Жаңа заманның мәдени қауымдастықтары орталықсыздандырылған жүйеге қарай жылжығаны айқын көріне баста...
Кісілік қасиеттен ажырап барамыз ба?
Ертеректе, біздің бала күнімізде, көнеден сөз саптап отыратын қариялар қарапайым еңбек етіп, дабыра мен даңқтан бойын аулақ ұстап, ел алғысына бөленген ерлер жайында әңгіме өрбіткенде, «кісілігі жоғары азамат қой» деп бір ауыз сөзбен баға беріп, әр нәрсені өз орнына қоятын. Сонда «кісілік деген не, оны қариялар қалай біліп отыр?» деп ойлаушы едім.
Бүгінде біз де ержетіп, оң мен солымызды танып, игі жақсылардың алдын көріп, тағдырымыз сыйлаған жолмен жүріп, қал-қадірімізше көпшілікпен араласып жүрміз. Оның ішінде жұрт үлгі тұтатын жақсы да, ешкіммен шаруасы жоқ, өз жөнін біліп, отбасын асырап жүрген адал азамат та, көпшілікке таза көрініп, былай шыға аяр болмысынан алысқа ұзамайтын қуаяқ та жетіп артылады. Әрине, адам болып жаралғаннан кейін төрт құбыласы түгел, төрт аяғын тең басып тұрған пенде жоқ. Әлімсақтан адамға бірнәрсе жетпегендей көңілі олқы соғып, жүрегі жартыкештеніп, әйтеуір, бір дүние кем болып тұрады. Сондай кезде ойыма баяғы ауылдағы аталарым айтқан «кісілік» деген ұғым келеді.
Энциклопедия да кісілік жайында «Адамның тұлғалық жақсы қасиеттерін танытатын ұғым» деген сипаттама берген. Ал Махмұд Қашқари бабамыз «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деп айтқан екен. Қалай болғанда да, бекзат болмысынан кісілік қасиетін жоғалтпаған жандарды көргенде көңіліңіз толып, жүрегіңіз жібіп тұрады.
Кісілік келбет дегенде көз алдыма өткен ғасырдың басында саясат сахнасына шығып, ұйқыда жатқан жұртының санасын оятып, өзі қатарлы елдермен терезесі тең болсын деп, ағартушылық пен қайраткерлікті қатар ұстаған алаш ардақтылары самсап тұра қалады. Несін айтасыз, олардың бәрі де кісілік қасиеттерін биік ұстап, туған халқының келешегі үшін ауыр азап пен қайғы шексе де, алған мақсаттарынан таймай, сол жолда ақыры құрбан болған асыл азаматтар еді ғой…
Жуырда белгілі журналист Анар Төлеухан апайымнан ел ішіндегі аумалы-төкпелі кезеңде болған бір оқиғаны естіп, таңғалдым. Торғайда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін 1917 жылы 17 большевик қайғылы жағдайда қаза табады. Сол жолы Хәкімбек Токинді ұстап берген адам кейін қолға түсіп анықталғанда, Хәкімбектің інісіне: «Мына ағаңды ұстап берген құныкердің жазасын өзің айт» деп ел ақсақалдары ерік бергенде, Төкенің Қамбары атанған сол кездегі жас жігіт: «Бұл кісіге аға керек болмаған соң ұстап берген шығар, ал маған аға керек» деп, әлгі азаматты босатып жіберген. Туған ағасын өлімге байлаған адамға кеңшілік жасаған Қамбардың бойындағы кісілік пен ірілікке қалай сүйсінбейсіз?!
Кешегі тарихқа айналған Кеңес үкіметі тұсында да әр салада еңбек етіп жүріп, тектілігі мен кісілігін жоғалтпай, ұлт алдындағы ары мен ұятын сақтап, туған елге пайдасын тигізген текті тұлғалар болды. Мәселен, қазақ мәдениетінің қамқоршысы атанған Өзбекәлі Жәнібеков ағамызды неге жиі еске аламыз? Өйткені Өзағаңдар елдің өнерін биікке көтерген еңбегімен ғана емес, бала жасынан бойына сіңірген кісілік қасиетімен де жоғары тұрды. Егемендіктің елең-алаң шағында еліміздің қорғаныс саласын өз қолымен құрып, керегесін кеңейткен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің кісілік қасиеті туралы онымен жақын сыйласқандар тамсанып айтады. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы да кісілік болмысымен тарихта қалды. Кеше ғана дүниеден озған белгілі қаламгер Кеңес Юсуп ағамыздың да кісілігі мол еді. Осындай сүйегі асыл азаматтардың өнегелерін жүздеп келтіруге болады.
Қазіргі таңда уақытпен бірге адамның санасы да өзгерді. Сан ғасыр бойы бабаларымыздан қалған асыл дүниелердің орнын материалдық құндылықтар алмастырды. Әрине, бәріне уақыт төреші ғой, дегенмен тектілік, кісілік болмысынан айырылған адамнан туған елін жан-тәнімен сүйетін азамат шықпайды деп ойлаймын.
Ал сіз кісілік қасиетіңізді сақтап жүрсіз бе?