2018 жылғы №6 санынан бастап журналдың атауы латын қарпімен басылып, жаңа логотиппен және жаңа дизай...
Антон Чехов. Тынышсыз қонақ (әңгіме)
Аударған А.Елшібеков
Орман күзетшісі Артемнің қисайған жатаған үйіндегі үлкен қоңыр иконаның түбінде екі кісі отыр, біреуі беті егде тартқан адамның бетіндей қатпар-қатпар, шоқша сақалды, әрі аласа, әрі арық. Бұл - Артемнің өзі. Екіншісі - аяғында сазға киетін үлкен етігі мен үстінде қырмызы жаңа көйлегі бар, жол-жөнекей келіп отырған бойшаң, жас аңшы жігіт. Олар үш аяқты кішкене үстел басындағы отырғышқа жайғасқан, үстелде бөтелкенің аузына тығып қойған май шам сықсиып жанып тұр.
Тыста түн қараңғысында алай-дүлей дауыл соқты; әдетте күн күркіреп, найзағай ойнар алдында табиғат осылай буырқанушы еді. Жел ышқына ұлып, иілген ағаштар ауру адамдай ыңыранады. Терезенің бір әйнегі қағазбен жапсырулы екен, үзіліп түскен жапырақтардың сол қағазға тиіп, тырсылдағаны естіліп тұр.
Артем аңшыға, қорыққан кісідей кірпік қақпай қарап, баяу, жіңішке дауыспен ақырын ғана сөйледі:
─ Құдайдың пендесі - саған мынаны айтамын, мен қасқырдан да, аюдан да, аңдардың қай-қайсысынан да қорықпаймын, тек адамнан қорқамын. Мылтық пен қаруың болса, аңнан құтыласың, ал бұзық адамнан құтылар амалың жоқ.
─ Әрине! Аңды атуға болады, ал қаныпезерді атып көр, өзің пәлеге қаласың, Сібірге айдаласың.
─ Мен мұнда орман күзетшісі болып отыз жылдай қызмет істеп келемін, бұзық адамдардан көрмеген қорлығым жоқ, айтуға тіл жетпейді. Ондайлардың талайы болды мұнда. Үй орманның аңғарында, жол даңғыл, сондықтан, міне, бұл оңбағандар келеді де тұрады. Нағыз бір бұзығы кіріп келеді де, бөркін шешіп шоқынбастан - ақ тура өзіңе: "Анаусың - мынаусың, нан әкел" деп жармасады. Нанды қайдан табайын саған? Қай жолмен, қай жөнмен? Өткен-кеткен маскүнемге тамақ ұсынатын мен бір сондай миллион сапырған бай ма екенмін? Олардың, әрине, бұзықтықтан көзі қанталап кеткен ол оңбағандардың мойнында кресі де жоқ... көп найқалып тұрмай: "Әкел нанды!" деп, жақтан салып кеп жібереді. Амал қанша, бересің нанды... Өйткені, ол антұрғандармен төбелесіп жатпайсың ғой! Кейбіреуінің жауырыны сала құлаш, жұдырығы мына етігіңдей, ал менің тұлғамның қандай екенін өзің көріп отырсың. Мені шынашақпен ұрып жығуға болады... Сонымен оған наныңды бересің, ол тойып алып, төсекке шалжиып жата кетеді, ал саған ешбір рақымы жоқ. Олардың ішінде "Айт, ақшаң қайда?" деп ақша сұрайтындары да болады. Менде ақша қайдан болсын? Аңшы мырс етіп:
─ Өзі орман күзетшісі болсын да, ақшасының болмағаны қалай! Ай сайын жалақы аласың, оның үстіне жасырып ағаш та сататын шығарсың? - деді.
Артем аңшыға көзін аларта сескене қарап, құйрығын шошаңдатқан сауысқанша, шоқша сақалын шошаң - шошаң еткізіп:
─ Маған мұндай сөздерді айтуға сен әлі жассың. Тап осы сөздерің үшін құдай алдында жауап бересің. Сен өзің кім боласың? Қай жақтансың? - деді.
─ Мен Вязовкаданмын. Нефед старостаның баласымын.
─ Мылтықпен әуес екенсің... Жастық шағымда мен де мұндайға әуес едім. Солай... Ой, ауыр-ау күнәміз! - деп Артем есінеп қойды. - Бір бәле! Дұрыс адамдар аз, құдай көрсетпесін, жауыздар мен қанішерлер қанша десеңші! - деді сәлден кейін.
─ Сен менен де қорқатын сияқтысың ғой...
─ Міне, саған керек болса! Сенен қорқатын нем бар! Көріп отырмын... түсініп отырмын... Сен кірдің де, олай - бұлай емес, тиісті ретімен шоқындың, бас иіп сәлемдестің... Мен түсінемін... Саған нан беруге де болады... Мен салт адаммын, пеш жақпаймын, самаурынды сатып жібергенмін... жарлы болған соң ет, тағы басқа оны-мұны ұстамаймын, ал нан керек болса - қош келіпсің.
Сол кезде отырғыштың астынан бірдеме ыр - р ете түсті де, іле-шала пысылдаған оқыс дыбыс естіле қалды. Артем селк ете түсіп, аяғын жинап ала қойып, бұл немене еді дегендей, аңшыға жалт қарады.
─ Менің итім ғой, сенің мысығыңа ырылдап жатқан, - деді аңшы. - Ой, құрғырлар! Куш!1Көрерсіңдер бірдеңені! - деп ақырып қалды ол отырғыштың астына. - Мысығың неткен арық еді, жарықтығым! Құр сүлдері, үрпиген жүні ғана қалыпты ғой, - деді тағы.
─ Кәрі мысық, өлер шағы да жетті... Солай, сен Вязовкаданмын дейсің бе?
─ Тамақ бермейтін көрінесің бұған. Мысық болғанымен бұл мақұлық қой... Мұның да кеудесінде жаны бар емес пе?
Артем аңшының сөзін тыңдамаған кісіше:
─ Вязовкаларың да оңып тұрған жоқ. Бір жылдың ішінде шіркеуді екі рет тонап кетіп отыр... Бар-ау, мұндай діннен безгендер, пендеден ғана емес, тіпті құдайдан да қорықпағаны ғой бұл! Құдайдың мүлкін ұрлап жүргені! Мұнысы үшін дарға асудың өзі аз! Бұрынғы заманда мұндай жауыздарды губернаторлар жендетпен сазайын тартқызушы еді.
─ Дүре салсаң да, соттасаң да, қалай ғана жазаласаң да онан түк өнбейді. Бұзық адамның сорақылығын ұрып қойғыза алмайсың.
Орман күзетшісі жүрексіне күрсініп:
─ Өзің сақтап, есіркей гөр, жасаған! Арам пейілді, қас - дұшпандардан аман сақтай гөр! Өткен жетіде Воловьи Займищиде бір шалғышы бір шалғышыны кеудеден шалғымен шауып, өлімші қылып тастапты! Кеден кеден болды, кеден неден болды десеңізші, билік өзіңде ғой, пәруардигар! Әлгі шалғышы кабактан шығып келеді екен... ішіп алған. Оған басқа бір шалғышы кез болады, ол да қызып алыпты...
Ұйып тыңдап отырған аңшы селк етіп, мойнын соза, құлағын тіге түсті. Орман күзетшісінің сөзін бөліп:
─ Тұра тұр. Біреу айғайлаған сияқты болды... - деді.
Аңшы мен орман күзетшісі қап-қараңғы терезеден көз айырмай, тың тыңдай қалды. Құлақ тіге тыңдағанда қандай дауылда болсын естіліп тұратын дыбыстар орманның у - шуымен араласып кеткен, сондықтан, әлде біреу-міреу ара түсуге шақырды ма екен, әлде мұржада желдің ұлығаны ма екен - ол арасын айыру қиын еді. Бірақ үйдің шатырын жұлып кете жаздап, терезенің қағазын сабалап, жел тағы бір ышқына ұйтқығанда "Аттан!" деген айғай ап-анық естілді.
─ Кімді айтсаң - сол дегендей, көрдің бе, сенің қанішерлеріңді? Тонап жатыр біреуді! -деді аңшы өңі қуара орнынан атып тұрып.
─ Құдай-ай, сақтай гөр! - деп сыбыр ете түсті орман күзетшісі өңі қуара орнынан тұрып жатып.
Аңшы терезеден тысқа қарады да, сенделіп әрлі-берлі жүре берді.
─ Түннің қараңғылығын көрдің бе! Көзге түртсе көргісіз! Нағыз кісі тонайтын кез. Естідің бе? Тағы айғайлады! - деп күбір етті ол
Орман күзетшісі иконаға бір қарап, көзін аңшыға аударды да, тұтқиыл бір хабар естіп шошыған кісідей әлсіреп, отырғышқа сылқ етіп отыра кетті.
─ Тәңірдің шын пендесі! Ауыз үйге барып, есікті бастырықпен бекітіп келсең болар еді! Жарықты да сөндіру керек болар! - деді жыламсырап.
─ Не үшін?
─ Жаман айтпай жақсы жоқ, кіріп кетер мұнда... Әй, ауыр ғой күнәміз!
─ Көмекке бару керек болып тұрса, сен есікті бастырықпен бекітпексің! Көрдің бе пысығын! Бармаймыз ба?
Аңшы мылтығын асынып, бөркін алды.
─ Киін, мылтығыңды ал! Әй, Флерка, кә! Флерка! - деп дауыстады итіне.
Отырғыштың астынан сеттер мен жай иттің буданы тәрізді ұзын құлақ бір ит шықты. Ол иесінің жанына келіп, бір керілді де, құйрығын бұлғаңдата бастады.
─ Не қылып отырсың сен? Бармайсың ба әлде? - деп аңшы ақырып қалды орман күзетшісіне.
─ Қайда?
─ Көмек көрсетпейміз бе!
─ Қайдан барайын мен! Құдай көмектессін оған! - деп тұла бойы бүрісіп, қолын бір-ақ сермеді орман күзетшісі.
─ Неліктен барғың келмейді сенің?
─ Осындай қорқынышты әңгімеден кейін мен енді қараңғыда аяғымды аттап та баспаймын. Құдай сақтасын! Онан соң, орманды көрмеп пе екенмін?
─ Неменеге қорқасың? Әлде, мылтығың жоқ па? Жүр, тілеуіңді берсін! Жалғыз баруға қорқынышты, екеу болсақ, бірімізге - біріміз ес боламыз! Естідің бе? Тағы айғайлады! Тұр!
─ Мені кім деп тұрсың, сен жігіт! Өлімге бас тігетін бір ессіз ғой дейсің бе? - деп міңгірледі орман күзетшісі.
─ Сөйтіп, сен бармайсың ба?
Орман күзетшісі үндемеді. Адамның айғайын естіген ит қыңсылап, үріп қоя берді.
─ Барасың ба деймін? - деп қатулана көзін адырайтып, ақырып қалды аңшы.
Орман күзетшісі тыржия:
─ Жабысып болмадың - ау, құдайдың құдіреті! Бар өзің! - деді.
─ Өй... сілімтік! - деп аңшы зірк етті, есікке қарай аяңдап. - Флерка, кә! - деді іле-шала.
Ол есікті шалқасынан ашық тастап шығып кетті. Үйдің ішіне жел уілдеп қоя берді. Шамның оты лап етті де, өшіп қалды.
Орман күзетшісі аңшының соңынан есікті жапқысы келіп шыққанда, найзағай жарқ етіп, орман аңғарындағы шалшық, таяу тұрған қарағайлар және кетіп бара жатқан қонақтың тұлғасы көрініп қалды. Алыста күн күркіреді.
Орман күзетшісі жуан бастырықты үлкен темір ілгекке жалма-жан сұғып жатып:
─ Астапыралла, астапыралла, астапыралла... Күннің мұндай болуы да құдайдың құдіреті -ау,- деп сыбырлап қойды.
Үйге қайтып кіріп, сипаланып жүріп пешін тауып алды да, үстіне шығып, басын тұмшалай жамылып жатып қалды. Тон жамылып, құлағын түріп жатқанымен, ол енді адам затының айғайын естімеді, бірақ оның есесіне найзағайдың гүрілі күшейе түсті. Жел айдаған қатты жаңбырдың терезенің әйнегіне тасырлата соққаны айқын естіліп жатты.
Аңшыны үсті-басы су болып, томарларға сүрініп - қабынып жүр ғой деп ұйғарып: "Өзін бір түлен түртті! Зәресі ұшып, тісі - тісіне тимей жүрген шығар!" деп ойлады.
Он минут өтер – өтпестен - ақ біреудің келе жатқан тықыры, іле-шала есіктің қатты қағылғаны естілді.
─ Бұл кім? - деп дауыстады орман күзетшісі.
─ Бұл менмін. Аш! - деген аңшының даусы естілді. Орман күзетшісі пештен сырғып түсіп, сипаланып жүріп шамды тауып жақты да, есікті ашты. Аңшы да, оның иті де малмандай су болған екен. Олар қалың қатты жаңбырдың астында қалыпты, енді үстінің суы сығылмаған шүберектің суындай сорғалап тұр.
─ Не екен ол? - деді орман күзетшісі.
─ Бір қатын арбамен келе жатыр екен, басқа жолға түсіп кетіпті... - деді аңшы аптығын баса алмай. - Шытырманға кіріп кетті, - деді тағы.
─ Қарашы, ақымақты! Қорыққан екен онда... Қалай, оны жолға алып шықтың ба?
─ Жауап қайырғым келмейді, сендей арамға.
Аңшы су бөркін отырғышқа тастап жатып:
─ Сені енді былай деп білемін, сен нағыз оңбаған, жаман адам екенсің. Өзі күзетші болып жалақы алады-ау әлі! Жексұрын, барып тұрған жексұрын, - деді.
Орман күзетшісі жазықты адамның жүрісімен сүйретіле басып, пешке барып, тамағын бір кенеп алып, жата кетті.
Аңшы отырғышқа отырып біраз ойланды да, су күйімен отырғыштың ұзын бойына құлай кетті. Біраздан соң шамды сөндіріп, орнына қайта жатты. Найзағай қатты бір шатырлап өткен кезде ол аунап түсіп, бір түкіріп тастады да:
─ Қорқады бұл.. Ал ол қатынды бауыздап жатса ше? Оған ара түсу кімнің ісі? Жасы біразға келген тақуа өзі... Шошқасың, басқа түк те емессің, - деп кіжінді.
Орман күзетшісі тамағын кенеп, терең бір күрсінді. Флерка қараңғыда қатты бір сілкінгенде, үстінің суы жан - жаққа шашырады.
─ Ол қатынды бауыздап кетсе, бар күнәң аздай, ол сенің ойыңа кіріп те шықпас тегінде? Сенің мұндай екеніңді, құдай ұрсын, білген жоқ едім... - деді аңшы.
Төңірек тым-тырыс. Түнерген бұлт ауып, күннің күркірегені енді алыстан естіліп тұрды, бірақ жаңбыр әлі себелеп жауып тұр.
Аңшы тыныштықты бұзып:
─ Ал, айталық, қатын емес, сен аттан салсаң ше? Ешкім ара түсуге жүгірмесе, жақсы болар ма еді, сен торт аяққа? Қараң өшкір, сенің оңбағандығың мені сондай ыза қылды! -деді.
Соның артынша, ұзақ тағы бір үзілістен кейін:
─ Жұрттан қорқады екенсің, онда сенде ақша бар екені рас! Жарлы адам қорықпайды... -деді аңшы.
─ Дәл осы сөздерің үшін құдай алдында жауаптысың... Менде ақша жоқ, - деді Артем қырылдап.
─ Иә, солай шығар! Арам адамдарда ақша әрдайым болады... Әйтпесе сен жұрттан неге қорқасың? Олай болса, ақшаң бар! Асылы, сенің түсінуің үшін, осы сені қасақана тонасам ба екен!..
Артем дыбысын білдірмей, пештен түсіп, шам жағып, иконаның астыңғы жағына келіп отырды. Өңі қашып, аңшыдан көзін айырар емес.
─ Қажет деп тапсам, тонаймын да кетемін! Қалай ғой деп едің? Сен сияқтыларды үйрету керек! Айт, қайда тықтың ақшаны! - деді тағы аңшы орнынан көтеріле.
Артем аяғын астына басып, көзін жыпылықтатты.
─ Неменеге бүрісесің? Қайда тықтың ақшаны? Әлде тілің жоқ па сен қудың? Неге үндемейсің?
Аңшы ұшып тұрып, орман күзетшісінің қасына келді.
─ Көзін байғұстай бағжитуын! Әкел ақшаны, әйтпесе атамын!
─ Соншама неменеге жабыса қалдың? - деп орман күзетшісі безек қағып, екі көзінен жас ыршып-ыршып кетті,- Не себепті? Бәрі құдайға аян! Осы сөзің үшін құдай алдында жауаптысың. Менен ақша сұрап қысымдық жасауға қақың жоқ! - деді орман күзетшісі.
Артемнің жылаған жүзіне қарап, аңшы тыржия үйдің ішінде ерсілі-қарсылы жүрді де, жүзі қатуланып, бөркін баса киіп, қолына мылтығын алды.
─ Е - ей... саған қарасам өзінен-өзі жүрегім айниды! - деді ол тістеніп. - Көргім келмейді сені! Бәрібір сенің үйіңде түней алмаймын. Осы көргенім де жетер! Әй, Флерка! - деді итіне.
Есік гүрс етті - тынышсыз қонақ итін ертіп шығып кетті... Артем ілесе шығып есігін бекітіп алып, шоқынды да жатып қалды.
1886