Қазақта жабайы деген сөз бар. Бірақ, неге екенін өзім де түсінбеймін, орыс тілінде айтылатын варвар...
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА. Гүлдер неге көріктімін демейді?..
***
Мен өзен болғым келмейді,
Қыс түссе, қататын.
Және Күн болғым келмейді,
Кешқұрым бататын.
Тасқын да болғым келмейді,
Арынын сарп етер.
Найзағай болғым келмейді,
Жалғыз рет жарқ етер.
Жапырақ болғым келмейді,
Ызғарда үсетін.
Жұлдыз да болғым келмейді,
Түбі ағып түсетін.
Жайқалған жасыл желегі,
Солмайтын, сембейтін.
Мен Ақын болғым келеді,
Өлеңі өлмейтін.
***
Таулар неге алыппын деп айтпайды?
Жұлдыз неге жарықпын деп айтпайды?
Емен неге берік діңім демейді?
Гүлдер неге көріктімін демейді?
Биіктігін бұлдамайды көк неге?
Қызуымен мақтанбайды от неге?
Естен шықпай Жаратқанның жарлығы,
Құл екенін сезіне ме барлығы?
***
Болсын мейлі сіздің алтын тағыңыз,
Мейлі көкте жұлдыз болып жаныңыз.
Ғалам – мұхит,
Ал біздің Жер – кеме ғой,
Кемедегі жолаушымыз бәріміз.
Бет түзеген барсакелмес сапарға,
Жолаушымыз, жолға артық зат алма.
Сапар мәнін ұғынбайды қанша жан,
Адам болып жүрсе-дағы қатарда.
Күн
Күн шықпаса, тігілер ме қосыңыз?
Күн шықпаса, түзелер ме көшіңіз?
Жылуы мен нұрын төгіп тұратын,
Күн қадірін білеміз бе осы біз?
Шамшырақтай мың өшетін, мың жанып,
Қызметіне ақы да алмас, бұлданып.
Әттең, ешкім Күнге қарай алмайды,
Көре алмайды өйткені Күн тым жарық!
***
Қателіксіз адам сынды күнəсіз,
Ізгі амал жасар кезде бұғасыз.
Жер ғұмырын аяқтауға түбінде,
Бір топанның келетіні шүбəсіз.
Біреу соған алып кеме жасауда,
Біреу шағын қайыққа ағаш қашауда.
Ал біреуде еш дайындық жоқ бірақ,
Топан келсе, жер табар ма қашарға?!
***
Жүрекке тамыр жайып шықты гүлім,
Ақыл мен ойды
Сезім жықты, күнім.
Бұлтсыз мөлдіреген аспан сынды,
Тұп-тұнық жанарыңның тұтқынымын.
Өлеңнің өлкесінен бақ іздедік
Аруды жырға қоспақ парыз дедік.
Өйткені, көзің мені ынтық қылды,
Мөлдіреп жақұт тасы тәрізденіп.
Көркіңе сірә гүл де таласпайды,
Жауын да сен бар жерде толастайды.
Сұлулық айдынының аққуы едің,
Аққуға жалғыз жүзген жараспайды.
Тағдырлар тоғысатын сәт туды анық,
Біз үшін аппақ сезім ақ ту болып.
Махаббат толқынында тербелейік,
Мен – ақын, ал сен – әсем аққу болып.
***
Кезігер деп сендей жан тосқан дайым,
Жүрек күйін төгуге жасқанбайын.
Сенің қызыл шырайлы жүзің әсем –
Күн шығып келе жатқан аспандайын.
Жас кеудемде махаббат ашты гүлін,
Ал жүрегім жыр шашу шашты бүгін.
Мені өзіңе байлаған арқан болды,
Қос қарлығаш тәрізді қос бұрымың.
Ғашық жанның тау бұзар қауқары бар,
Ақынның өлең дейтін жауһарын ал.
Сенің мөлдір жанарың тұнық көл ғой –
Тереңінде жақұт пен гауһары бар.
Сән беріп ең жайқалған жыр бағыма,
Өлеңімнен қанықшы сырларыма,
Гүлді сүйген әдемі көбелек ең,
Қоншы кеп менің жүрек-гүлзарыма.
Жүрек-аспанымның жұлдызы
Бір сұрарым мәңгі мендік бол, жаным.
Көкірегіме шаттық әні толғанын –
Білесің бе –
Сені көрген сол күні
Жүрегіме жүз көбелек қонғанын.
Құшағыма жаһан гүлін жинадым,
Жинадым да, саған жыр қып сыйладым.
Адамзаттың ақсұңқары тәрізді,
Аппақ екен, аппақ екен дидарың.
Сені көрген ғажайып бір сол күннен,
Ұйқы қашып, алауладым, жандым мен.
Көзіңдегі иірімге сүңгідім,
Сүңгідім де, шыға алмай қалдым мен.
Бір көргеннен көзімді алмай қарадым,
Өн бойымда тулай кетті сан ағын.
Төгілгелі тұрған шыққа ұқсайды,
Баурап алар жауқазындай жанарың.
Ақын жаны – мұхиттың ең көнесі,
Жүзеді онда махаббаттың кемесі.
Мәңгілікке болайықшы, жарқыным,
Екеуміз бір қорамсақтың жебесі.
Өлең болып сезімімнің өлшемі,
Ақ үмітім көтереді еңсені.
Қар астынан іздегендей сандалдым,
Бәйшешегім, тапқанымша мен сені.
Ғашықтарға арман – шекер, сағым – бал,
Әлем болып оларды әркез қорыңдар...
Менің жүрек-аспанымда
Жалғыз-ақ
Сен дейтұғын бір жұлдызға орын бар.
***
Бозторғайлар құйқылжыта шырқар мың,
Сәйгүліктің шабысына іңкәрмін.
Тереземді ұрған тамшы тырсылы
Естіледі дүбіріндей тұлпардың.
Бабам кеше тарпаң еді, өр еді,
Нар бейнесі көз алдыма келеді.
Қыста боран ұйтқыса,
Жебенің
Ысқырығы еске түсе береді.
Өлең-жырым жүректің ақ құсындай,
Қайтіп ұстап отырайын ұшырмай.
Көз жіберсем көк мұз қатқан шыңдарға,
Елестейді көк найзаның ұшындай.
Қалың елдің алып бата-сауабын,
Ер еңсерген дәуірінің зауалын.
Жауды көрсе,
Қызыл көрген қырандай –
Дүр сілкінген батырлардың заманын
Сағындым!
Жебе
Шырмалмаған пенделіктің ауына,
Жырлайды ақын қарап ердің тауына.
Кешегі өткен Махамбеттей батырдың,
Жебесімін тимей кеткен жауына.
Азаттықтың құнын білем сондықтан,
Шайыр едім ел өткерген зарды ұққан.
Бостандықты байрақ қылған өлеңді,
Ақтарамын жүрек атты сандықтан.
Сынақтарда суарылған, түлеген,
Мен – жебемін! Малай емен, құл емен.
Шірей тартып адырнасын намыстың,
Өзімді-өзім атып келіп жіберем.
Тебірентіп өлкеміздің тау-тасын,
Талқан қылып тексіздіктің қаңқасын.
Өзімді-өзім атып келіп жіберем,
Күйретуге мəңгүрттіктің жартасын!
Өлеңімді күресуге қалдырам...
Бала күннен арды еміп өстім мен,
Жақсылықпен, ізгілікпен доспын мен.
Жазда боран күтпейтінің секілді,
Қулық-сұмдық күтпеуші едім ешкімнен!
Алдандырмай сан буалдыр, сан сағым,
Иман-жұлдыз жанып тұрды шамша мың...
Бостандықты армандаған тұтқындай,
Мен әрдайым таза әлемді аңсадым!
Әділдіктің бұлбұлы, әттең, зарлайды,
Құлақ түрсең, мұңлы әуен сарнайды.
Түнді парақ, ай сәулесін сия қып,
Жырларымды жаза берем ар жайлы!
Көкірегімді кернеп кетсе, сол бір ән,
Бабалардың даусы болып жаңғырам.
Бір күні өзім таза жаққа кетем де,
Өлеңімді күресуге қалдырам!
Ол
Сен, мейлі, тарпаңдай бұла бол,
Ақылмен жығады ол.
Тұлпарын тебінген батырдай,
Сын сәтте суырылып шығады ол.
Ақ арман қол бұлғап тұрса алдан,
Ол, тіпті, бұлттардан нұр сауған.
Көктемде жібіген тоңдай боп,
Жүрегі, мінезі жұмсарған.
Парызды, адамдық қарызды,
Есінен шығармас жан ізгі.
Жемісін ұсынып тұрады ол,
Күздегі алма бақ тәрізді.
Бейнесін жазамын:
Дидары – жайдарлы жаз оның.
Орманның ауасы секілді –
Көңілі таза оның.
Ағайын, сипатын біліп ал:
Байлығы – тұмадай тұнық ар.
Сәулемен ойнайтын күміс қар –
Сияқты
Жүзінде нұры бар.
«Құранмен» суарған тамырды,
Тәрк еткен зомбылық, зәбірді.
Бәрінен жоғары санайды ол,
Ақылды, иманды, сабырды.
Шүкірмен атады әр таңы,
Ел үшін бөрідей жортады.
Өйткені,
Ол – кемел мұсылман,
Өйткені ол,
Алладан қорқады.