Бүгін журналист, аудармашы, әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова ханымның туған күні. "Мәд...
Аманжол Исламғали. Досым, мен саған айтамын...
Аманжолдың өлеңдерінен әдебиет атты алып әлемге бар ынта-ықыласымен бет бұрған жанды көрдік. Басты мақсат - ескірген кітаптардың арасында адасып қалмау, шындығыңа апаратын жол іздеу. Өлеңге енді ғана қадам басқан жас досымызға сәттілік тілейміз!
***
Көңіл әйнегін сызғылай берсе сұр уайым,
Жұбаныш болып жаныма ылғи бір ырғақ.
Таспада қалған тар жолға қолды бұлғайын,
Бастала қалған баянсыз сәт те құбылмақ.
Жүгенсіз ойдың жетегіне ерсем, желіксем,
Таба алмай сосын күлімдеу кілтін күйбеңнен.
Үзілер алды үміттің демі де бітсе,
(Түсімді жорып кетемін тағы кей көрген.)
Ағараңдаған әлсіз сәулені аңғарсам,
Артынша алаңдап анталай берсе ағаттық.
Тар көшедегі бағана қанша, шам қанша,
Аялдамастан артымда қанша жоғалттым?..
Түнерді түнім, сырыма қанды сыңсып Ай,
Өкініштерім өртей бергенде өзекті.
Жабырқау бейнем жалынға қарай жылжымай,
Мелшиіп тұрып мезі етті.
11 желтоқсан, 2019 ж.
***
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық.
(М.Мақатаев)
Қуаныш мұңға алмасқанын да,
Жалғыздық жанға жармасқанын да,
Кешегі жолы бөлінбес достың
Көңілін бүгін шаң басқанын да,
Досым, мен саған айтамын!
Кей сәттің маған кешіккенін де,
Кей шақтың маған өшіккенін де.
Төрімнен орын бердім дегендер
Ашпаған кезде есіктерін де,
Досым, мен саған айтамын!
Кей сырды көпке шертпегенімді,
Іштегі күдік кетпегенін бір.
Артымнан пышақ сұққандардың да
Алдынан кесіп өтпегенімді,
Досым, мен саған айтамын!
Жыр жазғанымды бір күні, досым,
Құбылып көңіл, күркірегесін.
Аяқтан шалып кетсе де көбі,
Доссыз өмірдің мүмкін емесін,
Досым,
мен тағы да саған айтамын!
14 ақпан, 2019 ж.
***
Өкініп жүріп өткендерімнің,
Бір қызға сүйем(ін) деп көргенімнің,
Жүрегім сосын тынымсыз тулап,
Жаралы болып жеткен жерімнің,
Шексізге ұшқан, кезгенімнің де,
Көзіммен құшқан, сезгенімнің де,
Ол жүріп өтер көше бойынан
Тосуға құштар кездерімнің де,
Аңдамай ағат басқанымның да,
Сабырсыз, сәл-ақ сасқанымның да,
Көңілшек доспен көтерілгені
Үздіксіз шарап тостағымның да,
Көп әндететін мұңсыздығымның,
Жедел жететін тілсіз мұңымның,
Үлессіз қалып үйілген сыйдан
Үмітпен өткен үнсіздігімнің,
Аңғал көңіл мен кінәлі күнімнің,
Ес білер шақтан тым әрі күнімнің
бәрі де,
Жылдар жадында тұр әлі бүгінде...
9 қазан, 2019 ж.
Аманжол Исламғали - 2000 жылы 24 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.