Ақын Асылан Қуаныш немесе қазақ сөзін жаңаша түйсінетін буын

ӘДЕБИЕТ
3621

Жақсы өлең жазуға талпынған жас ақындардың ішінде көзге ерекше түсетін бір жігіт бар. Ол Асылан Қуаныш. Өлең, ең алдымен ол сөз ұстауға деген талпыныс. Сөз ұстай алмаған адам ақын бола алмайды. Ал сөз ұстау деген не? Сөз ұстау деген сәтті ұйқастыру, форма жасау, сөзді қалыпқа салу емес. 

Мектепте тақпақ жаттау машығынан ысылып шығу тіпті де емес. Сөз ұстау деген сөздің дәмін, иісін, бедерін, салмағын, екпінін, қылауын (өткірлігін) сезіну, сезінгенде тірі күйінде сезіну. Бір ауыз сөзбен айтқанда сөз ұстау деген ақындық түйсіктің көрінісі. Айталық, поэзиясы жоқ өлең болады. Ондай өлең сымақтар сөзді өлі күйде пайдаланады. Сөз жанның отынан, рухыңның жалынынан шықпаса және бастысы сол барыста өзге сөзбен тілдеспесе, ықпалдаспаса ол сөзді өлі сөз дей беріңіз. Бұл жерде өлең жазғанда жылтырақ сөзді үйіп-төгуге үйір немесе поэзияны ән мәтіні деңгейінде ғана білетіндердің түсінігі жетпейтін бір түйін бар. Әсілінде, сөздің бәрі бірдей, тек оны қолданған кезде ғана ол болмысын өзгерте бастайды. Бұл тасада тұрып сөзге жан беру сияқты жағдай. Ф.Ницше жақсы айтқан. Ол «ақындар екі түрлі жағдайда өмір сүреді, бірі аш адам сияқты жазады, енді бірі тоғын бас алмай жүрген адам сияқты жазады» деген. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Бұл ақындар лепіреді немесе шерленеді деген сөз емес. Жоғарыдағы екі түрлі жағдай арқылы Ф.Ницше сөздің тірілтетін екі түрлі күйін немесе қалыпсыз күйдегі болмысын меңзеген. Сөздің бұл қалыпсыздығы жеке сөзді ғана тірілтіп қалмайды жалпы сөйлемді (тармақты) тірлтеді. Бұл қалыпсыздықтың тегінде әбден өліп кеткен, ештеңеге еліп етпей қалған жаннан басқаша жанның серпілісі немесе сөз ұстаған ақында ғана болатын жандүние жатыр. Оның енді бір атауы жанның оты, рухтың жалыны. Сондықтан да поэзиясы бар өлең жылтырақ бір-екі сөзімен емес, жалпы тұлғасымен өмір сүреді. Ондай өлеңнің қайталанбайтыны сыры да сол түйінмен байланысты. Мұндағы поэзия әлемінің заттық дүниеден жоғары тұратын жанмен, рухпен қатысы бар. Осы арада қайшылық басталады. Сөздің өзі заттық және рухани түс алады. Біреу «от» десе тамақ пысыратын отты көз алдына келтіруі, енді біреу махаббатың отын елестетуі, енді біреу болса нәпсінің отын ойына келтіруі мүмкін. Бұл әсілі қалыпты жағдай. Осы үш жағдайда «от» деген бір сөз сөз үш түрлі сапада, үш түрлі деңгейде, үш түрлі болмыста өмір сүреді. Ал ақын сөздің осы екі жақтылығынан бір текті өз әлемін жасайды. Біреулердің өмір бойы махаббатты ғана жазатыны, енді біреулердің айғайлаған ақиқатқа құштар болатыны бізге өте таныс нәрсе. 

Айталық кеңестік қоғамда әбден саяси-идеологиялық терминдердің жауынына шайлығып, санасына сол терминдерден туындаған ұғымдар сіңіп қалған ақындар әлгі «отты» көбінде саяси немесе әділет, тіпті махаббат төңірегінде қолданса да оны сол бағытта, сапада, сарында пайдаланады. Одан басқаша ұғым іздеуге олар шорқақ келеді. Олар жалпы сөздің кез келгенінің өзін саяси-идеологиялық ұғым аясында түсінеді, сол ауанда сезінеді, ойлайды әрі солай қолданып, өлең жазады. Бұл сөздегі жалаң, жұқалтаңдықтың бір көрінісі. Өлеңнің тақырыбы таяздап бара жатыр деген сөз. Сөздегі тоқырау осылай басталады. Бұны да сөзі өлген, поэзиясы жоқ өлеңдер деуге болады. Бұларды неге айтып кеттік. Оның себебі бізде шынайы ақын болу үшін сөзге жаңаша түсінік, түйсің, сезім керек. Біздегі отыз жастан жоғары ақындардың бәрі өлеңде аға буынға еліктеп бастаған. Бұл еліктеу жалып беттік еліктеу түріне жатады. Соның ішінде ең қорқыныштысы қазақтың жалпы сөзін Кеңес ақындарынша түсіну, түйсіну, сезіну және қолдануы. 

Сондықтан олар қалай бұлқынса да кеңес ақындарының шекпенінен шыға алмайды. Соларды қайталай береді. Өз уақытының поэзиясына жете алмайды. Ал осы түйінді өзгерткен немесе өзгерту үстіндені ақындар деп Асылан Қуаныштың буынын айтуға болады...

Ardakh Nurgaz

author

Ардақ Нұрғазы

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...