Ырысбек Дәбей. Мешін жылдың қара өлеңі

ӘДЕБИЕТ
13755

Шағын ауылдың шаңын аспанға шығарып алысып, асық ойнаған бал дәурен – балалық есіңе түседі. Қиссадағыдай қырық үйлі қыстақтың о шеті мен бұ шетін түгендеп, бас сұқпайтын есігің болмайды. «Әй, дәті берік Дәбейдің баласы! Әкең үйде ме?!». Әредік әкеммен құрдас, құралыптас кісілер мені көрсе әдейі солай сұрайтын. «Өзіңнің дәтің берік!» – деп, санымды шапалақтап қаша жөнелем. Болмаса, тіл қатпастан сазарып өте шығам. Үйге келген соң жұмыстан шаршап кеп тынығып жатқан әкеме: «Сені неге өйтіп айтады?» – деймін бұлқан-талқан болып. Үнемі шағын егістігіміздің, қараң-құраң төрт түліктің қамымен бір тыным алмайтын әкей: «Сөй деді ме?» – деп, сәл жымиятын да қоятын. «Иә», – деймін күйіп-пісіп. Кейін білдім. Әкей әкесі Нұрсал (атам) қайтқанда бордай егілмек түгілі, көзіне тамшы жас алмапты. Қайтқан кісіні соңғы сапарына шығарып салып, көмектесіп, күндіз-түні қасында болған құрдастары оған: «Әй, Дәбей! Асқар тауың құлағанда көзіңнен тамшы жас шықпады ғой, дәтіңнің берігі-ай!» – дейді екен.

Қайсар, қатал адам болды әкей. Өзім де ол кісінің көзіне жас алып, жылаған сәтін бұрын көрген емеспін. Қара шаңырағымызда баяғыдан келе жатқан жыл сайын пайғамбарымыздың туған айында Мәуліт оқитын дәстүр бар. Әкей Арғынбек Апашбайұлының қазақша Мәулітін өзгеше бір әуенмен оқитын. Үй тола адам орнынан тұрып, салауат айтады. Дәм-тұзының таусылар уақытын сезді ме, былтырғы Мәуліт­ті оқи алмай, қайта-қайта булығып, аққан жасы сақалын жуғанын естідім. Өткен күзде жиен қарындасымды (әпкемнің қызы) ұзатқанда көзіне жас алғанын көрдім. Жүйкесі босағаны – қайран сапары үзілерге тақағандағы осы екі сәт. Әкейдің бойына болат­тай беріктік, қарағайдай қайсарлық қайдан біт­ті? Тарихи дерек, ғибрат болар әңгімені таңды таңға жалғап айтқанымен, жеке басының тағдырын, тартқан азап, көрген жәбірін ашылып айта бермейтін. Былтыр қара шаңырағымызда бас қосқанда: «Әке, сексен жас мерейтойыңызды жасайық. Жазған өлеңдеріңізді кітап қып шығару жеткіліксіз, көрген-білгеніңіздің түгін қоймай айтып беріңіз», – деп біраз сыр суыртпақтадым. Бірнеше дәптер жазбасы қалды. Сондағы бір романға арқау боларлық «азықтан» аз-кем алдарыңызға тостым.

«Атым Дәлелхан еді»

«1944 жылы Мешін күзде,
Іс болды ұмытылмастай есімізде.
Боғдадан Бәйтікке елді айдады,
Білмеймін қызыққанын несін бізге?» – деген Ақмолла атаңның өлеңін білесің ғой», – деп бастады әкей әңгімесін. – Ол уақыт менің бір жастан енді ғана асқан сәби шағым. Оспан батыр, генерал Дәлелхан Сүгірбаев, ел билеген, сол кездегі Шонжы ауданының (ҚХР) әкімі Жүкей Жылқышыбайұлы атаң үшеуінің тізе қосып, бір мақсатқа талпынған мезгілі. Арғы бет­тегі ұлт-азат­тық көтерілістің қайнап тұрған кезеңі. Қандай саясат екенін қайдам, Моңғолия жеріне мыңдаған түтінді көшірмек болады. Бұған қарсы болған Жүкей атаңды Дәлелхан генерал байлап-матап, көндірмекке қам қылады. Арада атыс болып, кісі өледі. Ақыры ел қонысында қалады. Сол оқиғадан кейін әкем менің есімімді Дәбей деп өзгертіпті. Аумалы-төкпелі заман болды, 1949 жылы Қытай коммунистік партиясы билікті толық қолына алды. Шығыс Түркістанды құрушы тұлғалар белгісіз жағдайда ұшақ апатынан қаза тапты, Оспан батыр атылды. 1958 жылы көктемде Жүкей атаң: «Заманның сұры жаман. Көзімнің тірісінде елді шөбі шүйгін, суы мол, ұрпаққа қайырлы қоныс болатын жерге жеткізейін», – деп бұрынғы ата қонысы – Алтайға бастайды. Көшкен ел Алтайға ат басын тірегенде Жүкей, Нұрсал, Мүтәй, Бисұлтан бастаған кісілерді «жиын бар» деп шақырып, Көктоғайда тұтқындады. Жүкейді Үрімжі түрмесіне әкет­ті, сонда қайтыс болды. Күні бүгін ақталған жоқ. Атаң Нұрсал, Кітапбай бастаған кісілерді Такла-Макан шөліне сүргінге айдады, Тарым түрмесіне жіберді. Небір саяси реформалар басталып, мал-мүліктің бәрін кәмпескеледі. Мыңғырған малдан «тігерге тұяқ қалмады». Бір атаның төрт баласының ауылын бір-бірінен алыстатып, төрт жерге шашып жіберді. Шонжыда отырған кезде мектепте оқып жүріп, ғалым Кітапбай Ақмоллаұлы ағамнан да қосымша сабақ алғанмын, ғұлама кісі еді. «Қазақ шежіресі» деген әйгілі еңбегі «Бабалар сөзінің» 32-томына енгенін естігенде қат­ты қуандым. «Қазақтың баға жетпес асыл қазынасына Қуғын-сүргінге ұшырап, қиянат көрген біздің әулет­тен де бір дүние қосылды-ау» деп шат­тандым. Атаңның әруағы бір аунап түскен шығар. Сол елу сегізінші жылдары «дамыған Батыс елдерін аз жылда басып озамыз» деген ұрда-жық ұран көтеріліп, бүкіл қытайды жініктірген «болат-темір қорыту» науқаны басталды. Болат балқыту үшін қаншама көмір керек. Он бес жасқа енді толғанымда бұғанам қатпай көмір шахтасына ауыр жұмысқа жегілдім. Бет-аузым күп болып ісіп, алақан сызықтарыма қанша жусаң кетпейтін көмірдің күйесі сіңді. Шахтада маған жаны ашып, қамқор болған ағалар да болды. Марқұмдардың алдынан жарылқасын.

«Арам қатқан сиыр терісін жедік»

Қарияның қолжазбасы

–1959 жылы «Халық коммунасы» деген құрылды. Бүкіл ел бір терезеден тамақтанып, бір қазаннан ас ішеді. Үйде қазан аспақ түгілі, шай қайнатып ішуге болмайды. Ондайыңды білсе, оңдырмайды. Түн ортасында тұрғызып, құлша істетеді. Күн көтерілгенде барып, таңғы асқа әкеледі. Асы – жұмырыңа жұқ болмайтын, бір сықсаң, шөкімдей болатын буға піскен нан. Ауыр жұмыс, аяусыз езіп-қанау, аштықтан екі жеңгем, кішірек балалар көз жұмды. Сай-салада жұмыс істеп жүрген көп адам келмеске кет­ті. Көмілмей қалды, бетін ағаштың жас бұтағымен жасыра салатын. Кішірек бір ауылдың өзінде бір қыста жетпіс бала аштық пен сүзектен опат болды. Коммуна құрылған жылдың көктемінде мені басқа жұмысқа ауыстырды. Жайлауға барып қарағай жығып, ағаш кестім. Ен қарағайды құлатып, бұтап, түрлі құрылысқа жарайтын материал, түп-түзу тақтай қылып қол арамен тілесің. Сондағы ұсталардан ол жұмысты да ептеп үйрендім. Азығымыз – шикі бидай, шикі бұршақ. Оның өзін пәленбай күнге жеткізесің деп өлшеп береді. Көктемде барған біз (бес-алты адам) жаз өтіп, қар белуардан жауған қыс ішінде жаман киіз үйімізді жайлап, сонда қалдық. Ысқырған жел, сыңсыған ну. Әйтеуір, отын көп. Қарағайды бытырлатып жағып, жылынамыз. Бәріміз ағаш кесуге кеткен бір күні киіз үйдегі өзек жалғап отырған аз ғана бидайды біреулер үптеп кетіпті. Аязда арқауымыздан айырылып, уайым басты. Ішіміздегі жасы егделеу кісі от­ты маздатып жақты да, сыртқа шығып кет­ті. Қазан айында арам қатқан құнажын терісі жыртық үйге қамсау боп, белдеуде тұратын. Әлгі кісі қоқиып қатқан теріні ішке алып кіріп, от­тың басына тастады. Тері сәл жібіген соң бір кесіп, ағаштың басына орап, отқа қақтады. Аштықта жеген құйқа деген сол екен, жырғап қалдық. Егде кісі қатқан тулақты турап-турап бөлді де: «Мұны азық келгенше жеті-сегіз күнге жеткізейік, жеп қоймаңдар. Әйтпесе, мына таудың қуысында аштан қатамыз», – деп ескерт­ті. Ертесі алысырақтағы қостардан азырақ бидай сұрап алуға кет­тік. Бірер уыс бидай да таптық. Қайтып келсек, әлгі егде кісі тісін шұқып, жымың-жымың етеді. «Сендер кеткен соң есік алдына шығып едім, жылқының тезегінің үстіне бір тиін отыр екен. Таспен ұрып, сеспей қатырдым. Сойып, асып жеп алдым. Ыстық сорпа ішпегелі қашан, енді өлмеймін», – деп мәз болды. Кешкісін қасына ерткен екі нөкері бар, бізді тексеріп, қадағалайтын бастық келді. Ат­тан түспей шіреніп тұрған оған жағдайды айт­тық. Ол: «Иен таудың ішінде азықтарыңды кім ұрлайды, өздерің жеп қойғансыңдар. Сен кет, қандай қылмыс жасағандарыңды басшылыққа өзің барып түсіндір», – деп көрпе-жастығымды арқама таңып беріп, мені екі кештің арасында ойға қуды. Қалың орман, қарлы даланы таспадай тілген жалғыз аяқ жолға түстім. Үсіп өліп қалмайын деп кейде жүгіріп, алқынып барып тоқтаймын. Шамасы отыз шақырымдай жүргенде ауылға жақын, сай аузында отыратын таныс шал мен кемпірдің қоржын тамы бар еді, соған жет­тім. Әл-дәрменім құрып, қалжырап, тер қатып, бойым мұздай бастаған. Тарсылдатып қоржын тамның есігін қақтым. Ешкім ашпайды. Сүт пісірім уақыт­тан кейін барып арғы жақтан «Сен кімсің?» деген кемпірдің тарғылданған дауысы естілді. Булығып жөтеліп, аһлап-уһлейді. «Таудан келе жатыр едім, есігіңізді ашыңызшы! Үсіп өлетін болдым, жылынып алайын», – дедім. Кемпір есігін ашып, кіреберістен орын берді. «Үйде ешкім жоқ, кетеріңде есікті дұрыстап жауып кет», – деп, өзі сүйретіліп ары кет­ті. Арқалаған жүгімді шешіп, жерге сырмақ жайып, сұлай кет­тім. Таңға жуық қат­ты тоңып ояндым. Апыл-ғұпыл жүгімді жинап, кемпірдің есігін дұрыстап жауып, әрмен кет­тім. Біраз жүрген соң барып аяғым жылынып, әл біткендей болды…

«Өзіңе қол жұмсаушы болма»

«Жаужүрек мың бала» фильмінің эпизодынан

– Бұл азап аз болғандай 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» деген бәле басталды. Әкем, үлкен ағаларым сүргінге айдалып, түрмеге кеткен. «Мал иесінің, жер иесінің әйелі» деп шешемді жиналысқа салып, қап арқалатып, ауыр еңбекке салды. 1968 жылы шілде айында үйден келіп мені ұстады. Ұсталған бір тобымызды екі қолымызды жоғары көтертіп, колхоз орталығына алып жүрді. Қолым талып, неше рет түсіп кеткені үшін қызыл белсенділер шынтағымнан таяқпен аямай ұрды. Біреуі: «Халыққа басыңды иіп, еңкейіп жүр», – деп, қолындағы ораулы сымтемірмен басымнан салып қалды. Темірдің өткір ұшы самайыма сарт етіп қадалды. Бетімді қан жауып кет­ті. Қан мен тер араласып, мойныма құйылды. Колхоз орталығына жеткен соң неше түрлі жазу жазылған ауыр тақтайды мойнымызға іліп, әлгі белсенділер «Тап жауларын құртайық!» деп ұрандап, көшені аралатып, халықты жинап, жиналыс та жасады. Ауыр тақтай асқан сымтемір қыр желкемді қиып, қат­ты қиналдым. Жұрт ішінен біреу келіп, сымтемірді киім жағасының сыртына шығарып қойды. Еңкейіп тұрсам да құтқарушымдай болған жас жігіт­тің кім екенін білдім. Мұндай сәт ұмытылмайды. Сол жігіт – кейін талай жыл көршіміз болған Қуанған Жанасылұлы деген кісі, ол марқұмға құрметім шексіз. Басы-көзің сүмек болып, терлеп тұрғанда шашың да оңай жұлынады екен, біреу келіп шашымды уыстап жұлып алды. Оны да ұмытқан жоқпын. Кешке таман белсенділер мені үйге алып келіп, мойныма асқан зілдей қара тақтайды алды. Шешем Қақыш пен жеңгем Қадишаны есік алдына шығарып: «Мау жасасын, тап жауларын құртайық!..» – деп өздеріне қосылып айқайлап, ұрандауға бұйырды. Қорлықтың мұндайын кім көрген. Жаным күйзеліп, тәнім сырқырап тұрса да ашуым басыма шапты. Үйге жүгіріп кіріп, ескілеу домбыраны алып шықтым. Бар дауысыммен «Штруманмен кеме жүзеді» деген сол кезде тарап жатқан қызыл әнді шырқай жөнелдім. «Тоқтат, айтпа!» деуге белсенділердің дәті жетпеді. Алды-алдына тарап кет­ті. Көрші кісі келді, шашымды тап-тақыр қылып қырғызып тастадым.

Бұл көресінің басы ғана екен. «Социализмге қарсы, коммунистік партияға қарсы» деген секілді ресми айып тағып, ауылдың түрмесіне қамады. Мойынға қара тақтай асты, басқа үшкір қағаз қалпақ кигізді, арқаға ұрандар жазылған алба-жұлба қағаз ілді. «Қараала» деп ат қойып, айдар тақты. «Қараала» деп шақырады. Тергеу басталды. Тергеуші: «Сен әлі ештеңеңді толық айтқан жоқсың», – деп қап-қараңғы дәлізге итеріп кіргізіп жіберді. Дәліздің екі жағында қақ жарылып тұрған жендет­тер таяқтың астына алды. Бірінің қолында қамшы, бірінің қолында қайыс айыл, бірінің қолында жуан ағаш бар. Бытырлатып сабады. Ес-түсімді білмей, жығылып қаппын. Есімді жисам, жарылған қабағымнан қан сорғалап, тергеуші бөлмесінде жатыр екенмін. Ол өңмеңдеп келді де, тағы бірдеңелер сұрады. Басымды шайқадым. Ысқырып қалды. Бөлмеге жаңағы жендет­тер топырлап кіріп, төпелей жөнелді. Қайта талып қалдым. Есімді ауылдың кішкентай ауруханасында жидым. Укол салған дәрігер: «Көзің ағып кетпей, аман қапты», – деді. Сондай қиын күндердің бірінде, күздің қара суығында белуардан су кешіп жүріп, тоған қаздық. Түскі уақыт­та бір кісінің үйінен ас-ауқат іштік. Сол үйдегі апа маған қайта-қайта қарай берді. Ел жиналып, сыртқа шыға бастағанда жаныма келіп: «Қарағым, жас бала екенсің, өткендегі жігіт құсап ақымақтық жасаушы болма. Өзіңді сақта, тілеуің алдыңда», – деп сыбыр ет­ті. Ауыр азап пен мехнатқа, қорлық пен құқайға шыдамай алдында ғана бір жігіт өзіне қол салып, асылып өлген болатын. Апаның соны меңзегенін түсіндім.
Жаныма түскен жара жазылмаса да, тәніме түскен жара жазылды. Ауданнан құдайға қараған бір басшы келіп, түрмеден де босат­ты. Сонау елу сегізде басталған зобалаң жетпіс алтыншы жылы сәл саябырлағандай болды. Жетпіс сегізде Нұрсал, Кітапбай, Мүтәй аталарың бастаған кісілер түрмеден босап, елге аман оралды. Ертерек ел басқарып, қырқыншы жылдардың басында тұтқындалып, Үрімжі түрмесінде шейіт болған Жандарал қажы, кейін ұсталған Жүкей аталарыңның сүйегі қайда қалғаны да белгісіз…

Өмірдің мәні

Өзім бірсыдырғы, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңесі жоқ тірлік кешіп жатқаннан болар, бәлкім. Әкейдің татқан дәм, ішкен су, кешкен тағдырын сүрген ғұмырына шашып жіберсем, сексен жылға симайтындай көрінеді маған. Философтардың «өмірдің мәні» деп талдап, талқылап, айтқан ақыл, жазған кітаптарынан осындай ғұмырбаянды мысалға алатынын талай оқыдым. Әкей де «жайдақ тартып суалмай» жақсы өмір сүріпті. Қартайғанда зейнет көрді. Сонша сөз шығын қылғанда айтқаным – ақсақалдың кешкен ғұмыр, басқан жолының бірер парасы ғана. Боғданың баурайында туып, Алтайда есейіп, Жетісудың топырағы бұйырған қайран қарияның болмыс-бітімін, мінезін ашуға қол шорқақ, тіл шабан болды.

Әкейді соңғы сапарына шығарып, жетісін өткеріп үйге келгенде, алтыншы сыныпта оқитын қызым: «Атам әкесі қайтыс болғанда жыламапты деп айтып едің, сен жылап қалдың ғой», – деді. «Атаңдай болу қайда», – дедім. Өмір көрмеген бізде «барға разы, жоққа сабыр» болмыс қайдан болсын. Ағайын­ды тоғыздың соңғысы, көненің көзі жұмылғанда көңілде шер толқығаны рас.

qazaqadebieti.kz

author

Ырысбек Дәбей

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...