ЖұмекенЕкі аяғыңмен жер басқанмен төбең көк тіремеген соң пәнде шіркіннің іздегені табыла, көксегені...
Жұмекен Нәжімеденовтың бұрын жарияланбаған жырлары
2328
Редакциямызға ұлт ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің бұрын еш жерде жарияланбаған жырлары келіп түсті. Ақынның «Жеті бояу» кітабына енбеген бұл өлеңдер ұзақ жылдар бойы қаламгердің қолжазбаларының арасында жатқан. Ақын мұрасын ыждағатпен жинап жүрген балалары бізге жолдапты. Әке мұрасын қадірлеген саналы ұрпаққа қалай риза болмассың! Шығармашылық баяны жұмбаққа толы шайырдың кез келген жыры – әдебиетіміздің олжасы. Өмірден ерте озған қазақ классиктерінің кезінде жарияланбаған шығармалары болса, редакциямызға жолдауларын сұраймыз, деп хабарлады qazaqadebieti.kz газетінінің сайты.
САРҒАЙҒАНЫН ЖАСЫРМАЙДЫ ЖАПЫРАҚ…
Парадокс
Бәрі жайлы,
бәрі тыныш, жым-жылас,
ай – әдепті, күн – қылықты,
жыл – жуас.
Кресло мен күлкі жұмсарған сайын
кеуде шіркін қамал болды бұлжымас.
Қайырымсыздық?
Жылы сөзі көлгірдің,
жылан құсап иір-иір жол жүрдің.
Миықтарда күлкі жылынған сайын
жүрек қатып кете ме екен солғұрлым?!
Өкпелі дос бір жымимай кетпейді,
сыншың да алдан бір иілмей өтпейді.
Жаңа ғана: көпке мәлім екі қас
бірін бірі сүйе-сүйе жеп қойды.
Ашық ойды әдеп тұтқын етіпті,
жалғыз тілді отыз тілмен бекітті.
Бір дос сырын жасырғанда ішіне,
мінезі де ішке түсіп кетіпті.
Тек баяғы өседі гүл жасқана,
ағарғанын жасырмайды шаш қана.
Сарғайғанын жасырмайды жапырақ,
қаттылығын жасырмайды тас қана.
Құсқа тілек
Тағы, тағы ұя сал, құс, тағы да,
көп жұмыртқа құя сал, тағы да,
Күншілдердің көмейіне ұя сал,
өсекшінің тілі менен жағына –
Дүние шіркін демін алсын бір тына;
мен де ойымды шығарайын сыртыма:
Ұя салшы парақордың жеңіне,
жұмыртқала жағымпаздың ұртына.
Баскесердің балтасына ұя сал,
қас-ұрының қалтасына ұя сал,
қарақшының кемесіне ұя сал,
зеңбіректің өңешіне ұя сал –
сонда өз түсін табар деймін бұ тірлік,
өз түсімен ағар деймін бұ тірлік.
«Бәрін-бәрін жақсылықпен жеңдім» деп
мен-дағы бір жайланар ем шүкір ғып.
Сапар
Мен өмірге темір таяқ ап кірдім
серт қып ұстап,
серік санап әрі ізгі.
Етігіме темір тақа қақтырдым
ертегінің кезбелері тәрізді.
Темір таяқ – тебен ине болғанша
жүру керек жол қанша!
Темір тақа – қаңылтыр боп тозғанша
іздеу керек, айту керек сөз қанша!
Сол тақаны жұқартқанша тиын ғып
күлкінің де құны жоқ көк тиындық.
Алты қауыз астындағы сөз дәні,
сені іздеймін, қиындық.
Темір таяқ қажалғанша біздей бір
іздеймін мен (күдеріңді үз мейлің),
сені іздеймін жанұшырып, жақсылық,
шындық, сені іздеймін.
Мұра
- Аулың қайда? – деді жігіт. - Алыс тым. Еуропалық ашық екен – таныстым. Кофе, коньяк… бірер алып тастадық, содан кейін сөз аңдыса бастадық. Әй, мақтайды-ау, әркім өзін мақтайды-ақ, мақтан желі шындық бұлтын жатты айдап. Жігіт мені әкеледі сәт сайын «байлық» деген ұғымға қақпайлап. Кенет «әкем» деп бастап жөнелді, әкесінен қалғанын айтты ол енді. Әкесі ақша қалдырыпты; Ұқтырды «сенің әкең не қалдырды?» дегенді. Қатты-ау сол сәт «ақша» деген тәңір үн, о, Тәңірім, күшті-ақ екен әмірің! Қайтеді-ай, бұл? Ақшасымен өлшей ме өңге тұрмақ әкесінің қадірін?! Менің әкем не қалдырды? Расы: қане, қане, маған тиген мұрасы? Мұра жайлы ойлағаным – сол, кенет, көз алдыма көлдер келді дөңгелеп. Сол-ақ екен, сөзіме ерек жан кірді, менің сөзім қонақты естен таңдырды: - Мына тауды көресің бе? – дедім мен, – Әкем соны мұра ғылып қалдырды. Сұрқай бетің қызарды ма – қан жүрді? Міне, құйдым мөлдірінен – ал бірді! Қонақ бабы табылсын деп, мұра ғып әкем осы дастарханды қалдырды. Бұлағы да билеп аққан бұралып, анау, дедім, Дала аталған бір алып. Соны-дағы көкжиегімен қосып әкем маған қалдырған-ды мұра ғып. Жанарында күмән-күдік бар әлі – қонақ маған сенімсіздеу қарады. - Жеке меншік мұнда да бар екен, – деп өп-өтірік күлген болды тепеңдеп. Мен де күлдім: ұқпады ол, мұңайды – маған жұрттың кешелігі ұнайды. Мәлім болды енді сөзден қашқаны, бәлкім, мені ептеп күндей бастады?! Байлық жайлы, мұра жайлы әйтеуір қайтып аузын ашпады… Дақ сан (бөлінбейтін сан) Досыңа атсаң – бір оқ та екеу болады, қайғы бөлсе – жүрек те екеу болады, бір саусағың дір етсе – екеу болады. Арлыларда ажал да екеу шығар-ау, күпті көңіл, мазаң да екеу шығар-ау. Екі сөздің басын қосып бұралау көкірекке қызу құйды бір алау. Бір есептің ізін қуып сан бардым, енді содан бір шындықты аңғардым. Сүйем содан төгілмейтін аңғарды, сүйем содан бөлінбейтін сандарды.