Рахымжан Отарбаев. Құрығанда қымыз құрысын!

ӘДЕБИЕТ
2840

Мұхтар ағамен (Шаханов) ұзақ жылдар қызметтес болдым ғой. Қырғызстанда елшілікте жүрген кездегі бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Мұхаң аңғал да жаны жомарт адам. Оны ел біледі. Бір күні сол кездегі Премьер-министр С.Терещенко ресми іссапармен келетін болды. Қырғыз жағы қам жасады. Біз де шапқылап жүрміз. Қазақ үкіметі басшысы вертолетпен Қордайға кеп қонды. Оны қырғыз Премьер-министрі Абас Жұмағұлов күтіп алды. Ал, біз кешігіп қалыппыз. Кешігетін себебіміз – Мұхаң: «Сергей Александрович қымызды жақсы көреді. Шымкентте өскен. Қазақша судай ағып тұр. Әкесін де жақсы танимын. Бұл деген бар ғой, тіпті туған інімдей», – деп әңгіме өрбітеді. Бішкекке іргелес ауылдан бапты, сары қымызды алдырсын. Сөйтіп ырғалып жүргенде ал, кешікпей көр!

Андағайлап шауып Қордайға жетейік. Жетсек, екі елдің Премьер-министрлері жүздесіп, бір қыдыру әңгіме айтысып, елшіні тосып қалыпты. Протокол бойынша елші оларды тосып алуы қажет. Бәрі керісінше. Терещенко Мұхаңа сызданып қарады. Өзгесі де салқындау амандасты. Сасатын Мұхаң ба: – Қазір қымыз ішеміз. Бал татып тұр. Арнайы алып келдім, – десін қазақ жағы өзін көрші елге бие байлап, қымыз ашыт деп жібергендей. – Құй, Рахымжан, тездет!

Жүргізуші Бисен екеуміз машинаның артқы қақпағын ашып жіберсек, көзің жамандық көрмесін… Бес литрік пластикалық ыдыстың тығыны атылып кетіпті де, бүкіл қымыз төгіліпті. Бетінде шөп-шалам, май-май шүберек, қиқым жүзіп жүр. Мұхаң болса, құй да құй деп жанды алып барады. Абас Жұмағұлов парасатты, сабырлы адам.

– О, кәне, ішейік. Асыл дәм ғой, – деп қояды. Жалма-жан бетіндегі қоқымды сыпырып, асыл дәмді кесемен көсіп алып бір-бірлеп ұсынайын. Төгілген қымыз тесік тауып тамшылап жерге де ағып жатыр. Тіпті жоғары мәртебелі меймандардың біреуінің тамағына қиқым кетіп қала ма, деп те жаным шығып барады.

– Ішіңіздер. Қымыз жетеді. Әкел, ыдысты, өз қолыммен құямын. Тағы бір-бір кеседен, – деп Мұхаң күмпілдеп қояр емес. Жарылып кете жаздадым.

– Аға, адамды өлтірейін демесең қойшы енді. Бітті. Құрығанда қымыз құрсын! – дедім булығып.

– Ой, идиот, – деп Мұхаң ештеңе түсінбесе де ыңғайға көне берді.

– Тарттық ендеше Бішкекке!

Әй, Мұхам-ай, от пен суға қатар салдың-ау, талай.

Рахымжан Отарбаев

Әділбек Өмірзақовтың фейсбук парақшасынан алынды
author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...