Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне 35 тарихи-мәдени н...
Мекеш ТӘЛІП. Жеті ата – жеті ұрпақ
Қазақта ататек таратуға байланысты «Жеті ата, жеті ұрпақ» деген ұғым ежелден қалыптасқан. Бұл туралы «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөзді де қалдырған. Ал қазіргі ұрпақ жеті атаны білмек түгілі, жеті ата, жеті ұрпақ жайлы түсінігі де шамалы болып бара жатқан сияқты. Қазіргі кезде ата тек таратуда бірізді, нақты ұстаным жоқ. Әрбіреу әртүрлі жаза береді. Осы жайлы пікірлер жазып жүрген Бейсенғали Кокей мырза өз жазбасында ата салтымызды, жалпы қазақты құндылықтарымызды қайта жаңғыртумен айналысып жүрген адамдар бар, олар, әсіресе, тәңірлік танымға бой ұсынып, соны қайта түлетіп, ежелгі салт-дәстүрімізді қайтадан қалпына келтіруді мақсат тұтатынып айта келе, ата тек, ұрпақ таратудағы қазіргі кезде қолданылып жүрген ата тек шежіресінің нұсқаларын да көрсеткен. Олар былай екен:
1-нұсқа | 2-нұсқа | |
Жеті ата | Ұрпақ | Жеті ата |
7. жеті ата | 1.әке (өзің) | 1. Ата |
6. түп ата | 2.бала | 2. Әке |
5. тек ата | 3.немере | 3.бала |
4.баба | 4.шөбере | 4.немере |
3.арғы ата | 5.шөпшек | 5.шөбере |
2. ата | 6.немене | 6.шөпшек |
1.әке (өзің) | 7.туажат | 7.немене |
Кестеде көрсетілген жеті атадағы арғы ата, түп ата дегендердің басқаша орны бар. Бұлар жеті атаға кірсе, жақын аталарымызды алыстатып аламыз. Себебі, арғы аталар деп жеті атадан жоғарғы аталарды, түп ата деп он төртінші атаны айтады. Ата-тек, ұрпақ таратуға санаушы өзі кіріспеуі керек. Өзінің ғана атасы мен ұрпағын санауға тиіс.
Жетілген жеті атаның таратылуы деп былай көрсетілген:
Бала, әке, ата, үлкен ата, баба, түп ата, тек ата.
Кестедегі 2-нұсқа мен бұл екеуі жеті атаны емес, жеті буын ұрпақты көрсетеді. Ата мен ұрпақ араласпауы керек. Өзінен жоғары үш ата өзінен төменгі үш ұрпақты көрген адамды-жеті буын ұрпақты көрген ұлағатты адам деп атаған. Мұндай адамдар сирек болса да, кездеседі.
Ал соңғы кездегі оқулықтарда жеті атаны әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата деп тектесе, жеті ұрпақты бала, немере, шөбере, шөпшек, немене деп қана таратады. Қай қайсысы да жетіге толмайды. Атаулары туралы жоғарыда айтылды. Немене деген атау да үйлесімсіз сезіледі. Бұрын естілмеген атау. Немелтай деген атау болған деп айтылады. Бірақ нақты емес. Ұрпаққа қатысты басқа атаулар жетіп жатыр. Соларды пайдалануға неге болмасқа.
Сондай-ақ, Мақсұт Дәуітбаевтың құрастырған «Жеті қазына» кітабындағы «Туысқандық, ағайын, жекжаттық» деген тақырыпта «Біздің қазақ аталықтан өрбіген туысқандықты ағайын, құдандалықтан өрбіген туысқандықты жекжат дейді. Ал, ағайындықтан өрбіген ұрпақтары әулет, жекжаттан өрбіген ұрпақты жұрағат дейді», - деп жазыпты. Менің ойымша, бір атадан тараған ұрпақтар ағайын, жамағайын болатыны шындық, құдандалықтан болған туысқандықты құда-жекжат деп атайтыны да шындық. Алайда олардан өрбіген ұрпақтарды жұрағат деп атау дұрыс емес. Жұрағат деген жекжаттан кейінгі сол әулеттің (тектің) ұрпағы болып есептеледі. Жүрежат бесінші ұрпақ, туажат алтыншы ұрпақ, жекжат жетінші ұрпақ. Бұлар қанның алыстауына сәйкес генетикалық тұрғыдан берілген дәлме-дәл атаулар. Жекжат деген сөз «шекжат» деген сөзден шыққан, яғни туыстық пен жаттықтың шегі, 8-ұрпақтан бастап қан алыстап, қыз алысып, құда болысуға болады дегенді білдіреді. Құда-жекжат деген атау да осыдан алынған. Әкенің қаны балада 50 пайыз болса, жекжатқа дейін 0,78 паызға дейін азайып, 8-ұрпақта нөлге түсетіні анықталғаны осының дәлелі болса керек. Демек, 8-ұрпақ жұрағат болып аталады.
Ал, қыздан туғандар жиен, жиеншар деп қана аталады. Ары қарай созамыз десе дегеншар, көгеншар деп атайды деген пікір айтылады, бірақ нақты емес. Жәй, тұқым жұрағат қой деп айтуға болар, бірақ, жұрағат деген жеке атауға иелік ете алмайды. Себебі, олардың өз ата тектері бар. Жиеннің де, жиеншардың да ата-тегі басқа рудан болатыны белгілі. Сол үшін де бабаларымыз «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген мақал қалдырған. Бұл жиеннің руы басқа, бөлек ел екенін білдіреді. Руың кім, қай елсің деп сұрайтыны да содан.
Ал, жиендерге нағашылары ет жақын туыс болып келеді. Өйткені, баланың әке жағының туыстары сүйектес туыс (сүйек туыс), шеше жағының туысы ет жақын, етене (ененің еті) туыс деп аталады. Бала құрсақта жатқанда алдымен сүйекпайда болып, кейін ол ананың қаны арқылы нәр алудың нәтижесінде етпен қапталып, бүтін ағза (организм) болып қалыптасады. Сонда ата-бабаларымыз осыны да алдын ала біліп атау берген ғой. Бала нағашысына тартады дегенде де осы ерекшелікті меңзеген. Бет әлпеті нағашысына тартады, нәсілі (тегі) ата-бабасына тартады.
Ата текке байланысты буын деген ұғымды да жеке алып қарастыруға болады. Бірінші буын ұрпақтары бірге туғандар, екінші буын ұрпақтары немерелес ұрпақтар, үшінші буын шөберелес ұрпақтар деген сияқты, жетінші буын жекжат, сегізінші буын жұрағат болып аталады. Ұрпақ, жұрағат деген сөз осыдан қалыптасқан. Әкесімен бірге туысқандар немере ағайындар болып аталса, атасымен бірге туысқандардың балалары жасы кіші болса да, ата баласы деп аталып, үлкен құрметке ие болады. Бір буынды орташа есеппен 25 жылмен есептесе, жетінші буын ұрпақ (жекжат) 175 жылдан кейін өмірге келеді.
Осыларды саралай келе, мен де өз ой-пікірімді ортаға салып, көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. Меніңше, қазақы құндылықтар алғашқы төл дініміз болып қалыптасқан Тәңірлік дінге қатысты екені белгілі. Сол құндылықтарымызды қалыптасқан салт-дәстүр, ұлттық ерекшеліктерімізбен ұштастыра отырып, жаңғыртуымыз дұрыс, әрине.
Тәңірлік таным бойынша 3,7,9 сандары киелі деп аталған. Бұларды анықтауда табиғаттағы жаратылыс дүниелерін негізге ала отырып қарастырған. Киелі сандардың қасиеттерін бағалаған бабаларымыз ата тек шежіресін таратуда да осы үштік, жетілік жүйесін пайдаланып, жеті ата, жеті ұрпақ деген түсінікті айналымға енгізіп, ұрпаққа жеті атасын білуді міндет еткен.
Осы тұрғыдан қарағанда, ата-тек шежіресін қысқа (нұсқа) және толық (ұзын сонар) шежіре деп екіге бөліп қарауға болады. Қысқа шежіре 7 ата, 7 ұрпақпен таратылып, толық шежіре 21 ата, 7 ұрпақ болып таратылуы тиіс. Бұрынғы ата-бабаларымыз ата-тек шежіресін 21 атаға дейін таратқаны шындық. Оған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында өз ата-тегін 21-ші атасына дейін жеткізіп тектегені дәлел.
Осы күнге дейін сақталып келген ұлтымыздың салт-дәстүр, мәдени ерекшеліктері, қазақы құндылықтарымызбен сусындап, алған тәрбие, естіп-білгенімізді ойға түйіп, саралаудың нәтижесінде анық-қанығына көз жеткізген өз ұстанымымдағы ата-тек және ұрпақ тарату жөніндегі нұсқамды көпшілік қауымның талқылауына ұсынып отырмын.
- Ата-тек және ұрпақ таратудағы қысқа (нұсқа) шежіре.
7. Тек ата
6. Ұлы баба
5. Баба
4. Ұлы ата
3. Ата
2. Ұлы әке
1. Әке
0. Өзі, әкеге бала, балаға әке
1. Бала
2. Немере
3. Шөбере
4. Шөпшек
5. Жүрежат
6. Туажат
7. Жекжат
2. Ата тек және ұрпақ таратудағы толық (ұзын сонар) шежіре.
Аталардың жетілік жүйесі | Аталар реті | Аталардың атаулары | Ұрпақтармен туыстық байланысы |
3-ші жеті ата | 21-ата 20-ата 19-ата 18-ата 17-ата 16-ата 15-ата | 21-ші ата тұқиян 15-21 дейін арғы бабалар | Жамағайындар |
2-ші жеті ата | 14-ата 13-ата 12-ата 11-ата 10-ата 9-ата 8-ата | 14-ші ата түп ата 8-14 дейін арғы аталар | Ағайындар |
1-ші жеті ата | 7-ата 6-ата 5-ата 4-ата 3-ата 2-ата 1-ата | Тек ата Ұлы баба Баба Ұлы ата Ата Ұлы әке Әке | Аталас жақын туыстар |
0 | Өзі-әкеге бала, балаға әке | Ата-тек санаушы | |
Ұрпақтар | 1-ұрпақ 2- 3- 4- 5- 6- 7-ұрпақ | Бала Немере Шөбере Шөпшек Жүрежат Туажат Жекжат | Ұрпақтар |
Мұндағы туыстық байланыстар қазіргі ұрпақтарға қарата айтылған. Жамағайын, ағайын деген атаулардағы аталар қазіргі ұрпақтарға сондай туыстар болып саналады және сол аталардан тараған қазіргі ұрпақтар да бір-біріне тағы солай жамағайын, ағайын-туыстар болып келеді. Ал бірінші жеті атаның ұрпақтары өзара аталас жақын туыстар болады. Оныншы атаның қазіргі ұрпақтары, бірінші атаның қазіргі ұрпақтарына ағайын, он бесінші атаның ұрпақтары жамағайын болып аталады деген сөз.
Бұрынғы бабаларымыз Тәңірлік танымға сәйкес үштік жүйені пайдаланып, жеті атаны әке, ата, баба сөздері арқылы үлкендерінің атауларының алдына ұлы деген ұлықтау сөзді қосып атап, оны жетілік жүйеге сай жетіге толтырып, жетінші атаны тек ата деп белгілеген. Бұл тектің ауысуын білдіреді. Мұндағы ұлы деген сөз бұрыннан қолданыста бар сөз. Көкшетау жағында да қолданылады. Ал ата деген сөз жалпылама атау болғандықтан қай-қайсысына да айтылады. Жеті атаның өзін үштік жүйе бойынша үш топқа бөліп, жиырма бір атаға толтырып, жетінші атаны тек ата, он төртінші атаны түп ата, жиырма бірінші атаны тұқиян деп және үшінші жеті атаны арғы бабалар, екінші жеті атаны арғы аталар, бірінші жеті атаны аталас жақын туыстар деп атаған. Жетінші ата текті білдірсе, он төртінші ата түп ата болуы қисынды. Өйткені, түбі бір түркілер дейміз. Сонда ол арғы түбімізді білдіреді ғой. Ал, тұқиян деген атау жиырма бірінші атаға баратын себебі, ол ту-қиян деген сөзден алынған. Қияннан, қиырдан, алыстан қосыламыз деген ұғымды береді.
Сонымен, қорытындылай келе, Тәңірлік танымға сәйкесетін ұлттық құндылығымыз болып қалыптасқан, ата-тек таратудағы қазақы ұстанымымызға үйлескен осы бір қарапайым атауларды қолданысқа енгізіп, ұрпаққа үлгі, өнеге болғызсақ деген ойдамын.