«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Талдықорғанда ком...
АҚСЕЛЕУ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Саналы ғұмырын қазақ сахарасын зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек енді біздің ортамызға қайта оралмайды. Бірақ өзі болмағанмен, сөзі қалды. Өшпес, өлмес мұрасы қалды. Соған шүкір етеміз.
«Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар. Ақаңның алып бейнесі күн өткен сайын зорая түсуде. Бүгінгі қазақ қоғамының көзі жеткен шындықтың бірі бұл. Өйткені Ақаңды жоқтаған, оның өнегелі өмірін айтқан адамдар күн өткен сайын көбейіп келеді. Біз бүгін іні лебізін оқырманға ұсынып отырмыз.
Ақселеу туралы аңыз шарана шырылдап жөргекте жатқанда басталыпты. Осылай деп естуші едік, аңыздың ақиқатын көзбен көрген адам томсарып тұрып тіл қатты. Бұл – Жаңарқаның Қызылтау ауылы еді. Ақаңның 50 жылдығы. Сонда әкесінің көзін көрген ақсақал:
– Слан соғысқа кетіп бара жатып, қара жолдан қайрылып кеп, жөргекте сап-сары боп жатқан Ақселеуге шұқшиып бір еңкейіп кеткенде… ішіміз шым ете қалды. Ұзамай әкесінен қара қағаз келді. Оған да елу жыл болыпты-ау,– деді.
Бұл әңгімені бұрын да естігенбіз. Мерейтойдың қадірлі қонақтары – Кәдірбек пен Серік Әбдірайым, Қуанышбай мен Кәрібай, Шерағаң мен Асанәлі тым-тырыс бола қалды. Аңыз түбі ақиқат екен. Ақаңды аңыздан жаралған демей не дерсің. Жүрген жері – есте қалар елеулі оқиға, айтқыштық пен көргіштік. Тағдыр осы бір қасиетті бесіктен бұйыртқан ба деп қаласың.
Жаңарқаның Мәдениет үйінде салтанат өтіп, Ақаңның әндері мен күйлері тыңдалды. Жергілікті әнші «Дәурен-айды» орындады. Бұл әннің де бойына шақ аңызы бар. Міне, былай. … Ақаң ақын Несіпбекке қолқа салады. «Осындай бір әуенге сөз жаз» деп. – Мұңлылау болсын, бірақ өмірге деген құштарлық көрініп тұрсын». Несіпбектің «мақұлы» ұзаққа созылады. Бір күні шұғыл үйіне шақырып, алдына қазы-қарта мен көңіл тербер орыстың «қымызын» қойып, сыртынан құлыптап кетеді. Түсте келсе, «Дәурен-ай» дайын…
– Жастық дәурен тұрмас,
Қайта мойын бұрмас,
Тоқтамастай,
Шапқан аттай,
Атқан оқтай, дәурен-ай!
Өмір көркі тозбас,
Одан ешкім озбас,
Ескен желдей,
Көшкен сеңдей,
Аққан селдей, дәурен-ай!
Аспандап алатын,
Асқақ қанатым,
Саған да кез келер, беу, шіркін,
Тыным табатын… – дейді.
Ән орындалғанда алдыңғы қатарда отырған анасы Кәтеп «үһілеп» қалды. Сланнан он тоғызында қалған өзінің, әкесінен жөргекте қалған ұлының күн шуақты сағынған кездерін ойлап, «үһілемеді» дейсің бе?!
Саған да кез келер, беу, шіркін,
Тыным табатын,– деп аяқталған «Дәурен-айдың» артында қалған аңыз – осы.
Тау етегіндегі қалың қоғалы қорысқа шықтық.
– Мынау – Сәкен ойнап өскен тау. Мына тастың үстіне бала Сәкен талай шығып, түсе алмай шырылдап тұрған. Сейфолланың Сәкені өз биігінен түсе алмай кетті ғой,– деді Ақаң тау етегіндегі қой тастың үстінде тіп-тік боп тұрып.
– Көріп тұрғандай ғып айтуын қарашы,– деді Кәдірбек.
– Мынау – қалың қопа. Осы жерде жергілікті жұрт жолбарыс аулаған. Жолбарыс кірпік қаққанша атылады ғой. Тарақтылардың кірпігі бұйра, күн өтпейді, кірпік қақпайды. Олар оқ шығындамай-ақ көзбен арбап алады екен…
– Тыңдап тұра береміз бе?!– деді Кәрағаң-Кәрібай.
– Тегін сөзді тыңдай берейік те,– деді Қуағаң-Қуанышбай ішек-сілесі қатып…
Ақанның 60 жылдығы. Астана – Ақмолада. Ең үлкен мейрамхана. Ығай мен сығай. Жаңа астана, жаңаша тіршілік, жаңаша көңіл-күй. Бұның бәрі – қолымызға тиген тәуелсіздік деген тізгіннің әсері.
Бір ұста досы Ақселеуге қылыш сыйлады. Қолына ұстаған күйі: «Бұны мен Асекеңе сыйлаймын»,– деп, «Бекежан-ағасына» табыс етті. Асекең зілдей ауыр қылышпен ауа қармап тұрып:
– Кімнің басын кессем екен?!– деп тісін қайрады.
– Депутаттардың,– деп айқайлады Хасен Қожа-Ахмет.
– Кессең кес. Жанпида!– деген Шерағаңның жан даусы шықты.
Бұл кеште Әббдіжәмил Нұрпейісовтен басқа ешкімге сөз берілмеді. Ән мен күй, «Ақселеу айтыпты, Ақселеу куә болыпты» деген жанды әзіл-күлкі мерейтойдың мәртебесін көтерді. Бұл да бір өзгешелік еді. Бұл – Ақаңның соңғы мүшелге бет алуы – өзі көрген ақырғы мерейтойы болатын.
1970 жыл. Коммунистік партияның Бас хатшысы Брежнев Қазақстанның 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте республика ауыл шаруашылығының тарландары жайлы айта келіп, 13 бала тәрбиелеген «Батыр Ана», күріш өсіріп, мол өнім алып отырған Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Ұлбала Алтайбаеваға тоқталды. «… Демек, Алтайбаева жолдас екі мәрте Ері» деп түйіндеді сөзін. «Социалистік Қазақстанның» қызметкері Ақаң салып ұрып Шиелідегі әпкесін іздеп келді. «Арқадан бауырым келді» деп Ұлбала тай сойды. Бұл – диқан мен қаламгердің бір іңкәр көңіл беттесуі болды, екі ұрпақ өкілінің сұхбаты бозала таңға ұласты, Ақселеу соғыстан қайтпаған әкесін ойлап отырды. «Әкем тірі болғанда мынау әпкеммен, мынау отырған ағаммен үзеңгілес болар еді-ау» деген бұлдыр елес көз алдынан көлең етті. Арқаның жігіті Сәбит Мұқановтың «Сырдарияны» қалай жазғанын таңдай қағып, қайта-қайта сұрады. Қауынның ішіне үңгіп кіріп кеткен салпаң құлақ сұр есектің күй талғамайтын көнбістігіне таңғалды. Сәбеңнің туған ағасындай болған, ақ күріш өскен топырақтың тамыршысы Ыбырай Жақаев әкесіне жүрексіне барып сәлем берді. Оның да соғыстан қайтпаған ұлы Ақылбек әкесі Сланмен құрдас боп шықты. Сәбең диқанның қасында талай күн мен түнді сарп етіп, «Сырдария» өмірге келді. Сұр есекті қауынның ішіне кеулеп кіргізіп жібергені өлмес аңызға айналса, Ақселеудің Ұлбала Алтайбаеваны іздеп келуі де Сыр жұрты үшін артында аңыздай әсері қалған ұмытылмас сапар болды.
Алпысында киелі Түркістан жұрты шақырды. Ақаң Ахмет пен Міржақып бабаларына ұқсап таяқ ұстап барды.
– Ақселеу-ау, аяғың ауырып қалған ба? Таяқ ұстап қапсың-ау,– деді алдынан шыққан ақсақал алыстан келген қонағына шын жаны ашып.
– Бір… киелі ағаштан жасалған таяқ еді,– деп сексеннің сеңгіріндегі ақсақалдың алдында абдырап қалған Ақаң таяғын тастап жүре берді.
Түркістанда «Қазақтың ауызша тарихының» негізінде шежіре жайлы баяндама жасады. Шашын тықырлап алғызып тастаған жігіттің төбесіне Оңтүстіктің күні тік шаншылып, шілденің шіліңгіріне сыр бермей, әр сөзін баптап оқып тұрған азаматтың жанкештілігіне тәнті болған бір үлкен кісі басындағы ақ тақиясын шешіп ап, төбесіне қонжитты.
– Рахмет, аға, шыдаймын ғой, – деп саспай сөйлеп, баяндамасын әрі жалғастырды.
Бұл – «соғыс көрген әкеден жаралып, соғыс көрген ананы емген» азаматтың кірпияздық, төрелік қасиеті еді.
Есіл бойында өткен Байғозы батырдың 300 жылдық атаулы тойында да аңырақай аспан астында шекесін Күнге қақтап тұрып баяндама жасап, үлкен-кішінің ілтипатына бөленді, Әбдіжәмил Нұрпейісов пен Әбілфайыз Ыдырысовтар сөз сөйлеп, риза пейілдерін білдірді.
Студент күнімде «Қыр хикаялары» деген жұқа кітап қолыма түсіп, «Қазақ әдебиетінде» пікір білдіріп едім, «Ниетіңе рахмет!» деді танысқан жерде. Сонан бері «Ақселеу айтыпты» деген сөзге құлақ түре жүремін. Сан мәрте сапарлас болдым. «Күй кітабы» мен «Қазақтың ауызша тарихын» жақын көңіл – жылы қолтаңбамен ұсынды. Жақсы сөзге жан семіреді. Елуімде «Егеменде» ағалық лебізін білдірді. Досы Қойшығара екеуі Ақаң мен Жақаңдай жұптары жазылмай жүруші еді. Ақаң келген жер самала жұлдыздың жарығы түскендей жайнап кететін, «Ақаң айтыпты» деген сөздің өзі отырған жерді нұрлы шуаққа бөлеп, езулер ыржиып, қазақы көңілдің күңгір-күңгір күмбезі тігілетін. Әйтеуір Ақселеу аты аталған жерде ұлттық болмыстың желкені желбіреп, бір қазақы әлем бой көтеретін.
Баладай аңқау еді. «Білім және еңбекте» бас редактор кезінде, «Редактор бағанына» «Құлан» атты мақала жазып, бөлім меңгерушісі Алпысбай Шымырбаевқа ұсыныпты. Ертесіне: «Қарадың ба?» десе, жерге ұрып алғандай Алпысбай:
– Ақа, Асан қайғы «Аяғы жоқ, қолы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер, Құйрығы жоқ, жалы жоқ, жылан қайтіп күн көрер» деген емес пе. Сіздің мақалаңыз: «Бала күнімізде ауыл шетіндегі жылғадан су ішіп тұрған құйрық-жалы төгілген құланды көп көрші едік» деп басталыпты. Бұқар жырау екеуіңізде сәйкестік болмай тұр ғой,– депті.
– Өзіме берші. Бала кездің әсері қалмайды ғой,– деп тартпасына сап қойыпты…
Адал адам – аңғал. «Адамдық түбі – адалдық, адалдық түбі – жамандық» – жүрегін жарып шыққан өз мәтелі. Көкірегінде қара дағы жоқ адам өмірде ағат айтам-ау деп, ізімді иіскелеп, табаныма таңба басады-ау деп өмірі сақтанбайды. Ақаңның артында қалған аңыздар да – осындай аңғал мінез-құлықтың сарқынды сыры.
Мемлекеттік сыйлық алған «Қазақтың күй өнері» кітабының «Сауғасында»: «Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқының тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани тағдыры үшін айырықша ғасыр болды… Технократтық даму ұлттық атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып барады. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп нандыра алмайсың. Ал өзіндің қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана»,– дедің. Өзіндік табиғи болмысыңмен, қалам қуатыңмен сол ұрпақты сақтап қалуға бір Адам барын салса, ол – өзіңсің, Ақа!
Ұрпақ қамы жүрегінде лаулап, жалын боп күйдіріп кетті. Бұл туралы шаршы топта айттың да, баспасөзде жаздың да, мәмілелі жерлерде мәселе ғып көтердің де. Оның игілігін жаңа қоғам мен жаңа Адам көрер. Бір үйде тұрған көршісі – тілінің бізі бар Көпен көргені мен көрмегенін қосып айтқан екен, ол да қазір аңыз боп ауызда жүр.
…Есік алдында иығында ақ шапан, басында ақ қалпақ, қолына ақ таяғын ұстап, бүгінгінің Абылайы – Ақаң отыр дейді.
– Балалар-ей, орысша сөйлемеңдер, қазақша сөйлеңдер. Ләңгі ойнамаңдар, асық ойнаңдар. Уһ! Заман-ай!– деп, ақ таяғымен қара жерді қойып қалғанда, бір бала артына бұрылып:
– Надоело это старик!– депті.
Бұл аңыз-әңгіме Ақаңның біртуар бейнесін сомдай түседі, өйткені артында Адам тағдыры тұр.
Ағаларының атын байлап, құрдастарына қорғасындай салмағымен сыйлы бола білген Ақаң соңынан ерген інілерінің алдында Алатаудай асқақ, Қаратаудай қазыналы кеніш еді. Ол – кісі тани білетін, біреудің бойында барды бағалай білетін. Біздің курстас-ымыз Жәнібек Кәрменов орындаушылық шеберлігімен Қазақстан комсомолы сыйлығына ұсынылғанда Қазақ теледидарында екеуі ән-сұхбат жүргізіп, өнер өресін аспанға шығарып тастады. Бұл – 80 жылдары ән өнеріндегі кеңестік дәуірдің бағдарламасына бағынған Қазақ теледидарындағы құбылыс болды. Қалың көрермен қайталап көруден жалықпады, «Алтын қорға» алынды. Ән-сұхбаттың артында аңыз қалды. «Қазақ әдебиетіне» Еркін Нұразхан екі кейіпкердің қарама-қарсы отырған шарж бейнесін салып, «Жәнібек ін салады, Ақселеу тамсанады» деп Жарасқан достық әзіл жазды. Ол әлі күнге елдің аузында. Тірліктегі ағалы-інілі жүректер енді ақыретте табысып жатқан болар.
Бірге оқыған курстасы Әбдіраштың Жарасқаны «Құлпытас» деп атап кеткен эпитафия кітабында Ақселеуге былайша эпиграмма арнады:
Бойы бар ерек көрінер!
Ойы бар зерек өрілер!
Жазушы, әнші
Һәм күйші,
саятшы,
ұста,
зергер…
сөзіне сенсең – осындай,
өзіне сенсең – досыңдай.
Көкпарға түсіп кетпегей
бәрінің басы қосылмай…
Ол 70-ке жетпеген ғұмырында Құдай бойына дарытқан қабілеттің бәрінің басын біріктіріп кетті. Артында аңыз қалды. Ақаңның ат баптауы, мылтық ұстауы, Сарыарқаның саздарын шертуі, алабөтен шешендігі, «саяттығы», «серілігі», бір атым насыбайды билерше керіліп, бипаздай атуы… Ақаң туралы аңыз осылай Көкке өрлейді. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Ең бастысы, артында том-том боп тасқа басылған сөзі қалды. Енді «Ақаң келеді» деп жолын тоспаймыз, «Ақаң айтып еді» деп өмірдің өткен шағымен сөйлейміз.
Ақаң туралы аңыз айтыла береді…
Қуандық ТҮМЕНБАЙ