Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Бейтаныс бір өмір бар бұлттан əрі...

ӘДЕБИЕТ
1303

ЖАНСУСАР


Сар тамыздың бүгін бесі...

Кеш батқанда күлімдеші, Жалқы Нұр,

Құбыланың түбінен!

Саған арнап ән салады нарт іңір –

Шұғыланың тілімен.


Шашып қалсын сәулеңді аспан,

Көшеді әлі дәурен бастан – жаздайғы,

Жетсе күздің ақпары.

Не біледі аққу менен қаз жайлы

Кексе құзғын – кәп-кәрі?..


Менің жалғыз қайғыласым –

Жүзі сынық Ай дұғасын оқиды,

Өткен күнге бағыштап.

Сыпсың қағып жел де қырдан көкиді,

Көктем мүлде алыс қап.


Алаң болып ғайып-көңіл,

Періштеңе лайықты өмір сүрер ем –

Құрақ ұшып, Жан Еркем!

...Жанарымда – түн баласы түнеген

Тұнады шық таңертең...


ЕСТЕЛІК


Ерке тамыздың бесі ме бүгін,
 Несіне, күнім, күрсіндің?
 Мен деген – ерте күйініп кектен,
 Қиылып кеткен қыршынмын...

 Біздің несібе – сағынышы көп,
 Бағынышы жоқ ғашықтық.
 Бір-бірімізге қаратты Құдай,
 Жаратты құлай асық қып.

 Сәулелі сезім жүрекке сіңбек,
 Тілектесім боп жүре бер.
 Қасыма келсең күш-ағын тасып,
 Құшағыңды ашып күле кел.

 Су суиды ертең – сүмбіле туып,
 Гүлді де қуып сырдаң күз.
 Шексіз дүниеде бағын іздеген –
 Жанымызбенен нұрданбыз.

 Белгілі маған көлгір емесің,
 Мөлдір елесің түн кезген.
 Сақтайын сені – сормаңдай қылар,
 Жолдан тайдырар тіл-көзден.

 Ерке тамыздың бесі ме бүгін,
 Несіне, күнім, күрсіндің?
 Мен деген – ерте оралып көктен,
 Жоғалып кеткен тылсыммын...


ТАМЫЗДЫҢ ТЫЛСЫМ ТҮНІ


Бүгін бе, бүгін – тамыздың бесі,
 Маңыздым деші дүр күнді –
 Қайта оралмайтын...
 Жұлдыздар анау – аңыздың көші,
 Нағыз мұң деші бұл түнді –
 Ай тола алмайтын.


Қайтесің мендік масы көңілді,
 Шарабын талай көтердім –
 Жаздың бітпеген.
 Сүрмедім бұрын ғашық өмірді,
 Сүйіп те күйіп кетермін –
 Мəжнүндікпенен.


Жыр болып тұнды жүрекке сөзің,
 Жаза алмас бұлай ақындар –
 Елпілдек құмар.
 Жанымды билеп дір етпе сезім,
 Шыққа айналуға хақым бар –
 Мөлтілдеп тұнар.


Көзіңнен көркем шапағат көрем,
 Дүниеде мынау сен едің –
 Іздеген еркем.
 Мəңгі болу ғой – махаббат деген,
 Жоғалған менің дерегім –
 Күз келеді ертең...


ЖЕЛ. СӨЗ


Жаз-дəуренім баста тұрмас, тез өтер,
 Менің аздау бақытыма не жетер?!.
 Күз келген соң – сыпсыңдаған желге де
 Гу-гу əңгіме табылар-ау сөз етер.


Сүмбіледе суып кетті су неден,
 Оның сырын жел айтады гулеген.
 Жел айтады сезімді де суыған,
 Жылуы жоқ жүрек қалай туды өлең?


Жел айтады жапырақты жылаған,
 Тастан ауыр тамшы жасты құлаған.
 Сол бір сəтте сөйлей алмай мылқаудай,
 Үнсіз қалам, ештеңе де сұраман.


Уақыт көші тоқтамастан қозғалар,
 Кейде түк те табылмайды көз қадар.
 Күзбен бірге кетіп қалғым келеді,
 Жел де кетер, тек артында сөз қалар!..


ЖАДЫМДАҒЫ ЖАЗ ТҮНІ


Тылсым қонып Ай бетіне бұл түні,
 Күрсін болып күбірлейді нұр тілі...
 Күллі ғалам жүрегіме айналып,
Өлең аңқыр тамыр бойлап бүлкілі.


Мендік ой да дүрп-дүрп етіп соғады,
 Сезім де сол – қу дүниенің қонағы.
 Ана-а-у Айды төбесіне қондырып,
 Соңымызға қалдырамыз моланы.


Жартыкеш Ай он бесінен толады,
 Ал миымда жұлдыз қардай борады.
 Көңіл көлі ғарышпен тең шеті жоқ,
 Өмір жолы – маңдайымның жолағы.


Тылсым қонып Ай бетіне бұл түні,
 Күрсін болып күбірлейді нұр тілі...
 Күллі ғалам ақын құсап ойланып,
 Түйсігімнің ілінбейді еш кірпігі.



БАБАУ-БАЯН


Бұл шаһарға кетті екен неше күз кеп,

Бұрындары келетін шешем іздеп...

Біздің ауыл – кең аймақ, бөлек мекен,

Бірақ онда ешқандай кешегі із жоқ.


Білмедім ал, жүрерге жол көп пе еді,

Балалықтың аңсатты сол көктемі.

Бəйшешекті теруге асығатым,

Бейнеу мендік жүректі шөлдеткелі...


Бəлкім, өтем үлде мен бүлде көрмей,

Бұйырғаны – жалқы бақ дүрлі өлеңдей.

Бұлттанып көк төбемнен түнереді,

Бала болып ешқашан күлмегендей.


Баябан қыр, бағзыдан жұрт қалады,

Бейтаныс бір өмір бар бұлттан əрі...

Безіп кетсем белгісіз бағыттармен,

Боз жусанның көз жасы күрт тамады.


Бəрін байқап, көріп тұр аспан, міне,

Біреулерге таң емес – жас тамды не.

Бейіт жаққа барған ем анамды іздеп,

Басқа дүние ол енді, басқа əңгіме...

МЕНІҢ КӨЛІМ


Өскенмін боз даланы жаным көріп,
 Көшкенмін бір уақытта сағымға еріп.
 Өткен күн – балғын бала шағым делік,
Кеткенмін содан кейін бағым кеміп.


Мен бейне жалғыз басы ауған қаңғыр,
 Ал, үнім, шығар болсаң таудан жаңғыр.
 Көңілде кілкіп тұрған сағыныш қой,
 Мысалы, ақ тақырға жауған жаңбыр.


Тақырға жаңбыр тұнар көктемеде,
 Көктеме жұпар нұрын төкті өреме.
 Жиналған жаңбыр суы – менің көлім,
 Құдайым бұл бақытты көп көре ме?


Су кешіп жалаң аяқ жүрдім аз күн,
 Құм кешіп ең алғашқы жырды жаздым.
 Кепті де суым ұшты-ау буға айналып,
 Аңызақ қысастығын қылды жаздың.


Жанымның сусары боп туса мұңды ой,
 Жабырқап көтереді жусаным бой.
 Жусанды қырым жатыр, мен де бармын,
 Жоғалған баяғы көл – қу сағым ғой...



ЕС. АЛАҢ


Тəубе десем, Тəңірім – тəу етерім,
 Бəлкім, менің жетпей жүр тəуекелім.
 Жындылығым секілді бұл ғұмырым,
Өзіме де белгісіз сау екенім.


Арқа сүйер ар қалмай, обал қалмай,
 Қара ормандай көкірегім тоналғандай.
 Қаңырап тұр бүгінде қуыс кеуде,
 Ертеңгі күн, білмедім, болар қандай?..


Адастырған есімді қала – мынау,
 Көз сүрінген көшесі ала-құла-ау.
Кең көңілдер қалмады далам сынды,
 Санамды да тарылтып барады дау.


Жақсы-жаман – талайға ат еріпті,
 Тəуекелсіз, тəубесіз дəт өліпті.
 Тұрмыс деген – байқамау қателікті,
 Қылмыс деген – қайталау қателікті!..



МЕНІҢ ҮШІНШІ ДҮНИЕМ


Төсек анау – салынулы ұйқы үшін,
 Көре берсін жүрек өңін, мый түсін.
 Қос дүниенің арасында сүргін боп,
Бітпей қойды, сірə, бітпес күйкі ісім.


Пенделікпен күн кешеді тəнім құр,
 Бұл өмірдің келтірмеспін сəнін бір.
 Қос дүниенің арасында жарқырап,
 Өтіп жатқан уақыт емес, жаным-дүр.


Періштедей келсе дағы тазарғым,
 Кірі жұқты саудаласқан базардың.
 Қос дүниенің арасында сарқырап,
 Ағып жатқан өзені бар ажалдың.


Мазалайды батқан кездер күнəға,
 Біздің елде иман – шала, дін – ала.
 Қос дүниенің арасында ақын боп,
 Жасап алдым жырдан биік мұнара.
 Сол – менің үшінші дүнием!


author

Асылбек Жаңбырбай

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...