Ұмтыл Зарыққан. Сарғайып Сағи белден күн шыққанда...

ӘДЕБИЕТ
1270

Кейде шаршайсың, бәрінен шаршайсың. Қызылды-жасылды дүниеден, қызылды-жасылды мәтінге булыққан танымнан шаршайсың, талығасың. Асфальт жолда тынымсыз теңселген көліктей мәтіндер. Олардың еш кінәсі жоқ әрине, бірақ, әсіре жасанды. Һәм берекесіз. Аптап күн қуырған құмдай шырылдаған жаныңды бәрінен ала қашқың келеді. Бір сәтке. Жаныңа жұпарын құяр бір сапарды көксейсің. Сол сапарда бәрін жол бойы төгіп-шашқың келеді. Табаныңды қара жер тілгілесе дейсің. Көкбұйра жусанды даланың ащы нәрі сарайыңды ашса дейсің. Әрине, осының бәрі мәтіндер ішіндегі аңсау. Бірінен-бірі аумайтын қоянның көжегіндей қызылды-жасылды мәтіндер мазаңды алғанда, аршаның күліне илеген ащы насыбайдай аталы сөзді аңсайсың. Кәдімгі шалдың иісі, тердің иісі. Бір атым болсада жанға қуат, тәнге дәрмен. «Сөзде де көп сулы қияр жонғандар» (Жұмекен) адыра қалсын бұндайда. Сол сәт, сенің сәби көңіліңді аялап Сағидың сырбаз даласы шығар алдыңнан. Сағидың сырлы саздары шығар аңқылдап. Бір сәт, сен өзіңнің ерте жоғалтып алған, іздеугеде үлгірмеген (мүмкін көңілің соқпаған) бала бейнеңмен қауышасың. Бұл күнде өзіңде танымайтын сол бейнеңе мейірлене қарап, кекіліңнен сипап Сағидың сырлы даласы тіл қатады. Тіл емес, әлди...

Тимеші, көкем,

                   Балапаныма тимеші,

Қамығып қалар,

                   Қабағыңды да түймеші.

Қақпашы қолын,

                   не аламын десе, ал деші,

Тартпашы қолын,

                   Не киемін десе, ки деші.

Сағидың жомарт көңіл, жұмақ пейіл жырлары осылай жосылады алдыңнан. Осы үшін де бізге Сағидың жырлары жаңа өмірдің бастауындай ыстық. Бұрын да бір қайрылмай кеткен қара қосыңа қайта түсіп, дәм татқандай қадірлі. Құлағыңа бәсірелі құлыныңның шіңгірлеген дауысы келеді. Көмейіңде жылқы сүті. Мен бұдан артық тазаруды білмеймін әзірге. Сағидың жыры өмірге іңкәр, мөлдір, боямасыз көзбен қаруды ұғындырады. Сен Сағи жырында қайта түлейсің, сен Сағи жырынан қайта туасың. Кірлеген айнаның беті емес өзіңнің жан-арың екенін түйсінесің. Осынау кірлеген жаныңды адақтамай қайда асығып бара жатқаныңа таңғаласың, опынасың. Сол айнадан тағы да Сағидың сөзін оқыр едің. Классик Қуандық Шаңғытбаевтың «Сағидың жырларында өмірдің дәмі бар, нәрі бар», - дейтіні содан. Соғыс жылдарында, соғыстан кейін туған ақындардың денінде өмірдің, дұрысы балалықтың кермек дәмі – олардың әр жазған шығармасын өміршең етіп тұрады. Олардың жыры өмірдің мәніндей, жасандылықтан ада. 

«Еңбектеп келдім өмірге, Шалқалап әкем шықты үйден» - дейтін Қасымның басындағы тағдыр Сағидың да еңсесін езген. Әкесі үш жасында «Халық жауы» атанып ұсталып кетсе, тірі оралмаса, моласының қайда екенін білмесе, шарқ ұрып іздей алмаса, «шалқалап шықты» демей не дерсің? Социалистік жүйенің тырнағына іліккен пенде үшін – кебенек кигенде бір, кебін кигенде бір. Ыстық ұясына оралған емес. Бұдан да ауыр кесапат әкеңнің ақталғанын көрмей кету болса қайтерсің?.. Осының бәрін ішіңе сыйдырып, әсіре қызып алқынбай, таяз судай шарқ ұрмай, байсалды, байыпты, ішкі мәдениеті терең жыр жазып өмір сүруде үлкен ерлік емес пе?! Олар өздерінің «ішкі қасіретін» тұншықтыра отырып осы жолды саналы түрде таңдап алса да, азалы күй бәрібір өлең сөзден бой көрсетіп қалары анық. Олар өз болмыстарының бітіміне бас ие отырып, жан жарасын осы жұпар жырмен демеп өмір сүргендей. Сағидың бейуаз, нәзік лирикаларынан да қарсылықтың ұшқыны елес беретіні содан ба екен?.. 

Ерте көрдім, ерте көрдім барлығын,

«Ерте көр» деп ерте берді тағдырым.

Жия бердім, сыя берді ішіме,

Сездірмедім көкіректің тарлығын.

«Қара бір жердің өзінде, қаттырақ басқым келмейді», - дейтін Сағи жырларының басты тіні – мейірім мен махаббат, жан шуағы мен ақ сезім. Оның өлеңдерін бәрінен талыққанда, бәрінен жалыққанда, қаталаған адамның ақ тұманың басына келіп жата қап сіміргеніндей, құмарлана, үздіге оқитынымыз содан. Сағи жырлары жаныңа тыныштық күйін сыйлайды. Өрекпіп, булығып келген баланың әже алдындағы дәрменсіздігі сияқты. Кейде, Сырбай, Сағи бастаған ақындар шоғырына таң қаласың. Бірі – оқ пен от бораған соғыстың өртінен шықса, бірі – сол соғыс ойран еткен ортадан, шаңырағы ортаға түскен әулеттен шығады. Шығады да, «тас бұлақтың суындай» кілең мөлдір, өміршең, нәзік те отты өлеңдер жазады. Батыста бұл буынды «Жоғалтқан ұрпақ» десе, біздікі сол жоғалтулар ішінде түлегендей, өртеңге өнген гүлдей өміршең. Есенғали Раушановтың «Сағиды тазару үшін, арылу үшін оқу керек» деген асыл сөзінде осындай емеуріннің жатқаны анық-дүр. 

Майсалы самал сайлар да,

Майыса есіп майда леп.

Сайрайды бозторғайлар да,

«Сағидай жырлау қайда» - деп.

Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың осы бір шумағы Сағи әлемінің күретамырындай бүлкілдеп тұр емес пе!?

Өзі пір тұтқан Хакім Абайдай ерте оянып, ерте туған Сағи жырларында –  тағдырдың өзі тарту еткен үлкен даралық пен табиғи жарасымдылық бар. Сағи Жиенбаев поэзиясын – мынау алғашқы балапан, жастық шақтағы жырлары, мынау есейген, толысқан кезіндегі өлеңдері, мынау соңғы сарынға булыққан топтамалары деп бөліп-жарып талдауға келмейтіндей. Сағи поэзиясы балталаса бөлінбес біртұтас дүние. Біртұтас жүйе. Ол үшін қуатты ойдан бас құрап шыққан ерке сөздің ішін ұғарлық парасат керек. «Мен ерте бастадым, бітірем ерте, бойдағы парасаттың нарқы келте» - деп сәуегейлік танытатын Лермонтов табиғаты Сағидан алыс. 

Кербез, кең тынысты Сағи үшін сырын алдырмас жұмбақ даланың нарқы басым. «Жыл келгендей жаңалыққа» елтіген Мұхтар Әуезов оны былай байыптаған: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым, оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар... біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін, соншалық шындық пен бетке ыстық дем сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе – осы шыншылдық». Сағи Жиенбаев поэзиясының жығылмас жалауы, сөнбес алауы – міне осы ұлы Мұхаң сүйінген шыншылдығында екені сөзсіз. Жалғандық пен айарлық атаулы иісі өнер атаулының қасы емес пе? Сөз басында емексіткен қызылды-жасылды, құйтырқы мәтіндер осы жсандылықпен бір атадан болса керек. Сағи ақынға келіп жансолығын басып отырғанымызда содан.

Бір өзің жайлап жалғанды,
 Жатырсың шалғай аймақта,
 Жастанып құба жоңдарды,
 Шаң мен шудан аулақта.

 Төбенің үсті, сай іші,
 Даланың жұмсақ саздары –
 Көктемгі жаңбыр дауысы,
 Көктегі құстың назды әні.

 Шайқалып кеткен шалғыннан,
 Көгілдір моншақ төгіліп,
 Көктемнен қалған айдынға
 Жатасың жаздай шомылып.

 Жөңкіліп сонау биіктен,
 Адырдан қарғып, алды орап,
 Барады заулап киіктер
 Артына тастап ақ жолақ.

 Шолып тұр байтақ даласын,
 Аруана қырда желпініп,
 Аспан мен жердің арасын
 Бір өзі ғана толтырып…

Сабасынан аспай-саспай жуас қана ағып жататын Жемнің бойында Оймауыт деген ауыл бар. Ақынның туған ауылы. Өлең сол туралы. Шағын ғана өлеңнің тұрқы махаббатқа малынып тұр. Ақын көктем, көгілдір, шалғын, саз, шуақ, шомылу, ақ жолақ, аруана сынды адам жанына мейірім ұялататын сөздерді жиі қолданады. Қолындағы ең аяулы затын кеудесіне басқандай, жүрегінің терең түкпіріндегі ақ сезімін шайқап алардай іңкәрлікпен жазады. Оймауыт бұл өзі – ақбас нарлар мен аруаналардың мекені. Осы өлкенің төл перзенті, дақпырт пен даңғазадан алыс Сағи әлемінде де – аруаналардың ақ сүті, ақ пейілі, бейғамдығы мен мәрттігі бар. Бәрін көтерген, бәріне төзген қайсарлығы бар. Нұр сипатты көз жасы бар.

Тәуелсіздік алғалы қазақ қоғамы, руханияты жапан түзде жоқ іздеген жолаушыдай аласұрып келеді. Аласұрып, алқынғанымыз сонша кейде не іздеп жолға шыққанымызды өзіміз байыптай алмай қалған сияқтымыз. Осы жылдар ішінде біздің жоқ іздегенімізден көрі жоғалтқанымыз көп пе деген ойда қылаң береді. Бір жоқшының артынан тағы бір жоқтаушы жөнелтердей кептеміз. Белгілі философ, жазушы Дидар Амантай бір жазбасында: «Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатігездіктің өрістеуі, немқұрайлылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр», - деген пікір айтады. 

Жазушының осы пікірі шынымен де бас июге тұрарлық. Ертедегі данышпандар «дүниені сұлулық құтқарады» дген де ой айтқан. Сұлулықтың бір аты – мейірім мен махаббат қой. Бізге әлемді құтқаратын, әлемді өзгертетін қаһармандар емес, айналасына шуағын шашып жүретін жарқын жүзді жандар қымбат. Менің пайымымша Сағи Жиенбаевтың поэзиясы сондай жандардың жолына шам-шырақ боларлық опалы өлең. 

Ешбір өзенге, не теңізге құймайтын томаға тұйық Жемнің бойынан шығар күндей көтерілген Сағи поэзиясы Алты Алаштың атырабына шуағын шашқалы да талай ұрпақ ауысты. Күн сөнген жоқ. Сағи жыры солған жоқ. 

Тағы бір таң атты.

Тағы бір өлең қанат қақты. 

Ары уланған, қолы былғанған қаламнан туған қызылды-жасылды шата мәтіндер алаңда теңселіп, желіде желдей есіп жүр. Құмырадан шыққан жындай қиғылық салады, құтырынады. Сағи күннің шапағына шомылған кәусар өлең томсарып, түнеріп қарап тұр. Ондай өлеңнің қаһары қатты. Жетімнің қолындағы бір үзім нандай кепиетті. 

Залалынан сақтасын, қайырын берсін. 

adebiportal.kz

author

Сағи Жиенбаев

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...