Айгүл Кемелбаева. Снайпер

ӘДЕБИЕТ
2065

Төлеуғали Әбдібеков


 Соғыс аяқталғанына 70 жыл өтсе де белгісіз

солдат болып, атаусыз қалған батыр,

атқыш ер Төлеуғали Әбдібековтың 

рухына арнаймын.

 Автор

Бала аңға жалғыз шықты. Атасы немересін қарғадайынан еркек бала деп сауысқаннан сақ болуға, тұтқиылдан тиген қатерден қорғануға баулыды. Бала жер қозғалса қозғалмайтын ерен сабырлы болуды үйренді. Қысылтаяңда қымс етпес ересек немересін Насырхан аңға жалғыз жіберетін болған. Бір түтіннің асыраушысы. Көже-қатығы бар жұрт қызылсырайды. Құндыздыда әжептәуір ауқатты тұқымдар бар. Колхоз берген бірер пұт бидайды жасырып, қабырғаны қуыс етіп, балшықпен сылап тастайды, алты ай қыста балаларға азық. Азшылық ауылда қалт-құлт етіп, әзер отырған кей аш-арыққа атып әкелген аң етінен, арқар, құланды бөліп берсе, бұл баланың құдайы бергені. Бір елді аңшылықпен асыраған қара қасқа атты Қамбар батыр сияқты. Соның үшін ол жеті қараңғы түндердің бұлғағын талай бастан кешті. Атасы түнде далада жалғыз қалсаң, аттың қу басын жастанып жат, қу бас ақмарту жын-сайтаннан қорғайды деп әбден сендірген. Бала жанына жезтырнақ жетіп келсе, дәумен алыса кетердей тас түйін отыратын. Қарасирақ балаларға жондағы құз-шатқал, өлеңді жазық, мүк басқан төбеде ай астында жалғыз қонғанын мақтанып айтса да, тақырда от жағып, кірпік қақпай, көз ілмей шығатынын ешқашан тісінен шығарған емес. Мұндайда бөрі ұлыса мейлі, тек байғыз сұңқылдамаса болғаны. Бала байғыз қорғаушы, періште екенін бек біледі, тірі жан, момын құс, момын аңға төніп тұрған қауіп пен ажалды сезіп сұңқылдайды. Сондықтан мимырт түнде ауық-ауық құс ұйқы қалғып алады. Таң ағара бастаса, Төлеуғали атын тебініп жүріп кетеді, ат басын бос қояды, жылқы тұяғы қайтар жолды жаңылмай табады. Күн ұясынан жарқырап жұмыртқадай домаланып шығып келе жатқан кездің реңі керемет! Оның тылсым әдемілігін суреттеп тіл жетпейді.Албастыдай басатын жас ұйқысын сәл-пәл ашып жіберетін ерен сұлу, дүниеғайып мезет жондағы тұнық көлдерде перінің қыздары суға шомылып, аққуға айналып ұшып кетеді екен. 


Оқи отырыңыз: Айгүл Кемелбаева. Шашты (әңгіме)


Құралайды көзге атқан қас мерген атанған. Кәнігі аңшылар ол атқан аңның оқ тиісіне қарап басын шайқайды. Оның алғашқы олжасы мүйізі қатпар-қатпар құлжа болатын. Насырхан атасы аңшылықта жолы болмайды, немеремнің несібесі кетеді деп ешкімге байлатпай қойған. Сол құлжа мүйізінен отқа иіп, қолы шебер атасы пышаққа сап жасап берді. 

Құндызды мен Қарашоқы арасы адыр-адыр төбелер, өзен-көлі жарқыраған сулар. Арқада жаздыкүні өзен-су мол арналы, жазғытұры аттылы адамды ағызып әкетердей күркірей, долдана ағады. Құлжалары мүйізі көк тіреп, тау басында жақпар таста ұшар құстай тізіліп арқарлар тұрады. 

Елді ашаршылық жайлаған Голощекин билеген сор заман. Қара жолдан шұбатылып аштар өтеді, кейі жығылып-сүрініп, сүйретіле жерге құлап жүреді. Далада өлгендерді мұсылманшылықтан әсте айнымаған Әбдіхамит, оның інісі Оразхан сияқты бұл елдің байырғы адамдары жерді тізеден болсын қазып бетін жасырып, бір үзік құран бағыштап, көміп жерлейді. 

Он төртке жасы толмаған Төлеуғали астындағы жүйрік атына сенеді, жылқы жануар алға қарай баспай қойса, ұрымтал тұс бір қатерді жазбай сезгені. Бала бердеңке мылтық, дырау қамшы, қырқар ұстайды.Бір туысының он алты жасар ұлы шабарман болып жүріп, із-тозсыз жоғалып кеткен. Небір сұмдық сөз гулеп, естіген жан төбе құйқасы шымырлайды. Ел ішін ашаршылықтан өлім-жітім, қос үрей жайлаған. Дүлей үрей, кезеген ажал ұзамай соқыр тұмандай басып, мылқау болып алды. 

Көк бесті жер тарпып кісінеді. Төбесі жоқ, қалқиған қабырғасы қалған ескі қора көрінді. Іргесінде бір аш кісі бұратылып жатыр. Есік пен төрдей жер. Әлгі тірі аруақ қу сүйек адам әзер қозғалып, баланы қол бұлғап шақырды. 

–Ит-құсқа жем болмайын, мынау қабырғаны үстіме құлатып, жүзімді жасырып кетші. Бір көмегің болсын, мұсылман баласысың ғой, – деді әлгі бейтаныс кісі әзер тіл қатып.

Бала таяу маңда жаман қораны торуылдап, бұратылып жүрген аш қасқырды көзі шалған, мылтығын кезенді, сүлкектеп қалың жынысқа безіп жоғалды. Бала аш бейбаққа қоржынынан алып бір кесек ет лақтырды. Аң баласы адам көзінен қорқады. Ажал келген соң қорқау қасқыр мүрдені құлаған қабырға астынан болсын қазып жеп кетерін ұқты. Құдай өзі кешірсін, анау сорлы өлсе, өз ажалынан өлсін, қабырғаны тірі адамның үстіне құлатып кетуге дәті шыдамады. Ары қарай биік тауға жүре берді. Көз көрген сұмдықтан сейілгісі кеп, көкқияға тік өрлеп барады. 

Мұнда ертеректе барымтада сыбан мен тобықты аңдысқан. Екі биік тауда қиядағыны көретін қырағы ерлер туу алыстан қарауыл қарасады екен. Бір тау басында аңдуыл тобықты жігіті қасындағы бозбалаға бүй дейді: «Анау мені байқап қойды, дереу таудың арғы жағынан кеп қиғаштап, құлын жетектей төмен жүгір!». Серігі қалт еткізбейді, құлын ұстап, төменге дедектей жөнеліпті.

Сонда биік тау басында қарауыл сыбан шолғыншысы тесіле қараса, көктен жерге ағып өткен бір қарауытқан құс тәрізденеді. Ол жолдасына айтқан екен: «Мен қателескен екемін, мынау адам емес, ұшып өткен құс қой». Сөйтсе, күншілік жерден құлын жетектей жүгірген адам сұлбасы ұшқан құсқа ұқсап көрінеді екен. Сол түні бейқам қалған сыбаннан тобықты көп жылқы алған. Саулата жылқы қуған барымташылыққа ердің ері барады. Қарсы жақ жауды біліп қалса, сойылдасу мен қамшыласудан басқа қару қолдануға рұқсат жоқ. Төлеуғали ата жұрты мен нағашы жұртының небір қызықтарына қанып өсті. Мергеншілік, атбегілік, құсбегілік, аңшылықпен қатар барымта бір серуендей көрінетін. Совет үкіметі ұрлыққа тыйым салып, барымташыны банды деп жариялаған. 

Кісебайдың майлы бұлағы деп аталатын керемет мөлдір сулы тас бұлақ бар. Бұрынғылар олжа малдың сан етін аспан айналып жерге түсер аптапта мұздай суық суға салып қойса, ет бұзылмай сақталады екен. Жынтасқа қарай жолда Қызылағаштың терең сайы бар. Баяғы кездің үйірлі жылқы айдаған байлары қыста жылқысын қамайды. Егер сай лық толса, жылқы саны түгел деп есептеген. Айпар, Жайпар, ағайынды қос ұры, руы сыбан, әккі, ержүрек, осы сай арқылы небір қатерлі қуғыннан қашып құтылатын көрінеді. Ақ патша әскері соңына түскенде ең қиын шатқал, сарқыраған су арқылы жердің тесігіне кіріп кеткендей жоқ болады екен. Ертісті атпен жүзіп өтіп, айшылық алыстан жылқы әкеледі. Қасқыр маңайынан мал алмайтыны сияқты, бұл екеуі жақын төңіректен әсте мал алмайды екен. 

Төлеуғали сол тұсқа барса, бұлаққа соқпай кетпейді. Қырық күн шілдеде суы мұздай. Балдай тәтті, жан сарайыңды жарқ еткізер шипалы су. 

Үбіге таяй бергенде қалың тоғайды ел Қараханның шілігі деп атайды. Бұл тоғайда саңырау құр мен шіл жыртылып айрылады. 

Үбі руы сыбан Қарахан мен Өзіханның ата қонысы. Өзіхан мал-жанын ертіп, жат өлкеге өтпекші болғанда ауылда сатқын біреу НКВД бастығы Қарасартовтың құлағына жеткізген. Жазықта қонған көш таң атпай қозғала бергенде тау басынан милиция оқ жаудырады. Өзіхан ерен мерген, қасындағыларға сендер жүре беріңдер, қуғынды мен бөгеймін депті. Қан басып тұр ғой. Ол жетегінде бір ат, өзі атта үстінен атып тауда жатқандарға бас көтертпейді. Қылт еткенді жұлып отырады. Оқ тасқа шақ-шақ тиеді. Аты шыркөбелек айналып, бір білегінде шылбыр, бір қолында қару, мылтығы қызып кеткенше атысады. Милиция бастығы айтыпты: «Құрысын, кері шегінейік, кетсе, кете берсін!». Мылтық үні шықпай қалады. Қуғыншы топтың біреуі бас көтеріп қараса, Өзіхан шүріппе сіресіп қалыпты, жөндей алмай әлек. Бір милиционер дәл көздеп атып, байды аттан жұлып түсіреді. Қасына таудан жүгіріп жетсе, ауыр жаралы Өзіхан әлі өлмеген екен. Жан алғышы су жаңа хром етігін тірідей шешіп алып, өзін атып кетеді.

Ағыбайдың кезеңінде көк тіреген тік қия бар. Жаңа тәртіпті мойындамаған өлермен өжет Ағыбай, руы тобықты, ол екі ұлымен қызыл әскерлермен атысып өлген.Төлеуғали атыспақтан қашпас еді. Әттең, екіталай мезетте Өзіхан мен Ағыбайдың қасында болса ғой, сол шейіт ағаларын жан аямай қорғар еді!

Елде банды шыққан кез.Үкімет пәленшені жазалапты, түгеншені жер аударыпты, Көкбай ақынның ұлын түрмеге айдап әкетіпті, атылатын статья екен, жазалаушылар Шәкерім қажыны көмусіз қалдыртыпты деген астыртын хабарлар сыбырлап естілетін. 

1937 жылы Семейде ортаншы баласы Кемелбайды халық жауы деп үкімет ұстап әкеткен соң Насырхан үлкен ұлы Әбдібектен туған немересі Төлеуғалиға ауылдан бой тасалап, темір жол бойын жағалап оңтүстікке, болмаса Ноғайсібірге ауып, елден аулаққа қашып кетіңдер деп бұйырды. Конфескеден бір, халық жауының туысы деген атақтан екі шошынды. Мақтааралдан майданға аттанған сәтте Төлеуғали әр тасын білетін Арқадағы ата жұртын сағынып, қимай көз алдына келтірді. 

Төлеуғали Әбдібеков анкетадағы «Туыстарың сотталды ма?» деген сауалға: «Дядя Кемелбай Насырханов репрессирован» деп бадырайта жазып бергенде, кекті кеудесін күйік шалды. Мейлі, үкімет білсе біле берсін, өлсе өтірік айтпайды! Қасында қатар анкета толтырған орыс жігітінің фамилиясы Власов екен, ол анкетаға: «Родственником генерала-предателя не являюсь» деп жазғанын көріп, қайран қалды. Власовпен фамилиясы бір әскери атаулы тегіс өстіп анықтама беретін көрінеді. Соғыс басталғанда әскери техникасы керемет, көк темір құрсанған неміс армиясына қарсылық көрсетпей, рухы жасып, тұтқынға беріліп кеткен совет солдаттары мен офицерлері өте көп болатын. Германия 1939 жылы басып алынған Польша аумағында салып тастаған концлагерьлер лық толды. 

Советтер одағының қарулы күштерінің қатарына ер азаматтар Орта Азия және Кавказдан миллиондап алынды. Олардың көпшілігі орыс тілін мүлде білмейтін. Түркі тектестер туралы Сталин қолбасшыларға: «Бұл армия емес» деп қадап айтқаны бар. Ұлты орыс еместерге тездетіп тіл үйрету тапсырылғанымен, қан майданда уақыт тығыз, жазып-сызуды көтермейді. Командирлер маңызды операцияларға ұлты орыс еместерді алғысы келмейтін, қарамағындағы солдаттар славян халықтарынан болуын қалайтын. Көп ұзамай өмір шындығы басқаша шешті. Фашистік армияны Москва түбінде бөгеп кері шегінуге, Сталинград түбінде күйреуге Орта Азия мен Сібірден лег-легімен келген дивизиялар мәжбүр еткенін генерал-майор Афанасий Белобородов тәрізді адал қолбасшылар өз көзімен көрді. 

Соғыстың бас шенінде неміс пулеметшілері Қызыл Армия жауынгерлерін шалғымен егін орғандай қылып қатар-қатарымен жусатып салып қырды. Мұндай сұмдықты көргенде кейбір неміс пулеметшілері есінен адасып, ауысып кетті. Әскери стратегиясы күшті Толбухин, Василевский, Рокоссовский, Говоров сияқты бас қолбасшылар қырғын соғыста қарапайым солдаттардың өмірін қызғыштай қорғап, мейлінше сақтап қалуға барын салатын. Бірақ сенбестік пен қаталдық соғыс ызғарынан бетер есіп тұрды. 

Совет солдаттарының өліктері жер бетінде тізіліп жатады. Жауып тұрған оқ астында медбибілер, санитарлар жер бауырлай жылжи өтіп, жаралыларды іздеп тауып, қан майданнан алып шығады. Көрер жарығы таусылмаған солдаттарды тапса тізерлеп отырып уыздай жас қыздар жарасын таңады. Балалар үйінде өскен жетім орыс қызы құдайға жалбарынып, бауыр еті баласын бауырына баспаған ажалды ана ешқашан үйретпеген дұғаны өздігінен ерні күбірлеп айта жөнелді. Оқ астынан, кескілескен шайқастан жаралы жауынгерлерді арқалап алып шығу керек. Аштық әбден буғанда ерніне тұз жағып соны жалағанда нәр болғаны сияқты дұға сол қызды соғыста ажалдан талай мәрте аман алып қалған. 

Үшбұрышты хаттар шығыс майданнан вагон-вагон тылға аттанып жатады. Әскери бөлімшелерде далалық почта станцияларын кейінірек әскери-почта станциялары алмастырды. Соңғыларда далалық станцияның нөмірі көрсетілмейтін. Соғыс басталғалы ерсілі-қарсылы 70 миллиондай хаттар жолданды. Почта қызметі тегін болғандықтан оған марка жапсырудың қажеті болмады. Елде соғыс жағдайында конверт түгілі қағаз қат болған соң, сырты қапталмай жіберілетін қағаздың бір бос жерін қалдырмауға тырысып, тышқанның ізіндей аса ұсақ жазылған хаттарды арнайы қауіпсіздік комитетінің бақылаушылары қадағалап отырды. Үшбұрышты хаттарға «Проверено военной цензурой» деген таңба қойылатын.Кейде бақылаушылар күдікті немесе екіұштылау көрінген ақбарды оқылмастай етіп сызып, бояп тастайды. 

Алматыдағы атқыштар клубынан өзара таныс, түй құрдас Төлеуғали мен Әбіл соғыста жұбы жазылмас дос болды. Кіші лейтенант Әбіл Нүсіпбаев Жамбыл облысы Қордай асуының тумасы. 

Ұрыс біткенде өларада екі жақтан снайперлер аңдысады, бір-бірін алдап соғуға әккіленген. Бөренеден адам жасап, басына каска, үстіне шинель кигізіп, арлы-берлі қозғаса, фашист снайпері оқты ағашқа дәл тигізетін. Ұрыс кезінде винтовка қол тигізбестей ысып, қатты қызып кетеді. Снайперлер техникалық прогресс алыс қашықтықтан аса дөп атқыш қаруға қол жеткізгенде пайда болды. Германдықтар мергендік тактиканы I дүниежүзілік соғыста батыс майданда қолданған. Әуелде әккі аңшылардан снайперлер жасақтағанда олар өз қаруымен соғысты.Соғысқа дейін орманда аң аулағанда қолданған кейбір тәсілдерді енгізу арқылы саны аз жау әскерін қоршауға алғанда шеңберді тарылта беріп, ақыры көзін жойып тынатын. Кейінірек арнайы оптикалық қондырғы орнатылған винтовкалар шықты. Кәдімгі винтовкадан снайперлік винтовканың айырмашылығы оның қарауылында, оған дүрбі сияқты оптикалық ұлғайтқыш шыны орнатылған. Сол арқылы мергендер ертегідегі жеті қырдың астынан көретін нағыз қырағыға айналып кетеді. Көздеген нысанасын құтқармайды. Снайперлер таңдаулы атқыштар. Қазаға ұшыраған СС әскерлерінде солдаттың аты-жөні жазылған темір белгі-жетон болады. 

Төлеуғали атқыш ротаға жастайынан атасы аңшылыққа баулығанының арқасында келді. Әскери қызметін ол Қиыр Шығыста, Хабаровск өлкесінде атқарды. Сібірдің томырық тоң аязына Арқа қыс кәріне енгенде ақтүтек бораннан көз аштырмас жонында ат үстінде бұлаңдап өскен жігіт елең етпейтін. Арктикалық аяз жас қазақты жасытпаған, тек төзімін шынықтыра түсті. Армиядан оралған соң Төлеуғалиды Мақтаралға туыстары шақырып, мақташылар бригадирі болып жүрген жерінен соғысқа аттанған. 1942 жылы 14 мамырда атқыштар ротасының снайпері болып қабылданған Төлеуғали Әбдібеков көргенін қалт жібермейтін зеректігі, ұсақ-түйекке зер салатын қырағылығымен рота командирлерінің иығында офицерлік белгі жоқ екенін аңғарды. Офицерлердің шенін анықтау үшін иық белгісі погонда айырым белгілер болуы керек. Төңкерістен соң билікке келген большевиктер патшалық армияның символы ретінде погон тағудан бас тартқан. Совет Одағы Жоғары Кеңесінің Президумының 1943 жылдың 6 қаңтар күнгі жарлығы шыққан соң әскерилер погон тағуға право болды. 

Төлеуғали ежелден басқаны қор санамай-тұғын мәрт еді. Қорғанысы сондықтан жойқын күшті. Оның есіне бала күнгі қара өлең оралды: «Қарқ-қарқ қарғалар. Қар үстінде жорғалар. Жорғалар деп кім айтар? Аң аулаған аңшы айтар. Аңшы айтар деп кім айтар? Мал қайырған малшы айтар. Малшы айтар деп кім айтар? Арқандаулы бие айтар». Жоқ жерден таңдайына қымыз дәмі келгендей жұтынды. 

Ит – жеті қазынаның бірі. Ит күшігінен ұл баланы жақсы көреді, қолындағысын қоса жейді. Бала бір тістеп өзі жесе, бір кесегін күшік жейді. Ертеде жаугершілікте тұтқынға түскен олжа қалмақ қыздары қазақтан туған балаларына былай айтады екен: «Күшік бесіктегі қыз баланың ішіне суық тисін деп киіз үйдің есігін қасақана құйрығымен ашады». Сол естіген сөзі еске түсіп жымиды.

Тобықты нағашысы Шоңбай атадан қасқырдың арланы мен иттің сырттаны қалай алысқаны туралы ертегіні естіген. Сағыныштан көзіне жас оралды. Ит иесіне адал мақұлық, отбасында бала-шаға, ұл-қыз көп болса деп тілейді. Бұл таза қазақи дүниетаным. Қайран туған жер, Тұлпарбасқан, Қабанатқан, Қылышбек, Саға, Жынтас, ойдым-ойдым шоқ тоғайлы шатқалдар, терең сайлары бөрісі қалың тұстар еді-ау. Сонда қаймықпай жалғыз жортқан кездері енді тіріде түсіне кірер ме! Артта қалған елін көруді құдай маңдайына жаза ма, жоқ па, білмейді. Балалық шақта амалсыз ажырап қалған атажұртын бір көрсе ғой! Мақтаралда жас келіншегі Несіпкүл қалды. Үйленген соң келіншегі егіз ұл туған, екі жасқа толмай көз тиіп, шетінеп кетті. Келіншегінің үлкен атасы молда болған, дін адамдары қуғындалғанда Ташкен жаққа қашып кеткен. Өзі де репрессияның сызымен атамекенінен алыс облыста, Ташкеннің түбінде бауыр басып тұрақтап қалған. 

Ақпан бөрі айы, қақаған қыс. Әппақ дүние. Қар төпеп қалың жауды. Уақыт, үрей, аяушылық бәрі адыра қалды. Еркек тоқты құрбандық. Құрбандарды қылға тізіп, қасында қосалқы серігі қалт жібермей санайды. Соғыс заңы бөлек. Насырхан атасы бар болсаң, бергеніңді айтпа, ер болсаң жеңгеніңді айтпа деуші еді.

Полкта асқан мергендігімен аты шыққан Төлеуғали Әбдібеков Холм қаласы үшін шайқаста үш күнде 67 фашистті жойды. Великие Луки үшін қырғын шайқаста атқышшыл ер көзге түсті, 87 солдатты атып өлтірді. 1942 жылы соңғы айында Төлеуғали Әбдібековтың құртқан дұшпаны саны 219 болды. Снайперлік ең әуелі асқан төзімділікті талап етеді. Қалтарыста бекініп алып қыбыр етпей тығылып жатуға шыдау екі жаққа да оңайға түспейді. «Сабыр түбі сары алтын» деген ұғымның құны асқақтай түседі. Сәл шыдамсыздық танытқан атқышты қарсы жақтың мергені жел ұшырған күзгі жапырақтай жұлып түсуі мүмкін. 

Снайперлер ажалды ұқпайды, оның бұйрық құзырына көзсіз бағынып, өлім уытын қабылдамайды. Снайперлерге Совет Одағы батыры атағы өлген соң да берілмейтін. Екі жақтың қырағы атқыштары да ауыр ұрыстан соң жаралыларды арқалап таситын санитарларды, медсестра қыздарды атпайды. Жазылмаған соғыс кодексі. Әбіл минаға ұрынып, қаза болғанда командир досының винтовкасын Төлеуғали Әбдібеков қабылдап алған. Әбілден айрылу дос көкірегін қаусатып кетті.

Мелихово деревнясы маңында 1944 жылы қыста Төлеуғалидың жақын досы, барлаушы Григорий Постольников қаза тапты. Кілең орыс ішінде «Атаңа нәлет!» деп кейіген сөз естігенде Төлеуғали құлағы елең еткен. «Қазақсың ба?». Жап-жас орыс жігіті жалт қарап, жерлесін көргенде көк көзі күлімдеп сала берді. «Бауырым!». Екеуі құшағы айқаса кетті. Гриша Атырауда қазақ арасында жетім өскен бала екен, кіші жүз, он екі ата байұлы, руым ысық, нағашым жаппас деп қалжыңдап қояды. Қазақшаға судай, қазақтай аңқылдақ, сөзге шешен, ұрыс біткен соң жертөледе Мұхиттың әні «Айдайды» шырқап салды. Төлеуғали тумысынан бауырмал, Гришаны туған інісіндей жақсы көріп кетті. Әуелі Әбіл күзде, Гриша 23 қаңтарда қаза тапқанда Төлеуғалидың кеудесі ат басындай шерге толды. Біртүрлі сұлқ қалған. 

Төлеуғали бірде жараланып, госпитальда емделіп шыққан соң өте жақсы достасып кеткен роталас жолдасы Кәкімбекке шешіліп сыр ашты. «Айналамыз тозақтан еш кем емес, екі жақтан бірдей қыршынынан қиылған жас жігіттер. Нысанаға алған адамның бет-жүзі, қасы-көзіне шейін анық көрінеді. О дүниеге барғанда мұның сұрауы қалай боларын мен білмеймін. Соғыста өлгендер шейіт деп атам айтушы еді. Соғыстың аты соғыс болсын мейлі, ертең құдайдың алдында өзім мерт қылғандар үшін қалай жауап берерімді түк ұқпадым. Мұндай ой соңғы кезде жанымды жиі мазалай берді. Миллиондаған соғыс құрбандарының обалы кімге? Ер балалар анадан қырғын ұрыста өлу үшін туа ма екен?! Ал қыз балалар ше, қорғансыз әйел заты қайғы жұтып қала бермек пе? Бірақ тірілер тірілігін жасауы керек. Бауырым Кәкімбек, сен руың қыпшақ, Торғайдан, мен Семейден, руым сыбан, екеуміз атажұрт Арқадан екенбіз. Тағдырдың жазуымен оңтүстікке қоныс аудардым. Келіншегім Несіпкүл көрікті, аққұба бидай өңді, ат жақты, қасы қалың, бойшаң, салмақты, қақ-соғы жоқ, 1923 жылы туған, 21 жасқа қараған шағы, әлі қыздай. Әкесінің аты Әбдірахман. Ата тегі ұлы жүз сіргелі ішінде қарабатыр-құлшынбай деген ру. Шымкент жерінде, Мақтарал атты колхозда тұрады, Сатай, Кәдір, Несіпкүл, Әбу төртеуі бір үйдің баласы. Сен әлі отау құрмапсың. Ендеше уыздай жас келіншегім мына саған аманат болсын. Бауырында жұбаныш қылар бала жоқ, балпанақтай екі ұлым кішкентайынан көз тиіп өлді. Сүйіп алған жарым жас жесір атанып, өмір бойы жалғыздық буып, жылаумен өксіп өтсе қайтемін деген беймаза құса жаныма өлердей батады. Қазақ баласы екенсің, мұны сенен ит көйлекті сәл бұрынырақ тоздырған ағаңның ақтық аманаты деп біл. Әмеңгерлік салт қанда бар, жесірін жылатпау ата дәстүр. Іздеп барсаң, оны қиналмай табасың. Несіпкүл әдепті, ер азаматты сыйлай білетін көргенді жан. Бір көргенде ұнатасың. Өкінбейсің, бауырым, айналайын, ол саған жақсы әйел болады!».

Сталинград түбінде совет снайперлері айдаладан қылт еткенді қалт жібермей құртып, фашистік армияның әбден зықысын шығарды. Снайперлік қозғалыс шегініс әрі партизандық қорғаныс құралына айналды. Нацистік Германия Польшаны басып алған соң снайперлер тарап кеткен еді. Бүкіл Вермахтта «Бранденбург» дивизиясында ғана қос снайпер қалдырған. Совет Одағына қарсы шабуыл басталғанда жарты жылда блицкриг аталған майдан шебі Москва түбіне дейін жеткен. Соғыс өрті ащы ішектей созылып кетіп, түк аяқтала қояр түрі жоқ екі жылда Фюрердің блицкриг көзқарасы астамшылық болып шыққанын, снайперлік күшті тарату теріс екенін уақыт әбден ұқтырды. Гитлер бармағын тістеп, Вермахт 1943 жылдан бастап снайперлер мектебін қайта жандандырды, мергендерді дәл көздеп атуға үйрету мерзімі бір ай. 1941-1942 жылдары советтік снайперлік террорге қарсы жауап ретінде немістер снайперлік мектепті жаппай даярлады. Себебі мерген атқыштардың рөлі кенет өсті. 

Төлеуғали Әбдібековтың көздегенін қалт жібермейтін снайперлік қуатын қарсы жақ «Schwarz tod» – «қара өлім» деп атап, «қарғыс», «оба» деп теңеді. Орыс емес бөгде атқыштың көзін жою операциясын Берлинде снайперлер мектебінің жетекшісі майор Конингс әзірледі. Фашистік Германияның ең таңдаулы снайперлері, обер-офицер-қатардағы солдаттар Маттиас Хетценауэр, Фридрих Рейн, Хелмут Боммель жойған жау солдаттары есебімен салыстырғанда құрбандық саны әлдеқайда асып түскен шығыс майдандағы мергенге ас-снайпер тағайындау туралы бұйрық жоғарыдан түскен. Шығыс майданында ас-снайпер Бруно Суткус пайда болып алты айда 209 совет солдатын жойған мезет әлі алда болатын. Соғыстың соңына қарай жең үстінде «снайпер» деген жоғары дәрежедегі белгісі бар Бруно Суткусты Вермахт қатерлі майдан даласынан алып, жаңа жасақталып жатқан тәжірибесіз мергендерді үйретуге жіберді. Сонымен қатар 20 жасар ас-снайпер Иозеф Аллербергер майдан шебіне әлі жетіп үлгермеген уақыт. Ол 1944 жылы жазда ұрысқа кірісіп, Қызыл Армияның 345 офицері мен солдатын жойып жіберді. Иозеф Аллербергер кәрілік жасқа жетіп, «Мен уақытты сезінуден қалдым, ендігәрі үрейді, аянышты сезіне қоймадым. Айналамда болып жатқан оқиғалардың жетегінде еріп, иіріміне шым батып кеттім. Қалжырататын шайқастар, аштық пен шөлдің арасында аман қалу үшін жабайы түйсіктен басқа нәрсені білмедім» деп кейін еске алады. 

Темір крест алған ересек ас-снайперді немістер батыс майданнан алып, Москва түбіне, Калинин майданына жіберді. Аңдысқан қос снайпердің көздеген мақсаты біреу: бір-бірін о дүниеге, дереу ата-бабасына аттандырып жіберу болатын. 

21 қаңтар 1944 жыл. Калинин майданында сүйектен өткен суықта, мұз жастанған атқышшыл ер қарсылас мықтымен жекпе-жекте күнұзақ аңдысып отырды. Берлиннен мұны өлтіруді мұрат қылып, көксеп жеткен неміс снайпер мұның түбіне жеткен соңғысы еді. Неміс снайпері Төлеуғали Әбдібековтың қыл мойнынан оқ тигізгенде, бұл қарсыласын қақ маңдайдан дәл көздеп, шүріппені басып үлгерді. Нөмір 397. 

Далалық госпитальда 22 армияның генерал-майоры И.В.Панфилов атындағы Қызыл Тулы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 1077 атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонының 2-ші атқыштар ротасының ас-снайпері Төлеуғали Әбдібеков есі кіресілі-шығасылы қансырап жатып, соғыста өзі өлтірген рейхтың бір батальон офицер-солдатының ең шетіне барып, қаздай тізіліп тұрғандай сезінген. Ауыр жаралыларға қиналғанын басуға морфий егеді. Арқаға көкек айының соңына құс келген уақта қисапсыз өзен-көлде шүпірлеген ұялардан ұшқандай көк жүзін құс басып барады. Жарығы көмескі тартып сөніп бара жатқан көз алдына туған елге ұшып бара жатқан тырналар легі елестеген тәрізді, қанаты сынық жалғыз қаздың тобына ілесе алмай қаңқылдаған зарлы дауысы еміс-еміс құлағына жеткендей күй кешті. Оның жиырма жетінші көктеміне бір ай жетпей қалған. 

Госпитальда ай бойы ессіз күйден айықпай көз жұмған Төлеуғали Әбдібековты 23 ақпанда Калинин облысы Сокольничий ауданы Насва-Нова станциясының солтүстік-шығысына жерледі. Жақын жерде оның уыздай жас қандасы, пулеметші батыр қыз Мәншүк Мәметова жерленген. 

Карпаттың ит тұмсығы өтпес орманында жолдастары Вася атап кеткен партизан қазақ кезекті қанды операциядан оралып, жуан емен түбінде темекі тартып отырып қасындағыларға: «Мыңжылдықтар ешқашан соғыссыз өтпеген екен. Соғыс жоқ жерде өмір ақпай қалған тұйық су сияқты болғаны ма? Адамзат одан өлгенше айрылғысы келмейтіндей соғыстың не қасиеті бар?! Ажалды шыбын шаққан құрлы көрмейтін болдық. Ертең соғыс біткенде елге оралсам мен не істеймін? Фашизммен күрес менен нағыз қанішер жендет жасап шығарды. Жұртты аяғыш едім, бала кезімде далада жас шыбық жатса, түнде қорқады ғой деп ұйықтағанда қойныма алып жататын едім» деп шынын айтты. 

Соғыстан елге аман оралған Кәкімбек 1947 жылы Арқалықтан Шымкентке аттанып, Несіпкүлге үйленді. Кәкімбектің үлкен ұлы 1948 жылы туды. Күйеуінің отын өшірмей жеті жыл күткен, оның үш жылын жесірлікпен, жылаумен өткізген Несіпкүл алыстан өзін іздеп келген Кәкімбек қандыкөйлек қарулас досының ақырғы аманатын айтқанда: «Күйеуімнің досына қалай тиемін?!» деп қиналды. Кәкімбек: «Аманатқа қиянат жүрмейді. Жолдасыңды жоқтатпаймын, жарым бол, жылатпаймын, маған сені Төлеуғали майданнан оралмасын біліп, арнайы тапсырып кетті. Аруаққа шет болғым келмейді» деп жауап берді. Екеуі қосылған соң Кәкімбек сиыр фермада меңгеруші, әйелі Несіпкүл сауыншы болып істеді. Олар Мақтаралдан Арқалыққа 1960-шы жылдары көшті. Несіпкүл шыт орамалға түйіп, сандықтың түбіне салған ескі фотосурет және күйеуінің әулетінің жұрнағы болып сақталып қалған күміс белбеуді бойтұмардай көріп, оңашада көзі мөлтілдеп, өткенін еске алып отыратын. Текті, кісілігі күшті ерін қайтіп ұмытсын. Төлеуғалидың басқа жақтан бас сауғалап, 1937 жылдары көшіп келген туыстары ауқатты адамдар, күйеуінің тұрмысынан кедейшілік көрмей өскені білінетін. Несіпкүл кейінгі күйеуі Кәкімбектен үш ұл сүйді. 

Соғыстан соң роталас Айдархан Ахметов Фрунзеге тірі оралған: «Майданда снайпер қос қазақпен бірге болдым. Әбіл Нүсіпбаев пен Төлеуғали Әбдібеков. Екеуі ағайынды қоңыр қаздай бір-біріне ұқсайтын, сұңғақ бойлы, аққұба өңді жігіттер. 1942 жылдың қазан айында екеуі тосқауылға шығып, алғы шепте құпия атыс ұяларында жұбы жазылмай бірге жүрді», – деп естелік жазды. 


P.S. 1945 жылы қыста Насырханның 17 жасар кенжесі, ұлдардан аман қалған жалғыз тұяғы Ақылбайды соғысқа әкеткен. Әкесі сонда «Құдай-ау, бұл кімді өлтіріп қарқ қылады?» деп сақалына жас тамып жылады. Құдай оңдап, ұзамай соғыс аяқталған. Кіші ұл елге аман оралып, Тау-кен политехнологиялық институтына оқуға түсті. 

Сарыарқаның Бетпақпен ұласар бір ауылында, он ұлын бірдей соғысқа аттандырған тарақты руының шалына оныншы мәрте үшбұрышты хат – қара қағаз келді. Соңғы ұлдың қазасын шалға ел қалай естіртуді білмей тірідей састы. Ауылда бауырында баласы жоқ бір ақсақал бар екен. Сол кісі рулас, аталас шалға мынау қаралы хабарды естіртуге барған. 

«Қазақ тегі көк Тәңірі асыл өзегін аман сақтаған құдайдың халқы. Небір қанды жорық жойқын шапқыншылықта тұқымы құрымаған дегдар халықпыз. Аруақты иен атамекен жері қыпшақ нәсілін кезенген ата жау атаулыдан талай құтқарған. Жалған дүниеде сен бала қызығын көрдің, желкілдеген қол сияқты құдай берген он ұлың тегіс атқа мінсе, әке болып сүйсіндің. Мен болсам қубаспын, құдай ұрпақ сүюді бұйырпады. Жаратқан асыл Тәңірімді бәрібір қарғамадым. Ұлдарың қан майданда тегіс шейіт болған екен. Соны естіртуді ел-жұртың маған аманаттады. Орнында бар оңалар, бекем бол, бауырым, жас өскін немерелерің аман болсын. Күні ертең өртеңге өскен шөптей ұрпағың қаулап өсуге нәсіп етсін!». 

Төлеуғалидың жасөрім шақта ажырап, қиянда қалған туған ауылында жер аударылып келген бірнеше әулет неміс бар еді. Өзен суы көкте күн балқығанда алтын дариядай жарқырап жатады. Соғыс біткен жылғы жаз Құндыздыда төрт бала сиырдың құйрығына жабысып, терең судан малтып шықпақ болған. Су тілсіз жау. Балалар судағы шырмауыққа аяғы оратылып, шашылып қалған. Жағаға сиырмен қоса бір бала жүзіп шығады. Үш қазақ бала тұңғиықтан шықпай қалған. Неміс баласы суда балықтай жүзетін. Ол сүңгіп кетіп, ойын достарын бір-бірлеп судан аман алып шықты. Колхоз бастығы бұл ерлігі үшін неміс балаға тай берді. Баланың анасының қуанышында шек болмады, дереу тайды тайыншаға ауыстырып алған. 


27.02.- 28.02.2015. / Жаңа деректер қостым: 1.03. / 2.03. 2021. 

author

Айгүл Кемелбаева

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...