Рахымжан Отарбаев. Қашқын хаттары

ӘДЕБИЕТ
3548

 Төлен Әбдіковтің әйгілі «Парасат майданы» повесін оқығаннан кейін туған ой

 
Ұлттық академиялық кітапханада басшы едім. Ертелетіп жұмысқа еніп, күнделікті баспасөзге көз жүгірттім. Баспалардан бояу иісі бұрқырап жаңа түскен кітаптарға асыға зер салдым. Ендігі ойым – бөлім қызметкерлерін жинап, бір жетім жиналыс өткізу. Сосын шұғыл аттану. Алда алыс құрлыққа іссапар тұр. Есіктен алабұртып хатшы келіншек енді.

– Прямо тыңдамайды. Неткен адам? – деді даусы қоюланып. – Қабылдап құтылыңызшы.

– Кімді?

– Бір әйел. Осымен үшінші келуі. Бір құшақ қағазы бар.

– Арыз шығар?

– Білмеймін. Өзі жылап алыпты. Көзі домбығып ісіп кеткен. Аузы сілекей...

Сілекейі несі? Аяқ асты шабыт буып шабынғандар, ерте көктем мен қоңыр күзде жыл құсын күтіп-ұзатып жел көтергендер о бастан маған әуес-тін. Уәделескендей ойдан-қырдан жиналып келіп, ойбайлатып ұстап алады, әйтеуір.

Дағдарып отырып қалдым. Үш сағаттан соң ұшаққа мінемін. Алыс-жақыннан бас қосқан алқалы жиын. Баяндамамның өзі солақай қолмен дайындалған. Қосып-алар тұстары көп. Дәмді сөздер мен жыланқарағы жоқ цифрларды бір сөйлемнің бойына үйлендіре алмай діңкелегем. Жол-жөнекей қалам төсеп бойына қан жүгіртсем деп... Көрдің бе енді...

– Кірсін, – дедім жеңіл күрсініп. – Ескерт. Көсіліп салып отырып алмасын. Ырғасатын уақыт жоқ.

Орта бойлы, шикі сары келіншек кіріп келе жатты. Екі бетінің ұшында шашыраған шөкім-шөкім тарыдай дағы бар. Шашын маңдайынан қақ жарып өріп, қос бұрымын арқасына бос тастаған. Онысы аяқ басқан сайын ақтиіннің құйрығындай жылтыңдап екі шынтағынан алма-кезек сығалайды.

– Сәлематсыз ба? – деді алдыма тізе сындырып жатып.

– Айта беріңіз. Жұмыс іздеп жүрсіз бе?

– Жоқ.

– Кітап өткізгелі келген шығарсыз?

– Жо-жоқ.

– Әлде кітапханашылардың бір қылығы жақпай қалды ма?

Үнсіз бас шайқады. Аңтарылып жүзіне қарадым. Аялы қоңыр көздерінің оты қайтыпты. Тұнжыр мұң төңіректеп алған.

– Мынаны оқып шығыңыз. Сұрайтыным сосын, – деп қолындағы шиыршықталған қағазды алдыма желп еткізді. Желі бетіме ұрды. Келмей жатып... Ішімнен қара дауыл бас көтере бастады. Жапырақ жиғандай ғып қолапайсыз беттелген оқушы дәптері. Шеті жыртылған, бүктелген. Тозыңқы қағаздан жүзімді алып қаштым. Қолыма ұстағым жоқ.

– Өз шығармаңыз ба? Компьютерге бастырып әкеліңіз.

Кінә арта қарады. Шикі сары жүзіне ептеп қызыл рең тепті. Екі бетінің ұшындағы шашыраңқы шөкім-шөкім тарыдай елеусіз дағы қоңыр тартып қалқып шықты.

– Білем, жиіркеніп отырсыз. Тым құрыса зер салып шығыңыз. Елге ортақ азамат деп келдім.

Амалсыз көз жүгірттім. «Қашқын хаттары».

– Тақырыбын өзім құрастырдым. Хат – күйеуімдікі.

– Ол да осында ма?

Даусым оқыс шығып кетсе керек, әйел селк ете түсті. Екі шынтағының тұсынан ақтиіннің құйрығы қайта-қайта сығалап өтті. Өзі еңсе көтере беріп етегін қымтап қайта жайғасты.

– Мазаңызды алдым. Кешірерсіз. Ол таптырар емес. Тірі боп елесі, өліп моласы жоқ.

Жұмбақ әйел әр қимылыма ішіп-жеп жұтынып отыр. Қашар жер, басар тау қалмады. Жапырақ жиғандай ғып қолапайсыз беттелген оқушы дәптерін парақтадым. Алғашқы бетке «Бірінші хат» деп әр әрпін бақшаның қарауылындай ғып жазып, астын айқыртып екі сызыпты. Оқи бастадым:

«Мен – Қадірақын Оразғалиевпын. Қыздай алған Дариға деген әйелім, мектепте оқитын ұлым мен қызым бар. Мамандығым – мал дәрігері. Техникум бітіргенмін, кешегі кеңес дәуірінде кеңшардың фермасында еңбек еттім. Үйірлеп айдап, табындап жайып, келелеп қайырып отыратын ек. Отар-отар қой өрісті тұяқкесті ғып шыдатпайтын. Кейін жекешелендіру жетті. Малға ие болғандар арға ие бола алмады. Кеңшар директоры ортақ дәулеттің қаймағын қалқып ішіп ол кетті. Ферма меңгерушілері қалғанын ұры-қарыдан бетер тонады. Заң тіліне ілінген біреуі жоқ. Жуас қашаған құсап жылжи жөнелді. Алақанынан адал еңбектің исі аңқып тұратын жай халық қазан түбіндегі қаспақты жалап жатты. Сөйтіп, жайлау жалаңаштанды, қыстақ қаңырады. Малы жоқ дала да жетім екен ғой..

Жас кезімнен өлең жазатынмын. Дариғаны алатын жылы тіпті шабыттанып көсіліп кеткем. Кейін сөз аяғы сұйылды. Ет пен терінің ортасындағы желік шығар... Бүгін жанымды жеген бір оқиғаға шыдай алмай хат жазып, сөз байлап отырмын. Кімге арнаймын, өзім де білмеймін. Айтпақшы, ауылда сандалып қалған соң қалаға көштік. Барымызды банкке салып, несиеге екі бөлмелі пәтер алғанбыз. Ол да бір қансорғыш неме екен. Ай сайын аузыңнан адал асыңды тартып алып, қылғындырады да отырады. Әйелім мейрамханада ыдыс-аяқ жуады. Жастай жетім нарша боп өсіп оқи алмаған. Өзім бір құрылыс мекемесіне қарауыл боп орналастым. Бәрі содан басталды...

Зәулім офистің құрылысы біте келе аулаға жарық беретін үлкен дизельді мотор әкеліп қойған. Өзі қымбат, шетелдікі десті. Мейлі ғой. Сол зат өзім қарауыл болған түні үшті-күйлі жоқ боп шықты. Жын көтергендей. Айқай басталды. Бастық келе жағамнан алды. Жандайшаптары жұлқылап кеңсеге сүйреді. Бәрінің айтатыны – «Ұрысың!» Кранмен әрең көтеріп әупірімнің күшімен жерге қойған әдіре қалғыр көк темірді мен бір түнде қалай арқалап әкетемін? Ысқырықпен айдап алатын мал болса бір жөн. Әзірге Дариға мен балаларыма тігісін сездірмеймін. Уайымдап жүдеп кетер...»

– Сонда қыздай алған Дариғасы сіз бе? – деппін бұл сөз қайдан аузыма түскенін.

– Сенбей тұрсыз ба? Тереңдеп оқи түсіңіз. Көзіңіз жетеді.


Екінші хат

«Таңертеңмен жұмысқа келгенімде бәрі маған ала көздерімен ата қарады. Тіпті аула сыпыратын қан-сөлсіз қара қатынға дейін сыңарезулеп: «Воруешь, а?» – дегені өкпемнен өтіп кетті. Былтыр мейрамда араққа бөгіп, әбүйірін ашқан. Көлдей етегін басына бүркеніп, сары ала ауын көрсетіп қорылға басыпты. Ол ойында жоқ. Кісімсіп қалыпты. Артынша демі ақ бу атып алқынып бухгалтер келіншек жетті. Құбаша жүзі қоңырайып, екі қасы қызарып кетіпті. Долылық қысқандағы әдеті.

– Әй, Қадірақын, қарақшы құсап қалқиып неғып тұрсың? Жүр, бас аяғыңды! Бастық іздеп жатыр, – дейді. Кәпірдің көзі қосауыз мылтықтай екен. Атып жатыр. Оғы таусылмайды. – Қолың таза емес. Жазаң дайын!

Азамат басымызбен әйелдің сөзін айтамыз-ау. Қайтейін, жаным күйгесін... Осының өзі суаяқ жүргіш. Байы, алтын асықтай балалары бар. Бірақ бастықпен әмпей-жәмпей. Ауыз жаласып, сілекей алысып... Ылғи машинасының артқы орындығында көміліп кетіп бара жатады. Өткен жолы дәлізде мені құйрығымен оңдырмай қағып кеткені. Құйрығы сандықтай екен. Қабырғаға жапсырды. Кешірім сұрау жоқ.

– Кісі екен десем, сен екенсің ғой, – дейді бедірейіп...

Құрсыншы, содан салып ұрып бастыққа келдім. Бастық шашын тықырлап алдырып тастаған төрт бұрышты басын сипап біраз отырды. Көзінің астымен сүзе қарады.

– Мойындайсың ба? – деді сосын.

– Жоқ!

– Сенің сменаңда ұрланғаны рас қой.

– Рас.

– Бұл – бәлен миллион теңге тұратын үкіметтің мүлкі.

– Қайтейін?..

– Қайтпе, түсініктеме жаз. Мен қарауыл болатын түні жоғалды де. Оны мойындаймын де. Құжат үшін керек. Қазір сөзге сенетін заман емес.

– Сосын?

– Сосын ептеп списанияға шығарармыз. Бірте-бірте... Тек дымың ішіңде болсын.

Көшелі кісі екен ғой. Жазықсыз екенімді біліп жаны ашып отыр. Өзімнен де бар. Кеңшардың жырық атаны құсап меңірейем де жүрем. Бұған да оңай соқты дейсің бе? Қарашы, шашын тықырлап алдырып тастаған төрт бұрышты басын сипалап қиналуын. Осы басы өзіне жарасады-ай!..»

Дариға үнсіз жымиып маған қарады.

Мен көзімді алып қашып терезеге қарадым. Жел көтерілген екен. Іргедегі балапан талдар майысып-қайысып жатты.


Үшінші хат

«Аяқ астынан қалалық полиция басқармасы шақыртты. Қолыма өздері жіберген молданың ішірткісіндей қағазын алып жетіп бардым. Түс әлеті еді. Тергеуші мұрны қорқордың басындай домалақ шойқара екен.

– Ә, Ораз-ға-лиев, – деді бірінші кластың оқушысындай ежіктеп. – Кел, кір бері, төрлет! – Сөйтті де бір бүйірде тұрған қылмыскерлерді қамайтын темір торға сүңгітіп жіберді. Тіпті есімді жия алмай қалдым. Есігін сатыр-сұтыр еткізіп жапты да, кілтін беліне қыстырып алды.

– Не үшін? Ау, есің дұрыс па?! – деймін бар дауыспен бақырып.

– Тарт тіліңді, кәззап! Обедтен кейін әуселеңді көрермін, – дейді мұрны қорқордың басындай домалақ неме тіпті мойын бұрмастан. Сөйтті де ұзын коридордың бойына сіңіп жоғалды.

Көзім үйренген соң көрдім, қараңғы түкпірде екі міскін отыр. Сүлесоқ, иықтасып алыпты. Мен қатарларына қосылған соң жанданып сала берді.

– Статьяң қандай? – дейді қосамжарланып.

– Қайдағы статья?

– Бірінші отыруың ба?

– Отырған жоқпын.

– Саспа, онда отырасың, – дейді бірі қыт-қыт күліп.

– ...Ұрлық дейсің бе? «Алғаным жоқ». Кім сенеді, көкетайым-ау? Іледі мойныңа. Все! Прокурор он жыл сұрайды. Сот ойланып-ойланып сегіз жыл арқалатады. Адвокат – өз адамдары.

– Конфискация имуществосы тағы бар. Оны неге ұмытасың? Үйіңнен айырыласың. Қатың-балаңды тырқыратып қуып шығады, – деп екіншісі тіпті екіленсін. – Но, нешауа, түрмеде жағдайың жаман болмайды. Әйтеуір, әйел зорлап түскен жоқсың ғой. Онда қиын...

Жағыңа жылан жұмыртқалағыр-ай! Айтып отырған сөзін көрдің бе? Адамның қаралай иманын ұшырып. Өздері кәнігі нашақор екен. Түрме – өз үйіміз, өлең-төсегіміз десті.

Тергеуші сол кеткеннен бесін ауа қара көрсетті. Темір тордан босата сала сұрақтың астына алсын... «Қалай ұрладың? Қайда тықтың? Кімге саттың? Біз білеміз. Жіптің бір ұшы қолымызда. Жалғыз емессің. Оны да анықтадық. Сайрап бақ. Әйтпесе жазаң ауырлай береді. Шын жүректен мойындап, өкінсең сот ертеңгі күні ескереді. Ұйықтап кеткен ұяты оянды дейді...» Әне, солай!

Бет бақтырмай тұрып алдым. Ұрлық жасамасам неге миллиондарды мойныма мінгізуге тиіспін?

Мұрны қорқордың басындай домалақ неме айқайды сап кеп құлақшекеден қондырсын. Аңдаусыз отырғам. Есім ауып қалыпты.

Өз-өзіме келгенде көргенім – кеше бастыққа жазған түсініктемем алдында жатты. Шашын тықырлап алдырып тастаған төрт бұрышты басты алаяқ алдап соққан екен. Өз жазуым, өз қолым. Әттең, түптің түбінде заңның алуан баптары боп өзіме қарсы көтерілерін сезіппін бе?

– Аспанды төбесімен тіреп тұрған ағайының бар ма? – деді тергеуші есіне әлдене түскендей.

– Жоқ.

– Ақша? Мал ше? – деп сосын кеңірдегін қасыды.

– Жоқ.

– Жат, ендеше!

Темір тордың есігі сылдыр қағып кері ашылды. Үш күннен соң «Осы қаладан алысқа аттап баспаймын» деген қолхат жаздырды. Құжаттарымды сыпырып алды. Цемент төсеген суық еденде отырып құйрығымды тоздырып шықтым».

– Азап осылай басталды, аға, – деді Дариға алқымы қызарып.

– Сабыр ет. Оқи түсейін.


Төртінші хат

«Дариғаға кешкісін көрші әйелдер:

– Күйеуің ұры атанып сотталайын деп жатқан көрінеді. Дереу ажырасып кет. Пәтерді өз атыңа аударып ал, – деп қамқорсыпты. Пәтеріміз банкте кепілдікте тұр. Төрт-бес айда толықтай төлеп құтыламыз деп отырғанбыз.

– Күйеуімнен тірілей ажырасып не көрініпті? Қара басынан артық па? Кетсе содан әрмен! – деп бұл шапылдап ұрсысыпты.

– Ойбой, мынаның басында шайнам ақыл жоқ екен, – деп беттерін сызып олар қалыпты. – Ендеше қаңғырып өл!

Бізді кедейсініп, әйелімді есік алдында айтар ортақ өсектеріне қоспайтын қатындар енді кеп... Шоқ, шоқ десіп... Байдан безіп шығып, қысыр төсекте қыңсылап жатсын дейді ғой. Подъездес жігіттердің де сәлемі сұйылыпты. Асығыс, бастарын шөп жұлған аттай кегжең еткізе салады. Әлде маған солай көріне ме?

Дүкеннен темекі алып шыққаным сол еді, анадай жерден өткендегі тергеушіні көзім шалып қалды. Кәдімгі мұрны қорқордың басындай домалақ неменің өзі. Бұл не істеп жүр? Әй, тегін емес. Менің басқан ізімді аңдыған болды. Ертеңгі күні қайда бардым, кіммен кездестім, не айттым – осының бәрін жіпке моншақ қып тізер.

«Нақты факті! Тырп етіп көр!» деп тағы да жауар күндей күркірер. Бастыққа жазған түсініктемемді суырып алып столын тағы да сабалар. Іздегенін індетпесе бұлардың іші ауырады ғой. Не істесем екен? Жүрегім атқақтап, тізем дірілдеп қоя берді. Содан жүгіріп кеп-кеп-кеп подъезге қойып кеттім. Үйге кіре есікті кілттеп, жарықты сөндірдім. Телефонды өшірдім. Әйелім байғұс бүрісіп бір уыс боп қалды. Ұл мен қызым жаутаң қағып абдырап тұр».

Дариға қорланып өксіп-өксіп жылады.

Жұбатарға сөз таба алмадым.


Бесінші хат

«Бүгін таң атпай жатып біреу кеп есікті төмпештесін. Сақпаннан тас атқандай сындырып барады. Дариға – жұмыста, балалар – үйде. Бәрібір ашпадым. Бұғып үнсіз қалдық. Тіпті шыдатпай бара жатқан соң қызымды есікке жұмсадым.

– Хат әкелдім. Қол қойып алыңдар. Әкең қайда? Шешең үйде ме? – депті еркек дауыс. Сәлден кейін тым-тырыс қалды. Терезеден сығалап қарасам, бір жас жігіт сүліктей қара «Тойота камриге» мініп жатыр. Машинаның төбесінде аттың құлағындай қайшыласып тұрған екі антена бар. Қаржы полициясындағылар осылай жүреді, үйдегі, түздегі сөзді жучёк қойып аңдиды деуші еді.

Бастығым қолындағы түсініктемемді заң орындарының бәріне көбейтіп, бөліп-бөліп таратқан болды. Ойлары – мені асау қашағандай ғып құрық сап ұстап алу. Көзімді жылтыратып қараңғы үйге тоғыту.

– Неге жазасың? Мойныңа неге аласың? – деп Дариға зәрленіп маған қарайды. Мен еденге қараймын. Алдап соғарын білдім бе? Ұл мен қызымның көрінгеннен қорқып мысықтабандап басып жүретіні қабырғама аяздай батты. Ұйқы қашты. Кірпігім ілінсе болды түс көремін. Шіли түпсіз аранға құлап бара жатамын. Кейде өңшең бір қанден иттер талап, жұлмалап жүреді. Тірілей түскен азап пен тозақтан құтылар емеспін.

Көрші әйелдер Дариғаны әлі азғырып жүрген сынды. Қабағы қату. Сөзі сатулы. Ажырасқысы кеп жүр ме? Өткенде темір торда отырған екі нашақор не деп еді?

– Ұстатпай қашып, зым-зия жоғалып кет. Сонда бұлар бас бармағын шайнайды. Өзіңсіз мүлкіңді конфескация жасауға құқығы жоқ. Үйің бала-шағаңа қалады, – деген. Жаны бар сөз. Тіпті екеуі жарысып сот процесінде праволарым мен міндеттерімді ежіктеп, түрмеге түскен бетте өзімді қалай ұстау керектігін тәптіштеп баққан. Оны айтасың, бір колонияға тап болсақ, үшеуміз түрме бастықтарымен келісіп наша сатамыз. Сауда жасаймыз. Блатной атанамыз, – деп қомпылдасқан. Базарға шығып бара жатқандай.

Қашпасам болар емес. Қарамды батырайын. Бұл дүние менсіз де жетім қалмас».

– Қиын, Дариға, қиын...

– Оңайы бізге таптырмай тұр ғой, аға.


Алтыншы хат

«Мысыққа тірі тышқан керек. Әрлі-берлі домалатып ойнау үшін. Мен тап солмын. Үйден қашып шыққаныма жұма толды. Екі костюм мен курткамды және үш көйлек, шұлық, дамбалымды көтере кеттім. Бұйырса сақал жіберіп, мұрт өсіріп аламын. Киімдерімді өзен жағасындағы иесіз саяжайдың біріне мұқият жасырдым. Қалаға баспалап қайтып бардым. Бастығым басын сипалап біздің подъезден шықты. Сонадай жерде тұрған машинасына жете бере кідірді. Сезем, менің жоқ боп кеткенімді естіп тісін қайрап тұр. Көшенің арғы бетінде КНБ-ның полковнигі кетіп барады. Ол мұнда не жоғалтып жүр? Мә, бастығым әлгіні көре сала шашын тықырлап алдырып тастаған төрт бұрышты басын көтеріп алып қарсы жүгірді. Аузы жалпылдап, қолын қайшылап сермейді. Полковник бетін тыжырайтып, бір көзін кішірейтеді. Әлсін-әлсін бас шайқайды. Олар да менің соңыма мықтап түскен де. Мынау көрген-баққанын шамасы жыр ғып тұр. Қашқанда ат құйрығын көрсетпей кетті дейтін шығар.

Атамды да НКВД құртқан. Әжем айтар еді:

– 1937 жылдың қоңыр күзі-тін. Ауданнан бір әсіре белсенді кеп жиналыс ашты. Әшкерелейміз дейді. Індеріне су құямыз дейді. Сөзінің көбін түсінбейміз, құлағымыздың сыртынан жібердік. Соңында «Болашағымыз зор. Бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр» десін. Атаң жарықтық әзілқой еді. «Айтыңызшы, қашанғы талтайып тұра береміз? Шатымыз айырылып кетер?» дегені. Сол сөз сорына көрінді. Артынша жұмаға жеткізбей «халық жауы» деп ұстап әкетті. Жапонияның шпионы деп мойындатыпты. Картадан ол елді тауып бере алмаса да. Қайдан тапсын, екі кластық біліммен? Ақыры сүйегі терусіз қалды.

Әжем осыны айтып, сағым шалған құла түзге қарап ұзақ-ұзақ телміретін.

Ұлым мен қызым балконға қайта-қайта шығып, көзбен мені іздеп тұрған шығар».

– Бастығы үйге жай келіп пе? – дедім мен де жалма-жан.

– Қайдан, Қадірақынды жанұшырып іздеп жүр. Түрі адам көргісіз.


Жетінші хат

«Түн... Өзен толқындары жуасып, жағалауға ұйқылы-ояу қалпы жетіп жығылады. Жер тістеп қалған уақыт та жылжыр емес. Осы сөзді жасырынған жерімде балауыз шамның сығырайған жарығымен жазуға кірістім. Түс ауа барып қалаға кіргенмін. Меңдуана жегендей сандалып үйіме жете алмай қайттым. Дариға не күйде жүр екен? Алыстан орағытып көше айнала бергенімде прокурордың машинасы алдымнан зу-у етіп өте шықты. Көшені қақыратып барады. Бұлардың шопырларына дейін жітікөз. Алақандай қаланың бар жаңалығын айна көзінен сығалап-ақ көріп отырады. Мені байқамады. Әйтпесе, алғыр тазыдай құлақтарын жымырып... Қашты-қуды десе бұлардың құтырынып кететін әдеттері ғой.

Әкем жарықтық фашистермен соғыста «Курск иінінде» қалған. Тұтқынға түскен. Аш-арық, биттері торғайдай боп концлагерьге қамалған. Шекпеген азабы, көрмеген тозағы жоқ. Соғыс біткен соң сатқын атанып сотталған. Сібір ормандарында ағаш кесіп он бес жыл тентіреген. Елге фашист пен коммунистің айырмасы жоқ, бірінен-бірі асып кетті деп мүгедек боп оралыпты. Алар дем, татар дәм таусылмаған да.

Жанын жетелеп жүріп кеш үйленген. Қырық жасында мен туыппын. Шаңырағым жығылмас деп шаттанған... Ажалға араша жоқ. Алдымен өзі кетті. Артынша өкпе дерті меңдеп анам да көп ұзамады. Әжемнің әлдиімен қалдым ғой...

Осы мен несіне қорқамын? Басымды кесіп алмас. Алпыс күн атан болғанша алты күн бура атанып... Салып ұрып алдарына барамын. Көздеріңді кең ашып қараңдар, дизельді моторды мен ұрлағаным жоқ дейм. Ұрлап тығып қойсам, иә сатып жіберсем, тап та дәлелде дейм. Жалаңаш қолмен мені жауаптай алмайсың дейм. Бастық қағазды алдап соғып, алаяқтықпен жаздырды дейм. Әлсіздің үні мына заманда торғайдың даусындай боп қашанғы естілмеуі тиіс дейм. Деймін де... столын тоқпақтаймын. Көр де тұр!»

– Бөлім қызметкерлері күтіп қалды. Жиналыс... – дейді хатшы келіншек Дариғаға қарап шаптығып.

– Күте тұрсын. Көп қалған жоқ, – деймін алдымдағы қағазды асығыс ақтарып.


Сегізінші хат

«Күн де қабағын ашпай қыртиып тұр.

Жоқ, оларды желкемнің шұқыры көрсін. Бармаймын. Өз-өзімді ұстап берем бе? Ақкөйлек адалдығынан келді демес. Қаша-қаша тығылар жері жоқ, қайда барсын, бейшара дер. Өй, олардан адамгершілікті сөз есту жыланның аузынан у тамызып алғанмен бірдей. Алды-артыма қаратпай дедектетіп сот алдына апарар. Олар статьясын аш қасқырдай жалаңдатып өргізе қояр. Дәлелдеп көр!

Таң алды әжем түсіме еніпті. Жесірдің тонын ерте кисе де жетелеп жүріп өсірген, жарықтық. Анда-санда алыстау бір туыстың үйіне қыдырып барар ек. Олардың он баласы бар. Екі-үшеуі кешкілік өрістен уақ жандығын қайырып келе жатады, екі-үшеуі жатарда жамыл көрпеге таласып жатады, бір-екеуі горшокта, бір-екеуі горшок жетпей жерде кәк етіп отырады. Бірі күліп, бірі жылап абыр-сабыр. Құс базарындай. Осыларға қызығып әжеме:

– Бұлар көп, мен неге жалғызбын? – деп сыбырлайтынмын. Әжем әлгілердің көптігін қызғаныш ете ме әлде шын көңілі ме:

– Бұлар көп болса да шөп қой. «Жалғыздың жары – Құдай» деген, түбі бәрінен сен озасың, – деп жұбататын.

Сөйтіп, арманын алданыш қып отыратын. Тіпті:

– Осы қарғам да ел сияқты арақ ішіп, үйге бұлғақтап келер ме екен?.. – дейтінін қайтерсің? Ернін тұшытып немере сүйіп те үлгермеді... Жалғыздық жалаңдатып жіберген қарғасын жебеп-желеп жүрген шығар.

Осы Дариға түскен жылы... Жә, бәрін тізбелеп қайтем, менің мылжыңымды кім оқиды деп отырмын? Керегі жоқ. Тек әйелімнің кейінгі қатқыл мінезі жаныма батты. Тіпті бетіме тура қарамайды. Көзінің құйрығын жүгіртеді. Елеусіз, басы артық зат сияқтымын.

Әлгілер ақша беріп азғырып, тіпті қорқытып өздеріне қаратып алып жүрген жоқ па екен, ұстап бер деп? Осыдан қолға тірілей түсіп қалсам... Дариға шаңырағымды жықпай соншама уақыт мені күтпес. Бай-бағлан біреудің етегінен ұстап жөнелер. Әй, бірақ қазірде бизнесі жоқ әйелге кім зәру боп отыр дейсің? Қытығы да азайған. Сауаты да шамалы...

Баяғыда әскер қатарында жүргенімде жиі-жиі үшбу хат жазатын. Жазғаны құрсын. Конверт сыртына «Қадірақын» деудің орнына ылғи «Қарақатын» деп толтыратын. Талай мазақ болғам...

«Қатын – дұшпан, балалар, не демес дейсің сыртыңнан...»

Қай шалдың өлеңі еді осы? Ол да мен сияқты теперіш көрген соң шыдай алмай айтқан да».

– Мания преследования ғой мынаусы, – дедім жұлып алғандай.

Дариға көзіне жас берді.


Тоғызыншы хат

«Қазақ байыса қатын алады» деген сөз бар. Кешегі жекешелендіру кезінде қазіргі жаңа қазақтар қатынды «движимий» деп есептеп недвижимость алып алды. Сүрбойдақ боп жүрген мен сорлы көзім қарайып әйелге жармасыппын. Байлығымның түрі осы.

Бәрі ұрлықпен байыды. Тамыр-таныстықпен дәулет жинады. Мен де кеңшар мүлкін тышқандай таси берсемші. Алпауыт олигарх боп Лондонға немесе Дубайға құйрық үзіп қашар ем. Сіңіп жоғалар ем. Талайы сөйтті. Әттең...

Ашықтым, арыдым. Қабырғам саусақпен санап алғандай. Бәрінен де балаларымды қимаймын. Болашағы қандай болар екен? Қорқам, нәлеті. Өткен жолы екеуі сыбырласып сөйлесіп отыр. Құлақ түрсем, бар ойлары – сауда жасау, ақша жинау, баю. Басқа мақсат жоқ. Бұлардың бәрі сол. Ой-хой, біздің заман-ай! Жастықтың жалына жармасып кім болғымыз келмеді?! Көкірегіміз көкжиектің ар жағында жататын. Капитализм бала біткенді арманынан айырыпты. Мұнан өткен қылмыс бар ма? Ішкі қымбатынан жұрдай, сыртқы сымбатына алданған тірі міскіндер ертеңгі күні бұ қазақтың көсегесін көгертсе жақсы...

Біреудің даусы естіле ме? Бұл кім? Әлде мал ма? Жақындап қалды. Ойбай, тығылайын...»

– Дәрігерлер «Генде қалған қорқыныш. Атадан балаға берілген» деп отыр, – дейді Дариға көз жасын құрғатып.

– Қоғам тудырған кесел, – дедім мен де ойланып жатпай.


Соңғы хат

«Бітті. Жетер. Шыдамым таусылды. Қазір қалалық әкімшіліктің алдындағы алаңға барамын да дар ағашын құрамын. Аламын да асыламын. Өлемін. Хош, жарық дүние!.. Тоқтай қал! Жаңғалақ біреулер аттандап жүгіріп жіптен босатып алуы мүмкін-ау. Онда ше?.. Жоқ, одан да қаланы қақ жарып жатқан өзен үстіндегі биік көпірге шығамын да, «Кешір, сүйікті Отаным! Мен сенің дизельді моторыңды қорғауға жарамадым!» деп бар даусыммен айқайлаймын. Айқайлаймын да секіремін! Маған келгенде керең дүниенің сонда, бәлкім, құлағы ашылар!..»

Хат осылай үзілген. Сөйлеуге дәрменім жоқ. Көз алдым қарауытып, құлағым шыңылдайды. Көкірегімнен көтерілген бір түйіншек жылжып кеп жұтқыншағыма кептеледі.

– Содан үшті-күйлі жоқ, – деген шикі сары келіншектің үні есімді жиғызды. – Біреулер «Бішкектен жолықтырдық. Қытайға ұшып кетті» десті. «Жо-жоқ, аты-жөнін ауыстырып, түрін адам танымастай өзгертіп орыс ормандарына сіңіп кетіпті» десті. «Ойбай, иен даладан көрдік. Киіктердің ішінде жайылып жүр. Жабайы боп кетіпті» десті. Қайсысына сенерімізді...

– Полицияға арыз жаздыңыз ба?

– Жазғам. «Байыңды кроватыңның астынан ізде» деп келеке етеді.

– Әлгі жоғалған зат ше?

– Қоқырайған ағаш қорабын көріп Қадірақын мәз боп жүріпті. Ішіндегісін әлдеқашан жымқырып кеткен. Білдіртпей жасалған қылмыс қой.

– Апыр-ай, ә?

– Кейін анықталды, тіпті қарауылдың мүліктік құндылыққа жауапкершілігі жоқ екен. Еш құжатқа қол қоймаған. Қорқытып мойнына ілгісі келген. Бастық пен бухгалтер келіншекті шатып жатыр деп есіткенбіз. Жаздық-жаңылдық деп жазадан сытылыпты.

– Содан?

– Басқасын сатып алыпты. Рас болса, шыққан жері, тіпті зауыттың темірге ойып басқан жеке нөміріне дейін бірдей деседі. Қайдан білейін астарында қандай қитұрқы жатқанын?!

– Хаттарды қайдан таптыңыз?

– Әлгі паналаған саяжайынан.

– Маған қалдырыңызшы.

– Алыңыз. Арнайы әкелдім. Бұл байғұсты осыған дейін танымаппын. Ішін тескен осыншалық сыр мен жыр жатыр деп ойлаппын ба? Бақсам адам екен ғой.

– Осыған дейін кім деп жүрдіңіз?

– Күйеу деп.

– Неткен ұятсыздық?! – деп есіктен екпіндей кірген хатшы келіншек келе Дариғаның білегіне жармасты. – Шығыңыз тез! Бастық командировкадан кешікті. Лондонның рейсіне тіркеу аяқталып жатыр.

«Сіз де қашып бара жатқан жоқсыз ба?» деген үрейді шикі сары келіншектің көзінен оқыдым. Екі шынтағының тұсынан ақтиіннің құйрығы қайта-қайта сығалап өтті.

– Қандай ақыл қосасыз? Көмегіңіз бар ма? – деді қоштасып тұрып. Жүзіне қарағам. Жан дүниесінің шырқыраған үнсіз жаңғырығы ауаға сіңіп жатты.

Оңай сұрақтың қиын жауабы көп қой. Әсіресе біздің елде. Әзірге ештеңе айта алмаспын. Сосын болмаса... Кешір!..

 

Рахымжан Отарбаев

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...