Бұл мақалада 1980 жылдардан бүгінге дейінгі қытай әдебиетінің күй-жайына талдау жасалады. Қазіргі та...
АЙДАНА ҚАЙСАРБЕКҚЫЗЫ. ТОМАС ДИЛАН
14 мамыр валлиялық ақын Томас Диланның
шығармашылығын дәріптеу мен еске алу күні.
Халықаралық дата. 1953 жылы тап осы күні
Нью-Йорктің 92-көшесіндегі Поэтикалық орталық
(92Y The Poetry Center) сахнасында
Дилан Томас алғаш рет өзінің «Сүтті ну саясында»
шығармасын оқыған екен.
ТОМАС ДИЛАН
Дилан Марлайс Томас валлиялық ақын, жазушы әрі драматург. ХХ ғасырдағы ағылшын әдебиетінің көрнекті өкілі. 1914 жылы теңіз жағасындағы шағын қалашық Суонсиде дүниеге келген. Қираған үйлері көп болғанымен осынау шашыраңқы, жайбарақат, сұлу атырабы Уэльс жағалауына дейін созылған қалашықта Томас үшін уақыт тоқтап қалғандай-ақ сезілетін. Томас балалық шақтың қаласын суреттей бастайды. Тастақ соқпақтар, ойын алаңқайлары, хризантемасы аңқыған гүлзарлары дуалдары көп тас қалашықта ол тұтас бір махаббаттың дәмін татып, жастық шақтың айықпас ғадауатын бастан өткеріп, өлмес өлең жазды. Ол сол кезді «Кейде түсімде құпиялар аллеясымен жүгіріп келе жатамын да достарыма: «Міне, қараңдар, енді менің де құпиям бар, мен ұша аламын!» деп жар салатынмын. Ал олар маған сенбеген кезде қолымды қанатша сермеп, жерден алып құстай баяу көтерілетінмін де мұржалар мен ағаштардың, мәңгілік бақтың үстімен ұшып өтетінмін. Бұл бар жоғы түс қана. Қисынсыз болса да бұл уақта өңімдегі қала жанына соғыс салған жарадан айығып, шынайы да тынымсыз өмір сүріп жатқандай көрінетін. Мен түсімді мүлде есте сақтай алмаймын. Бұл өңім. Уэльстің жаны – көркем де тірі адамдар» - деп еске алады.
Томас Дилан шығармаларында елес аралындай уэльстік Лохарн қалашығын да көркем суреттеген. Ақын өмірінің көп бөлігін сондағы өзінің жеке кемесіндей көріп кеткен үйде өткізді. Мұнда оның балалары мен ғажайып туындылары өмірге келді. Өмірден қайтқан соң да ол сол өзінің Лохарнында жерленді.
Әлі хат танымаған ұлына әрі ақын, әрі мектепте әдебиеттен сабақ беретін әкесі Шекспирді дауыстап оқып берер еді. Ал кішкентай Томас болса балаларға арналған тақпақтардың үні мен суретті әзілдеріне қызығып, ондағы сөздердің түрі мен түсін көретін.
Томас Дилан 1934 жылы жиырма жасында «Он сегіз өлең» атты алғашқы жыр жинағымен әдебиет есігін ашады. Екі жылдан кейін «Жиырма бес өлеңі» жарыққа шықты. Жас ақын өзінің поэзия әлемін толқындар әуені мен күзгі тылсымнан тұрғызды, оның өлеңдерінен күллі ғаламның үні естілетін. Ол өлімге бас имеген, өмірдің көркемдігі мен ұлылығын дәріптей білді. Оның шығармашылығы хақында сыншылардың пікірі сан алуан. Бірі жас ақынды жылы қабылдап, енді бірі үздіксіз қарсыласып баққанымен, бәрінің ортақ ойы Томас Дилан адам ақылы жетпейтін арынды да бүлікшіл ақын дегенге саятын. 1939 жылы қаламгердің әйгілі өлеңдері мен шағын прозалық шығармалары бар «Махаббат картасы» кітабы жарық көрді. Әңгімелерінің кейіпкерлері аңғал да жалғыз, ебедейсіз әрі түсініксіз жаратылыстар өз қиялдарындағы армандары мен жүрек тебірентер естеліктерін аялап, сақтаумен өтеді.
Өмірінің соңғы жылдарында Томас Дилан тағы да бірер проза және өлең жинақтарын жарыққа шығарды. Шығармашылығының өзегі Уэльстің тұмса табиғаты мен кельт ауыз әдебиетінде болатын. Ол сөзді ғажап құбылыс санап, адамның ойы қалайша дыбыс қабығын жарып шығып сиқырлы сөз тіркестеріне айналатынының құпиясын ашуға тырысты. «Өлең, – дейтін ол, – ең ауыр еңбектің жемісі, ол тек қана сөз суретшілерін ғана емес, құдайдың нұры мен шеберлік өлшемінің арқасында елдің бәрін қызықтыра алады. Өлең тым епті түйінделген әрі барлық қағидаға сай орындалған болуы мүмкін, бірақ ол еңбекті өнер туындысының шеберіне айналдыратын, кез келген сәтте кездейсоқ ғажайыпқа сыйып кететін ашық кеңістіктерді де ойға алуы тиіс. Әлемге көркем өлеңдер сыйласа ол ешқашан бұрынғы қалпында қала бермейді».
Томас Дилан прозасына да оның балалық шағы тән. «Күшік үйшігіндегі суретші портреті» повесті мен рождествалық классика атанып үлгерген «Балалық, Рождество, Уэльс» секілді ащы оқиғалы новеллалары жаныңды тебірентеді.
Томас Дилан Америкада өте танымал еді. Кешке қатысып, өзінің өлеңдері мен прозалық шығармаларын оқитын. «Америкаға сапар» очеркі – оның мұхиттың арғы жағындағы «дәрісті көктемнің ауыр әуре-сарсаңы» жайлы кекесінмен жазған дүниесі. Томас қайырымсыз тағдырының белгісіндей болған Нью-Йорк сапарында көз жұмды.
«Америка сапарында» Ол былай деп аяқтапты: «...ақынға ақын болу үшін ең қысқа деген ғұмыр өлшенген, әрі оның міндетіне мына әлем мен өзінің жан дүниесінде болып жатқан нәрсенің барлығын тану мен сезіну ғана кіреді. Сонда ғана поэзия осы бір ештеңеге ұқсамайтын 1946 жыл мен есалаң әлемнен адамның тапқан даналық шыңын көрсете алады».
Брембер
Көлеңкелер баспалдақпен кіре беріске жеңіл сырғып түсіп келеді. Айна бетін баспалдақ қанатының күңгірт сұлбасы мен жыпылықтаған шамның жартышеңбері ғана сызғылап тұр. Көріп үлгергені осы ғана. Есік түбінде көлеңкелер қоюлана бастап еді, енді олар әрі қарай еден мен төбе арасындағы ымыртқа сіңіп жоғалды. Ол қалтасын қарманып жүріп сіріңке тауып алды да қолындағы жіңішке балауыз шамды жақты. Тырнақтай отты басынан жоғары ұстап есік тұтқасын бұрап ашып, табалдырықтан аттағаны сол еді, бөлмеден шаң мен шіріген ағаш иісі мүңкіді. Қиялдың жаңғырар сәтін аңдығандай жүрегінің де шым ете қалғаны қызық көрінді...
Ай жарығын жамылған кемпірлер шілтері тоқып отыр, зерлі матаның бүкпелерін жинаған саусақтары әлсіз де боп-боз болғанымен әлі өңін бермеген беттерінде балалық кейіп қызараңдайды. Мына бөлме оның есіне алғаш рет шынжырымен үрке кіріп, көңілсіз шалшық пен сонау алыстағы ағаштар ғана көрінетін терезеден көз ала алмаған сол бір естеліктерін еш айнытпай көз алдына әкеле салды. Бала кезінде клавесин ойнауға отырғызғанда оның шаң қапқан тілдерін жеңіл басқаны, сондағы ешкімнің ештеңе естімегені, көкке тыныш қана көтерілген сиқырлы әуеннен басы айналып қорыққаны да есінде. Еске алған сайын ұнжырғасы түсетін.
Сол бір бейқам фуганың жұбанышсыз қайғысын құшқан; нота беттерін аударып жатыр, ал қос жанарын жас бүркеп өзі ешқашан білмеген, ұмытқан, сүйген, жоғалтып алған әлемге деген бір ұлы қайғы қамады.
Содан бері қанша жыл өткені белгісіз, тек жіңішке балауыз шаммен клавесин маңайындағы биік шамдардың білтесін тұтатқаны сол еді, енді бәрінің бұрынғыдай болмайтынын алдын ала сезгендей мұңның тосын толқынына соғылды да қалды, ал жамыраған жарықтан қабырғалардың тарылғанын, айналасына шомбал орындақтардың дөңгелене үйірілгенін байқады. Әдеттегідей шаң құшқан клавесин тілдерін абайлап қана жеңімен сүртіп өне бойына саусақтарын жүгірте бастады. Олар сонша нәзік сұңқылдады. Мына аспап тілі шығарған ғажап әуен қандай тамаша мұңлы еді... Кенет құлағына есік сыртындағы қараңғы қапас дәлізбен жүгіріп өткен балалардың дауысы естілгендей болды. Содан соң бәрі тыныштала қалды, ендігісі тек ешқашан ешқандай адымның болмағанын ойлап, соған өзін сендіру ғана. Ол ойнауды жалғастырды, енді құлағына етегі жер сипаған жібек көйлектің жеңіл сусылы келгендей еді. Ол барын салып ойнай түсті, ал әуен үні бәсеңдегенде бәрі сол беті қайта жоғалды.
Қанша тырысса да үйіне оралуының себебінен жалтара берді. Өзі де шошыды, тіпті тоқтай алар емес. Анау жол ортасында ол кенет бүкіл жыл жабындыларын жыртып, өзінің ескі үйі сақтаған жарым түнек, қараңғы дәлізде тұншыққан дыбыстар, клавесин, қараңғылыққа ұмтылған сонау бір бітпес баспалдақтар, жүздеген өзгешелігі бар бөлмелер мен көзге көрінбей әр бұрыштан сығалап жан-жағыңда ұстатпай жымың қағатын қорқынышына қайтқысы келген көңіл ереуілінің құрсауында қалды. Ол алдыңғы есікке апаратын аллеядан өтті. Есік балғасында сол баяғы арыстан басы ыржия ақсиып тұр. Балғаны есікке ұрып тақылдатып көрді, ешкім ашқан жоқ. Енді тоқтамастан тоқылдатты, тек мынау мылқау үйден ешбір тіршілік белгісі білінер емес. Есікті иығымен итеріп көріп еді, ашыла кетті. Абайлап дәліз бойлай жылжып әр бөлмеге бір бас сұғып өзіне етене таныс заттарды тамашалап жүр. Барлығы да баяғыдай. Тек түннің өзі анау қалайы жақтаулы терезеден өрмелеп кіргенде ғана ол әуен бөлмесінің есігін ақырын сыртынан жапты. Өзін ешқашан мұнша жеңіл сезініп көрген емес. Ол қанша уақыт жүрек түкпірінде тұншыққан құпия тілегінің шөлін қандырып жоғалтқанымен қауышты да, ұмытқанын қайта есіне түсірді. Осы тұстан сапары да тәмәмдалды.
Бір сәтке балауыз шам лап етті. Күмбезді бөлме жарыққа жарыды. Бойын тіктей үстелге жақындағанда шаң басқан кітапты көрді. Оны қолына алып, жарыққа тосты. «Бремберлер әулеті». Сол бір беттері, ондағы барлық ағайыны, бәлкім үлкен ойшыл, бәлкім батыр, бәлкім әлемге өз қиял бұлтынан сырттай қарайтын ең үлкен арманшыл адам шығар, әйтеуір бүкіл бір әулеттің ұрпақтары белгіленген. Шежірені парақтай беріп ең соңғы бетіне де жетті: Джорд Генри Брембер, әулеттің соңғы тұяғы, қайтқан уағы ...
Ол өз есімі жазылған бетке паңдана қарап тұрып кітапты да нәумез жаба салды.
Шынайы хикая
Марта ес білгелі бері бұл кемпір өлім аузында жатқан. Ол анасына еріп бұған жемістер әкеліп беріп жүрген бала кезінен бері бұл боз кемпір орнынан тұрған емес. Енді ол бойжетті, шыт көйлегінің үстінен беліне алжапқыш буып, түссіз шашын шүйдесіне түйетін болды. Әр күні таңмен таласа тұрып үйге от жағады, қызылкөз мысықты үйге кіргізеді. Шәй қойып жоғарғы жатын бөлмеге көтеріліп ,ешқашан соқыр көзі ілінбейтін кемпірге иіледі.
Әр таң сайын кемпірдің өлі жүзіне үңіле қарап сәл тұрып көз алдында қолын бұлғайды. Демінің бар-жоғын біле алмай дал болады. «Сағат сегіз, сегіз болып қойды!» дейді. Сонда сонау кірпігін де қақпайтын соқыр көздер көркем күлімсірейтін. Алақанына шәй толы шыны аяқты қоймақ болып Марта өзі жұмсақ та кіп-кішкентай қолын созбайынша кемпірдің жарылған қолы көрпе астынан көрінбейтін де, қозғалмайтын да.
Шыны аяқ босағанда оны қайта толтыратын Марта шәйнекте ештеңе қалмағанда төсектен іш киім тасиды. Шашы секілді тәні де сұп-сұр болып созыла түсіп түнгі көйлекпен кемпір жатады. Марта төсек жаймасымен қоса оның үсті-басын да реттейтін. Шәйнекті әкететін. Әр таңда бағбан бозбаламен бірге таңғы асын ішетін. Ас үй есігін ашып еді, сонау бақ түпкіріндегі қолына күрек ұстаған бозбаланы көрді.
«Тоғыз жарым болып қойды» деді. Жас жігіт сүйкімсіздеу еді, көзі анау мысықтың көзінен де қызыл, ал екі бетінен қыз кеудесіндей нобай анық білінетін. Марта оның алдына асын қойды да алақанын отқа тоса қарама қарсы отырды. Тамақтанып болып жас жігіт үнемі одан: – сен үшін әлдене істегенімді қалайсың ба?- деп сұрар еді. Бірақ ешқашан «иә» деген жауап алған емес.
Содан соң жас жігіт бақшадан картоп қазуға немесе тауыққорадағы жұмыртқаны санауға кетеді. Ал бақтағы жемістер піскен кезде олар оны түс ауғанша жинайтын. Бір уыс қып-қызыл қарақатқа қарап тұрып Марта кемпірдің төсегінің астындағы байлық жайлы ойлайтын. Ал егер тауық етін дайындау керек болса ол анау баяу қозғалатын, кесілген мойнында пышақты ұстап тұрып қан жұққан жүзін жеңіне сүрткіштеп тұратын жас жігітке қарағанда құсты ептірек бауыздайтын. Ол тауықты ұстап алып бауыздайтын да қанның жылуы қолын жалай бастағанын сезгенде босатып жіберіп оның бассыз күйде бақ соқпақтарында қалай жүгіретініне қарап сәл тұратын. Кейін ас үйге кіріп қолын жуатын.
Көктеменің алғашқы аптасы басталды. Марта енді жиырмаға толды, кемпір болса баяғыдай бүкіл байлығын астына басып алып тыныстағанын да сездірмейтін түнгі көйлегінде сұп-сұр қалпында қолын таңғы шәйға созғандай жата берді. Ал Мартаның қаншама арманы бар еді. Өзінің болашақ жары туралы ойлайтын, мүлде ақшасы болмағасын өзі қалаған сәнді қара көйлек пен гүлдестелі қалпақты да тек қиялында ғана киетін. Базарға жұмыртқа мен көкеністер апаратын кезінде Марта кемпірден алты пенстік ділдә алып жас жігітке беретін де оның орамалға түйіп әкелетін ақшасын қайтадан осы кемпірдің қолына ұстататын. Марта жеке бөлмеде, бағбан бос қорада сабан үстінде ұйықтаса да екеуі бұл кемпірге жатын орын мен ішер ас үшін ғана қызмет қылатын.
Бір базар күні Марта қызған маңдайын суытып, ісіне тағы бір ой жүгіртіп шығу үшін баққа ертерек шықты. Ол аспаннан қос бұлтты көрді, екі қалыпсыз алақан бұлт жұмыла барып күннің шекесінен құшақтады. «Егер мен құс болсам анау ашық тұрған терезеден ұшып кіріп кемпірдің тамағынан шоқитын едім» деп ойлады қыз. Бірақ маңдайынан сипаған мына салқын жел оның осы ойына дейін ұшырып әкетті. Ол өзінің ерекше жаратылыс екенін жақсы білетін. Әлгі бағбан жігіт сабанында қорылдап, анау кемпір тас қараңғысында жалғыздан жалғыз қалатын қыстың кештерінде бұл кітаптан бас алмайтын. Ол алтынды аямайтын әлдебір құдай туралы, адам тілінде сөйлейтін жылан мен белгісіз бір төбеде тұрып өртеніп жатқан бұтақпен сөйлесетін әлдебір адам туралы оқитын.
Мына бақтың түкпіріндегі, дуал маңындағы жасыл желеңнің тарылған құмдауыт тұсынан топырақ төмпешікті тауып алды. Мұнда бұрын бақтағы тауықтарды талағаны үшін өз қолымен өлтірген төбетті әкеліп көмген болатын. Крестке «жаның тынышталсын» деп жазған да әлі күнге сол ит тірі жүргендей өлген уақытын тырнап тастаған. «Мен оны мына иттің жанына көміп үстінен көңмен басып тастасам ешкім таба алмас еді» деп ойлады. Сөйтті де қолын сүртіп ас үйдің есігіне қарай беттеді, екі алақан тағы да күнді құша бастады.
Ас үйде кемпірге тамақ жасап, жұмсартылған картопты шәймен апаруы керек еді. Пышақтың тоқылдаған дауысы естілісімен жел тынды, онымен қоса жүрегі де шүберекпен орап қойғандай баяу соғатын секілді. Тыныштық тағына жайғасты; Мартаның тізесіндегі қос қолы мұздап қоя берді; тек мұржадан қозғалыссыз аспанға қарай өрмелеген түтін ғана көңілін алаңдатып тұр. Сілтідей тынған тыныштық орнаған сол бір сәтте кенет әтеш шақырды, сонда ғана жас бағбанның базардан оралар уақыты таяғаны есіне түсті. Тізесіндегі қолы әлі мұздай. Өлімге қызығып отырып жігіттің қақпаны ашқанын да есітті.
Бағбан жігіт ас үйге кіргесін картоп тазалап отырған Мартаны көріп ділдә толы түйіншекті үстел үстіне тастай салды. Ақша сыңғырын естіген бойжеткен оған тұңғыш рет бар мейірін төге күлімсірей қарады. Жігіт оның мұндай жайдары жүзін әлі көрмеген болатын.
Көп кешіктірмей асын дайындап алдына қойды да отқа жақын жерден қарама қарсы отырды. Сәл ғана басын игенде қыздың шашындағы жоңышқаның иісі жігіт танауын бейжай қалдырмады, тырнағының астындағы бір қабат бақ топырағын да байқап үлгерді. Тауық ұстау немесе бұта-бұтада самсыған жемістерді жинау үшін ғана болмаса бойжеткен үйден мынау тысқары әлемге тым сирек шығатын.
– Сен ананы тамақтандырдың ба?- Қыз үндемеді. Тамақтанып болған жігіт орнынан тұрып әдетінен айнымайтын сұрағын тағы да қойды, – Сен үшін бірдеңе істей алар ма екенмін?
Марта алғаш рет «иә» деді.
Ол бұған әлі бірде бір рет «иә» деп көрген емес. Ешкім әлі бұнымен дәл Мартадай тіл қатысқан емес. Омырауының да кескіні ешқашан мұнша айқын байқалған емес еді. Ыдыс-аяқ біткенді ебедейсіздеу ысыра бере қыздың жанына жетіп барды, қыз қолын иығына артты. «Мен үшін не істей аласың?» деп сұрады да жалаңаш кеудесін көрсетпекке көйлегінің иықбауын ағыта салды. Ақырын ғана бағбанның қолын балқыған төсіне апарып қыса түсті. Жігіт жалаң жеріне желіге қадалды да «О, Марта» деп кеудесіне құлай кетті. «Мен үшін не істей аласың?» деп сұрайды қыз. Марта төсек астындағы байлықты ойынан шығара алар емес; бағбанды өзіне қарай қыса берді, көйлегімен қоса енді іш көйлегі де еденге естілмей құлады. «Мен не қаласам соны істейсің...»
Әлдебір сәттен соң оның құщағынан босап шығып аяғының ұшымен бөлмеге қарай жүгіре жөнелді. Жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатып есіктен жалаңаш қалпымен бұрылды да ыммен бағбанын шақырып не істеуі керек екенін түсіндірді. Байып кетеміз деп сендірді. Жігіт тағы да ұмсынып еді саусағынан қысып тоқтатып алды. Күлімдеді де амалсыз басын изеді. Қыз алдына түсіп баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жатты да есікті ашты. Жігітіне үндемей осында күтуін бұйырды. Кемпір жатқан бөлмедегі шытынаған құмыра, жартылай ашық терезе мен қабырғада ілінген нақыл сөзді көзімен бір сипап өтті де кемпірге жақындады. «Сағат екі болды!» Соқыр көздер бұл жолы бекер жарқырай қуанды, Марта кемпірдің мойнынан уыстап үлгерген еді. «Сағат екі болды!» Енді кемпірдің басын қабырғаға ұрды. Кемпір кәлләсінің жұмыртқа қабығындай шытынап жарыла салуына үш рет ұрғанның өзі де жетті.
– Сен не бүлдірдің?-деп айғайлады жігіт. Марта оны бөлмеге шақырып алды. Ашық есіктен ентелей кірген жігіт төсек жаймасына қолын сүртіп жайбарақат тұрған жалаңаш сұлын көрді. Қабырғаны қызыл домалақ дақтан қашқан қан тамшылары сүйіп тұр. Шошынған жігіт ойбайшыл, Марта тыныш деп белгі берген сол еді оның сыбырлаған үнінен одан сайын шошынып төменге жүгіре жөнелді.
«Енді Мартаның бөлмеден жел секілді ұшып кетуі керек!» Бойжеткен адымдай басып жартылай ашық тұрған терезе алдына келді де жақтауына аяқ артты. «Мен ұшып барамын!»
Бірақ Марта ұша алмайтын.
Лохарн
Кейде ұзақ, кейде сирек, қуанышта да, қайғыда да, татулық пен жеңілісте, ересек шақ пен жастықта да осы бір алыстағы жоғалған қалада, құтандар мен бакландар (мұнда оларды теңіз қарғалары деп атайды) мекендейтін, қамалы қасқайып, қабірі дамылдаған, айнала толы шағалалар, елестер, қаздар, қоңырау толы жарқанаттар, жасырын күнәләр, сырахана, лайсаң, моллюскалар мен камбала, жайсаң жаңбыр, бәлкім шектен тыс жайсаң адамдар өмір сүреді; мұнда әлі күнге бөтен болсам да әлдекімнің маған көшеде тас лақтыруы екіталай да, мен бірнеше қала тұрғынының есімін келесі құтан қайтып оралғанша атай алатын осынша уақытқа бағынбайтын, ғажап қалада өмір сүріп жатқаныма, міне, он бес, әлде жүз жылдан асты.
Кейбір жандар Лохарнда туылып, жәй ғана көшіп кетуге себеп таппағасын осында әлі күнге өмір сүруде; басқалары айнаның ар жағындағыдай келуі мүмкін емес алыстан, немесе тіпті Англиядан әртүрлі ойға келмес себептермен көшіп келіп, жергілікті тұрғындардың абыр-сабырына сіңіп кеткен; ал кейбірі қалаға түнек жамыла кірді де бірден жоғалып кетті, бірақ кейде олар тастанды үйлерде түн түнегінің тыныштығын бұзып өздерін ұстап беретін, кім білсін, бәлкім бұл төсектегі елес секілді бір-бірін бауырына басқан аппақ үкілердің тынысы шығар; араларында халықаралық сақшылардан немесе өз әйелдерінен жасырынып жүріп осында тап болғандары да бар шығар; әрі күні бойы өздерінің мұнда не істеп жүргендерін білмейтін және оны ешқашан білмей кететіндер де бар: сіз оларды аптаның бел ортасында да валлиялық нашақорлар секілді баяу, ұйқылы-ояу, ауыр да ебедейсіз мелшиген қалпында көше бойы сандырақтап келе жатқан жерінен жолықтыра аласыз.
Ал кейбір мен сияқтылар қайсыбір кезде бір күнге соғып, автобустан шыға бере қайту керектігін ұмытып, сол беті осында мәңгілікке қалып қойғандар. Біздің мұнда қандай себеппен келгеніміздің енді еш маңызы жоқ, дегенмен небәрі жеті-ақ дәмхана, бір ғана жұмыс істейтін шіркеу, бір кіші шіркеу, бір фабрика, екі бильярд үстелі, бір «Сенбернар» бары (спирттік өнімсіз), бір полицей, үш арық, теңіз, балық пен қуырылған картоп сататын бір «роллс-ройс», бір зеңбірек (шойыннан құйылған), бір сот (ет пен теріден жаралған), бір сот әкімшілігі, бір Дэнни Рэй мен әр алуан халқы бар осынау уақытқа берілмейтін, жуас, алдамшы аралдай қалада өмір сүріп келеміз, әрі біз үшін мұның орнын басатын басқа орын жер бетінде жоқтың қасы.
Ал егер көрші ауылға немесе қалашыққа бара қалып осы бір жабайылау, мамыражай, көне, әлдекімі тіпті еңбектеніп те көрместен тыныштыққа қашқысы келіп тұратын, қайда кеткісі келсе де небәрі жүздеген ярд жерге тек шайтанарбасын ғана тақымдайтын сонау алыс түпкірдегі Лохарнда тұратыныңызды айтсаңыз әлдебір сақ жандар сізге тіпті арқасын беруі де ғажап емес, бір-бірін шынтақпен түрткілеп әлденелерді сыбырласып көзге қораш көрінген дүниелерді тыққылап әуреге түсері анық.
«Бірдеңеге ұрынбай тұрғанда абзалы бұлардан аулақ жүру керек» - дер сіз жайында.
«Бұларда қайықтарын байлап жатқанда тіпті бақандары да шашылып жатады».
«Онда ылғи қамытаяқ әйелдер».
«Байқашы, көзі тиіп кетпесін!»
«Ол жерге ай жартылай ғана туғанда баруды құдай басқа салмасын!»
Олар Лохарнды көре алмайды. Олар біздікілердің ойға келмес істермен әуестенетіне, түкке тұрмайтын бос әуреге түсіністікпен қарайтынына, бөтен қателікке жасалатын ұлы кешірімдеріне не өздерінікін қайда жіберерін білмей оларын әлпештей қайталайтынына, оның аралдық қанатты ауасына, тіпті жүздеген жылдар өтсе де мұнда ештеңенің де өзгермейтіндігіне қызғана қарайды. Оның еш қымсынбай-ақ ешкімге қажетсіз бола алатыныны және содан айызы қанатыныны олардың шамына тиеді. Әрі сол ыза мен қызғаныштан да олар оған небір жала жапқыштап, салақ, жүдеп-жадап жын соққан, тіпті мифтік, сонау теңіздің қара сиқырлы әулетіндей қорлағысы келеді де тұрады. Ал ол сондай ма еді? Олай болмас деп үміттенемін.
Америка сапары
Америка Құрама Штаттары арқылы, Нью-Йорктан бастап Колифорнияға дейін және кері, қайта-қайта, ай артынан ай, тұтас жылдың өзі әлемнің барша білгірлері, іс жүзінде Америка Құрама Штаттарының таң қалдырарлық әділетсіз дәріскерлері, тіл мамандары, әлеуметтанушылар, экономисттер мен жазушыларының кешкі астардағы ішіп-жеу процессиясымен созылады. Ұшақ пен отарбада, қонақүйдегі жатын бөлменің қызған ошағының алдындағы сөйленген сөздер мен сұхпаттардың арасындағы рухты әрең аударып алса да, бұлардың басым көпшілігі тағы сапар естеліктері мен күнделік жазып данышпансиды. Бастапқыда әдеттен тыс молшылықтан ұяла қызарып, өздерін ел ойлағандай сонша бір маңызды тұлға санамастан жайылған құшақтардан жалт беріп жүріп олар күнделікті тіл тосқауылынан асып өтіп, мінез, мәдениет пен Америкадағы саяси жағдайлар жайлы өз киіз дәптерлеріне толғататын-ай кеп.
Бірақ жол ортасында, шамамен Орта Батыс университеті мен клубтардың арасындағы әлдебір тапталған соқпақтарда жазушылық ынтасы қайта бастайды; қайда барса да алдынан шығатын кісі жалықтырар жігерілендірілген құттықтаулардан үн-жұрғасы түсіп, халықтың, мысалы, диапозитив көрсетіліммен шығарылған керамика туралы дәрісті, тура сондай шынайы ынтамен өткен аптада ғана әлдебір заманауи түрік романы туралы баяндаманы да қошеметтей қабылдағанын көріп өз-өздеріне, өз беделіне күмәнмен қарай бастайды. Содан да өмірлік естеліктерінде «Барар жерің Балқан тау!», «Тобыр!» немесе «Ақ жалауым мінекей!» деген сарындағы леп белгілері шұбырады да үзіліп кетеді. Есесіне біздің дәріскерлер біресе анда, біресе мында сауысқандай сұңқылдаудан танған емес, көздері күлдіреп өз жасынан әлдеқайда кәрі көрінеді, және үйіне бет алатын лайнердің баспалдағына дейін оларды жетелей әкелетін тілектес те небір қошеметшіл достар арқасынан қаққыштап, қолтықтап алып қалтасын талай шөлмек, сонеттер, сигар мен мекен-жай қағаздарына толтырып каютасында қоштасу кешін жасап, тағы да арқасынан қаққылап қыңсылай-қыңсылай қоштасып шығады да айлақтан Европадан келе жатқан тағы да біраз айтулы, су жаңа, тістелмеген бәліштей жаңа бір дәріскерлер легі орналасқан кемені асыға күтіседі.
Эксгибициондар, небір сөзшеңдер, театр сыншылары, шешен дінтанушылар, тарихшы-шежірешілер, балетқұмарлар, үмітті сәулетшілер, көк мылжыңдар мен майтабан маңғазар, небір қу, маркасүйер мырзалар, бифштекс сүйер сабаздар, миллионер жесірлерді аулағыш мергендер, (қоржыны толы болғанымен ми сауыты бос) шораяқ атақтан зардап шеккен шықберместер, маңған мансапқұмарлар, епископтар, маусымның ең майсаң марапаттылары, қаламгер іздеген редакторлар, баспагерлерді іздеген қаламгерлер, бақыр іздеген баспагерлер, экзистенциалисттер, байыпты-байыпты физик-ядролы қару шығарушылар, лорд Элджин әкелген кесек мраморларды да шайнап түкіріп тастайтындай сөйлейтін BBC бектері, Философсымақтар, (бәлкім жалған немесе) нағыз ирландықтар мен ойға алуға да қорқынышты биттің қабығындай кітапсымақтарын көтерген жуан ақындар осылайша әр көктемде Нью-Йорктан Лос-Анджелеске бет алады. Және осынау тілі өткір лекке үстінен клуб креслосының былғарысы мен ат қораның, демінен ең бір жақсы виски мен түлкі қанының иісі аңқып, бір көзіне монокль көтерген бойшаң ерлерді де қосыңыз; Англияда ойлап табылып шетелге «Панчты» жарнамалауға жіберілген дейтін жорамалға жетелейтін провинциялық мұрты қиыла созылып, езулерінен ең бір үздік азулары сорая сығалаған тап осы мырзалар небір әйелдер клубында «Шотландия аралдарындағы гравюра тарихы» сынды ақылға сыймайтын тақырыптағы дәрістер оқиды. Және бұл жерде терісі қалың, жалған бұйра шаш киген ер адамға ұқсайтын апатайлардың тотыққан темірдей өктем үні де жиі шығады; өздерін «қарапайым британ үй шаруасындағы әйел заты» деп атайтын бұл жалған атақтылар небір тойған, шіріген байлар мен америкадағы денсаулық сақтау қағидаларын бұзған әулеттерден шығып, қара күзен тоны тұла бойына үйлескен шешейлермен кеншілердің қылмысты жалқаулығы жайлы, Эньюрин Бивеннің ендігі анық байқала бастаған мүйізі мен құйрығы жайлы, қорғасын таяқтармен қаруланған баукеспе жігіттердің кесірінен бүкіл ағылшындардың түнгі көшелерде жалғыздан жалғыз серуендеуге қорқатыны, билік басындағылардың сол бір жасөспірімдерді кез келген жазықтылығы үшін аяусыз дүрелеуге қимайтындығы мен тапанша бергісі келмегендігінен туындаған полицейлердің қауқарсыздығы туралы шүйіркелесуге жақын-ақ.
Және онда Атлантиканың екі жағына да танымал болуға талаптанатын дарынсыз роман жазуды ұмытып кетуге бірнеше рет душар болғаннан кейін өз-өзін жоғалтқан хәлге түскен абыржыңқы британ қаламгерлері кейде сенделіп, кейде мылжаланып жүретіні тағы бар. Өз отанында олар ұяла жүріп алғашқы құлақ тұндырар жетістіктерінің құмарына қанған; бастарын айналдырған екі-үш мақтаулы әдеби таңғы ас соның алдында берілетін түкке тұрмас херес (жүзім шарабы) секілді ұмытылады да кетеді; және сол дөңгелек мол сома өздеріне қарай еш бөгетсіз төніп келе жетқанда қиялы бұлт арасында шарықтаған жазушы кейпінде отырса да ойына бірден тезірек мына жерден табанды жалтыратып ауылына барып тыныш қана сона бағып (әлде ара ма еді?) енді ешқашан адам жалықтырар бірде-бір сөз жазбау туралы ой келеді. Бірақ ойламаған жерден небір әдеби агенттің қазымыр ізкесерлері мен баспасөздің желаяқ жансыздары тап келіп: «Сіз Штатқа барып жеке сөз сөйлеуге тиістісіз. Онда бізді таң қалдырмайтын романыңызға барлығы дерлік шектен тыс масаттанып, тамсанып отыр. Сіздің Штаттарға барып сабақ болатындай дәріс оқуыңыз керек... әйелдерге». Сөйтіп осыған дейін әлдебіреуге, әсіресе әйелдерге ақыл айтуға батпаған, әйелдер жайлы жаза тұра әйелден қорққатын, әйелді түсінбейтін, әйелдердің басы кетердей еш өзгешелігі жоқ қырсыз жазушылар, әлде осы бір жылыжай өсімдіктері ойда жоқ айқайына басады: «Не жайлы дәріс?»
«Ағылшын романы жайлы».
«Мен роман оқымаймын».
«Онда көркем әдебиеттегі ұлы әйелдер жайлы».
«Мен көркем әдебиетті ұнатпаймын, әйелдерді де әлбетте».
Енді бір сәтте олар Нью-Йорктық мәзір немесе Чарльз Морганның кітабынан кейінгі жарты сағаттағы жазылатын дүнилер секілді бітіп бермейтін кездесулер тізімімен «Виктория пайшайымның» пүліш қойнауы секілді бірінші класстық каютададан бір-ақ шығады, көп кешікпей олардың шабақтай ғана шағын да суық қолдары әлдебір мығым, әлдебір тершең, әлдебір тырнағы бүгілген небір бикештердің қол созысқан сабына батып кете барады. Айтпақшы, егер қателеспесем «Англияға айтыңдаршы» кітабының авторы Эрнст Раймон да бір кездері американ әйелдер клубына сапар шегіп, өзі болған әр қалашықта оны ең барақ ішік жамылған еңгезердей ең бір қалталы әйелдердің еркелеткені де, ермек еткені де бар.
Бір күні оны бекеттен әдеттегідей жанында інжу алқасына қылқынған қортық әйелі бар тура мүйізді көзілдірік киген саламатты жуан әлдебір ұлы ие секілді мүйізді көзілдірік киген саламатты жуан мырза өзі әрең сиятын таудай көлігімен күтіп алды. Раймонд мырза әлгі әйелмен бірге артқы орынға жайғасады да көлікті оның күйеуі жүргізіп келеді. Тағаты таусылған әйел жазушыға күйеуі екеуінің, комитеттің әйелдердің әдеби және қоғамдық гильдиясымен оның кездесуін сөзбен айтып жеткізгісіз дәмемен күткенін хабарлап оның өзі мен жазған кітабын мақтай жөнеледі. «Сенесіз бе, бүтін бір өмір бойына ешбір кітап мені дәл сіз жазған «Соррелл мен ұлы» кітабыңыздай таң қалдыра алған жоқ, – дейді әйел. – Сіз адам жанымен етене таныс екенсіз! Меніңше Соррелл секілді кейіпкерді келбеттеу әлі ешкімнің қолынан келген емес».
Эрнст Раймонд оның әңгімесін үзгісі келмей ұялған қалпы өз алдынан көз ала алмайды. Көзіне жалғыз көрінгені оның күйеуінің желкесіне де жинап алған үш жұп бұғақ екен. Ал әйелі әлі таңданысына тұншығып отырып «Соррелле мен ұлын» айтып мылжыңдап отыр; енді оның шынымен де шыдамы таусылады. «Мен, әрине, сізбен өте қатты келісемін, — дейді Эрнст, — Шынымен де тамаша кітап. Бірақ, өкінішке қарай, оны жазған мен емес, менің ескі досым Уорик Дипинг мырза ғой».
Кенет әлгі саламатты, желкесінде үш жұп бұғағы бар, мүйіз көзілдірік киіп рөл тізгіндеген мырза бұрылмастан: «Тағы да қолайсыз жағдайға қалдырдың, Эмили» депті.
Енді қалған қызыққа қараңыз, міне олар жағы сембестен мақтай бөсіп отыр, біресе қайдығы бір көкбет ғалымдардың ұясында, біресе басқа жерде мойындарына әлдебір гүлді әлеміштергі ілгілейді: бұл адамдар мұнда англиялық өмір сүру әдеттерін сатуға келген, бірақ солармен бірге аш қасқырша ішіп-жегендерімен американдар оларды онша жақтыра бермейді; бұл адамдар ит тұмсығы өтпейтін жыныс орман секілді сол бір ханымдар аудиториясына жарық түсіру үшін олар пайда болуы тұрмақ жоғалып кеткенін де білмейтін сюрреализм теориясын тірілтті; бұл адамдар бір қора ақымақ тауықтар мен Бостондағы түбі тесік ақша құмыраларына этрустық құмыралар мен тәрелкелердің сырын айта салуға да дайын. Және бұл жерде де, шыбын-шіркей қонған континент клубтары арасында жер бауырлап жүрген қалың жабысқақ дәріскерлердің ішіне шетелдік ақындар, қарлыққан сарай сұңқылдақтары, тәтті үнді біркүндік шешендер, доллардан есі кеткен бұлбұлдар, өз отанынан қуылған жатыпішер бардтар, және олардың ішінде мен, ең бір түкке тұрғысыздармен бірке мәймөңкелесіп жүрген өз басым да болдым.
Бірі қырағы, мұнтаздай дәрісі бар, жанымен тату, штат университетінде өткен шулы жиналыстардан кейінгі төлемақыға қалтасын сықа толтыруға батысқа қарай ширақ адымдаған, ал бірі шеті бүгіліп, парағы умаждалған дәрісі мен бар ынтамен теріліп шығарылған экспромнт өлеңін алып кері қарай асыққандар бір-бірімен асығып жүріп жүзбе-жүз ұшыраспады ма екен деп өзімнен көп сұраймын. Екеуі үшін де ұялам. Енді келесі бірі, міне, әзірге тап-таза кейпінде, жуан сигаретінің түтініне оранған әлдебір пасықпен шараптас атанып пульман вагонында маңғазданып отыр, (иә, бауырым!) ол өз зейінді тыңдармандарының жүзіне толы шексіз кеңістікке қарай зымырап барады. Өзінің әдеби қазынасымен қатар жанында дүкен сөрелерінде енді ғана пайда болғанына қарамастан Нью-Йорктан сатып алып үлгерген су жаңа механикалық ұстарасы да бар, ұстараны іске қосқаннан кейін бас бармағыңмен қаттырақ бассаң саусағыңды сүйегіңе дейін шайнап тастауға дайын тұр; онысымен қоса құтыдағы жаңа қырынуға арналған көбігін де ала жүреді, екінші бір сау саусағыңның көмегімен ашқасын ол тек бетіңді ғана қанағат тұтпай бүкіл ваннаға төгіліп қас қағым сәтте суып үлгереді де бөлменің ішін мұз қатқан үңгірге айналдырып жібереді, сондықтан да байғұсты ол жерден шығарып алу үшін көмекке дәлізде жүрген екі шаншарды шақыруға тура келеді; және, әрине, жаңадан сатып алынған нейлон көйлегін ала жүреді. Ол әлбетте көйлекті қонақүйде кешкісін өзі жуып қойса таңертең кеуіп, үтіктемей-ақ киіп кете беруіне болады деген жарнамаға сенді. (Оның орнында болсам, бір газеттің табалап жазатынындай, бәрібір ұйпа-тұйпасы шыққан жаймаға ұқсап қалатындықтан оны мүлде үтіктеуге ұйғармас едім.
Вокзалда оларды кірпі шашы төбесінде тебіндеп, көбелек аулау мәдениетіне арнайы торы мен шыныдағы уын, альбомын, түйреуіші мен белгілейтін беттерін дайындап жүретін университеттің ең бір ірі өкілдері, ең бір сымбатты отряды күтіп алады; айтпақшы, қонағымыз қазір Стивен Спендер қатысуы мүмкін делінген халықаралық конференцияның атауы немесе әлдебір бейтаныс не атын естімей қалған американ ақынының шығармашылығына британ ақындарының көзқарасы сынды ақкөңіл сұрақтарға ашық британ акцентімен мүдіре жауап беріп, өзінің аздап есінен кеткені жөніндегі күтіп алушылардың болжамының растығын дәлелдеген бойда бұлардың көз шағылыстырар тісі отыз алты кем емес әрқайсысы оны сыпайы түрде қостап әкеліп ақылы кем, күні санаулы бай келіншектей елу шақырымнан кем түспейтін жол бойын ақын шегіне жеткен жылдамдықпен селкілдей жүретін көлікке отырғызады.
Сосын оларды бәрі бір кісідей қонақ дәріскер сахнаға көтерілерден бұрын өзін сол сахнадан аман-есен түсуге мүмкіндік беретіндей мөлшердегі мартинимен қолдауды ойлап отыратын жүз шақты ғана шақырылғандары бар қарапайым қабылдауға апарады. Бокалға ызыңдай жабысып, әуелі мейірбан болып, кейіннен қызыққа беріліп, тоқтай алмастан спагетти ұсынған даяшыдай тапсырысқа қайдағы бір сөздік эктоплазмаға ұқсас әлденелерді шығаратын қосжынысты әдеби ханымдардың үштік атымен қолы қойылған өлеңдерге тамсана баға береді, осы тұста олардың ішіндегі ең өжеті, Орта Батыс жазирасында бұта түбінде құлағын түріп, шүріппесін қайырып өздері аңдитын қалжыраған ұсақ арыстандарды аулағыш бай ханымның өзі осындағы оның құрметіне арналғандардың ұйымдастырушысы болып шығады. Дәріс жөнінде есінде қалғандары аз, бәлкім: «Ағылшын жас зиялыларының психологиямен әуестенетіні рас па?» немесе «Мен үнемі Кьеркегордың томын қалтамнан тастамай жүремін. Ал сіздер ше?» деген секілді бірер сұрақ есінде қалуы бек мүмкін.
Түн ауа олар өз бөлмесінде күнделік беттерін өз сөйлегендері жайлы шым-шытырық, бірақ шақпа жазбалармен толтырады; америкалық білімнің жетістігін қысқаша бағалап жазады да онысының кей жолдары ертең өз мәнін мүлде жойып алады, сосын ұйқыға беріле бере өзін қолында мартини мен өлеңдері бар әлдебір миссис Мэйбл Франкинсенс Мехаффиден зытып кеткен қалың да күңгірт тоғайдан көреді.
Ақыры біздің сонша қиналған, бірақ сонша бақытты ақынымыз алғашында тым ебедейсіз зәулім көрінген, ұйқы бермейтін Нью-Йоркіне кері оралады да сол бір дәріс маусымының әуре-сарсаңынан кейін бұл қала көптен аңғасан балауса бәліштің бір тіліміндей, бір шелек мұзды судай салқын, мызғымайтын көк тіреген үй болып, пана болып алдынан қайта шығады.
Ескерту:
1. Граф Томас Брюс Элджин (1766–1842) Ұлы Британиядан Парфенонның барельефі мен көптеген сақталған мүсіндер бөлігін тасып әкелді. 1812 жылдан бері коллекция Британ мұражайында сақтаулы.
2. Эньюрин Бивен (1897–1960) — түп тегі валлиялық британ саясатшы-лейбористі.
3. Эрнст Раймонд (1888–1974) — ағылшын жазушысы.
4. Джордж Уорик Дипинг (1877–1950) — ағылшын жазушысы.
ТОМАС ДИЛАННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ
Құзіреттен құр қалады өлім де,
Сол өлілер, желде қалып, батқан айдан айнымай
Жоғалғалы тұрған таза сүйегімен жол кешер;
Аяқ асты, қол астында жұлдыз жанып қайғыдай
Есуас боп кеткенімен ақыл тауып сел-нөсер
Суға кетіп өшкенімен тірілермен теңдесер
Сүюшілер жоғалса да сезім дейтін айдын-ай
Жоғалмайтын.
Құзіреттен құр қалады өлім де.
Құзіреттен құр қалады өлім де.
Өлмесе де ұзақ жатар теңіз түбін құшқандар
Азап асты қиналса да тілін тістер шын үнсіз.
Қос қолынында сынық сенім қалар және сұстанған,
Жауыздықтың мүйізіне ілінсе де жылусыз
Қатарынан шықпайды олар, тірі, бүтін ғұмырсыз.
Құзіреттен құр қалады өлім де.
Құзіреттен құр қалады өлім де.
Ендігәрі шағала да шулай алмас құлақта,
Жағалауда теңіз зары саябырлап басылар;
Гүлге де енді кеше ғана көктемеде бүр атқан
Өткінші бір жаңбырға өзін тастамауға асығар.
Шын есуас болса да олар өлмей, төтеп сынаққа,
Түймедақтың арасынан күнге ұмылар құлап та,
Күн туғанша күннің өзі шашырар
Құзіреттен құр қаларын білгендіктен өлімнің.
Орыс тіліне аударған А. Штейнберг
Мәңгілік түнекке кетуге көнбеші
Ашуың қасқайсын түндердің алдында,
Жол берме, ешқашан шырағың сөнбесін.
Белгілі болса да түнекті жеңбесің
Мұнарда сөзбенен бір сәуле жақпасың,
Мәңгілік түнекке кетуге көнбеші.
Мейірбан сезсе де жастықтың келмесін
Жап-жасыл желегін сақтай да алмасын
Жол берме, ешқашан шырағың сөнбесін.
Ал өзің күнге де ұмтылып теңдесі,
Нұрыңды мадақта, ақшамнан танылар
Мәңгілік түнекке кетуге көнбесің.
Кәрлі адам көрсе де өлімнің сөнбесін,
Шұғыла шашқылап жақындап қалғанын
Жол берме, ешқашан шырағың сөнбесін.
Әкем-ау, қарғысты биіктен сен де осы
Күйіне ашумен батаңды бергейсің
Мәңгілік түнекке кетуге көнбеші!
Жол берме, ешқашан шырағың сөнбесін!
Айдағы сайқмазақ
Көз жасым қалқып ап сәмиян самалдай
Күлтесі секілді шашырар раушанның.
Бар қайғым сызаттан дәрменсіз тамардай
Есте жоқ аспанның қарындай әр таңның.
Жерге анау сәл ғана тигізсем қол үшін,
Қирайтын секілді деп ойлап отырмын.
Арманның дірілі секілді мен үшін
О, неткен көркем де есіл мұң!
Орыс тіліне аударған Н. Левитов
Қол құжатқа қол қойды
Қол құжатқа қол қойды – қала да берілді,
Билеуші бес саусақ салық сап өзіне ауаның.
Өлгендер еселеп, бір ел де екіге бөлінді
Шала құдайдың – патшаның бес патша әкеліп ажалын.
Ақын қолы қуатты, ең әлсіз иықтан әлсіздеу болса да,
Құрысып қалса да ақ жалын ішінде ең долы,
Қауырысынын алғасын шетінен қаншама
Қаскөйдің барлығын,
Барлығын бос сөздің өлтірер елдегі.
Қол құжатқа қол қойды – безгектен күйініп ел енді,
Шегіртке, аштық та, басқа да үйрілді бұл жерге.
Билікті ең шексіз ел үшін осы қол иеленді
Жазсаң да есімін бостандықты да әкетер бірдемде.
Өлгендерді санайды бес патша. Емдемес бірақ ол
Жараларды, әй бірақ білмейді бастан да сипауды-сылауды.
Қол аяуды білмейді, құдайдың өзін де басқарар мына қол,
Өйткені қол – білмейді жылауды.
Бетперде беріңдер – бейшара тыңшыларыңнан тығылу үшін де,
Мына бір көк тастай қарашық, сұғанақ көздерден,
Ана бір бүлікті сәбидей бейкүнә кішкентай әлпетке жасыру үшін де
Найзамды – тілімді таңдайдың күмбезі астында тығуға,
Айналма жалғандай, жағымпаз сыбызғы секілді үні үшін сөздердің
Ақылдың жарқылын селқостың біткенге көмдіру үшін де,
Жаныңа үңілген жанды да қатарға кіріп ап алдауға...
Итжидек әперген жалғызбас ерлердің көзайым қайғысы
Шынай уды да жасырып,
Ұдайы мысқылды жасырып күлкісін жеңімен өтірік
Еңкілдеп тұратын құрғақтау көздерін көрсетпеу үшін де...
Бетперде беріңдер!
Орыс тіліне аударған В. Бетаки
ТОМАС ДИЛАННЫҢ АНКЕТАЛЫҚ ЖАУАПТАРЫНАН ҮЗІНДІ
1. Сіздің поэзияңыз тек өзіңізге ғана ма, әлде адамзатқа көмектесуді көздей ме?
Маған да, басқаларына да. Поэзия – көрсоқырлықтан көздің ашылуына дейінгі, өткірлігі поэзияға жұмсалатын еңбектің қызуына байланған ырғақты әрі өзіне сенімді сөз қозғалысы. Менің поэзиям өзіме тек бір себептен ғана көмектесуді көздеген болар еді: ол менің түнектен жарыққа ұмтылысымның бірден бір айнымас дәлелі; ал егер оның мүлт кеткен ағаттығы мен әлдебір құндылығы анық байқалар болса, онда ұмтылысымның табысқа кенелгені. Ал басқаларға менің поэзиям, кез келген адамға тән тура сондай бір ұмтылыс үшін де көмектесуді көздеуі мүмкін.
2. Қалай ойлайсыз, поэтикалық сөздерден пайда бар ма?
Иә, барлық мән сөзде жатыр. Бүгінгі кейбір енжарлардың байланыссыз өлеңдерінің көбі сөз қозғалысынан айырылған, кез келген қозғалыстан, демек ол өлі! Әр өлеңнің сөздің қозғалысын оятар өзіндік өзекті тармағы немесе мағынасы болуы керек. Өлең қайталанбас құбылысқа айналған сайын тармақ бойына қан жүгірер, сөз жүгірер еді. Сөз, жалпылай алып қарағанда, Элиоттың «сөз мағынасы» мен «оқуға әдеттенуі» жайында айтқанына жақын. Сөз қозғалысы осы бір оқып әдеттенумен тұтасар болса, өлең де өз күшін көрсетпек.
3. Сіз өлең жазуға түрткі болар сәттерді, айталық қандай да бір «импульсті» күтесіз бе; егер күтетін болсаңыз ол қандай импульс болуы мүмкін, сөзбен сезінгендеріңіз бе, әлде көзбен түйсінгендеріңіз бе?
Жоқ. Мен үшін өлең жазу барлық ережеге сай су өткізбейтін бөлік жасаушы физикалық һәм ақыл-ой мақсаты, ал өлең – ми мен тәннің ұсынған барлық ниеті мен ең бір шынайы ынтасының бір бөлшегін болса да орналастыра алатын сөздік сүйеніш. Ұмтылыс пен ынта сізді үнем толтырып отырады, әрі әрдайым айтылар сөзді талап етеді де тұрады. Мен үшін әдеби «импульс» немесе «шабыт» деген бар болғаны суретшінің дарынын сусындататын энергияның оқыс сыртқа шығуы ғана. Шебер қаншалықты жалқау болса соншалықты импульс атаулысынан кенде қалмақ. Және керісінше.
4. Сізге Фрейдтің қандай да бір ықпалы тиді ме және оның өзі жөнінде қандай көзқарастасыз?
Иә. Барлық құпия ашылуға тиісті. Түнек жамылғысынан құтылу – тазару деген сөз, түнек жамылғысын ысыру – тазарту. Поэзия қағазға түскен кез келген түнек жамылғысынан құтылған бостандық, тым ұзақ уақыт жасырулы тұрған дүниелерге төгілмей қоймайтын сәуле секілді, соның нәтижесінде еш бүркеусіз өңнің өзін тазаламақ. Фрейд түнектің кішігірім бөлігіне сәуле төгіп ел назарына ұсынды. Жарыққа қанып, жасырын әрі жалаң дүниелерді таныған поэзия әрі қарай да бүркеусіз таза сәуленің құйылар тұсы, тіпті Фрейдтің өзі елестете алмайтын жасырын, қараңғы ниеттерді іздеуге талпынуы керек.
5. Сіз қандай да бір саяси партияны немесе қозғалысты қолдайтын ба едіңіз?
Мен барлық адамның адамнан алатын нәрсесінің бәрін тең және әділетті түрде бөліп, кісі құқығын теңдестіретін кез келген төңкерісшіл бауырластықты қолдаймын, өйткені тек сондай шынайы төңкерісшіл бауырластықта ғана бәріне тән өнердің ояну мүмкіндігі өте зор.
6. Өз ойыңызша ақын болғасын әдеттегі адамнан немен ерекшеленесіз?
Барлық адамда болтын ұмтылыс пен ниетті жеткізу үшін поэзияны тәсіл ретінде пайдаланатындығыммен ғана.