Жылымық Бір мейірім төгіледі мезгілден, Бозаң-бозаң нұр себеді кеңістік. Ептеп-ептеп қашып шығып ез...
Мира Шүйіншәлиева. Адасқан ару
(әңгіме)
– Қатын! Әй, қатын! Бөтен үйде шошаңдап неғып жүрсің?! Төркініңе барып тайраңдап! Көзіңе көк шыбынды үймелетпесін десең, шық тез!
Ұялы телефонның әр жағынан ішіне сыймаған ашуын Нүкіс оқтай боратып қоя берді. У надан, менменшіл, төсін сабалағаннан басқа түк бітірері жоқ күйеуінің даусынан қатты қысылған Райхан бір бозарып, бір сазарды.
– Қатын, шық дедім ғой үйден, шық жылдам! Ескертпей неге кеттің, а?!
– Апамнан рұқсат алып едім екі сағатқа, – деп Райхан дір-дір етті.
– Апаң не айтып тұрғаның! Ол кім, мен кім?! Бұл жерде шешеңнің билігі жүрмейді! Мына менің айтқаным – заң! Сен қатын сөзге түсінбейді екенсің, ә?! Бәлем, қолыма түс тек, бауыздап тастаймын!
– Отағасы, достарым кеше әжеңнің қарасына туу алыстан келдің ғой. Бір шәугім көңіл шәй болса да ішіп кетші деп қолқа салып еді... Келгенім тап қазір ғана. Босағадан кері аттауым ыңғайсыз болар.
– Қатын! Қайдағы дос, қайдағы шәй?! Қыз-қырқынмен қыдырғанда өлгенің тіріледі деп кім айтты? Мылжыңыңды тыңдайтын уақытым жоқ! Мені отағам деп сыйламадың! Дінді бұздың! Бала-шағаны тастап, қыдырып кеттің! Бөтен біреулердің уағызын тыңдап, өз дініңді сатпақпысың, а?! Осыдан үйге қайтпасаң, сол үйдің сыртына өрт қойдырамын! Жегеніңді желкеңнен шығарамын! Құртамын! Төбеңді оямын! Шашыңды жұламын! Қаныңды сорамын!
Ашу қысса адамды таптап, шайнап тастайтын қара бура секілді жан-жағына түкірігін шашып сөйлейтін Нүкісі ойда-жоқта құтырып ала жөнелді.
– Нүкіс, түсінші мені. Осыншалық сыйлап шақырғанда ұят қой. Ең болмаса бір кесе шәй ішейін.
– Жоқ, ішпейсің!
Жан баласынан жасырған «шаруаларын» күйттемек болып кеше ғана тікұшақпен А. қаласына ұшып кеткен күйеусымағы аяқ астынан әйелінің басқан ізін бақылап, берекесін қашырып, телефонмен-ақ сілейтіп салды. «Вампир» байының біреуді шабамын десе шауып, атамын десе атып түсіретін қатыгез мінезінен қорқып қалған Райхан солқылдап ала жөнелді. Ешқайда қия бастыртпай, үйден қарыс қадам аттатпай, торға қамап, заңсыз әйелі етіп ұстағалы Нүкістен жегені – таяқ, көргені – қорлық.
– Райхан, жайшылық па? Баяғы күйеуің бе көнбей жатқан? Оның бүйтіп бүлік шығаратынын білгенде қолхат алып қалмаған екенбіз. Мынау талтүсте мұнысы не?! Еліңе әзер әкеліп тұрып, тұқыртуын есуас неме?! – деп баяғыдан ауылда бірге өскен жан досы Шаттық реніш білдірді.
– Қыздар, мен кетейін. Отағам айтқаныма түсінер емес, – деді Райхан көзінің жасы етегіне төгіліп.
– Кеткенің қалай? Кіргенің жаңа емес пе. Сенімен шүйіркелесіп, мауқымызды басамыз ба, десек. Бәлен жылда әзер кездескенде Нүкісің қылды-ау қылажақты! Шырқымызды бұзатынын білгенде телефонды өшіріп тастауың керек еді.
– Отағам бәрібір жеті қабат жер астынан іздесе де табады мені. Оның жыны жаман!
– Осы дастарқанды сенің құрметіңе жайып ек. Босқа рәсуә болғаны ма? Дәмнен үлкен емессің. «Құдайдың кенже ұлындай» әкіреңдеуін, теріс ағымға көндіргенімен қоймай!
– ?
– Әй, сол жетпегір Нүкісті қайдан таптың, а? Бағыңды байлады ғой, әбден! Күн шыжып тұрғанда үстіңдегі қырық қабат киімің мынау?!
Қыз кезінде жұлдыздай жарқырап қатарының алды болған Райханның айдаладағы Нүкіс деген молдаға ерге шығып, бөгде дінді қабылдап, өзге жолды таңдағанына сырттай тістерін қайрап жүрген құрбылары ашумен екеуін де сыбап-сыбап алды.
– Қыздар, енді қайтейін, апам да осылай ұрсады. Мұндай күйге қайтіп түскенімді өзім де білмеймін. Мен ұстанған діннің талабы қатаң! Отағамның айтқанынан шықпауым керек. Отағамның рұқсатынсыз мешітке де бармаймын. Көршілермен тілдесіп, сәлем-сауқат сұраспаймын. Көшенің қарсы бетіндегі дүкенге барсам да, балаларды ілестіруім керек. Мана балаларды апам бағамын деп алып қалды, әйтпесе... Нүкістің соған да жыны қайнап!
– Мәссаған, мұндай да дін болады екен? Омырау еметіні бар, еңбектеп жүргені бар бәріне жалғыз өзің қайтіп қарайсың? Балаларын ойласа сенімен бірге поезға билет алмай ма. Тікұшақпен тұра шаппай!
– Өзіңнен жасы кіші жігітті отағам, отағам деп сонша неге дандайсытасың? Сегіз бала тусаң да, әйелім деп сыйлап жатқан ол жоқ. Құдайдан қыз тілеп, тағы көтеріп жүрсің.
– Енді... Алданышым осылар ғой, – деп қою түсті көйлегінің сыртынан қарбыздай томпиған ішін сипап қойған Райхан тіршіліктен түңіліп, қажығандай ауыр күрсінді.
Бөлме ішін көңілсіздік биледі. Асықтай алтын басының қадірі қашқан, бағы ашылмаған Райханды балауса кездерінен бұрымдары желбіреп бірге өскен достары қатты аяп кетті. Жүрегінде көмірдей боп жиналып қалған қайғы-мұңын енді ғана тарқата бергенде телефоны түскірі қайтадан қоңыраулатты.
– Баяғы отағам ғой. Ол қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Қыздар, мен кетейін, – деп Райхан дегбірсізденді.
– Енді ғана шүйіркелесе бергенде шырқымызды бұзуын-ай! Түк кісілігі жоқ екен өзінің! Қара жамылған адамға көңіл шәй беретін қазақтың ырымын дін жолында жүріп білмей ме,– деп досы Арайлым бұлқан-талқан болды.
Ызадан булыққан қыз-келіншектерге бетінің оты шығып қараған Райхан безілдеген телефонды амалсыздан көтерді.
– Қатын! Әлі отырсың ба, өсек айтып! Шық дегенім қайда?! Жаңа ғана шешеңмен сөйлестім. Әйелімді еркіне жібергенің үшін жазаңды берем дедім!
– Қойшы, Нүкіс! Отағасы! Апама неге қатты айттың? Ол кісінің жазығы жоқ еді ғой.
– Осыдан тап қазір үйге қайтпасаң, кешкі ұшақпен жетіп барып быт-шытыңды шығарамын. Төркіндеріңді түгел тас-талқан қыламын!
– Отағасы! Отағасы! Міні, міні, қазір, қазір...
Осылайша әр сағатын, әр минөтін түгендеп, тексеріп, берекетін бес тиын еткен күйеуінен құтылмасын біліп, сала-құлаш көйлегінің етегіне сүрініп-қабынып, жығылып-құлап сыртқы есікке беттеді.
– Жау шауып келе жатқандай сонша не болды? Ең болмаса наннан ауыз тиші. Бәрі бітіп, апаңа да ұрсып па. Шынымен де беті қалың екен,– деп жан-жағынан сөз жарыстырған достары онымен бірге ілесе шықты.
– Бәрінен бұрын апамнан ұят болды-ау. Байғұс апам онсыз да мені ойлап қартайып кетіпті. Кеше түнде төбемдегі шашымды көріп жылап еді...
Райхан тағы да жанарын сулады.
– Шашыңа не болды? Арамыздағы бұрымды қыз сен
едің ғой.
– Түсіп қалды. Үнемі орамал тартқаннан шығар. Ауа жұтпаса шаш та сирейді екен.
– Бұл Нүкістен өлмей құтылмассың! Сәбилерің болса анау... Өзің аман жүрші тек, – деп Шаттық мұңайды.
– Отағасы, міні, міні, таксиім келді. Күн шақырайып тұрғанда үйге тіке апармай ма. Нөмірін қайтесің? Қазір, қазір айтайын, – деп жаны көзінің ұшына көрінген Райхан қыздарымен де қоштаспастан кете барды.
– Ей, Райхан! Райхан! Біткен екен ғой, бұл Райхан!
Өмірі – өмір емес, қара түнек екен ғой, білмей жүрсек! Басқа дінге кіріп, адамдықтан ада қалған екен ғой. Қайран құрбым-ай! – деп күрсінген достары көліктің соңынан ұзақ қарап қалды.
– Қой, жүріңдер, ішке кірейік. Бұл оның басына жазылған тағдыры шығар. Бірақ, бірақ, бүйтіп адасуы мүмкін емес еді, біз білетін Райханның! Тіптен ақылға сыймайды. Сірә, анау сұмырай сиқырлап тастаған секілді. Теріс діннің ағымы қатты деуші еді. Рас шығар. Әйтпесе сол сұмырайға көнетіндей басына не күн туыпты?! – деп Арайлым ренішін білдірді.
Сөйтіп, Райханға жайылған ақ дастарқанның төрт бұры-шында бүрісіп өздері қалған жан достар ең бақытты қыз-ғұмыр кездерін сағына еске алды.
* * *
Бет-аузын, төсін қоңыр түсті қылшық қаптаған Нү-кісті «оқымысты қыздың» қайдан тапқанын, қайтіп жолықтырғанын жан баласы білмейді. Ол ешкімге ашылып сыр шашпайтын. Кітаптан көз алмайтын. Мінезі тұйықтау, сабырлы еді. Бесіктен белі шыққаннан білімге құмар боп өсті. Мектебін бітірген бойда бейтаныс қалаға аттанды. Бес жыл бойы қылтың-сылтыңсыз оқып, күректей қызыл диплом алды. Бір оқу аздай екіншісін және тауысты. Оны да сылт беске бітірді. Бұлақтың зәм-зәм суындай білімнің нәріне шөлі қанбады. Қос қызыл дипломмен енді шетел асты. «Біздің Райхан, оқып, оқып аспанды тесіп шығатын шығар. Оқуға деген ынтасы бөлек» десті кафедрадағы оқытушы-ғалымдар түгел таңқалып. Әу бастан ауылдастарының мақтанышына айналған көрікті арудан ел-жұрт үкілі үміт күтті. Қыздары бір емес, екі институтты тәмамдап, «шешінген судан тайынбастай» белді бекем буып шетел асқанда әке-шешесі қуанғаннан жер-көкке сыймады. Үйдегі бауырлары да апаларын кәдімгідей сүйеніш, тірек көрді. Ал кластас, құрбы-достардың Райхан десе көңілі алабөтен еді. Оған тең келер ақылды әрі оқымысты, әдемі ару таппайтын. Сөйтіп, шет тілінің біразын меңгеріп, дөңгеленген дүниенің тең жартысын шарлап, асқақтаған арманына қолы жеткен жолы ашық, мақсаты айқын ару туған өлкеге оралды. Білімнің теңізіне терең бойлаймын деп жүргенде отыздан асқан жасын да ұмытты. Баяғы есіл-дерті он жыл жоғары білім берген сүйікті қаласында жұмыс істеп, алаңсыз тірлік кешу еді.. Ол ойы да орындалып, білдей оқу ордасына дәріс беріп, жұрт қатарлы жүріп жатты.
Бірақ, бірақ бақыты байланып, қапияда қазулы орға түсетінін байқамады. Алыста жүріп туған елін аңсаған ару бірде ата-бабалар аруағына тағзым етпек ниетпен төбесі алтын түстес зәулім мешітке кіріп шықты. Тап сол мешітте «бас терісі келіспеген» Нүкіс деген молданың барын қайдан білсін?! «Құдайдың үйіміз» деп талайды иландырған қасиет-ті ғимараттың ішінде «ала-құла» адамдардың да жүргенін аңқау басы қайдан сезсін?! Жүзі игі жандарды көріп, көңілі көншіді. Бәлен жыл шет жақта жүріп көлденеңге сүрінбеген, сауатты әрі ішкі сарайы кең бойжеткен көгілдір аспан аясында адасармын деп ойлап па?!
Көзіне түскен тым тәуір бикештердің теріс ағымға ілесіп, орамал байлап мешіт жағалап жүруін әу бастан өзіне «жұмыс» қылып алған Нүкіс бой десе бойы, көз десе көзі бар Райханды байқап қалды. Іле арам ойын жүзеге асырмақ ниетпен білдіртпей қыздың соңына түсті. Оның саябақ ішінде отырып та, автобуста келе жатып та кітап оқитынын бірнеше қайтара көрген ол қақпанына тезірек түсіруге кірісті. «Мына қызды тоқал ғып алсам несі бар? Бас иманның алдында беделім өсе түседі. Өзіме көбірек ұпай жинасам, ұйымның да маған деген сенімі үдейді. Былай, аршын төс, әдемі ару болғанмен, көп күлмейді екен. Үнемі жападан-жалғыз жүреді. Қасымдағы жігіттер қармағына іліп әкетпей тұрып, тезірек қимылдайын» деді. Сөйтіп, мешіттегі «кезекші» көлікке мініп, шыттай боп киініп, иегінің астындағы селдіреген ешкі сақалына әтірін сеуіп Райханның басқан ізін аңдыды. Талай қыз-жігіттің обалына қалған әккі бірде оны тасадан әдейі күтіп тұрды. Студенттерге кезекті дәрісін оқып, гүлзар баққа аяңдаған оқымысты арудың жолын бөгей түсті.
– Қарындас, жүзіңіз таныс екен. Сізді шырамытып тұрмын. Бір дәмханадан көрдім-ау деймін. Кітапты көп оқисыз, иә. Мен де оқымыстының бірімін. Құйттай уақыт тауып мына кітаптарға көзіңізді сүзіп шығыңызшы, тағы-сын тағы...
Ілкіде жігіттің сөйлеген сайын шошаңдаған сақалынан жиіркеніп, тіксіне қалған Райхан райынан тез қайта бастады. Күн құрғатпай қымбат көлік мініп келіп тұратын, әңгімешіл, көпшіл, аса мейірімді, іші-бауырыңа кіріп кете жаздайтын Нүкісті бірте-бірте «зор» санады. Бойы қысқа, бұты талтақ жігіттің тұла бойындағы кемістігін де көзге ілмеді. «Қолтығының астынан күл жіберіп», жымысқы күлкісімен, теріс оқуымен басын сиқырлап, алдап-арбап жүргенін сезбей, илеуіне көне берді. Онымен тілдескен сәтте желкесі тартып, шекесі солқылдап, ертеңгі күнге зауқы соқпай, тұла-бойын қара зіл басатынын байқамады. Оқымысты ару мұның бәрін шаршағаннан деп ұқты. Уақыт өте келе, қайнаған қызу тірліктен бойын алшақ ұстап, Нүкістің берген діни кітаптарынан көзін алмай, тіпті тосын қылықтарға бой алдырды. Бір келіп, бір кетіп сапырылысып жататын студенттер де бұрынғыдай жанарының жарқылы, бойында шаттығы жоқ апайларына таңырқай қарады. Көп тілге жетік, асқан білімді жанның ізін торып тасада теріс пиғылды молда Нүкіс тұрғанын олар қайдан білсін. Жігіт атаулыны маңына жолатпаған, ғашық та боп көрмеген, сезімнің сергелдеңін өткермеген әдемі ару талтүсте сара жолдан осылайша
адасты. Маңдайдағы жұлдызын өшірді. Теріс ағымды таңдаймын деп жарқын болашағын «апат» қылды. Бақандай он жыл студент болғанда жатақхананың қуыс-мүйісіне тығып, пәтерден-пәтерге көшіріп жүретін мұқабасы қалың кітаптары қалды шашылып бір бұрышта. Тесік тамағынан жырып сатып алған гүлді-гүлді көйлектері қалды киілмей. Табиғат-ана сыйлаған ай қабағын, әдемі жүзін бұрынғыдай жел де желпімеді. Жын-шайтан құсап «адамның албас-тысына» айналған Нүкіс ақыры керемет қызды қолына оп-оңай түсіріп, қор қылды. Жалған ағымның жетегіне ілестіріп, иықтан түскен шашын күннен де, түннен де жасырды. Бұл аздай, үстіне салақұлаш көйлек киігізіп, бет-аузын жара қаптағандай тұмшалады. Қысы-жазы денесін тұншықтырып, бырсытып қойды. Сөйтіп, Райхан күндей жарық өмірін түбегейлі өзгертті. «Басыңа жаулық салып, өңінді көрсетпей жүрсең жамандық атаулы жоламайды. Перінің қызы жолыңды бөгемейді. Әйелдер үнемі ерінің иығына тығылып, бүрісіп жүруі тиіс. Сонда шайтандар сенен ығыр болады. Мынау ашық-шашық жүргендердің бәрі шайтан. Олардың ішкен-жегені де харам. Сақ бол!» – деп зәресін ұшырды. Қиялмен құрастырып өтіріктің майын тамызатын Нүкісі қайта-қайта мешітке апарып, түрлі уағыздарын айтып, қыздың миын шырмауықтай шырмады. Бірді емес, мыңды жығар білімді бола тұра, жылпыс жігітті «әзірейіл» санаған қыз қақпанға оңбай түсті. Талай аруды адастырып, ақ жолдан айнытқан жексұрын «біреулердің» алдында зор беделге ие болып, ақыры діттеген ойына жетті. Сөйтіп, оның сөзден сарай салған қиялына, құр ертегісіне, қырық өтірік уәдесіне сенген Райхан әбден сорлады. Ойланбай от басты!
– Апа, мен ерге шықтым,– деді ол бірде той-думансыз Нүкіспен көңіл қосқанын түс пен кештің арасында теле-фонмен естіртіп.
Сәлем-сауқат жоқ, әншейінде қой аузынан шөп алмай-тын қызын Жұпар танымай тұрып қалды.
– Райхан, бұл сенбісің? – деді сәлден соң абдырап.
– Апа, әрине мен ғой. Ерге шыққанымды айтайын деп... Отағамның аты – Нүкіс. Осы жақтың тумасы. Жақында некемізді мешітте қидырдық. Оның дінін қабылдадым. Енді екеумізді Құдай түгіл, жын-шайтандар айыра алмайды, – деп қызы бұрынғыдай емес, батылдау тіл қатқанда шешесі талып қала жаздады.
– Қызым, қайдағы дін?! Қайдағы неке?! Не айтып тұрсың?! Есің дұрыс па?! – деді ашу шақырып.
– Құдайды да, өзімді де алдап тұрғаным жоқ, апа! Жаңа өмір бастадым. Жұмысты біржолата тастадым! Отағам аман болса, асырайды. Шариғаттың заңы бойынша еркегі түзде жүріп, әйелі бала туып үйде отыруы тиіс. Мені уайымдама. Бұрынғыдай көп збондама. Әлсін-әлсін намазға жығыла-мын, – деп Райханы одан сайын жанын түршіктірді.
– Қызым, қызым, бұ қалай болғаны? Әлде біреу ырқына көндірді ме? Сөз байласып жүрген ешкімің жоқ еді ғой. Ойыңнан тез айны, қарғам! Райыңнан қайт! Мына жайтты әкең естісе, асылып өледі! Ақылды едің ғой, есіңді жи! Басыңа орамал тартпа! – деп шеше байғұс шыр-пыр етті.
– Жоқ, апа, әкеме қазір естірт. Мені дұрыс жолды таң-дады де. Біз кірген ағымнан асыл ештеңе жоқ!
– Райхан, сөзді доғар! Әуелі құда түсіртіп, той жаса! Алдымыздан өт! Сенің жақсылығыңды бүкіл ел күтіп жүр ғой. Отызға келгенде қашып кетті деп күлмей ме бәрі. Анау жұртқа қай бетімізбен қараймыз?
– Апа, енді қайдағы той? Біздің дініміз той-томалаққа қарсы. Улап-шулауға болмайды. Оның үстіне Нүкіс әке-шешесімен араласпайды. Өйткені олар адам емес, арам!
– Қап, мына қыз қылды-ау, қылажақты! – деп тілі күрмеліп, бұдан әрі сөйлесуге дәті шыдамаған Жұпар шекесін ұстап отыра кетті. Жаңа ғана қызының «Нүкіс әке-шешесімен араласпайды» деген бір ауыз сөзі жүрегіне инедей қадалды. Бөтен дінді қабылдап, теріс жолға түскендердің басқа-басқа, туған ата-ана, бауырдан бойын аулақ ұстап, бірбеткей, қатыгез боп келетінін естуі бар еді. Қызының шынымен адасқанын байғұс ана бірден сезді. Көптен хабарсыз кеткенге жұмыстан басын алмай шаршап жүрген шығар деп ойлайтын. Айдын күні аманында «ерге шықтым, дін жолына түстім» деп құйқасын шымырлатып қойғаны мынау.
Жамандық атаулы жата ма. Әлпештеп, үкілеп өсірген қыздарының суға батқан қайықтай жат ағымға ілескенін бүкіл ел естіп, жағаларын ұстады.
– Апырмай, тым білімді бала еді ғой! Оқу өтіп, басы ауырып кеткен шығар, – десті үлкендер жағы.
– Тіл-көз тиген шығар. Шешесі құсаған көркем еді, – деді тағы бірі.
– Басқа-басқа Райханнан мұндайды кім күткен? Бәріміз де бір Алланың құлымыз ғой. Дегенмен, жаман жолды таңдағанын қалай білмейді. Оқыған, тоқығаны көп еді ғой. Мүмкін емес, – десті жұрт.
– Заманның түзуінде үсті-басын бітеп, қара жамылғаны қайткені?! Қандай жағдайға тап болдық? Еріккен біреулер жастарды бұзу үшін әдейі ойлап шығарыпты осының бәрін! Шамасы, тиген байы да сау сиырдың боғы емес!
Ауыл іші алыпқашпа әңгімеге толы. Өскен орта, дос-жаранның «гүлі» болған арудың бұдан әрі жаңылтпаш өмірін, қапаста қалған тірлігін айтып, налып жүрген бір жан.
Теріс діннің құбыжығына айналған қыздарын естігелі әкесі Рахымбай мен шешесі Жұпардан береке кетіп, бақ тайды. Жұрт көзіне қарауға қысылып, жүнжіп, күйінгеннен өздерін қайда апарып қоярын білмеді. Ел қатарлы көште жүрген жандар еді, қыздарын ойлап, қайғыдан қан ішті. Жүздерін жасырып, күнұзағына «тас моладай» тым-тырыс үйге қамалды. Ұяттан өртенген өзектерін қайтсек жазамыз деп кейін қалаға қоныс аударды. Қалған бала-шағаның қайырын көктен тілеп, баяғыдай жарқылы жоқ қоңыр тірлікке мойынсұнды. Бірақ көкіректе тас боп қатқан шер мен мұң жібиді ме? Бұрынғыдай төбе көрсетіп тұрмақ, екі-үш айда бір рет, онда да Нүкістің рұқсатымен телефон соғып, халдерін сұрайтын қыздарын әбден сағынды. «Бауыр еті – балаларын» бір-екі іздеп барғысы келіп еді, күйеу бала хош көрмеді. Ақыры тура арада бес жыл өткенде титтей-титтей сәбилерімен төркініне ертіп әкелді Нүкісі. Жүдеп-жадаған, жүзінің жартысын жасырған орамалдың әр жағынан отсыз көздері ғана көрінген, бір уыс боп қатып-семген, жасына жетпей кемпір құсап бүкірейіп қалған қыздарын үй-іші шақ таныды.
– Қарағым-ай, бетіңде не қан, не сөл жоқ. Мынау қызыл қарын баланың бәрін немен асырап жүрсің? Анау күйеусымағың жарытып жұмыс істемей ме? – деді кісіні сырт пошымынан танитын әкесі аман-саулықтан соң шыдамы бітіп.
Күнінде аспандағы айға бірге барамыз деп алдап-сулап, құр уәдемен тойдырған Нүкістің пәтерден-пәтер жалдап, қатын-баласын тиын-тебенсіз, ас-сусыз қалдырып, кейде өзі ұшты-күйлі жоғалып кететінін, ондайда біреудің жертөлесін, біреудің ескі сарайын жағалап, қара нанға зар болып қалатынын, тұрмыстары өте мүшкіл екенін алыстағы ата-ана қайдан білсін. Ал екі беті жылтыраған күйеу баласы болса, бөшкедей семіз. Кірпияз. Тәкаппар. «Кедейдің керілгені жаман» демекші, алдына келген асқа біреу у салып бергендей таңдап ішеді. Кіріп-шығып насыбай атады. Сауда-саттықпен айналысып жүргендей телефоннан түспейді. Әлдекіммен ақылдасады, кеңеседі. Ешкіммен ісі жоқ. Сен барсың ба, жоқсың ба оған бәрібір. Сырт көз сыншы ғой демейді. Шалбарының балағы шолтиып, тікесінен тік тұрып көрінген жерге дұға қылады. Молда болғанмен, басында тақиясы жоқ! Жалаңбас, жалаңаяқ.
«Дастарқаннан тұрарда ас қайтармайды, бетін сипа-майды. Бейіт басына бармайды. Бұл сонда қай діннің жетегінде жүр? Бәшпәйін тарбитып Аллаға сиынған адамды алғаш көруім. Сөйте тұра, сені тырп еткізбейді. Шырағым, елің бар да, есіңді тап! Мынадан құтыл! Айырылып кет! Өзі кете берсін. Сен қал! Бес балаңды бірдеңе етіп асырармыз. Ішіме сыйдың ғой, сыртыма да сыярсың. Азып-тозып, қартайып кетіпсің. Бұл сонда не өмір?!» деп шеше байғұс келгелі күңкілдеп, қақсайды. Тап осы ойды әкесі де қостайды. Қыздары тұнжырап келіспеген кейіп танытады. Әбден мысы басылып, алдағы күнге деген қызығы, сенімі жоғалған.
Енді, міне, араға тағы бес жыл салып, онда да о дүниелік болған туысқанын сылтауратып, Нүкісті әзер көндіріп, төркініне келіп еді. Онсыз да көңілі пәс Райханның ішкенін ірің, жегенін желім қылды жетесіз байы. Аялап, ардақтап өсірген қыздарын теріс жолға салғаны аздай, отырса опақ, тұрса сопақ қылған, көзкөре қор еткен Нүкіске әке-шешесінің қаны қайнады. Екеуінің арасына түсейін десе, енді бәрі де кеш секілді. Шиеттей сегіз сәбиді әкеден тірілей айыруға дәрмен жоқ. Оның үстіне Райханның айтуынша, еш жерде тіркелмеген некесіз отбасының шегеленген тәртібін бұзуға болмайды. Отағасының айтқаны заң. Қаһары қатулы «Патшаның» алдында әйел – күң! Әйел – құл! Осымен бітті шаруа!
Манағы, түймедейді түйедей қылған айқайдан соң торға түскен торғайдай бүрісіп үйге келген Райханға баяғы жылап көріскен шешесі: – Қызым, Нүкістің сені бұлай жәбірлеуге қақысы жоқ! Әр адамның өз құны болады! Саған кінә тағуының өзі – күнә! Оның жазасын бергіземін! Басындырмаймын! Сені қамап ұстауға дәті қалай шыдай-ды?! – деп кіжініп еді.
– Апа, мына билетті кері өткізіп, күнін тап ертеңге ауыстырамын. Отағам тез қайт деп ұрсып жатыр. Ерім бір жақта, мен бір жақта жүре алмаймын. Айдың соңын күтсем Нүкіс жазамды оңдырмай береді. Маған ренжімеңдер. Жолға жиналайын, – деп Райхан бала-шағаның емізігін, жаялығын түгендеуге кірісті.
– Ойбай-ау, домбырам не дейді, мен не деймін?! Жаңағы ұрыс-керістен соң бір шешімге келген шығар десем?! Басыңда билік қалмаған екен ғой, мына бейшараның?! Сол оңбағанға тиіп, бақытыңды босқа қайтардың. Теріс діннен тапқан пайдаң қайсы?! Көрген қызығың осы ма? Оқып-оқып, қурадың да қалдың. Ал оның түгі кеткен жоқ. Әй, Аллам-ай, саған не жазып ем, не жазып ем?! – деп анасы зарын илеп отыра кетті.
– Әй, Жұпар, тый, көз жасыңды! Жүз жерден жер тепкілесең де болар іс болды енді! Босқа аузыңды ауыртпа! Сыбағасын салып жібер. Барсын. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, біз қақсағанмен көніп тұрған қыз жоқ қой! Сау басына сақина тілеген өзі. Аман болсын да жүре берсін, – деп әкесі Рахымбай теріс айналды.
Сөйтіп, араға ұзақ жылдар салып қайын жұртына кісімсіп келген Нүкіс айналасын ұрыс-керіспен азан-қазан қылып, бейтаныс елді де бездіре жаздады. Миының құртын жеген күйеуін ақылмен тоқтата алмаған Райхан ақыры лажы құрып жолға шықты. Шілденің аптап ыстығында алыс сапарға қайбір асықты дейсің. Баяғы, «бөтен үйге бардың, қыз-қырқынды көрдің, олардың азғырғанын тыңдап, көңіліңді бұздың» деп жорта дау тудырған Нүкістен сескенген түрі! Бұл дүниеден баз кешкен бейшара жүз жерден ақыл қосса да, шегінерге жол жоғын жақсы біледі. Әлпештеп өсірген әке-шешесін, бауырларын қимай жаралы жүрегі туласа да, есуас байының ырқынан шығар емес. Сосын да түн ішінде етегінен тартқылаған сәбилерін жетектеп, құндақтаулы бөпесін қойнына қысып, арқаланып-дорбаланып жүрдек пойызға отырды. Әлімсақтан арам Нүкістің артынып-тартынып барғанда тоқалдарын жағалап, көңілі ауған жаққа қаңғып кетерін «басына тас тиіп, бақыты қайтқан» Райхан қайдан білсін...