Ақын Ұлықбек Есдәулет «Боао халықаралық поэзия сыйлығын» алды
Бүгін Боао 6-шы халықаралық поэзия сыйлығының «Үздік жетістік» номинациясының иегері анықталды. Қазылардың шешімімен бұл жүлдеге қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулет лайық деп танылды. Бұл туралы қытайлық қаламгер, қазақ ақынының өлеңдерін қытайша сөйлеткен аудармашы Цао Шуй жеке парақшасында жазды.
Боао халықаралық поэзия фестивалі, Дүниежүзілік поэзия қозғалысы және Азия поэзиясын дамыту қоры сияқты 10 ұйымның бастамасымен, 6-шы «Боао халықаралық поэзия сыйлығына» үміткерлерді іріктеу шарасы осы жылдың 11 сәуірінде басталып, 10 қыркүйекте аяқталған болатын. Дәстүр бойынша, «Үздік жетістік» номинациясының иегерін Боао халықаралық поэзия сыйлығы әділқазылар алқасының ұсынуымен дауысқа салу арқылы анықталады.
Боао халықаралық поэзия сыйлығы 2018 жылы тағайындалған. Сыйлық дүниежүзінде поэзия шығармашылығын өркендетуге және қытай поэзиясының интернационалдануын ілгерілетуге бағытталған. Сыйлық иегерлерін анықтауға Қытай поэзия мектептері желісінің бастамасымен оннан астам қытайлық және шетелдік поэзия (әдеби) институты атсалысады.