Рухани дүние емес, байлық бәсекеге айналып келеді– Әдебиет жарық дүниенің есігінен сығалаған к...
Бердібек Соқпақбаев. Редакцияға хат (әңгіме)
Құрметті жолдас редакция! Сау-сәлемет боларсыз.Менің сізге төменде қол қойып, арыз жазу себебім мынау!
Мен өзім, шынымды айтайын, әдебиетті онша көп оқымаймын. Өйткені, біріншіден, оған қол тимейді. Ал екіншіден, мен болсам қазір лесхозда жұмыс істеймін. Яғни әдебиетпен ешқандай байланысым жоқ.
Бүгін бағана түскі тамақтан келе жатсам, біздің әлгі секретарь әйел: «Әбдіғали, сені журналға жазып қойыпты. Мә, мына әңгімені оқышы» дейді. Жүрегім су ете қалды. Ойпырмай, неге жазады, не қылмысым бар деп, оқи бастадым. Өзі сала құлаш ұзақ мақала әңгіме екен. Сонда да болса бас алмай отырып, оқып шықтым. Сөйтсем, Әбдіғали дейтін маскүнем біреу жайында екен. Тек атының ұқсастығы болмаса, бас - қасының бәрі де менің басымнан кешкен уақиғалар емес. Бұл қайтып мен туралы болады деп, біраз ойланып отырдым да, біле қойдым. Біріншіден, бұл мақала очерктің авторы Б. Сәрсенов жолдас «Н. ауданының орталығына барып түсе қалдым, мезгіл көз байланып қалаған кешкі уақыт еді» деп жазады. Мұндағы оның Н. деп, жасырып отырғаны ол, сөз жоқ, біздің Нарын ауданы. Өйткені біздің облыста Н. әрпімен басталатын басқа аудан атымен жоқ. Оны мен райсоветке барып, анықтап білдім.
Н. ауданы біздің Нарын ауданы болған соң ондағы маскүнем Әбдіғали ол, әрине, менмін. Менен басқа Әбдіғали дейтін мұнда ешкім де жоқ.
Содан соң, автобус біздің ауданға Алматыдан ылғи да күнде көз байлана келеді. Олай болса, сіздердің жазып отырған Әбдіғалиларыңыз менен басқа ешкім де емес.
Қымбатты жолдас редакция, әдебиетті мектепте біз де оқығанбыз. Оның қулық -сұмдығының біразын жақсы білеміз. Сіз бізді ештеңе білмейді, сезбейді екен деп ойламаңыз. Олай ойласаңыз қателесесіз. Жазушылардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, ойдан қосып, болмағанды болғандай етіп жазатын әдеті бар. Miнe, сіздер де сөйтіпсіздер. Менің маскүнем екенімді образ қылып алыпсыздар да, оған неше түрлі өтірікті қисындырып қосып жазыпсыздар. Міне, бұл үшін мен сіздерге наразымын. Сіздер ойлайтын шығарсыздар; бізге қалай қисындырып жазсақ та бола береді. Ауылдағы оқымаған қара жұмысшы халық оған көне береді деп. Жоқ, жолдас редакция, олай ойласаңыздар сіздер қателесесіздер. Мақалада менің атымды өзгертпей тура атағаннан кейін бүйтіп өтірік қосып жазуға сіздерге кім права берді? Алдымен міне осыған жауап беріңіздерші?
Содан соң екінші айтарым, маған кездесетін Көкен деген адам ол кім? Meн бұндай адамды білмеймін ғой. Жоқ әлде сіздер Көдекті Көкен деп бұрмалап отырсыздар ма? Егер ол Көкен болмай, Көдек болатын болса, мен онымен бірігіп арақ ішпек, түгіл, міне, екі жылдай болып қалды бетіне тура қарап сөйлемеймін де. Бұрнағы жылы жайлауда Жұмағұлдың үйіндегі тойда төбелесіп қалғалы бері ол екеуміз ит пен мысықтай аразбыз. Бұны, жолдас редакция, жұрттың барлығы біледі.
Содан соң үшінші айтарым, сіздер әлгі мақала пілитондарыңызда менің әйелімнің образын да дұрыс көрсетпепсіздер. Оның аты Жәмила болса сіздер Күлбала деп бұрмалап жазыпсыздар. Қиысса, қиыспай қалсын - ау! Содан соң, әйелімнің түр-түсін, киімін де бұрмалап жазыпсыздар. Қашаннан бері ол сыриған сары келіншек бола қалды? Қатпа қараның нағыз өзі емес пе? Оның арық екеніне дейін жазыпсыздар. Сіздердің не мақсатпен бұлай деп жазып отырғандарыңызды мен білмеймін. Ал бар ғой, редакция жолдас, тап осыларыңыз ұят - ақ. Біреудің әйелі арық біреудікі семіз. Онда сіздердің не шаруаларыңыз бар? Немене, сонда мен әйелімді тамақ бермей аштан қатырып жүр демексіздер ме?
Содан соң... содан соң тіпті айта берсем, бұл очерктеріңіздің ішінде басқа да өтіріктері толып жатыр. Мен оның бәрінің астын қызыл қарындашпен баттитып - баттитып сызып қойдым. Тиісті жердің алдында дәлелдеп берем. Мысалы, сіздер менің портретімді «сатпақ - сатпақ сары китель киген» деп суреттепсіздер. Сөйтіп образымды мүлде бұзып жазыпсыздар. Біріншіден, мен образымды бұзатындай жау емеспін. Немесе бай -құлақтың тұқымы емеспін. Совет адамымын. Екіншіден, мен өмірі китель киіп көрген жоқпын. Китель кисем тамағым қысылып, өліп кете жаздаймын.
Содан соң, араққа әйелін жұмсайды деп жазыпсыздар. Мен араққа әйелімді жұмсамаймын. Баламды жұмсаймын. Ол жоқ болып қалса, көршілерімнің баласын жұмсаймын.
Бірақ, сөз арасында айта кетейін, азық-түлік дүкеніне жаңадан сатушы болып келген Күлсім дейтін әйел оқушы балаларға темекі, арақ сатпайтын заң шығарыпты. Ол қандай заң? Қайда жазылған заң? Меніңше, совет саудасы кімге болса да еркін болуға тиіс. Жолдас редакция, егер сіздерге сынап жазуға материал керек болса, міне осыны неге жазбайсыздар?
Хатымның соңында, қымбатты жолдас редакция, төменде қол қойып, осы арызды жаза отырып, қоятын сұрақтарым бар.
Бірінші сұрағым: мақаланы жазушы Б. Сәрсенов деген кім өзі ол? Біз бұрын атын естімеген қандай жазушы? Біздің ауданға ол қашан келіпті? Егер мүмкін болса, сіздер бәлшейбектік шындықты сүйетін болсаңыздар, Сәрсеновке мен жөнінде материал берушінің кім екенін де айтуларыңызды өтінем.
Екінші сұрағым, біздің ауданда арақ ішетін адам тек мен ғана ма екем? Егер жазушы Сәрсенов жолдас, біреудің айтуымен жазбай, өзі келіп, зерттеп, біліп жазған болса онда менен басқа маскүнемдерді неге қосып жазбайды? Райфоның бухгалтер! Иванов бір күн сау жүрмейді. Арақты бөшкелеп ішеді. Соны неге жазбайсыздар? Заготскоттағы Малбағаровты кез келген көшенің бұрышында тоқтатып алып, қалтасын тінтіп қараңыздаршы. Не шығар екен? Жартылық, арақ пен жұдырықтай пияз шыға келмесе, мен мұрнымды кесіп берейін. Ұйықтағанда ол арақты жастығының астына қойып, жастанып жатып ұйықтайды. Онсыз көзі ілінбейді. Міне сіздерге материал керек болса! Сәрсенов жолдас бәлшейбектік баспасөздің турашыл өкілі болса, әуелі осыны неге жазбайды?
Құрметті жолдас редакция, осы арызымды аяқсыз қалдырмай, тез арада тексеріп, қортынды шығаруларыңызды сұраймын. Ол қортындының бір данасын менің өзіме жіберсеңіздер екен.
Қол қоюшы Әбдіғали Сәлменов.