Жуырда белгілі жазушы, күйші, кинодраматург, өнертанушы Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын дәріп...
Айнұр НАЙМАНБАЙ: ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Қазақ әңгімесі дегенде алдымен ойымызға шағын жанрдың шырағын жағып, әуелетіп биікке көтерген Бейімбет атамыз түседі. Иә, кәдімгі Бейімбет Майлин! Обалы нешік, Биағаңның оймақтай әңгімелерін оқығанда өткен ғасырдың басындағы оқиғаларды телеарнадан көргендей әсерде боламыз. Сондай кезде әп дегеннен оқырманды жетелеп, еріксіз езу тарттырып, кейде жаныңызды мұңайтып, кейде қуантып отыратын ғажайып бейнелердің галереясын жасаған жазушының шеберлігіне таңдай қағасыз. Оның шығармаларында басы артық деталь, көлдеңен сөз, артық бояу жоқ. Бір деммен құйыла салған көркем көрініс секілді. Әлмашұлының әңгімелері де көрнекті көркем сөз шеберінің туындыларымен үйлесіп, үндесіп тұратыны байқалып қалады. Ол да философиялық терең ой айтамын деп күшену, сөзбен сурет саламын деп көпсөзділікке ұрыну, кейіпкерлерді асыра әсірелеу секілді қасиеттерден ада. Қайта, шығарманы қолмен қойғандай дәлдікпен, ұтымды детальмен, айшықты әзілмен әрлеп отырады. Айталық, «Сэм және Сэмиха» деген әңгімені алайық. Бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамда белең алған келеңсіз жағдай. Басты кейіпкердің есімі – Сапаргүл. Ауылда әке-шешесінен тағылымды тәрбиесімен өскен бойжеткен кейін қалаға келіп, жоғары білім алады. Тәп-тәуір қызметке орналасып, ел қатарлы жұмыс істейді. Бір бөлмелі қонысқа қол жеткізеді. Былайша, көңілі тоқ, уайымы жоқ деп айтуға болады. Сөйтсек, Сапаргүлдің де нәзік жүрегінің түкпірінде жұрттан жасырып, өз-өзін іштей жеп жүрген арман-мұңы бар. Анасы үнемі қызына «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан» деп жиі айтады екен. Ал ол болса: «Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал мықты екенсің, сол өзің айтқаныңды орындап көрші! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелі айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!» Бұл – өзінің ойы. Сөйтіп жүргенде қалада туған, ауқатты отбасыдан шыққан, бүгінгі күннің талғамымен сәнді киінген жігітпен танысып, аз уақыт ішінде тұрмыс құрады. Жігіттің аты – Сатымсай. Бірақ ол есімі оған ұнамайды. Тым қазақы, ескі есім деп санайды. Әкесі оған: «Бір кездері сондай батыр бабамыз болған, сол кісідей жүректі, елге сыйлы болсын деген ниетпен атағанбыз» дейді. Бірақ оның қадірін білетін бала жоқ. Солай жаңа шаңырақ көтерген отау иелері өздерін заман талабына сай есімдерін «Сэм және Сэмиха» деп өзгертеді. Оқиғасы өте тартымды. Туындыдан қаламгердің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың дәстүрінен, иманды, адами қасиетінен алыстап бара жатқан жас ұрпақтың болмысын жан шырылымен жеткізгенін терең түсіндік.
Енді «Сәби қайнаға» деген әңгімені алайық. Шығармада алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Жаймашуақ көңілге толы сезіміңізді дір еткізер оймақтай ғана туынды. Басталуынан әңгіменің не туралы екенін ұға қоясыз. «Қаһарман шалды ауылдың бар келіні «герой қайнаға» деп атаушы еді. Жалғыз ғана Нұрсұлу елден ерек «сәби қайнаға» деп әп-әдемі атты тауып алыпты» деп баяндайды автор. Нұрсұлу – ауылдағы жалғызбасты келіншек. Күйеуі соғыстан оралмағаннан кейін қайтып ерге шықпаған. Әлдилеп, қолғанат болатын баласы да жоқ. Тәп-тәуір өңі бар, қылықты келіншекті ауылдың бәрі ерке келін атайды. Обалы нешік, әдемі, көрікті әйелді қайрақшы Қаһарман қария да іштей ұнатып, «жанарымен жеп қоя жаздап» жүреді.
Автордың келін мен қайнаға арасындағы оралымды байланысты орағытып, бір ғана «адам қартайса да, көңіл шіркін қартаймайды» деген бір ауыз сөздің мағынасын айшықты оймен алдыңызға сыбаға етіп тартады.
«Хемингуэй мен Керімбай» деген әңгімеде автор алыстағы алып жазушы мен қазақы ауылдағы Керімбайдың ұқсастықтарын әдемі бейнелейді. Әрине, ептеп әпенділеу, алып-ұшпа көңілдің иесі аңшы Керімбайдың кейбір қылықтарына үнсіз жымиып қоясыз. Шығармадан табиғат анаға деген, жан-жануарларға деген жанашырлықты қос кейіпкер арқылы автор тұспалмен баяндайды. Қаламгердің одан басқа «Ішкі есеп», «Сұлуды сүю», «Бажаның бейнесі», «Жақсылығын бұлдаған басшы», «Түркістан түбегіндегі ауыл» деп аталған әңгімелері де аса шеберлікпен жазылған деп ауыз толтырып айта аламыз.
Сондай-ақ, жазушының соңғы жылдары «Ел мен елес» (мінездер миниатюрасы) және «Аңшы ата ізімен» (табиғат новеллалары) аталған оймақтай қысқа дүниелерге қалам тартып, қоғамдағы түрлі оқиғалар мен бүгінгі адамдардың болмысын жаңаша ізденіспен көркемдеген тың туындыларын ерекше айтуға болады. Әсіресе, бізді қаламгердің екі өкпеден қыспай, жорғалап, еліктіріп отыратын шұрайлы тілі сүйсіндірді.
Түптеп айтқанда, елағасы Жолтай Әлмаштың қаламгерлік және қайраткерлік жолы кемел кезеңінде тұр. Қалам мен қайрат мұқалмасын, зерде мен зейін тұқырмасын!