Атауы соноу жаугершілік заманынан қалған, табан тілер қызыл тасты Қарауылтөбе мен ебісі аңыраған Жоң...
"Алтын домбыра" иегері, Аспанбек Шұғатаев. Долы да долы, долы күн
Долы да долы, долы күн,
Жұртымның неге жолы мұң?
Билiктен бастап бәрiнiң,
Жалтақтық басқан көңiлiн.
Бiз – қазақ деген xалықпыз,
Заманы қалай құбылса,
Қисайтқан солай бөрiгiн.
Қу түлкi ғұмыр кешсе де,
Жүрегiн берген бөрiнiң.
Тiлiме тиек етейiн,
Тауқымет тартқан бүгiнгi,
Қазақтың әрбiр өңiрiн.
Қарағанды деп жылаймын,
Қыздыра алмаған көрiгiн,
Көршiге берген көмiрiн.
Сап құрар талай жiгiттiң,
Шаxтылар қиған өмiрiн.
Отқа жағып егiнiн,
Кәрiстер алды бөлшектеп,
Қаныштың тапқан өнiмiн.
“Ер жақсысы...” дегендей,
Түрмеге жауып Серiгiн.
Гей-клубта жүр сынығы,
Кешегi Сәкен серiнiң.
Өскемен деп жылаймын,
Шуылдап жүрген шығысым,
Қазақтар жасап жұмысын,
Орыстар асап ырысын.
Арбалап кеттi күйеуi,
Алтайдың алтын-күмiсiн.
Ордасынан айырдық,
Оралxанның Кербұғысын.
Радиация жұтқан Семейдiң,
Тарылтып бiттiк тынысын.
Алтайы қыс келгенде,
Тентiреп жүрген туысым.
Қайран да менiң қазекем,
Өз елiң, өз жерiңде,
Өгей ұлттың бiрiсiң.
Осынша байтақ даламды,
Қорғап едi бабам кiм үшiн?!
Түбi бiр қазақ қолға алар,
Ер Қабанбайдың қылышын.
Кереку деп жылаймын,
Жанымды мұң мен шер жейдi.
Тәуелсiздiк алсақ та,
Павлдың аты өлмейдi.
Кутузовтың орнына,
Мәшекең неге келмейдi?!
Айтады, көңiл сенбейдi,
Жүректi қайтiп емдейдi?
Аспан көздi қабандар,
Төрiмде жатып жем жейдi.
Байлығын қазып қазақтың,
Айлығын дұрыс бермейдi.
Билiк те жөнге көнбейдi.
Орыс құласа көред те,
Қазақ жыласа көрмейдi.
Мiнбеге келген әкiмiн,
Түрмеге салып “жөндейдi”.
Одан да соттамай ма?
Байлығымды тонаған,
Ибрагимов, Машкеевич дегендi.
Кеткендердi бетiмен,
Сүндеттеген шетiнен,
Сағынып кетем Шоң бидi.
Көкшетау деп жылаймын,
Аспан сүйген айдарын.
Бабам қорғап қалған жер,
Ұшыменен найзаның.
Ақан серiлер шырқаса,
Оқжетпесiң түгiлi,
Тыңдатқан дейдi айға әнiн.
Сол жердi кеше орыстан,
Қорғап қалған бiр түнде,
Ардақты анам Айғаным.
Қадiрiңдi түсiнбес,
Қарағайыңды қырқа сап,
Казино салғыш байларың.
Жер бетiнiң жартысы,
Жаз болса өрiп жүредi,
Көлiңнiң қалқып қаймағын.
Жын ордасы ғып алмайық,
Хан ордасы атанған,
Абылайдың жайлауын!
Қостанай деп жылаймын,
Басқадан қойған бастығын.
Отарды салып алдына,
Бақташы қойған қасқырын.
Қайран да менiң қазекем,
Тау ғылып үйгенмен астығын,
Толтыра алмай әлi жүр,
Түбi тесiк қапшығын.
Үмiттенiп келедi,
Ертең болар деп жақсы күн!
Төрiмдi таптап бөгделер,
Төремнiң бауыры тас бүгiн.
Жалғыз қалмасам болар ед,
Бейiтiндей бақсының.
Петропавл деп жылаймын,
Мәскеуге бұрған есiгiн.
“Баю-баюмен” тербеткен,
Бөбегi жатқан бесiгiн.
Қызылсырап жатпас ем,
Қызылжар болса есiмiм.
Баса-көктеп басқа ұлттар,
Жүргiзед дейдi шешiмiн.
Бабамнан сұрап кешiрiм,
Құдайдың күттiм несiбiн.
Күтер ме екен бiр бақыт,
Бiтер ме екен осы күн!
Таразым деп жылаймын,
Таусылмай қойды-ау қу сынақ.
Айыр қалпақты қырғызға,
Алақан жайған су сұрап.
Екi мың жылдық қаладан,
Екi күн сайын шу шығад.
Руxым солай тұншығад,
Бүгiнгi көкек аналар,
Далада қалған балалар,
Жауабы жоқ мың сұрақ.
Шүкiр етудiң орнына,
Құдайға неге қырсығад?!
Сенен басқа бiр адам,
Ала алмай жүр ұл сұрап.
Қайтейiн кейбiр адамның,
Көкiрегiне түспей жүр,
Көрге де түскен күн шуақ.
Шымкентiм деп жылаймын,
Өзбектер терiп мақтасын,
Киiм қылып сатқасын.
Кәрi-жасы жағалап,
Сиынып жүрсе аралап,
Кесенелердiң қақпасын.
Нұрәлi дейтiн немелер,
Пайғамбармын деп шатқасын.
Мектепте оқитын қыздардың,
Аяғы ауырлап жатқасын.
Айбоздары Алаштың,
Қай жаққа бұрдың ат басын.
Қазақты азып-тозудан,
Құдайым өзi сақтасын!
Қызылорда деп жылаймын,
Тартылған теңiз сулары.
Гептилiнен жер қурады.
Удан жаман ураны,
Даламның бетiн улады.
Адамның көнгiш қу жаны.
Байқоңырым болып тұр,
Ресейдiң тулағы
Сол жайлы ойлана ма екен,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Билiктiң бөспе қулары?
Тәуелсiздiгiм туса да,
Тәубелi күнiм тумады.
Алматым деп жылаймын,
Көрiнгенiмен сүйкiмдi,
Көңiлдi тербеп күй түрлi,
Күнде жиын митингi.
Түн болса жерi жұлқынып,
Қашыратын ұйқыңды.
Алматыны бiр кезде,
Алма бағы дейтiн-дi.
Ұжмақтың жемiсiн,
Сенен ғана жейтiн-дi.
Орынына ордалы,
Байлар соққан үй тұрды.
Тауға барсаң – түрiктер,
Қырға барсаң қытайлар,
Сығып жатыр битiңдi.
Байрағы жоқ бiреулер,
Шегарадан кiрiп ап,
Шығармасын итiңдi.
Абай бол, Қазақ баласы,
Тәуелсiздiктiң жолында,
Қаншама бастар үйтiлдi...
Атырау деп жылаймын,
Елмен бiр өмiр сүрмеген.
Маxамбеттiң кезiнде,
Қазаққа ешкiм күлмеген.
Туыңнан бөлек адамдар,
Туырлығыңды тiлмеген.
Ал қазiр сақтанған дұрыс,
Сырттан келген кiрмеден.
Бiрi былыққан дiнменен.
Бiрi былыққан жынменен.
Мұнайыңды бұрғылап,
Маңдайыңнан ұрғылап,
Жiгерiңдi құм еткен,
Жiбегiңдi жүндеген.
Ұлдарыңды құл деген,
Қыздарыңды күң деген.
Абай бол, Қазақ баласы,
Итпенен бiрге ұйықтаған,
Бiрге оянады бүргемен.
Қарқарам алтын, қарным аш,
Қайда барып күн көрем?!
Ақтөбе деп жылаймын,
Сөзiме құлақ салыңдар.
Шағылып жатқан тауым бар,
Талауға түскен малым бар,
Атылып жатқан ерiм бар,
Сатылып жатқан арым бар.
Қасқалдақтай қаным бар!
Бас бармақтай бағым бар!
Ұшырып алам демесең,
Төрт құбылаңды тiреген,
Арақ зауытты жабыңдар!
Аузынан Алла түспеген,
Қымыздан басқа iшпеген,
Кешегi қайда нар ұлдар?
Ханшалар мен xанымдар,
Жыламағанда қайтесiң,
Басқарып жүрсе жұртымды,
Ғалымдар кетiп залымдар,
Дарындар кетiп қарындар...
Маңғыстау деп жылаймын,
Тұлпары кетпес кермеден.
Бекет атам жатқан жер,
Шырағы дiннiң сөнбеген.
Батыстың былғап айдынын,
Каспидiң сорып байлығын,
Кәсiп қып алған май мұрын,
Көк аттылар жүр көлденең.
Қайран да менiң қазекем,
Балықшының ұлындай,
Теңiзде жүрiп шөлдеген.
Жаңаөзен жатыр жанында,
Шыңғыртып отқа салса да,
Шықпаған жаны кеудеден.
Қабырғасын қаусатып,
Бiр-бiрiндеп сөксе де,
Қабағын шытып көрмеген.
Кiшi жүзiм, аман бол,
Арысы өлiп кетсе де,
Намысы бойда сөнбеген!
Астана деп күлемiн,
Сөзi де нұр,әнi нұр,
Әнi түгiл тәнi нұр,
Тәнi түгiл жаны нұр,
Жаны түгiл xаны Нұр!
Астанада бәрi жүр,
Қазанатымның қасында,
Қаба жалды жабы жүр.
Азаматымның қасында,
Азған ұры-қары жүр.
Корольге сенген дамы жүр.
Алтылықтың жағдайы,
Тұз көзiрге бәрiбiр.
Суық қала болғанмен,
Сарыарқамның сәнi бұл.
Қазақ аман болса екен,
Жаны бөлек, қаны бiр!
Құмай да құмай, құмай күн!
Құлдилап төмен құлаймын.
Күйбеңмен өткен күндерге,
Күлкiмдi берiп мұңайдым.
Жартыкеш тiлiм зарланған,
Обалын кiмнен сұраймын?
Дiнiмнiң дiңi шайқалған,
Дәрiс ап жүрмiз шайтаннан,
Құдайға қайтiп ұнаймын?!
Шашылған елдiң тарыдай,
Шаңырағын қайтiп құраймын?!
Кетiгi кеткен дүниенiң,
Тетiгiн қалай бұраймын?!
Адасып бара жатырмыз,
Аманында күн-айдың.
Қызтекелерi қаптаған,
Аруы ардан аттаған
Елi арысын жоқтаған
Ерi намысын таптаған
Не заман болды ақтабан?
Арылар ма екен бұ қайғым,
Көкбайрағымды құшақтап,
Қазақтығым деп жылаймын
Азаттығым деп жылаймын.
Аспанбек ШҰҒАТАЕВ, айтыскер ақын