Батыс философиясының бір тармағы ретінде көпшілікке мәлім экзистенцианализм (өмір сүру) бағытының эс...
Александр Блок. Біз – скифтерміз!
2932
Александр Александрович Блок - орыс ақыны, жазушы, публицист, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы. ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің классигі, орыс символизмінің ірі өкілдерінің бірі. "Мәдениет порталы" Александр Блоктың топтама өлеңдерін қазақ ақыны Жүсіп Қыдыровтың аудармасында оқырман қауымға ұсынады. Мархабат!
* * * Мен – Гамлет. Өксіп өмірім Жайғанда торын арамдық, Өзіңе іңкәр көңілім Кеудемді тұрды алау ғып. Офелиям менің, Сені де Кетті алып тағдыр жел – селмен. Шаһзада күйі жерімде Мен де өлдім улы семсерден. 6 ақпан, 1914 ж. * * * Қайғылы өлең сұрама, Шерленіп кім бар жұбанған?! Қараңдар: мамыр күні, әне, – Жүрегің тасып қуанған. Не керек сонша тарығып, Ойнап-күл, салауат өткенге, Қайғылы жырлар – ауыр жүк, Көтермес оны көктем де. 1898 ж. * * * Ей, ақын жердің жыртығын Жамайтын сен бе, не, тегі?! – Азаппен өтсе құр күнің, Жұрт сені мазақ етеді! 3 ақпан, 1899 ж. * * * Толықсыған Ай да туды дөңгелеп, Көкшалғынға салқын нұрын себелеп тұр міз бақпай ол сұлық. Сұрғылт дала күндіз түлеп гүлдеген, Жерді жапқан қара түнек түнменен жатыр ұйықтап, тыншығып. Үрей аңдып тұрғандай бір шынында, Сескенесің үйден ұзақ шығуға, жан-жүрегің күрсініп. Аян саған: ертең ерте күн шығып, Қою түнек қалатыны тұншығып, дүние біткен құлшынып. Жолға түсіп, сонда елтисің мың үнге, Әр бұтаның, әр құрақтың түбінде: қайнап жатқан тіршілік! 21 шілде, 1898 ж. * * * Бір адам өлді өртеніп... Фет. Демалғың келсе көбірек, Үрейге толар, Дүлейге толар бұл өмір Дып-дымқыл тұман ілегі. Тұтасып түгел төңірек, Кеудеңе саулап кіреді. Тірлігіңді ұмыт кешегі, Ертеңіңді ұмыт жаратар. Келеді жылжып бір түнектің көші, әне, Келеді жылжып жұт қара, Көзің жұм, сонда таң атар, Бірақ та, ұйықта, ұйықтама, Біреу кеп сені оятар. 27 август 1909 ж. ҚАЗАНДА Терезені аштым. Азынап Келіпті қазан қалаға: Сүйегі шыққан қоңыр ат Тентіреп жүрді қорада. Жапалақ-жапалақ жауған қар Ұшады желмен мамықтай. Шыршаның ұшы шайқалар Ертеден кешке жалықпай. Қызыққа, шіркін, тоймаған Жас шағым – кірмес түсіме. Дірілдеп бала жаураған Жүр, әне, аула ішінде. Өзгермей тірлік торабы, Сол қалпы бәрі баяғы. Арық та, жап-жас баланы Сорады суық, сорады. Мені де еш бір себепсіз Шардаққа қуды ол ши салып. Себебім, қайтем, керексіз, Шаруам кеткен қисайып. Ішуден артық бағымды Таппасам дағы жанатын, Азаттық аңсап аһ ұрдым, Тынысты еркін алатын. Бақытым батып араққа Кеткені ме екен, япырмай?! Жоқ, атай көрме, со-о жақтан Жұлдызым туды жарқырай. Нұрынан көзім бұлдырап, Сәулесі ойнар әйнекте. Өмірім кеткен құлдырап Жарқ етіп шықты түу көкке. Өзімнің дүние-мүлкімді Өзіммен бірге ап самғаймын. Қақ жарып қара бұлтыңды, Ал кеттім... енді талмаймын. Келемін ұшып, балаға От, құйын – бәрі жер-көктің. Баяғы қалпы айнала, Жалғыз-ақ мұнда мен жоқпын. Қазан, 1906 ж. * * * Менен де жақсы, жаман бар, Адам да көп-ау, құдай да. Бойынан, тисең, от шығар, Қасірет бұлт та бар онда. Бірін бірі тұтатып, Өшіреді үрлеп тағы да. Бірін бірі мұқатып, Күрсінер бірі сорына. Патшамын өзім өзіме, Бойымда қаһар – мұз-қарым, – Көрінер менің көзіме Елесі аппақ қыздардың. Өзімді жылытар – өзіммін, Өзімді құртар – өзіммін. Тек өзім сүйген жандармен Ұмтылам шұғыла таңға мен. * * * Раушан – тайған ажары Шайқайды басын: налалы. Күрсініп демін алады, Етегі жасқа толады, Жылайсың неге, раушаным, Қап-қара түнді жамылып? Өткенге ауды ма аңсарың, Көктемді қатты сағынып? Жылама, гүлім, жылама, Бұлбұл да қайта оралар... Жасын сүрт, көзді бұлама, Таңың да туар таранар. Мамыр, 1898 ж. * * * Күткен шақ жетті – күндізді Табиғат қуып жолынан, Тұтатты бәрһә жұлдызды Тәңірінің от ап қолынан, Жаратқан: «мені білсін» деп, Күмісті шашты аямай. Дүниені байқап тұрсын деп, Бір шамды жақты шарадай – Шықты, әне, қалқып Ай демде, Сәулесін аппақ шашқанда Көк жазық, орман, тау-бел де Алғысын айтты аспанға. Моладай тыныш жан-жағың, Мүлгиді іштей тас тынып. Ұйықтаған жұрттың арманы Болады сонда жақсылық. Ар-ұяттарың бұл түні Оянғандарың бар шығар, – Айқаспай бір сәт кірпігің Өткенді еске ап қансырар. Түн деген көңіл жұптаса, Зәлім ой жанды қинайды. Жақсылық тыныш ұйықтаса, Түн болар жарық, шырайлы. Жақсылар, дем ал! Жамандар, Түнімен көзді ілмеңдер. Жер-жаһанды арамдар Жер басып тірі жүргендер. Ей, сұмдар! Сағым оранған Көрсеңдер өмір көктемін, Жақсылық іздеп жаралған, Үйретіп жұртқа мектебін, Дамыл да таппай шаршаған – Ұрмасаң таспен ақынды: Дүние сонда кең саған, Дүние сонда жақын-ды. 25 шілде, 1899 ж. * * * Жас дәуренім – бақыт шағым лаулаған, Мұңға бөлеп ғайып болды елесің. Шет-шеті жоқ көк мұхитқа қайнаған Ағызамын мен көңілдің кемесін. Жас дәуренім, сағынамын мен сені, Балдай тәтті шер-уайымды еске алып. Енді ол да жоқ, – төмен басып еңсені, Қарай берем жалғызсырап, жасқанып. Мен білмеймін не сыйларын алғы күн, Не дейтінін долы мұхит ашулы. Бел жазбастай шаршап болдым, қажыдым, Түнек өмір орап алды басымды. Түнек, түнек... көрінбейді шеті оның, Қараңғыда жолды таппай қарманам. Фәни, сені мен түсінбей өтермін, Көрген түстей – мынау өмір, бар ғалам. 1 сәуір, 1899 ж. * * * Айлағың тым-тырыс. Көрінбей жаға да, Түн тастай қараңғы. Жер қашып бара ма? Су тақтай үстінде тұрмын мен қалтылдап, Бұйрабас ақ дауыл күледі сақылдап. Айқайлап тұрмын ба, білмеймін, таңым бар: «Жартастың үстіне шырақты жағыңдар! Жетсін тез жағаға жарымның қайығы, Қауышып екеуіміз қуайық уайымды. Ақырған толқындар құмға кеп құлайды, Құлайды толқындар, бір жайды ымдайды... Жан-жарым жырақта. Ол енді қайтпай ма, Көк соққан, ей, теңіз, асылым, айт, қайда? Әрірек жартас бар! Соған шам қойыңдар!» – Қышқырған өзім бе, ойлаған ойым ба ол?! Шілде, 1903ж. * * * Он бес жасар қыз еді. Жүрегімен Қаласа да маған жар бола алмады: Мендіксің бе деп мен де күле бергем, Ол да күліп жөнеді, қарамады. Одан бері не заман ұшқан құстай Зымырапты. Кетпеді сезім бізден. Анда-санда ұшырассақ тіл қатыспай, Жүре бердік ұғысып көзімізбен. Ығы-жығы. Зал іші самаладай, Би билеген, шырқаған қосылып ән. Жүр ыржиып маскалар дағарадай... Көрдім де оны мен шықтым осы дудан. Іле-шала соңымнан ол да ерді, Сендікпін деп көзінің бір ұшқыны. Тілегіміз мәңгі бір болмақ еді – Оған куә қаланың тыныш түні. Аяз. Күн жайнап тұрды, аспан тұнып, Шіркеу бардық лапылдап жалын-нұрдан. Үнсіз жылдар сырын тек ішпен біліп. Жаңа өмірді бастадық сағындырған. Бұл хикая – рақатым жасырынған, Тар кеудемді сайратып, тасқан әнім. Алтын сарай орнаттым осы жырдан, Кейін айта жатармын басқаларын. ЖАЗҒЫ КЕШ Батқан күннің соңғы күрең шапағы Аңыз бетін алауымен шарпиды. Орақ тісі тимеген шөп қатары Қызыл іңір құшағында балқиды. Құста да үн жоқ, білінбейді жел лебі, Нарттай боп Ай шығып алған сырыққа. Істен қайтқан орақшы әйел өлеңі Әуелемей жатыр сіңіп ымыртқа. Ұмыт-тағы күйбең тірлік, қайғыны, Атқа мініп, жібер басын құйғытып. – Тұманды алқап, көкорай майса шалғыны, Табақтай Ай, Түнгі дала тұр күліп! 13 желтоқсан, 1898ж. * * * Аспай-саспай өтіп жатыр күз деген, Аспай-саспай сары жапырағы үзіліп. Кәусар ауа мөлдір көгі сүзіліп Тұрса-дағы көңілің бір от іздеген... Енді ол от сөне берер күн сайын, Жапырағы түсе берер сарғайып. Өткен уақтың күзі мұнша қаңырайып Қалмағандай көрінеді жыл сайын. 5 қаңтар, 1900 ж. * * * Қартайтты мені, Әлде бір қырсық жабысқан, Өмірім бітпей, мысы ұрып. Батпандай ауыр түстермен ылғи алысам, Қара суға түсіп қысылып. Өрімдей жаспын, ойларым зұлмат өлімдей, Алдыма – түнек төселген. Құтқаршы, досым – Көзіме жүрген көрінбей, Осы бір елес – кеселден! Тұманды түнде алысқа кетер жолдарға Қараймын жалғыз алданып. Панасыз ол да, көкірегі толы арманға, Басына қайғы торланып. Қартайтты мені! Әлде бір қырсық жабысқан Ғұмыры қалмай, мысы ұрып. Батпандай ауыр түстермен ылғи алысам Қара суға түсіп қысылып. 6 июнь 1899 ж. * * * Жүзің ғажап нұрлы екен, Күлкің де өзге сылдыраған. Жас Ғайсадай сұлу екен Бейнең сенің бұлдыраған. Жарқ етіп бұлт арасынан, Сәуле шашты алабөтен. Зұмрат толқын аласұрған Бізді тербеп барады екен. Аймаласаң ғашық деммен, Түстер көрем таңғажайып, Бірақ, көктем ашық келген – Ертек деймін алмағайып. 8 ақпан, 1902 ж. СКИФТЕР Панмонголизм! Тағылықты паш етсе де осы сөз, Құлағыма әркез майдай жағады. Вл.Соловьев. Миллионсыздар – сіздер, қаптаған қара түнекпіз біз киелі Кәнеки, бізбенен Көріңіздерші шайқасып! Жымсиған көзі жалмап-жұтардай бұл дүниені – Біз – скифтерміз! Азиаттармыз біз! Қайнаған іште жай тасы! Сіздердің ғасырларыңыз – қас қағымдай ғана сәт біз үшін Құлағын кескен құлдардай болып не заман Жауыққан қара моңғолдар мен ақ Европаның бейбіт тұзы үшін Екі ортаға қалқан боп тұрдық жараған. Нешеме жылдар даңқтарыңыз бенен дабылдарыңыз Өз аузына қаратып тұр-ау бар он сегіз мың ғаламды. Лиссабон мен Мессина құлағанда жым боп арындарыңыз Бұл хабар қиял-ғажайып ертегідей боп таралды. Нешеме жылдар сұғанақ көзбен сұқтандыңыздар Шығысқа, Тамсана қарап інжу-маржандарымызға құлпырған. Зеңбірек аузын үңірейтіп қойып, сақадай сай боп ұрысқа Бір сәтін күтіп, әжуалап, қорлап сыртынан. Келді, әне, сол сәт! Самұрық құстың қанаты жауып аспанды, Жеріңізді орап қайғы-сор келді құтқармас. Талай батырыңыз қыршынынан жерді жастанды, Сағаты соқса, бәлкім, Пестумдарыңыздан да түк қалмас. Ей, ескі дүние! Жан тапсырған жоқсың сен әлі, Тәтті азаптан жатырсың әзір талығып. Ат басын тарт, данышпан Эдиптей жаны жаралы – Тылсымға толы сфинкс алдында, қорынып. Россия – сфинкс. Шаттанып әрі қайғырып, Тұп-тұла бойы қара бір қанға шомылып, Қарайды ол саған өшпенділікпен – торығып. Біздің ыстық қанымыздағы күштарлықтай құштарлық Ешқайсыңыздың жүрегіңізде қалмаған. Сүйіспеншілікті ойлайсыздар-ау деп дұшпандық, Ғұмырыңызды отымен өртеп, жамаған. Білеміз біз – суық күндердің де жылы қадірін, Сүйеміз біз – таңғажайып тәтті түстерді. Білеміз біз – галльдардың өткір әзілін, Түнерген герман ойшылы атқарған істерді. Есімізде әлі – Парижде тозақ лаулаған, Есімізде әлі – Венеция қоңыр самалы. Лимонды тоғай хош иісті мейір қанбаған, Көк түтін басқан Кельннің мұнаралары, алаңы. Біз тәнді сүйеміз – түр-түсін, оның дәмін де, Жаһаннамға жан берердегі тұяқ серіпкен шағын да. Бізде қандай кінә бар – қарсы келе алмай өлімге Сүйектеріңіз шықырлап жатса қара нөпірдің жолында. Жан жуытпас маңына не бір сәйгүлік асауды Омырқасын үзіп, қабыртқасын сөгіп ауыздық саламыз. Небір асау құлдардың да, – әдетіміз ол қашанғы, – Әп-сәтте-ақ біз ақ сайтанын қағып аламыз. Паналамақ болсаңыздар соғыстың сұмдығынан сұрапыл, Келіңіздер бізге! Құшағымыз ашық сіздерге. Қайқы қылышты қынабына әзір сұға тұр, Ей, жолдастар! Төс түйістіріп, туысқан болу бізден де. Көнбесеңіздер егер көп айтып жатар уақыт жоқ, Баса-көктеп атойлап кіру – салтымыз. Сонан соң... сіздерді қарғайтын болар жатып кеп Кейінгі дімкәс, жарымжан ұрпақ – халқыңыз. Сағалап отырып сыңсыған қалың орманды, Майханадай Европаға қарсы жұтынып, Кең қанат жайып! Тұрамыз бағып бар маңды, Азиаттық өлермен түрімізбенен түтігіп. Жол ашық, әне, – тартыңдар тегіс Уралға, Зеңбіректерге қоямыз орын ыңғайлап. Моңғолдың тағы ордасын шауып, турауға Көздеріңізде ұлы кек оты тұр қайнап. Өзіміз бірақ сіздерге қалқан болмаймыз, Өздігімізден салмаймыз ұрыс-ойранды. Біз жымсық көздерімізбенен аңдаймыз Қан кешкен ғарасат майданды. Жанкешті гунндар ақтарсын өлік қалтасын, Шаһарларды қиратып, шіркеуді етсін мал қора, Ақ нәсіл ағайындарды асыл жеп, ішсін сорпасын, Міз бақпай біздер тұрамыз қарап сонда да. Қызыл қан кешпей, есіңді жи, ескі дүние! – Құлақ ас бір сәт шақырып тұр ол тағы да Бейбіт күн, тірлік, туысқандық, елдік тойына! 30 январь 1918 ж.
Аударған Жүсіп ҚЫДЫРОВ,
І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты.