Бақытгүл Сәрмекова. Кейіпкер

ӘДЕБИЕТ
6335

Бақытгүл СәрмековаКезекті шығармаға кейіпкер іздеу сапарым сәтсіз аяқталды. Астананың түнде де жарқырап тұратын сәулеті көз қарықтырды, басымды айналдырды. Ұшақтың бизнес класында бірге келген жалтыр маңдай, күміс шаш, майлы бет ер адам туралы айтсам ба екен? Тілдескен де жоқпыз, қою көк свитерінің қалың жағасына иегін тыққан күйі көз алмастан газет оқумен келді. Қоладан қойған мүсіндей ашаң жүзді, шашын артқа қарай тақырлай тарап түйген, аясы кең көздерінің мөп-мөлдірлігін өзі де сүйетіндей, әлсін-әлсін мейір төгіп қарайтын стюардесса қызды кейіпкер етсем бе екен? Қонақүйде қарсы алып, аппақ қолғабымен ішінде бір туфли мен жібек көйлектен өзге түк жоқ қаудырлаған чемоданымды ұқыппен көтеріп, бөлмеге жеткізіп берген біздей тіксиген швейцармен неге сөйлеспедім? Таңғы ас кезінде үлкендігі сұқ саусақтай шұжықты күміс пышақтың ұшымен ғана тіліп, азуымен асықпай шайнап, иіліп өскен қалың қастарының астынан тозаң тұрған шыныдай бозғылт қарашықтарын анда-санда мен отырған жаққа қадауға сәл батылдық жетпейтіндей ұрлана қарап отырған шатыраш көйлекті ер адам қай шығармама кейіпкер болар еді? Сол күнгі түнде мейрамханада шарап бокалын түйістірген түрі әлдекімге ұқсас, мүмкін ешкімге ұқсамайтын, келбетін кері еске түсіру қиындау жігітпен қандай әңгіме айтып едім? Түнгі шарап уытынан әлі айыға қоймаған миымды қатты зорықтырып алдым да, басымның айналғанын сездім. 

Жүйткіген көліктің жылдамдығымен Астананың көшесіндегі әдемі сәулеттер көзімнің қиығын жанай өтіп, желке тұсымда қалып бара жатыр. Әуежайдың есігін ашысымен қою кофенің мақпал иісі танауға келіп тұнды. Төбедегі көгілдір таблодағы әлсін-әлсін ауысып тұрған жыбырлаған жазулардың ішінен Атырауды іздей бастадым. Кетуіме 1 сағат уақыт қалды. Тағы да кейіпкерсіз оралатын болдым. Чемодан сүйреген көп халықтың ішінен біреуін ғана ұстап алып, басқа біреудің тағдырын мойнына іле қойып неге шығарма жаза салмаймын? Құндыз тонының етегі балтырына бұлғаңдай соғылып, ұшатын бағытын іздеп алақтап жүрген анау бір қара торы қызды біреудің көңілдесі ете салып, ойдан құрастырған небір қитұрқы тағдырды бір басына үйіп-төге салмаймын? Жоқ, олай болмайды! Кейіпкерлерім ондай өтірікті кешіре алмайды. 

Таңға ұйқы көрмеген екі көзімнің жіңішке тамырларына қан толып, екі қарашығым аясына сыймай бара жатыр. Көзімді зорлықпен жұмсам жасаурап, екі қиығынан жас тамшылайды. Сырт көз аяулы біреумен қоштасып, қимастықтан жылап отыр дер ме екен?

Соңғы рет қашан жыладым? WhatsАpp-тан «Атырау жақтан жел соғады, сенің иісің келгендей болды. Алматыға ұш!» деген хатпен қоса телефондағы банк қосымшасынан «шотыңыз толықты» деген хабарламаны көре салысымен әдеттегідей бір көйлек пен туфлиден өзге түк салынбаған жартылай бос қаудырлаған чемоданды зырылдатып, иығымда бұйра шаштарым желкілдей ұшқанмын.

Қағаз толы үстелде сырадан босаған бөтелкелердің ауыздары үңірейіп, бөлменің ретсіздігі мен көңілсіздікті еселеп жібергендей.

«О, айналайын, келдің бе?»,– деп бойын тіктеп үлгермеген күйі жүрелей тұрып ұмтылған. 

Құлағын жаба өскен шашы таралмаған, сарғыш мүйіздей қатты тырнақтары өсіңкіреп кеткен, кеудесін темекі мен сыраның иісі көміп мені өзіне қарай тартты.

«Әй, мына кейіпкерлер қырсық, аузына салып берген сөзді алып кете алмайды. Осыларды адам етемін деп шаршадым»,–дейді тап бір өзінің баласына ренжіген адамдай. – Жанымның бір бөлшегінен үзіп беріп осыларға жамаймын, әбден жұқарып тынатын болдым».

Ойға батқан сайын темекісінің түтіні де қоюлай түскендей болды. Мұң мен уайымның және иістің көлемі болса, дәл осы бөлменің төрт бұрышын толтырардай шаршы қалыпқа енген шығар деп ойладым.

Ауыр ойдан қашқақтай бастағанымды сезгендей: «Айналайын, қасымда бола тұршы»,–дейді қиылып. 

... Таудың қалқасынан сығалаған күн бүкіл Алматыны аяғынан тік тұрғызып, ерте оятып жібергендей дала азан-қазан, абыр-сабыр басталып кеткен екен. 

«Тағы ішсеңші» деп көмейлері үңірейіп, мойындары өңмеңдей созылған бос бөтелкелердің қатары көбейіп қалыпты.

«Көкем, күн салқын, үстіңе киіп алшы»,– деп қызының ба әлде әйелінің бе жұқа, былғары күртешесін әкеліп, иығыма жапты. 

Масаң күйде отырғаны үшін бе әлде күтімсіз түрін басындым ба белгісіз, қиқарлана сөйледім.

–«Келесіде осындай бос ермек үшін шақырып, мазамды алмасаңыз...»

–«Қазіргі уақытта қолжетімді бақыт пен тыныштық – сен болып тұрсаң қайтемін?»

–«Мен бе қолжетімді? Мен қымбат тұрамын!»

–«Қанша?»

–«Дәл қазір қалтаңыздан табыла қоймас!»

Қоштастық па, қоштаспадық па, есімде жоқ. 

Танаудан кірген суық іші-бауырыңды қалтыратар қарашаның суық түнін қақ жарған қорғасындай ауыр хабар тез тараған. Соңғы рет есінде дүниеқоңыз, аяр кейіпте қалғанымды ойлаған сайын өкініш өзегімді өртеп еді. Жанына жақын көрген адамды жоғалтып алғанымды айтып жылайтын кісі таппай қайғым қоюлана түскен.

Сүйектің жанында егіле жылаған әйелінің көз жасы қандай сүйкімді еді. Жұбатқан қара халықтың жылы сөзін есту қандай бақыт еді деймін алыстан ғана көз тігіп.

Жоқ, ол кезде де жылай алмаған екенмін ғой..

Кейіпкер іздеп несіне сенделдім? Көңілдегі осы адам туралы жазсам ше? Табылды! Ойша әріптерді тере бастадым. Сөйлемдерді құрауға көштім. Сөзбен бейнесін салуға көштім.

«Сөз бастамас бұрын жұтынып алатын. Шамасы, ойына келіп тұрған қатаңдау сөздерін іркіп, сәл жұмсартып жеткізгісі келетін шығар...»

2019 жыл

author

Бақытгүл Сәрмекова

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...