27 қыркүйек күні, сағат 16.00-де Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында ақын, аудармашы...
«Тарихи тақырыптағы құнды шығармалар бізде әлі аз»
Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 60-жылдары келген буынның орны ерекше. Бұл — алғашқы қадамдарына Мұхтар Әуезовтің өзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп, айрықша қуанған, әдебиетімізді айрықша байытып, оны әлем мойындаған бүгінгі биігіне көтерген буын.
Осы буынның көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлы жуырда біздің редакциямызда қонақта болды.
Айтып өткіміз келеді, Ақтөбе топырағынан шыққан қаламгерлердің арасында бүгінге дейін екі адам ғана Мемлекеттік сыйлықтың иегері атаныпты. Біріншісі — Тахауи Ахтанов. Ол 1966 жылы «Дала сыры» повесі (кейіннен толықтырылып, «Боран» романына айналған) үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын иемденді. Ал Қажығали Мұханбетқалиұлына 2014 жылы «Тар кезең» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. «Тар кезеңнің» басты кейіпкері — қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы күресінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі, би әрі батыр Сырым Датұлы.
Біз жазушыны редакция қонағы ретінде әңгімеге тарттық.
— Сізді көргенде әрдайым Байғанин топырағынан шыққан таланттар шоғыры есіме түседі. Маған бұл — ерекше құбылыс және оның өзіндік бір себеп-сыры бар секілді сезіледі де тұрады?
— Тап олай деп айтуға, яғни ерекше құбылыс деуге келмес. Иә, туған өңірім — Байғанин ауданынан Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев, Мәди Айымбетов, Жақсылық Айжанов сынды қазақтың қаламгерлері шықты. Олардың арасынан ең алдымен танылғаны да, аса таланттысы да Сағи ақын еді. Сағи поэзия көгінде бірден жарқырап көрінді де, еш төмендемей, сол биігінде мәңгі қалды. Ақтөбеде қазір Сағи Жиенбаевтың атында облыстық кітапхана бар. Осыған меніштей қуанып жүремін.Ақын өзіне лайық құрметке ие болса, неге қуанбасқа?!.
Тобық Жармағамбетов те алғашқы шығармаларымен әдебиет сүйер қауымды өзіне жалт қаратып еді, бірақ өмірден ерте кетті де, бар қабілет-қарымын паш ете алмады. Ал Өтежан бастаған ақындар легінің деңгейі өздеріңізге мәлім…
— Сіздің буынның әдебиетіміздің бүгінгі биігіне қосқан үлесі зор. Сіздер әдебиетке үлкен бір дайындықпен келген секілдісіздер. Мысалы, сіз бала кезіңізде кімдерді оқып өстіңіз?
— Мен, негізінен, әлем әдебиетінің жауһарларын—Даниель Дефоның «Робинзон Крузосы», Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» шығармасы, Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны» сынды туындыларды оқып өстім. Ол кезде әлем әдебиетінің классикасы қазақ тіліне көп аударылды. Оның үстіне, аудармашылар да жақсы болды. Олар қазақ тіліне барынша жақын, ұғымға сіңімді аудармалар жасады.
Расында, біз — бас алмастан оқып өскен буынның өкілдеріміз. Кітапқа өте құмар болдық, ауылдың кітапханасына келген кітаптарды жарысып оқитынбыз. Бір жағынан, біздің санамызға: «Жұрт қатарына қосыламын, адам боламын десең, оның жолы біреу — оқу» дегенді әбден сіңіріп тастаған, соның да ықпалыболса керек. Әйтеуір өзімнің болашағымды айқындап, әдебиетші болуыма әсер еткен осы оқу деп білемін.
— Ал Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді сіздер мектеп қабырғасында оқи алдыңыздар ма?
— Жоқ, оқи алмадық. 1958 жылы мектеп бітірдім. Ол — 16-ға толар-толмас кезім. Сол жылы ма екен, әлде келер жылы ма екен, қолыма Бейімбет Майлиннің кітабы тиді. Бәлкім, ақталғаннан кейін жарыққа шыққан бірінші кітабы болар? «Шұғаның белгісін» алғаш оқығанда, қатты тебірендім. Егер Бейімбет Майлин 37-жылдың қырғынына ұшырамай, егер «халық жауы» деген жаламен атылған жазушының шығармашылығына «қара құлып» салынбай, біз Бейімбеттің шығармаларымен тәрбиеленіп өскен болсақ, қазақ прозасы әлдеқашан өркендеп, басқа деңгейге көтерілген болар еді. Бейімбеттің өлімі қазақ прозасының өркендеп-дамуын 50 жылға кейін шегіндірді.
— Елу жыл?
— Бейімбет Майлин 20 жылдан кейін ақталды. Бірақ, әңгіме әдебиет туралы болғанда, уақытқа басқа өлшеммен қарау керек. Расында, біз көп кейін «шегіндік». Мен қайталап айтайын: егер біз Бейімбетті ертерек оқып, соның рухында тәрбиеленіп өскенімізде, қазақ прозасы қазіргі биігінен әлдеқайда озып кеткен болар еді.
— Қазақ жазушыларының арасынан кімдерді жоғары бағалайсыз?
— Өзім сүйіп оқитын, жоғары бағалайтын қазақ жазушыларының қатарында Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Молдахмет Қаназдарды атар едім.
— Молдахмет Қаназға кеңірек тоқталсаңыз… Өйткені оқырман қауым оны көп біле бермейді.
— Танымалдылық талантпен үнемі қатар жүре бермейді. Таланты кем болса да, өңмеңдеп алға ұмтылуды жақсы білетін, өлермен біреулер туралы баспасөз, теледидар, сыншылар тоқтамастан айтса, ол ең танымал адамға айналып шыға келеді. Бұған мысал көп. Ал тамаша туындылар жазған, бірақ өз шығармашылығын «жарнамалауды» білмейтін, пысықтығы жоқ жазушылар елеусіз қалып қойып жатады. Молдахмет Қаназ — осы топтағы жазушы. Ол — нәзік те шынайы суреткер. Бірақ оның шығармашылығы туралы ешкім ештеңе жазбады. Сондықтан бір күні осы тақырыпты өзім қозғадым, Молдахметтің шығармашылығы туралы «Әлдеқашан айтылатын сөз еді…» деген мақала жаздым. Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Талантты өлтірудің жолы көп, соның ішіндегі ең сұрқия тәсіл — ол туралы ештеңе айтпау», — деген сөзі бар. Сол айтқандай, ешкім үндемесе, талантты адамға обал ғой? Мен, мысалы, Молдахмет Қаназдың «Қияндағы күн нұры» хикаятын классикалық туынды деп бағалаймын.
Бізде Молдахмет Қаназдан да басқа, керемет туындылар жазған, бірақ насихатталмай қалған, сондықтан жұрт біле бермейтін жазушылар бар.
— Жалпы, әдебиетіміздің беталысы, кейбір келеңсіздіктер, сонымен бірге жекелеген жазушылар, олардың шығармалары туралы сіз бірсыпыра мақала жаздыңыз, сұхбаттарыңызда да өз пікіріңізді ашық, батыл айтып келесіз. Бұрын айтқан пікіріңізден айныған тұсыңыз бар ма?
— Әдебиетке, қаламгерге не шығармаға қатысты сөз қозғағанда, әбден зерттеп, біліп барып айту керек. Ал өзің біліп, шындығына әбден көз жеткізіп айтқан дүниеңнен бас тартуға болмайды. Өмір бойы осы ұстанымды ұстанып келемін.
— Суреткер ретінде сіз өз заманыңыздың келбетін айшықтадыңыз, сонымен бірге тарихи тақырыпқа да қалам тербедіңіз. Қайсысын жаныңызға жақын сезінесіз?
— Айналаңнан, өзің өмір сүріп жатқан заманнан алынған шығарма болсын немесе тарихи шығарма болсын, қай-қайсысы да тек шындықты, ақиқатты арқау етіп, жаныңа сонысымен жақын, сонысымен қымбат болуы керек.
Меноқырмандарға алдымен әңгіме жанры арқылы жол тарттым. Алғашқы әңгімем «Жөке атай» аталған еді. Ол 21 жасымда жарыққа шығыпты. Әңгіменің кейіпкері — жалғыз ұлы соғыста жоқ болған қария. Біздің, яғни соғыс тұсында дүниеге келген буынның ес білгенде көргеніміз — жесір мен жетім, артында қалар ұрпағын соғыс жалмап, үміті біржола өшкен қарттар, майданнан қол, аяғынан айырылып, жарымжан болып оралған қамкөңіл жандар. Титтей кезімізде дүние сондай бір мұңлы қалыпта көкірегімізге «көшті» де, ең алғаш қолға қалам алғанда, қағазға сол мұңлы бейнелерді, олар шеккен қасіреттерді түсірдік. Бастапқы шығармаларымның бәрі — өмірдің өзінен алып жазылған дүниелер.
Ал кейін «Тар кезең» романын қолға алғанда, мен тура 20 жыл уақыт әдебиеттен жоғалып кеттім. Мархабат Байғұтов мен туралы «Жиырма жыл жоғалған жазушы» деген мақала да жазды. Сырым Датұлы — қазақ тарихындағы ұлы тұлға. Ол басшылық еткен ұлт-азаттық көтеріліс — 14 жылға созылған үлкен оқиға. Сонау кеңес заманынан бастап қазақтың тарихы қанша рет жазылып шықса, әрдайым соның бір тарауы Сырым батырға арналып келді. Сондықтан ол туралы жазу оңайға түспейтіні түсінікті, ең алдымен,«Қалай жазамын?» деп те көп ойландым. Тарихты, әрине, тек қана тарихи деректерге сүйеніп жазасың. Дерекке жүгінбесең, ол заманның шындығын қайдан аласың? Сондықтан архивтерді аралап, асықпай дерек жинауға тура келді. Мен Сырым батырдың ізімен жүре отырып, Ташкент, Самарқант, Хиуа, Үргеніш, көне Үргеніш жағын шарлап шықтым. Ресейдің, Өзбекстанның архивтерінде көп жұмыс істедім. Архивте жұмыс істеу оңайға соққан жоқ. Мысалы, Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыс1783 жылдан 1797 жылға дейін, жоғарыда айтқанымдай, 14 жылға созылған болса, соның әр жылында 10-12 мың іс тіркеліп отырған екен. Ал кейін патшаның бұйрығы бойынша, архивтегі құжаттар «реттелген» кезде, өз қитұрқылықтарын жасыру мақсатында, сол істердің басым бөлігін жойып жіберген. Қазір кезінде тіркелген әр жылдағы мыңдаған істен тек 300-400-дің шамасында, ең көп дегенде, 450 іс қана сақтаулы тұр. Сөйтіп, бір оқиғаның басы бар да, соңы жоқ — қалай аяқталғаны белгісіз; немесе соңы бар да, басы жоқ — неден басталғаны белгісіз, кілең жұмбақ болған да қалған. Қайткенде сол оқиғаның қалай өрбігенін анықтауға септігі тиетін бір дерек табу, бас-аяғы жоқ деректерді жүйелеу үшін тағы бір ізденіс бастайсың… Осы ізденіс көп уақыт алып, романның жазылуы ұзаққа созылып кетті. Ал романды жазғанда жиналған деректердің тек бір бөлігін ғана пайдаландым. Бәрін қамту мүмкін болмады.
Романның бірінші тарауы 1992 жылы «Жалын» журналының желтоқсан айындағы санына шыққан еді. Негізі, сол кезде бастапқы тарауды ешқайда ұсынбау керек еді.
— Неге?!
— Өйткені бастапқы тарауды бітірген соң, басқасы да әне-міне біткелі тұрғандай көрінеді екен. Алдағы қыруар жұмысты болжамай, тез арада жазып тастайтындай көріппін. Кейін архивтен архив аралап кеткенде, бір жағынан, жұртты алдап жүргендей де қуыстандым. Өйткені жазып жүрмін дегенмен, жарыққа шығып жатқанештеңе жоқ қой?Бұл да өзіме ауыр тиді.
— 2012 жылы «Тар кезең» жарыққа шыққаннан кейін, мерейтойыңызға байланысты Ақтөбеде өткен кеште сіздің: «Егер осы кітапты бітіріп, баспадан шығарып үлгермегенімде, «жазушымын» деп, алдарыңызға келмеген болар едім» — дегеніңіз есімізде қалды…
— Расында да, солай ғой. Менің басты шығармам — осы «Тар кезең». «Тар кезең» жазылмаған болса, қазақтың әдебиетіне нендей үлес қостым дер едім?
— Ал о баста осы еңбекті қолға алғандағы басты мұратыңыз не еді?
— Расы керек, біз тарих туралы көп толғанамыз, өйткені халқымыз ғасырлар бойы жаттың езгісін көрді, көп азап шекті, азап шеге жүріп, отарлаушыларға қарсы үздіксіз күресті. Ата-бабаларымыз о бастан тек азаттықты ғана мұрат тұтты, ал соның жолында қаншама қан мен тер төгілді? Қазір осыны жоққа шығарғысы келетіндер бар. Ол бір сырт елде сайрап жүрген, жат адамның сөзі болса, бір сәрі-ау. «Тәуелсіздік бізге еш күрессіз, еш шығынсыз, аспаннан түсе қалды» — деп «көсіле» жөнелетіндер өз арамызда да бар. Сондықтан бізге өзіміздің шынайы тарихымызды, шыбын жанын шүберекке түйіп, патшаның отарлау саясатына қарсы шыққан, ат үстінен түспей, бүкіл саналы ғұмырын сол жолға арнаған күрескер тұлғаларымызды көбірек айтып-жазып, көрсете беру керек. Көздегенім — осы. Бұл, әрине, мен немесе жалпы берідегі жазушылар бастаған жол емес. Өзінің күрескер перзенттерінің есімдерін есте сақтау, кейінгіге жеткізужайын халық әуелден-ақ ойлаған, жыр-дастандар шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа таратып келген.Мен сол істі жалғастыруға шама-шарқымша өзүлесімді қосуға ұмтылдым.
ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан «Исатай-Махамбет» дастанын Ығылман Шөрекұлы: «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар», — деп бастаған. Өте терең айтылған, зор мағыналы осы сөз маған маза бермеді. Ел қамын жеген тұлғаларды ескерусіз қалдырмау — қолына қалам ұстаған жанның бір парызы. «Тар кезең» — сол парызды өтеу жолындағы қадам еді.
— Романды жазу барысында жиналған деректердің басым бөлігі шығармаға енбей қалғанын айттыңыз. Оларды да жарыққа шығару жағын ойладыңыз ба?
— «Тар кезеңді» жазған кезде, қайткенде де халықтың, кейінгі ұрпақтың қажетіне жарайтын туынды жазу керектігін бір сәт есімнен шығармауға тырыстым. Қолымдағы әр дерек тек сол мақсатқа қызмет етуі тиіс еді. Шығарманың көркемдік тініне сіңбейтін деректі, өзім қанша жерден ұнатып тұрсам да, романға енгізбеу керек деп шештім.
Сөйтіп, көп дерек романнан тыс қалды. Ол деректердің ендігі «тағдырын» қазір нақты айта алмаймын. Өз алдына жеке бір әңгіме не хикаятқа айналып кетулері де мүмкін. Ол жағын Алла біледі.
— Қазір қазақ қаламгерлерін «тарихты көп шиырлап кетті» деп кінәлайтындар да бар.
— Халық өзін-өзі тану, өзін-өзі ұғу үшін өткенін білуі керек. Сондықтан ешқашан «тарих көп жазылды» деуге болмайды. Меніңше, керісінше,бізде тарихи тақырыптағы құнды шығармалар әлі аз.
Қазақта тарихи шығармалар жазудың бастауында тұрған қаламгер — Ілияс Есенберлин. Бірақ кезінде оның шығармаларының асығыс жазылғанын ескеру керек. Ғасырға жуық уақытты қамтитын тарихты бірнеше бетке сыйғызып жіберген. Оқып отырсаңыз, бірнеше бет емес, бір-бір роман арнауға болатын оқиғалар! Халқымыз өте күрделі, тар кезеңдерді басынан көп өткерді. Тарихымыздың бүгінге дейін әдебиетте айтылмай, жазылмай жатқан тұстары көп. Сол олқылықтың орнын толтыру үшінбізге әлі де тарихи шығармалар, соның ішінде кесек туындылар керек-ақ.
— Кесек туынды демекші, сіз роман жазуға кіріскен кезде, «Қалың кітап болып шығатын шығармалардың күні өтті, романдар енді оқылмайды» деген пікір белең алған еді. Мұндай әңгімелер сізді қобалжытқан жоқ па?
— Қобалжытқан жоқ. Мен «көлемді шығармалар оқылмайды» деген пікірді о бастан-ақ қабылдамаған адаммын. Оқырман шығарманы ұнатса, оның көлеміне қарамайды. Қытайдың Нобель сыйлығын алған жазушысы Мо Янь: «Оқитын оқырман мың беттік шығарма болса да оқиды, ал оқымайтын адам он беттік әңгімені де оқымайды», — деген. Ең бастысы, оқырманның көңілінен шығатын, оны өзіне тарта алатын дүние жазу керек.
— Өткенге көз жібергенде, «осыны жазбадым-ау, осы тақырыпты дер уағында қозғамадым-ау» деп өкінетін тұстарыңыз бар ма?
— Біз кезінде көп уақытымызды шығармашылыққа арнамай, текке өткізіп алдық. Мен соған қатты өкінемін. Әрине, біз шығармашылықты бәрінен жоғары қойдық. Сөйте тұра, соның жолында жүйелі жұмыс істеу керектігін ескермедік. Жалпы, мен білген жерде, қазақ әдебиетінде жүйелі түрде жұмыс жасаған санаулы ғана адам бар. Солардың бірі — Қадыр Мырзалиев. Прозада Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаев жүйелі түрде шығармашылықпен айналысты. Әбіш қандай үлкен қызметте жүрсе де, шығармашылықтан қол үзбеді.
Өмірінің соңғы жылдарында Қадыр Мырзалиев бізге осы жайтты жиі айтып, «Басқаның бәрі — бос нәрсе, шығармашылық адамы, қайткенде де, бірінші орынға шығармашылықты қоюы керек. Сонда ғана діттеген мақсатыңа жетеді екенсің» — дейтін.
«Тар кезең» романын жазып жүрген жылдарда өзімді толғандырған дүниелерді «кейін жазамын» деп, дәптеріме түртіп ала беріппін. Бір 20-30 әңгіменің тақырыбы, кейбірінің сюжеті тұр… Бірақ, алдымен үлкен шығарманы бітіріп алып, басқасына содан кейін кірісу керек деген оймен, оларға көңіл бөлмедім. Ал роман аяқталғаннан кейін, араға шамалы уақыт салып,«Не ойлап едім?» деп, манағы дәптердегі түрткен жазбамның әрқайсысына бір үңілемін, есіме ештеңе түспейді. Жазушылар мұндайды «суып кеткенмін» дейді… Сөйтіп, олар жазылмай қалды.
Қазір қайтадан әңгіме жазуға кірістім. Өткенде «Шегебай» деген әңгімемді осы «Ақтөбе» газеті оқырмандарға ұсынған екен. Міне, сондай әңгімелер жазып жатырмын. Жалпы, әңгіме — менің жақсы көретін жанрым. Әңгімені рахаттанып отырып жазамын. Бірақ, «Тар кезең» романы — адам ретіндегі де, жазушы ретіндегі де алдымда тұрған парызым болды.
— Қазір қазақтың прозасына қайтадан жан біткендей… Ал өтпелі кезеңде біздің поэзиямыз өз жолынан жаңылмай, алға жылжи берді де, проза жанры дағдарысқа, тоқырауға ұшырап қалған еді.
— Меніңше, өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын поэзия да, проза да бірдей бастан өткерді. Өтпелі кезең — ел жаңарып, «қазан алмасатын» қиын шақ. Ондай кезде көркем әдебиет тасада қалып, публицистика алдыңғы кезекке шығады. Өйткені бірінен соң бірі болып жатқан шұғыл өзгерістер, халықтың қатты күйзеліске ұшырауы қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудырады, жұрт қайткенде қиындықтан шығудың жолдарын іздеп, жанталасады. Сондықтан көркем әдебиетке емес, уақыттың өзекті мәселелерін қозғаған өткір мақалаларға ден қояды. Бұл — тек біздің қоғам емес, жалпы өтпелі кезең атаулының бәріне тән құбылыс. Кезінде орыс қаламгерлері алдында сөйлеген бір сөзінде Лев Толстой да мұны мойындаған. Орыс қоғамында саяси мақалалар тасқынының әдебиетті жұтып кететіндей қауіп төндіргенін айтқан.
Оның үстіне, ол жылдары жазылған шығармалар да дер уағында басылмады, ал ілуде бір басылып шыққаны жұртқа тарамады. Халықтың ес жиып, еңсе тіктеп, қайтадан әдебиетке қызығушылық таныта бастағаны — 2010-жылдардың бергі жағы ғана. Қазір прозада да, поэзияда да ілгерілеушілік бар, жақсы дүниелер шығып жатыр. Біз соған қуанамыз.
— Әңгімеңізге рақмет!