"Генералы песчаных карьеров"Бұрын да айтылатын, қазір де айтылып жүр: көркем әдебиеттегі с...
Айнұр Найманбай. Екі роман – екі соқпақ ой
(Жолтай Әлмашұлының қысқа романдары хақында)
Көркем прозаның биік шыңы – роман десек, қазіргі тұста жастар бұл жанрға өте сирек баруда. Әдетте, романның көтерер жүгі оқырманға белгілі бір дәуір шындығы мен көлемді оқиға желісін тұтастай сипаттауымен құнды дер едік. Ал бүгінгі роман тынысы қалай?.. Жалпыға ортақ көлем мен мазмұн түсінігі қалайша үндестік табуда?..
Байқағанымыздай, соңғы жылдары белгілі қаламгер Жолтай Әлмашұлы көлем жағынан қып-қысқа, сығымдалған романдар топтамасын ұсынып келеді. Басты мәселе көлемде ме? Қысқа деген көлемдік атауы болмаса, мұнда шығарманың ішкі мазмұны мен арқауы едәуір жүкке ие. Міне, сондай екпін-ырғақпен жазылған «Бақидан келген келіншек», «Жатпланеталық жігіт», «Бумеранг» іспетті романдары, соңғы 5-6 жыл көлемінде жазушының есімін оқырмандарына әйгілей түсті. Ал, соңғы жылы бұған тағы да екі шығарма қосылыпты. Кітап – «Ащы да тәтті өмір» (Астана, «Қалдан – Жәлден», 2018 ж.) деген атпен басылып шыққан. Мұнда «Олигарх пен Олимп» және «Интерадам» сынды романдары енгізілген.
Алғашқы әңгімемізді жазушының «Олигарх және Олимп» атты көркем дүниесі туралы бастап көрелік.
Жалпы біздің түсінігімізде «олигарх» ұғымы – едәуір байлыққа ие болған және оны жұмсау тетігі мен басқару өнерін де меңгерген, қысқасы өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыратын елеулі тұлға. Тіпті, одан да тереңдеп айтар болсақ, дүние соңына түскен пенде дерсіз... Ал шығармадағы олигарх ше? Ол кім? Кейбіреулер күдікпен қарап, теріс пікір білдіретін бейне ме? Мұны кескіндеп, суреттеуде жазушы қай қырынан келеді? Пікіріміз осы төңіректе сараланбақ...
Шығармадағы бас кейіпкер – олигарх Аспан, шағын Шерқала атты мекенде дүниеге келген (заманауи имиджбен Оспан есіміне өзгеріп алған) адам. Тағдырдың кейде небір соқпақтарға жетелеп, өмірдегі асыл құндылықтарға ие болуды да сағымдай елес ететін тұстары бар емес пе?.. Соның бірі – шетелдік ірі бизнесмен өкілі Томас Трамс мырза. Онда бір басына жетіп артылардай байлық та, мансап та, тіпті бедел де бар. Алайда, бір перзентке мұқтаж жан. Ол әріптестірінің жол сілтеуімен Қазақстанға бала асырап алу мақсатында табан тірейді. Бұл сапар оны Ханмұрат есімді баламен табыстырып, Аспанмен жолықтырады. Ойда-жоқта «шетелден жоқ іздеп келген» ірі бизнес өкілімен танысқан бұл кездейсоқтық Аспан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өмірде де мұндай сәйкестіктің болуы мүмкін ғой...
Міне, осылайша қарапайым Шерқала тұрғыны Т.Трамстың шақыруымен шетелге барып, кәсіпкерлікпен айналысуға бел байлайды. Ол АҚШ-қа барып орнығып, бизнес әлеміне есік ашады. Алғашқы кәсіптері ондағы серіктестіктерімен бірлесе сұранысқа ие шағын «монша-тазалық үйі» болатын. Аспан болашаққа үлкен мақсат-міндеттер қояды. Өмір мектебі мол Томас Трамс мырзаның оған деген шынайы қарым-қатынасы мен ақыл-тәжірибесі оны биікке самғатып, қанаттандырады. Осылайша, АҚШ-тың бизнес әлемінде қазақстандық Аспанның да есімі аталып, тасы өрге домалай түседі... Ал өз Отанымен қимай қоштасқан кішкентай Ханмұрат Томастың көзінің ағы мен қарасындай... Оқиға желісі осы жерден қоюлана бастайды.
Ірі табыстар мен қомақты қаржының айналасында, әлбетте, үнемі бәсекелестіктің жүруі де заңды құбылыс. Мұнда да Аспанмен таласар, тіпті оның кәсібіне қызғана да, қызыға қарайтын жандаркөптеп табылады. Бірақ, Томас Трамстың нұсқаған бағыты мен үйреткен өмірлік ұстанымдары оны көп тығырықтардан есен-сау алып шыққандай... Алайда, деттеген дерттен Томас кенеттен бақилық болып, соңғы өтініші бойынша ұлы Ханмұрат Аспанға аманатталады. Енді Аспан үшін өмірге деген ұмтылыс екі есеге ұлғаяды.
Елден жырақ жүрген Аспан бизнес әлеміне одан бетер тереңірек бойлап, қалайда бұл олимпті бағындыруды көздейді. Ұмтылыс үстіне ұмтылыс... Ол «кофе-мейрамхана» кәсібін де біршама жолға қояды. Сонымен қатар, қомақты қаржымен бірге жанында серік болып жүрген жақын адамдарының да сатқындық әркеттерін бастан өткереді.
Бас кейіпкер Аспан туып-өскен жері – Шерқаласын сағынбайды емес, сағынады. Жастайынан жетім өссе де, онда бұны ойлайтын жандар аз емес. Немерелес туыстары бар. Жырақта жүрсе де әрбір көзі ашық, тіпті қалталы азамат үшін өз туған жері туралы ойланбау, тіпті көмек қолын созбау қисынсыз дүние. Алайда, алға қойған мақсаты мен бизнестегі ой-жоспары мұны басқа арнаға жетелеп, мұрша бермейді. Жазушы бұл көріністердің барлығын жүйелі ойлар арқылы дамытып отырған.
Уақыт тегеуріні жылжи келе, ауылдан шыққан Аспан да сөзге ілігіп, оның кәсібі туралы да әңгіме қозғалып, сынға алынады. Тіпті газетке мақалада шығады. Тақырыбы – «Байлықтың батпағына батқан адам». Шетелде жүрген кәсіпкер азаматтың ой шырмауына түсер кезеңдері де осыдан басталады. Өз ойынша, ел жағдайына қарасып, қаржылай демеу көрсетуі қажет-ақ еді. Енді бір ойы: «Ел неге маған өкпелейді, мен қиналып жүргенде қайсысы қол ұшын беріп еді...» дейді. Осылайша оқиғалар шырмала түскен. Ішкі писхологиялық астасулар да басымдау.
Арада бірнеше жылдар өткенде жағдайы анағұрлым жақсарған ұлды елдің еске алуына не себеп? Бұның намысын қайраған қандай жан?
Журналист Жасханның баспасөзге сыни мақала жариялауы Аспанды біраз әбігерге салады. Кейіпкердің өзі, ісі туралы ой толғауы – көп оқиғаларға себепші болған. Ол ақиқат астарындағы неше түрлі кермек ойларға жол береді... Барлық жағдайға қанық болып, өзін мазалаған ойлардан құтылу үшін Аспан ақыр соңында Шерқалаға жол тартады. Мұндағы кейбір түйткілдер көп мәліметтерге ұғынықты болады... Ханмұрат та елге келіп, көп жағдаймен танысып, соңында Лалагүл есімді қызбен отау құруға шешім қабылдайды. Осылайша роман мазмұнындағы қат-қабат ойлар мен кейіпкерлер тағдыры бір-бірімен ұштасып жатады.
Осы ретте Олигарх ұғымын шынында қай деңгейде және қалай пайымдап жүрміз деген ой бәрібір алдымызды кес-кестей береді.
Олигарх-адамды бүгінде өте тойымсыз жан деп қабылдап, ол туралы жағымсыз сөз қозғап жүргеніміз рас: олар – тек байлықты ойлайды, ашкөздер... Ал, шын мәнінде нағыз Олигарх қандай болуы керек? Асылында, оның жүгі салмақты, қайткен күнде де елдің игілігіне септігі тиер азамат болуы тиіс емес пе? Елдің бар несібе-үлесін өз мүддесіне, өзінің баюына жұмсаған адамды бұл топқа жатқызуға негіз бар ма? Өз туған топырағы үшін шынайы әрекеттер жасаған олигархтарды саусақпен санай аламыз ба? Шын мәнінде байлықты еңсерген пенде адами құндылықтардан алыстайды ма? Автордың айтар тұспалы да осыны байқатады. Бүкіл жан дүниесімен бизнес әлеміне шомылып, тіпті пендеге тән толыққанды отбасын да құрмаған, қазақы ұстанымнан да алшақтай бастаған Аспанның көзқарас, әрекеттері нені айғақтайды? Оның бір басында жалғыздық пен сатқындық, бизнестің ауыр салмағы да бар. Автор шағын эпизодтар мен көркемдік суреттеу тәсілі арқылы ащы да тәтті шындықты алдымызға молынан тартқан. Еріксіз ойландырады.
* * *
Біз осы кезде «әлемдік үдеріс, жаһандану» деп барынша сабылып жүріп бұрыннан бар көп асыл құндылықтарымыздан алыстап барамыз. Бүгінгідей қарыштап дамыған интернет-заманында мүмкін емес нәрсе қалмағандай. Психологиялық тұрғыдан қазір ішкі иммунитеттің әлсіреуі байқалады. Автордың келесі шығармасы – «Интерадам» романы осы мәселені қозғаған. Расында да айналаның бәрі тұйықталып, интернет пен әлеуметтік желілерге тәуелді болып алған. Осындай санадағы қияли сезімдер кейіпкер Қоңырханды да баурап алған. Оған белгісіз «Интерадам Икс» мырза интернет арқылы хат жолдай бастайды. Ондағы айтыс-тартыс пенделік ойлар, яғни Қоңырханның бүкіл іс-әрекетін көшіріп басып, өзіне шабуыл жасайды. Бір-екі хатпен оқиға аяқталмайды, кейіпкерді сергелдеңге түсіреді. Сол арқылы өмірдегі біраз шындықтың бетін ашқысы келіп, кейіпкерлер мінез-тартысы басталады. Интерадамның шын бейнесін білгісі келген оның санасынан әртүрлі ой-таразысы өтеді. Мұнда шетелде оқып, екі елді салмақтап, біраз дүниелерге қанық болған Гүлжан есімді бойжеткен бар.
Анығына көшер болсақ, қазіргі уақытта біз өзімізді рухани да, материалдық та тонауға мүмкіндігінше бейімделіп алдық. Автор осыны тұспалдайды. Интерадам арқылы болған пікір-таласталас арқылы жұмыр басты пенденің осыншалық ақыл-ойдың азабын тарту сипатын көрсетеді. Шығармадағы Бәлдубек те, Гүлжан да барынша құбылмалы кейіпкерлер. Гүлжанның адам кейпінен өзгеріп, үстінің бәрін түк басуы – болмыстың, яғни сананың толыққанды адасуы, психологиялық дертке ұшырағанын көрсетеді. Интернеттің адамның ақпараттық қарым-қатынасының жақсаруына ықпал етуімен бірге, адамзаттың тұйықталып «жұмбақ әлемге» еніп, ой-сана ұйығына ену қаупін де қозғайды. Шығарманың соңында үсті-басын түк басқан Гүлжан жоғалып кетеді, қайда кеткенін ешкім де білмейді. Осы арқылы автор не айтпақшы болды? Біздіңше, осынау жаһандану заманында өзіңнің мықты көзқарас-позицияң, рухани тірегің болмаса, осылай жұтылып кете барасың-ау деген меңзеу бар. Ішкі сезім осыған саяды.
Шығарма тартымды, тіпті кей тұстары философиялық таласты пікірлерге толы суреттелген. Кісіні еріксіз ой зынданына түсіріп жібереді, санаңды сілкілейді.
Бізге осы кезде мұндай астарлы, психологиялық көркем дүниелер керек пе? Әрине, керек.
Өзіміз талдаған романның көлемі шағын болғанымен көтеріп тұрған мақсат-міндеті өмірлік, әлеуметтік мүдделерді терең сипаттайды. Өзекті мәселені баяндайтын көркем сюжеттер барынша тартысты құрылған.
Қысқасы, көркемдік ізденіске ұмтылған қаламгер Ж. Әлмашұлы ұлт әдебиетіне тағы да толымды екі дүние әкелгені ақиқат. Мұны шағын көлем арқылы тартымды дүние беру мақамының жалғасы деп білеміз және солай қабылдадық.
* * *
Жазушының ерекшелігі дегенде мынаны қадап айтуға болады. Ең алдымен, ол – тосын теңеу мен деталь табудың шебері. Сонымен бірге, өз шығармаларында сөзді қоюлатып, сөйлемді ауырлатып, оқырманның санасына қосымша салмақ жүктей салуға аса құштар емес. Ал, ең басты жетістігі – романдарында бүгінгі заманның ең өзекті, ең зәру мәселелерін көтере білуінде. Сосын да бұл шығармалар алдағы уақытта оқырмандар тарапынан сұранысқа ие бола береріне сенгіміз келеді.
Әттеген-айы біреу-ақ!
Біз осы күні көркем әдебиеттегі ізденістер мен жаңалыққа сонша немқұрайды қарау себебіміз неден? Суреткер романдары туралы осы күнге дейін ақ-қарасы салмақталып, талдау пікірлер жазылуы керек-ақ еді. Өкінішке орай, ол жоқ.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2019 жылғы 18-қазан күнгі нөміріндегі сұхбатында сыншы-әдебиетші Жанұзақ Аязбеков жазушы Ж.Әлмашұлы туралы былай деп түйін жасапты: «...Ал, үнсіздікке келсек, мысалы танымал жазушы Жолтай Әлмашұлының қалың-қалың дәстүрлі туындыларын емес, пышақтың қырындай ғана заманауи модерн романдары хақында тиіп-қашты айтылғанымен, сыншылар ол кісінің шығармашылығына бар зейінімен назар аудармады. Мұнда жаңалық бар еді. «Бақидан келген келіншек», «Бумеранг», «Жатпланеталық жігіт» секілді дүниелерін тілді, ділді, роман-хат, роман-модерн, роман-драма деп жанрлар симпозы айшықтаған қазіргі қазақ прозасындағы айтары бар туындылар дер едік. Бірақ іштарлық па, қызғаныш па, күнде көріп ет үйренгендік пе, салмақты әдебиетшілер тарапынан салиқалы әңгіме айтылмады....»
Ойымызды осы мысал-цитатамен түйіндедік.
Айнұр Найманбай,
филология ғылымдарының кандидаты