1979 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан «Менің құрдастарым» атты 532...
Фариза Оңғарсынова. Нұрлан Балғымбаев
Ер жігіттің серігі –
арғымақтан туған Ақтаңгер,
қалдырмас жолда жолдасын,
анасы Құмай болғасын
жалтармай асар құз-жардан,
балдырлы балшық, сыздардан,
тұяғымен тарпып мұз жарған.
Хас жүйрік – ердің бағы да!
Жалы қалың деп жабыға
ер салма – сұлу сырты алдар.
Тектіден туар тұлпарлар!
Әбубәкір Кердері
Нұрлан Балғымбаев. Бұл есім – Қазақ елінің кәрі-жасына ғана емес, әлемдегі мұнай-газ саласының айтулы майталмандарына жақсы таныс. Өйткені, Қазақстан мұнайының жер шарының сан алуан елдеріне ең алғаш кеңінен мәлім болуы осы Нұрлан Балғымбаев есімімен тікелей байланысты.
Ол Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі болып тағайындалғанын естігенде, жалпы халық “бұл кім”, “қай жақтың азаматы”, “бұрын қайда жұмыс істеген” деп бір-бірінен сұрап жатты.
Сөйлесе жалтақтамай, ойын көзіңе тура қарап кесіп айтатын, жүріс-тұрысынан батылдық пен байсалды орнықтылық бірден сезілетін, кескін-келбеті келісті қазақ жігітінің өмір бойы мұнай-газ саласының өзге ұлттың өкілдеріне ғана бұйырып келген министр креслосына отыруы ұлтжанды қарапайым жұртшылықтың көңілінен шығып еді.
Өзі Атырауда туып-өскен. Елден ерте кеткен мен атыраулықтардың көбісін біле бермеймін. Ол өлкенің азаматтары іздеп келіп, үлкенге сәлем беру дегенді ерсі көретіні тағы бар. Өтеп Балғымбаев ағамыздың есімі батыс өңірінің халқына жақсы таныс болатын, адамгершілігімен, парасаттылығымен, қиын-қыстау кезде ел басқарып, қарапайым жұртшылықтың құрметіне бөленген кісі екенін жас болсақ та көкірегімізге түйіп өскенбіз. Бұрын Балғымбаев деген фамилия Өтеп ағамыз арқылы батыс облыстарға ғана таныс болса, енді республика көлеміне жарқ етіп шыққан жас азаматты астанадағы зиялы қауым үлкен үмітпен қарсы алды.
Бұл Кеңес одағының құрыштан құйылғандай көрінетін қаңқасы құлап, еліміз бабалар ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздік туын көтерген кез болатын. Республика халқының рухына қуат берген “тәуелсіздік” деген жалғыз ғана сөз болмаса, материалдық, экономикалық, саяси жүйенің күн жеген матадай ыдыраған, жылына жиырма бес миллион тонна мұнай беріп тұрған кәсіпорындардың өнімі күрт төмендеген жылдарда ел экономикасының күре тамыры болып есептелетін Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігін басқару әрі күрделі, әрі жауапты мәртебе еді.
Азық-түліктен қаңырап қалған дүкендердің алдында топырлап кезекке тұрған халық, жалақы, зейнетақыны ала алмай бүрсеңдеген жас-кәрі, бұрын туысқанбыз, тамырласпыз деп қол ұстасқан елдердің әрқайсысы өзімен өзі болып, байланыстың тіні үзілген шым-шытырық тірлік... Кәсіпорындардағы істен шыға бастаған өндіріс құралдарын ауыстыратын тетіктер жоқ. Павлодар мен Шымкенттегі мұнай айыру зауыттарының жұмысы мүлдем тоқтап тұр... Жалғыз-ақ Атырау мұнай айыру зауыты ғана шалажансар қимылдап, соқыр көзден шыққан жастай өнім береді...
Елбасымыз жан-жағынан жел үрлеген тәуелсіздік деп аталатын отаудың іргесін қайтсек бекітеміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, көкірек көзі ашық, білімді, пайымды, іскер азаматтарды іздеп жүріп, КСРО Мұнай, газ өнеркәсібі министрлігінде Мұнай және газ өндіру басқармасы бастығының Орталық Азия мен Қазақстан бойынша орынбасары болып істеген, Американың атышулы Массачусетс университетінде білімін жетілдірген Нұрлан Өтепұлына көзі түсіп, Қазақстанның мұнай, газ өндірісі министріне тағайындауға Парламентке ұсыныс берді. Ол жылдары министрлерді тағайындағанда Парламенттің келісімі шешуші рөл атқаратын. Депутаттар арасында “есімі елге белгісіз, шетелде оқыған адам, біздің экономика саласын білмейді” деп қасарыса қарсы болғандар болды. Елбасының сеніммен дәлелдеп сөйлеген ұсынысынан кейін ғана Парламент келісім берген еді.
Жаңа министр өз жұмысын білгір мамандарды іріктеуден бастады. Мұнайдың иісі мұрнына барып көрмеген бозбалаларды емес, бабаларының ата кәсібі мұнай, өмірге келіп көзін ашқалы көргендері Атырау мен Маңғыстаудың құмды дауылына араласып жердің өтінен май өндірген, осы саланың ыстығы мен суығында әбден жетілген, Мәскеу, Баку, Уфа, Алматы қалаларында мұнай, газ мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарын бітірген сайыпқыран жігіттерді жауапты қызметтерге орналастырды. Өзге республикалармен бұрынғы байланыстың үзілгелі тұрған күретамырына қайтадан қан жүгіртіп, жан бітіруге тура келді. Өйткені, өндіріске ауадай қажет құрал-жабдықтар жасайтын Қазақстанда зауыт болған емес. Олардың бәрі енді басқа мемлекет болып кеткен елдердің территориясында қалды.
КСРО деп аталатын кезіндегі алып мемлекеттің мұнай, газ өнеркәсібінің басында қызмет істеп, бұл саланың бүге-шігесіне дейін бес саусағындай біліп үлгерген, мұнай десе ылғи да аузын арыстандай ашқан алпауыт Американың саясаты мен өндіріс тәжірибесінен түсінігі мол министр өзінің алғырлығын, беделін, адамдармен тіл табысудағы мүмкіндігін көрсете білді. Осының арқасында “Маңғыстаумұнайгаз”, “Өзенмұнайгаз”, “Ембімұнайгаз”, “Жайықмұнай”, “Ақтөбемұнай” бірлестіктері жаңа екпінмен өнім бере бастады. Осылайша бас-аяғы бірер жылда Қазақстанның мұнай өнімі қайтадан жылына жиырма бес миллионға жетіп, шет елдерге шығару мүмкіндігіне қол жетті. Бұл тәуелсіз еліміз енді тәй баса бастаған, жетістігімізден жетпесіміз көп кезеңде қол жеткен үлкен жеңіс еді. Осы жылдардан бастап Қазақ елі шетелдік инвесторларды да қызықтыра бастады.
Қазақстан мұнайына алғашқы болып бұрғы қадаған америкалық әйгілі “Шеврон” компаниясы Атырау облысындағы мұнай қоймасы Теңіз атанған жерде жылына бір миллион тоннаны әрең өндіріп тұр еді. Жаңа министр олармен бірлесіп өндіруді қолға алды да, екі жылда өнімді бес миллион тоннаға жеткізіп, шет елдердің “Мобил”, “Шельф”, “Аджип” секілді әлемге атақтары жайылған компанияларының қазақ мұнайын игеруге атсалысуларын қамтамасыз етті. Дүние жүзі елдерінің Қазақстанға деген сенімі орнықты. Мұның бәрі кейбірулер айтып жүргендей, “ата-бабадан мұра боп қалған жеріміздің табиғи байлығына шетелдіктерді ие етіп қою” емес, Қазақстанды экономикалық тәуелсіздікке жеткізудің алғашқы қадамдары еді.
“Қазақстан мұнай державасына айналса...” деген арман Доссор мен Мақаттың балшығы мен батпағын, Қосшағыл мен Қошқарда, Ескене мен Қаратонда мұнайшылардың құм арасындағы жермен жексен тұрғын үйлерін, тұрмыстарының адам айтқысыз қиындығын қаршадайынан көріп өскен Нұрлан Өтепұлын жасөспірім кезінен ойландыратын.
Жоғары білім алып, мұнайшы деген дипломмен Маңғыстаудағы алғашқы мұнай фонтанын берген Жетібай кәсіпорнына жерасты скважиналарын жөндейтін оператор болып еңбек жолын бастаған кезде де ол Отан қоймасына миллиондап қара алтын құйып жүрген мұнайшылардың тұрмыс-тіршіліктерінің, үй-жайларының төмендігіне жаны ауыратын.
Жаңа үйленген жас маман Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласынан бір бөлмелі пәтер жалдап, сексен шақырым жердегі Жетібайға ертемен кетіп, кешке оралатын. Өндірісте аяқ астынан түрлі жағдайлар болып жатады, ондайда уақытпен есептеспей түнімен жүруге тура келетін. Өз ісін жетік білетін алғыр жас көп ұзамай қатардағы оператордан жерасты скважиналарын жөндеудің шеберіне, кейін инженер, кәсіпорын басшысы қызметіне көтерілді. Ол жылдары Маңғыстау аумағындағы мұнай қорының молдығын ескеріп, өз еліміздің Ғылым академиясымен қоса Мәскеу, Самара, Уфа, Киев қалаларының ғылыми-зерттеу институттары осында тәжірибе жасай бастап еді. Өндіріске кедергілері көп парафинді мұнайды қалай, қандай әдіспен жеңіл өндірудің амалы ғылыми негізде іздестірілді. Нұрлан Өтепұлы жаңа технологиялық әдістерді жетік меңгеріп алды. Талантымен, турашылдығымен, әділеттілігімен көзге түскен жас маманды министрлік Атыраудағы “Жайықмұнай” кәсіпорнына бас инженер қызметіне жіберді. Бұл жас маман үшін үлкен жолдың баспалдағы болды. Жері сусыз, тартылған теңіздің көк шөп өспейтін орнындағы жас кәсіпорынның тері сүйреткендей жайдақ жатқан айналасына терек егу, беті-қолдарын қысы-жазы күн қақтаған мұнайшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту секілді істер қолға алынды. Маңғыстау мұнайы секілді құрамында парафин немесе күкірті жоқ таза мұнай шығатын кәсіпорынның өндірісі тез алға басты. Жетібайдағы ғылыми-тәжірибелер жетістігі енді жаңа орында қолданыла бастады. Мұның бәрі мәскеулік басшылардың көзінен таса болмайтыны белгілі. Бірер жыл өткен соң Нұрлан Өтепұлы Мәскеудегі Мұнай, газ өнеркәсібі министрлігіне қызметке шақырылды. Қазақ елінің астанасында не Мәскеу шаһарында қолдап-қорғайтын көкесі немесе тәтесі жоқ, тек арманын серік етіп, өзінің талабы мен талантына сенген жас азаматтың әркімнің қолы жете бермейтін орталыққа баруы осылай басталған болатын.
Мұнай, газ өндірісі қалыпты жүйеге түсіп, ел экономикасына елеулі үлес қоса бастады. Қазақ тарихында мұнай, газ саласының министрі болған тұңғыш қазақ азаматы Нұрлан Балғымбаев алымды алғырлығымен депутаттардың пікірін жоққа шығарып, Елбасының сенімін адал ісімен ақтады.
Ауыл шаруашылығы шатқаяқтап, экономикасы тәлтіректеп қалт-құлт қаз тұра бастаған Қазақ елін өркендетуде мұнай өнімінің рөлі зор еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы саланы тез арада жүйеге келтіріп іскерлік танытқан азаматты Үкімет басшысы — Премьер-министр етіп тағайындады.
Әлі де ел шаруашылығының қаз баса қоймаған кезі. Өндірістің, оның ішінде мұнай мен газ саласының ойы мен қырын жақсы білгенмен, Үкіметтің саясатпен көмкерілген шым-шытырық сан-салалы жұмысына бірден судағы балықтай сүңги кету Балғымбаевқа оңай болмағаны рас. Оның үстіне ақты қара, қараны ақ деуді білмейтін, жақсы айтса да, жаман айтса да тура сөйлейтін табиғи болмысынан ешқашан жалтарып көрмеген, саяси ойындардан бойын ылғи аулақ ұстайтын Нұрлан Өтепұлын халық Қазақстан Үкіметінің беделді басшысы, көрнекті қайраткер деп қабылдады және еліміздің тарих шежіресінде оның сол бейнеде қалары сөзсіз.
Тәуелсіздіктің бесігінде аққудың көгілдіріндей үлпілдеп, тәрбие-тәлім алған бүгінгі және келер ұрпақ еліміздің өткен белес-белдеріне көңіл көзін сала бермеуі мүмкін. Бұл күнде әлем елдерінің алдында аспан түстес туы желбіреп, жер шарының картасында жұлдызы жарқыраған Қазақ мемлекетінің бостандығы қантөгіссіз келгенімен, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту жолындағы азап пен бейнет ел басындағы азаматтардың қабырғасын қайыстырып, түн ұйқыларын төрт бөлгізді.
Қайран халықтың төзіміне болаттың да беріктігі жетпейтін шығар. Қарапайым жұрт бәріне төзді. Төзе жүріп тәуелсіздік отауының шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Мемлекеттің кірпіші – халық қой. Жалпы елдегі жақсылы-жаманды істелген істің бәрін бір адам жасамайды және ол үшін бір не екі адам жауап бермейді. Халық, яғни қарапайым адамдар жасайды. Елдегі өмірдің қалыпты тұрақтылығына, қиындықты бірге көтерісер бірлікке сол қоғамның әрбір мүшесі өзін жауапты сезінгенде ғана мемлекет нығаяды. Міне, осы тұста мемлекет астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру басталды. “Азып-тозған ел жалақысыз, зейнетақысыз отырғанда, қыруар қаржыны шашып, астананы көшіргендері несі?” — деген пікірлер әр тұстан естіліп жатты.
Халықаралық қаржы дағдарысы қаз баса бастаған Қазақстанды жанап өтуі мүмкін емес еді. Теңгеміз құлдырап құнсызданды. Мұнайдың бір баррелі тоғыз долларға түсті. Ауыл ғана емес, шағын қалалар да мүшкіл күй кешіп, адамдары жол бойына көлденең түсіп жатып алатын болды. Бұл да шарасыздықтың белгісі еді.
Қазақтың теңгесін әлі көріп үлгермеген ауылдағылардың қаладан сіріңке, сабын, арақ-шарап апарған алғашқы саудагерлерге малын айырбастап күн көруден басқа амалы қалмады. Ауыл, аудандарда балабақшалар жабылды. Клуб, кітапханалар тиын-тебенге сатылып, сауданың дәмін тата бастаған байшікештердің тауарларын сақтайтын қоймасына айналды.
Осылайша тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең қиын кезең Балғымбаев басқарған Үкіметтің тағдырына тиді.
Біздің атқа мінген азаматтарда бір ауру бар – бастары қосылмайды. Жылқының үйіріндей топ-топқа бөлініп, бір біріне осқырына қарайды. Билік басындағылардың өзара кикілжіңі елдің тағдырына, қоғамдағы ахуалға кесірін тигізеді. Осындай жағдай Балғымбаев пен сол кездегі Парламент Мәжілісінің спикері марқұм Марат Оспановтың арасында да болды. Махмуд Қашқаридың:
Жеңем десең жауыңды,
есіңе ұста күн бұрын,
бұз олардың алдымен
ерлерінің бірлігін! – деген нақылы ылғи есіме түсіп, ойланатын едім.
Кім қалай десе де, Балғымбаев басқарған Үкімет қыруар шаруа тындырғаны шындық. Ел экономикасын көтеруді мақсат еткен Үкімет талай қиын, жұрттың ойынан шыға бермейтін шаралар жасауға мәжбүр болды. Мемлекеттік бюджетті бірнеше рет қырқуға тура келді. Елдегі қоғамдық қопарылыстың кезінде шет елдерден миллиондап несие алғандарға Үкімет атынан аямай оңды-солды кепілдік берген бұрынғы Үкіметтің мырзалығының салдарынан Қазақ елі батыстық банктерге Америка валютасымен миллиардтаған өтем беруге тиіс болды. Кезінде шетелдік банктен несие алғандар енді жағалары жайлауда, “қарызымызды Үкімет төлейді” деп, жайбарақат бизнестерімен айналысып жатты.
Бірақ мемлекет керуені күн өткен сайын ілгері жылжи берді. Елбасы жанұшырып жүріп, барлық елдермен тең құқылы әріптес болуға күш салды. Алыс-жақын елдерде іссапармен болып, жер бетінде Қазақ елі деген мемлекет барын мойындатты.
Қазақ мемлекеті Президентінің сол қиын-қыстау жылдардың өзінде Батыс пен Шығысты байланыстырушы тарихи тұлға ретінде халықаралық “Азаттық алауы” сыйлығына ие болуы көп нәрсені аңғартқандай еді.
Әлемдік саясаткерлер арасындағы Елбасымыздың беделі Қазақстанның шоқтығын биіктетті. Бұрын жас ұрпақтар есімдерін үлкендердің сыбырлап айтқанынан естіген тарихи тұлғаларымыз өмірге оралды. Ұмыт қалған қазақ халқының өмір шежіресі қайта жаңғырды.
Елде сан мыңдаған шаруа қожалықтары, шаруашылық серіктестіктері мен өндірістік кооперативтер құрылды, социалистік қоғам меншігінің күні таусылып, жекеменшіктік жүйе басталды.
Республикамыздың тұрғындары ең көп аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының екі жүз елу мың халқы бар Мақтаарал ауданының Сырдарияның арғы бетінде тұратын еңбеккерлеріне Қазақстан жеріне бару үшін айналаның бәрі дария, тек өзбек ағайындардың үстімен өтулеріне тура келетін болды. Әр қазақ өткен сайын өзбек шекарашыларына қалталарын қағып ақша беретін. Әрбір шекарашыға қарап, жаутаңдап, олар құл иеленушілер де қазақтар құл секілді күй кешіп келген. Ел экономикасының тапшылығына қарамай, Үкімет екі жарым миллиард теңгеге ұзындығы он жеті шақырым көпірді бір жылға жетпей салдырып тапсырғандағы оңтүстік жұртшылығының қуанышында шек болмағанын Мәжілістің бір топ депутаты арнайы барып көрген едік. Бұл кезде елімізде нарықтық менеджмент қалыптасып, шетелдерден Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция ағыны тұрақтап үлгерген еді. Жүдеп-жадаған халықтың тұрмыс-тіршілігі қалыпқа түсті, Қазақстанның халықаралық беделі артып, әлем елдері жері мен суының асты тұнған байлық, төзімділігі мен ауызбірлігі мықты еңбекқор халқы бар Қазақстан деген мемлекетке шындап көңіл аудара бастады.
Егемен еліміздің іргесі бекіп, тәуелсіздік тұғырының осылайша нығаюында өз халқына, туған Отанына, Қазақ елінің тұңғыш Президентіне шын берілген, қайда, қандай ортада жүрсе де, ешкімнің сөзіне ермейтін, біреулердің пікірімен өз шешімінен айнымайтын, халқымыздың абзал азаматы Нұрлан Өтепұлының үлесі бар екені сөзсіз.
Елдің еңсесі көтеріліп, экономика біршама тұрақтанған кезде Балғымбаев Елбасына арыз беріп, Үкіметті басқарудан кеткісі келетінін білдірді. Қашан “кет” дегенше биік орындықпен қоштасуға құлқы жоқтардай емес, өзі сұранды. Мұнай өндірісінің ой-шұңқырына дейін жақсы білетін оны Президент бұрынғы Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінің жұмысын атқарып отырған ұлттық “Қазақойл” компаниясына басшы етіп жіберді.
Мұнайшылар қауымының жас-кәрісінің қуанышында шек жоқ, өйткені, мұнайлы өңірдің мұң-мұқтажын Нұрлан Балғымбаевтай білетін адам жоқ. Қысы-жазы бел шешпей дауылдың, жауынның, аптап ыстықтың астында еңбек ететін мұнайшыларда демалатын, емделетін арнайы санаторий болып көрген емес. Олардың балалары да жазғы каникулда ыстық күн астында қақталып жүргені.
Маңғыстауда шалқыған Каспий теңізінің жағасында “Кендірлі” деп аталатын жерде демалыс орнын салуды бастады. Көкшетаудың Зеренді секілді жұмақтай аумағында мектеп оқушыларының демалыс лагері “Сұңқардың” құрылысы салынды. Маңғыстау мен Атырау мұнайшыларының күн қақтаған балалары енді осында демалады және оларды арнайы ұшақпен әкеліп, демалыс аяғында үйлеріне апарады.
Бір кездегі Кеңестер одағындағы ең өнімді мұнай беретін Жаңаөзен қаласында еуропалық үлгідегі қонақ үй, бассейнді спорт сарайы, тұрғын үйлер, Құлсарыда мұнайшылар үшін емдеу орны, Доссор мен Мақаттың жерүйлерінің орнына жаңа тұрғын пәтерлер, Атырауда – стадион... Жаңа Қаратон поселкесі. Түркістанда ұлтымыздың, ұрпақтың мақтанышы Бекзат Саттархановтың кесенесі тәуелсіз мемлекетіміздің аспан тектес туын әлемдік олимпиада көгіне көтертіп, бәріміздің көзімізге қуаныш жасын алдырған бауырымызға қойылған мәңгілік ескерткіш іспетті. Қасиетті Түркістан қаласына барған адам Бекзатқа соқпай кетуге дәті бармайды.
Қазақстанның батыс өңіріндегі төрт облыста мұнай мен газ саласында еңбек ететін өнерлі жастардың фестивалі де Нұрлан Өтепұлының ұсынысымен өткізілген еді. Мұнайшылардың біз білетін алыс-жақын тарихында мұндай бағыттағы шара өткен емес. Жастар кейін еліміздің бас қаласында өнерлерін көрсетіп, Астана жұртшылығын риза қылғаны есімізде.
Астана қаласындағы “Хабар” телеарнасының, “Қазмұнайгаз” акционерлік қоғамының, күні кешеге дейін Қазақстанның даму банкі орналасқан көрікті ғимараттар Балғымбаевтың идеясымен мұнайдан түскен қаржыға салынған болатын. Әдебиет пен өнер қайраткерлерінің бірқатары да бас қаламыздың төрінен алғашқылар санында “Қазақойл” компаниясынан өзгелер қызығатындай пәтерлер алған. Қазіргі байлығы мол компаниялардың басшылары пәтер беру түгілі есігінен қаратуға жоқ. Бұл құр мәрттіктің белгісі емес, басшының кісі танитын, ұлттың ұжданы болып жүрген өнер қайраткерлерінің еңбегін қадір тұтып бағалағандық.
...Егер қарапайым халықтың алғысын алған адам екі дүниеде де Жаратқанның рахымына бөленсе, осы Нұрлан Балғымбаев бөленетін шығар.
Адамның табиғаты, болмысы тәрбиемен, ортамен қалыптасады, “көре-көре көсем болады” десек те, халқымыздың ежелден келе жатқан “тектілік” деген қалыптасқан ұғымы тегін емес-ау деген ой көңілімнен кетпейді...
...Қазақ халқының тәуелсіздігі деп алғаш ұран салып, қара халықтың қамы үшін азаттық күреске шыққан Сырым батырдың оң қолы болған Қаратау батыр Өмірзақұлы – Нұрлан Өтепұлының жетінші атасы. Халық ол кісіні “Қаратау би”, “Қаратау батыр” деп атаған. Қаратау батырдың Сырым Датов көтерілісінің екінші қолбасшысы болғаны туралы тарихи деректер бар.
Ал Қаратау батырдың ұрпағы Балғымбай Сұлтанмұратов ақсақалдың өмірі өзімізге аян Кеңес үкіметінің тұсында өткен. Қарапайым еңбек адамы Балғымбай өз елінде сыйлы, өнегелі отбасының иесі болған, бәйбішесі Қилаш екеуі өмірге бес ұл әкеліп тәрбиелеген. Отбасының тұңғышы Өтеп бастаған үйелмелі-сүйелмелі өскен ұлдарының бәрі – мұнайшы мамандығын меңгеріп, қара алтынды өлкеде Балғымбаевтар әулеті атағын қалыптастырды. Өтеп Балғымбаев – Атырау, Маңғыстау облыстарында аудан, қала басқарған, “Қазақстан мұнай бірлестігі” басқармасының басшыларының бірі болған, аса тәрбиелі, қай жерде жүрсе де, тек қайырымды, адал, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын, адамгершілігі мол азамат атанған адам. Бас-аяғы қырық тоғыз жасында дүниеден өтсе де, Маңғыстау, Атырауда әлі күнге дейін “Өтеп ағамыз айтатын”, “Өтекең сонда былай деп еді” деп азаматтар қимас көңілмен еске алып отырады.
“Әрбір отбасы – шағын мемлекет” депті ғой байлар жақтыра бермейтін ілімнің негізін қалаушылардың бірі. Өз отбасыңда береке, бірлік болмаса, сол шағын мемлекеттерден тұратын қоғамыңда да жайбарақат, мамыражай тірлік болмайды.
Өтеп аға мен Бәтен апайдың тұңғышы болғандықтан ба, Нұрлан кейінгі үш інісінің “атаманы” да, ақылманы да өзі болды. Ылғи ер балалар болса да, олардың ешқайсысы көп сөйлемейтін, жақсы көргенін де, жақтырмағанын да жанарынан ұқтыратын ананың алдына шығып көрген емес. “Жақсы әке ұрпағына қырық жыл азық” дегендей, халқына қадірлі Өтеп Балғымбайұлының өзі дүниеден ерте озса да, балалары еркін өсті. Бәрі де жоғары білім алды. Бір-бір өнегелі шаңырақтың иесі атанды. Өрімдей-өрімдей перзенттер өсірді. Әуелі Әнуарбектің, кейін Саламаттың қазасы әке орнына әке, аға орнына аға болған Нұрланның қабырғасын қайыстырды. Сүйікті бауырларының соңында қалған балаларын аяғынан тұрғызу, оқыту міндеті енді бір әулеттің үлкені мұның мойнында еді.
Нұрланның жастай қосылған сүйікті жары Нағима өздерінің Төлегені мен Самалын ғана емес, қайныларының бала-шағасына да қамқор, келіндеріне ақылшы абысын бола білген абзал жан.
Кейбір адамдар лауазымы жоғарылаған кезде күні кеше бірге өскен, жастық жылдарында қиыспас дос-құрбы атанған жолдас-жоралары мен ағайын-туғандарын есігінен қарату түгілі, көрген жерде танымайтын, көрмеген, білмеген адамдай қабақ танытатын кейіп көрсететін болып жүр.
Нұрлан мен Нағиманың татулығы, жолдастарына тілеулестігі туралы жастайынан қатар келе жатқан құрбылары ауыздарының суы құрып сүйсіне әңгімелейді.
Президенттің қолдауын, бағасын көргендердің көбі ол маңнан алыстаса болды, ат-құйрығын үзіп, “келін өзі келгендей, бала өзі өскендей” болып шыға келетін тәйтік мінездерін көрсетіп-ақ келеді.
Мұндай абыройсыздықтан қашан да бойын аулақ ұстайтын, атақ-абыройына дақ түсірмей келе жатқан халқымыздың біртуар перзенті, өтпелі кезеңнің өткелі ең қиын да күрделі тұсында тұңғыш Президентіміздің лайықты серігі болған қайраткер Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев туралы ойымыз осындай.
Көктемгі теңіздей құбылған адамзат қоғамында кісінің жаратылыс берген табиғи мәнін жоғалтып алмай өзімен өзі болып қалуының өзі – ерлік қой.