Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар (Үшінші дәптер)

ӘДЕБИЕТ
3650

Боямасыз баяндар (бірінші, екінші дәптері)

Сексенінші жылдардың соңында Алматыға жұмыс сапарымен келген Кенжебек Укин ағамыз маған телефон шалып «інім, сен Жәнібек Кәрменовты шақыршы, отырып бір ән тыңдайықшы» деп өтініш жасады. Кенжағаң ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болатын, ол кісінің өтінішін біз партиялық тапсырмадай қабылдадық. Дереу Жәнібекпен тілдесіп едім, «ардақты ағамыздың тілегін неге қабыл алмасқа» деп, келісе кетті. Сөйтіп Кенжағаң «кешке ұшам» деп отырған самолеттің билетін өткізіп, күн бата біздің үйге келді.

Сопиып үшеуміз ғана отырмайық деген оймен мен көршім Ақселеу Сейдімбек ағамызды, достарым Ұлықбек Есдәулетов пен Еркін Нұразхановты, сосын әнші құрдасымыз Баян Сағымбаеваны қоса шақырдым. Осыдайша Кенжебек ағамызды бірқауым ел боп қарсы алдық.

Шүкір, тоқшылық заман ғой, дастарқан үсті жайнап тұрды, буы бұрқырап қазанда ет асылып жатты. Облыстың үлкен басшысы Кенжағаңның денсаулығы, елдің амандығы үшін бірер тост та көтеріліп тасталды. Ендігі бір сәтте үзіліс жариялап, Жәнібекке ән кезегін бердік. Ол 4-5 ән айтқан соң, мен отырысты әрмен жалғастыруға бәрін дастархан басына шақырдым. Бусанып алған Жәнібек бұл шақыруды естіген кезде:
– Мен бір отырыста бір-ақ рет айтам... Қанша айтқызам десеңдер де айтқызып қалыңдар. Шабыт деген қайта-қайта келе беретін қолдың құсы емес, түздің көкала үйрегі! – деді өзгеше шамырқанып, әнді үзгенімізге ренжіген сыңай танытты. Осы ескертуден соң біз қазандағы етті де, қасықты сылдырлатқан өзге тамақты да қоя тұрдық.

Енді тек Жәнібекті ғана тыңдаумен болдық. Сабазың шаршамастан, шалдықпастан тура екі сағат бойы құлағымыздың құрышын қандырып, ән шырқады емес пе! Бұл кездесу Кенжебек ағамыз үшін де, біз үшін де мәңгі есте қалған, әсерін әлі күнге сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тамаша кеш болды. Сондағы Жәнібектің алаулаған нұр жүзіне қарап, шабыт дегеннің қандай болатынын көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезіндік. Жәнібектің әлгі сөзі содан кейінгі уақытта да менің есімде ұзақ жатталып қалды. Қазір де дастарқан басында, топ ортада біреу ән айтып отырса, әнді әсте бөлмеуге, артық қимылмен әншіні алаңдатпауға тырысам. Шынайы өнер шамшыл келетінін сонда ұқтым.

Президент аппаратының «Мәдениет және ұлтаралық қатынастар» деп аталатын бөлімінде қызмет жасап жүрген кезіміз (кейін бұл бөлім «Ішкі саясат» деп аталды). Ұмытпасам, 1992 жылдың маусым айы. Айдың-күннің аманында Жәнібек Кәрменов досымыздан оқыс айрылып қалдық. Жезтаңдай әнші, от ауыз, орақ тілді шешен, сыршыл жазушы автомобиль апатынан мерт болды. Соның алдында ғана су жаңа «Жигули» алып, мәз болып бізге көрсетіп кеткен. Тіпті Несіпбек Айтов екеуміз сенбі күні сол машинамен біраз жерді қыдырып қайтқанымыз бар. «Жуықта ұлым үйленбекші, тойға келіңдер!» деп жүзі бал-бұл жайнап қуанып жүрген. Сол тойға арнап соятын мал әкелуге Сарқандқа бара жатқан жолда, Қапшағайға жете бере машинасы аударылып кетіпті.

Дәл сол күндері Сауытбек Абдрахманов бір облысқа іссапарға кетіп еді, Бөлім меңгерушісі Алтынбек Сәрсенбаев Жәнібекке қазанаманы жазуды тікелей маған тапсырды.
– Жақсы сөзіңізді аямаңызшы... Жәнібектен несін аянамыз! – деді.
– Жобасын Жазушылар одағынан алдырайын ба?
– Жоқ! – деп Алтекең кесіп тастады. – Олар қалай жазатынын білеміз ғой... Ресми, таңдай кептірген, қатып қалған сухой тілмен бірдеңені жібере салады. Ал, Жәнібекке жүректен шыққан жылы сөзімізді өзіміз жазайық. Бұрын да қазанамалар жазғанбыз, Президент атынан өнер адамдарына құттықтаулар секілді материалдарды да талай дайындағанбыз. Ол материалдар ылғи да артық сөзі жоқ, эмоциядан ада, қалыптасқан ресми, құрғақ кеңсе тілімен жазылатын. Ең бастысы – менен кейін оларды майшаммен қарайтын Сауытбек бастығым бар, ол алдымен күзейді, сосын түзейді, сөйтеді де Вице-премьерге тікелей өзі апарып беретін. Бұл жолы жалғызбын, өзге әріптестерімнен көмек жоқ, бәрі орыстілді қазақтар.

Көзіміз бұлдырап, қайран Жәкеңді еске ала отырып қазанаманы жазып шықтым. Өзім білетін әйбат сөз, әдемі теңеулерден аянып қалғам жоқ. Соңынан, Алтынбекпен ақылдасып, қазанамаға қол қоятын адамдардың екі нұсқасын жасадым. Оның алғашқысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған топ. Екіншісі – Вице-премьер Мырзатай Жолдасбеков бастаған топ. Іссапарда жүрген Мырзатай Жолдасбеков ағамызды «келіп қалар» деген үмітпен күні бойы күттік. Ол кісі кешкі рейспен Қытайдан келу керек еді, ақыры ол күні келмей қалды. Алтынбек не істерін білмей қапаланып, менің көзімше ақыл-кеңес сұрап жоғарғы жақтағы үлкен бастықтың біреуін іздеді. Бастық орнында жоқ екен, амалсыз көмекшісіне телефон соқты. Әлгі көмекші Жәнібек Кәрменовтың атын ғұмыры естімеген жігіт екен. Алтынбек беті қызарып, түтігіп күйіп кетті. Бас қатырып оған ештеңе түсіндірген жоқ, телефон құлағын тарс еткізіп қоя салды. Маңдайынан шып-шып тер шығып, ашуын баса алмай бөлме ішінде ары-бері сенделіп жүріп алды. Сосын есіне бірдеңе түскендей, менің қолымнан қазанаманы алды да, тағы бір оқып шықты. Сөйтті де, салып ұрып үшінші қабатта отыратын Ерік Асанбаевқа кетті. Ол кісі мемлекетіміздің Вице-президенті болатын. Мен оны біршама уақыт күтіп қалдым.
Артынан естідім, Вице-президентте мынандай әңгіме болыпты.

«Жәнібек жақсы әнші болғанымен, Халық артисі емес екен ғой, Президентке қол қойдырғанымыз көптік етпей ме?» – деп сұрапты Ерік Мағзұмұлы күмәнданып. Сонда Алтынбек: «Ереке, Жәнібектің халық артисі бола алмағанына бәлкім сіз де, мен де кінәлі шығармыз. Ел арасында ол баяғыда халық артисі болып кеткен», – деп жауап беріпті. Осы сөз желеу болып, Ерекең бас шұлғып келісіп, бадырайтып бұрыштамасын қойыпты. Сол күні кешке республикалық теледидарларда, ертеңінде газеттерде Жәнібек Кәрменовтың қазанамасы Президент бастаған зиялы қауымның тізімімен жарық көрді.

Ұлттық әдебиетіміздің үлкен бір өкілі туралы бір-біріне қатыссыз екі адамның пікірі бір жерден шыққанына куә болдым.
Балалар әдебиетінің классигі, қалың оқырманның сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақпаев қайтыс болды. Қазанама жазып, ұйымдастыру шараларын талқылап, қайғырып отырмыз. Біздің тікелей бастығымыз, Бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары Сауытбек Абдрахманов жазушының шығармалары, оның көркемдік қуаты, жастарға әсері турасында ұзақ-ұзақ әңгіме айтып, жүрегімізді одан сайын ауырта түсті. Әңгіме арасында:
– Бекеңнің «Он бес жасар чемпионы» қазақ балаларының спортқа деген құлшынысын арттырды, – деді. – Бір жыл емес, он жыл емес, бірнеше ұрпақты спортқа баулыды. Соның ішінде әсіресе бокстың дамуына ықпалы ерекше болды. Қазақ арасында боксерлердің көп шығуы әрі мықты шығуына осы Бердібек Соқпақбаев ағамыз зор себепші. Ең ғажабы – ол кісі Кеңестік қоғамды мойынсұнбай кетті, өмірге сыймай кетті. Келесі күні жазушының мәйітін Кеңсайға апардық, жерлер алдында шағын митинг өтті. Алғашқы болып сөз алған жазушы Тахауи Ахтанов ағамыз:
– Бердібектің «Чемпионы» көптеген боксерлердің пайда болуына, қазақтың бокс спортынан еңсесінің биік болуына үлкен әсер етті! - деді. Сосын:
– Ол кісі өмірмен, мынау қоғаммен оппозицияда кеткен адам еді, - деген пікірмен сөзін аяқтады.

author

Бердібек Соқпақбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...