қол созым жерде тұрғандай көрінді. Табанына неше қарыс болып жиналған батпақ әр адымын қиындатса да, сол жарыққа қарай ұмтыла берді. Міне, жолдың бойына да жетті. Қас қылғанда жаяу жүргіншілер жоқ. Тек көліктер ғана сабылып жатыр. Қолын көтеріп, көлік тоқтатпақ болды. Жауынның суын шашып өткен көліктер мұны тіпті көрмейтіндей. Ақыры бір көлік тоқтады-ау. Іштегі жас жігіт қызға бар ынтасымен барлай қарады. Әлия оған бар білетін орысшасымен басына түскен нәубетті түсіндіріп бақты. Бір кезде жігіт сақылдай күліп:

-Еһ, қаңғыбас, ертегің әсерлі екен,-деді. Бұл сөзден біреу басына ұрып қалғандай сілейген Әлия қорланып кетті. Бірақ үстіндегі киімдері расында да кір-кір, тым жұпыны болатын. Әрі малмандай су болған. Жат біреудің табасына қалғанына намыстанған қыз көліктің есігін тарс жапты да, солқылдап жылап жіберді.  «Үмітімді өшіруге, тағдыр тезіне мойынсұнуға хақым жоқ,»-деп өзін-өзі жігерлендіріп көліктерге және қол көтерді. Бетін көз жасы мен күзгі нөсер жуған қыздың ойына Бәтес оралды. Иә, бағанадан бері неге есіне түспеген? «Хабарласып тұр» деп жылы сөйлесіп еді ғой. Там-тұмдап тұтана бастаған қуаныш ұшқынын безілдеген машинаның сигналы үзді. Бір көлік тоқтап тұр. Тізгіндеген орыс қыз.

-Бір жағдайға ұшырадыңыз ба?-деген орыс қыздың даусын нөсердің сартылынан әрең естіген Әлия «суға кеткен тал қармайды» деп әлденені айта бастады. Көлік иесі оған «отыр» деп ымдады. 

-Иә, тозақтың түбінен зорға шықтым. Көмектесіңізші,-деді Әлия орысшаны белден баса сөйлеп.

-Қандай көмегім қажет?

-Телефоныңыздан бір нөмірге хабарласайыншы. Сол кісі көмектесер деп ойлаймын.

-Мінекей, телефоным, қоңырау шалып алыңыз.

 Әлия төс қалтасынан умаждалған алақандай қағазды алып шығып, құтқарушы періштесінің есімін оқығандай ерсі дыбыспен күліп жіберді. Асығыс терген нөмірі қате болды ма, ар жақтан жауап болмады. Орыс бикеш нөмірді өзі байыппен теріп, телефонды Әлияға ұстатты. Тұтқаның ар жағынан Бәтестің даусы естілді..

-Бәтес әпке, көмектес. Мен Әлиямын. Қашып шықтым,-деген үзік сырды Бәтес бірден түсініп, мұның мекенжайын сұрады. Орыс қыз Бәтеске мекенжайды тәптіштеп түсіндірді. Әлия қуаныштан Бәтеске қайта-қайта алғыс жаудыра берді.Телефонын беріп жатып, орыс қыздың атын сұрады:

-Сізге көп рахмет. Жақсылық жасаған арудың аты кім екен?

-Есімім-Елена,-деген қыз бұған әлі де көмектеспек ниетте.-Сіз ана сөйлескен адамға толық сеенсіз бе? Заң орындарына барғаныңыз әлдеқайда орынды болар еді. Жүріңіз., мен сізді қалалық Әділет басқармасына жеткізіп салайын.

-Жоқ, күдіктенбей-ақ қойыңыз. Ол біз жақтың тумасы, бөтенім емес. –Әлия ризашылығын білдіре  көліктен түсіп, аялдаманың ығына барып тұрды. «Адамгершілік ұлт таңдамайды. Елена екі дүниеде бақытты болсын,»-деп ой теңізін сапырып тұрғанда, бір көлік тура мұрнының астына келіп кідірді.Іштен асығыс-үсігіс түскендердің сықпытына қарап, жақсы раймен келмегендерін  іші сезе қойды. Көліктің шамы бір сөнгенде байқағаны-келген Сыдық пен Ақжан екен. Бұл жолғы құдайдың мазағына Әлия қанша қайсар болса да, төзе алмады. Егіліп жылап сызды жерге отыра кетті. Еңгезердей Сыдық жерде отырған қызды тулақтай жұлып алып, көліктің артқы жағына сұлата салды. Ақжан тыпыр еткізбей ұстап отыр. Дәл осы сәтте Әлияның қарсыласуға, күрес атаулыға мүлде қауқары қалмап еді.

 Қоймаға қызды сүйреп әкелген екі еркек қожаларынан мақтау күткен бұралқы иттердей Нұрила мен Мықтыбекке елпілдей мән-жайды түсіндірді. Майдан даласынан жеңіспен оралғандай оқта-текте өздерінің қандай жылдамдықпен жеткендерін айтып мақтанып та алды. Нұрила атылатын оқжыландай басын қақшитып, Әлияға беттеп келді. Ызғарлы жауын мен тамұқ тағдырының теперішінен селк-селк еткен қыздың бетін өзіне қаратып, сәл тұрды да, бар пәрменімен жағынан салып қалды.

-Сен өзіңді жалғандағы жалғыз данагөймін деп ойладың ба? Менен ақылды емессің. Өткендегі айғайыңның есесін бүгін қайтарамын. Сенің бүгін қашуың Алланың саған ашқан ақ жолы емес. Ол есікті әдейі ашық қалдырғанмын. Сенің сүметіліп қашатыныңды да білгенмін. Бәтесті жансыз етіп қойғанымда, ол сенің ит мінезің барын айтқан. Содан Бәтесті әдейі демалысқа жіберген болдым. Ол қазір Мәскеудің көрікті жерлерін аралап, өмірдің қызығына тоймай жүр. Ал сен менің тұзағыма қайта түстің. «Кім күшті?» ойынын жалғастырамын!

-Иә, бұл Жансұлу екеуі қыздарды қашуға үгіттепті. Ұзынқұлақтан естідім,-деп Мықтыбек шаруа жайын қалт жібермейтін іскер еркектің кейпіне ене қалды. 

-Бастаңдар ойынды. Тек ереже бұзылмайтын болсын!

 Қаһарлы бұйрықтан соң Әлия Сыдықтың жұдырығынан қалпақтай ұшып түсті. Ауа жетпей алқынып жерде жатқан қызды Ақжан шашынан жұлып тұрғызып, ішінен ұрып қайта құлатты. Нұрила өзге жұмысшылардың бәрін куә болуға шақыртты. Аузынан қан ағып, сұлап жатқан Әлияны көрген Жансұлудың есі шығып кетті. «Жолаушының бөгелгенінен сүйін» деп өзін-өзі қанша жұбатса да, құрғыр жүрегі бір тынышталмап еді. Түйсігі алдамапты. Әлия арандап қалған ғой.

-Ей, Жансұлу, кел бері! Құрбыңның қайда жүргенін білетін бе едің?-Мықтыбек өзіне оң қабақ танытпаған қыздан өш алғысы келгендей, жаналғыштай жекірді. 

-Бұл бақылау камерасынан бәрін көре тұра бізге ескертпеген. Сол үшін күнәсін өтесін. Ойынға бұны да қосыңдар. Ойнасын бейшара!-Нұриланың әмірінен соң қимылсыз қалған Әлияны тастай сала, Сыдық Жансұлуға төніп келді. Шибөрінің әлсіз қоянға ұмтылған масатты сәтіне ұқсады. Ол баяу жылжып, қызға жақындай берді. Қорғансыз қоян құлағын бүкшитіп, бұға қалады. Табиғаттағы мақұлықтар арасындағы сондай бір әділетсіз жекпе-жекке тым ұқсас бұл көріністі Жансұлу бұзды. Ол қояндай бұқпантайламады. Сыдықты бар күшімен жанталаса итерді. Оның бұл тегеурінсіз соққысын елемеген Сыдық қайта ұмтыла беріп, сол қырына ұшып түсті. Оны жанды жерінен аямай тепкен Нұрзат еді. Бұл араша баскесер ерлі-зайыптыларды қатты ашуландырды. Олар қыздарды ұрып-соғуға өздері араласып  кетті. Ал Ақжан мен қайта түрегелген Сыдық Нұрзатты жәукемдей жөнелді. Қойманың түпкі бөлмесіндегі бұл жайтты көріп тұрған басқа жұмысшылар қорқыныштан сөйлеуден қалды. Талықсыған Әлия ыңырси үн қатқанда, Нұрила оны бас-көзге ұрғылап есінен тандырды. Жансұлуды Мықтыбек қабырғаға соғып, ата жауын қиратқандай ырс-ырс етіп, әйелінің жанына барды. Маңдайынан қызарып қаны шыққан Жансұлуды байқаса да, оған көмектесер құдірет Нұрзаттың қолында емес еді. Екі қарсыласына шыдас бере алмаған Нұрзат бір сәт өзі де құлады. Оның құлағаны Нұрила үшін таза жеңістей сезілді. Бетпақ әйел бедірейіп, аяқтың астында қалған Нұрзатқа шаншыла қарады. Ол бет-аузын бүркемелеп қорғанудың орнына Жансұлу құлаған тұстан көз алмады. Жігіттің ұзын кірпікті мойылдай көздері бір нүктеге қадалып қалған. «Өзі өлімші халге түссе де, ғашығынан көз айырар емес,»-деп ойлаған Нұриланың жүрегінде белгісіз қызғаныш оты лаулай жөнелді. Сол қызғаныш өрті оны аяушылық, адамшылық кейпінен ада етті. Ол құрбылардың шашынан жұлып, теуіп-теуіп жіберді.Олардың естерінен танғандарын көріп барып сабасына түсті. Қыздарды Сыдық сүйрелеп, бір тар бөлмеге лақтыра салды. Олардың үстіне Нұрзатты әкеліп жықты Суықтан тез ес жиған Нұрзат қимылдауға қауқары қалмаса да, бар ойы қыздарда еді. «Қазақтың қыздары, аруларым, туған жерден опа таппай, талақ тастап неге шықтыңдар? Алыстан арбалаймын деп далбасаламай, жақыннан дорбалай бермедіңдер ме? Мен анамның «адамша табыс таба алмайсың» деген бір ауыз сөзіне ерегесіп елден кеттім. Ал сендер  Отан-анадан неге сонша баз кештіңдер? Жансұлу, сұлуым, бекем бол! Әлия, қайсар қыз, кірпігіңді айқастырма! Біз күрестің соңына жеткен жоқпыз. Ояныңдар, асылдарым! Қорқынышты ұйқыда қалмаңдар!» Ерні икемге келмей, бұл ойы ішінде қала берген Нұрзат қанша қинала қарағанмен, қос құрбыдан дыбыс болмады. Денесін игере алмаса да,санасы ояу Жансұлу бұл көзқарасты сезбей қалмады. Қыздың айтары тіл ұшында қалды: «Қолымдағы бағым-бостандығымды бағаламаппын. Мол табысқа кенелемін де, сол ақшаға жарқын болашақ тұрғызамын деп елес қуыппын. Қайран ауылым, сенен топырақ бұйырар ма екен мен сорлыға?» Қыздың көзі қайта жұмыла берді. 

   ...

 Мөлдір жарыққа сараң қойма ішін сұлбалар кезіп жүр. Олар сөйлемейді, дыбыс тамайды да. Қимылдары сылбыр, бірақ міндеттерін мүлтіксіз атқарады. Көлеңкелеріне қарап олардың шырпыдай ғана қалқиған қалыптарын байқауға болады. Сүлесоқ түрлеріне қарасаң, бұл тірліктен баз кешіп, тажал тағдырларының сұм тартуына көндіккен сыңайлары бар. Жанарларындағы от сөнген. Күрес рухы өлген. Адам болып езу тартуды да ұмытқан бұл жазғандар Нұриланың жасанды қуыршақтарына айналғалы қашан?! Бар қолдарынан келері-бас изеу. Жүректеріндегі жалын сөнген соң, ақылы мен қайраты да семгендей. Бұл көлеңкелер Жаратушысына неден, қай жерден жазықты болдым деп бас қатыруды да қойған. Тағдыр деген бір ғана сөз оларды осы халге жеткізіп тұйықтап тастады.

 Иә, тағдырлары осындай екен.

Көндікті құлдық қамытына. Біреу келіп сілкіп шешпесе, өздері серпіліер халде емес.

 Нұрила мен Мықтыбектің таяғынан соң үшеу осындай өмір деп атауға да тұрмайтын тұрымтай күйге түсті. Өздерінің тірі екенін, не өлі екенін бажайлай алмайды. Дел-сал бір ахуал. Жалын атып, аһ ұруды да қойған. Бақытты болашақтан үміттерін үзгендер қайтып бас көтерместей жаншылды.

-Дүкеннің соңғы сөрелерін шаң басып кетіпті. Айкүміс сырқатқа шалдығып, кетуге мәжбүр болғалы,  тазалық жағы әлсіреп барады. Әлия, тездетіп бар да, тазалықты қолға ал!-Сыдықты жекіруге жеткізбей, Әлия керек-жарақтарын алып, елп етіп кетіп қалды.

-Әй, Зухра, шірік жемістерді жәшікке салсаң, өткендегідей аштық камерасына түсесің. Абай бол!-Зухра да үнсіз бас изеді. Сыдық жан-жағына өзіне көңілі тойған жүзбен жадырай қарады. Бәсе, Сыдықтың қол астындағылар осындай елгезек, тілалғыш болса керек. Бұл тірі өліктер Нұрилаға тегін жұмыс күші, ал Сыдық үшін бір жан ләззаты тәрізді.

-Сыдық аға, қоймаға тауар тиеген көліктер келді. Түсіріп үлгермей жатырмыз,-деп дүкенге Ақжан кіірді.

-Е, үлгерпмейтін несі бар? Ана үшеуін алып шық!-деп Сыдық түртінектеп жүрген Нұрзат, Жансұлу, Баршынды нұсқады.

-Олар бір шу шығарып жүрмес пе екен?-Ақжан күдіктене сауал тастады.

-Олардың бүлік шығармақ түгілі қарсы келуді ойлауға да мұршалары жоқ.Роботтарым мені ұятқа қалдырмайды,-деп Сыдық ырқылдай күлді. Ақжан үш жұмысшыны ертіп, сыртқа шықты.

 Қазанның қара суығы берекені қашырған бұл күн жүрек гүлдері солған пақырларға әдеттегідей өте берді. Ішіне қара тас толтырылғандай ауыр жәшіктерді белдері қайыса көтеріп, қоймаға кіргізіп тұрды. Өзіне ұсынылған жәшікке қолын созған Жансұлу зілдей салмаққа шыдамай, тізесі бүгіліп барып құлап түсті. Жәшіктен ақтарыла шашылған заттарды көрген Сыдық бірден айғайға басты.

-Ей, сүмелек, дұрыстап көтермейсің бе? Бүлдірсең жаныңды жаһаннамға жіберем!-Осылай балағат сөз жаудырған Сыдық тұруға ыңғайланған қыздың аяғынан теуіп жіберді. Сылқ құлаған Жансұлудың көз алдына балалық шағындағы бір оқиға жарқ етіп елестеп өтті. 

 ...Сол жылы ауылда қыс қатты болған еді. Солтүстіктің алты айға созылатын қаһарлы қысында жем-шөптері таусылуға таяп қалған.Өлшеп берген шөпке тоймаған мал ақыры көтерем болып, ыңыршағы шығып қалған. Қалың жауған қар да жығылғанға жұдырық болған. Әкесі сиырларды далаға шығарып, өзі қораны тазалап жүрген. Арық мал ұзап кете алмай, қораның ығында бүрсеңдеп тұрған. Бір қасқа тана өңмеңдеп барып, аяздан соң қатып тұрған омбы қарға кіріп-ақ кеткені. Сонда әкесі мен анасы, көрші-қолаң болып сол тананы қар құрсауынан бір таяқ жұмсамай шығарып алған еді. Ал қазіргі өзінің күні де сол танадай-ақ болып тұр ғой. Бұл адам баласы болса да, өзіндей екі аяқтылардан қорлық көріп жерде жатыр. «Мен мал емеспін!»-деген ой келді қызға. «Мен-Адаммын!» деген оймен кіжіне орнынан көтерілді. Киелі деп малды да теппейтін қазақ едік. Ал мына Сыдық туғанда аузына жын-шайтан түкірген-ау, сірә! Өз ойынан өзі қуат алған Жансұлу шашылған заттарын жиыстырып, жәшікті көтере жөнелді. «Тағдыр мыстанмен тайталаста қажыр бере гөр,»- деп күнге қарап емексіді. Аулында да, Астанада да осы күн ғой. Ендеше, бір күн астында жүрген адамдар неге түрлі тағдыр соқпақтарымен сандалады? Күн сәулесі жылу бермегенмен, щуағын әлсіз төкті. Бұл «жеңілме» деген нышандай көрініп, Жансұлу іштей тіріле бастады.Сол қанға боялған қасіретті күннен соң далаға алғаш шығулары еді. Жапырақ жандары болашақ үшін қалтырауды да қойған байқұстарға күн сәулесі өзге бір нұрлы әлемнің емеурініндей сезілгені де содан еді. Жансұлу жанынан екі жәшікті көтеріп өтіп бара жатқан Нұрзатқа жанарын тіктеді. Бір сәт көз түйістірсе, іштегі ойын жеткізер еді-ау. Бірақ Нұрзат жерден көзін алмады. Жеті атасының кегі осы жәшіктерде кеткендей қос-қостан таси берді. Көкіректерін бітеу жара байлаған, шеменде шерден жүректері баяулаған бұл жастардың рухын оятуға Жансұлу тас-түйін бекінді.

 Күн-ананың шуағын апасының ақ батасындай қабылдаған Жансұлу күндегіден сергек отыр. Өзгелерді де сөзге тартып, әңгімемен баурағысы келді.

-Бүгін күннің көзін көрдік қой.

-Күні не, түні не, бәрібір емес пе,-деді Баршын селқос қана.

-Бұл жақта күннің бәрін түн алмастырған,-деді Әлия самарқау үнмен.

-Әлия, сенің өткір мінезің қайда?

-Сол күні өлгенмін,-деді Әлия еш ойланбастан. Жарық дүние есігін ашқалы адам баласынан таяқ жеп көрмеген қызға сол оқиға ауыр соққы болып тиген. Айдан асса да, қорқынышын жеңе алар емес. Бұларды оңайлықпен  тірілте алмасын түсінген Жансұлу ақырын жылжып, Нұрзат отырған бұрышқа барды. Түн баласында қойманы қатаң бақылауды азайтқан бастықтары бүгін де сол қалыптарынан танбапты. Әркім қойманың түкпір-түкпірінде шашырап отырса да, оған шу көтерген дөкейлер көрінбеді. Содан да Жансұлу Нұрзаттың жанына батыл басып жетті. 

-Нұрзат, қараңғы бұрышқа неге сонша тесіле қарадың?

-Осы түнектен өзімді көремін. Қыспақта, құрсауда қалған кейпімді көремін де өз-өзіме күлемін.-Нұрзат қыздардай тым бей-жай емес, үнінде әлдебір кектің, өкініштің алауы бардай.

-Нұрзат, бүгін мен іштей түледім. Біз анадан қорлық көрейік деп туған жоқпыз.

-Мен ешкімге керек емеспін. Соны ойласам, тірілудің не керегі бар?-Төбелесте күрек тістері сынған жігіт ышылдай сөйледі. Зынданның түбінде жатса да, анасының әлі күнге бір іздемегені жігіттің қабырғасын қайыстырса керек.

-Олай деме. Сен маған керексің. –Қыздың бұл сөзіне жігіт аса мән бермеді.

-Сен сол бір күні сыйлаған жылу жүрегімнің түкпірінде жасырулы тұр. Оны мәңгі сақтағым келеді.-Жігіттен үн болмаған соң, Жансұлу ашық әңгімеге көшті.-Нұрзат, мен сені сүйемін! Сенімен күлім келешекке бірге жеткім келеді!

 Оқыстан айтылған отты махаббат сөздеріне Нұрзат жалт бұрылды. Сөнген рухының күлін үрлеп, соңғы шоғын іздеуге себеп табылды-ау ақыры. Жігіттің жанарындағы жарқ еткен жасыннан Жансұлу оның жан-дүниесіндегі толғанысты қапысыз сезінді. Сезінді де есі кете қуанды. 

-Көз жасымен тауарды сүртіп отырған сол жылауық қыз қашан батыр қызға айналған?!-деп жігіт Жансұлудың арық, салалы саусақтарын сәл қысты.

-Жай ғана батыр емес, ғашық жанға айналдым. Батыр еткен өмір үшін күрес, ғашық еткен тек сенен табылатын жан жылуы.-Екеуі қол алысты. Бұл үнсіз серттесуге ауылдың сырлы кештеріндегідей немесе Астананың сұлу түніндегідей жарық ай да, жұлдыз да куә болмады. Тек қос жүректің ортақ лүпілі шынайы махаббатпен соғысын жиілетті.

 Ауыр тыныстаған Әлияның жанына келіп жантайған Жансұлу Мәскеуге келгеннен бергі барлық оқиғаларды ой елегінен өткізіп шықты. Сандырақтап сөйлеген Әлияны құшақтап алды. Ол бейнебір анасының құшағында жатқандай бұның баурына тығыла түсті. Мінезі өжет қызды бұл «алтын іздеу» сапары кәдімгідей жасытып жіберді. Ебін тауып, елге қайтса, қыздың жүрегіндегі арман оты қайта лауларына бұл сенімді. Шіркін, Астанаға бір жетсеші! Еңбектеп жүріп еден жуса да, айлықтары пәтерақыдан артылмаса да, көңілдері тоқ жүрер еді ғой. Ойы онға, санасы санға бөлінген Жансұлу көзін әрең іліндірді. 

 Бұлар таңның атқанын көрмейтін, тек Сыдықтың айғайынан жаңа күннің басталғанын сезетін. Бүгін де солай даурыға бөлмеге кірген Сыдық Әлияны арнайы шақырды. 

-Телефоныңа шешең бірнеше хабарлама жазыпты. Қазір шешеңмен «менде бәрі жақсы» деп сөйлесесің де, тып-тыныш отыра қаласың!-деп ұялы телефон ұсынды. Бұл дағдыны орындау Сыдыққа, әсіресе, сол төбелес болған күннен соң оңайға айналған. Бұрын жұмысшылар туыстарымен Сыдықтың қасында тұрып сөйлессе де, қиналып жүргендерін тұспалдап болсын жеткізуге тырысатын. Ал қазір Сыдықтың жаттатқан сөздерін тақпақтата айтып беріп қарап тұрады. Құдды жанды қуыршақ тәріізді. Әлия да анасымен қысқа ғана сөз қайырды. 

 Қарбалас жұмыс күні басталды да кетті. Бұлар ашыған орамжапырақтың дәміне де үйренген. Түскі аста үнемі орамжапырақты суға пісіріп, ішіне түйірлеп картоп қосып пісірген асты тауысып ішіп алады. Олар үшін бұл дәмді тамақ болып есептелініп кеткен. Адамның жаны өлсе, тәні тәлтіректеп жүре береді екен. Аяқтарын әлтек-тәлтек басып жүріп, шаруаның бәрін тындырды. Нұрила дүкенге келіп, айналасындағыларды қырағы көзбен шолып өтті. Сосын Сыдыққа қарап:

-Ешкім елірмей, тыныш жүр ме?-деді.

-Сол күн бәріне ащы сабақ болған сияқты. Ешкімнің қыңқ етер қауқары жоқ,-деп оң қолы бастығына иіле қалды.

-Сонда да олардан көз алма. Бақылауда ұста! Не дегенмен тірі жан емес пе? 

-Қашуға ешкім талпынбасы анық. Дәттері жетпейді,-деп Сыдық өзінше жұбата сөйледі. Әйелдің қалта телефоны без ете қалды.

-Алло,-деді Нұрила күйеуіне.

-Үйге тәртіп сақшылары келді. Сұрақтың астына алды. Өзге елдің азаматтарын заңсыз жұмысқа жегіп отырсыңдар деп есімнен тандырды. Саған хабарласуға әрең мұршам келді Әлдекімдер үстімізден шағымданған тәрізді. Қазір сақшылар дүкенге қарай кетті. Өзің бір амалын тап!

 Мына сөзден соң Нұрила байыз тауып тұрмады. Кассадағы Баршын мен есік көзіндегі Ақжанды қарауыл етіп қалдырды да, өзгелерін  қойдай тоғытып, үлкен қоймаға кіргізді. Жасырынуға жарлық етті. «Сақшылардың алдына сып етіп шығар болсаңдар, бәрібір тауып алып құртамын. Менің құрығым ұзын,»-деп қорқытты. Қыз-жігіттер әлдерінше тасаланып, көзден ғайып болды. Әр жүректе бір үміт өлеусіреп, таңғажайып оқиғаны күткендері де бар. Сол үміт дүниесін құрдымға кетіріп, Нұрила өкшесін қадай басып шығып кетті. Сәлден соң расында да бір топ сақшылардың дауыстары  еміс-еміс естіліп тұрды. Ақжан мен Баршынды ғана алып қалуының себебі олардың құжаттары бар, әрі бұл елде жұмыс істеулері заңды болып шықты ғой. Ал қалғандары еш жерде тіркелмеген. Сарт-сұрт қимылдар жақындай түсті. Жансұлу демін ішінен алып, қаптардың тасасында қалақтай болып қатып қалған. Әлия тақтайдан жасалған сөрелердің үстінде жатыр. Мүлде қимылсыз қалып танытқан құрбысына ала көлеңкеде жанарымен сыр жолдай алмады. Сау етіп кіріп келген сақшылар Нұрилаға «жарықты қос» деді. Самаладай болмаса да, сары реңмен құйылған жарық құлдықтың азабын әбден тартқан жастардың үмітін тағы да тірілтті. Нұрила сақшылардың алдын орап, сөзге айналдырып тұр. Тіліінің майдалығын тұңғыш рет көрді.

-Менің өз кәсібімді дөңгелетіп, алға бастырып отырғанымды көре алмаған біреулердің әдейі жасаған арандатуы екені даусыз. Сіздердің де алтын уақыттарыңызды бекерге өлтірді. Менің де бір жұмыс күнімді зая кетірді. 

-Шағым түскен соң біз оны қарауға, тексеруге міндеттіміз. Бәрі де заң аясында жасалып жатыр,-деді ұзын бойлы, жирен шашты сақшы гүрілдей сөйлеп. Өзі мұндай ұзын болар ма? 

-Айтпақшы, тінтуге рұқсаттарыңызды көрейінші,-деп сызылды Нұрила.

-Әрине, рұқсатымыз бар. Жігіттер, тексеріп шығыңдар. Бейсауат адам болса, алып келіңдер,-деп ұзын тұра әріптестеріне бұйырды. Нұриланың ақ сұр жүзі одан сайын қуқыл тартты. Сақшылар кең қойманың сөрелерін асығыс-үсігіс шолып шықты. Адамдардың биік сөрелердің басында жатуы мүмкін деген ойға келмеді. Нұрила  дүкенді алғаш қалай ашқанын, сонда қанша жанның  қызғанышына қалғанын шежіредей баяндап, аузын жабар емес. Бір сақшы сөрелердің жоғарғы жағына көз салды. Ол тіпті Әлия жатқан сөреге тұспа-тұс тұр еді. Жансұлу Әлиядан бір өткір мінез күтті. Құдайына сыйынып, жүнжіп қалған құрбысына өрлігін қайтарып беруін тіледі. Тілегі қабыл болмай, Әлия селт етпеді. Тіпті тыныс та алмайтындай сұлқ жатыр. Жансұлу өзі ортаға шықсам ба деп бір ойлады. Көз алдына езуінен қан сыздықтаған Әлия елестеп, бұл ойынан лезде бас тартты. Құрбысының өмірін нысанаға тіге алмады. Нұрзат та осы оймен тыпыр ете алмай жатты. Сақшылар тексерісті тәмамдап, кетіп қалды.Тарс жабылған есікпен бірге жүректерде қалтыраған үміт жібі үзілді.

-Әлия, тура жаныңа келіп тұрған сақшыға неге дыбыс бермедің?-Биік сөреден түсе сала, Жансұлудың Әлияға қойған сұрағы осы болды.

-Тағы да қан-жоса болғым келмейді.

-Тәртіп сақшыларының көзінше олай ете алмайды ғой.

-Оны білем. Бұл зымыстанның расында да құрығы ұзын болып, ол тергеуден де сытылып шығып кетсе, бізді қинамай қайтсін? Ал менің тым болмаса жоқтаушым да жоқ.

-Өзің неге шықпадың батыр болсаң,-деді Зухра кекетіп.

-Мен де қорықтым. Сендер үшін қорықтым. 

 Жігіттер жағы үн қатпастан, қап үстінде үйелеп отырды да қойды. Нұрзаттың көзінен әлдебір жақсылықтың отын сезген Жансұлу көңілін демдеді. Жанармен тілдесу тек нағыз ғашықтарға ғана берілген Алланың сыйы ғой.

  Дүрбелең басылған соң, Сыдық келді таяғын шошаңдатып. Бұрынғының шолақ белсенділерінен аумайды.

-Өңшең ақымақтар,-деді келе тілінің уын тамызып.-Құдайдың өзі жіберген мүмкіндікті де пайдалана алмадыңдар. Енді ешкімге өкпелерің болмасын. Осы жерде сүйектерің қурағанша бізге, мына бізге қызмет етесіңдер!

-«Атаңның қақ басы,-деді Нұрзат ішінен.

-Құдайсыз неме, сенің де дәуренің аяқталар бір күні,-деп ойлады Жансұлу. Сыдықтың мысқылын жауапсыз қалдырған жұмысшылар күнделікті тырбың тіріліктерін жалғастырып әкетті. Сыдық бағыныштыларының шынында да өздеріне қарсы ештеңе ұйымдастыра алмасына көзі жетті.

 Түскі асқа барған жұмысшылар бәрі бір кісідей таң қалып, таңдайларын қақты. Асханаға ешқашан бас сұқпайтын Нұриланың өзі жүр. Әрине, жуынды ішуге келмегені анық. 

-Сендер бүгін жарадыңдар. Тұмсықтарыңның астында тұрған тәртіп сақшыларынаың назарын аудармай, өліктей  жаттыңдар. Үнемі осылай табанымды жалап, айтқаныма көнсеңдер, сендерді аштан қатырмаймын.Бүгін түскі асты дәмділеп әзірлеттім.-Патшайымдары «жақсылыққа жақсылық» деп бұлардың қарнын тойдыруды ойлапты. 

-Түу, неткен жиіркенішті әйелсің,-деді ішінен Жансұлу.

-Тамағымыздың тойғаны-шала байығанымыз,-деді Әлия күңк етіп.

-Бір сағат асықпай тамақтанып, тынығып алыңдар. Келесі жолы да бүгінгідей тексеріс келсе, әркім өзінің әдеттегі орнына жасырынатын болсын!-Нұрила асхананың тар бөлмесінен тайып тұрды. Тек дәмді мен тәттіге ғана бөгіп отырған әйелге мына антұрған тамақтардың исі лас сезілді.

-Иесі сүйек лақтырса да мәз болатын ит сияқтымыз,-деді Баршын шерін шығарғысы келіп.

 Оның сөзін қолдаған ешкім болмады. Араларында жансыз бар ма деп көпшілік алдында сөйлей алмайтындары бар. Іштеріне ел қонған соң ауыр жәшіктерді тасып, тауарларды сөрелерге реттеп шығарып әлекке түсті. 

 Құлдық шынжырын үзуге қарекет етпек ниеттегі қос ғашық түнде тағы да әдеттегі бұрышта жолықты. Нұрзат еңсесін көтермей, жер шұқып отыр. Күндіз ерлік көрсете алмағанына өкінетіней. 

-Әйел ерге қараса, ер жерге қараған заман деген сөзді естуім бар.Жерге үңіле бермеші,-деп әзілге сүйеді Жансұлу.

-Сақшылардың алдына  шыққым-ақ келді. Бірақ бір ойым-олар барлықтарыңды бірден босатапай, ұзақ-сонар тергеуге айналдырса, сендердің күндерің не болады? 

-Ол ойың да дұрыс. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін бір жол табуымыз керек.

-Иә, ол қандай жол?

-Қойманы қоршаған тас қабырғаларға өрмелеп шығып, ары қарай бостандық әлеміне енсек?

-Сұлу, сен қиял жүйрікке ерік бердің ғой. Кісі бойынан екі есе қабырғадан қалай секіреміз?

-Ол жағы шешу-сенің міндетің. Мен саған қарадым. Сен жерге қарама. Мылқау қабырғалармен ымыраға келесің бе, әлде маған қанат байлап жібересің бе, әйтеуір тығырықтан шығар саңылау тап.-Жансұлудың өзіне артқан сенімі серпін берді ме, Нұрзат тапқырлығына сүйенді. Жігіттің ойында қашудың небір нұсқалары көлбеңдеп өте шықты. 

-Таптым!-деді ол тұншыға сыбырлап.-Сенің салмағың жеңіл ғой. Тас қабырғаға ұзын тақтай қойып, сені арғы бетке өткізіп жіберсем болды емес пе? Сен мына құлдық өртіне қанатыңмен су себетін қарлығашқа айналасың.

 Ғашықтар өзара келісіп, ертең күні бойы  қойманың маңайын шолып, қажетті тақтайды тауып қоюға уағдаласты.Жан-жақтарына ұрлана қарап, өздерін аңдыған тыңшы жоғына көздері жеткен соң тығылған бұрыштан шығып, күндегі орындарына жайғасты.

 Шала-жансар жоспар құрғанмен, қыздың көңілі тынши қоймады. Бүге-шігесіне дейін талданбаған жоспарлары жүзеге аспай қалса қайтеді? Тағы да ана азғындардың қорлығына қала ма? Жоқ, бұл жолы қате болмау керек. Осы оймен өзін жігерлендірген Жансұлу қалай ұйқыға кеткенін байқамады. Түс әлемі оны өз тылсымына тарта жөнелді.  Міне, әлдебір шулы топтың ішінен сытылып шыға бергені сол еді, екі-үш еркек мұның соңынан қуа жөнелді. Бұл жанын салып қашып келеді. Аяғы жерге тиер-тимес зымырап-ақ бақты. Тек ана арам ниеттілер бұған тырнақ іліктіре бергенде, екі қолы қанатқа айналып, аяғы жерден көтеріле берді. Бірден биіктеп кете алмады. Қанатын қанша қақса да, ауада төңкеріліп қала берді. «Төмен құласам, ана қорқауларға жем болам ғой» деген қорқынышы қанатын жайдырмапты.  Өз-өін сабырға шақырып, қанатын барынша жаюға тырысты. Үрей дірілі басылған соң кең құлаш қанат сусылдап бұл биіктей жөнелді. Ал бұның соңынан қуған әлгі албастылар өз шуларына өздері тұншығып қалып қойды. Ұшар басын жел шайқаған тоғайдың жанынан ұшып өтіп бара жатқанын анық сезді. Төменге қарап еді, көз ұшында мұнаралары сорайңан керемет бір шаһар көрінді. «Тым биік ұшып нем бар еді. Табан астында қанатым істен шықса құлаймын ғой,»-деген алаңды ой тағы пайда болды. «Жә, құласам анау қаз мойын мұнаралы алып щаһардың үстіне түсермін,»-деп өзін жұбатып еді, уайымы сап тыйылды. Сән-салтанаты артқан сиқырлы қаладан шыққан тамылжыған әуен мұны баурап, өзіне шақырып жатты.Түсінен оянған Жансұлу «құтыламыз» деді жастықтың орнында жатқан жәшк қиындыларынан басын жұлып алып. Көкке қолын жайған қыз «Жалғыз тілегімді берші, о, Алла! Байлық та емес, мансап та емес, тірі қалу амалын сұрап отырмын. Өзің жаратқан пендеңді бұдан артық қорлық батпағына батырмашы! Жебеушім де, сүйеушім де бір өзің,»-деп дұға қылды. Әлгі түсінің жоруын іштей қайталаған қыз ақыры ұйқыдан біржолата айрылды. «Түсімде көрген сиқырлы алып шаһар Астанам ғой. Шіркін, топырағына табан тіресем, қара тасынан бастап кешірім сұрар едім.Қасиетті жауынының әр тамшысынан айыбымды кешулеріін өтініп жалбарынар едім. Сол күн тусыншы, Аллам!» Ойы жамыраған қозыдай шашырап кеткен бір сәтте білегінен ұстаған ыстық қолды сезді. Жанына келген Нұрзат қыздың құлағына баяу ғана «күні бойы сақ бол. Ешкімге сыр алдырма,»-деді де алыстай берді. Жауына сыр алдырмауға үйретті ғой мына өмір. Жаныа бір бататыны-дұшпаны болып қарсы алдынан кездескен өзге емес, өз қазағы. Сатқындық жасап, ту сыртынан пышақ ұрып сұлатқан да өз қазағы. Әкіреңдеп жұдырық ала жүгіріп, қорлаған да өз қазағы. Осы мағынасыз шайқаста адамдығымен емес, арамдығымен, қара күшімен жеңіп отырған да өз қазағы. Қандары бір, бірақ жандары бөлек. Қадиша «Мәскеу дегенің болмаса, бастықтары өзіміздің қазақтар» дегенде қуанғаны бекерге шықты. Қазақтығына қуанамын деп, азап отына сәт сайын күйіп-жанды.«Бұл Нұрилаға не жетпейді? Құдай оларды неден кем етті? Байлық бар, рахат өмір сүріп жатыр. Демек, ұлы сезімдерден аулақ күн кешкендер осындай қаныпезер, сұрқия болады екен ғой. Ондай сезімсіз болудан Құдай сақтасын!» Жаратушысына жалынып тілек етіп, бір жағы бұл оқиғалардың терең астарына үңілумен Жансұлу таңды атырды. Бүгінгі таңды қораздай қақылдайтын Сыдық емес, тек бастықтарының алдында ғана көлгірсіп күлетін Ақжан бастады.

-Тұрыңдар. Тез күнделікті орындарыңа барыңдар!-Мұрын астынан міңгірлейтіні жайшылықта ғана екен. Кәдімгідей жуан дауыспен гүр етіп, қатаң бұйырды.

-Сыдық қайда?-деді жұмысшылардың бірі сабан төсегінен тұра келіп.

-Сағынсаң ертең келеді. Сұрақты қысқарт та жұмысты баста!

 Күннің сәтті хабарын өзара жанар түйістіріп қана бөліскен ғашықтар жөн-жөнімен жұмысқа араласып кетті. Сыдық болмаса, мазасыз қарауылдан құтылды деген сөз. Қашуға қажет ұзын тақтайдың да табылары анық.

 Қырсыққанда кеш қараймай қойды. Күздің күні ұзарып кеткендей. Жансұлу самғау сәтін күткен қырандай іштей тыпыршулы. Тек мұнысын сырт көзден жасырып бақты. Ала бөтен қылық көрсетіп, жағымпаз Ақжанның көзіне түсуге әсте болмайды. Зейнеті жоқ бейнетті тірлікпен тырбыңдап жүріп кешті зорға батырды. Ас-суларын ішісімен күндегідей бөлмелеріне қойып кетті. Жәшік-жастығына қисайса да, Жансұлудың есіл-дерті Нұрзаттың құпия белгісінде. Ел ұйқыға кетті-ау дегенде, Нұрзат Жансұлуға жақын келіп, қолынан қысты. Атып тұрған қыз жігіттің құшағында қалды. Сүйіктісін қапсыра құшақтаған жігіт жан-жүрегімен жоспарларының жүзеге асуын тіледі. Сөйтті де, мысықша аңдап басып, қойманың түйе бойынан асатын дуалына келді.

-Күндіз тақтай тауып, осы жерге елеусіз тастай салғанмын. 

-Жарадың!

-Бірақ...

-Нұрзат, не бірақ? Аңдушылар жоқ кезде қашып үлгерейін.

-Мен сен үшін алаңдаймын. Қабырғаның ар жағында істік темір болса қайтеміз?

-Темір болмақ түгіл от болса да, секіремін. Жым-жырт кетіп қалсам бәрі жақсы деп біл!-Жансұлудың сөзінен соң тынышталған Нұрзат ұзын тақтайды көтеріп әкеліп, дуалға сүйеді. Қызды қолынан демеп, тақтайдың бітер жеріне дейін шығарды. Жансұлу сыртқа қарай секіргенде, Нұрзат демін ішіне тартып, құлағын тікті. Тыстан қиналған, жарақаттанған дыбыс шықпады. Сонда да біраз күтіп тұрды. Сәлден соң алыстай бастаған аяқ дыбысын естіп, көңілінде жаз жайнап сала берді.

 Секіріп түсіп біраз ауырсынып қалған Жансұлу жарақатына да қарамады. Ебіл-дебілі шығып, Әділет басқармасын болжаған бағытқа қарай жүре берді. Қазанның түні жомарттық көрсетіп, аса суық қалып байқатпайды. Ай аппақ сәулесімен айналаны қарықтырып жіберердей. «Екі аяқты ит-құстарға жем болмай, діттеген жеріме тез жетейін,»-деп ойлаған қыз бейсауат көлік көрсе жасырына қалады. Сөйтіп жүріп даңғыл жолы сайраған бір көшеге түсті. Жарығы төгілген көшеде жүргіншілер әлі де бар. Мәскеудей алып қала қайдан ұйықтасын?! Қарсы кездескен егде адамнан жөн сұрады. Ол бұның үсті-басына бір қарады да, басын шайқап:

-Басқармаға жетуге аз қалдың. Жүр, көлігіме мін. Жеткізіп салайын,-деп құрақ ұшты. Белгісіз бір еркектің көлігіне отыруға қыздың жүрегі дауаламады. 

-Өзім жетіп аламын,-деді еркек көрсеткен бағытқа қарай жүгіріп бара жатып. Басқарманы тапты-ау әупірімдеп. Таза орыс тілінде жазылған мекеменің атын көзі шалып, жеті атасының есімін оқығандай қуанды. Қаңғыбастың киіміндегі қызды байқаған кезекші сақшы әріптесін мән-жайды білуге жіберді. Жансұлудың орашолақ жеткізген сөзін шала түсінген ол қызды ертіп ішке кірді. 

-Бәрін баяндап, түсініктеме жазыңыз. Дүкеннің мекенжайын да көрсетіңіз,-деді сақшы.

-Иә, жазамын,-деді Жансұлу демікпесі бардай ырсылдап.-Жазамын. Мен-Қазақ деген елдің баламысын. Өз елімде қолымдағы барымды қадірлемей, алыстағы сағымға қол созып адастым. Ақыры тапқаным осы тозақ болды. Нұрила бізді....

 Бұл түсініктемеден соң іс жылдамдады.. Жедел іздестіру тобы құрылып, дүкенді тінтуге шықты. Бұл жолғы тінтуден Нұрила құтыла алмады. Ол таң ала кеуімде тексеріс келер деп мүлде күтпеген. Құлдықтан босатылған тоғыз жанның барлығының құжаттары Нұриланың қолынан алынып, иелеріне қайтарылды.

-Жансұлу Өтешққызы, деді таңнан бері дамыл таппаған сақшылардың басшысы. –Біз сіз берген деректердің растығын анықтадық. Барлық достарыңыз құлдықтан құтқарылды. Бәрі қазір түсініктеме беруге осында клееді. Және бір маңызды хабар-қаладағы қазақ елшілігімен байланысқа шықтық. Олар өз тараптарынан сіздердің жағдайларыңызды жасайды.

-Отаным, анашым, бар екенсің ғой! Бауырыңа басшы мен бейбақты! Адасқан айыбымды кешірші. Сенде жүріп тас шайнау да бақыт екенін енді білдім. –Жансұлу еш қысылмастан еңіреп жылап, қазақша сөйлей жөнелді.

 Бұл таң Нұриланың қаскүнем әлемінің соңғы таңы болды. Үстінен түскен он шақты арыз негізінде ол сол күні-ақ тұтқындалды. Қолына бұғау кигізілген Нұриланы көрген Жансұлу бір ауыз сөз айтты:

-Сен адам емес, диюсың. Енді сол диюлар мекеніне тартқан жолың, лайым, ұзақ болғай!-Сақшылар сүйрелеп алып бара жатқанда Нұрила жазықсыз жандай зар қақты.

 Мәскеудегі қазақ елшілігі шапшаңдық көрсетіп, қаңғыбас қандастарының мәселесінің түйінін тез-ақ тарқатты. Олар бірден Астанаға қайтар пойызға билеп алып, құжаттарын реттеп, шығарып салды. Мұны көрген Әлияның рухы түледі.Өмірге деген сенімі қайта оянды.

-Жансұлу, тыңдашы, пойыз дөңгелектері ән салып барады.«Елге қайт, елге қайт» деп ұрандатады.

-Иә, ол о баста солай деген. «Елден кет» демей, «тастама Астанаңды, тастама Астанаңды» деген ғой. Тек ол кезде біз керең болып ештеңе естімедік,-деді Жансұлу.

-Өзге елге алтын іздеп барып, бақыр да таба алмадық. Енді өз елімізден бақыр іздейік. Табарымыз анық.-Нұрзаттың бұл сөзіне қос құрбы қуана бас изеді.


 Айзат Рақыш

«Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Жылдың үздік прозасы» номинациясының иегері

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...