Бауыржан Омарұлы. Абылай хан, 105

ӘДЕБИЕТ
1028



(Эссе)


Есігі қалың еңселі үй

Мұхаң олжа салған жұрт,

Мұқановтан қалған жұрт.

Мұстафиннің орнына,

Мүсірепов барған жұрт...

(Журналистік фольклордан) 

Ол кезде арманына ұмтылған қазақ ұланының бәрі бірдей ару Алматыға қазіргідей ақ бұлттарды тілгілеп отырып, бірер сағатта ұшақпен жетіп келе бермейтін. Қос рельстің үстімен дамылсыз жүйткитін жүрдек пойыздың өзі мектепті жаңа ғана бітірген өрімдей жастың тақиясына тар келе қоймас еді. Жайдақ вагонға аяқ артып, соның ішінде бірер күн түнеп, Алатау етегіндегі астанаға табан тіреген соң, бір-бірімен құйрық тістесіп, іркес-тіркес тоқтап тұрған троллейбустың біреуіне мініп, қаланың ортасына қарай тартасың. Баршаға белгілі Коммунистік проспектісін күрмейтін көне вокзалдан сәл ұзаған соң-ақ көшенің екі жағынан шырайлы шаһардың еңселі үйлері біртіндеп көріне бастайды. Ә дегеннен сол жағыңнан Жастар мен балалар театры, оң жағыңнан Амангелді батыр ескерткіші бірден көзге шалынады. Шалынғанды айтасың, оттай басылады. Себебі, Алматыға табаның тимей тұрып-ақ түрлі басылымдарда жарияланған суреттері арқылы осының бәрін көңіліңе баяғыда тоқып алғансың. Қай жерде қайсысы тұрғанынан да мол хабардарсың. Ол кезде әсем қаланың көркем ғимараттары шынымен аздау ма, әлде бала біткеннің қызығушылығы соншалықты басым ба, әйтеуір, бүкіл малын түстеп танитын қойлы ауылдың ширақ шопаны секілді сен де өмірі көрмеген қаланың биік үйлерін қапысыз ажыратасың.

Міне, арман арқалаған абитуриент баланы әлдилеп алып келе жатқан көкала троллейбус төбесіндегі қос мүйізін желіге жалатып отырып, тағы бір үйдің тура түбіне кеп тоқтайды. Мұны да жақсы білесің. Әйгілі «Балалар әлемі» дүкені. Сол троллейбустың жүргізушісі желіден қазір ғана ажырап кеткен қос мүйізді керілген арқан арқылы әрі-бері жылжытып, орнына қайта жалғап, көлігін жұлқи қозғап, ілгерілей бергенде оң жағыңнан тағы бір таныс ғимаратқа көзің түседі.

О, бұл енді ғимараттың көкесі! Жазушылар одағының үйі. Бұны енді бәрі біледі. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Кірген де арманда, кірмеген де арманда. Абзалы ары қарай жүре бермей, осы үйдің маңынан түсіп қалған да дұрыс болар еді. Токқа жалғанған троллейбусты одан әрі әспеттеудің мәні жоқ. Енді еңселі ғимаратқа көшеміз.

Жалпы, Максим Горький көшесіндегі Газет-журналдар үйіне де, Бейбітшілік көшесіндегі Телерадиокомитет кеңсесіне де еркіндеу кіресің. Бірақ осы екі ғимараттың босағасында да күзетші отырады. Сондықтан бірден зу етіп өте шыға алмайсың. Әйнек қабырғаның ар жағындағы кептер кеуделі (Жүсіпбек Қорғасбектің тіркесі) кербез келіншектің алдына барып, мөлиіп тұрасың. Ол сенің келіп-кеткеніңді тіркейді. Арнайы рұқсат қағазын аласың. Содан кейін ішіне бір кіріп алған соң рахат! Қалаған журналисіңмен сағаттап сөйлесіп жүре бер. Ал Жазушылар одағына беттесең, аяғыңа жем түскен аттай кібіртіктейсің де қаласың. Былай қарасаң, мұнда ана ғимараттардағыдай күзетші атаулы атымен жоқ. Ары кетсе, енжарлау бір вахтер отырар, болмаса ол да көрінбейді. Қысқасы, бұл – өзге шабыт шаңырақтарына қарағанда едәуір демократияшылдау ғимарат. Қалың есікті қайқатып тұрып ашасың да, ілгері озасың. Бірақ бұл айтуға ғана жеңіл. Одаққа оңайлықпен маңайлай алмайсың. Бесіктен белі шықпай жатып бір-бір классикке айнала беретін қазіргі епті буынға қиын емес шығар, біздің дәуірімізде ахуал сәл басқашалау еді. «Арманда едім, әлсіз едім, жас едім, Етек тартып әке артына ермеген», – деп Сәбит Дөнентаев айтқандай, әйтеуір киелі санайтын мекен-жайымыздың босағасынан аттай алмай, кежегеміз кейін тартып, кәдімгідей шегіншектеп тұратынбыз. 

Сондықтан, өз басым бұл үйді сыртынан талай рет көруін көргенмен тайраң-тайраң етіп, ішіне кіріп кетуге асықпадым. Себебі бірыңғай пірлер пен перілер, салдар мен серілер жайлайтын қасиетті ғимараттың сесі мен сұсы еңсеңді сұмдық басатын. Мұнда қазақ әдебиетінің алыптар шоғыры жүр деген ойдың өзі санаңа сәл ауырлық түсіретін. Солардың шабытты шаңырағына салып ұрып жетіп барып, табаныңды тигізе салу үшін көзсіз батыр болуың керек қой!

Ал осы қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің көбі Алматының көшесінде жайраңдап жүрер еді. Асылы, оларды одақтың ішінен емес сыртынан көрген дұрыс. Кескін-келбетіне емін-еркін қарайсың, жүргені мен күлгенін алыстан армансыз бақылайсың. Бір жақсысы, сенің аузыңның суы құрып, тамашалап тұрғаныңа олар пысқырмайды-да... Оны айтасың, сол дәуірдегі қазақ-совет әдебиетінің көшін бастайтын әйгілі төрттіктің (Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин) екеуі аман-есен жүріп жатқан-ды. Бір-бірін қалжыңмен қажамаса, ішкені ас болмайтын қос Ғабең ара-тұра түрлі әдеби жиындарда бой көрсетіп қалатын. Қазақстан Жазушылар одағын кезек-кезек басқарған осы екі алып туралы аңызға бергісіз әңгімелер жиі айтылатын. Әбу Сәрсенбаев, Әбділдә Тәжібаев, Ілияс Есенберлин, Дихан Әбілев, Әлжаппар Әбішев, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Әнуар Әлімжанов, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков сынды қадірлі қаламгерлер әдеби басқосулардың төрінде отырады. Әсіресе Әлжаппар көкем өте ширақ, қутың-қутың етіп, үнемі шаруа шешіп, бір-есіктен бір есікке кіріп, тынымсыз жортады да жүреді.

Содан соң одақтың үйіне қалай ғана баса-көктеп кіріп бармақсың?! Бірақ бойың үйреніскен соң бірінші курстың аяғында ма, әлде екінші курстың басында ма, ғибратты ғимаратқа әйтеуір бір бас сұғасың. Онда да өздігіңнен жетіп келмейсің. Ондай батылдық қайда?! Сондықтан сенен де жұлымырлау һәм жүректілеу бір курстасың жол бастауы керек. Біздің курста бар еді ондай «жүрек жұтқан»! Ол көңілі қаласа, одақ түгілі Орталық Комитетке де тарбаң-тарбаң етіп, бірден кіріп баратын. Оның аты-жөні – Мұратбек Тоқтағазин. Кәдімгі өзіміз «Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин», – деп қалжыңмен қажайтын алымды да шалымды курстас досымыз. Өзге пысықтар бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ғана олжаласа, бұл оған қоса сайманы мен соқасын, аты мен арбасын да алып қалады. Әйтеуір қасында жүрсең, аштан өлтірмейді ол сені. Баяғыда Жібек жолы көшесіндегі 50-үйге осы Мұратбек Тоқтағазин досым қоярда қоймай жетелеп барған-ды. Осы Жазушылар одағына кіруге ниет қылғанымызда да сол «дәудің» өзі жол бастап жүрді-ау деймін ұмытпасам. Шытырман оқиғалы «Манжек» деген қызықты хикаят жазып, онысын Тұманбай Молдағалиев басқаратын «Жалын» журналына жариялай жаздап, бағы аспандап тұрған детективист досым апармағанда кім апарушы еді біз бейбақты?!

Сонымен, кіресің... Кіре берісте Сәкен Сейфуллиннің ені де, ұзындығы да қос құлаш боп қалатын портреті ілулі тұрады. Кілемге тоқылған ба, әлде арнайы салынған сурет пе, ол жағы есімде қалмапты. Сол портреттің етегінде ақын өлеңінің «Сыр-сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым, Сым пернені басып қара, Басып қара, жырласын», – деген үзіндісі жазылған. Соны көрген соң Сәкен ақынның өзге өлеңдері де өзінен өзі миыңа құйылады. «Шіркін, тауық, шыр айналар жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып, топырлайды жолыңда. Досыңмын деп ант береді, жақындасып жанама, Жем таусылса жалт береді, сенерлік дос санама»... Сосын тауықты қоя тұрып, сандыққа қайтып келесің.

Сөйтесің де, еңселі үйдің есігін айқара ашып, қаламгерлер әлемінің сыр сандығын ақтарып қарай бастайсың...

Қаламгері көп қала

Жақсылықты ұғасың,

Жамандықтан бұғасың.

Жыларман боп кіресің,

Жазарман боп шығасың.

(Журналистік фольклордан)

Жадым жаңылмаса, Алматыны аңсап келгенде алғаш көрген жазушым Сейітжан Омаров қой деймін. Алабұртқан абитуриент кезім-ді. Киров көшесіндегі КазГУ-дің бас корпусынан шығып келе жатсам, Жазушылар одағының қарсы бетіндегі шағын саябақта отырған аппақ қудай ақсақалдың таныс бейнесі көзге жылы ұшырай кетті. Өзі өте жұқалтаң. Киген киімі мұнтаздай тап-таза. Шашы сол кездің өзінде түгелдей ағарып кеткен. Сәл еңкіш тартқан. Бұл тұста ол кісінің есімі жалпақ жұртқа танымал еді. Жанына жақын келіп амандастым. Кәсіби қазақ жазушысының, оның үстіне мектеп оқулықтарында ара-тұра шығармасы жарияланатын белгілі қаламгердің қолын алып тұрғаным осы. Міңгір-міңгір етіп, «Менің де фамилиям сіздікімен бірдей», – дегендей болдым. Бірақ ол кісі соншалықты елпілдей қоймады. Өте салқынқанды адам екен.

Көп ұзамай бірінші курста оқып жүргенімде тағы бір танымал жазушыны Бас почтаның ішінде кездестірдім. Өзім соған қатты қуандым. Қарсы алдымда аты әлемге мәшһүр қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов тұр еді. Жай тұрған жоқ, Мәскеуден шығатын азуын айға білеген «Огонек» журналынан өңкей бір қызылқұлақтарды шытырлатып санап алып тұр. Бір буда ақшаны сөреге қайта-қайта ұрғылап, әбден түзулеп алып, қалтасына сала бергенде арсалаңдап жетіп бардым. Айдынды Аралдың төсінен өрген айбынды ағамның ақша-пақшасында шаруам жоқ, өзім де елден келген елу сомға қолым жаңа ғана жетіп, сыртта тағатсыздана күткен ашқұрсақ, көкқарын курстасым Талғат Батырханды асханаға алып кетуге асыққан бетім. Бұл Әбдіжәміл Нұрпейісовтің елу жеті жастағы, яғни, қазіргі күнгі менің жас академик досым Дихан Қамзабекұлымен шамалас кезі. 

«Аға, ассалаумағалейкум! Мен деген... ана Қаратереңнің баласымын ғой. Мә... өзіңізді көріп.., бірден таныдым... Сізді біздің ауылда бәрі біледі». Осылайша аузыма келгенді сапырылыстырып соғып тұрмын. «Иә, дұрыс... Қаратереңде балық бар ма?». «Әрине, балық та бар, халық та бар», – деп жанталасып, жылп-жылп етіп жауап беріп жатырмын.

«Жақсы...», – деді ағам салқын ғана. Сосын маған жалпы жазушылардың бәрі осындай салмақты һәм салиқалы болады екен ғой деген ой келді. «Түу, – дедім ішімнен, – бұдан гөрі біздің журфактың арқыраған ақындары тәуірлеу ғой. Шетінен ашық, шетінен сөзшең, шетінен бауырмал... Мынау не, ауыздарынан сөзі зорға шығады... Ал енді Жазушылар одағына бардық делік. Мұндай көп сөйлемейтін, көмейіндегісі оңайлықпен шығып болмайтын, байсалды да байыпты ағалармен тілдесе қалғанда не тауып айтамыз? Сөйтіп, бірі тектес, екіншісі жерлес екі жазушымен жүздескендегі алғашқы әсеріміз осындай болды. Әрине, кейін Сейітжан ағамен қайыра кездесудің сәті түскен жоқ. Ал Әбдіжәміл ағамен ептеп араласа бастадық. Бірде әңгіме үстінде баяғы алғашқы кездесуімізді жайлап қана есіне салдым. «Е-е-е...», – деді де қойды.

Жоқ, жазушылардың ішінде ауызын ашса, жүрегі көрінетін ашық-жарқын жандарда да жеткілікті көрінеді. Бұған бірте-бірте көз жеткіздік. Алдымен студенттермен кездесу үшін жатақханамызға келетін арыстан жалды ақындарды көрдік. Содан соң біртіндеп тұлпар текті, бура болмысты жойқын жазушылармен жүздесе бастадық. Бірақ соның бәрі Абылай хан даңғылындағы есігі қалың еңселі үйдің табалдырығынан аттаса болды, сабырлы қалпына түсе салатындай көрінетін. Себебі, біз әйгілі үш қабатты үйге әлі бас сұға қоймаған едік.

Ғибраты мол ғимараттың аңызы көп. Соның біразы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа қатысты әңгімелер. «Мұқаң бүйтіпті, Мұқаң сөйтіпті. Ол Жазушылар одағының басшысына былай депті». Сол Мұқаң жүрген шаңырақ. Біз оқуға түскенде мұзбалақ Мұқағалидың өмірден өткеніне небәрі бес-ақ жыл болған еді. Миымыздың мүйіс-мүйісін Мұқағали жайлаған мезгіл-ді. Студент біткен оның өлеңін жатқа оқиды. Тіпті бір кітабын, атап айтсақ, «Өмір-өзенді» түгелге жуық жаттап алған жігіттер де бар. Мәселен, Еркін Ібітановтың ұлы Ерлан ақын жырын жатқа оқуға келгенде, таусылмайтын бұлақ, түбі көрінбейтін құдық секілді еді. «Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім», – деп бастап, кеуде кенішінен қастерлі қазынаның бірінен соң бірін суырып алып, судырата жөнелгенде әшейінде күйкентай секілді көріне қоймайтын титімдей Ерлан көз алдымызда Хан Тәңіріндей биіктеп бара жатар еді. Осы ғимаратта бір кезде Мұқағали алшаң басып жүріпті деген оралымды ойдың өзі бізге рух беретін. Өйткені Мұхаңның алдындағы аңыз-адамдардың сауық құрып, сайран салған дәурені біздің заманымыздан сәл алысырақ еді.

Баршаға белгілі Жазушылар одағының үйі 1955 жылы салыныпты. Бұл ғимаратты кімдер жобалағанын білесіз бе? Айтайық. А.А.Леппик және А.Ф.Иванов деген архитекторлар. Әсіресе Тверьдің тумасы, Санкт-Петербургтің құрылыс институтын бітірген, кейін қазақ жұртына қоныс аударған Александр Арнольдович Леппик өте танымал маман болған көрінеді. Жалғыз Жазушылар үйі емес, Қазақ филармониясы, Жастар мен балалар театры, Неке сарайы секілді әсем ғимараттарды жобалауға қатысқан. Әдепкіде Жазушылар үйі Сыртқы істер министрлігіне арналған көрінеді. Бірақ түрлі себеппен ол министрліктің құзырына өтпей қалған. Көнекөздермен көбірек сөйлескенде анықтағанымыз, Одақтың сол кездегі төрағасы Ғабит Мүсірепов басшылар алдындағы бес батпан беделін пайдаланып, мықтап тақымға салып отырып, бұл үйді қаламгерлердің ауылына қаратып алған сияқты.

Сөз зергері Ғабеңнің осы бір ғибратты ісін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ мызғымас құрылысты әрқайсысы атан түйе қайыстыратын қазақтың арқалы ақындары мен жайсаң жазушылары қанша жыл салмақ салғанда былқ етпейтіндей етіп жобалап берген атақты архитектор Леппик марқұмның да топырағы торқа болсын дейміз де... Қаламгері көп қаланың оқу өтіп кеткен тұрғындары да білсін мұны... 

Тұзды мұхиттың толқыны

Қамсыз болсаң піспеген,

Қарымыңды үстеген.

«Қаламгердің» қашанда, 

Қазаны оттан түспеген!

(Журналистік фольклордан)

Ел ұғымындағы жазушының бет-бейнесін көріп, мінез-құлқына қанығу оны толық танып-білу үшін әлі де жеткіліксіздеу. Өйткені «Нағыз қаламгерді «Қаламгерде» ғана көресің» деген сөз бар-ды. 

Бұл енді рас. Шынында да... Жазушылар одағы ғимаратының ішкі жағында «Қаламгер» деген кафе болды. Кафе болғанда қандай?! Алматының басқа кафесі бір төбе, қаламгерлердің осы кафесі бір төбе. 1972 жылы Жазушылар үйі жанынан жапсарлас құрылыс салынды. Қосалқы ғимарат қатарға қосылған соң «Қаламгер» кафесі мен конференция залы жазушылардың пайдалануына берілді. Бұл жобаның авторы – И.Шевелева. Жай, тек талай жыл «Қаламгерді» кернеген шайырлардың шалқар шабыты ақ ватманға төніп, көз майын тауысқан Шевелеваның шытырман сызбасынан басталғанын айтайық дегеніміз ғой... 

Былай қарасаң, қызық... Бірі батысқа, бірі шығысқа тартатын бұғалық салдырмас өңшең шу асау, тұсауға көнбес тарпаңдардың ортасына апарып, ішімдік ішетін бар орнатып қою деген ақылға сыймайтын. Сол ғимаратты жобалаған кезде дәл осы тұсына келгенде әжептәуір дау-дамай туындағанына күмәніміз жоқ. Онсыз да от пен суға түсе жаздап, ұшып-қонып әрең жүретін айбарлы ақындарға жұмыс істейтін жерінен жүз грамның бұлағын ашып беру, бұлағы емес ау, ақ қайнардың фонтанын атқылатып қою деген сұмдық емес пе?! Тіпті «Анда-санда өзара шер тарқатып тұрсын деп, Жазушылар одағы ішінен осы кафенің ашылуына үлкен үйдегі үлкен басшының өзі рұқсат берген екен» дегенді де еститінбіз. «Бас жарылса, бөрік ішінде, жаға жыртылса, жең ішінде», өз қотырын өздері қасысын дегені шығар...

«Жабылмайды есігі жанымыздың, Жабылмайды есігі кафеміздің», – деп Жарасқан ақын айтқандай, кафенің көкесі осы болды. Күннен күнге қадірі артқан «Қаламгер» айбынды ағалардың шабытына шабыт қосты. Небір идеялар осы жерде өмірге келді. Небір өлеңдер осы маңайда жазылды. Кімнің жазушы, кімнің халтурщик екені туралы ащы шындық та осы жерде айтылды. «Қаламгер» қарым-қабілеттің шоғын көседі. Талай жастың талантын ашты. Айтып айтпай не керек, бұл «Қаламгер» қазақ әдебиетінің дамуына кәдімгідей үлес қосты. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.

Жылқы мінез жазушылар түс ауа суатқа құлайды. Кафеге келіп, қалағанынша отырады. Жұмысынан іздей бастаса, жедел жетіп барып, бітіріп келе қояды. «Қаламгер» тек бұл ғимаратта қызмет істейтіндерді ғана емес сырттан келген сырттандарды да қабылдай береді. Кафе қызметкерлері – ойы озық, санасы сергек даяшылар ақшаң болса алады, ақшаң жетпей қалса, дәптеріне жазып қояды. Олардың да байламы берік: «Әйтеуір бір бересің, Түбінде бір келерсің!». Сенің де уәжің тастай: «Уәдем – уәде, ірімейді, Ер мойнында қыл арқан шірімейді!». Сосын кейінірек жалақы алған кезде барып, «амал дәптеріңде» тіркеулі тұрған қомақты қарызыңды біртіндеп жоюға тырысасың. Қысқасы, қазіргі күні көп айтылатын «отвечаю» деген сөз жүзіндегі «валютаның» негізі сол кезде қаланды. 

Көрнекті ақын Байбота Серікбайұлының қазақ поэзиясының мэтрі Қуандық Шаңғытбаевқа арнаған мынадай бір өлеңі бар еді: 

Абылай ханда

қазір шуағы

бөлемегенмен талайды,

қазақтың ақын-жазушылары

бас қосар жай бар арайлы.

Қызықты мұндай адам көрмеген,

тек еске алам қазір мен.

Сол үйде бар бар «Қаламгер» деген,

бет бұрмай кеткен кезім кем.

Сол «Қаламгер» күллі қазақ әдебиетін шабыт шербетіне сусындатты. Бір ғажабы, қаптаған жазушы соның ішінде кешке дейін ығып жүргенде ешкімнің басы жарылып, көзі шыққан емес. Серілердің кесірінен ешқандай жұмыс ақсап қалған жоқ. «Шөліркеп шарап ішсең, данамен іш, Немесе гүл майысқан баламен іш, Аздап іш, анда-санда тығылып іш, Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш», – деп шығыс шайыры Омар Хайям айтқандай, әркім өз орнын жақсы білді. Қазақ қаламгерлері қашанда бекзаттық пен тектіліктің үлгісін көрсетті. Бұл кафе ағалар мен інілердің сыйластығын шыңдай түсетін, анда-санда битке өкпелеп тонын отқа жаққалы жүргендердің ренішін тарқататын, басы бір қазанға сыймайтын қос қошқарды татуластыратын, оңайлықпен толғата қоймайтын тұмса таланттардың таңдайын жібітіп, бірден бошалатып жіберетін шабыт шаңырағына айналды. «Қаламгерде» отырып, айбарлы ағалардан бата алып шығу биікке беттеудің басы еді. Әйтеуір құтханадай қадірлі «Қаламгер» ашылғаннан бастап, Жазушылар одағының түндігі үнемі желпілдеп тұрды. 

Тіпті, басшылардың өздері де барып, әрі ер көңіл кадрларының қалай жүргенін тексеріп, әрі шай-пай ішіп, жайланып қайтатын. Бұл жөнінде де байыбы басқа, пайымы бөлек Байбота ағамды жырлатып көрейік:

Осында көрем ағаларымды

жатқа айтар қазақ жырларын.

Арман боп жүрген маған

арынды

отырушы еді кіл дарын.

Таппассың іздеп бәрін жарықта,

қолдары босап басшылар,

кешкісін мұнда Әлімжанов та,

Есенберлин де бас сұғар.

Кіретіндер бар борышқа кілең,

тамыр-таныстық болмас па?

Бір шетте кілең орыстарымен

отырушы еді Олжас та.

Қазақ қаламгерлерінің әр кездегі тапқыр сөздері жинақталып, «Деген екен...» атпен бірнеше кітапша түрінде жарыққа шықты. Сол мірдің оғындай уәлі уәждердің көбі нақ осы «Қаламгердің» төрінде айтылған сияқты көрінеді маған. Себебі тағы да Байбота ағам айтқандай, «Сөйлетіп Асқар Сүлейменовті, шешен қылатын осы бар. Доқ қылып талай дүлейге мықты, «шешеңді ұратын» осы бар. Атақ пен даңққа таласқанды да табыстыратын осы бар. Дүйсенбек пенен Жарасқанды да қауыштыратын осы бар...». «Барға – қанағат» деп, барға барып, барыңды тауысып қайтсаң да, рухани байисың. Көкірек сарайың кеңиді. Шабытың шалқиды. Көп жолаңқырамай кетсең, «Қаламгер-ай», «Қаламгер-ай», қандайсың?!», – деп қамығып әндетіп отырасың... Оңтүстік тұзды мұхитта жүзгендер, тулаған толқында тербелгендер өте талантты еді.

Сондай бір дәуір өтті...

Астананы «ауыстырған» мақала

Шайырлар көп кірген жер,

Шаттанған жер, күлген жер.

Шерағаң мен Орағаң,

Шабыттанып жүрген жер!

(Журналистік фольклордан)

Жазушылар одағының қай кезде де маңдайына біткен үш басылымы болды. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» және «Простор» журналдары. Осы үш редакция өмір бойы әйгілі ғимаратты паналап келеді. Одақтың қарамағына бір кіріп, бір шығып жүргені болмаса, бұл ақпарат құралдары үш қабатты үйден ешқашан іргесін аулақтатқан жоқ. Демек, бұл жерде бірыңғай көркем шығарма жазатын қаламгерлер емес, газет-журнал шығаратын журналистер де жұмыс істейді. Аталған басылымдар өте беделді. Өйткені осының үшеуіне де өңкей көркем дүниелер көбірек басылады. Әсіресе, «Жұлдыз» бен «Просторға» әңгіме мен повесть түгілі шағындау романдарыңа дейін жариялана береді.

Кейінгісін қайдам, ілгеріде қазақ әдебиетіндегі жаңа жазылған шығармалар жөнінде хабардар болғың келсе, «Жұлдыз» бен «Жалынды» үзбей оқып жүрсең жеткілікті еді. Алдымен осында басылған дүниелер соңыра кітап болып шығып, оқырманға жол тартатын. «Жалын» әдеби-көркем альманах болғанымен, бұл ғимараттың бауырына кіре қойған жоқ. Сондықтан ана үш басылымның бәсі қашанда биік тұрды. Бұл басылымдардың бас редакторлары да бірінен бірі өткен беделді еді. Ол кезде «жұмысқа Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей шақырып жатыр» деген хабар Меккеге баратыныңды айтқанмен бірдей-ді. Ал Мұхтар Мағауин қызметке алғысы келеді дегенді естісең, тіпті есеңгіреп қаласың. Себебі, басқа жазушыларды бірдей көрсең, осы үшеуін пірдей көресің. 

Баспасөздің алтын бесігі «Жас алаштан» түлеп ұшқан қыз-жігіттер көбіне-көп одақтың газет-журналдарына ауысады. Біздің тұсымызда алдымен Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетіне» кетті. «Жас алашта» жасын ойнатып жүрген ол әдеби басылымның жұмысына да әр бере бастады. Сәл кейінірек Әнуарбек Әуелбек те мойыны қылқиып, Жазушылар үйіне бет түзеді. Одан соң Досымхан Қапасов сол жаққа барып қосын тікті. Қай-қайсысы да ендігі тағдырын қаламгерлер мекеніне байлағанды жөн көрген шығар. Бір жағынан дұрыс деп ойлаймыз. Біріншіден, күн сайын жазушылармен жүздесіп, әңгімесін тыңдап, рухани әлемін байытады. 

Екіншіден, ол заманда журналистердің жазушы атануға ықыласы ауып тұратындықтан, сол ғимаратты өздеріне қолайлы орта деп санайды.

Үшіншіден, күнделікті басылымдардан әбден ығыр болғандар апта сайын немесе айына бір рет шығатын газет-журналда жұмыс істегенді қалайды.

Төртіншіден, мұндағы жұмыс әдеттегідей таңертеңгі сағат тоғызда бастала қоймайды. Жайырақ, тіпті түс ауа, жігіттер ырғалып-жырғалып келіп болған соң басылымның бар шаруасына жан кіреді. Жұмысқа түстен кейін бір-ақ жеткен бір ақын ағамыздың ескертпе жасаған бастығына «Нағыз кең жайлау дегенге келіп едім, апыр-ай, бұл жерде де темірдей тәртіп бар ма еді?», – дейтіні осы тұс.

Шерхан Мұртаза басқарған жылдарда «Қазақ әдебиеті» газеті үтір-нүктесіне дейін оқылды. Басылымның әрбір мақаласы журналистік өнімнің эталонына айналды. Ширақ Шерағаңның сарбаздары сол кездің өзінде қоғамды сүліктей сорған жат пиғылдыларға қарсы бітіспес майдан ашты. Шындықтың қанын сорғалатып, қолқаңды суырып алатындай өткір дүниелерді жариялады да отырды. Дидахмет Әшімхановтың «Алтынсарин көшесі... жүз метр...», Рахымжан Отарбаевтың «Арал тағдыры – адам тағдыры», Коммунар Тәбеевтің «Хабарсыз кетті демеңіз...» деген мақалаларын жұрттың іздеп жүріп оқығаны әлі күнге дейін есімізде.

Айтпақшы, осы газетте жарық көрген «Астананы Ақмолаға көшірсек...» деген мақаланы ұмытып бара жатыр екенбіз ғой. Оның авторы «Жас алаштың» бұрынғы қызметкері Досымхан Қапасов еді. Бұл проблемаға даңқты жазушы, даңғайыр бас редактор Оралхан Бөкейдің тапсырмасы бойынша қозғау салынды. Ол кезде астананы ауыстыру жөнінде сыбыс та, дыбыс та шықпаған кез. Айқара бетті алып, көсіліп жатқан осы мақаладан кейін газет бетінде қызу пікірталас өрбіп жүре берді. Біреулер «дұрыс» деді. Екіншілері «не болды-ей, астарыңнан су шықты ма?» деп қарсылық танытты. «Алматы тақияңа тар келе ме?», «Ұлыс орталығы Ұлытау болсын!», «Қолайлысы Қызылорда еді» деген сипаттағы ұстанымдар жиі жарияланып жататын. Орағаңның ойлағаны да осы еді. Өйткені бұл жай мақала емес-ті. Мақаладан гөрі еліміздің кішігірім стратегиялық жоспарына ұқсайтын еді. Қарастырылатын мәселе әбден елеп-екшелген. Алматыдан көшудің қажеттігі, Ақмолаға аттанудың алғы шарттары жан-жақты сараланған. Досымхан досым мақаланы жазуын жазғанымен, Орағаңның оралымды идеялары көлкіп тұр еді онда.

Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» ұлт тарихындағы ұлы миссияны өзі жасады. Миллиондарға ой салды. Мұның алдында осы тақілеттес жекелеген ой үзіктері болуы мүмкін. Ал бірақ социологиялық очерк деңгейінде зерттеліп-зерделеніп, талданып-таразыланып жазылған ауқымды алғашқы толыққанды дүние осы еді. Елорда тарихын түзгенде бұл мақала астананың айшықты атрибуты ретінде сақталатын құнды жәдігерліктің бірі болуға тиіс.

*  *  *

Ол кезде өздерін көрсек те, көрмесек те, жалпы жазушы атаулыны жақсы білетін едік. Тіпті қайсысымен жүздесіп қалсаң да, аз-кем тіл қатысуға жарайтын мәліметің миыңда даяр тұрар еді. Бүгінгі ұрпақ есімдерін мүлде білмейтін, ол кездегі әдебиетте де аса жүйрік шықпаған, бірақ өзіндік өрнегі бар Мағзом Тиесов, Тілеген Шопашев, Мұхамедсафа Шлыковтардың да жазған-сызғандары туралы деректер санаңда сапырылысып жататын. Өйткені біз көркем дүние жазатын қаламгерлерді шексіз құрметтейтін буынның өкілдері едік. Сол дағдымыздан қазір де жаңыла қоймаған сияқтымыз. Сондықтан әлі күнге дейін Жазушылар одағына бара қалсақ, қалың есіктің табалдырығын аттар алдында сәл толқитынымыз рас.

Кімдер аттамаған бұл табалдырық?! «Табалдырығыңа табын!» дегенді нағыз айтатын жерің осы-ау...

Шаңырағың биіктей берсін, қазақ қаламгерлерінің қасиетті Қағбасы!

Суретті түсірген Шүкір Шахай

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...