Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған қасиет иесі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын бәріміз жақ...
Әкім Тарази: «Өзін жақсы білген адам, қоғамды анық таниды»
– Қадірлі Әкім аға, пандемияның жағдайымен Сізге амандасып келмегелі көп болды, бүгін бір кеңірек әңгімелесіп, шығармашылық, жазушының жан дүниесі жайында сұхбат құрсақ.
– Адаммен сырласу, әңгімелесу, ішкі әлемін аралау оңай емес қой. Маған ең қиын соғатын нәрсе – алдыңда отырған жалаңаш көзді адамның жадағай, жаттанды сұрақтарына жауап беру. Мен кейіпкерлеріммен әңгімелесемін мысалы. Қасымдағы бос орында сол отырғандай сезінемін. Содан кейін оған неше түрлі сұрақтар қоямын. Әбден зерттеймін. Кейде жазылып жатқан шығарма тоқтап қалады. Сюжет қалай бұрылу керек? Кейіпкер не істеу керек? Міне, ондай кезде де кейіпкерді «тергейсің». Басқа да амалдар жасап көресің. Әбден қиналасың.
– Жазушылық азап па?
– Жазушылықтың азап екенін сезінбей, шын жазушы бола алмайсың. Сезінбейтіндер көп бірақ. Осылар секілді атақты болам, сыйлы болсам деп армандап, сол күйі кетеді. Онысынан түк те шықпайды. Бидайбылжырақ бірдеңелерімен жүреді өмірбақи. Сайын, мысалы, қиналғанда өзін өлтіріп ала жаздады. «Мен жаза алмадым» деп. Ол нашар жазғаннан емес, өзіне үлкен жауапкершілік артудан. «Қой, жазасың» дейміз, жазғанын тағы сынап тастаймыз. Сөйтіп, жүріп қандай мықты шығармалар жазылды. Менің достарым шетінен классик қой. Оқып, жазып жатқанда бір-бірімізге ескертеміз «мазалама» деп. Ол кезде арамызда айлап өлі тыныштық орнайды. Жазып болған соң бір-бірлеп «іннен» шыға бастаймыз. Содан кейін сынау басталады. Біз бір-бірімізді аямай сынадық. Соны көп айтам. Қалихан тез шамданатын. Мінез! Бірақ реніш болмайды, екі-үш күннен кейін «оларың да жөн екен» деп келіп тұрады. Сынды бәрі бірден оңай қабылдай қойған жоқ басында. Кейін үйренді. Әу баста-ақ қатты туламай, дұрыс қабылдаған Рамазан Тоқтаров болды ұмытпасам.
– Сіз де сыналған боларсыз?
– Сынайды әрине. Сыналмайтын ешкім жоқ. Сынаудың түрі көп қой, біздікі біліп сынау, жанашырлықпен «түзелсін» деп сынау. Ал білмей, мұқатып, қызғанып сынау деген газет-журналдарда жүріп жатады. Ондайлардың иегінің астына жұдырық ойнатқың кеп тұрады. Бір-екеуін қағып та жібергенім бар. Содан кейін сырттап жүретін болды. Бұл да керек екен. Бір жағы жастық қой енді.
Әкім аға жұдырығын көрсетіп, әлденелерді есіне түсіргендей көзіме қарап жымиып қойды. Мен де еріксіз жайылып кеткен екі езуімді зорлана жиып сұрақты әрі қарай жалғадым. Сұхбат басындағы «жалаңаш көз» туралы бір ауыз сұрағым келген, оған әңгіме ауаны жазушылықтан ауытқып кете ме дедім де. Оны сұхбаттың соңына қалдырдым.
– Сондай азапты жазушылық сізге не берді?
– Жазушылық маған дүниенің сырын ашты. Өзімді өзіме зерттетті, өзімді өзіме тергетті. Мен әлемнің 38 еліне бардым. Көп ұлтты көрдім. Ондайда өз еліңе сыртынан да қарап көресің. Кей нәрсені өзгертуге болатынын, басқаша айтуға болатынын сезінесің. Кейде елді ілгері бастырмай артқа тартып тұратын пайдасыз нәрселер бар екенін көресің. Ол міндетті түрде шығармаңа енеді. Қазір қазақтар әлемнің түкпір-түкпірінде жүр ғой, соған қуанамын. Нұрсұлтан мемлекеттен ақша төлетіп, қаншама жастарды шетелге оқуға жіберді. Олардың бәрі болмаса да көбі елге көп пайдасын тигізеді әлі. Басқалармен араласады, көреді. Менің өзге ұлттардан достарым көп болды. Олардан да көп нәрсені үйрендім. Кейде турасын айтуға тура келетін жерлер болады, кейде өтірік аңқау болатын жерлер болады. Осы мінездер кейде әр ұлттың қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді көрсетеді. Соның пайдалы жақтарын тоғыстыра білуің керек.
– Үйренгендеріңізді өмірде пайдаланған жерлеріңіз көп пе?
– Өте көп. Талантты адамға талантпен қоса ақыл берілсе, ол – үлкен қасиет, байлық. Ақылды болса талантын барынша жасырып ұстайды. Яғни бетегеден биік, жусаннан аласа бола білу керек. Сонда ғана көп дүние бере аласың. Дұшпаныңның да жанын тыныштандыра біл. Сен асқақтаған сайын талантсыздарға ауыр тиеді. Олардың өмірдегі ең ерекше ләззат алатын шағы – таланттың сүрінгені, құлағаны. Соны тілейді және олар соған барын салады. Сондықтан бойыңды жасырып жүруді үйрен. «Жүйрік бойын жасырады» деген сөз бар ғой қазекеңде, тура солай.
Одан кейін жазушы өзге адамдармен сөйлескенде соның деңгейінде сөйлесуді біл. Төмендеп те, биіктеп те сөйлеуді, қарым-қатынас жасауды білсең, шығармашылығыңа пайдасы ұшан-теңіз. Мен көбінесе колхоз, совхоз директорларымен жолыққанда барынша мәңгіріп, түк білмеген адамдай жүрем, сонда ол ұсақ-түйегіне дейін айтып ақтарылады. Бәрін ішке түйе бересің, содан кейін оның атын өзгертіп шығармаңа қоса бер, кейіпкеріңнің кем-кетігін толықтай бер. Оның атының не керегі бар маған, анау аты өзгерген соң өзі де білмейді. Ал біраз нәрсе білетініңді білдіріп қойсаң ол жабылып қалады, мүмкін қысылып, тосылып қалады.
– Кірпішбайлар образы солай сомдалады дейсіз ғой?
– Адамның мінезі, адамның жан дүниесі терең қозғалған шығарма өміршең болады. Өйткені адам бойында заман өзгерсе де өзгермейтін қасиеттер өте мол. Абай айтқан заманға күйлейтіндер мен заманды билейтіндер өзгеріссіз қала береді. Абай «билеу» деп тікелей билікті айтып отыр деме, өзін өзі билейтін, өзін өзі білетін адамды айтып отыр де. Өзін өзі жақсы білген адам, қоғамды анық таниды. Өзін қатты тексермеген, білмеген адам әркімге әртүрлі сөздер айтады. Кінәлайды, жазғырады, тіпті біреуге зекіп ақыл айтады. Көп қой ондай. Өзіне тиісті шаруаны толық, дұрыс істей алмаған адам өзін өзі тексеріп, өз кемшілігін өз бетіне басса, онда жұмысы алға ілгерлейді. Көп адамның қолынан келмейді. Егер ол қолынан келсе жұмысының өнбеуінің өзінен тыс себептері болса да, одан айналып өтетін жол табады. Біздің кезімізде жазушыларға цензура қалай болды? Қиын. Көбінің соңында аңду бар. Ғабит ағаның кабинетінің айналасында жүрді тіпті. Бір қызығы ол өзі ұялып, өтініш жазып кетіп қалды. Ғабеңнен қысылды, кісілігінен ұялды. Ондай да болады. Менің жоғарыда айтып отырған достарымның бәрі қиыннан жол таба білді. Өздерін аямады. Жол таппаса да, «өзімнің нашарлығымнан» деп өздерін өздері жеді. Енді шығармаларын оқышы. Айтып отырмын ғой, шетінен классик! Мен кейінгі неше жылдан бері соларды қайталап оқумен келем. Бір жалықпаймын. Астын сызып тұрып, «Жарайсың, Қалихан! Мықтысың ғой, Сайыным!» деймін. Оны жазып қоям кітабына.
– Осындай сөздеріңізді олар тірі кезінде күткен шығар, аға?..
– Күтті.
– «Осы мақтауымды өздері естісе қуанар еді ғой» деген өкініш болмай ма?
Әкім аға сәл бөгеліп қалды. Қабағын шытыңқырап, үнсіз біраз отырды. Ыңғайсыз сұрақ қойып алдым ба, деп мен де қозғалақтай бастадым. Әкім аға сөзін жалғады.
– Өкінем!.. Тірі кездерінде айтуым керек еді. Қалихан қалай қуанар еді, «О, көке!» деп орнынан атып тұрып құшақтар еді ғой. Сайын... Бәрі кетіп қалды енді. Ерте кетті.
– Қабдеш аға да кетіп қалды, жақында?..
– Сен Қабдешті үйге ертіп келдің ғой, соның өте дұрыс болды.
2018 жылы астанада жазушылардың халықаралық конференциясы өтті. Сол жиналысқа Қабдеш аға келгенін теледидардан көріп қалған Әкім аға Роза апайға «Қабдешті үйге шақыр» депті. Екеуінің араға ат салыспай кеткеніне 20 жыл уақыт өткен екен. Роза апай маған хабарласып, Қабдеш ағаны алып келгенім бар. Екеуі құлақтарына дейін сипаласып амандасып, бір сағаттай әңгімелесіп еді. Соған орай бір сұрақ қойдым.
– Сонда Қабдеш ағаны неге шақырттыңыз?
– Сағындым. Көрейін дедім. Сайынды сағындым, Қалиханды, Рамазанды сағындым. Қабдешті көргенде солардың бәрін көргендей болдым.
– Сіз кейіпкерлеріңізді де аямайсыз. Әсіресе, небір жан баласына қимайтын аяулы қыздарды боқмұрын біреулер оп-оңай пайдаланып кете барады. Ішіміз ашиды оқып отырып, оқырманды да аямайсыз...
– Өмір ешкімді еркелетпейді ғой. Жазушы да оқырманын еркелетпеуі керек. Шын жазушы оқырманмен шахмат ойнайды. Сен біреумен шахмат ойнап отырып оп-оңай беріле салсаң, әрі қарай ойнай ма ол? Мен оқырманды алдамаймын. Қайта оны тығырыққа тіреп, қиын жүрістерге баста. Көрсін өзінің кім екенін, жазушының шамасы қаншалықты екенін. Аяушылық болбырлыққа әкеледі. Өмірде де, өнерде де солай. Шығарманы ширықтыра түскен сайын оқырманды да ширықтырасың. Ерегестірсең де болады. Жақсы оқырман автормен ерегеседі. Басқа жазушы үшін мен өзім де оқырманмын. Мен олармен шахматты ерегесіп ойнаймын. Әлсіз тұстарын көріп қалсам, оны бетіне айтамын. Білесің ғой сен, кітапты сызып оқитынымды. Иә, мақтайтын жерімді де жасырмаймын. Міне, мынау – құрметті Антон Чехов.
Алдында тұрған Чеховтың кітабын ашты. Көкала ғып сызып тастапты. «Антекеңде де бір кемшілік бар екен. Көркем суреттеуге беріліп кетіп, оқиғаның ритмін әлсіретіп алады», «30.01.2015. Бүгін Антон Павелұлы Чеховтың туған күні екен. 155», «Черный монах» гениальный рассказ – деді Ә.Т. 01.02.2015», «Кейбір тұстарда Антон Павлович сочинениеден сын тапсырып отырған студент сияқты болып кетеді... жарықтық, генийім» деген сөздерді оқыды.
– Чеховтың прозасынан пьесалары мықты ма?
– Чехов драматург болып туған адам, бірақ пьесаларынан прозасы мықты.
– Неге бұлай сызып, жазып оқисыз?
– Мен кітап оқығанда оқырман жақпын, соларға көмек болсын деймін. Мен оқыған бұл кітапты да біреулер оқиды ғой. Сонда көреді. Қарашы міне, Чехов екеуіміз шахматты жақсы ойнаймыз. Аямайды ол да!
– Сіздің шығармадағы өз кейіпкеріңізге жаныңыз ашып, өлтірмей қалған немесе қиянат көрсеткеніңізге өкініп қалған тұстарыңыз бар ма?
– Өлу керек болса өлтірем, қалу керек болса қалдырам. Өкінетін жағдай болады. Мен өзімді де қайталап оқимын. Сынап оқимын. Мақтауым да болады. Бірнеше жылдың алдында менің 85 жасқа келгеніме орай университетте «Қараш-Қараш оқиғасын» көрсетті. Неге екенін білмеймін, сол жолы оны бірінші рет көріп отырғандай көрдім. Әрі қатты толқыдым. «Қайран Сүйменқұл» дедім ішімнен. Өзім байқамаған екенмін, көзімнен жас шығып кетіпті. Роза таңғалып қарап отыр. Менің көзімнен жас шыққанына таңғалып қарап отыр екен. «Көке, неге жыладың?» деп қайта-қайта сұрады. «Ақымақтығыма жылап отырмын» дедім, «Болат Шәмшиев те ақымақ қой» дедім. Жаспыз ғой енді. Сүйменқұл Шоқморов қандай актер еді! Соны шетіне қабыршық мұз қатқан қарашаның суына қайта-қайта салдық қой, не деген ақымақпыз! Өкпесіне суық тигізіп алды ғой, оның өзіне дерт тауып алғанына біздің қайта-қайта суға салғанымыз себеп болмады ма екен, өмірден ерте кетуіне сол ақымақтығымыз себепші болды ма екен, деп өкіндім. Сүлік қара екеуі ағынды сумен арпалысып ағып бара жатады ғой, ағып бара жатады. Сонда ол екеуі менің көзімнен аққан жасымның ішінде ағып бара жатқандай болды. Бүкіл жастығым, ақымақтығым бәрі ағып бара жатты...
Осы тұста Әкім аға тағы көңілсізденіп қалғандай болды. Осылай деді де отырып қалды. Мен де үнсіз қалдым. Жалпы, Әкім аға асықпай, сәл үнсіз отырып, ойланып анда-санда бір сөз айтып қойып отыратын адам ғой. Көп сыралғы емес адам «неге үнсіз отырмыз» деп қипалақтап қалады. Мен міз бақпай, ойға шомып отыра бердім. Ойыма бір естелік түсті. Жазушылар одағында істеп жүргенде мінезі сапалақ бір жазушы ентігіп: «Әкім кабинетінде ме екен? Шығып кеткен жоқ па?» деп сасқалақтап кетіп бара жатады дейді. Содан Әкім ағаның кабинетіне келеді екен, амандасып алып орындыққа отырады екен. Әкім аға сол бәз баяғы қалпында асықпай, жұмысын істеп отырады екен. Содан әлгі жазушы жарты сағаттай үнсіз отырып, шығып кетеді екен. Жұрт о кісіден сұрайды екен, «неге сонша алашапқын болып іздеп барып, үнсіз отырып шығып кетесің?» деп. Сөйтсе әлгі сапалақ ағамыз: «Әкімнің қасына барып отырсам өз-өзімнен байыз тауып, рахаттанып қалам. Әбден өз-өзіме келіп, жайланғанда барып өз жайыма кетем» дейді екен. Бұл жолы мен де қипалақтамай, ағаны асықтырмай жайланып үнсіз отырдым. Әкім аға, әңгімені әрі жалғады.
– Өмірде сондай да болады. Ол да өзін аямады. Сүйменқұлдай актер дүниеге сирек келеді. Тағдыр сондай қатал ғой. Оған сені мен менің әміріміз жүрмейді. Оның басқарушысы бар. Ал адамның міндеті – өзін басқару. «Мен итпін» деп өзін өзі жерге тығып сынамаған адам жазушы бола алмайды. Мен Толстойды неге жақсы көрем? Ол өзінің аяулы өмірін азапқа салған адам. Көптің көзімен қарасаң ол ақсүйектің баласы ғой, дүниесі мол! Не керек болды оған? Ол өзін зерттеді. Өмірінің мән-мағынасын іздеді. Ол өзін сынай алатын адам. Тазалыққа ұмтылды. Адам қайтсе таза болып қалады дегенге жауап іздеді. Тіпті ешкім қинамай-ақ өзінің кей шығармасынан арының алдында бас тарта алды. Таза адам қашанда тазалығын жасайды. Бай болса да.
– Патша болса да ма?
– Иә!
– Солай ма? Кейбір адам байлыққа, билікке қолы жеткенде бұзылып кетіп жатады ғой?
– Жоқ, онда ол әу баста таза емес деген сөз. Тазалық деген қасиет қой!
– Сіз аға, туыстарыңызбен қалай қарым-қатынас жасайсыз? Бір жақыныңызды жұмысқа тұрғызу керек болады, беделіңіз бар, өтініш айтады дегендей?..
– Жоқ, мен оларға көмектеспеймін.
– Неге?
– Ол білікті маман болса, жақсы адам болса, дұрыс жұмысқа өзінің де қолы жетеді деп ойлаймын. Ал, мен беделімді салып жұмысқа тұрғызсам, ол бірдеңені бүлдірсе, пара алса онда не болды? Ұяты – маған, зияны – қоғамға тиеді. Ал былай туыстармен қыдырып, аман-сәлем қып қарым-қатынас жасаймыз. Мен балаларым үшін де біреудің алдына барып, біреуге қоңырау шалған адам емеспін. Ұят қой. Құдайға шүкір, қазір екеуі де шетелде. Біреуі қызметте, біреуі оқып жатыр. Өздері тырысты. Жақсы оқыды.
Мен шәкірттеріммен де сондай қарым-қатынас жасаймын. Сабағымды беремін, тапсырманы сұраймын. Ақыл-кеңесімді айтамын. Адам керегін өзі іздеуі керек. Мықты шәкірт болса, жазғанымен дәлелдейді. Ізденген адам қазбалап сұрайды. Өзі керек етпеген адамға тықпалап бірдеңе үйретемін деу – бос әурешілік. Кейбіреулер шәкірттерімен сонша жақын болып, әзілдеп, ойнап-күліп жатады. Мен ондайды ұнатпаймын. Ұстаз деген қасиетті ұғым. Соны сақтай білу керек.
– Балаларды еркелетесіз бе?
– Жоқ! Еркелетпеймін де, ұрыспаймын. Бір жолы үшінші оқитын кезінде ғой деймін, Алпамысты мектептен алайын деп барсам, екі-үш бала жабылып, төбелесіп жатыр екен. Жасырынып тұра қалдым. Өзі көрсін дедім. Біраз алысты. Бір кезде тоқтады бәрі. Алпамыс жаға-жеңін түзеп, ауланың сыртына беттегенде мен жаңа ғана келе жатқандай болып алдынан шықтым. Төбелестің болғанын ол да білдірмеуге тырысты, мен де білмегендей болдым. Біз де солай өстік қой. Менің әкем мектеп директоры болды. Талай төбелес болды, маған жақ болған емес, оны білген мен өз күнімді өзім көрем ғой. Жырылған ерінді жымқырып, төбелестің болғанын білдірмей кететінбіз.
– Сіз мейірбандық дегенді қалай түсінесіз?
– Оны Роза жақсы біледі. Бір үйдегі екі адамның екеуі де қатал, екеуі де мейірбан болса болмайды. Роза да қатты еркелете қоймайды, дегенмен «ана» деген сөздің өзі «мейірім» деген сөз ғой.
– Оқырманға өкпелейтін кездеріңіз бола ма?
– Болады. Мен ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ірі ғалымы Никита Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» және «Мыңқолдың төрт ханы» деген екі үлкен тарихи еңбегін аудардым. Кезінде оның үстінен біреулер арыз жазып, мұны «ұлтшыл» деп кінәлайды. Ал Никитаның ұлты шын мәнінде чуваш еді. Ол түркі тектес халық қой. Соны көлденең тартып, бұл бейшараны жер аударып жібереді. Сонымен өмірінің соңына дейін сергелдеңге түсіп, ақыры өлді ғой...
Қытайдың ең алғашқы тарихшыларының бірі Цы Ма Чан жазған бұл еңбек оны қатты қайран қалдырады. Бүкіл ынта-зейіні соған ауады. Сөйтіп, ол Қытайда табаны күректей 13 жыл жатып, қытай тілін әбден меңгеріп, осы еңбекті аударады. Аударғанда жай ғана аударма емес, «Никита Бичуриннің сына сөзі» деп қажетті жеріне өзінің де көзқарастарын қоса отырып баяндайды ғой. Мен де оған «Әкім Таразидың сына сөзін» қосып отырдым. Керемет еңбек! Бұл кітапта қазақтың бүкіл руының аты бар, тіпті еш өзгеріссіз. Тұнып тұрған қазақ тарихы. Қытайдың анау тарихшысы өзінен кейінгілерге: «тарихшы шын тарихты ғана жазу керек» деген өсиет қалдырған. Мына еңбек сол ұстаныммен жазылған ғой. Бұл еңбекті Цы Ма Чан бастап, өзінің шәкірті ме, екінші бір тарихшы аяқтайды. Яғни екі тарихшы жазған. Міне, 20 жыл уақытымды жұмсап аударған тарих туралы «осы екі кітапты оқыдым» деген бір қазақ көрмедім. Мен саған айтайын, Әкім Тарази осы екі кітапты аударғаннан өзге ештеңе жазбаған болса да қазақ мәдениет тарихына өте үлкен еңбек сіңірген адам болып қала береді. Оны неге оқымайды? Енжарлық па, басқа ма, білмеймін.
– Оқығандар Сізге жолықпаған болар, бірақ осы кітаптар туралы әлеуметтік желіде оқып, риза болғанын жазып жатқандар да болды.
– А, солай ма? Онда жақсы екен.
Сұхбаттың соңғы жағын көңілдірек әңгімеге бұрғым келді. Шай ішіп, тағы біраз отырдық. «Енді бірнеше қысқа сұрақ қойсам, бір-екі ауыз сөзбен жауап берсеңіз қайтеді» дедім. «Қой» деді Әкім аға.
– Қазіргі қазақ әдебиеті көңіліңізден шыға ма?
– Прозада тоқырау бар, өте жеңіл ойды қиын жазуға тырысады, керісінше, терең ойды жеңіл жазуға тырыспайды. Қазақтың поэзиясы қашанда мықты ғой, драматургияға ұмтылған жастар көп екен, соған қуанамын. Роза бәрін айтып отырады.
– Тәуелсіздіктен кейін қазақ қалай өзгерді?
– Арақ ішу азайды. Кеңес үкіметі кезінде ішіп, шалқып жүргендей көрінгенімен, бәрінің кеудесінде шықпай тұрған бір күрсініс болды. Сырты күліп жүргенмен, іші аласапыран еді. Бірақ Тәуелсіздіктен кейін өзін бос тастап жібергендей де жағдай бар секілді...
– Қазақтың несі ұнайды? Несі ұнамайды?
– Қазақтың қабағы ұнайды. Ашық! Жайдары, танымайтын адамға көшеде «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем береді. Пейілі кең. Көп балалы болғанды қалап тұрады. Сонысы ұнайды. Уақытты қадірлемейді. Құр мақтан, бос сөзге әуес! Достыққа беріктері аз! Сонысы ұнамайды.
– Махаббат деген не?
– Ол өз еркіңмен өзіңді екінші адамға бағынышты ету. Өзіңді толық сеніп тапсыру.
– «Жалаңаш көз» қандай көз?
– Мен адамдарды көзіне қарап танимын. Адамның білімсіздігінің өзін көзі айтып тұрады. Денсаулығын, қорқақтығын, алаяқтығын, бәрін.
– Денсаулығыңызды қалай күтесіз?
– Оның сырын Роза жақсы біледі. Тоя тамақ жеуді ұнатпаймын. Асты талғап, тақыл-тақыл ғана ішемін.
– Абайды оқығанда қандай күй кешесіз?
– Досыммен сырласып отырғандай.
– Жастар үлкеннен ақыл сұрап жатады?..
– Менде ақыл айту жоқ, ақылдасу бар.
– Жазушы романтик бола ма?
– Жоқ. Романтик адам жазушы бола алмайды.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтасаңыз...
– Алла қазақтың бағын тайдырмасын. Елдің бүтіндігіне бүкіл қазақ баласы ат салыссын! Білімді, елдің, жердің қадірін білетін жанашыр жастарымыз көп болсын!
Әңгімелескен: Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ