Жадыра ШамұратоваҒалия соңғы жылдары «тезірек ұйықтап түс көрсем, түсіме суды шолп еткізген кү...
Аян МЕЙРАШ. Себеп бар ұмыттырмасқа...
Кофе ішіп қайтайықшы көктемде...
Астар дейтін асқан ақыл жоқ менде,
Мен секілді бұл қалада көп пенде.
Нәурізектің үлбіріндей нәзік қыз,
Кофе ішіп қайтсақ па екен көктемде.
Кафелері көп қой мына қаланың,
Кірген бетте қосатұғын бал әнін.
Орындықты тартып отыр дейін мен,
Орындауым үшін тәртіп талабын.
Сенде сол күн ниетімді сәл аңғар,
Менде, тегі, ашылмаған ғалам бар.
Негізінде солай жасайды екен ғой,
Есі дұрыс адамдар.
Құс жүректі xат ұсынған ұшырып,
Отырайық,
Сәл ұялып,
Қысылып.
Дымы қалмай өртке оранған үміттің
Ымын үнсіз түсініп.
Содан кейін, көгерсе егер көсегем,
Жолды ұзатып бағыттарын төсеген.
Серуендеп жүрейікші екеуміз,
Сен білмейтін,
Мен білмейтін көшемен.
Қалай мұны қайран көңіл жек көрсін,
Лаулай ма екен, байқайықшы, от сонсоң.
Бұдан кейін мына бізді адамдар
Бақыт үшін күрескен жоқ деп көрсін.
Кофе ішіп қайтайықшы көктемде.
Кездескім келеді...
Кездесуге келші сен,
шақырамын,
Шырқатылмай кеудемде жатыр әнім.
Көшелері қаңырап,
жел аңырап,
Жалғыздықтан жалықты атырабым...
Кездесуге келші сен,
кешіксеңде...
Мен тұрайын телміріп есіктерге...
Шыққан сайын бір адам мың өртеніп,
Желіккенге не жетсін желіккенге?
Кездесуге келші сен,
Нұрың үдеп...
Кездескендей болайық бірінші рет...
"Не деген көрікті едің",- дейін саған,
Бәлкім сен ұлясың...
Күлімсіреп...
Білмеймін бақыт сол сөз әкелген бе?
Алданыш,
Өткінші күй...
Әпенде ме?
Көрейік көктен жұлдыз құлағанын,
Барайық киноларға, кафелерге...
Сезімдер болар сонда бәлкім ізгі,
Бақытты деп ойласын әркім бізді.
Менен гөрі ақылың көптеу сенің,
Дала суық,
тақ дейсің шарфыңызды...
Демеу берер күш бар ма тағатыма,
Қандай ғажап күй мынау, ала-құла...
Қоштасқан соң оянып кетемін ғой,
Неге жиі қарайсың сағатыңа...
***
Өз деміңді өзің есту - жалғыздық,
Оған куә анау тұрған теңбіл Ай...
Тағдырыңның тәтті уын алғызып,
Мені неге сағынбайсың сен бұлай?
Кім салса да таңдауыңа тәуелді Ар,
Орынсыздау айтылатын ғадауат.
Мәңгілікте жалғыз ғана әуен бар,
Атауы оның - маxаббат...
Айырбастамас бақытыма мұңым ең,
Аялайтын мені іште...
Осы ақындар өлең жазса шынымен,
Күле ме екен періште?..
Түнге сіңген ойдың жолы- құс жолы,
Қиялымды ұрламақшы енді қай...
Бүгін үнсіз қалады ақын үстелі,
Сен не дейсің теңбіл Ай?
***
Сәйкеспейді барлығы,
Құрған жоспар,
Тұрған көше,
Бәлкім уақыт тарлығы.
Осындайда қолайлырақ қозғамауың арғыны.
Ақыл күшке сыймайтын,
Қайдағы жоқ кесім айтып қинатын.
Бәрін солай ұмыт қылу керек қой,
Бірақ шіркін қимайсың.
Сүңгіп кетіп сыршыл қаңтар кешіне,
Тойтарыспай тұрсаң қиял десіне.
Қайшы келген қағидаға тылсым бір,
Түседі ылғи есіме.
Күтем оттың тынуын,
(қырсыққандай қарап көрші,
Мына түннің сұлуын)
Таң шапағы қызарады қыл беріп,
Аңсатады әлде кімнің жылуын.
Тұман басқан,
Ойларым да белгісіз жоспарым да,
Басқа қала күтіп ед тосқаныңда.
Басқа салды дегенің осы шығар,
Басқа шаһар күтеді тосқанымда.
Есіл кешті әр түрлі елейді әр кім,
Сан қиялды сезімге теңейді әр түн.
Сенсіз өмір онсызда жауратып жүр,
Жылуыңнан айырма Перизатым...
***
Әлқисса...
Жаратушы жаратқан жаратылыс,
Әр бір таң,
Жаңа жұмбақ,
Жаңа тыныс.
Өлім деген жауап қой қорықпаңыз,
Қалай қашып кетсең де, болатын іс...
Тарқатып не қыламыз құбылысты әр,
Тағдыр деген түзу жол, бұрылыстар.
Қарап тұрсаң нажағай қаһар емес,
Бұлт аралық әншейін соғылыстар.
Қанша ғасыр өтті екен қақсағанға,
Бір шындықтан бір шындық аспағанда...
Біздегі бар әрекет таңдау ғана,
Жаман адам болмайды жақсы адам да.
Тұжырымдар жасайық ақыл құрап,
Дананың айтқан сөзі нақыл, бірақ...
Ұдайы жауап іздеу ойын ғана,
Құдай бізден бәрібір ақылдырақ.
Күрмеленіп бөлініп бөлек сана,
Күрделеніп құраймыз түнек дара....
Ақиқаты адамның сезімінде,
Өмір деген лүп еткен жүрек қана.
***
Тәңірі бұйырған несіп дер,
Самал бол.
Өтінем есіп кел.
Айтуға болмайтын сөздер бар,
Ашуға болмайтын есіктер.
Көрсетпей,
жылайсың жасырын,
О, менің жетімек ғасырым.
Кезіңді қайтесің мөп-мөлдір,
Сезімді қайтесің, асылым?
О, неткен тыныштық...
Тынық түн.
Жыр ұқтым.
Сен бәлкім сыр ұқтың.
Құнықтың демеші, өтінем,
Ұмытқым келмейді, ұмытқым...
Қанаты қара періште
Қап-қара мына күнделік,
Өзіңе ғана жарасым.
Отырмын тағы түнге еліп,
Қара түн
– сенің қарасың.
Қылықтым, неге мұңайдың,
Мұң неге бізге құнықты?
Еріндеріммен бұзайын,
Ерніңдегі құлыпты.
Жанарыңдағы қарашық,
Жанарымдағы мөлдір де,
Сезіммен жатыр таласып,
Жеңіліп жатыр, көрдің бе?
Киесін тапқан шумақтан,
Қараша түні ерек тым.
Әлеміңді ессіз шулатқам,
Мен саған әлі керекпін.
Қара түс – сенің сыңарың,
Көңілің ғана аппақ деп.
Қара түн – менің сыңарым,
Қара өлеңдерімді жаттап кет.
Ақ уыз менің періштем,
Қанатың ғана қара ғой.
Әлемдерімнен бол үстем,
Жүректі билеп ала ғой.
Өртеніп кетем мен іште,
Аңдатпай кел де сүйіп кет.
Қанаты қара періште,
Ақ періштелерден биіктеп.
Үміт
Сендік самалдан жыр ұқтым,
Бағзы бір заман, байырғы.
Байланып қалып тыныппын,
Жүзжылдық бізді айырды.
Жүректі бір сәт жылытып,
Теңселіп келем көшемен.
Нала күндерін ұмытып,
Лалагүлдерін төсеген.
Жоламақ болып жоладым,
Киіз үй, қайда қанатың?
Кешігіп келген қонағын
Кейімей күтіп алатын?
Момындығында бар ма айып,
Ғибрат алшы ғажаптан.
Айтамын тағы марқайып,
Кеңдік, ол қалған қазақтан.
Жарасар неге теңесем,
Аңқыған аппақ пейілді.
Көк бөрі қайда демесең,
Көк тұман бүгін сейілді.
Заманмен заман жарысып,
Дәрменсіз қылды дүрбіні.
Көжекпен көжек алысып,
Өжеттік туар бір күні.
Белдігін буа жалғайды,
Сескенбей алып ғаламнан.
Құл, сірә, туа алмайды,
Құрсағы алтын анамнан.
Азабым бар ма көрмеген,
Ентігіп жүріп келдік пе?
Үмітім қалды сөнбеген,
Осы елімдегі кеңдікте,
Осы елімдегі елдікте.
Перизат
Қажет емес кей кездері тіл қатып,
Жеткілікті үнсіз ғана күлгенің.
Сен қасымда жүрсең, ол да
–
бір бақыт,
Сен қасымда жүрсең, өмір сүргенім.
Жылу алып пәктігіңнен сендегі,
Көздеріңе сүңгіп кетем тұңғиық.
Ессіз қылық кешірімсіз мендегі
Жүрегіңе қалай ғана жүр сыйып?
Перизатым, ертегіден келгенсің,
Қиялымда жасап алғам мен сені.
Сүйкімдісің, қылықтысың, еркемсің,
Енді ешқашан кетпестей боп келші енді.
Мәңгі өлмейтін жауқазын гүл өсірем,
Сенің әрбір адым басқан ізіңе.
Қауызына есіміңді көшірем,
Солай шаттық ұялатам жүзіңе.
Сені көріп қызғанады хор қызы,
Ол да мұндай мәртебені көрмеген.
Ағадырдың бойында өскен қырмызы,
Қарқараның самалы боп тербетем.
32-5-08
Керімсің, білем, назданба,
Сырымды түсін сен менің.
Ақынмын өлең жазғанда,
Әйтпесе мен де пендемін.
Ажарың кейде елестеп,
Шағылып күнмен нұр болған.
Сағынсам, айып емес тек,
Сағынбай қалсам, кім болғам?
Кімдерге айтам баяндап,
Айтса да, адам сенгісіз.
Ақын боп содан Аян қап,
Музаның аты белгісіз.
Арқаға қарап күле бір,
Көрінер ме едім өрен боп.
Қалқатай жайлы біле жүр,
Қарқара жақта өлең көп.
Бауырыңа кеттім көп келмей,
Жүрегім сонда пәк тулар.
Біздерді мазақ еткендей,
Шайтанкөлдегі аққулар.
Біздерді жырға қосқандай,
Арқаның ерке самалы.
Қосылмай кеткен қос маңдай,
Бақыты сондай шамалы.
Қанатсыз қалған армандар,
(Сөнбеген үміт жыр басқа...)
Өлеңде бізді жалғаңдар,
Серт бергем ұмыт қылмасқа,
Себеп бар ұмыттырмасқа.