Астанада «Сталинмен бетпе-бет» тарихи драмасы сахналанды

ӘДЕБИЕТ
2339

Астанадағы «Оқушылар сарайында» жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Сталинмен бетпе-бет» атты тарихи драмасы бойынша сахналық қойылымның тұсаукесері өтті. 

Қойылымға 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, репрессия зұлматтарының ащы шындығы негіз болған. Негізгі кейіпкерлері Алаш қозғалысының өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов пен Сталиннің арасындағы қарым-қатынастан басталады. Сол жылдары Сұлтанбек Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған. Сталиннің алдында алғаш рет  «кыргыз-кайсак» емес «Қазақ» деп ұлтты өз атымен атауды ұсынған Сұлтанбектің сахнадағы образын көрермендер жылы ықыласпен қарсы алды. Алаш зиялыларының осылай «сахнаға шығуы», қазіргі ұрпаққа насихатталудың ең тиімді жолы екенін осыдан аңғаруға болады. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында Алаш ұлыларын Оқушылар сарайының театр бөліміндегі оқытушылар мен тәлім алушылар сомдап шықты. 

Спектакльдің соңында сахнаға Сұлтанбек Қожанов қорының директоры шығып, пьеса авторының иығына шапан жауып, «Алпамыс батыр» медалін өңіріне тақты.  Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Исламбек Салжанов қойылымның режиссері Сабыралы Кемелбаев пен жазушы-драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс ете тұрып:

– Қаламгердің пьесасын сахнаға алып шығуына мүмкіндік жасаған Оқушылар сарайының басшылығына, өз рөлдерін нанымды етіп бере алған актерлар құрамына ерекше ризашылығымды білдіремін. Елі үшін қызмет еткен Сұлтанбек Қожанов сияқты зиялылардың ісі бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы керек. Сол үшін де бұл қойылымды барлық облыстардың театрлары сахналап шықса артықтық етпейді деп ойлаймын,– деп өз пікірін білдірді.

Сахнада келесі болып сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Алдан Смайыл қойылымның көңілінен шыққанын айта келе, осымен тоқтап қалмай, жалпы Алаш зиялыларының талайлы тағдыры туралы шығармалардың жарыққа шыққанын қалайтынын айтты. С. Қожановтың жиен немересі Светлана Борисқызының атасы жайлы толқып тұрып айтқан естеліктерін залда  тебіренбей тыңдамаған адам болған жоқ. Көрермендер арасынан сөз сұрап, сахнаға көтерілген сатирик Көпен Әмірбек:

 – Сіздерге көрермендердің алғысын жеткізгім келеді. Осындағы режиссер С. Кемелбаевтың шешімі керемет әсерлі шыққандығын атап айту керек. Сұлтанбек Қожанов 1937-1938 жылы репрессияға ұшырып атылып кеткеннен кейін, араға 20 жыл салып 1957 жылы ақталды. Сосын 1987 жылы, толық ақталғаннан соң, 25 жылдан кейін Сұлтанбек Қожановтың аты атала бастады. Осы жердегі отырған жастар соны толығымен білсе деймін. Әлемде Канада деген ел барын білесіздер. Канада-ежелгі үндістер мекен еткен жер. Канада деген сөз үндістердің тілінде «еркін ел» деген мағынаны береді екен. Алғаш Канада жаулап алынған кезде миллион халық бар еді. Кейінгі бір санақта үндістердің саны 800 мыңды ғана көрсетсе керек. Сол үндістердің ішінен бір миллиардер шыққан екен. Соған мынадай сұрақ қойылады. 

– «Сіз бақыттысыз ба?» – деген. 

Сөйтсе, үндіс миллиардер: 

– Менің осы бар байлығымды Канаданың бір күндік тәуелсіздігіне айырбастар едім,–деп жылап жіберіпті. «Сталинмен бетпе-бет» драмасының қойылымының мазмұнынан да соны көрдік. Өз басын ұлт азаттығы үшін қиған Сұлтанбек Қожанов сияқты азаматтар ешқашан ұмытылмайды, – деп сөзін түйіндеді. 

Қойылымның соңында Оқушылар сарайының басшысы Ербол Іргебай келген көрермендер мен қонақтарға өз алғысын білдірді.

Айта кету керек, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы Алаш ардақтыларының талайлы тағдырын ұзақ жыл зерделеп, «Абақты-ғұмыр», «Сана дерті», «Сәкеннің соңғы сапары», т.б. тарихи драмалар жазған қаламгер. Көптеген пьесалары республика көлеміндегі драма театрларында соңғы 10-15 жыл бедерінде үздіксіз сахналанып келеді. «Мұңмен алысқан адам» пьесасы ағылшын тіліне аударылып, сахналанған. 


madeniportal.kz

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...