Кемел ақын Кеңшілік

ӘДЕБИЕТ
2838

Қырықтың қырқасына жаңа көтеріліп, шығармашылықтың шабытты да шапағатты шағына жете бере өмірден өтсе де, артына мол мұрасын қалдырып кеткен кемел ойлы кенен ақын Кеңшiлiк Мырзабековтiң тiрi жүрсе жетпiске толған тойын өткiзетiн кезi осы едi.

Әттең, шiркiн, шыр айналған дүниенiң шырмауығы шырқын бұзып, тірлігінің шырағын ерте өшіргені өкінішті-ақ. Алайда арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ақынның есімі ел аузынан түспей келе жатқаны мұңлы көңілімізге медет. Әрине, оның ұмытылмай, ұлтымен бірге жасасып келе жатуы бекер емес. Шын мәнісінде, шайырдың ғұмырын жалғастырып келе жатқан дүлдүл дарынының арқасы. Уақыттан асқан сыншы жоқ. Қоғам өзгеріп, заман жаңарып жатқан мазасыз мезгілде де Кеңшілік ақынның кітаптары шығып, шығармашылығын саралаған сын мақалалар жарияланып жатыр. Кезінде аралас-құралас, сыйласа, сырласа жүрген үзеңгілес достарының, әріптес інілерінің естеліктері де жарық көргені белгілі. Әуелі бір-бір том болып, ал 2012 – 2013-жылдары қостомдық таңдамалылысы оқырман қолына тиді. Міне, осының бәрі талассыз талантты ақынға көрсетілген құрмет деп білемін. Ал енді Кеңшіліктен біреулерінің жасы үлкен, екіншілерінің жасы кіші болса да, заманында қазақ әдебиетін көркейтуге көп еңбек сіңірген бірқатар қарымды қаламгерлердің тиесілі құрметтен құр қалғандарын ойласақ опынамыз. Кеңшіліктің бақ-таланына тәубе деймін.

Кезінде «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») қызметтес болдық. Кеңшіліктің осы газетте тұңғыш томтама өлеңдерінің тұсауы қалай кесілгені күні бүгінге дейін көз алдымда. Қызметке жаңа тұрған жас жігіт жорналшылық жұмысқа қызу кірісіп, өзінің қабілет-қарымын көрсетуге ерекше ынта-жігер танытып бақты. Оған газет басшылары да, бөлім меңгерушісі мен де ризамыз. Жүре келе Кеңшіліктің аңсары ақындық екенін біліп, өлеңдерін оқытып, жариялануына жәрдемдестік. Әдебиет бөлімінің ноқтағасы Оралхан көңілінен шыққан топтама өлеңдеріне қол қойып, редакторымыз Шерхан Мұртазаға ұсынған. Бір қызығы, бір мәселемен кабинетінде отырған бізге Шәкең дауыстап өлең оқи жөнелсін. Жігіттер таңдана да тамсана тыңдап отыр. Басқалардай емес, Оралхан екеуміз сезіп отырмыз. Кеңшіліктің өлеңдері. Оқып болған соң, Шәкең сауал тастады:

– Қалай екен?

– Айтары жоқ, тамаша өлеңдер. Кiмнiң өлеңдерi болса да керемет екен, – деп жігіттер жамырай, жарыса сөйлей жөнелген.

Шерхан ағамыз мұртынан күліп, хатшы қызға Кеңшілікті шақыртты. Жігіттер аң-таң.

Есіктен имене кірген Кеңшілік босағадан озған жоқ.

– Жаңа қызметкеріміздің жорналшылық жөніндегі аяқалысы жаман емес. Оны өздерің де байқап жүрсіңдер. Сондай-ақ бұл жігітіміз ақын екен. Жаңа оқылған өлеңдер осынікі. Газетке жариялаймыз. Құтты болсын, жолың болсын! – деп Шәкең біздің көзімізше қолын қойды.

Міне, Кеңшіліктің ақындық жолы осылай сәтті басталған, ал жақсы жалғасқаны ел-жұртқа аян.

Ақиқатын айтар болсақ, Кеңшіліктің тумы­сынан ақын болып жаратылғаны күмән-күдіксіз шындық. Оған балаң ақынның 14-15 жасында-ақ қағаз бетіне түскен өрімдей өлеңдерінің өзгермей кітабында жарияланғаны нақты дәлел. Жалпы, ол бірден өз биігіне көтерілген, өз тақырыбын тапқан ақын. Сондай-ақ ақынның тілі қанына сіңген табиғи болмысымен дараланып, өлеңдерінің өрнегін, өзгеше нақыш-бояуымен нұрландырып, жасантып, жайнатып жіберетін елден ерекшелігі бірден байқалған. Сөзімізді тірілту мақсатында мысалдар келтіре кетейін:

... Сәріде селеу арасын қалың шық жауып,
Сәскеде сәуле балқытты-ай келіп тасты да...
...Бар ма екен сенің есіңде
Балқаймақ күндер шайқаусыз...
...Алғаусыз жүзің даттанып,
Мұқалғанбысың мәрт темір?
Қып-қызыл отқа қақталып,
Қунамайсың ба, қарт темір?..
...Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,
Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.
Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,
...Ақ балтыры қозғалса,
Ақ көйлегін жел қаққан.
Оң аяғын созғанша,
Сол аяғын шаң қапқан...
...Өліара мезгіл...
Он алты жаста едік біз,
Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз...
...Жүйткіген жүйрік сезім – өкпек желім,
Масаты мақпал майса, көк пен жерім!..
...Қанкүрең нәлге бояп тау бұлттарын
Адырда алаулап тұр маржан іңір...

Осынау тұңғыш кітабынан алған аз ғана үзік үзінділерден-ақ ақын тілінің құнарлы әрі қуатты, нәрлі әрі нақышты, бояуы қанық әрі ұлттық ұғымнан алынғанын айғақтап тұр емес пе?! Қай өлеңін оқысаң да оттай ыстық қызуымен, кестелі көркем тілімен, жасындай ойып түсер ойымен, таңғы шықтай мөлдір сезімімен баурап алатын алабөтен сиқыры бар. Әр сөзін сары алтындай салмақтап, кемпірқосақтай түрлендіріп, ой мен сезімге үйлестіріп, астастырып, жарастырып жіберетін шеберлігі де шексіз. Осы арқылы ұлттық ой-өрісімізді кемелдендіріп, жан дүниемізді, сана-сезімімізді нұрландырып, айрықша әсер-қуатымен таңдандыратыны ғажап қой.

Кеңшілік ақынның өлеңдерінің басты тақырыбы – соғыстан соңғы туған ұрпақтың тағдыры. Бұл орайда ақын ешкімге еліктемей, өз жолын тауып, өз ой-толғамын ортаға салып, оқырмандарымен сыр бөліседі.

Сонау сұрапыл соғысты көрмесе де, қан майданнан мүгедек болып қайтқан әке-ағаларының, жалғыз ұлдарын жоқтап аңы­ра­ған аналардың, жетім балалардың, жесір келін­шектердің тауқыметті тіршілігін, қилы тағдырын жүрегінен өткізе жүріп, балалықтың базарлы қызығын бастарынан кешіре алмай өскен ұрпақтың өкілі Кеңшілік ақын сол мезгілдің мұңы мен жырын өлеңдеріне арқау етті. Оның көптеген өлеңдері мен балладаларын оқыған сәтте сол бір ел басына күн туған кезде қас дұшпанға қар­сы тұрып, от пен оқтың арасынан жан-тән­д­ері жараланып қайтқан майдангерлердің қинала жүріп жетім-жесірлердің жетіліп, атамекенінің абыройын асыратын азаматтар қатарына қосылуларына қамқор болғандарына куә боламыз. Сондай-ақ елде қалған шолақ белсенділердің де қылықтары жас балалардың жанына батады, намыстанып налиды. Мына бір өлең жолдары осы сөзімізге дәлел:
 
...Келмей ме көкем?!
Келетін болса, келмей ме,
Намыстан жанып кете жаздаймын мен кейде.
Шолақ басқарма байлайды атын белдеуге,
Шіптадан сусын құя бастайды жеңгем де...

Ақын өз құрдастары атынан сол қырғын соғысқа лағнетін айтып, болашақтың бақытты күндермен жалғасуын аңсап, ағынан жарылады:

...Біз мынау Ұлы Жеңістің,
Жөргегінде өскен балғындар.
Қау етіп қаптап жер үстін,
Өртеңге өскен шалғындар!
Бас иеміз саған соғыстың,
Тауқыметін тартқан тағдырлар!..

Басқарманың басынғанына кіжінсе де, қолдан келері жоқ баланың жеңгесіне жанып ашып, әрі жақсы көретін кісісін аулақтағы иесіз қыстауға алып бара жатқанына іштей күйініп отырғанына сенің де қабырғаң қайысып, мұңданасың.

...Жан-жағымда иен қыр, дала жатыр,
Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.
Ала өгізді атты адам жетекке алып,
Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр...

Ал «Келін» өлеңінде соғыстан қайтпаған күйеуін күте-күте, ақыры күдері үзілген келіншек біреумен қол ұстасып кете барады. Артында аңы­рап қалған қарт енесіне: бекер үміттеніп бұл босағаны қашанғы күзетемін деген келіні кете­рінде: қайтейін, бағым жанбады деп еңіреп жы­лап қош айтысады. Оны да түсінесің. Басы жас, болашағы алда. Алдамшы үмітті қашанға алданыш етсін.

Сол соғыс жарасы жазылмаған, қоңырқай тіршіліктің – таршылықтың ащы дәмін тар­та жүріп, алыс-алыс ауылдарда жүрген балғын­дардың да тағдыры ақынды бей-жай қалдырған жоқ.

...Бала едік біз елде өскен,
Қой жайып қырат, дөң кешкен...
Бала едік біз елде өскен,
Шалғыны мен сортаң ор кешкен.
«Тағдырымыздың еншісі
Тыныштық болса сол» дескен... 

Соғыстан соңғы жылдарда жұпыны қазақ ауылдарында ержетіп келе жатқан балалардың өскен ортасының сұрқай суреті ақын өлеңдерінде айрықша айшықталған:

...Машинасы, тракторы жоқ тегі,
Біздің ауыл темір жолдан шеткері.
Біз көрген зат қарт ұстаның көрігі,
Төрт кластық алыс ауыл мектебі.
Дүние – жұмбақ, біз әлі де баламыз,
Дүние бізге әрі ертек, әрі аңыз.
Шала-шауқан сау, әйелдер сау, кемтар боп
Ал соғыстан қайтқан әне, ағамыз.
Ұлы өмірдің әліппесін замана
Жаңа ұсынған... бәрі жұмбақ санаға.
Мектеп барды тың көтерген жылы сол
Соғыс біткен жылы туған бала да. 

Сұм соғыстан оралған ағалардың адалдықтарына, елінің ертеңі – балаларының болашағын ойлап, текті болып өсулеріне тәлім-тәрбиесін, ақыл-кеңесін беріп, жанұшыра жанашыр болғандарына риза көңілден шыққан жүрек сөзін ақын былайша өрнектепті:
 
...Бар еді ағам балдақты,
Аяғын соғыс ап қалған.
«Бір басқа бір көз, бір аяқ
Шүкірлік, қадам шақ болған».
Дейтұғын еді ол
Бұл сөзі
Дүйім бір елге дәт болған.

Өттік қой аман оттардан,
Қалдық қой тірі оқтардан...
Маңдайдан мені сипайтын
Сен тірі болсаң, – деп, – қарғам.
...Отаншыл сезiм бiздерге
Ағадан солай кеп қонған.
Дарыған бiзге бұл сезiм.
Адалдық, ардан, серттерден.
...Сондықтан бізге сол сезім,
Өшпейтін өшірмес от берген...

Өз ұрпағының тағдыры туралы толғанысты оқи отырып, ақын айтқан ақиқаттың алдында бас иесің.

...Мылтық атып, мылтық оқтап көрмедім,
Құс құлатып, гүлді таптап көрмедім.
Көрдім бірақ
Көп мүгедек кәріпті,
Көре-көре оларға көз қарықты.
Ести-ести жесір-жетім жоқтауын,
Жырымда да содан салқын қалыпты.
...Бұл жалғанда жалғыз бақыт – балалық,
Менде бірақ сол балалық болмады.
...Соғыстан соң көрдім күллі зардабын,
Балалығым жоқ дейтінім сол менің..
 

Сұрапыл соғыстан кейінгі ел өмірінің шындық шежіресі Кеңшілік шығармашылығының басты тақырыбы дейтініміздің дәлелі болатын дерегіміз осы еді.

Соғыстан соңғы жылдардың тауқыметі ерте есейткен жас ақынының санасында сол тар кезеңдегі тұрмыс-тіршіліктің ерекше сәттері жадына жазылып қалғаны, оның төтенше тебіренісінен өлеңге көшкені қайран қалдыратыны рас. Кеңшілік балалық, бозбалалық шағында көзі көріп, басынан кешірген оқиғаларды кейін ойына түсіріп, жүрегінен жыр төгіп, оқырмандарын ойлантып, бүкпесіз сырласып баққан. Сондай сырлы өлеңдердің бірі – ақын шығармашылығы сөз болғанда, алдымен аузымызға түсетін атақты «Боз бие немесе тың жыртқан жыл». Бұл өлеңде қазақ қоғамының өмір-тіршілігіне тікелей қатысты, өте маңызды мәселе көтерілген. Ол тың көтеру дақпыртымен кең дала, жазира жазықтарымызды жаппай жыртып, Қазақ елінің шаруашылық жүргізу ерекшелігін ескермей, пайдасынан гөрі зияны көп тиген жөн-жосықсыз әрекеттің кері әсерін әшкерелейтін әңгіме. Мысалы, Торғай өңірі өмірбақи мыңғырған мал өсірумен айналысқан аймақтың. Сол жағдайды біле тұра тың даланың ту-талақайын шығарып жыртып, отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқының сүйсініп жейтін азығы – жусаны мен көдесін түп тамырымен қопарып, жоқ қылу қылмыспен тең емес пе? Сол сұмдықты шыбын жаныңды шырқырата, шындығын айтып, жыр толғаған ақынның әр сөзіне айызың қанып, қан жылайсың. Туған жердің қадір-қасиетін қашырмай, жанашыр болу, оның табиғатын аялау біздің бәріміздің перзенттік парызымыз. Ақынның арман-аңсарынан осындай ой түйесің. Сонымен, тың жыртқан жылы төбенің түбіт көдесін тарақ табанды трактор тарап әкетеді. Соны сұңғыла сөзбен суреттелуі жүрегіңді тілгілегендей әсерге бөлейтінін қайтерсің?!

...Айызы қанып айбалта – темір тілгілеп,
Сақталған сүрідей шым топырақтарын сүргілеп,
Құрым іңірде қылт ете қалып құйрығы
«ХТЗ»-лар қытықтап қырды жүрді көп...
...Қуанды қарттар жанардан жасы мөлдіреп,
«Көде өскен жерге көк бидай шығар болды» деп...
Боз бие біздің түн жамылып кеп сол жерден,
Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет...
Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні,
Таныс көденің тамырын иіскеп толқыды...
...Түн құшағында түнеріп жатты байтақ қыр,
Боз бие басын сүлесоқ қана шайқап тұр.
Астары мынау ақтарылып қалған тың жерге
Ащы көденің шықпай қалғанын байқап тұр...

Жан ашымастықтың кесірін, саумал самал тербеген сахараның сиқын бұзып, экологиялық зардапқа ұшыратқан соқыр саясаттың зар-мұңын бұдан артық қалай айтып, қалай жүрекке жеткізуге боларын білмеймін. Бұл жерде сөз суретінің айрықша ажарын айшықтығына да сүйсінбеске бола ма?! Бұрын-соңды еш ақын айтпаған пікір,  жазылмаған жыр. Мыңғырған малды өлкенің өңін өзгертіп, шұрайлы шырқын қашырып, солақай саясаттың құрбаны болған қырмызы қырларымыз енді қайтып ежелгі қалпына келер ме?! Қысқасы, боз биенің мұңы – қазақтың мұңы екенін есімізде ұстағанымыз жөн... Ақын аманаты осы түйінде айтылған.

Кеңшілік ақынның айрықша беріліп, асып-төгіліп, жүрегімен жазған жырлары ішінде жастық дәурен, сүйіспеншілік туралы өлеңдерінің орны бөлекше де өзгеше. Ол тізімге енген көркемдігі де, мәні мен мәнері де классикалық деңгейге көтерілген «Анар», «Өліара мезгіл...», «Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр...», «Он бестен он алтыға жеткен кезім», «Анам», «Көртоғайда ауыл», «Ыңғай-ау», «Боз бие немесе тың жыртқан жыл», «Түбіт бөкебай», «Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі...», «Шаштым, төгілдім, шайқалдым..», «Құрт көже» т.б. өлеңдері ел-жұртымен – қазағымен бірге жасайтын жауһарлар екені ақиқат.

Тек табиғат, махаббат, балалық және жастық шақ қана емес, қоғамдағы күрмеуі шешілмеген күрделі, қордалы мәселелерді тереңнен қозғап, өткінші өмірдің қызығы мен қуанышын, өкініші мен уайымын көңіл толқыта, жүрек сыздата, сыбызғыдай сыңғырлы, қобыздай күмбірлі сарынды жырларымен жетемізге жеткізіп, ойлантып, толғантып, жыр қашаған жампоз арынды да алымды айбоз ақынның талантына тәжім етуге асығасың.

Осы жерде Кеңшіліктің ақындық қабілет, қасиетін даралап тұрған қандай қыры мен сыры бар деген сұраққа жауап бере кетуім керек. Оны қазақ поэзиясының төріне шы­ғар­ған шығармашылық шеберлігі, оның ішін­де, әсіресе, ұлттық ұғымға ұсталығы, қазақ сөзінің сөлін сығып, қаймағын қалқып алып, мөлдіретіп, маржандай тізіп жазатын тілінің көк шалғындай шұрайлылығы, ұлтының мінез-құлқына, әдет-ғұрпына, дәстүр-салтына, түйсік-түсінігіне қатысты тіркестерді тірнектеп жинап, оны өрнектеудегі өзіндік қолтаңбасы. Ал бұл қазақтың жанын, рухани болмысын, халықтық қасиетін көрсетудің құралы. Осы себептен де Кеңшілікті нағыз ұлт ақыны қатарына қосамын. Ол ойымды сонау тұңғыш таңдамалысына жазған алғысөзімде де айтқан едім, әлі де сол пікірдемін. Тұжырымымның түйінін түсініп, ақиқаттығына көз жеткізгісі келген оқырман ақын кітабының кез келген бетін ашып, оқи бастаса болды, сөзіміздің әсте асыра мақтау емес, ақын дарынының әділ бағасы екендігіне сенеріне күмәнсізбін.

Ұлттық ой-санамыздың өресі мен өрі­сін танытатын, уақыт тынысын, замана сырын ашып, әлеуметтік маңызды мәсе­лелерге қатысты ой түйіп, тұжырым-түйіні көпшіліктің көкейінен шыққан тамаша өлеңдер өрнектеген, сөйтіп, артына өлмес те өшпес сөз қалдырған, тұтас бір дәуірдің поэтикалық полотносын түзген ақын өмірден қанша арманда кетсе де, қазағының жүрегінде сақталары сөзсіз. Өлең өнерінің өрен жүйрігі, сұңғыла жырдың сұңқары Кең­шілікті кешегінің, бүгінгінің және ертеңгінің де замандас, сырлас, мұңдас ақыны санатына қосып, қош айтыса тұрамыз... Оның осы мерейтойын өзі өткізуге тағдыр жазбаса да, ел-жұрты атап жатқаны ғұмырлық ғазалдар жазған ақынды халқының ұмытпай тойлап жатқаны деп есептейік. 

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

07.07.2016

author

Кеңшілік Мырзабеков

АҚЫН

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...