Әбілхан Қастеевтің “Желтоқсан. Жаңаөзен” атты аяқталмай қалған суреттер топтамасын...
Ақын Жұлдыз Бейсектің 7 өлеңі
2801
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Бүгін ақын Жұлдыз Бейсектің 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!
ЖАЗ Жаз деді маған гүлдердің кірпік қаққанын, Бұлғаған қолын бұлттардың мамық, әппағын, Қанатын керіп құстар ұшатын шуылдап, Жып-жылы ұясын, жасыл орманын тапқанын. Жаз деді маған шөптердің күліп тұрғанын, Мейір күймесі ат басын бізге бұрғанын. Жақсылықтың мынау жаршысы болып тамшылар Асығып келіп тереземді тез-тез ұрғанын. Жаз деді маған гүл ғашығы деп шықтарды, Ай сәулесіне малынып алып ұшқанды Төбелер, ойпат, құмдар, жартасты оятып, Қылтиып үстіне әнге сап әсем шыққанды. Жаз деді маған бейнесін осынау даланың, Аспан қыз әкеп жұлдыз – алқасын тағарын. Жер де бір жігіт лүпіл қағады жүрегі Аспаннан мүлде айыра алмай жанарын. Боялды айналам мейірімге, мен де боялдым Зымырап қашып қоймайды енді қоян күн Кемпірқосақтай бейнеңнен көзімді алмадым, Сұлулығыңа далам-ау, қайтіп тоярмын?! Шалғынды кешіп, жусанды сүйіп жататын Жайлауым менің! Түңліктен таңы ататын. Жазып бір келіп бейнеңді сенің ең сұлу, Жаз деп бір тағы атыңды керім атадым. *** Мен - Даланың қызымын! Әкем - Аспан, Анам – Жер, Қиқулаған құрағым, жаным – жусан, жағам – көл, Шығын басып таңменен шаңырақтан шыққанда Құрақ ұшқан байтағым өзен – жеңгем, ағам – бел. Күлкі ойнаса жүзімде қызғалдақтар бір шығар, Домбыраны шерткенде шелпектей боп күн шығар, Қатуланса қабағым тал бұтағы мың сынар, Жерді сүйген жүректің әр саусағы гүл шығар. Сағындым деп сыр шертсем шоқ лап етер жалынды от, Бұлақ бүлк-бүлк ағады қамықпа мен қаның деп. Бұл дүние менде бар, мен – Дүниенің ішінде Айырмаңдар өлкемнен, Даласыз түк Жаным жоқ. *** Үйімнің түріп түндігін, Бар екеніңді сан ұқтым, Сәлеметсіз бе, бүгінім, Сәлеметсіз бе, жарық күн! Жасанған сұлу аспанға Таңырқап қарап тоя алдым. Маңдайға мынау жазғанға Шүкірлік айтып ояндым. Адамын өкпе, реніштен, Қашанғы мұңға түнермін? Қайғы, уымды мен ішкен Жұлдызға шашып жібердім. Жоқтыққа жүйрік жетпеген, Кешірдім сатып кеткенді. Талдардың бәрі көктеген Бар мезгіл маған көктем-ді. Не деген бақыт Құдай-ау, Аспан мен жердің арасы! Мөлтілдеп тұрған кім анау, Билеген бұлтқа қарашы! Адалға дүние жақпысың, Ішсем де мәзбін жас қатып, Бір жұтым ауа – тәттісің, Керегі жоқтай басқа түк! ШІЛДЕ Самаурынның шайындай, әй, шілденің аптабы Қызыл тілде қуырылып шөлдің ұзақ жатқаны. Будақталып кернейден ұшқан түтін мұрынды Қытықтайды, түртеді - бұл ауылдың ақ таңы. Мөңіреген бұзаудың мойнында еді әуенім, Сексеуілдің шоғымен шәйін ішкен жан едім. Туылған ай қылтиса көктің жыртық жерінен Атып тұрып орнынан апам берген сәлемін. Қара қазан ішінде әппақ сүт бар пісетін, От күзетіп күтіп тұр бала сүтін ішетін. Қара ошақтың ішінде жыңғыл - жылқым туласа, Шілде деген мен оттың ішіне кеп түсемін. Маңдайымнан мұнша тер бұрқ-сарқ етіп шығар ма? Сәлем айтшы ошақта бұрқылдаған құманға. Шілде деген бір шебер теңестірді тең етті Мойынынан тері аққан самаурындай сыңарға. Толдым ғой деп жемістер бұтақтардан бұлқынды, Ызыңдаған көп шыбын алып бітті ұйқымды Топырақта жүргеннің бір бүйірі бұлтиды, Пісіретін барлығын шілде күні сиқырлы! Құмға піскен қауынның бір тілімі балдай-ақ, Қақ жарылған қарбызды, әңгелекті қармай ап. Күн мен жердің ортасы құт мекеннің өзіндей Шілде, сені көргендер ең бақытты жандай-ақ. Ауылдағы төбемнен барлық таулар аласа! Шілдетерге малынып жүрген қандай тамаша! Шілде оты қайнатты қанымды һәм суымды Өзгертеді сені де, егер шілде қаласа! *** Шөптер кеше кешкісін хабар алды, Бір үмітім ұяда балалады Көйлектердің етегі тербеледі, Кемпірқосақ түстері ағарады. Ие болып көбелек жүлдесіне, Қонғым келді сарғалдақ күлтесіне. Сүйіп тұрмын өмірдің қос бетінен, От тұтатып ой - шамның пілтесіне. Қырықпай-ақ қанатын инеліктің, Көлеңкеде күңіренді күрмеліп түн. Жаз дегенің мамырда ұшқан құстың Түсіп қалған аузынан сый деп ұқтым. Су перісі бір сүңгіп, бір көрініп, Сілкінгенде жайлауға гүл төгіліп. Күннен қорыққан адамдар! Күн қарқылдап, Көз шырымын ала алмай түн егіліп. Бар жұлдызын тартып ап көктегі елдің, Шаһар шамы, жарықпен өктем едің. Ақ бұлт болды ыстыққа күйгендерге Ақ жанымнан суырып көктеп едім. Күледі де қыс тоңып көп құлаған, Керуен бұлтқа хош айтып бек қуанам. Жердегі елге жаз мейрам серік болсын, Жаз дегенің мен үшін тек бір адам! *** Таң атты. Ғажайып күн. Қуаттымын, Құйып ап жүргендеймін шуақты мың. Күлкімнен сәуле ұшқандай шартарапқа Мен сірә, Күннің өзі сияқтымын. Берейін үлестіріп жас-кәріге, Мен емес, сиқыршы ғой аспан міне ?! Алақан толған күміс шашылады Жымиған жанға жерді басқан күле. Бояйды көңіліңді күнмен ерек, Өмір сүр, сенің демің гүлге керек. Бұлттарды саусағыңмен түріп жібер, Бір әлем ашылады мүлде бөлек. Күлемін күлкім көкке жеткенінше, Кеудемнен қайғы-мұңым кеткенінше. Күтпеймін ештеңені, өмір сүрем, Қолыңда ма, ал сенің көктемің ше? *** Хатым жүр жаздың гүлінде, Оқи алмадың бірінде... Өзіңе айтпаған сөзімді Желге айтып тұрмын бұ күнде. Еткен бе мұңсыз естіні, Естімей кетсең, кеш мұны. Сағындым деген сөзімді Сарғайған жапырақ естіді. Түнім-ау, тұнық келдің бе? Айттың ба сырды, жел, түнге? Ұнаттым деген сөзімді Жұлдызға жаздым көрдің бе? Бұл уақыт бізге көне ме, Жаңбыр боп жасын төге ме? Айта алмай қалған сезімді Айға айтсам саған жете ме? Жеткен бе гүлдің батылы Сөйлеуге саған, жат үні. Қағазға төктім сырымды Айта алмай қалып ақыры.