Оқуға түсіп, жатақханадан орын алып, мәз-мейрам болып жүрген кезіміз. Көктем шыға вахтада отыру кезе...
Дәулет Асауов. Көрешек (әңгіме)
Желмен жарысқан жүйрік «Тойота» автобусы тақтайдай тас жолмен жүйіткіп келеді. Әулет автобустың терезесінен Қарқаралының көркем табиғатын тамашалап, жаны ерекше жадырап отыр. Етегінен ұшар басына дейін тұтаса өскен қайың-терегі, қарағай-шыршасы аралас көгілдір таулар тізбегі, бауыры күнге шағылысқан айнакөлдер көз алдында сырғып қалып қойып жатыр.
Қалаға кеткеніне жиырма жылдан асыпты. Содан ауылға үш-төрт жылда, оның өзінде еңбек демалысында оншақты күн қонып кететіні болмаса, онша жолы түсе бермейтін. Басында оқу деп жүрді, сосын әскер, тағы оқу, кейін қызмет. Үкімет ірі кәсіпорындар мен кеніштерді шетелдіктерге оңды-солды сата-сата, бір күні ол дүрбелең Әулет кішігірім бастықсымақ болып жүрген кәсіпорынның да басына келген. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» демекші, шетелдіктердің тасыраң болатынын сонда бірінші рет көрді. Көңілдеріне жақпаған ұлттық кадрлар жұмыстан шеттетілді. Соның бірі – Әулет.
Енді не істесін?! Қатын-баласын қайтіп бақпақ? Жергілікті кәсіпорындардың көпшілігінің жағдайы осы, гүлдеп тұрғандары – тек шетелдік инвесторлардың иелігіне көшкендер. Әрі-бері ойланып, ауылға біржолата оралуға бел байлады. Жас келіншегін ертіп, аяғын апыл-тапыл басып жүрген баласын бауырына қысып елге қайтып келе жатқан түрі осы.
Автобус бәйге шабысынан жаңылып, ауылдың жолын түсті. Көріп келеді, осының алдында ғана Үкімет «Ауыл жылы» деп ұрандатқан-тын, біраз шаруаның басын қайтарып тастағанға ұқсайды. Қарсы алдында екі қабатты қанкүрең сауда орталығы, сол қолында – ақшаңқан еңселі мәдениет үйі, әріректе жаңарып-жасарған аурухана, мектеп... Орталық көше асфальтталған, оны бойлата биік дуал шарбақ қатар түзеген, арғы жағындағы үйлердің тек төбесі ғана қылтияды.
Әулет автобустан түсісімен, көңілі алып ұшып, үйіне ентелей беттеді, тіпті соңынан ілесе алмай келе жатқан қатын-баласына да көз салуға мұршасы жоқ. Өзі өсіп-өнген, балалық балдәурен күндері өткен, жанына соншама ыстық баяғы қараша үйін сағынып келеді.
Бұлардың үйінің сырты да биік дуалмен қоршалған. Есікті екпіндетіп ашып қалды, атшаптырым ауланың бір бүйірінде баяғы қоржын там тұр. Бәз-баяғыдай. Көз алдынан балалық шағы жүгіріп өткендей болды.
Табалдырықтан екі-ақ аттап, «Ассалаумағалейкум!» деп кіріп барды. Бұрын қалай байқамаған, асқар таудай деп жүрген әке-шешесі бір уыс шал-кемпір болып, ауызғы үйде дөңгелек үстелдің басында жайбырақат шай ішіп отыр. Әулет ес білгелі солай. Бұл үйдің дастарқаны еш уақытта жиылмайтын. Көрші-қолаңды айтпағанда, келімді-кетімді кісі көп. Шешесі Нағыш он құрсақ көтерген жан. Үй іші үйелмелі-сүйелмелі шүпірлеген бала. Қазір «құс базары» тарқап, ұл-қыздың бәрі ержетіп, жан-жаққа ұшып кеткен. Көзімен көрмеген адамға мұның бәрі ертегі сияқты. Ескі үйді күзетіп тек кемпір мен шал ғана қалған.
Сейтен шал ауыр бұрылып, қарады да: «Ә...ә, сен екенсің ғой» дегендей, қолын селқос соза салды. Амандасқан түрі.
Шешесі ширақ. Бір қолын жерге тірей «әуп» деп көтерілді де, құшағын аша ұмтылды.
- Амансыңдар ма, айналайындар?– деп беттерінен кезек шөпілдетіп сүйіп жүріп, екі жасқа тола қоймаған сары үрпек немересін құшағына басқан.
- Аман, аман,– деп Әулет пен келіншегі шешесінің құшағынан босай сала әкесіне қарай озды.
- Иә, қал-жағдайларың жақсы ма?– бұл – әкесінің сөзі.
Әулет жұмыстан шығып, ауылға біржолата келген ниетін бірден айтқан жоқ. Оның үстіне әкесінің жүзі сынық екен, шатақ шалмен шекісіп қалуы мүмкін. Тек аман-есен, сау-саламатпыз дегендей жауап қайтарды да қойды.
Әке мен ұлының жағдайымен шаруасы жоқ қалбалақтаған шешесі, салдырлап әлі сөйлеп жүр:
- Сендерге звондап ала алмаймыз. Не өздерің звондамайсыңдар. Астанадағылардан, Қарағандыдағылармен хабарларың бар ма? – деп Нағыш басқа балаларын түгендеп әлек. Немересін келген кезде бауырына басқан, әлі қолтығына қысып жүр. Тек атасына бір иіскетіп қайтарып алған.
- Аманшылық. Осында келер жолда жағалай кіріп шықтық. Сөмкеге сәлемдемелерін салып жатқан...
Әне-міне дегенше, алдарына жаңадан демделген шай да келді. Сейтен ақсақал «мен болдым» дегендей, кесесін төңкере салды да, дастарқаннан кейінге ысырылды. Сосын, әдетінше, ащы «самосадты» «Орталық Қазақстан» газетінің қиындысына асықпай орауға кірісті.
Әулет Астанада жүргенде жерді жекеменшікке беріп жатыр дегенді естіген. Ауылға келгендегі ойы – шағын учаске алып, іске жаратсам деген еді. Соның мәнін білмек болып:
- Жерді жекеге беріп жатыр деп еді...Сол қалай? Сендерге бірдеңе бұйырды ма?
- Қайдан?! – шатақ шалдың көзі ақшаң ете қалды. – Телебезерден «Ауыл жылы» деп күнде сарнайтын ақжағалылар ортаның үйлерін жөндеп, көшені асфальттап берген, бар бітіргені сол. Сосын жеделдетіп жерді жекешелендіруге көшті ғой. Бірақ оның бағасы удай. Ондай ақша ауылдағылардың түсіне де кірмеген. Бұл ауылдан ұлтарақтай жерге ие болған Шаған атаң ғана. Бәрін өздері алды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әкімнің өзі едәуір жерді қамтып қалған, кейін онысын бір жөйтке сатып кетті. Қазір осы ауылдың жерін қазақтан басқаның бәрі жамбастарына басып отыр: қытай да, ағылшын да, неміс те, орыс та осында. Бізге мал жаятын жер де қалдырмады. Бұл ауылда өкімет жоқ. Қазір бәрі жекенің қолында: өкімет те солар, заң да солар. Әкімдіктің кеңсесінде бір бала отыр, оның атын да білмейміз. Бір кездері ауылдың телі-тентегін тыйып ұстайтын Ақан милиса көптен бері көрінбейді. Қазір оған қарап қалған жұмыс жоқ, ол да кеткен шығар басы ауған жаққа...
Әкесінің «Шаған атаң» деп отырғаны осы ауылда өмір бойы қой баққан, өзінің құрдасы, бозбала шақтан бірге жүрген сырласы. Тоқсаныншы жылдардың басында ауыс-түйісі басталғанда, ол кісі бірінші болып шаруа қожалығын ашып, алдындағы 2 мың қаралы қойды жекешелендіріп алған. Ол кезде қараңғы қазақ кәсіпкерліктің мән-жайын білмейтін, банктен несие алуға қорқатын. Шаған атамыз банк берген несиеге қойдан басқа бір үйір жылқы мен бір табын сиыр сатып алды, өзі оған дейін де малды болатын. Кеңшар басшылығы Сүйкім қыстағына қоса жанындағы екі-үш қыстақтың жерін де қоса жалға кесіп берді. Ол кезде жер тегін еді, ешкімге керексіз жатқан. Кеңестер үкіметі құлаған соң, кеңшардың шаруасы шатқаяқтап, ортаның бүкіл малы бартерге кеткен, жер құлазып бос жатқан. Кеңшардың жап-жаңа тракторы мен жүк машинасын да сол кісі иеленді. Кейін жұрттың бәрі «қап, беріп тұрғанда тегін несиені неге алмадық?» деп бармағын тістегені есімде. Шаған атам келер жылдың төлімен және қойдың жүнімен-ақ алған несиесін қайтарып тастапты.
- Сонда сендерге түк те тимеді ме? Осы кеңшарда 40 жыл мал дәрігері болдың емес пе?!
- Түк те, тек ауламыз бен бақшамызды кеңейтіп алдық. Жайылым болмаған соң, малдың бәрін саттық, қолда бір сауын сиыр ғана бар, сосын құрығыр қаракер тұр, оның да басын шауып аламын бір күні,– деді әлде кімге, әлде өзіне кіжінгені белгісіз.
- Ал, ел ше?– Әулет естіген сөздеріне сенер-сенбесін білмей.
- Ел дейсің бе, қайдағы ел?! Бұл күнде ел дейтін ел қалды ма, бәрі мүсәпір күйде! Мынау түгін тартсаң май шығатын жерұйығын көрер көзге талап алып жатқанда ешкім лақ құрылы тұяқ та серпімеді ғой.
- Сонда қалай өмір сүріп жатырсыңдар! – Әулет қалай айқайлап жібергенін өзі де елеген жоқ. Басы дың-дың!
- Төрт қабырғаға қамалып қалдық,– жалған дүниеде ешкімге сөзі өтпей, енді шағынар жалғыз адамы Әулет қалғандай, әке-шешесі жарыса сөйлеп. – Көшеге дүкенге шықсаң, асфальттан түсіп, ешқайда бұрыла алмайсың. Бәрі біреудің меншігінде. Байқаусызда сынық сүйем көлденең бассаң, ашыңған жұрт жағаңнан ала түсейін деп тұр.
- Анау... анау... ақшаңқан сарайлар кімдікі? – Әулеттің даусы тұтығып шықты.
Нақыш шешей саусақтарын бүгіп санамалай жөнелді.
- Сауда орталығы – қытайлардыкі, онда өзбектер де, кәрістер де сауда жасайды.Зейнетақы түскен күні сонда барамыз. Қытай дегенің не орысша, не қазақша түсінбейді, басында қиналып едік, қазір әйтеуір ас-суымызды алатындай тіл үйренуге жарап қалдық,– дейді қарт ана күрсініп.
Шешей бәріне көнген көнбіс кейіпте әлі сөйлеп отыр.
- Мектеп – түріктердің қолында. Оқуда баламыз жоқ, онда бармаймыз. Аурухана – немістерде. «Гутен таг» деп кіріп, «ауфвийдерзейн» деп шығамыз. Көшедегі көп өзбекпен «әкәлап» амандасады жұрт.
- Бәрінен де, – дейді әкесі бір қызарып, бір бозарып, – атқа мінуден қалдық. Қырға шықсаң, әркім өз иеліктерін қоршап тастаған, аттап баса алмайсың, қазір бүкіл дала тікенек сымдармен шырмалған...
Жігіт кезінде ат үстінен түспей, бір күн үйде қонса, үш күн далада қонып, аң қағып думандатып жүрген әкесі үшін қазіргі жағдайдың тар қапас екенін Әулет жақсы түсінеді.
Төбенің басына шығып, дүрбі салғаны сол еді, алыстан бір қара өзіне қарай құйғытып келе жатқанын көрді. Қамшысын басынан асыра ербеңдетіп, айқайға басып қояды. Жақындағанда таныды, Шаған атасы екен, арқасында қосауыз мылтығы бар.
Жас жігіт қарттың өзіне таяп келерін күтпестен «ассалаумағалейкумдеп» қарсы жүрді. Ақсақал абдырап қалды, құдды бұл жерде қазақты кездестіремін деп күтпеген сияқты. Бұның сәлемін алар-алмасын білмей абдырап қалды.
- Уәликс..,уәликс...– деді тұтығып. Енді ол да Әулетті шырамыта бастады. – Ой, сен Сейтеннің ұлымысың, өй, шырағым-ай!– дауысы құмығып шықты. Әулет қара жер төңкеріліп түссе де, бұл шал қақайған қалпында еңсесі иілмей өтеді деп ойлаушы еді. Дауысына жарықшақ түсіпті.
- Дәп өзі боламыз, атасы,– деді Әулет әкесінің құрдастығын пайдаланып қуақыланып, әрі ақсақалдың жабыраңқы күйін сейілтейін деп.
- Ойбүй, айналайын-ай! Мен жеріме қытайлар тағы да кіріп кеткен екен деп, айғайлап келе жатсам,– деп әлгі айқайы үшін кешірім сұрағандай еміреуін білдірді.
- Қай қытайды айтасыз? – Әулет езуін иектеп бара жатқан жылы жымиысын жиып ала қойды.
Шаған ақсақал:
- Қайсы дегенің бар ма?! – деп өзіне аңтарылды. – Осы Айқайтөбеден бастап анау Қамыстыкөлдің бергі беті, былай қарай ұсақ шоқыларға дейін, содан Ешкіөлмес, Сымтасты айнала менің жерім,– деп қария қолындағы атсоғарын бұлғаңдатып, жерді ойша шолып шықты. – Былтыр көлдің арғы бетін қытайлар иеленген, басында бес-алты адам еді, қазір өздері көп, жүз қаралы. Қашан келіп алғанын итім біліп па? Енді солар менің жеріме қайта-қайта кіріп кетіп, мазамды алды.
Осыдан үш күн бұрын аралық шекара белгісін 100 метрге ішкері енгізіп қойыпты. Боқтасып-боқтасып әділіне жет алмадым, өздері шаң-шұңқ етіп, адамды тыңдамайды, бет бақтырмайды. Ақыры ақ-адал жерімнен айырылдым. Кеше, қарасам, белгіні тағы 20 метрге бері жылжытып әкеп тастапты. Тағы да ақиқатына көндіре алмадым, өздеріне не сөз өтпейтін, не боқтық өтпейтін немелер екен. Енді бала-шағамызбен бірге күндіз-түні ұйқы-күлкі көрмей, қолымызға қару алып, жерімізді қорып жүрміз.
- Тап, әкеңнің аузын!.. – мына қорлыққа Әулет те шыдамай кетті.– Ойбай-ау, ата, олар көп қой! Аудан әкіміне, ішкі істер бөліміне хабарласпайсыз ба?
- Оған жағдай көтере ме? Мен шағымданып жүргенде олар үйіме де кіріп алар, сосын шығарып көр! Олар қазақтың заңына бағынайын деп жатқан жоқ! ...Тегін жатқан жер жоқ! Ата-бабамның қаны тамған жерім өзгенің уысында кеткенше, алысып өлем! – деді алпамсадай қария қатуланып.
Ата сөзін аяқтар-аяқтамастан, атын борбайлата қамшылап шаба жөнелді. Қамшысын жоғары білеп айғай салып барады. Өйткені қараң-құраң бір топ қытай шекара белгісін тағы жылжытып келеді екен. «Шіркін-ау, мына кісі жазым болмаса жарар еді, ата-бабасы батыр болған деуші еді, әбден қатайып алған екен» деп бұл алаңдай бастады.
Әулет қолына дүрбісін алып жағалата көз салды. Бала күнінде асыр салып, тай жарыстырып өскен қайран дала қазір бөлшек-бөлшек болып тікенек сымдармен бөлініп, әлдекімдердің меншігіне берілген. Әр жер-әр жерде бөтен мемлекеттердің тулары желбірейді.
Әне, анау жайқалған алқап ұсақ мал жаяуға қолайлы еді. Қозы-лақ секіріп ойнайтын жарлауыттың биіктеу тұсына сырыққа америкалық ту ілініпті. Көгалдың үстінде сүліктей қара смокинг киген, бастарында қаздиған қалпақтары бар екі-үш ақсүйек гольф ойнап жүр. Әне бір тұс – қасиетіңнен айналайын Тұяқ деген ақбастау. Мал баққан малшы да, жоқ іздеген жоқшы да, аң қуған аңшы да оның жанынан өткенде балдай суынан ішпей, басындағы адам құшағы жетпейтін кәрі еменге ақтық тақпай, тәу етпей өтпейтін. Тұяқтың басында Ресейдің үшжолақ туы шаншылған. Әулеттің жүрегі су ете қалды, кәрі емен жоқ, тексіз немелер шауып тастаған болуы керек. Бұлақтың басы бытқырап жатыр, судың ішінде теңкейген-теңкейген бірнеше шошқа жүр.
Әрі қарай француздардың, ағылшындардың, арабтардың, өзбектердің, жөйттердің, бұл бұрын-соңды көріп-білмеген тағы бірнеше елдердің тулары жалбырайды.
Әулет кенет даңғұр-дұңғыр еткен қоңырау дауысынан селк ете қалды. Беймаза даңғыл көп бейіттің тұсынан шықты. Дүрбісін сол жаққа салды. Ол жерде басында кіресі бар православтардың шіркеуі тұр. Шетінен қара жамылған бір топ адам шіркеуге құлшылық жасауға кетіп барады. Ауыл зиратының бірталайы қиратылыпты, құдай біледі, мыналар шіркеудің құрылысына кірпіштерді содан алған болуы керек.
Көп бейттен әрірек католиктердің, буддалардың, иогово куәгерлерінің иеліктері жатыр.
...Әулеттің жүрегі қан жылап тұр. Екі көзінен аққан жас өңірін жуып кеткен. Есіне сонау 8 ғасырда түркі мемлекетінің іргетасын қалаушы, Бағадүр қағанның айтқан сөзі оралды: «Жер болмаса – ел жоқ, ел болмаса – мемлекет жоқ» деген еді-ау батыр бабасы. Енді құлдық қамытты кимегенде нең қалды, сорлы қазақ! «Көрешегіңді көрмей көрге кірмейсің» деуші еді, ал жердің бәрі сатылып кетсе, бұл өлгенде ел-жұрты мұны қайда жерлемек? Әулет «көрешек... көрешек» деп күбір етті де, көзі қарауытып, атынан ауып бара жатты...
Дәулет АСАУОВ,
2003 жыл 27 қазан