Түркістан шаһарында Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Түркістан – Ер Түріктің б...
Әлия Бөпежанова. Парасатты жыр падишасы
Көрнекті ақын Нәзікен АЛПАМЫСҚЫЗЫНЫҢ туғанына 85 жыл
Нәзікен Алпамысқызы
Поэзия – танымның, жаңа мағыналар жасаудың құралы. Ақын Нәзікен Алпамысқызы жыр әлеміне бірден өзіндік ғана дүниесезіммен, жаңа мағыналарымен келген еді.
Қалың оқырманға өзінің қатарластарынан кейінірек танылғанымен Нәзікен ақынның көрікті де құнарлы ортасы атақты 60-жылғылар болды. Өзіңдік үні «Шырағдан» атты алғашқы жыр жинағынан бастап-ақ анық естілген ақын шығармашылығын көзқарақты қауым жақсы білді. Оның жырларына белгілі әдебиеттанушы ғалым М.Базарбаев, көрнекті ақын, аға буын Х.Ерғалиевтен бастап Қ.Мырзалиев, А.Сүлейменов, Г.Бельгер, З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, О.Асқар, Т.Молдағалиев, С.Масғұтов, тағы да басқа көрнекті замандастары жоғары баға берген. Қадыр Мырзалиев «Нәзікеннің поэзиясы – ой сезімнің қаймағы. Адам рухы шыңдалған әр кезеңнің өз бұғауы, кісені, шынжыры бар», деп тек үлкен ақын ғана айта алады» десе, Г.Бельгер «Нәзікен жырлары нәзік те ақсүйек, өмірсүйгіш те жан қозғалысына бай; ал, көркемдік тілі талғампаз, аса мәдениленген, метафоралық тіл» деп ой қорытыпты.
Қандай да ақын шығармашылығының бастау көздері, қайнары бар. Нәзікен ақын биігінің құрамдас бөліктері - әрине, Сүйінбай, Жамбылдай жыр дүлдүлдері шыққан, нағашысы Шалтабай шешен болған туған жері, елі; білім алған ортасы, көрген мәдени тағлымы – Алматы, Мәскеу; өмірлік тәжірибесі – Халықаралық Экономикалық университеттегі жарты ғасырға жуық ұстаздығы, ғалымдығы. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың «ақындық пен математиканың түбі бір» деген пікірін оқыған едім. Орынды пікір. Мықты ақындар жекені жалпыға айналдырып жібереді. Нәзікен ақын мұның асқан шебері болды.
Қай шығармашылықта да ең алдымен адамның өз табиғаты танылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өмір-өнер мектебі құнарлы болған Нәзікен Алпамысқызы өзінің бекзат табиғатынан шығып жазды. Сондықтан да сезімі де, көңілі де лақ етіп төгіле қалмайтын ақынның жырлары құлаққа емес, миға салмақ салады. Мысалы, бір ғана «Дала перзенті немесе Мұхтар Әуезов рухына» атты жырын тұтастай оқып көрелік.
Дәл осы Бетпақ далада
Төртпақ табандылар болған деседі.
Бірде жайлау деп,
Бірде жаулар кеп, ылғи көшеді.
Қазынаға толы тақырға
Еміренген жаудың
Кеңірдегін де кеседі.
Бұл шыжғырған шегір құмдарда
Бұлтқа телмірмейтіндер күн кешеді.
Жер түбінен нәр алып,
Көк түбінен нұр алып
Сірескен сексеуіл сындылар өседі.
Буынын бұрап сығымдап
Дүлей жел тынбай еседі.
Кезеріп ерні топырағын иіскесе
Өзекке теппей өз ұлын
Табанына алақанын төседі.
Кеудесі иіп
Кәусарлар шапшып шыңыраудан
Жеті қат жерді теседі...
Осылай Намыс пен Төзім сомдаған
Алпауыт елден
Алпауыт перзент тумаса,
Халқым деп жанып,
Мәңгілік жолын қумаса
Тағдыры тозып, рухы да жасып, өшеді.
Бүгін де осы Бетпақ далаға
Төртпақ табандылар керек деседі.
Тек шөлде шыңдалған шымырлар
Қазақ елінің
Ақберен айбар сесі еді.
«Шөлі бар халық – зор халық», - деп
Абыз Руми де
Бекер айтпаған болар кешегі...»
Осы жырда қаншама мағыналық қыртыс, рухани қуат, елдің бүгіні мен болашағына деген алаң, керек десеңіз, ғаламат отансүйгіштік, жасампаздық бар! Осы «Дала перзентінде», өзге де көптеген жырларында Нәзікен ақынның ерек жігер-қуаты, типтік деңгейге көтерілген бүкіл шығармашылық болмысы бар.
Ақынның жырлары көпқырлы. Ол көп ретте жүрегінен өткен, терең толқытқан, мүмкін жанын қинаған және жан дүниесінің ажырамасына айналғанды жыр жолдарымен тұжырымдағанда пәлсапалық, өзге бір өлшемдерге шығады. Өмір – сынақ ақынның жаңа бір таным белестерінде, шығармашылық санадағы уақыт және адам - «уақыт» және «кеңістік», «өмір» және «өлім» концепттерінде қарастырылып, көркем зерделенеді.
Ақын шығармашылығын тұтастай қарастырғанда - оның поэзиясы жоғарыда айтқанымыздай, өмір сынынан өту сәттерінде трансформацияға ұшырауы; жаңару, тазару, адам бойындағы мүмкіндіктердің қайнар көзін ашу, көкжиегін кеңейту тәжірибесінен бастау алады. Жеке тағдырдан жалпыға, шығармашылық концепциясындағы уақыт пен адам бір-біріне тепе-тең, белгілі бір өмірлік, мейлінше кең ауқымды жинақтаулар деңгейіне көтеріледі.
Әр сөздің өлшемі мен мөлшерін нәзік сезінген ақын жан мен ой тереңінен туындаған лирикалық-философиялық жырларында уақыт пен кеңістікті қозғалмалы материяның объективті түрде күн кешуінің формасы ретінде қарастырады. «Уақыт» және «кеңістік» бейне-концепттеріндегі имани-пәлсапалық мағыналарды көркем зерделегенде кемелдік танытады --. өлім өмірмен тепе-тең категория екенін, адам мән-маңызының бір формадан келесі формаға өтетінін пайымдатады. Сезімнің көктем-қысы да, көңіл шуағы мен бұрқанысы да, жан әлемі де бекзат берілетін лирикалық ой-толғамдар пәлсапасы тек Нәзікен ақынның поэтикалық өмір картинасында өз табиғатына тән формалар алады.
Жалпы, Нәзікен ақын жырларында «ақ--қара», «жақсы--жаман», «ізгілік--зұлымдық» сынды биполярлық, яғни қарама-қарсы таным аз. Ол дүние-әлемді көп полярлық тұрғыдан танып-тыныстауға, оқырманын да осы деңгейге көтеруге ұмтылып өтті. Бұл ретте ақынға шығыстық, «дөңгеленген дүние» дүниетанымы негіз болғандай.
... Заңынан болмыс танбайды,
Заман да тозбай қалмайды.
Тосын ой, тосын амалын
Аспанға асқақ жалғайды
Анадан туған Тәңірлер!
Келеді сәби сәуірлер,
Келеді сағи дәуірлер.
Бір орнында тұрмайды
Дөңгеленген дүние –
Дөңгеленген дәуірлер!
Ақын жырлары қашанда көркем жинақтаулар, пәлсапалық толғам-тұжырымдар тұнбасы. Поэзия -- «...аппақ нұры шаңырақтан құйылған...» көшпелілер поэзиясы сарынымен, Абай, Жамбыл, Мағжан, Мұхтар, Мұқағали, Төлеген, Қадыр тұлғаларымен жыр кеңістігінде еркін жүзген Нәзікен ақынның өмір кешу формасына, өмірді, категорияларды тану формасына айналды. Осының барлығында ол адамның рухи қуатын жырлады. Өз шығармашылығында эпикалықты, жыраулар поэзиясын, классикалық поэзия дәстүрлерін тоғыстыруға ұмтылды және онысы ерекше көркем де қуатты шықты. Ал, ерекше қадап айтқымыз келері - жырлары мәдени тынысты, теңеу бейнелері ұстамды көркем, синтаксисі әрі қарапайым, әрі күрделі, лексикасы құнарлы Нәзікен ақын шығармашылығы қазіргі қазақ жырының поэтикалық мәдениет деңгейін көтерді. Бұл дегеніңіз – «төртпақ табандылардың» ғана қолынан келер үлкен суреткерлік биіктік.
Асқар Сүлейменовтің айтатыны бар – «Интеллигенция деген жігерге өрілген этика, яғни ар-ұят». Қандай күрделі кезеңдерде де осы үдеден шығып өмір кешіп, өнер өрген Нәзікендей Тұлға жырларын көзқарақты қауым, өрелі жас буын қайта айналып оқып, рухани нәр алары сөзсіз. Рухыңыз пейіште шалқысын, парасатты жырдың Падишасы!
Алматы
17.12.2022