Аяулым! Ауруын жасырған пендеге ажал құрық салатыны қандай рас болса, өзін-өзі алдаумен өмір сү...
Ар-ождан дерті
( Жазушы Жолтай Әлмашұлының қос романы хақында)
Шындығы сол, қазіргі заманымызда адамзат қоғамының әлеуметтік құрылымы үнемі өзгеріп, құбылу үстінде. Адамдардың қарым-қатынасындағы әлеуметтік-психологиялық қайшылық тереңдеп, шынайылық пен жасандылықтың ара –жігі білінбей барады. Әлеуметтік жіктелу айқын көріне бастады. Адамның үнемі жаңаға, жаңалыққа ынтазар, құштар санасындағы құбыланаманың аңысын аңду оңайға түспейтін болды. Себебі, «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де - қызыққа тоймас адамзат!» (Бұхар жырау). Әсіресе жаппай белең алған тойымсыз, пайдакүнем, тұтыну ындынының салдары рухани дағдарыс пен күйзеліске ұшыратты. Қоғамдағы мұндай ахуал көркем әдебиеттің ежелден-ақ ең басты нысанасы. Тіпті төрткіл дүниедегі небір әдеби жауһарлардың өзегі де, діңгегі де осы қоғамдық – әлеуметтік теңсіздіктен туған қайшылықтар мен құбылыстар.
Ал, енді қазіргі кездегі төл көркем әдебиетімізде осы бағытта түрлі форматтағы туындылардың бар екендігі, оларда заманауи өмір тынысы, жаңа дәуірдің шындығы, бүгінгі кейіпкерлер бедерленгені анық. Бірақ, ашығын айтқанда көбіміз оқымаймыз, оқысақ та шынайы ой-пікірімізді айтуға құлықсызбыз. Елемейміз, тіпті елей қалғанның өзінде бетінен қалқып, шала-шарпы шолып өтетін әдет орнығып алды. Ол ол ма, төл әдеби шығармаларымызды менсінбейтін, өзімізге өзіміз шекесінен қарайтын болдық. Немкетті долбарлап бағалап, туындыға атүсті үкім шығара саламыз. Міне, бұл әдет қазір әлемдік руханияттағы клиптік сана, клиптік мәдениет деген ұғыммен жымдасқан сыңайлы. сол қалыптасқан клиптік сананың пайдасынан гөрі зияны жанға батады. Мәселен, мұғалімдер ақпаратты үзік-үзік қабылдау дағдысының кесірінен оқушылар оқу материалын талдауға шорқақ, жаңа ғана түсіндірген дүниені лезде ұмытады, көркем әдебиет туындыларын меңгере алмайды деп алаңдайды.
Егер осыларды түйгенде, бүгінде әдебиеттің ең қатерлі жауы – енжарлық болып шығады. Әйтпесе әлемдік көркем сана үдерісінде алаш әдебиетінің тиянақты орны, өзіндік болмыс-бітімімен адамзаттың рухани қазынасына қосылып жатқан туындылары бар. Көзі тірі Мұқтар Мағауин, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағанбетов, Смағұл Елубай секілді көркем сөз шеберлерінің заманауи шығармалары ауызға ілігіп жүрген әлем әдебиеті өкілдерінің қай-қайысынан артық болмаса, кем емес. Сол секілді бұлардан кейінгі лектің, бүгінгі жас толқынның ізденістері мен тың пайымдаулары, соны шешімдері жаңа ғасыр постмодернизмнің жоғары талаптарына, бүгінгі оқушының талғамына жауап бере алады. Керек болса, оны шетел және көршілес, іргелес жұрттың әдеби жазған-сызғандарымен салыстыра отыра, көз жеткізу қиын емес. Оның үстіне әдеби әлемімізді бағып-бақылап жүрген, сана көзі сұңғыла, бүгінгі кәнігі ойлас, әдебиет білгірлері мұның бәрін де алқалы мінберлерде ашық айтып та жүр.
Ал енді еліміздегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерді өз туындыларына арқау етіп, адамзаттық құндылықтарды ұлттық тұрғыдан пайымдап, философиялық ой-тұщымдарын көркем сөзбен кестелеп жүрген айтулы қаламгердің бірі – Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жолтайдың аламан бәйгеге ұсынып отырған «Ащы да тәтті өмір» деген топтамасына 2 роман енген. Олар «Олигарх және олимп» роман-элегиясы және «Интерадам» роман-әфсанасы. Осы екеуі де қаламгердің соңғы бірнеше жылдан бері қазақтың роман жанрына тың ізденістер әкелген шағын (микро) романдар легінің жалғасы іспетті заманауи туындылар. Бүгінгі көркем әдебиеттен хабардар кісі жақсы біледі, қазіргі проза кешегі проза емес. Соңғы жылдары жанрдың классикалық бітімі өзгеріп, тұрпаты да, мазмұны да жаңаша кейіпке түсті. Осы үдерісте Жолтай Әлмашұлы жаңашыл топтың алдыңғы легіндегі тайпалма жорға екеніне дау жоқ. Себебі, туындыларының дені оқырманның заманауи талап-талғам тұрғысынан жазылған.
Егер турасын айтсақ, бүгінгі қоғамдағы бір пиғыл - қазір адамды қандай адам екендігімен емес, қалай өмір сүретіндігімен бағалайды. Әсіресе мұны құндылық деп танитындар көбейіп келеді. Себебі, материалдық игіліктің жетегімен әлемдік мәдени интеграция ұлттық ерекшелікті, өзіндік қадір-қасиетті жойып, жалпыадамзаттық үрдіске алып келді. Әрине мұны көптен бері жан жүйкесімен сезінген ойлы қазақта маза жоқ. Руханияты әлжуаз ел өркениетін жоғалтады. Сондықтан да ұлтжанды, қарымды қаламгер Жолтай Әлмашұлы үшін бұл көптен бергі өзекке түскен шоқтай, беяпар күйге түсірген тақырыптар. Бұлай деуімізге жазушының соқталы прозалық туындылары куә. Соның ішінде қазақ қоғамында біраздан бері «теперіш» көріп келе жатқан қазіргі қаржылы алпауыт, яғни олигарх тақырыбы. Әдебиетімізде бүгінгі ірі кәсіпкер образын сомдаған көркем, кесек туынды жоқтың қасы. Жолтай болса екінің бірі бара бермейтін, қолайына жаға бермейтін, тіпті суханы сүймейтін қазіргі шынжыр балақ, шұбар төс сұлбасын шығармасына арқау етті. «Олигарх және олимп» деген атының өзі де атойлап тұр. Жазушы туындысының желіге жол кіріспесінде: «Бүгінгінің байлыққа бөккен жұмыр бастысы – Олигарх ойды бөле берді. Мына заманда, апыр-ай десе, Олигарх деген түсі де, сұсы да бөлек қара дәулер көбейген заман туды ғой, міне! Олигарх болғанда қандай! Оның байлығына сіз бен біздің дүниеміз тұрмақ, шашымыз да жете қоймас. Баяғының Қарынбайлары мен Шығайбайлары далада қалады қазір...
Бір таң қаларлығы – сол Олигархтар тәуелсіздік тамырлай бастаған шақта сіз бен бізді баса-көктей өтіп, көктемгі көк жауқазындай дүр көтеріліп, қаптап кеткені! Қайдан шықты? Қалай шықты? Қай тұстан пайда болды?.. Ешкім тап бүгінге шейін атын атап, түсін түстеп, шын анықтамасын бере алған жоқ. Арғы-бергі уақытта бір мықтыңыз білгірлікпен байыптап, диагнозын дәл қоя аларына, әй қайдам-ау, сену де қиын» – деп, жазушы бір бастырмалатып алады да: «Олигарх – енді жай ғана жұмыр бас пенде емес, қоғамдық құбылыс! Оларды ұнатасыз ба, жоқ па – бәрібір өзіміз өмір сүріп жатқан осы қоғамнан ойып алар өз орнын тынымсыз іздеп, шарқ ұруға толық хақылы! Тіпті, керек десеңіз, олар біз жете алмағанға жетіп, біз бітіре алмағанды бітіруі әбден-ақ ықтимал. Демек, Олигарх – күрделі кейіпкер! Өте күрделі образ!..» – деп, автор оқырманға олигарх туралы өзінің көзқарасын бірден айқындап береді.
Сонымен, романның басты кейіпкері олихарх, ол кім? Авратор сөздің піссіміләсін Шерқала деген шағын ғана жұпыны, шері көп қала деп бастайды. Бірақ осы қаланың аты әлемге әйгілі, өйткені, оған себеп – осы топырақтан шыққан шыққан олигархтар. «Солардың бірі – Аспан. Иә, кәдімгі Аспан. Қазақтың қарадомалақ баласы. Ауылдың топырағына армансыз аунап өскен, кешегі күстабан жүгермек ұл. Оның әуелдегі аты – Оспан еді. Сол Оспан деген атты әдемілеп айту шетелдіктерге кәдімгідей қиынға соққан болар, бәлкім! Сосын да оп-оңай өзгертіп, енді Аспан деп ныспылапты өзін. Аспан десе – Аспан! Қолы аспанға, яғни зеңгір көкке әні-міні деп тие жаздап, сәл-ақ жетпей тұр. Бәлкім, біз төмендетіп тілге тиектеп тұрмыз ба – қолы көкке жетіп те қойды ма? Әй, жетіп те қалды-ау!.. Әлдеқашан.» – деп, жазушы басты кейіпкерін мысқыл мен кекесін араластыра мінездейді. Автордың сипаттауынша Аспан соңғы он-он бес жылда туған топырағына жүз көрсетіп, табаны тимеген. Қазір «ол бұл күнде атақ-даңқы аспанға найзадай атылып, әлемді аузына қаратып тұрған Американың Н. провинциясының тұрғыны. Соңынан іздеп арнайы кім барыпты, әйтеуір ұзынқұлақтың айтуына қарағанда – өзінің қосарлана салынған жеке вилласы, екі-үш жеңіл көлігі және үйінде бірнеше қызметшісі бар деседі. Қызметшілерінің бас бикеші, жасыратыны жоқ – өзінің зәуеде тоят табар төсектесі, аты – Кэт, ал ұлты – түсініксіз, әйтеуір өз нәсілі емес екендігі жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан көп-ақ көрініп тұрады.
Ал, Аспан болса... ұрпақ сүймедім-ау деп қиналып, бас қатырулы ма? Көңіл түкпірінде еш арманы жоқтай, тірлігі таң қаларлық, тағдыры кісі сүйсінерлік! Тыңдап тұрсаң, ертегідей өмір. Не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің, бірақ бұл ақиқатқа жақындау әңгіме сорабы.»-деп жазушы өз кейіпкерінің кәдімгі төрткіл дүниеге мәлім алпауыттарға тән өмір салты, ғадетінен хабардар етеді.
«Он-он бес жылда туған топырағына жүз көрсетіп, табаны тимеген, ұрпақ сүймедім-ау деп қиналып бас қатырмайтын» Аспан. Кіндік қаны тамған Шерқаласынан 6 сынып оқушысы Жанмұрат мектебі үшін компьютер сұрап жазған хатына олигарх : «Мен бәрін де жиып қойып, алыс түкпірде, жер түбінде жатқан кішкентай мектептің тарыдай шаруасымен айналысамын ба? Әлемдік мәселемен бас қатырып отырғанда... Әй, сендерде бір...»,-деп кейиді де сәлден соң тағы да: «Ойымды бөліп, түкке тұрмасты тиектеп, қайдағыны айтып...» – деп бір түйіледі. Осы жерден-ақ Аспанның бойындағы өркөкірек, кекірттігі көрініп қалады. Мұндайда философтарымыз айтып жүргендей адамның жаттануы, оның заттануына, яғни өзінің іс-әрекеті өнімінің құлына айналады. Адамның рухани өмірі төменгі сатыға түсіп, байлық пен ақша төбеге шығады. Аспанның сөйлеген сөздері, автордың сипаттауына қарап алғашқыда осылай топшылаймыз. Менмен, танауын көкке көтерген Аспан қалай байыған өзі, Америкада қайдан жүр? – деген көкейге лықсып келе қоятын сауалдарға жауаптарды да қаламгер көп күттірмейді.
..Сонау Американың бір танымал Томас Трамс деген кәсіпкері мұхит асып Қазақстанға, шалғайдағы шағын Шерқалаға келеді. Мақсаты – бала асырап алу. Ауылда онымен сөйлесуге тіл білетін естияр адам таппайды. Жерлестері зыр жүгіріп іздеп, ақыры мектепте ағылшын тіліне жақсы оқыған Аспанды тілмаштыққа тартады. Небәрі екі-үш күн ішінде ол қонақпен етене танысып, достасып кетеді. Томас балалар үйінен Ханмұрат деген баланы асырап алады. Сондай-ақ Томас Аспанды: «кәсіпкерлікке бейімің бар екен, менімен бірге Америкаға жүр, үйретемін» деп шақырады. Америкаға барып, көріп қайтқаннан кейін Аспан етікші әкесінен рұқсат сұрағанмен, әкесі жалғыз баласын шетелге кеткенін қаламады. Бірақ Аспан елде кәсіпкерліктен береке таппайтынын, Америкаға Томасқа барса, бағы ашылатынын айтып, ақыры кетіп тынады. Рас, Томас сөзінде тұрды. Аспанға көмектесті, үйретті. Алғашқыда сүрінді, құлады, қиналды. Бірақ жүнжіп, жігері құм болған жоқ. Томас ағасы, қара нәсілді әріптесі Роннимен қоян-қолтық жұмыс істеді. Табыс тапты. Бизнестегі бағы жанды.
Бір күні Томас қатты сырқаттанып, Аспанды шұғыл шақыртып алып, жан сырын ақтарады. Америкалық кәсіпкер отбасында жолы болмай, екі рет үйленсе де перзент сүйе алмайды. «Сонда Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеп келген бір қандасы егер бала асырап аламын десеңіз, онда қазақ еліне барыңыз, олардың қаны таза, жаны таза, жүрегі таза дегесін Ханмұратымды таптым, сені жолықтырдым. Ханмұрат балам арқылы қазақты таныдым. Бұл елдің жайбасарлығын айтпаймын, жан тазалығына таң қалдым. Тегінде.. жан-рухы мөлдір халық – аламан бәйгеде озатын халық-қ...Мен өлсем Ханмұрат саған аманат деп өтінеді. Аспан ұстаз аманатына адалдығын көрсетті. Ханмұрат Томас әкесінің мұрагері етіп, қанатының астына алды.
Сонымен басты кейіпкеріміз Аспан Америкада осындай ақ-адал қамқор адамға кезігіп, алпауыттың бірі болып шықты. Атағы да әлемдік деңгейге жетеғабыл. Мұнымен санасатындар көп. Талай рет ауқымды іс-шараларға қатысты, соны ұйымдастырушылардың да бірі болды. Оларға қаржылай қолдау да көрсетті. Симпозиум мен басқосуларда небір марқасқалармен танысты. Арасында туған топырақтан да қандастар да бар. Атақ-даңқы дүрілдеп, өз ортасында үнемі қолпаш –қошаметке ие. Ендеше осылай асқақтаған Аспанның көңілі шат, уайымы жоқ, бақыттан басы айналып жүрген шығар-ау. Жоқ, олай емес екен. Асекеңнің де алаңдайтын жайы бар екен. Кім десек, өзінің жерлестері болып шықты. Оның ойынша: «Қадірі жоқ болса, ол – осы Шерқалада. Оқта-текте елге оралып, бала кезгі күндерін еске түсірейін деп екі-үш күнге аялдай қалса, естімейтіні жоқ. Қазіргі халықтың нашарлау тұрмыс жағдайына ешкім де емес, Олигархтар кінәлі екен. Солар халық несібесін жеп, байлықты теспей сорып, тайраңдап өмір сүріп жатыр деседі. Құлақтарына солай құйған. Өзге сөзді тыңдамайды да, түсінбейді.
Олигарх кім? Ау, ол деген тар жол, тайғақ кешуден әупірімдеп өткен, қандай қиындыққа да төтеп берген, әбден таяқ-соққы көріп барып ысылған, бизнестің майын ішкен жансебіл жан болмас па! Аспан өзін мақтағысы жоқ. Алайда, осы Шерқала секілді кішкене елді-мекеннен шығып, әлемге үн қатса, – ол мақтаныш емес пе! Мақтанар елі, жері, халқы қайда? Мақтау орнына, бұны тобықтан шалып, шалқалатып жіберуге ынтызар. Ынтығып тұр»
Аспанның Шерқалада немере інісі Доспан бар. Сол аяқ астынан Аспанға телефон шалып, осындағы бір басылымға “Байлық батпағына батқан адам” атты үлкен мақала басылып шыққанын, онда Аспанның аты-жөнін бадырайтып тұрып жазып, байлықты белшесінен кешіп жүріп, батпаққа қалай батқанын байқамаған сабаз деп жамандағанын жеткізеді. Мақаланың авторы Аспанның ауылдасы, шерқалалық Жасхан екен. Доспан ағасының өшін алып алмақ болғанда кәсіпкер: «Осы кезге дейін мені кім сынамады? Кім тобығымнан қағып, құлатпаққа қам жасамады? Бәрі де артта. Әркез табалаушыларды табанымның астына салып, қызғаншақтарды қара шаң қаптырып келе жатқаным өзіме аян. Кім көмектесіпті? Шерқалада бұның шырылдаған жанына желеу болған һәм демеу болған кім бар? Есіне түспейді. Тек... тілеулес қариялар демесе! Тілеуқор әжелер демесе!..» деп ауылдастарына өкпе артады.
Олигарх сыртта тасы өрге домалап, өз елінде бәтқорда болып шыға келгеніне таңданбады. Өйткені, ол бай-шонжар туралы ес білгелі қазақы ортадағы шорланған құныс көзқарасты естіп өсті. Бай –арам, кедей – адал. Бірақ мына заманда жетімдік көріп, бала күннен тұрмыстың тауқыметін тартқан Аспанға ең басты мақсат –бай болу еді. Мақсатына жетті. Байыды. Бірақ ол байлықты ұстап тұру, еселей түсу одан да күрделі болып шықты. Бизнесте күні кешеге дейін туған ел мен жер, шыққан тегі, ұлты мен ғұрпы, тілі мен ділі дегеннің бәріне де атүсті қарап, мән бермей келген. Сөйтсе –қателесіпті. Мұның бәрі де есеп-шотқа салулы тұрады екен. Қажет кезінде іске қоса қоятын факторлар екенін түсіне бастады. Мұны бір жолы үзеңгілесі Ронни дүниебөліс сыңайымен салғыласып қалғанда: «Бірақ, біліп қой, бұл – Америка! Сен деген... алыстағы бір елден, ешкім естіп-білмеген кішкене қаладан келген елеусіз жансың» деп қытығына тиюінен аңғарған еді.
Негізі, олигархтың жан дүниесіндегі беймарал тыныштықтың тұнығын шайқаған, одан гөрі ауылдасы, жазушы Жасханның мақаласы. Мұны сырт көзге өзімшілдігі бас игізбегенімен, көңілінің құлазуы, жүрегінің сыздай бастағаны содан екенін өзі ғана сезді. «Ішінен ойлап байқаса, соңғы уақытта өзінің кіндік қаны тамған кішкене ауылды мүлде ұмытып барады екен-ау! Шерқаланы өңі тұрмақ, түсінде де көруді қойыпты. Бұл не деген сұмдық! Кісінің ең қымбат асылы – туған елі деуші ме еді ауылдағы Қабыш ақсақал! Мейлі көкке ұш, мейлі жеті қат жер астына түс – бәрібір бір күні туған топырақты аңсарың өтірік пе?» деп мұңданады.
Романдағы назар аудартатын негізгі желі – Аспан мен Жасхан арасында өрбиді. Жасхан мәймөңкесі жоқ, бетке айтатын мінезді. Ол Аспанға әңгіме үстінде: «Көздеріңе шел біткен. Түймедейді былай қойып, түйедейді көрмейтін жағдайға жеткенсіңдер. Күндіз де, түнде де ойлайтындарың байлық! Дүние! Ақша-а...
Алайда, қойдай қоңыр мінез елдің не жазығы бар? Мұндағы халық әзер деп жан сақтап, өлмес күнді ділдалап өткеріп, сіңірлеп отыр. Ал, сендер шетелде, өте қымбат виллаларда шалқып өмір сүресіңдер!.. Не ішем, не кием демейсіңдер-р...
– Сендер-р...– деді кіжіне. – ...сендер қазақ емессіңдер. Қазақтықтан садаға кетсеңдер де обал емес. Әйтпесе өстуге қалай ұялмайсыңдар? Өз бас қамы үшін бүкіл ел-жұртты ұмытып, алыс жерге, жер түбіне барып, тып-тыныш жатып алар ма, есі түзу адам-м...
Мұнымен де тоқтамады, тағы да екілене тиектеді.
– Әй, түптің түбінде сорлы елдің қанын ішетін – мына сендер шығарсыңдар! Кәсіпкерлік дегенді мен мүлде қабылдай алмаймын. Олар менің ұғымымда – ақшаның басыбайлы құлдары-ы..»
Осы екі кейіпкердің айналасындағы қақтығыс, көзқарастар қайшылығының өрістеп дамуы барысында олигарх образы бірте-біре ашыла, айқындала түседі. Аспан да бұрынғыдай емес, өрекпіген көкірегі саябырсиды. Өйткені, көргеннен-ақ менсінбей, ауылдағы өлең шимайлағыш әлгі бір «мықты», «жазушысмақ», «дүмбілез» деп кекетіп-мұқатқан Жасхан «Әуелі ұлтты сүю керек», «Өз ұлтынан жеріген жанды ұлты да өлердей жек көреді...» – деп бастаған кездескен сайынғы екеуара пікірсайысы, ата-баба тарихы мен шежіресі туралы оқуға берген екі кітабы, айналып келгенде, олигархтың жүрегіне қозғау салып, түйсік-танымына сәуле түсіреді. Аспан енді туған ауылы Шерқалаға селсоқ қарамай, ондағы қордаланған көкейтесті мәселелерге зейін қоя бастайды. Шерқалада уран өндірісі, бір қапталында ғарыш айлағы қоршаған ортаны улап, соның салдарынан табиғат тозып, адамдар сырқатқа душар болды. Енді осындағы балалар үйі жабылып, ол онкологиялық ауруханаға айналды.
Томас асырап алған шерқалалық жас жігіт Ханмұрат Америкада ержетсе де көкірек көзі ояу, қазақы қасиетін жоғалмаған бозбала. Америкадан қыдырып келгенде Жасханнан әке-шешесінің неден көз жұмғанын біледі. Ханмұраттың әкесі кезінде қалаға балалар емес, аурухана салу керек деп қала әкіміне қарсы шығады. Бірақ әкімнің айтқаны болады да, жаны қорланған әкесі бір-ақ күнде тілден айырлып, төсек тартады. Содан қайтыс болады. Анасы да отағасынан айырылып, қатты күйзеліп көп ұзамай көз жұмады. Осы сырға қанған Ханмұрат әке-шешесінің зиратына барып, тәу етеді. Зират басында Шерқалаға обырдан емдейтін аурухана салуға серт береді. Сол сияқты Ханмұратты жан досы Елмұраттың да аяқ астынан қайтыс болғаны көңіліне қаяу салады. Ал бала махаббаты Лалагүлмен кездесуі туған ауылға деген жүрек түкпіріндегі жан сезімін оятады.
Жалпы романдағы оқиғалар желісі Аспан – Жасхан, Ханмұрат – Жанмұрат арасында қосарлана өрістеп дамиды. Аспанның бизнестегі әріптестері Ронни Рапп, Джон Дэвис, көмекшісі Артур Хаземеттермен арасындағы қарым-қатынас, шиеленіс-олигарх образын даралауға қызмет ету үшін алынған желілер. Сол сияқты бүгінгі бизнес әлемінің сыр-сипатынан хабардар ететін қосымша көріністер. Романдағы сюжеттер оқиғаға емес, мінез-құлық, пиғыл-көзқарастарға құрылған. Әсіресе көп көзқарастар Жасханның аузымен айтылады, соның жазбасымен беріледі. Шындық пен әділдік үшін жанын жалдап, қылмысқа қарсы, бел шеше күрескен қарапайым жазушы-қайраткер Жасханның трагедиялық тағдыры да сендіреді. Біздің өмірімізде бұл бар. Сол Жасхан жазған-сызғанымен де, аяулы қазасымен де олигархтың дүниетанымын өзгертті. Шерқалаға келіп, Жасханға құран оқытады. Сонда ол: «Өзіне-өзі күбірледі: “Ал, мен... мен неге ата-бабам ұстанған дінді мүлде елемей өмір сүрдім? Бұным қалай, ә?.. Әй, өзім де...” Сосын тағы да ойлады: “Осы адамдар неліктен басына ауыр қайғы не үлкен сәтсіздіктер түскенде ғана Алланы ауызға алады?.. Бұның сыры неде?..”
Ауыл – ой бесігі. Осында келсе бітті – сезімі де қанаттанып сала береді. Қияға ұмтылады. Оның Шерқаладан ешбір жаққа, ешқайда да қадам басқысы келмеді. Ол – ой олимпіне ұмтылу үстінде еді..» – дейді автор. Олигархтың бұл ұмтылысы оның жүрегінің оянғанын, бұл өмірде дүние байлығы мен жан байлығының деңгейлесіп, қатар дамытуды ойлаған байлам болатын.
Жазушы Ж.Әлмашұлы бұл туындысында осы замандағы байыған, алпауыт қазақтың кәдімгі етпен сүйектен жаратылған пенде, көкірек-кеудесі де бар, рухани жағынан мүгедек, бірақ жеме-жемге келгенде тәубесіне келетін, ұлтын, елін сүйе алатын қасиет те даритынына сендіргісі келеді. Сонымен қатар қазақ қоғамында жаңа байға, қазақ буржуазиясына деген таптаурын, стеротип көзқарастың көбесі әлі сөгіле қоймағанын меңзейді.( Жасхан: «Кәсіпкерлік дегенді мен мүлде қабылдай алмаймын. Олар менің ұғымымда – ақшаның басыбайлы құлдары-ы.»)
Неге роман-элегия? Мұң-жан күйзелісі... Бір жағынан автор үшін ақиқат өмірде мұндай олигарх бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Әйтсе де, туындыдағы арманы – қазақ олигархтары иманды, ізгілікті, мейірімді болса. Туған жер, туған елдің қадір-қасиетін бағалай білсе, шіркін! Тәтті арман, ізгі арман...
Бүгінде әлем жұртшылығының ғаламдану – бірден-бір табиғи – тарихи ақиқат, үзілісіз үдеріс екендігін мойындады. Әсіресе жаһанданудың жақсылығынан гөрі, жаманаты жанға батқан сайын ел-жұрттың көңіліндегі алаң үдей түсті. Адам баласының қадір-қасиеті тозса, сана-сезімі күйзелсе, болмыс-бітімі өзгерсе – бұл құрдымның құбылысы! Бағыт-бағдарының сыңайына қарағанда әлеумет мәңгүрттікке, ойсыз, тоғышар, оп-оңай басқарылатын тобырға айналып кету қаупі бек мүмкін. Бұл үрдістің ең қауіптісі – рухани тоқырау, рухани күйзеліс. Жолтай Әлмашұлы романдар циклында қазақы қоғамның осындай әлемдік құбылыстар толқынына қаншалықты төтеп бере алатынына өзіндік барлау-бақылау, болжау-пайым жасайды. Мұндай адамзаттық сынақта ұлттың қадір-қасиеті, адамгершілік құндылықтары, бүгінгі замандастарының ішкі ізгілік дүниесі, сезім буырқанысы, түйсік-жүйке ахуалы қандай күйге түсуі ықтимал деген сауалдарға жауап іздейді. Жолтай туындыларының негізгі арқауы осы.
Мұндағы бір ерекшелік – автор кейіпкерлерінің іс-қарекетінің басы-қасында, олардың өзіндік ой-толғаныс, парасат-пайымдарына өзі бастамашыл, өзі үндесіп, өзі бағыт-бағдар береді. Сөйтіп, жанрды жаңа форматта, композициялық тың пішімдер арқылы жеткізуге ұмтылады. Жолтай прозасының тағы бір өзгешелігі – дидактикалық диалог-монологтарымен ордалы ой тарқату. «Интерадам» туындысы міне осы тұрғыда жазылған, жазушының өзге де шығармаларымен рухтас, үндесіп жатыр. Шығармадағы басты кейіпкері Қоңырхан «Олигарх пен олимптағы» Жасхан секілді қаламгер, бір айырмашылығы, бұл, аудандық газеттің қызметкері. Ал Қоңырханның жерлесі, ауыл философы Бәлдубектің Жасханмен ұқсастығы – осы өмірден екеуі де шындық үшін шырылдап, әділдік іздеп (кейде «арқасы қозып, көтеріліп кететін») тынымсыз баз кешкендер.
Романның композициясы негізінен Қоңырхан мен Интерадам Икс арасындағы ой-пікір додасы мен арпалысына құрылған. Сюжеттік желілер де осы екеуінің диалогынан өрбиді.
Бір күні Қоңырханға ойда-жоқта интернет арқылы түсініксіз хат келеді. Аты-жөні белгісіз, суреті жоқ, өмірі сөйлесіп-тілдеспеген бейтаныс кісі.
«Менің аты-жөнім – Интерадам Икс, ал арғы жағын сұрап әуреленбей-ақ қой, бәрібір айтпаймын. Мен сені сыртыңнан бек жақсы білемін» деп бастайды да, Қоңырханның қысқа да нұсқа ой-толғауларын қалт жібермей үнемі оқып отыратынын, кейбір ойларымен келісетінін, ал кейбіреулерімен жата қалып дауласуға да барын баяндайды: «Мәселе сенде де, менде де емес, бар гәп – өзің шексіз сүйетін қойдай жуас халықта! Рас, осындай елдің ұланысың, жан-тәніңмен жұртыңды да, топырағыңды да сүйесің – бұл жалпы алғанда аса жаман әдет деп айтуға еш хақым жоқ. Сүю – асыл сезім! Сүйе білмеу – трагедия!» дейді де, одан әрі: «Мақтау сөзді осы тұстан тұсаулайын да, енді бұл үшбу жазбаны өзіңе бағыттауыма не түрткілегенін айтуға көшейін.
...Ең алдымен – мына сұрқиялау, тіпті қорқыныштылау тірлік тәбәрігін мақтаудан, таңқалудан танбайсың, бұл – көзжұмбайлық! Екіншіден – өзіңнің даулылау долбарыңды өзгеге жүктеп, сол қалпымен қабылда деп дікектеуге құмарсың – асылық! Міне, осының бәрі енді екеуміз талқыға салар жоталы да күрделі әңгіме!» – Оқырман басты кейіпкермен («тұйық мінезді журналист») танысып үлгергенше, беймәлім Интерадам Икс Қоңырхан хақында аз-кем сыр ашып береді. Оның үстіне «беймаза» редакторы Рымхан: “Бала, бері қара, сен мынаны жазшы. Осы күнгі адамдар біртүрлі сазбеттеніп барады, қуануды, шаттануды, тіпті жарқылдап күлуді ұмытып қалғандай. Қайсысын алып қарасаң да, қайғы мен ой құшағында жүреді. Бұл түптің түбінде жақсылыққа бастамайды. Сосын да айтам. “Қуана білу ғаламаты” деген тақырып ойладым. Қолыңнан келеді сенің! Жаз! Төгіл!» деген көлденең тапсырмасынан-ақ Қоңырқанның қатардағы көптің бірі еместігін аңғаратады.
Сонымен, әп дегеннен-ақ Интерадам Қоңырханды компьютердегі үздіксіз жазбаларымен баурап алып, күннен-күнге ынтықтыратын болды. Кей хатында елеңдетіп отырып, кілт үзетіні бар: «Ендігі хат-әңгімені ертең осындай уақытта күт!» – “Күтеміз! Несі бар, күтуге шыдам жетеді!” деп, ойлады іштей. “Сенімен ой таластыруға тартыншақтап не көрініпті? Тап өзіңдей еті тірі, сезімі сергек жанды мына ессіз қоғамнан көріп-таба алмай, көптен ішқұса күйді кешіп жүрген жоқпыз ба?..” Осы бір ауыз сөзінен-ақ Қоңырханның ішкі дүниесінен бір сырдың ұшығы көрініп қалады. «Ессіз қоғам» деп өзі өмір сүріп отырған ортаға деген пиғылынан хабар бергендей. Интерадам да мұның жауаптары мен ойларын қалт жібермей,бағып отырады. «Өзің-ақ ойлашы, бір жазбаңда “Адам деген ол шексіз мүмкіндікке ие құдіретті жаратылыс” деп түйіндепсің. ..Айтпағым – адам қалайша құдіретті күш? Жоқ, ол небәрі табиғат деген алып кеменің әлді-әлсіз жолаушысы ғана. ... Өмірден кісі неліктен жериді? Неге мына шетсіз де шексіз ғалам аяқ астынан оған тым қызықсыз бетін бұрды? Бұның астарында қандай сыр тұмшаланып тұр? Ойланшы, қане!..»
Қоңырханның бүкіл аңсары мен әуесі, тірлігі мен тәбеті осы беймәлім кісімен арадағы ойталастастың әсерінен сиырдың бүйрегіндей бытырап жүре береді. Оны ой азабына салып, ішкі әлемін астан-кестеңін шығарады. Жазушы романдағы көтеретін мәселелердің ауқымдылығын ескеріп, оқушының қабылдауын жеңілдетіп, негізгі 6 тарауға бөліп, атын атап, түрін түстеп берген.
“Адам не үшін өзіне-өзі қол жұмсайды?.. Тірлікте дем ләззатын өз биігінде сезінуден асқан қандай рахат бар? Неге жұмыр басты пенделер-р... қуанып жүруден бұрын, қайғы құшағына көбірек бас қоюға бейім? Неге санаға салмақ салар қара нүктенің мысы басым түсіп жатады әркез...”-дейді бір толғанысында Қоңырхан. Пайымдап қарасақ, бас кейіпкерді мазалаған дәл осы ой, біздің қазіргі қоғамдағы өткір тұрған мәселемен үндесіп отыр. Соңғы кездегі дәйектерге қарағанда біздің елде өзін-өзі өлтіру (суицид) жөніне біраз елдердің алдына шығып, әлеуметтік кеселдің біріне айналғаны өкінішіті-ақ.
Романдағы екінші ойталас бөлімінде оқушыны бір екіұдай сезімге бөлейтін мынандай бір деталь бар. Ол – «халық жауы» үрейі. Қоңырханның ауыл әкімінен үміткер досы Жапалбек туралы Интерадам әдеттегі үшбу-жазбасында былай дейді: « Өзіңе оңаша жазу себебім – мынада: аз кезең күндерінде ауыл әкімін сайламақшысыңдар; оған үміткерлер, әрине, баршылық; бірақ, сенің ішкі ойыңды әлдеқашан-ақ біліп алғанмын; досың Жапалбекті, яғни Жапалбек Асанбайды өткізуге аса ынталысың. Дұрыс-ақ! Жапалбек жаман жігіт дей алмаймын, тіпті ауыл әкіміне ең ылайық жан да әзірге тап сол ғана шығар. Алайда... білесің бе, оның арғы атасы кезінде “халық жауы” атанып, итжеккенге айдалған деген дерек тұр айғайлап! Әлі күнге саяси жағынан ақталған жоқ, керек десең! Міне, осыны аудан жағында жап-жақсы білетіндер отыр. Олар сөз жоқ, жеме-жемде мұндай кермек хаттаманы әдейілеп көтеруі бек мүмкін. Сүріндіріп жіберу үшін, әрине. Маған бәрібір ғой. Тек – жадыңда жүрсін деп ескертіп жатқаным.» Міне, осыдан кейін-ақ Қоңырханнан бастап, Жапалбек, Бәлдубектерді үрей билеп, маза кетеді. Тыным көрмей өткен-кеткенді архивтен ақтарып, көнекөздерден сұрастырып жүріп, шынында да Жапалбектің атасы «халық жауы» болғанын және ақырында өзіне-өзі қол жұмсап өлегенін біледі. Оның үстіне оны ұстап берген басқа емес, өз ауылының адамдары, ет жақындары. Олар Жапалбектің атасының туған інісі – Тасбай мен Қоңырханның атасы – Қосжан болып шығады. Күні бүгінге дейін періштедей табынып келген атасының безбүйрек, сатқындығын естіп, Қоңырханның төбе шашы тік тұрады. “...Бұл әрекетіңіз қалай, ата? Сізді барлық уақытта да асылдың асылы, адалдықтың эталоны, тазалықтың төл баласындай көріп келіп едім ғой, енді не істеймін? Енді... мына бір қарғыс атқыр қара кесірден – “екіжүзді” деген аттан қалай арашаламақпын? Өзім де... сізге жақын ұрпақ екеніме қатты ұялып, жерге кіріп кете жаздап отырмын ғой осы сәттерде.” Осы «халық жауы» деген бір ауыз сөзден жүйкесі жұқарып, есеңгіреп қалған Қоңырханға ақырында Интерадам: «Сенің екі атаң – Тасбай мен Қосжан, біле-білсең, өз заманының жазықсыз құрбандары. Оларда ерік-жігер қалмады, қызыл саясат не десе, соған ләббай деді. Неліктен? Өйткені, солай етпесе, мына сендер – Жапалбек те, өзің де – жарық дүние есігін ашып, жалпағынан басып жүрмес едіңдер. Аталарың болашақ ұрпағы үшін өз бастарын қатерлі әрекетке тәуекел етіп тікті! Соны неге таразылап-байқамайсыңдар, а?..”Мына жазбадан кейін жүрегі орнына түскен Қоңырханға: “...Сендер, адамдар, бір-біріңді түсіну орнына, әрқайсысың өз бас қамдарыңды қамдап, тек өзгенің кемшілігін іздеуге бейімсіңдер. Бүгінгі қоғамның да, кешегі қоғамның да, тіпті әріден қозғасақ – адамзат жаратылғалы бері осы бір кермек кемшілік үнемі жолбасшылық жасап, бірде ойпаңға, бірде сойқанға сүйрелеумен келеді. Ал, бұған маңыз беріп, талдап-талқылаған бір жанды мен де көре алмай келем...” Міне, осыдан кейін Жолтай Әлмашұлының заманауи шығармаға өткен ғасырдағы қазақ бастан өткерген геноцидтті не мақсатпен кіргізгенін, келмеске кеткен кесепаттың кесірткенің құйрығындай неге қауһары барлығын сезесің. Автор қазақ санасындағы осы үрейдің бүгінгі ұрпақ әлі де мәнін ұғуға тырыспағанын мезейді. Ойландырады.
Романның өзекті трагедиялық бейнесі – Гүлжан. Қоңырханның сүйген қызы. Оқиға желісі Қоңырхан – Интерадам – Гүлжан арасындағы диалогтармен бүгінгі дәуіріміздің тағдыршешті мәселелері біртіндеп оттағы шоқты көсегендей маздап отырады. Адамзат өркениетінің өзекті дерті, адам өмірінің мәні-мағынасы туралы ойталас көбіне Гүлжанның тағдыр-талайы арқылы қақтығысқа, психологиялық арпалысқа түседі. Оқырман Гүлжанның Қоңырханмен қатар оқығанын, оқу бітіргесін бойжеткен шетелге тағы оқуға кетіп, қайтып оралғанынан хабардар. Бірақ Қоңырхан екеуінің арасы неге суып кеткені жұмбақ. Ол жұмбақтың шешуінің бір жібі – Интерадамда жатқанын екенін оқушы іштей сезеді. Қоңырхан да «Интерадам сен кімсің?» деп талай рет төтесінен қойғанымен нақты жауап бермейді. Бірақ , бір ғажабы Интерадам Қоңырханның төңірегіндегі барлық оқиғалар мен өзгеріс-құбылыстарды біліп отырады. Ол бірде еркек, бірде қызға айналып, құбылады. «Оның ойынша, адамның жақсы-жаман яки ақылды-ақылсыз болмағы – бір Жаратушыдан! Адамдардың жер бетінде әртүрлі, әрқилы өмір кешуі де, бір-бірін түсіне алмауы да – тағы Алладан.» деген сияқты тосын көзқарастарымен Қоңырханды тығырыққа тірейді.
Сонымен Интерадам кім өзі? Өзін жаhан азаматы деп атап, бөшке ішінде өмір сүрген осы заманымыздың Диогені ме екен? Ғаламтор шырмауықтай шырмап алған «Өмір сүруге қай жер ыңғайлы болса, сол жер менің Отаным», – дейтін, жалпыадамзаттық мәдениетті көксейтін космополит пе, жоқ әлде.. Гүлжан ба?..
Романда Қоңырхан Гүлжанның университетте қатар оқыған құрбысы Дүриямен ойда жоқта кездесіп, ол туралы сұмдық сыр естиді. Гүлжан шетелде жүргенде, Еуропаның еркетотай бойжеткендеріне еріп, дене бітімін керемет жасартып жіберетін дәрумен ішіп, бірақ содан айықпас кеселге ұшырайды. Тұла бойын түп-түгел қара жүн басып кетіпті. Қанша жерден қырып тастаса да, жылдам-жылдам шыға береді дейді. Тағы бір сұмдығы – әлгі дәруменді қабылдаған қыздар қалаған жігітін оп-оңай айналдырып, өз дегеніне икемдеп әкете алады екен. Еуропа жағында сондай топ бар деседі..
Бәлдубек дүниеден озар алдында жазып кеткен хатында Гүлжан кей күндері өз ақылынан өзі адасып, екінші бір бейнеге ауысып кетіп отырады. Ағзасы ғана емес, санасы да сырқат десе, Гүлжанның тағы бір таныс құрбысы «ақыл-есінен адасып, басқа бейнеге ауысқанда компьютерге отырсам, неше түрлі ғажайып ойлар жазып тастаймын, ал ертеңіне өз жазбаларымды өзім түсіне алмай қиналам дейтінін» айтады. Сонымен.. оқырман енді Интерадам Икстің кім екенін өзі топшылай жатар. Ал Бәлдубектің қарындасы Ақнәзікке үйленген Қоңырхан бәрібір Гүлжанды іздеп Алматыға барады. Сұрасатыра келгенде бір сұрша келіншек : «Соңғы рет көргенімде бет-аузын жүн басып кетіпті. Әзілге шаптырып, “мына түрің қалай” деп ем, “е, бәріміз де әуелде маймылдан жаралдық емес пе” деп күлген! Ол, шамасы, адамдар арасынан әдейі қашып, алыстағы маймылдар мекеніне жол тартты. Иә, ол қыз маймылға айналып кеткеніне еш шүбәм жоқ..» – дейді. Ал қаламгер Жолтай болса: «Қыздың маймылға айналып кеткеніне оны ешкім де сендіре алмапты..» деп аяқтайды. Пайымдай қарасақ, Гүлжанның маймылға айналып кетуі бұл әдеттегідей көркем әдебиеттегі неомифологизм, бірақ біздіңше – жазушының үкімі! Әлеуметтік желіде отырып: “Мен ешбір ұлтқа кірмеймін, ешбір елді мекендемеймін, ешкімді де жатсынбаймын!”– дейтін Интерадам Икс – Гүлжанның маймылға айналғаны тағдырдың катаклизмі, логикалық ақыры басқаша болуы мүмкін де емес еді.
Жолтай Әлмашұлының бұл қос романы өзі айтпақшы, өмірдің ащы мен тұщысынан оқырманның ойын қозғайтын, жан-жүрегін толғандыратын, ұлттық дүниетанымын тереңдете түсер әлеуетті шығармалар. Жаңа ғана соңғы бетін жапқаныңмен күні бойы сырласқан кейіпкерлердің толғақты сауалдары көкейде тіреліп тұрып қалады екен. Мазасыз күйге түсесің. Апыр-ау, шынында да ұшқыр тенологиясымен жүйке-жұлыныңды билеп алған өркениетінің көші қайда барып тоқтауы ықтимал? Адам пендеңіз жер-дүниені билеп-төстеп, Құдайға да мойын ұсынбай, нағыз құдірет иесі өзім деп өрекпиді. Тәуба қайда? Ал енді парасат-пайымы кемел, ұшқыр ойлы бүгінгі ойсоқты замандастарымыз соңғы кезде болашағыңнан қорқатын болды. Неге? Алла-Тағала жаратқан табиғи жыныстылар өз болмысына өзі қарсы шығып қара көбейтуде. Әйел еркекке, еркек әйелге айналғысы келетіндер бой көрсетті. Ал жекелеген мемлекеттерде еркек пен еркек, әйел мен әйел некесі заңдастырылды. Махатма Гандидің: “Алдымен сені көзге ілгісі келмейді, сосын айтқаныңды күлкіге айналдырғысы келеді, одан кейін саған қарсы шыға бастайды, ақыр соңында сен жеңіске жетесің” – дегенін осы қисынға салсақ, бұл тосын ой емес, тосырқамаймыз. Бірақ сіңіре алмай, қорыта алмай, әуреге түсудеміз, қазақы жұртымызға қорқынышты.
Ж. Әлмашұлы туындыларының құндылығы – сіз бен біз өмір сүріп отырған уақыттың бүлк-бүлк соққан тамырын дөп басатыны, ой-санаға түрткі, рухани қозғалыс туғызатындығы. Бұл орайда ол Елбасы, Президентіміз және басқа да көшбасшыларымыздың бүкіл өркениетті адамзат қоғамдық дамудың жаңа формациясының табалдырығында тұрғаны, бізге бүкіл ойлау жүйемізді түбегейлі жаңаруды, жаңа дүниенің деректері мен құбылыстарын тану керектігі туралы тың ойларымен үндес. «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» – Бұл мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне атты сұхбатында айтқан сөзі. Осында: «Бәрімізді, әсіресе жастарды “Ары қарай қалай өмір сүреміз?” деген сауал мазалайды. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ. Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс.» Осы орайда Жолтай Әлмашұлы өзінің ұшқыр ойлылығын, тереңнен толғай білетін парасат-пайымын көрсете отырып, бүгінгі оқырманға жаһандық қоғамдық дағдарыстың кейбір сипатын аңғартып, оның себебін де меңзейді.
Төл прозамыздың ақтаңгері Төлен Әбдік бір сөзінде: «Жазушы Жолтай Әлмашұлының еңбектерін оқу үстінде менің бір байқағаным – ол кейіпкерлердің ішкі монологына, ішкі ой-толғанысына көп құмартады екен. Әсіресе, оқиға өтіп жатқан жер суретін, көрінісін беруге сараң. Мұны бәлкім қаламгердің өзіндік жазу ерекшелігіне саюға болатын шығар. Дегенмен оның көркемдік тәсілдері мен ізденістерінде жаңа сипат, жаңа кеңістіктердің бой көрсетуі әбден мүмкін.»
Міне аламан көркем ойдың бәйгесіне ұсынылып отырған қос туынды да қоғамда қордаланған рухани мәселелердің астарына үңіліп, ұлтымыздың құнды қадір-қасиетін сақтау, дүниетанымы мен сана- сезім құбылыстарын тануға ұмтылған бағалы еңбек.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Әдебиет сыншысы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі