Петропавлда орыстың «Конек-Горбунок» деп аталатын ертек кейіпкеріне ескерткіш орнатқалы...
Жадыра Шамұратова. Тұңғышты күту (Новелла)
Ғалия соңғы жылдары «тезірек ұйықтап түс көрсем, түсіме суды шолп еткізген күміс қанат балық кірсе екен» деп ойлайтын болды. Ия, басқа ештеңе емес, тек қана балық көрсем дейтін. Еріккеннің сандырағы секілді бұл тілектің шығуының да өзінше мәні бар, әйелдер ауруханасында біраз ем алып жатқанда палаталас әйелдердің аузынан «түсіңде балық көрсең, не балықты ұстап алсаң екіқабат боласың» дегенді естіген бар-ды. Бір келіншек сондай түсін айтып, сол жердегі өзгелері де екіқабат болардың алдында балық көргендерін жарыса баяндағанда еріксіз таңғалған. Біреуі балықты өзі аулап алған, біреуіне баяғыда қайтыс болған атасы әкеліп күміс қанат балық сыйға тартқан, енді бірі екі қолына екі балық ұстап оянып, артынша егіз бала көтеріпті. Ғалия мұның рас-өтірігін де, әлде әйелдердің қиялынан туған нәрсе екенін де білмейді, бірақ, өзі осыған сенеді. Сенгендіктен де бір күні болмаса бір күні түсімде балық көрсем деп армандайды. Бірақ өзінің түсіне осы уақытқа дейін суда шоршып жүзіп жүрген күміс қанат балықтар бір рет те кірген емес. Өзі соңғы жылдары, әсіресе, сәби сүйсем деген тілекпен ғана күн кешкелі түс көргіш, түске мән бергіш болып алғанын да біледі. Қыз кезінде түс көрген болса да сәтте ұмытып қалатын, осыкүндері әр көрген түсін есіне сақтауға тырысып, ұсақ-түйегіне мән бергіш боп алды. Көзін ашпай жатып көрген түсін ойына түсіріп, ол неге көрінуі мүмкін, бұл нені білдіреді деп ойлап кетеді. Соңғыда көрген түсі ұнамады, бұрын-соңды барып көрмеген бір ескі базардан балық сатып алыпты, онысын үйге әкеліп қараса балық дегені әлдебір жыртқыштың иістеніп бұзыла бастаған еті екен дейді. «Қап, қарамай алғанымды қарашы» деп өкініп жатып оянып кеткен.
***
Бір айдан бері өзіне-өзі келе алар емес. Өзіне-өзі әлі келмейтінін мойындағалы да отыз күн. Миының қуыс-қуысын тек сәби туралы ой жайлап алған. Өзінің көңілін алабөтен күйге бөлейтін сәби туралы ойларын, жан жүйесін тербеп, бұлт үстіне қалықтатып шығаратын қиялын қайда жіберсе екен, жерді терең қазып көміп, болмаса бір шетіне от қойып өртей де алмайды, ешкімді көргісі келмейді, жұмысқа аяғы тартпайды. Өзін бала туа алмайтын, ондай бақытқа лайықсыз сорлы біреу көре бастағаны қашан басталып еді өзі. Отыз сегіз жасында оның жүйкесі дәрігерлердің алдында кезек күтумен, өзінің бедеулігіне себеп болған әлдебір қисынды-қисынсыз диагнозды анықтаумен, бітпейтін, шеті мен шегі жоқ анализ тапсырумен, ай сайын екіқабаттықты күтумен-ақ шытынай бастаған. «Сіздің үйге шілдеханаға қашан барамыз?» деуді ұмытпайтын туыстармен кездеспеуге тырысады, толып жатқан абысындары көрген жерде мұның ішіне көздерін қадайтынын байқағасын енді шақырған жерге де түрлі сылтау айтып бармай қалатын болды. Көшеде балалар «мама» деп өз шешелеріне дауыстағанда мұның жүрегін біреу жұлқып қалғандай болып, «кім біледі, өзіме айтылған осы сөзді өмір бақи естімей кетуім де мүмкін ау» деген өзінің осы ойынан өзі үрейленетін. Көшеде екіқабат әйел көрсе күйеуіне «мен де осылай жүрсем ғой» деп сыбырлағанын өзі де байқамай қалатын. Бәрін қойшы, құрбылары да, жұмыстастар да өздерінің сәбилі болатынын бұдан барынша жасырып бағатын болды. Құрбың болып қасыңда жүреді, сырын айтады, соңғы алған көйлегін, күйеуі сыйлаған алқасын көрсетеді, бірақ, екіқабат екенін жасырады. Сонда бұл ішін әлдебір өкініші жидітіп, өз мұңы өзінде, томаға-тұйық қалатын. Тұрмысқа шыққанына он бір жылдан асқанда жасанды жолмен екіқабат болу туралы хабарға елең етті. Бір әйел ұзақ жыл бала көтермей жүріп, осы клиникаға келгелі аяғы ауырлапты, қазір жеті айлық баласы бар. «Адам құлақтан азып, көңілден семіреді» деген, келіншек сәт арасында жүзіне арай жүгіріп, аты дардай клиникаға келіп қабылдауға жазылғанда өзін алда әлдебір ғажайып күтіп тұрғандай сезімде болғанын қайдан ұмытсын. Адамның көңілі әлденеден қатты үміттеніп, өзінен өзі лекілдеп тұрғанда бәрі оңай көріне ме, тіпті бұған клиникаға барып, тексеріліп, дәрігер әлдебір ем-шараларын жасаған бойда сол жерден сәбиін көтеріп шығатындай көрінгенін қайтерсің.
– Гормондар қалыпты екен, жатыр түтігінің жұмысында да ақау жоқ, осы жолы клостелбигитпен стимуляция жасап көреміз, - деді жылы жүзді дәрігер.
Келіншек мұның не дәрі екенін де, қандай әдіс екенін де білмейтін, тек үміті мен сеніміне ғана арқа сүйейді, тап қазір дәрігердің айтқаны ең бір сәтті шешім көрінді. Он бір жылдан соң өзінің осы жерге келгені тегін емес ау, дәл осы дәрігердің қабылдауына тап болуы жолы болғыштығынан шығар. Дәрігер айтқан қысқа мерзімдік стимуляцияның бағасы қажетті препараттарына байланысты қымбатқа шықты. Бірақ, Ғалия өзінің осы жолға іштей дайындалып жинаған қаражаты болғандықтан аса қиналған жоқ.
– Қане, біздің болашақ мамашаның көңіл-күйі қалай екен? Бөпені қарсы алуға әзірміз бе? – деп бастайтын жайдары дәрігер. Ол осы сөздерімен ақ әйелдердің көңілін көтеріп тастайтын.
– Біз бәрін жоспарлы түрде бастадық, – деді дәрігер.
– 9 жасушаның пункциясының нәтижесінде біреуі ғана жарамсыз болып, өзгелері эмбриологқа берілді, бұл тамаша нәтиже – деді екінші күні.
– Эмбриолог ол жасушаның төртеуіне ЭКО әдісін, төртеуіне ИКСИ әдісін қолданып көрмекші, бәрі сәтті болады деп сенеміз, – деді дәрігер келіншекті қабылдап отырып үшінші күні. Ғалия дәрігердің айтқан әдістерін онша түсінбейтін, бірақ дәрігерге сенді, оның жүзіндегі жылылық жанын тыныштандыра түседі.
Дәрігердің күткені болмады, барлық жұмыртқа жасушалары ұрықтанғанымен, ол мөлшерден тыс көп болғандықтан келіншектің жұмыртқа жасушасы жарылып кетіп, өзі қатты қиналып қалды.
- Уайымдама, жаным, бірінші ретте көбінде осылай болады екен, кейде ағза сондай реакция береді дейді, мұны дәрігер маған түсіндірді. Сен жылама, бәрі жақсы болады, – деп жұбатты күйеуі Ғалияны. Күйеуі жұбатқан сайын Ғалия егіле берді. Алғашқы ЭКО сәтсіз болғаннан кейінгі телефон шалғандарға жауап бермеді. Бір жылдан соң клиникаға тағы келді. Келіншек бұл жолы қорқып, іштей қобалжығаны сондай әр нәрседен секем алғыш боп алған. Бұл жолғы дәрігері көп сөйлемейтін адам екен. Бұл тіпті Ғалияға ұнай бастады. «Өзім түсінбейтін нәрсені сұрап мазасын алудың қажеті қанша?» деп ойлағаны да бар.
Қайтадан анализдер, УДЗ, жаңа протокол. Өткен жолғыдан қалған, арнайы қатырылып сақталған егіз ұрықтан қатты үміт етті. Екіқабаттыққа дайындықтың ортасында жатырда полип бар деген күдік болды. Бұл бүкіл жұмысты нәтижесіз аяқтауы мүмкін еді. Келесі УДЗ-ден кейін оның расымен де полип екені анық болды, дегенмен, протокол жалғаса берді, ұрық жатырға салынды, қосымша ем-шара жүргізілді. Бірақ, бұл жолы эмбриондар өліп қалды. «Бұл тағдырдың жазғаны шығар» деді күйеуі шарасыз күйде. Ғалия күйеуінің мұны не деп жұбатарға білмей, сөз таппай отырғанын көрді. Жарты жылдан соң тағы бір асығыс шешім жасалды. Арманына асыққан келіншектің күтуге шыдамы жетпеген, осы аралықтағы әркім өз ішінде билеткен үнсіздік пен бірінен-бірі аумайтын күндер оның жанын жеп қоятындай.
Асығыс әрекеті басынан бастап сәтсіздікке ұшырады. Шынына келгенде Ғалия кезекті криопротоколға миымен де, денсаулығымен де дайын емес еді. Оның жүйкесі жұқарған, кез келген нәрсені көңіліне алғыш, кез келген нәрсеге көз жасы дайын. Үп еткен желден суық тигіш, тез шаршағыш, күйгелек болып кетті. Арнайы сақталған эмбриондар бола тұра оны сақтау мен тасымалдау шаруаны қиындата түсетін болғандықтан басқа клиникаға бару туралы ойларын кері ысырып, бұл жолы осы клиниканың меңгерушісін таңдады. Басында өзін тәуір сезінді, көңілі де сергіп, бойына күш қосылғандай болып, «Құдайым көз жасымды көрген екен ау, ақыры бұйыртайын деген шығар» деп оңашада білгенінше дұға қылатын келіншектің алғашқы аптасы жақсы болды. Өзінің ішіне өзі ине салып, дәрі-дәрмегін қабылдап, арнайы тест арқылы өзінің екіқабат екенін көріп, бір күліп, бір жылап, көңіліне көктем орнап, Ғалия осы күндері таңда да, түнде де Құдайына өзінің алғысын білдірді. Таңда да, түнде де осы күнге шүкір деді. Оның ғажайып бақытты сәті жақын еді. Шіркін ай, жерік болып, әр нәрсеге көңілі шапса да, кей тамақтың иісіне шыдай алмай лоқси берсе де, шаршап болдырса да Ғалия соған бола кейбір ерке келіншектер секілді шағынбас еді ау. Ойбай ау, жерік болу, талғақтық дегенің бала күткен әйел үшін анық рахат сезім емес пе! Енді бірнеше апталардан соң іші дөңгеленіп тұрса, екіқабат әйелдер киінетін жерден көйлектер таңдап алса, сөйтіп ұзын бойлы күйеуінің қасында аяғын ауырлай басып Ғалия келе жатса... Бала киімін сататын дүкенге кіргенде сол жерде ұзақ аялдап қалғанын байқамайтын, енді сол өзіне ұнаған титтей киімдерді бірінен соң бірін сатып алады. Ұл ма, қыз ба, кім болса да болсыншы. Тезірек келсінші осы үйге. Түн ұйқысын төрт емес, он рет бөлсе де Ғалия оған риза болар еді ау.
УДЗ ұрық жасушасын жатырдан көре алмады, бұл жатыр түтігіндегі екіқабаттық еді. Егер тездетіп операция жасамаса әйелдің өзінің өміріне қауіп төнбек. Өзін «жедел жәрдеммен» алып кетіп, кейін есін жиғанда да ол жыламады. Өзін операция бөлмесінен палатаға әкелгенін сезген жоқ. Кешке қарай оянғанда басы ауырлап, өзін зіл қара тастың астында жаншылып жатқандай сезінді. Жан-дүниесіне жарық шашып тұратын ішкі қуаты өлеусіреп, өмірге деген құштарлығы да әлдеқайда жоғалған. Соңғы үміті де өшті. Осыны ойлағанда бұрынғыдай көңілі мұздамады, ішінде де ешқандай өкінген әлде опынған сезім болмады. Тіпті бір сәтке адамның іші өліп қалады деген осындай бола ма екен дегенді ойлап көрді. Шала мас секілді бұлдыраған санасын сүртіп, кеше не болғанын ұмытқысы келеді. Енді нені армандайды? Күн сайын ұйқыға жатарда өзінің айы-күніне жетіп жеңілденгенін, кіп-кішкентай шақалақты кеудесіне басқанын, күйеуіне хабарласып, «сенің кішкентай көшірмең менің қасыма жатыр» деп айтқанын, өзі соған ырза болып жымиғанын, күйеуінің де ар жақта қуаныштан жүзі алаулап кеткенін елестететін. «Адам өзінің қуанышты сәттерін, бақытты шағын үнемі көз алдына елестету керек, сонда оның өзі аңсаған бақытқа жетуі оңайырақ болады. Адам мақсатына жеткенін көз алдына елестетіп, армандай берсе, мақсатына жетеді» деген психологтардың сөзін ойына алып ызалана мырс етті. Сол тренингтерге неге барып еді? Өз ішіне сенім ұялату үшін, сол адамдардың сөзінен күш алу үшін барған. Енді соған кеткен уақытына, ақшасына іші ашығандай ма ау... «Соның бәрі далбаса екен деп ойлап жатты келіншек өз басындағы сәтсіздікке әйтеуір біреуді кінәлі деп табуға бекінгендей. «Осындай сандалған әңгімелерімен елдің басын қатырады, әлденеден үмітті, әйтеуір алда болар бір жақсылыққа сенетін, соған тезірек жеткісі келіп, әр нәрсені жанына жалау қылып жүретін жарым көңіл адамдардың сенімімен ойнау ғой бұл. Әйтпесе, айналып келгенде бәрі Құдайдың қалауымен...»
Қолына шаншыған ине арқылы тамырына дәрі құйған құтыға қарап жатып бір қарағанда қозғалмай, тіпті ағысы тым-тым баяу жүріп, өнбей жатқандай көрінген сұйықтың біртіндеп азайып, түбіне жақындап, бір кезде сарқылып таусылғанына таңғалғандай болып жатты. «Мынау ағып біткенше қашан, арқам сіресіп қалатын шығар дегенді ойлатып жатқан. Адамның үміті де сондай екен ау, кешеге дейін мен де соншама үмітті едім, енді аз күнде бәрі жақсы болып, өзімді шын бақытты сезінетініме сенгем, ал енді, міне, жоғарыда байланған құтыдағы таусылған дәрі секілді менің де үмітімнен түк қалмады» дегенді ойлағанда оның сырғып жанарынан аққан мөлдір моншақтар лезде ақ тысты жастыққа сіңіп кетіп жатты.
– Әлі бірнеше күн осы жерде болып ем аласыз, сіздің ағзаңызға одан кейін де күтім керек, ең бастысы жан тыныштығы керек, өзіңіздің жүйкеңізді тыныштандырып, жаныңызға демалыс беру – өз қолыңызда, – деді дәрігер.
Күнделікті жұмысында өзгермес сабырлы қалпымен, бірсыдырғы даусымен өзінің кәсіби міндетіне сай сөйлеп отырған дәрігердің көзінен жанашырлықты көрді.
– Сізден сұрасам бола ма?
– Айта беріңіз?
– Менің енді ешқандай мүмкіндігім қалмады ма?
Деуін десе де, «Мына алдымдағы қайта-қайта тауы шағылып, шерменде болған байғұс әйелге не десем екен?» деген ойын да, әлдене деп жауап беру үшін тамағын кенеп ұзақтау отырып алғанын да байқап отырған Ғалия өзінің сұрағы үшін өкініп қалды. «Бекер сұрадым, тағы да жақауратып, көңіліме қарап, алдай салатын сөз айтады ау. Көңілге қараймын деп өздері де байқамай үміт сыйлап кететіндері бар бұлардың».
– Мен сізге қазір ештеңе дей алмаймын. Әуелі емделіңіз, өзіңізге келіңіз. Сосын асықпай сөйлесеміз. Мен сізге бұл жағдай туралы ойлай бермеңіз деп ақыл берер едім.
Ол палатадағы өзінен басқа үш келіншекке, олардың өзара әңгімелеріне де назар аудармады. Бұрынырақта өзі секілді әйелдермен тез тіл табысуға, түсік тастаған не бедеуліктен емделген әйелдерді жұбатуға тырысатын, өзін де осы сынақтан өткенде алда әлдебір ғажайып жақсылық күтіп тұрарына іштей иланатын болса, бұл жолы ешкіммен тілдескісі де, әлдекімдердің мұның көңілін алдартқатпақшы болғанын да көргісі келмеді. Келіншектің құр сүлдері қалды, қараған жанды өзіне тартатын аялы жанары тұнжырап, көзінің асты көгіс тартқан, әйтеуір бірнәрсе ішіп-жегендей, телефон шалғандарға бірдеңе деп жауап бергендей, тіпті одан кейін жұмысына барып жүрді. Бірақ, ол өмір сүріп жүрмеген секілді еді.
- Бала асырап алсақ қайтеді, – деді бірде шай үстінде күйеуіне қарап.
Күйеуі үнсіз тамағын жей берді.
– Ұзақ жыл баласы болмаған ерлі зайыптылар сәби асырап алса артынша өздерінің де баласы болады екен.
– Сен ол баланы мейіріміңе бөлеп, пана болу үшін емес өзіңнің қажетің үшін ғана асырап алмақсың ба? – деді күйеуі бұған барлай қарап. Ғалия күйеуіне тіксініп қарап қалды.
– Сен не деп тұрсың? Бала асырап алғым келгені үшін, мүмкін содан кейін өзім де ана болармын деп ойлағаным үшін жазықтымын ба? – Жоқ, мен олай дегенім жоқ, сен де, мен де бала асырап алуға әлі дайын емеспіз дегім келген – деді күйеуі жуасыған үнмен. Сол күні Ғалия ваннада бетін жуып тұрып өксіп-өксіп жылап тұрып, «шынымен де бала асырап алсақ, ол мені мама десе, соңымнан томпаңдап жүгіріп жүрсе... Есі кірмеген не жаңа туған сәби болса, екеуміз бір-бірімізге бауыр бассақ оның бізден туғаны-тумағаны маңызды емес қой», – деп ойлап тұрды. Сол күні өзінің ойын құптамаған, қайта кінәлай сөйлеген күйеуіне осы жолы өкпесін білдіріп теріс қараған күйі жатып қалды. Өзі қырынан жатып, кеудесін ашыңқырап, бір қолымен баланың басын ұстағандай, екінші қолымен сәбиді құшақтағандай ыңғайланып жатқан ол өз қиялында сәбиін құшағына алған ана болатын. Егер әлдекім байқатпай келіп босағадан сығалар болса, келіншекті бір қырынан жатып баласын емізіп жатыр екен деп ойлар еді.
Ертеңінде екеуі ештеңе болмағандай жұмысқа жинала бастады, күйеуі келіншегінің етігін сүртті, киімін алып берді. Бір-бірінің бетінен сүйіп қоштасып кетіп бара жатқанда келіншек тоқтай қалып күйеуіне әлдене айтпақ болды. – Жаным, мысық алсақ қайтеді? Мысық ше... кәдімгі, бала мысық...
Кешегі өзінің ақымақтығына өкінулі жігіт келіншегінің көңілінен шығатын мүмкіндік табылғанына қуанып кеткендей болды.
–Мысық дейсің бе? Әрине. Бала мысық жақсы ғой, саған ұнаса алайық, сатылатын шығар, хабарландыруларды қарап сөйлесе бер, барып алып келеміз, – деді елпілдеп. Келіншек күйеуінің осы бір қылығына риза болып, қуанғандай тез басып аялдамаға жүрді. Жолда манағы көріністі елестетті.
«Саған ұнаса ала ғой, – деді емес пе? Менің көңіліме бола айтты ау, әйтпесе, ол мысықты ұнатпайтын еді ғой. Қалай есінен шығып кеткен»? Кешке келген кезде келіншек әлдебір гүлді әкеліп жарық мол түсетін терезенің алдына қойды.
– Қарашы, қандай әдемі. Қазір ол әлі кішкентай, ал ертең өседі, гүл атады. Фикус гүл атқанда... деп келіп келіншек үндемей қалды.
– Фикус гүл атқанда не болады? – деді күйеуі екі көзін теледидардан аудармастан.
– Фикус гүл атқанда әйелдер бала көтереді екен, жұмыста қыздардан естідім. Күйеуі келіншегінің жүзіне қарады да оны аяп кетті. Әр нәрсені ырым етіп, әр нәрседен үміт етіп, әр күні күтумен, бір ғажайыпты аңсаумен өтіп жатқан келіншектің ана болсам деген арманы оны күн өткен сайын жуысытып, жасыта түскен еді
– Жаным, сен білесің бе, бала деген жақсы ғой, бірақ, маған алдымен сен керексің. Сен! Түсінесің бе? Мына өмірде баласыз өткен адамдардың бәрін бақытсыз дей аласың ба? Мысалы, «кім менің бетіме келіп сен бақытсызсың, балаң жоқ!» деп айта алады? Мен ондай адамның өзінің бетін быт-шыт қып тегістеп жіберер едім. Өйткені, менің қасымда сен барсың. Бір-бірімізді жақсы көреміз ғой, қалғаны Құдайдың ісі. Жаным, сен... уайымдай бермеші.
Осыны айтқанда күйеуінің даусы дірілдеп кетті. Оның кірпігіне ілініп қалған бір тамшы жасты байқаған Ғалия дәл сол сәтте өзінің баласыздығын зор қайғыға балап, өзін де мүжіп, күйеуінің де төзімін сарқып, жанын піскілей беретінін ұққандай болды. Тіпті артық кетіпті ау. Енді бұлай күн сайын оны да, өзімді де қинай бермейін деп шешті. Ол күні ерлі-зайыптылар шайды күндегіден ұзақ ішті, әңгімелері де таусылар болмады.
***
Күйеуінің жұмыс орнына жаңадан келген жігіт жасы шамалас болғасын ба, біртүрлі іш тартып, бұлардың досы ретінде үйге келіп тұратын болды. Өзі ілтипатты жігіт, әңгімесі де түзу. Бірақ, отбасы жөнінде айта бермейді, негізінен жұмысқа қатысты әңгімелесіп қана отырады. Бір күні Ғалияның күйеуі оның өздерін қонаққа шақырғанын ескертті.
– Не қонақтық?
– Жай, қазақтың есік көрсетуі шығар.
Бөлмелері шағын үш бөлмелі пәтерге де осынша адамды қонаққа шақыруға болады деп орысы көп өлкеден келген Ғалия ойламапты. Тығылысып болса да сиысып отырып жатыр, әйтеуір. Бір байқағаны, бұл үйде бала да көп екен, бесеу ме, әлде алтау ма... Бірі келіп әкесінің мойнына асылып, бірі шешесінің етегіне жармасып, арғы бөлмеде тағы екі-үшеуінің бірдеңеге таласып жатқан дауыстары естіліп жатқасын ба, Ғалияға үй толы бала сияқты көрінді. Ол қонақ бөлмеге кіріп-шыққан балаларға қызықтай қарайды. Олардың шоколадтан айғыздалған беті де, ыстықтаған, термен жабысқан шаштары да, жарқын-жарқын шыққан дауыстары да Ғалияға аса сүйкімді көрінді. Ол тек өзінің ғана емес, күйеуінің де балаларды қызықтай, бұрын бұл байқай қоймаған ерекше пейілмен, айрықша ықыласпен назарын аударып отырғанын байқады. Іші аздап әлем-жәлем болғандай ма... Осыған дейін өзі баласызбын деп қанша мұңайып-жылап жүрсе де күйеуінің сыр бермейтіні оған бір алабөтен сенім беретін. Ол қандай сенім еді? «Күйеуім бала үшін тап мендей мұңайып езілмейді, баладан гөрі мені жақсы көреді» деген сенім бе әлде бала таппадың деп әйелін тастап кететін адам емес деген сенімі ме? Ол арасы өзіне беймәлім. Бірінші шайдан кейін әйелдер бөлек бөлмеде отырған кезде де көзінің қиығымен дәлізде күйеуінің шашы жалбыраған кішкене қызды көтеріп алып, еркелетіп, онымен сөйлесіп жатқанын көрді. Сыртымен жаймашуақ қалып танытып отырғанымен іші өртеніп жатқандай. Сонда мұнысы несі? Күйеуін кішкентай сәби қыздан қызғанғаны ма? Әлде сол қыздың шешесі өзі болмағанына іші күйе ме? Ғалия оймен отырып өзіне қойылған сұрақты да аңдамапты.
– Сіздің ойыңыз басқа жақта ғой деймін замандас, – деп жымиды үй иесінің келіншегі. Сұңғақ бойлы, ұзын көйлек киіп, орамалды жағынан тартқан келіншекті бес-алты бала тапқан деп айта алмайсың, жүзінде күйзелістің ізі жоқ, өз өміріне ризашылық пен әлдебір қанағат сезімі бар.
– Мамандығыңыз есепші деп естідім, әңгіме айта отырыңыз. Мен де бір кезде есепшілікті оқыған едім, кейін балалардан шыға алмай отырып қалдық қой, – деп әңгіме бастады келіншек. Бұл да барынша ілтипат білдіріп, әңгімеге ыңғай білдіріп жатыр.
– Неше балаңыз бар, ендігі үлкен шығар.
– Баламыз жоқ, – деп күлді. Неге күлгенін өзі білмеді, бұл өзін осыған кінәлі, айыпты сезінген шарасыз күлкі еді. -Иншалла, бола жатар, уайымдамаңыз, – деді мұсылман келіншек.
– Аллаһтан тілеңіз, шын ниетпен тілесеңіз тілегіңізді қайтармайды. Бұл үнсіз отырып қалды. Қонақтықтан келген соң да күйеуі сол үйдің балалары туралы, олардың күлкілі қылықтарын әңгіме қылып айтты. Айтқан сайын өзі соған мәз бола күледі. Бір кезде келіншегінің күлмей отырғанын, күлмек түгілі иығы бүгіліп кеткенін байқаған жігіт әңгімесін доғара қойды. «Жалғастыра берсеңші, тыңдаған маған да қызық, періштелердің сөздері, қылықтары керемет қой» дегенді бұл айта алмады. Ауыр ой жаншып, сол күні ұйқысы қашты. Арада біраз күн өткен соң күйеуінің жолдас жігіті бұларды тағы да шақырды.
– Ыңғайсыз ғой, өзіміз әлі шақырғанымыз жоқ – деп тартыншақтады бұл.
– Ештеңе етпейді, келесіде шақырамыз, – деп күйеуі жинала бастады.
– Тездетсеңші, Ғалияш.
Өзі солардың бұларды тағы да үйлеріне қонаққа шақырғанына қуанғандай ма, әйтеуір, қалбалақтап кеткендей көрінді бұған.
– Мен бармаймын.
– Неге?
–Сол, барғым келмей тұр.
–Қойшы, Ғалия, бармағаны несі? Барамыз. Ұят қой, адам сияқты шақырып жатыр. Бұл жолы алдындағы кішкентай қыз бар емес пе, Дария деген, соның туған күні екен. Сол қыз біздерді қонаққа шақырам депті. Сәби шақырғанда қалай бармайсың? Айтпақшы, оған не аламыз, кішкентай қызға қуыршақ па, әлде әдемі көйлек пе, өзің таңдашы. Күйеуі ауыз жаппай дамылсыз сөйлегіш болып алыпты. Ол үйге барса өткендегідей өзін біртүрлі ыңғайсыз сезініп отырарына Ғалияның күмәні болмады. Басқалар қуанышқа жиналып қуанып жатқанда зорланып жымиып, өтірік күлгенсіп отырғанның несі жақсы. Оның барғысы келмеді.
– Сен өзің барып кел, досың ғой. Мен бармаймын. Басым ауырып тұр. Күйеуі келіншегінің сылтауының рас-өтірігін анықтап алайын дегендей мұның бетіне ойлана көз тастады. Ғалия шынымен де ауырып тұрғандай еді. Желкесі тартып, шекесі солқылдағандай болды ма ау... Ол күйеуіне назар салмастан сөмкесінен бас ауруының дәрісін алып ішті. Сонда барып күйеуі оның сөзіне көзі жеткендей болып, киіне бастады.
Сол күні бұған күйеуі қонақтықта тым ұзақ бөгелгендей көрінгені ай. Түн ортасы ауа қоңырау басқан күйеуін қарсы алғанда ішінде аты-жөні белгісіз қызғанышы әлде өкпесі оянғандай болды, бірақ, сыр бермеді, тоң-торыс қабақ білдіруге болмайды, жіберген өзі. Ермеген де өзі.
– Дарияның туған күні ұзаққа созылды – деді күйеуі ақталғандай болып.
– Отырып қалыппыз. Айтпақшы, оған жылайтын, күлетін қуыршақ пен сөмкесі бар әдемі көйлек сатып алдым. Сыйлығыма қатты қуанды, «ағай, сізге лахмет» деп қояды үлкен адамша. Оның кішкентай інісі бар ғой үш жастағы, аты Жарас, Дария мен Жарас екеуі күреседі екен, енді балалардың күрескендері қандай деші, екеуі екіжақтан жүгіріп келіп, ұмар-жұмар, бір-біріне шекелерін соғып, оған өздері жылап, қызық болды, – деп қараңғы бөлмеде жалғыз өзі самбырлап жатқан күйеуіне:
– Ұйықта, ертең жұмыс, ерте тұру керек, – деген даусы салқындау естілгенін өзі де байқады. Өзінің балалардың күресі туралы әңгімені тыңдағысы келмегенін жасыра алмағанына қысылғандай да болды. Бірақ, ол әңгімені аяғына шейін тыңдауға бәрібір шыдамы жетпес еді.
Бірнеше күн өткенде телефонына белгісіз номерден қоңырау түсті, даусынан таныды, өткенде қонаққа шақырған келіншек екен. Хал-жағдай сұрап, іші-бауырына кіріп барады, «оңаша жерге барайық, бірауық бала-шағадан мойын босатып, оңаша отырың келеді, менімен барсаңыз деп едім». Ғалия оның көңілін қайтара алмады. Ғалия қазағы сирек, кілең басқа ұлттар тұратын өңірден келгендіктен бе, аса әңгімешіл емес, өзін саяқ ұстайтын мінезі тағы бар, бұл жолы да бастапқыда сөйлесіп кете алмады, дегенмен келіншек тілі майда, адамды баурап, әңгімені де жақсы айтады екен. Өзі күйеуін қатты сыйлайтынын, оған қызмет етуді бақыт санайтынын айтудан жалықпайды екен.
– Сіз күйеуіңізді бақытты еткіңіз келсе, оған мүмкіндік жетеді, мына өмірде перзентсіз өту қандай қиын, біз әдетте әйел адамдарды ана бола алмағаны үшін азап шегеді деп ойлаймыз, шын мәнісінде ер адамдар ішінен қасірет шегеді, кейбірі ішіндегі күйікті басу үшін арақ ішеді, кейбіреуі ажырасып жатады, ал сіздің күйеуіңіз тек сіздің көңіліңізге қараумен келеді екен. Ол сүйіспеншілігі шығар, бірақ, ол да бақытты болуы тиіс қой, өмірден ұрпақ сүймей өте бере ме?
Келіншектің әріден бастап, жүйелеп, созбақтап шұбатып әкеле жатқан әңгімесінің төркінін Ғалия енді түсінді. Өзі қапырық жерде басы айналып, жүрегі қаттырақ соққандай ма... Қапелімде не дерге де білмеді. Тек өзінің үнсіз кеткені дұрыс болмайтынын түсінді, не жаңағы келіншекке қарсы уәж айтып, не болмаса бұл әңгіменің шығу себебіне көз жеткізуі керек. Сонда бұл не айтқысы келіп отыр? Бұған күйеуіңнің басын босат дей ме, әлде бала асырап ал дей ме?
– Сіз менің сөзіме ренжіп қалмаған шығарсыз, түсінеді деп айтып жатқаным ғой. Бір жағы жанашырлық, бәріміз де мұсылманбыз, кейде ойға келмейтін нәрселер болады, ондайда білгенді еске салу парыз, – деп бір тоқтады сөзге шешен әйел.
– Сіз мынаны айтыңызшы, менің күйеуім сіздерге барып балам жоқ деп мұң шақты ма?
– Не дейсіз? Жоға, Құдай сақтасын. Ол кісі ондай айтудан аулақ. Мен жай достықпен айтып жатқаным... Көңіліңізге келсе кешірім өтінем.
– Шынымды айтсам, – деп бастады сөзін Ғалия ойлы жүзбен, - осы он алты жыл демей ақ қояйын, соңғы он жыл бойы ойлағаным тек сәби сүю туралы ойлар. Қаншама рет қаражат жұмсап емделдік те, жасанды жолмен бала көтертеді деп клиникаларды да біраз айналшықтадым, бірақ, Құдай бермейін десе қылған ниет, жасаған амалың бәрі зая екен. Ал, бала асырап алуды күйеуім онша құптамады, мүмкін, ол әлі әзір емес шығар. Енді біз бір-бірімізді қинамай, жаймен ақырын ғана өмір кешуді ойлаймыз. Өз арамыздағы сыйластықты, жарасымды сақтап өмір сүреміз деп шештік. Ғалия басында жай бір-екі ауыз сөзбен әңгімені тоқтатамын деп ойлағанымен, өзінің қалайша шешіліп, бар сырын айтқанын байқамады. Тамағына кеп қалған өксікті білдіргісі келмегендей жұтына береді.
– Әрине, дұрыс айтасыз. Ол ақылды адамдардың тірлігі. Келіншек әңгімесін одан әрі жалғады. – Еріне бақыт сыйлағысы келетін әйелге мүмкіндік те, жол да көп. Мысалы, сіз жолдасыңызға екінші әйел әпере аласыз, өз ырзалығыңызбен. Ондай отбасылар толып жатыр. Сол кезде жолдасыңыз да сізге өмір бойы ырза болады, ол әйелден туған баланы өзіңіз бауырыңызға салып алар едіңіз, ең бастысы осы ісіңіз үшін Аллаһтың разылығына бөленіп, жұмаққа бара едіңіз. Мен тек жай айтып жатырмын, бәрін өзіңіз шешесіз. Өз жүрек қалауыңызбен қылатын шаруа ғой.
Ғалия бұл шақырыстың ақыр соңы осылай аяқталарын болжағандай да еді. Өйткені, осынша уақытын шығындап, қайта-қайта сөзге тартып, сылап-сипай отырып сөйлегенде адамның әйтеуір бір мақсаты болары белгілі ғой. Енді бұл мақсат қайдан шықты? Ғалия күйеуіне сенеді, ол барып «әйелім бедеу, перзент сүйгізетін әйел алуыма рұқсат беруі екіталай» деп мұңайып, кеңес сұрамағаны анық, әлде досына жаны ашыған жолдас жігіттің тірлігі ме? Болмаса өздерінің бауыр дейтұғын сіңлілерінің бірінің бағын ашуды көздеген мына келіншектің түпкі ойы ма? Ғалия оңаша отырыстан рахаттанып емес, әбден қалжырап, шаршап шықты. Ыстық ұрып тастаған ба, жүрегі айнып, өңі бозарып тұрды. Келгесін де күйеуіне ол әңгіме туралы тіс жармады. Бірақ, өзінің ұйқысы қашты. Ертеңінде жұмысы да жүрмей, алдындағы есеп-қисабынан шатыса жаздады. Шынымен де күйеуінің бағын байлап жүр ау... Басқа біреу болса әлдеқашан бір жағына шығар еді. Осы кезге дейін адалдық танытып, шыдамды, берік мінезіне ризашылық білдіріп, күйеуіне рұқсатын берсе ше? Олай ету қолынан келе ме? Кешегі мұсылман әйел айтпақшы, жұмаққа барар еді, ел айтып жүретін дана әйелдің үлгісін көрсетер еді. Ол ойша күйеуімен арадағы әңгімені, оған рұқсатын бергенін, қимаса да қоштасқанын, бақыт тілегенін елестетпекші болған, бірақ, оған біртүрлі батылы жетпеді. Өзінің жастай қосылған жарын әлдекімге қиып беру мұның қолынан келмейтін ерлік еді. Оның осындай ерлік жасап елдің есінде қалар данагөй әйел болғысы да келмеді, жұмақ туралы да ойламады. Ол күйеуін әлі де бұрынғыша сүйетінін түсінді.
***
Теміржол вокзалының іші де, сырты да қашанғыдай қайнап жатты. Ығы-жығы сапырылысқан адамдардың ортасымен келе жатып, нені дұрыс істеп, нені ұқсатпағанын ойша саралаған болады. Күйеуіне командировкаға барам деп ескертіп қойған, бірақ жұмысынан арызын жазып біржола босап шыққан. Бағыты Ресейдің Қазақстанмен шекаралас жатқан қаласы, ол жақта туған бауырлары бар. Олар мұны өзекке теппес, дені сау, жұмысқа орналасса күн көріп кетер. Қанша дегенмен туған жері, туған бауырлары. Бұдан былай өмірінің жақсы шақтары қалған қалада, күйеуіне жақын жерде қала алмайды. Мұсылман әйел айтқандай оны басқамен бөлісе алмайтыны да белгілі еді, ал егер өзі қимылдап бір амал қылмаса күйеуінің бұдан айырылатын ойы да жоқ. Шынында да ол неге бұл дүниеден қу бас болып өтуі керек? Ұзын бойлы, кең иықты, кең маңдайы мен қыр мұрыны сымбатын аша түсетін жігіттің бақытты болуға қақы жоқ дегенді кім айта алады? Егер бұл оның өмірінен жоғалса, мүлдем көзіне көрінбесе, бірте-бірте көңілі суып, ақыры қайрылмасын біліп өмірін басқаша, жаңаша бастар, кім білген, мүмкін, оның жаңа өмірінен іңгәлаған, былдырлаған сәби үні естілер, сол кезде барып менің оны бақытты етуге деген талпынысымды түсінер, риза болар... деп ойлап бара жатты. Сырғып аққан көз жасына қараған жұрт таңырқамайды. Тіпті мән бермейді. Басқа басқа емес, тап осы вокзалда ғана көңіл босауға, көзден жас шығаруға рұқсат бардай...
Өз вагонына орналасқан бойда Ғалия телефонына қоңырау шалған күйеуінің номерін таныды. Жүрегі төмен тартып кеткендей болды. Жеті рет қоңырау шалыпты, бұл біреуін де естімепті. «Міндің бе, барғасын хабарлас, жылы киін» деп айтар еді. Бұл іссапарға шықса осылай телефон шала беретін әдеті. Кері звондауға батылы жетпеді. Өзін ұстай алмай жылап жібереді ау. Немесе оның жүрегін ауыртатын сөз айтып қала ма... Ғалия телефонына мелшиіп қарап отырды. Бір кезде саусақтары асығыс ұсақ әріптерді тере бастады. «Мен енді оралмаймын, іздеме, өз бақытыңды тап, үйлен, сәби сүй» деп жазды да телефонды өшіріп, сим картасын алып тастады. Вагон іші қапырық еді, содан ба, әлде көңілінің толқынысынан ба, Ғалияның басы қатты айналып, біртүрлі әлсірегендей болды. Вагонның басқа бір бөлігінен әлдекімнің қаттырақ қойған музыкасы естіліп тұр. Ол да бір мұңлы әуен екен, бақытсыз махаббатты жырлап, келіншектің ішіндегі әлдебір нәзік пернелерін баса түседі. Вагон терезесінен сыртқа көз салып, күннің батып бара жатқан қызыл жалқын шапағын көрді, картина сияқты лезде жоғалып жатқан қала көрінісіне қарап отырып әуелі көз жасы жаймен аға бастады, бір кезде тығыны атылып кеткендей солқылдай жылады. Бәрі бітті... Ол өзінің жүрегін де, жанын да осында қалдырып, өзімен бірге тек естеліктерді ғана әкетіп бара жатыр еді. Жылағаннан әлдебір жеңілдікті сезінді ме, жоқ па белгісіз, басы да бос қауақ секілді, жанында да күздікүнгі ауаны шалған салқындық бар. Осы сәтте өз ішіндегі сәт сайын ұлғайып бара жатқан мұңы мен өкінішінің салмағын елегісі келмеді, тіпті соңғы күндері қатты ой кешіп, көңілі неше бір сезімге билеткеннен бе, құрсағындағы жаңа тіршіліктің бүр жарғанын да сезбеген еді. Ғалия өзінің он алты жыл күткен тұңғышымен бірге жолға шыққанын әлі білмейтін. Алыс жолға...
19.01.2018.