Қатысушылар:Базарбай – «Алашорда» қайраткері, елу сегіз жастағы кезі.Базарбай &nda...
Айгүл Кемелбаева. Ұя (Әңгіме)
Мұздай балмұздақтың кесірі Ботаның тамағына ашкүзенше жабысты. Найзағайлы биылғы жаздың маусым айында көктегі алтын күн төңіректі өртеп жіберердей көрінген. Сондықтан қазбауыр бұлттар жер бетіне жаңбырын жиі-жиі төге салады. Бота өзі қағілез бала, ауырғалы анасы қанша тықпаласа да, бір қасық балға қарағысы, бір кесе айранды жұтқысы жоқ, нəр татпастан минерал суын ғана ұнатып ішеді. Тіпті тəуір болса да бөтелкедегі суға төніп тұрады, шетінен сіміре бергеннен жалығар емес.
Назым ауладан жүгіріп кірді, шөлдеп, шөліркеп су ішті.
– Бота менің минерал суымнан ішпе! – деп оған тыйым салды. Себебі, бұл үйде бала сəл сырқаттанып қалса, соған айрықша ықылас танытатынына үйренген.
– Жоқ, ішпесін, су менікі, ол ауырған жоқ, – деп қиқарлық танытты Бота өзімшілдікпен, ылғи сіңлісіне озбырлық қылуға дағдыланған əдетпен. Үстел басында қаз-қатар отыратын екі баланың дүрдараз болып татуласуы да оп-оңай, ұялас күшіктер тəрізді таласа кетеді. Артынша Бота тісті бақадай жабыса кетіп, Назымның шашынан жұлып, үстіне сорпа төгіп жіберді. Назымның көзінен жас ыршып кетті. Ботаның шатаққұмарлығынан əбден шаршады. Шырқ бұзып өкпелете берсе, қашанға төзсін. Сол-ақ екен, анасы мөлдір көк құтының ішіндегі əжептəуір мол суды Ботаның басына құя салды.
– Ылғи жанжал шығарасың да, бауырыңа күн көрсетпейсің! Мə, саған керегі осы шығар!
Соңғы кезде өзін ерекше мəпелеп, бағып-қаққан сүйікті анасынан мұндай мазақ қылық күтпеген. Бота қатты шамданып бақырып жылады. Мойындау керек, бұл екеуі шыбық тимей, шыңқ етер балалардан. Ол балконға атып шығып, есігін сырттан жауып алды. Көз жасынан һəм аянышты үннен анасының жаны күйзеле бастаған. Көп ұзамай Бота бақыруын қойып, сап тиылды. Бірақ дегбірі қашқан анасы іштен, əйнектің ар жағынан анық көрді, оның нəзік иығы дірілдеп, əлі де жылап отырғандай.
– Күнім-ау, тамағыңды іше ғой, суып қалады, – деп дауыстады анасы қызын біртүрлі аяп кетіп, алайда төбесінен су құйғанына еш өкінбестен. – Өзің кінəлі, түкке тұрмайтын нəрсені ұлан-ғайыр қылған.
Бота мен Назымның анасы қызық. Мінезі жұмсақ, ұзақ қатал бола алмайды. Ол көп кешікпей, кішкене қызын балконнан жалынғандай, сүйрегендей құшақтап алып шықты. Бағанағы бақырған дауыс қайта жанданды, мүлдем күшейіп, озандап бір басылды. Беті-қолын жуып, бетінен бір сүйсе баласының көз жасы лезде құрғай қалатынын біліп, сыралғы анасы Ботаны айналып, үйіріліп-ақ жатыр. Ең қызығы, анасы еркелеткен сайын жылауық қыз бала бұлақша аққан көз жасын кілт тыя қойды да, анасының бетіне күле қарап:
– Мама, мен көрдім, ұяда бес жұмыртқа жатыр екен, – деп айтты.
– Қайдағы ұя?
– Біздің балконның шетінде ұя бар.
Бұл мағлұматтың ерекше маңызды екені оның бадырайған үлкен танакөзінен білінді, ал кірпігі бөлек-бөлек, су-су. Қас қаққанша Бота өкпесін ұмытқысы келмей, қайтадан бұзыла қалды, жас тағы саулап кетті. Еркенің көзі жасты. Арада бес минут өткенде ол ас бөлмеде монтиып тамағын ішіп отырды.
Қаратамақ (әңгіме)
Бота мен Назым қазақ мектебін де оқиды. Əжесінен еститін қазақы сөздерді айнытпай қағып ала қояды. Сондықтан кəдімгі қала балаларынан гөрі асфальтта өскен ұрпақ бола тұра тілдері шешен десе өтірігі жоқ. Бармақтай құстар қуыршақтың көрпешесін ұясына төсеп ала қойған тапқырлығына мəз болысты, айналасын шөп-шаламмен дөңгелектепті. Балконда ойнап, біраз ойыншықтарын ұмыт қалдырғандары қандай жақсы болған!
Құс баласы адамнан алшақ, қауіпсіз ұя салдық деп ұғады. Аймағы балконның сол жақ шетіндегі үйме жүктің бұрышындағы тар қуыс. Бес қабатты кірпіш үйдің төртінші қабатындағы жеке патшалық.
Əуелде екі құстың бір бүйірінен зу етіп ұшып кіріп, жебедей атылып кері серпілетініне ешкім мəн бермеді. Əншейін айналсоқтайтын шоқ-шоқ торғайлар шығар. Бірақ бұл құстардың дене бітімі домаланып бортиған сұрғылт торғайлардан өзгешерек. Сидаң, жұқалаң, ағы мен қарасы аралас, қанаты ғана сұр түсті, қағілез сүйкімді құстар. Əжесі бұрын ауылда тұрғанда тауықтарына арнап шашқан жемді бір топ торғай пыр етіп қонып, жапа-тармағай қоса шоқысып, бидайды теріп жеп болғасын, бір мезгілде дүр етіп ұшып кететіні туралы екі балақайға əдемілеп əңгіме шерткен. Əжесі оларды сағына еске алып, томпақ торбикештер деп атап, өзінше еркелетіп қоятыны балаларға ұнайды.
Бұл құс расында шымшықтың бір түрі – қаратамақ. Мойнынан төмен, кеудесіне түсіре қою қара түсті алжапқыш байлап алғандай. Төбесіне қара қалпақты милықтата кигеннен жəне аумайды. Басты ерекшелігі – құйыршығында, құйттай денесіне қадап қойған бір тал қауырсын, қырғауылға еліктегендей ұзын бойына түскен ақ жолақ сызығы бар. Селкілдей қозғалақтап, шоқаңдаумен тыным таппас құйыршығының қасиетінен құстың өзі ұдайы билеп, ырғаңдап көрінер еді. Көзі домаланып тұр, мүйіз тұмсығы қап-қара. Ол тірі жəндіктермен қоректенеді. Ұядағы балапандарын асырайтын жемі – кілең ұшатын зиянкестер: шыбын, маса, жынды көбелек, қуып жүріп ұстайды, сірə. Өздері адамнан мүлдем қашпайды, қорықпақ, үрікпек түгілі тықсырып тастайды. Бұйрық раймен тақау кеп, бапандай болып, қадалып тұрып алады. Енді екі кішкентай қыздың мамасы балконға кір жаюға шыға беруден именетін күйге түсті. Қаратамақтар ұясын қызғыштай қорып, кей сəт қосағымен, біресе жалғыз аңдуылдап, маңайда қанатымен ілініп, тік тұрады. Жерге түспей шырылдайды. Балконның белағаш теміріне, керілген жіпке қонады. Бота мен Назымның мамасының кір жайса-ақ асығатыны сонша, қолы дірілдейді. Осынау шиеленісті мезеттен құтылмақтан тіпті жүрегі қағып кетуге мəжбүр.
– Мама, терісі ғана бар балапан, – деп əйгіледі он жастағы Бота үңіліп. – Көзін ашпайды, аузын ашып жатыр.
– Мен де көрейінші, – деп кимеледі Назым, жерден жеті қоян тапқандай. Бота қызылшақа балапанның аузын қалай ашқанын айнытпай көрсетуге тырысты.
Əжесі ас бөлмеден қабағын қатып шықты:
– Қой, ұяға қарамаңдар! Айтпай жасырып жүр едім, қайдан көріп қойғандарын! Аулақ жүріңдер, құстар жұмыртқасына қарамай жеріп кетеді. Обал болады, ата-анасы бақпаса аштан өледі. Əжесі налып, бір қолын кеудесіне қойып, наразылықпен айтты.
– Əже, онда біз асырайықшы, жұмыртқалары шұбар ала ма? – деді Назым риза кейіппен.
– Жоқ, көкшілтім. Балам-ау, құстар жəндіктерді аулап күн көреді. Сенің асырағаныңды қайтсін, əрқайсысына Алла тағала берген ризығы бар.
Арада он бес күндей өтті. Кішкентай қыздардың анасы Алматыдан іссапардан оралды.
– Мама, бері келші, бірдеңе көрсетейін, – деді Бота. – Кəне, былай деші. Өзі ернін шөпілдетеді.
Ұядағы сарыауыз балапандарға белгісін мамасы бірден тыйып тастады. Мұның өзі зорлық, обал емес пе!
– Жүндері өсе бастапты, – деді Назым. – Мамалары əлі келген жоқ, əйтпесе бізді жақтыртпайтынын білемін.
– Тек, көзің тимесін, сұқтанбау керек. Қауырсындары деп айт, – деп түзеді ырымшыл мамасы. Ауылда өскен соң ырымшыл. Ол ұяға бір-ақ рет көз салды, қаратамақтар тұқымымен бұл балконнан бір-ақ түнде ұшып кетті, балапандарының қанаттары қатайған соң қалмады. Ұя қаңырап бос қалды.
Ол ұяға бір-ақ рет көз салды, іле соның өзін артық санап, басын жұлып ала қойды. Балапандар аузын арандай ашып жатқанда ұядан тек бастары ғана көрінеді. Үшбұрышты һəм төртбұрышты үңірейген қуысқа ұқсайды. Тұмсығына тістеген жəндіктердің түкті екенін балаларға əжесі байқап айтты. Сөйтіп тұрып шиқылдайтынын қайтесің қос құстың, ұясын қорғау үшін жанталасып, бейкүнə жандары шығып кете жаздайды. Ешкім тиіспесе де безектейді. Ал балкон өз иеліктеріне қалса қаздаңдап, секектеп барып, төменге ойысып, ұясына кіреді. Бөлмеден бақылап көрген қызық. Балконның белтемірін жол қылып, үлкен терезенің əйнегін белуардан қиып, қайқаңдап күніне жүз өтеді. Кір жаятын сым ғана өнер көрсететін цирктен аумайды. Құдды арқан бойымен жүруге машықтанған, қара фрак киген əртістен бетер шеберлікпен бездеңдейді!
Шілденің ортасынан ауғанда қаратамақтар тұқымымен бұл балконнан бір-ақ түнде ұшып кетті, балапандарының қанаттары қатайған соң қалмады. Ұя қаңырап бос қалды.
– Қаратамақ құстарды қаңғыбас мысықтардан құдай сақтасын! – деді əжесі, өйткені Бота мен Назым ауладағы панасыз мысықтарға да сүт тасиды ғой.
– Əже, мысықтың балалары əлі соқыр, көздері ашылмаған, біздің балапандар оларға ұстатпайды.
Назым жұп-жұмсақ, сүйкімді мысықтарды да жақтайды.
Қаратамақтар əулетімен ұшып кетті. Олар ұяласа бақыт құсы қонғаны ғой. Титімдей салмағы жоқ ұлпадай жеңілдігімен баурайды, зілді аластайды, иə!
Жазғытұры құс келерде далаға елгезек құстар алдымен келеді. Соқпалы, секек құйыршық тегін бітпеген. Жер тоңы жібіп, өзен-көлдерге сең жүрмес бұрын мынау шымшықтар ұшып келіп, құйыршығын сілкілемесе қиын. Көп ұзамай көк мұз сөгіледі сонда. Көк Тəңірі жылымықты құс қанатымен жібергенді хош көреді. Көктемді қаптаған қара қарғалар əкелмейді, шымшық құстай шапшаңдық оларда қайдан болсын!
Бұл балконда əдемі құстар бір жазда екі рет ұялады. Олар əртүрлі құстар ма, əлде бұл жұп қайта-қайта балапан өргізді ме, мұны Бота мен Назымның өздері де, əжесі мен мамасы да тап басып айта алмайды.