Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қаты...
Асылан Қуанышұлы: Қаламымды матырып жанарыңа, Махаббаттың салайын сүгіретін.
* * *
Мият таппай даладан жатқан мынау далиып,
Қанатына қан ұйып, мұртшасынан зар иіп,
Таңғы ырадан тəж киіп, Қос жанардан нұр тамып
барады ұшып көбелек мекеніне жанұйық...
Жаладым да тағдырдың у татыған қаймағын,
Харап қылдым əсершіл кеуде-түннің ай-жанын.
алдым-дағы суырып көмейінен шəй құяр,
Уақыттың аузына кемпір тығып ойнадым...
бүгін...
Жөн сұрау
Шығып бара жатсың ба?
Батып бара жатсың ба?
таң ба, əлде, іңір ме?
Саған қарар уақыт жоқ, айналайын тақсыржан,
Бізде бəрі - меңіреу,
келсе елеңгің - дүбірле.
Тілегі нас пəс ұлға сенің мұңың - далбаса.
Жүрегі тас тасырға менің жырым -далбаса.
Біздің заңды (ар заңын) елемейді ешкім де,
Тек өлгесін болмаса...
Үмітсің бе алғашқы, күдіксің бе албасты,
Көзіңдегі нұр ма, жын ба, немене?
Бізде, əйтеуір, уақыт жоқ (мақтау керек қарғашты) —
Үңілетін жүректегі Егеге.
Маңдайыңда - қан дағы, əлде əлемнің бал нəрі?..
Саулаттың-ау үлгертпей тосуға да шелекті.
Бізде, бірақ, уақыт жоқ қазір жəне алда əлі,
Соққан желге шығыстан тəн жалату керек-ті,
Батыс желі зарпынан зарға бату керек-ті...
Жолаушы-Күн жөніңді айт - үнсіз не себепті,
Жалғыз өзің деп пе едің жапандағы баққаным!
Соққан желге шығыстан тəн жалату керек-ті,
Батыс желі зарпынан зарға бату керек-ті,
Оған дейін шықпа да, одан кейін батпағын!
* * *
Боздады кеп сәттерге өлі –
Жүрек деген шерлі есім.
Кез-келгенге бұтын ашқан бақ келмеді,
Келмесін!
Оған қарар мұрғам да жоқ,
Уақыт та жоқ, себеп бар:
Қайтарамын беру керек жылдарға көп
Көкке жағып үлгеруім керек һәм!
Түн – бүр жарып, Ай – гүлдеген
Солады ертең!
Әлде мен..?
Сонда қоштасуға деймін қайғым менен
Келер бәлкім әлденем.
Ит біліп пе, құрсын бәрі,
Бәрі-бәрі құ-ры-сын!
«Бұлт кекілді, Нұр сырғалы»
Күнді адақтау – тынышы...
Хат
Мен сені іздеп жүріп өзімді жоғалттым, әке.
Бағымнан, әлде сорымнан...
Біздің өмір – түс қана...
Қате,
жәй ғана бақытқа жорылған.
Не деген қияли көреген шалдар –
Тағдырың жазатын көзімен.
Жазылмай қалған тек – сендегі арман,
Мендегі аңсар,
бірақ ол түк те емес, сезінем.
Әке, ұлыңды кешір – өзіңе деген
Зарықтың зарпынан алжасқан ақылдан;
Иісің сіңген ескегіңнің жаң-қа-сы-ме-нен
Сар тісін шұқып отырған.
Сен құсап ақ бұлтты басыма қондырман,
Жамау жоқ қағаздан өңге...
Кім жауап береді уақыттың алдында,
Сен бе, әлде мен бе?
* * *
Алып қашып лыпамды тажал-құйын,
Тыр жалаңаш биледім ажал биін.
Қиялдарын қарынға байлап алған,
Сосын, қанша шақырды қазан-жиын...
Жетпейді, ырас, жарты екеш жалқы ғұмыр,
Тыңдаймын деп қалдым түн аңқылын үр.
Көлеңкеммен жандасам, бірақ кейін,
Қылыш - қалам...
жанды өртер жарқылы - жыр.
Күлер біреу со кезде құбыладан,
Оның-дағы белгілі сыры маған.
Шомылдырғысы келер нұрына әмән,
Үстегісі де келер жырыма мән.
Қарап тұрып аспанға, бар әлемге,
Тағы біреу күледі одан өңге .
Көз алдымда көлбеңдеп тұрар сосын
Көз орнына бітеді жара демде.
Сосын, сосын...
түнекке байланасың,
Өзің сынды іздейсің қаймана шын:
Жүрегін жыртып беріп жүрегіме
жамайтұғын, аяулы қайда анашым?..
Арзу
I
Кел, жарығым, өшкенше жай жарқылы.
Əзірейілдік аңсармен жет ілезде.
Қаламымды матырып жанарыңа,
Махаббаттың салайын сүгіретін.
Сол суреттен анамның жүрегіне
Малып алған маңдайын Ай жымыйса...
Тағдырым боп көрінер қара нүкте,
Сенің қарашығыңнан жұғып қалған.
Кел, жарығым, түн болып өлең тамған,
Жанторсығым жасыңды қылмас ысырап.
Қылғытармын сезімді,
оянғанша
ауызынан жалғаншы мүңкіген Күн...
II
Кіндігі кесілмеген шарананың
Жанарына алғаш боп түскен Жарық,
Жалғыз түйір бидайдың дәнегіне
Қақалып жатқанда да сені ойлағам...
...Енді білген жалғанның жалғандығын
Қарияның көзінде сөңген үміт -
Ей, Жарық!
Жар көз қырын салған да да,
Өртене жаздап барып сені ойлармын...
Оянған
Əуезімен əлдилеп жыршы-жалған,
Қиялыма оранып Нұр шыланған
Жатыр едім...
кенеттен көзімді ашсам,
Қыйылып қана қарап тұрсың алдан.
Сарқып ішіп мен түсер нала-көлді,
Есігін айқара ашып АҚ ƏЛЕМНІҢ,
Келдің де кірпігіңді қалам қылып,
Көңіліме əрнені сала бердің.
Сен келдің,
Махаббатқа бола алмас уақыт та өлшем,
Қапа болып қағар-ау бақыт кемсең...
Құтқармасын мені ешкім,
көзіндегі
Каспийге батып кетсем...
Сен келдің,
Қауызына шық тұнып Гүл өңіңнің,
Хас перісі секілді Үр өмірдің.
Бір қара бұлт бара ма тайғанақтап,
Маңдайына қарашы жүрегімнің!
О, Тәуелсіздік!..