Проза жазуды ұнататын болсаңыз, шеберханамызға қош келдіңіз!Ольга Маркова атындағы Алматылық Ашық Әд...
Ардақ Үсейінова. Кісі иесі (әдеби сын)
Кісінің кім екенін түсінбейтін, алдыңғы толқынның бәрін Аға дейтін, адамның да адамы болатынын білмейтін балаң шағым ғой. 6-ны бітіріп, 7-шіге көшкенмін. Жазғы демалыста қолыма «Әнім сен едің» дейтін бір кітаптың түсе кеткені.
Талғамай оқитын кезім. Жазудың машақаты да қатар жүретіні санама кіріп-шықпаған соң, жазушының шеберлігі дейтінді қайдан ұғайын?! Повесть, әңгіме, романдағы образ дейтін ұғым ойыма ұялап та үлгермеген, стильді саралай да алмаймын. Жалпы соның бәрі проза аталатынына да назар аудармаған қайран балалық-ай десеңізші... Сюреализм, мистика, реализм дейтінді ажырата бастағаным да күні кеше. Бірақ кітапты оқып-тауысқанымда қатты таңырқағанымды білемін. Сонда ғана кітапты жауып жатып, авторы кім екен деп назар салыппын. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Ұмытып қалмайын деп бірнеше рет қайталағам сол жолы.
Арада талай жыл өтіп, аудандық газетте еңбек етуге мүмкіндік туған. Талай жыл деген жүйрік көңіл үшін айтыла салатын өлшем ғой. Ал уақыт еншісіндегі – 7-8 жыл. Бұл жолы «Құдірет пен Қасірет» деген романды авторы Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ болған соң ғана қолыма алдым. Тағы біраз айлардан кейін Тараздан шығатын республикалық «Жамбыл» журналы қолыма түсті. Ойпырм-а-й редакторы бала кезімнен жазуы мені таң-тамаша еткен сол бір мықты жазушы екен. Сонда барып... Дәутайдың ұлы мына тұрған Таразда тұратынын түсіндім.
Әдебиет дегенде шекара болмайды. Шындығы сол. Басқаны қайдам, мен үшін мықтылардың қайда туып, қайда өскені маңызды емес еді. Сол көзқарастан әлі күнге айнығам жоқ. Әлі күнге Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Тынымбай Нұрмағанбеттің, Төлен Әбдіктің, Жүсіпбек Қорғасбектің қай жақтың тумасы екенін «Google»-дан бір қарап алмайынша, жатқа айта алмаймын. Бәрі қазаққа ортақ. Осылай санама мықтап сіңіріппін. Ал оған ықпал еткен адам – өзі де ешкімді Жер мен Жүзге бөлмеген жазушы Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ.
Талантына таңдай қақтырып, талайларды таң-тамаша еткен жазушы жазудағы өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен қайран қалдырып, өзі басқарған «Жамбыл» журналы арқылы мықтыларды дәріптей жүріп, мені әдебиет әлеміне жетелеп әкелді. Тамсанып оқып отырып, «шіркін осы журналға менің де жазған-сызғаным жарияланар ма екен» деп талай арман еткенмін. Іштей өз-өзімді қайрағанмен, біразға дейін жазбаларымды жіберуге батылым жетпеді. Жеткен күні оның жарияланатына сенген жоқпын.
Сол сенімді санама Несаға сіңірді. Сендіріп қана қойған жоқ, алғашқы әңгімелерімді «Жамбыл» журналына жарияламай жатып, «Әдебиет» номинациясы бойынша облыс әкімінің шығармашыл жастарға беретін сыйлығына ұсынды. Сол жылдары талантты жастарға өңір басшысының қаржылай сыйақысы берілетін. Ұсынып қана қойған жоқ, осы іс-шараға жауапты басқарманың басшыларына батырып айтып жүріп, сол сыйлықты алып та берген.
Әлі есімде, қолымда бір шоқ гүл, марапат қағазы. Конвертті ашпастан, екі бүктеп әмияныма салып алғанмын. Есім-сойы бала күннен таныс, ал жүзі бейтаныс жазушының кабинетіне имене кірдім. Ағамыз есікке бір қарады да, «Ә, Ардақсың ғой, кел, әкем!» – деді. Іштей «сөзді неден бастасам, өзімді қалай таныстырамын», – деп абыржып тұрғанмын. Қуанып кеттім. «Иә, аға, Ардақпын. Марапатымды алдым, сізге амандасайын деп, рахметімді айтайын деп келдім», – дедім іле-шала. «Өмірде өзі солай болуы тиіс, біз жастарға болсын деуіміз керек», – деді. Әлдекімдерге ұқсап, «Менің арқамда, мен ұсындым», деп бәлсінген жоқ. Арқамнан қағып, шығарып салды.
Несағаның әлдебіреулерге еш ұқсамайтынын кейін білдім. Жазуы қандай ерекше болса, болмысы да дара екен. Адамдардың бойынан кісілікті іздейтін. Ешқашан кеуде кермейтін кішілікті көргісі келетін. Талантын таныса, кім-кімді болсын, әсіресе, талапшыл жастарды іздеп, таппай қоймайтын. Сол жастар жанына жиылса, еш кісімсінбейтін. Бәрімізді өтеусіз жасалған жақсылық қайтадан иесін таппай қоймайтынына сендіретін. Бірақ соған өзі сенді ме?..
Сенетіндей еді... Алайда кісілікті ту еткен жазушы «Кісі иесі» әңгімесінде...
«Ей, мынау… Мынау… О, құдай… Қозыбас… Ия, сол ғой… Өзі…
Лезде біртүрлі қуанып та қалғандай болды.
– Оу, сіз… Қозыбас аға…»
Әрі қарайғы диалог жаныңды түршіктіреді. Кенжеғазының алдында күні кеше әкесі өз басын қауіп-қатерге тігіп, аман алып қалған адам бейнесіндегі азғын тұр. Азыққа «балаңды тастап кет» дейді. Жазушы пәлсапа соғып жатпай-ақ, жақсылыққа – жақсылық әрқашан бола бермейтінін тар жолдағы талайлы тағдыр арқылы неге көрсетті?
Қазір ғой, жатып келіп ойланамын, Несаға кісілікті айналасындағылардан көп іздеді ме екен деп. Жұртым деп жақсысы бар, жаманы бар, алғаусыз жақсы көргендері ол кісінің кісілігін тани алды ма деп... Мұны өткенде жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те айтты. Жамбылдықтар маңдайға біткен мықты жазушысының қадіріне жете алды ма дегенді. Жете алмағаннан кейін шығар, талай да, талай таланттарды қаламымен, қағазымен бірге оқшау қалдырып, шетқақпайлағандай болғаннан соң ғой, кісілікті әңгімелеріндегі символдық образдарға сіңіргісі келгені...
«Қайсыбір күні, тарс-гүрс етілген мылтық даусына елеңдеп диірменнің қасында қалқайып тұр еді, қарсы қапталдың қалың қарын қақ жарып өзіне қарай тұра салып келе жатқан қасқырды көрді. Тайыншадай көкбөрі со бойы мұның дәл жанынан ағып өтіп, есігі ашық тұрған қораға қойып кеткен. Бауырына түгел мұз қатқан қасқыр қораның қараңғы түкпірінде екі бүйірін соғып тұрды. Қанды көзі боп-боз. Ырылдай ма, қыңсылай ма үні біртүрлі аянышты. «Жансауғалап келдім» дейтін сияқты. Бұл есін жиып болғанша, үш-төрт әскер де келіп қалған, дүние көшіріп. Қандай құдіреті сөйткізді ме, «Былай қарай ағып өтті» деп қуғыншыларды басқа жаққа сілтеп жіберген»... «Кісі иесіндегі» кісілік дейтін адамға тән қасиет көкшулан бөріге қалай ауғанын бір деммен оқып, соңына жеткенде бір-ақ түсінесіз. ...«Әйел не ойлап, не қоярын білмей, аң-таң қалды: Бұл не?.. Қоржынды кім әкелді. Тастап кетіп еді ғой. Сонда жаңағы бөрі… Қасқыр емес шығар ол. Солай болып жүрген баласының періштесі шығар. Періштесі болады дейтін еді ғой, үлкендер. Періштесі…»
Оу, сонда көкбөрідегі кісілік қайтып өз иесін – кісіні қашан табады?! Былайғы жұрт біле бермейді ғой, сол кісілік жазушының ең мықты қасиеті еді. Кісі иесі де өзі еді.
Иә, Кісі еді. Көрсеткен кісілігі – кейінгіге аңыз. Айтып тауыса алмайтындай. Тауы шағылып, тауаны қайтқандар Несағаны іздейтін. Алдына келгеннің меселін қайтарған кезін көрмедік. Ақылын айтып, жол сілтеп, қолтығынан демеп те жіберетін. Қияға салса да, қиыннан жол тауып, көмегін аямайтын. Сөз демеуінің өзі қандай?! Бірақ сондай қолдау-қошеметті өзі сезіне алды ма?
Светқалиша айтсақ, қазағын құшағына сыйғызып қамтып сүйген жазушыға деген бар қазақтың құрмет-қошеметін өзіміз көрсете алдық па?! Бірақ тіршілігінде «анау өйтті, мынау бүйтті» дегенді Несаға аузына алмады. Қаперіне де ілген жоқ. Ешкімге тұлпар мінгізіп, сарай салып бер деген жоқ.
Ешкімнен өзіне ерек көңіл бөлуді сұраған жоқ. Сонысымен асқақ еді. Сонысымен паң еді! Қазір ойлап отырсам, адамның да Адамы – Несаға болыпты! Кісінің де – Кісісі өзі екен. Ал шынайы, нағыз Аға болудың үлгісі, басқа жақты қайдам, біздің жақта Несағамен бірге үзілгендей көрінеді.
Биыл Жаратқан қаламына ерекше қуат дарыған қазақ жазушысы Несіпбек Дәутайұлының – 75 жылдығы! Осы жылдың аясында қаламгердің еңбектері ел арасында өз деңгейінде дәріптеліп, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген жазушының есімі ел есінде қалатындай өнегелі бастамалар қолға алынады деп сенемін!
Тараз қаласы.