Түнде құяңы қатты ұстап, тұла бойы көтертпей тұрса да, Кистунов таңертең қызметіне барып, арызшылар...
ҚОНАЕВ БЕРГЕН ҚОС АЛМА
1992-ші жылдың желтоқсан айының дәл осындай ызғарлы күндері болатын. Есімде қалғаны 16-желтоқсанға жақындап қалған кез еді.. Ол кезде студентпін. Онымен қоймай «АЗиЯ» деген апталық газетте жұмыс істеймін. Саясат пен экономика тақырыбы Арман Сқабылұлы ағамның еншісінде, әдебиет мәселесін со салаға бір табан жақын болғасын Әубәкір аға Смаилов қаузап жүретін. Ал, әнші, биші, күйші, емші дегеннің бәрі туралы жазу — менің еншімдегі тірлік еді.
Бір күні «Правданың» Қазақстандағы тілшісі Тілеужан деген кісі «Сені Дінмұхаммед Қонаев ақсақалдың жеке дәрігерімен таныстырсам, жазасың ба?» деді. Мен «Жазайын» дедім. Межеленген уақытта бардым. Таныстым. Ұзын бойлы, еңгезердей ұйғыр кісі екен. 60-қа келмесе де сол кезде 50-дің мол ішіндегі адам болатын. Шығыс медицинасын меңгерген жан екен. Ол Димаш атамызбен әкелерінің «тамыр» болғанын, Димекеңнің арқасында Қытайдан келіп, медициналық оқу орнын Мәскеуде тәмамдағанын айтты. (Дәл қазір аты-жөнінің кім екенін есіме түсіре алмай отырмын. Бірақ ескі газеттердегі мақалаларым үйде бір жерде сақтаулы тұр.) Қарап отырмай «Егер Димаш атамызбен кездесіп, сіз туралы пікірін жазып алсам ғажап болар еді» деген тілегімді де жеткіздім. «Онда Димекеңе хабарласайын» деп телефон соғып еді, Ол кісі «Келсін» депті. Алдымыздан қазақша тақия киген бір жас жігіт шығып, қарсы алды. Күзетші тұрмақ cол жерден өзге бөтен адам көргем жоқ. Ал ол кісінің үйін қазіргі жай ғана әкім-қаралардың хан сарайымен мүлде салыстыруға келмес еді. Димаш атамыз бізді өзінің жұмыс бөлмесінде күтіп алды. Өзі орнынан тұрып келіп, қолымды алып амандасты. Не деген қарапайымдылық, не деген мәдениет десеңізші?! Әйтпесе ол кісі өзі алдымнан шығып, қарсы алып, амандасатындай мен кіммін?! Қазір жай ғана бір компанияның басшысының кабинетіне кіріп көріңізші… Жарайды. Әңгіме ол жайлы емес. Қонаев атамыздың сол кейпі әлі күнге дейін көз алдымда. Үстінде тор-тор жейдесі, үлкен-үлкен үш түймесі бар қоңыр жемпірі бар болатын. Сұңғақ бойлы кісі екен. Көзі сондай нұрлы көрінді. Сұңғақ бойлы демекші әлгі дәрігер кісі «Димекең Малайзияға барғанда ондағы жұрт «Қазақтар сіз сияқты бойшаң халық па?» деп сұрағанда «Ең кішкентайы менмін!» деп жауап беріп, таң-тамаша еткен еді» деп айтқан болатын. Осыған ұқсас әңгімені Қаныш Сәтпаев ағамыз айтыпты дегенді кейін естіп жүрміз ғой. Ол кісі де еңселі адам болса керек. «Менің халқым менен де биік» депті ғой. Барған мәселем бойынша пікірін айтты. Мен ақырын сурытпақтап ананы-мынаны сұрай бастадым. Кезек Желтоқсан оқиғасына да келіп тірелді.
Бірақ Қонаев ақсақал ол туралы мардымды ештеңе айта қойған жоқ. Бұл тақырып тұрғысында сөз қозғауға онша құлықты боп отырмағанын түсіне қойдым. Мүмкін оның белгілі бір себептері де болған шығар, кім білсін?! Бір қызығы менің ол кісіге қойған сауалдарымнан гөрі ол кісінің өзінің маған қойған сұрақтары көп болды. Мынандай диалог әлі күнге дейін сөзбе-сөз есімде:
-Балам, қай ауылдың баласысың?
-Нарынқолданмын, ата.
-Аааа, Албанның қызы болдың ғой онда.
— Нарынқолдың қай жерінен?
-Сарыбастаудан
-Аааа, Ленин колхозынан, Әшімбаевтың аулынан екенсің ғой.
(Өзі хатшы боп тұрған кезде шаруашылықты басқарған Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев деген кісі болған)
-Айтсың ба, Құрмансың ба, Қызылбөріксің бе?
Мәссаған! Мына кісі менің алақандай ғана ауылымда қандай рулардың тұратынын да біледі екен!
-Сендердің ауылдарыңда өзге еш өңірде жоқ клуб бар еді ғой. Ол драмтеатрдың үлгісімен салынған кезінде. Ат шаптырым аумағы бар стадион бар болатын, дей келе ауыл-аймақтың тұрмысын, ел-жұрттың жағдайын тәптіштеп сұрай бастады. Сүтпісірім уақыт өткенде қызметші жігіт кіріп:
Еркеғали (Рахмадиев шығар деп түйдім өзім) аға хабарласып жатыр, -деді.
Ар жақтағы дауыс «Қазір барсам» деді ғой деймін. «Бір журналист бала сұхбат алып жатыр еді. Қазір босап қалармын», -деп жатты. Мен де адам келетінін білген соң, кетуге ыңғайлана бердім. Бөлмеден шығып бара жатқанда «Балам тоқта, шай ішіп, дәм ауыз тиіп кет!» деді. Мен ыңғайсызданып, шәй ішуден бас тарттым. Ал әлгі дәрігер кісі болса «Қой. оның не? Димекеңнің қолынан дәм татуды нәсіп еткен екен. Неге қарсылық білдіріп тұрсың? Шәй ішпесең де нан ауыз ти!» деді. Сөйтті де мені ас үйге ертіп барды. Қызық! Үстелдің үстінде тандыр нан тұр екен! Сізге өтірік, маған шын, кәдімгі тандырға піскен нан! Нан ауыз тидім. Димаш атамыз үстелден екі үлкен апорт алманы алып, қолыма ұстатты.Сөйтті де «Балам, өркенді елдің ұрпағы, өнегелі жердің өрені екенсің, бақытты бол» деп батасын берді. Мен алманы ұстаған бойда қуанышым қойныма сыймай редакцияға келдім. Келген соң көрген-білгенімді редакциядағы апайларға сондай бір әсермен айтып бердім. Ол кісінің менің ауылымды жақсы білетінін де айтып, мақтанып үлгердім. Ал өзімнің төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрған болатын! Сосын, әрине, әлгі қып-қызыл, тостағандай екі алманы көрсеттім. Сол-ақ екен әлгі кісілер «Үйййй, бағанадан бері осыдан бастамайсың ба?! Қане, бізге де бер! Ондай адамның қолынан дәм ауыз тиген де бар, тимеген де бар. Балаларымызға апарып берейік!» деп ырымдап, бәрі қылдай етіп бөліп үйлеріне алып кетті. Ал кейбір ағаларымыз «Енді ол кісімен амандасқан қолыңды бір апта жумасаң да болады!» деп жатты. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Фотоаппарат деген екінің бірінің қолы жете бермейтін байлық. Өзі әзер күнелтіп жүрген студентте ол қайдан бола қойсын?! Ал алдын ала фотограф ертіп апарып, суретке түсу туралы ойламаппын да. Бұл бір өкінішім. Ал екіншісі 12 қаңтар ол кісінің туған күні болатын. Әлгі кісі «Сол күні кел, атаңның туған күніне бірге кіріп шығамыз» деп еді. Өзімнің еренсіздігімнен бармай қалдым. Соған әлі күнге дейін өкінем. Сол жылы жазда Дінмұхаммед атамыз бақилық болды. Бұл менің өзі өмір сүрген уақыттың адал перзенті, тағылымы терең биік парасат иесі, елінің сый-құрметіне бөленіп, ұлттық тұлғаға айналған, көзі тірісінде-ақ ел-жұрты өз көсемі ретінде таныған ғажап адам Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ақсақалды өмірімде бірінші және соңғы көруім еді.
Жанар Оразымбет
1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің түлегі.
Бүгінде Қазақ радиосында қызмет атқарады.