Шәмші Қалдаяқов сазгер-композиторлығына қоса айтар ойын ұтқыр сөзбен жеткізетін ділмар, тіптен...
Балаларға базарлық: Хамелеонның түсі қандай?
Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу. Осы мақсатта «Мәдениет порталы» жазушы Әлібек Байболдың аудармасында әлем халықтарының ертегілерін жүйелі түрде ұсынбақпыз. Назарларыңызда «Африка халықтарының ертегілері» циклынан Бауле ертегісі «Хамелеонның түсі қандай?». Мархаббат, періште оқырмандарымыз!
ХАМЕЛЕОННЫҢ ТҮСІ ҚАНДАЙ?
(Бауле ертегісі)
Есте жоқ ерте заманда, Ньямье құдай шартараптағы адам, аң, жан-жануар біткенді шақырту үшін жұмыр жерге елшілерін жұмсайды.
Бәрі жан-жақтан жиылған соң, ол былай деп жалпақ жаһанға жар шашады:
– Айтыңдар, қане! Жерде не қалайсыңдар, әрқайсың? Рұқсат етейін.
Сонда, алдыменен адам әңгімеге араласады:
– Ат басын ауылға бұрып, сонда егін ексем деймін.
– Ал, біз ну орманға орнықсақ, – деді аңдар.
Тек хамелеон ғана тіс жармады.
– Сен не сұрайсың? – деді Ньямье.
– Былай ғой, – деді хамелеон. – Табаным тиген орынның барлығы маған тиесілі болса деген тілегім бар.
– Мақұл, – деді айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған Ньямье. – Онда, ойға алғандарың орындалсын.
Міне, содан бері адамдар – ауылда, ал аңдар – орман-тоғайда тіршілік кешіп жүр. Ал, хамелеон қайда барса да, сол мекеннің қызылды-жасылды бояуына еніп, өз үйіндегідей алшаң басып, емін-еркін жүретін көрінеді.
*Ньямье (Ньяме, Ньяма) – аспан құдайы, кейбір Батыс Африка елдері арасындағы басты тәңір боп есептеледі.
Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ
Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды. Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!