Ей, қар бүркеген Қарақорым, сенен неге қара көңілім үріксін!? Сен онсыз да жұмбақ едің, одан сайын...
Роллан Сейсенбаев. Қазақ елі немесе Дербестік пен Даралық үшін Жанталас (үрей мен үміт реквиемі)
КІТАП ӨЛМЕСЕ ӨМЕ ҚАПСЫН
Өзің білме, білгеннің тілін алма.
Көне қазақ қарғысы,
Дешті Қыпшақ даласы
Алматыдан Таразға жүретін поезға отырдым. Айша бибі анамыз түсіме еніп, мазам кеткен соң, моласының басына барып құран оқуға бет алғам. Асыл Анамен еркін отырып, көңілде жүрген көп түйткілді де кеңеспек едім. Жолға шығар алдында Алматыдағы Абайдың ескерткіші мен Райымбек бабаның зиратына соғып тілек тілеу қанға сіңген ғадет болатын. Райымбек бабаның басында құран оқыған сәтте, Домалақ ананың зиратына соғуды да жөн көрдім. Бұл ой өз басыма келді ме, әлде аруақтар жол нұсқады ма, әлі күнге білмеймін. Тылсым дүниенің адам миы жетпейтін қақтығыстары мол-ау.
Купеде үш жас келіншек орысша-қазақша шүлдірлесіп, менменси қарқылдай күлісіп отыр екен.
Шашын сап-сары қылып бояған жас келіншек:
Аға, Сіз жоғарыға жатсаңыз қайтеді? Қытай мен Түркиядан тауар әкеле жатқан қарындастарыңыздың басы жаңа қосылды.
Болсын, дедім. Не бұйырсаңыздар сол болады, жандарым.
Әзірше бізбен отырып коньяктан дәм татыңыз.
Рахмет. Мен ішпеймін.
Намаз оқисыз ба?
Бес уақыт болмаса да, оқимын. Көбіне түнде. Пойыз жүрген соң, жоғарыға жайғасам, алаң болмаңыздар, дедім де тар дәлізге шықтым.
Пойыз жүріп кеткен соң, жоғарыға шығып кітап оқуға кірістім. Жас келіншектер алың-жұлың әңгіме айтып, дабырласа күлісіп коньякті сіміріп отыр. Ашық, ақкөңіл, күнге күйген қоңырша беттері қызараңдап қауқылдасқан қарындастарым маған ұнады.
Аға, кітапты қойыңыз, енді төменге түсіп шай ішіңіз, деді сары шашты келіншек.
Рахмет, менің суым бар, дедім.
Тамақ ішпеймісіз? Қарныңыз ашты ғой.
Мен жолда тамақ ішпеймін.
Сіз өзі қызық адам екенсіз? деді тағы біреуі.
Күні бойы кітап оқып келесіз, көзіңіз талды ғой, деді шашын күл түске бояған келіншек.
Бар байлық кітапта, дедім. Әлемнің ақылы тоғысқан жер де осы кітап.
Кітап тамақ болмайды, деді күл түсті шашы бар келіншек.
Менің күйеуім де жатып алып кітап оқиды. Ал тапқан табысы 20 мың ғана.
20 мың дүкенге екі кіргеннен қалмайды, деді үшінші келіншек.
Кітап оқыған еркек бұл күні құрыған еркек. Нағыз еркек ақша табатын еркек, деді күл шашты келіншек. Азаннан кеш батқанша қытайдың дорбасымен жүк таситын қазақтардың қатындары болмаса, қазақ аштан өлер еді.
Еркек біткен жұмыс таба алмай қаңғырып қалды ғой, деді үшінші келіншек. Ала базарға қатындар, мына біздер шықпағанда еркектер арам қатар еді.
Аға, Сіз бізге ренжімеңіз. Коньяк шіркін тілді қыздырып жатыр ғой, деп күлді сары шашты келіншек.
Мен Сіздерді түсінемін. Отбасын ұстап қалуға жандарын салған сендердей батыр қарындастарымнан айналмаймын ба?! Еркек кіндіктілердің басы айналып қалғанда, майданға түскен Сіздер ғой. Оны қазақ ұмытпауы керек. Сіздерге Отағаларың рахмет айтулары қажет.
Олардың рахметін қайтеміз. Қуырып жейміз бе? деді үшінші келіншек.
Қалай жесеңіздер де, отбасыларыңыз өздеріңіздікі ғой, дедім. Ал кітапта, бар байлық — ой байлығы, рух байлығы жинақталғаны рас, қарындастарым. Өкінішке орай, сол рухани байлығымызды рәсуа қылып, тұншықтырып жатырмыз.
Айша, сен қатты кеттің ғой. Ағамызды ренжітіп алма, деді сары шашты келіншек. Аға, ала қапты арқалап жан ұшырғанда жалғыз қарын толтыруды ойлап жатқамыз жоқ. Балаларды оқытып, адам қылуға да талпынып жүр емеспіз бе?..
Оқымыстыларды жек көремін, деді күл түстес шашын сол қолымен жоғары көтеріп тастаған келіншек. Кел, ішіп қояйық.
Үшеуі бірдей стакан соғыстырып тағы ішіп алды.
Сіз сонда күні бойы не оқып жатырсыз, аға?
Әнуар Әлімжановтың кітабын қайталап оқып жатырмын.
Ол не жазған?..
Әнуар Әлімжанов қазақ халқының бақытты халық болуы үшін жанын салған адам. Біздің қалғыған намысымызды оятып, еңкейген рухымызды көтеру үшін өмірін сарп еткен. Өкінішке орай, бұл кісі өлген соң, кітаптары шықпайды, аты аталмайды. Бұл біздің ессіздігімізді көрсетеді.
Қызыңқырап алған күл шашты келіншек:
Ана жолы да бір оқымысты жігітпен жол жүрдік. Ол қайдағы бір Алаш Орданы, Шаһкәрімді, тағы да бір ақын бар еді ғой, аты қалай еді?.. Ханға қарсы шабатын?..
Махамбет, деді сары шашты келіншек.
Иә, ал солар бізге не берді, а? деп ашуланды күл шашты әйел. Тамақ берді ме, киімге жарытты ма, қойнымызға бума-бума ақша салды ма? Олар бізге түк те берген жоқ. Түк те бермесе оларды айтып не керегі бар? Назарбаев аналарымызға пенсия берді. Бізге ала қапшық ұстатты. Дұрыс жасады. Мен Сіздің ойшылдарыңызды емес, Президент Назарбаевты қолдаймын. Біздің Ханымыз да сол, Иеміз де сол.
Масайған келіншектің далбасасын тыңдау ауыр еді. Қазақтың ауыр қарғыстары бар. Соның бірі: «Өзің білме, білгеннің тілін алма». Мен вагон ресторанды бетке алдым. Енді қайтып ол қарындастарымды көргім келмеді. Ресторанда жан жоқ екен.
Таразға дейін сендерде отырсам қалай қарайсыз? дедім даяшыға.
Өзіңіз біліңіз, деді даяшы. Шаршап қалмайсыз ба?
Жоқ, шаршамаймын. Темекі тартуға бола ма?
Әзірше болады, келесі аптадан бастап, темекі шегуге тыйым салынады. Сондай заң қабылданыпты.
Онда уақытты пайдаланып қалайық, дедім күліп.
Тарс-тұрс еткен пойыз доңғалағының үнін естіп келе жатып ұзақ ойға берілдім.
Бұл неткен бағасыз өмір? деп ойладым. Сөзден мән кеткен, уәдеден нәр кеткен не заманға келіп киліктік, Құдай-ау?.. Бірін-бірі тыңдаудан, бейіл беріп ұғысудан қалған қазақ елі, қай қиырды бетке алып адасып кетіп барады?.. Абай атам айтқан сөзді есіме алдым. «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың». Неткен аяусыз ой. Абай атамның әр сөзі қан татиды. Ашуға бой берген, лағнет айтқан кездері көп болды-ау. Ақылға тоқтамаған қазақ, ақынның жүрегін қырық жамау қылып қинады-ау. «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп сорғалата жыр төккен Абайдың көкірегі мың рет қаққа айрылып жатпады ма?..
Қап-қараңғы дала. Аспанды торлаған қалың бұлт. Аспанда ай да жоқ, жұлдыздар да жоқ. Қараңғылықты қақ бөліп иен далада жалғыз пойыз келеді. Жанды жеп, миды тепкілеп бердіңкем құрыған кезде, даяшының дауысын естіп селк еттім. Күлсауыт темекі тұқылына толыпты. Көзім жасаурап отыр екен.
Аға, Таразға тақадық. Есеп айырысайық.
Бір тостаған кофе бере аламысыз, қарындасым.
Әрине, аға. Ыстық кофе әкелейін. Бірақ ұйықтай алмай қиналасыз ғой.
Ұйықтамаймын. Такси алып Айша бибі анамның басына барамын.
Даяшы кофе әкелді.
Кофе ыстық, байқаңыз. Кішкене шоколад берейін бе, аға.
Бере ғой. Сізге көп рахмет.
Ой, аға, сен деп айта берсеңізші.
Сіздей қайырымды, адам көңілін таба алған қарындасқа, Сіз десем жарасады.
Купе есігі ашық екен. Үш келіншек ұйықтап жатыр. Коньяктың иісі бұрқырап тұр. Жақсы коньяктың иісі қолқаны атпады. Сөмкемді алып шусыз ғана есікті жаптым.
Перронға түсіп, проводникпен қоштастым.
Аға, қарындастарыңыз мазаңызды алды білем, деп күлді проводник жігіт.
Оқасы жоқ. Бұл аласапыран өмірде адам адамға қонақ қой. Бір-бірімізге кешірімшіл болғанға жетер не бар, бауырым?!
Аға, такси керек пе? деп сұрады жас жігіт.
Керек, дедім. Күйлі машина керек-ақ.
Қайда барасыз? Қонақ үйге ме?
Жоқ. Айша бибі анамның басына барып қайту керек.
Қымбат болады ғой.
Аға, Сізге көлік керек болса, тұра тұрыңыз. Әу, Кәрім?.. деп айғайлады проводник.
А, сәлем, Сәрсен!.. деп жауап қатты арыда тұрған қағылез жігіт.
Бері кел. Мына сыйлы ағамызды Айша әженің басына апару керек.
Кәрім маған ұмтылды. Қолымдағы сөмкемді лезде қағып алды.
Бұл ініңіз Құран оқиды. Сізге Кәрім ыңғайлы болады, деп мақтады проводник Сәрсен.
Рахмет! Мен Кәрімнің соңынан ере бергенде, Аға!.. деген әйел дауысын естіп артыма бұрылдым. Сары шашты келіншек перронға түсіп менің қасыма тақады.
Аға, қарындастарыңызға ренжімеңіз. Күйінген қатындар көки береді ғой. Ғафу етіңіз. Көңіліңізге алмаңыз. Мен Сізді кейін есіме түсірдім. Жатарда ғана. Ресторанда жалғыз отырғаныңызды көрдім. Налып, шаршап отыр екенсіз. Мазаңызды алғым келмеді, аға. Айша әжеге бара жатыр екенсіз... Сауап болсын, аға. Сізді ешкім қарсы алмай ма, аға?
Жоқ мен жер бетінде жалғыз жортуға үйренген ағаңмын.
Сізге жалғыз жүруге болмайды, аға. Жалғыз жүрмеңіз. Мен Сіздің әңгімелеріңізді кезінде сүйіп оқығанмын.
Рахмет. Есіміңіз кім?..
Ғазиза. Аға, бұл лағнет заманда қасқыр да жалғыз жортпайды. Қолтығыңыздан жебейтін тәуір жас жігіт еріп жүрсін. Аман болыңыз, аға!..
Өзіңіз де аман болыңыз, Ғазиза.
Қыздарды кешірдіңіз ғой, аға, иә?!.
Кешірдім, асыл қарындасым! Аға мен қарындастың татулығынан қымбат бұл өмірде не бар дейсің?!.
Ғазиза мені өзімсіне құшақтап, бетімнен сүйді. Қолыма бір түйір қағаз ұстатты.
Бұл не Ғазиза?..
Менің ұялы телефоным мен үйдің телефоны. Шымкентке жолыңыз түссе хабарласыңыз. Күйеуіміз екеуіміз қарсы аламыз. Ініңіз оңды жігіт. Ол да Сіздің кітаптарыңызды көп оқыған.
Жолым түссе хабарласамын, Ғазиза.
Ол мені қайта құшақтады.
Кешірім өтінеміз аға, деді. Көзі жасаурады, дауысында толқыған жас легі бар еді. Аға, тағы да айтамын, жалғыз сапар шекпеңіз... Аға, Шымкентке келген соң, шашымды жуып, қайтадан қара түске түсіремін. Қазақ қызына қара шаш жарасады ғой, аға, а?..
Қазақ қыздарының қою қара шашынан айналдым, дедім.
Аға, жүрейік, деді жүргізуші жігіт.
Дұрыс айтасың, інім, тірі тұрғанда жүріп қалайық. Иә, Алла Тағала, жолды оңғара гөр.
Мені Айша бибі Анам тосып жатқалы қашан?.
Роллан Сейсенбаев