Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Сын мұраты – тану
Әдебиет алып мұхит болса, сын оны танудың – әмбебап құралы. Ол сөз өнерінің табиғатын зерттеумен, ақиқатты танудың эстетикалық заңдылығын белгілеумен, классикалық мұрамызды талдаумен ғана айналысып қоймай, бүгінгі әдебиетіміздің бағыт-бағдарын айқындап, жетістігіміз бен кемшілігімізді көрсетіп, көркем шығарманың ерекшелігін, жілігін шағып түсіндіреді. Оқырманның дүниетанымын байытпайтын, адамға рухани ләззат сыйламайтын шығарма нағыз өнер туындысы бола алмайды.
«Әдеби сын арасына бірнеше ғасыр салып, проза мен поэзиядан кейін дүниеге келді» дейтіндердің пікірі шындыққа жанаспайды. Көркем сын да әдебиеттің – бел баласы, ол өнер туындыларымен бір мезгілде өмірдің есігін ашқан. Ежелгі дәуірдегі ойлай алатын, эстетикалық көзқарасы қалыптасқан, шығармашылық тәжірибесі бар адамдардың көркем туынды жайындағы толғам-тұжырымдарын алғашқы әдеби сынға әбден жатқыза аламыз.
Әрине, уақыт өте келе сын өнерден еншісін алып, бөлек отау болып шықты, өз бетінше дамып, ақын мен жазушы еңбегінің құндылығы мен олқылығын көрсетіп, қаламгердің танымын тереңдетіп, шығармашылық шеберлігін шыңдай түсуіне игі әсерін тигізді. Көркем сынның әдебиет тарихынан айырмашылығы, ол ең алдымен қазіргі күндегі прозамыз бен поэзиямыздағы болып жатқан құбылыстарды саралайды, классикалық мұрамызды бүгінгі уақыттың қоғамдық және көркемдік мақсаттары тұрғысынан түсіндіреді. Әдеби сын өмірмен, қоғамдық күреспен, сондай-ақ дәуірдің эстетикалық және философиялық ойларымен тығыз байланыста болады, ол түрлі тарихи кезеңдерден өтіп, тек ХІХ ғасырда әдебиеттің ерекше түрі ретінде қалыптасты. Батыста Д.Дидро мен Г.Лессинг, Г.Гейне, В.Гюго, Э.Золя, Ш.О.Сент-Бёв, И.Тэн и Ф.Брюнетьер, М.Арнолд, Г.Брандестер сын саласының дамуына зор ықпалын тигізді.
Біздің елімізде әдебиеттану саласында еңбек етіп жатқан ғалымдар көп болғанымен, кәсіби сыншылар жоқтың қасы. Өйткені нағыз сыншы болу – жанкештілікті, үздіксіз ізденуді, тау-тау кітаптарды оқып қана қоймай, солардың ішінен пайдалысын ажырата алатын ішкі түйсігіңнің мықты болуын талап етеді. Саясатты, әлеуметтануды, психологияны, тарихты, өнер мен эстетиканы терең білетін және оларды әдемі ұштастыра алатын адамнан ғана кәсіби сыншы шығады. Сонымен бірге, ұлы ақынның немесе ірі суреткердің шығармашылығы туралы әңгіме қозғаған сыншының бойында, оның талантына пара-пар қабілет болуы тиіс. Басқаша жағдайда сен тұлғаның тереңдігін тани алмай, шығармашылығының бетінен ғана қалқисың.
Сынның басты мақсаты әдебиеттің қозғаушы күші болу. Көркем сыны дамыған елдің әдебиеті ғана биік белеске көтеріле алады. Кейде сөз өнерінің мұраты үшін сыншылардың өз заманының ақын-жазушыларын қамшылап, тым қатты кететін кездері де жоқ емес. Міне, осы жерде орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинскийді еске алуға тура келеді. «Бізде әдебиет жоқ, – дейді Белинский бір сөзінде. – Мен бұл сөздерді шаттықпен, ләззат ала отырып айтамын, өйткені, осы ақиқаттан келешектегі біздің әдеби табыстарымыздың кепілі бола алатын зор мүмкіндігін көремін». Одан әрі әйгілі сыншы, сөз өнерінің балалық кезеңінің өткенін, нағыз әдебиетті туғызатын уақыттың енді келгенін жүрегі жарыла жаздап, жалпақ жұртқа жария етеді. Бізде осыдан он жыл бұрын бір үлкен сыншы апамыз «Нағыз әдебиет енді туады» дегенді айтып қалып еді, қазақ қаламгерлерінің бәрі оны ағаш атқа мінгізіп, түтіп жеп қоя жаздады. Міне, осыған қарап, сынды қабылдау мәдениетінің қазақ қоғамында төмендеп кеткенін көреміз.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында, «Жалын» журналында сыншы Тұрсынжан Шапайдың шартты тұрғыда «соғыстан соң туған ұрпақ» аталып жүрген, жастары қырыққа таяп қалған ақындардың поэзиялық шығармаларын қатты сынаған «Алыс пен жақынның арасы» деген зерттеуінің жарық көргені есіме түсіп отырғаны. Жасы жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің талдауында «шындықты шымбайға батырып айтамын» деген оймен, тым артық кеткен тұстары да бар болатын. Алайда, көлемді еңбектің әдебиеттің ұлы мақсатын көздеген, қазақ поэзиясының бүгіні мен болашағына деген алаңдаушылықтан, жанашырлық пиғылдан туған дүние екені бірден көзге ұрып тұрды. Әлбетте, сын есту оңай деймісің. Ренжігендер болды, келіспегендер болды, қатты өкпелегендер де табылды. Бір ғажабы мақалада өлеңдері сыналған, сол жылдары қазақ поэзиясының аспанында жұлдыздары жарқыраған ғажайып ақындар Темірхан, Жұматай, Кеңшілік, Жарасқандар ізін басып келе жатқан әдебиеттегі талантты інісінің жағасына жармасқан жоқ. Айтқан сындарына түсіністікпен қарады.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ақын-жазушылардың сынды қабылдай алатын ішкі мәдениеті жоғалып кетті. Бір кішкентай сын айтқан адамға шоқпар ала жүгіретін жаман әдет, жұлдыз ауруына шалдыққан бәріміздің бойымызға кесел болып жабысты. Ақындар мен жазушылар бірін-бірі жамандап, бірін-бірі жоққа шығарып, бейшара оқырман бір адамның таза субъективті пікірі ғана болып табылатын осындай дүмбілез дүниелерді сын ретінде қабылдап, рухани қорек етіп жүр. Сынның азусыздығын пайдаланып, кейбір ақындар теледидардан, газеттен, әлеуметтік желіден аузына не келсе, соны сөйлей беретін болды. Он жыл бұрын жетпістен асқан ақсақал ақынымыз: «Мен өлеңді шығармаймын, Құдай маған оны құлағыма сыбырлап отырады. Соны сол қалпында қағаз бетіне түсіре беремін» деп сұхбат бергенде, жасы біразға келіп қалған адамға аяушылықпен қарағанмын. Енді бүгін жасы әлі қырыққа да толмаған бір ақынның «Менің ішімде Құдайдың құпиясын білетін кісі отыр» деген сөзін естіп, не жыларымды, не күлерімді білмей, қатты сасып қалдым. Сын жоғалған жерде, әдебиет осындай «депрессияға» түседі.
Сынды құрметтеу парыз емес, сынды бағалау парыз емес, бірақ сынмен санасу парыз. Әлем әдебиетіндегі әйгілі қаламгерлердің бәрі де сын естіген. Айтылған сындарды қабылдай алмағанымен, онымен санасқан. Қорытынды шығарған. Қолына қалам алған кез келген ақын немесе жазушының шығармалары міндетті түрде сынға ұшырайды және бұл өте дұрыс, қалыпты жағдай. Көп жазған сайын сені сынаушылардың қатары да арта түседі. Үлкен ақын немесе ірі суреткер болғысы келетін шығармашылық адамы үшін бұл өзін-өзін тексерудің үлкен мектебі, өйткені сен өзіңді мұқият оқитын адамдардың бар екенін көресің және олардың сенің болмашы кемшілігіңді де кешірмейтінін түсініп, барынша жақсы жазуға тырысасың. Сын шығармашылық адамының рухының қайралуына, жігерінің шынығуына мол мүмкіндік береді. Өмірі сыналмай, тек қана мақтау ести беру, шығармашылық адамы үшін – өте қауіпті.