Аттар деген кім?!

ӘДЕБИЕТ
6785

Фарид ад-дин Мухаммед ибн Иббрарим Аттар (1119-1230)



Фарид ад-дин Мухаммед ибн Иббрарим — парсының ақыны. Оның туған жылы туралы нақтылы дерек жоқ. Бір мәлімет бойынша 1119, екінші мәлімет бойынша 1136 жылы, ал үшіншісінде біз жоғарыда көрсеткен жылда Нишапур қаласының маңында дүниеге келген делінеді.

Аттар жасынан әкесінің жолын қуып, дәрі-дәрмек дайындаумен және емшілік жасаумен шұғылданған. Оның алған емшілік білімі жөнінде де деректер тапшы, бірақ өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмек дүкенін ұстап, сонымен бірге ақындық шығармашылықпен бірге шұғылданғаны және барлық тапқанын осы жолға жұмсағаны ел аузында аңыз болып қалған.

Аттардың шығармалары оның жан-жақты және терең білімінен хабар береді. Кезінде Аттардың жазған автобиографиялық шағын әңгімелері көптеген кейінгі қаламгерлердің шығармаларына арқау болған. Оның "Мантик ат-таир". "Илахи-наме" шығармалары софылық әдебиетінің үлгісі деп саналады.

Аттардың жұртшылыққа кеңінен мәлім болған үш шығармасы бар, олар: "Кеңестер кітабы", "Құстар әңгімесі", "Әулиелер туралы жазбалар". Аттардың өзінің айтуына қарағанда, ол қырық кітап жазған, оның он үшін өзі атап берген: Жаухар аз-зат, Мазхар ал-аджа'иб, Вуслат-наме, Асрар-наме, Илахи-наме, Мүсибат-наме, Бұлбұл-наме, Үштүр-наме, Тазкират ал-аулийа, Ми'радж-наме, Мутар-наме, Жавахир-наме, Шарх ал-калиб. Қалған жиырма жетісінің аттары аталмаған. Күні бүгінге дейін Аттар шығармаларының толық, анықталған тізімі жасалмаған, тіптен ондай іс атқарылғанымен, бізде ондай дерек жоқ.

Осы оқулық - хрестоматияға "Бұлбұл-наме" атты шығармасын Е.Э.Бертельстің версиясынан қазақ тіліне аударып беріп отырмыз. Мұнда Аттардың бұлбұл деп отырғаны — ақын. Биліктен, байлықтан безінген, періште сипатты ақын, өзімен өзі өмірге мас, осы халын өзге құстар көре алмай, құс патшасы Самұрыққа оның үстінен арыз айтады.

Құстарды сөйлету — аллегориялық сана. Адам болмысындағы табиғи кемістік нақтылы жағдайда неше түрлі мәнге ие болып, өсіп-өніп шыға келетіні мәлім. Осы проблеманы Аттар өз шығармасына арқау еткен. Сонымен бірге Аттар Байғыз арқылы (ол әулие, ғалым — мистик) дүние болмысы туралы ауқымды идея білдірген. Байғыз Бұлбұлға былай дейді: "Ең алдымен сөз бастайын субстанция (зат) хақында сенімен, одан кейін сөз етеміз акциденциялар (сипаттар) туралы".

Субстанциядан сөз бастау өмір туралы әңгіме емес, ол абстракциялық ойлау. Бұлбұлдың онда жұмысы жоқ. Сонымен бірге оның тұрмыс тауқыметі туралы да түсінігі шамалы. Себебі, оның оған еш қажеті жоқ. Бұлбұл өмір қызығына мас, бұл суфистік дүниетаным. Сондықтан да бұлбұлға екі жақтан сын айтушылар табылған. Өмір туралы қалыпты түсінік акциденциялардан басталуы ақылға сыйымды. Адам өз ғұмырында осы акциденциялар шырмауында, ол одан шығып, субстанция туралы ой айту әулие Байғыздың шаруасы.

Аттар ақын болғандықтан, аллегорияны неше түрлі жанрда қолданған, оның әсіресе тәмсілдері түсінікке жеңіл, адам тәрбиесінде алатын орны айтарлықтай, сөзімізге дәлел үшін Хаййат-наме ("Өзгерістер кітабынан") бірнешеуін келтірейін.

"Білімге құрмет" — тәмсіл. Бір кездерде дана дәруіш өмір сүрген. Ол философиялық еңбек жазып, оны сұлтанға арнаған. Алайда еңбек арнаған сұлтаны философиядан түк білмейтіні белгілі болған соң, дәруіш еңбегін өзге сұлтанға арнаған. Мұны естіген сұлтан дәруішке қатты өшігіп, оған шешімі табылмайтын ауыр сұрақ қояды. "Өз еркімен тұрмысқа шыққан қызды, күйеуі өлмей не әлдене бір себеппен ажырасып кетпей тұрып, өзге адамға күйеуге беруге бола ма?" — дейді. Дәруіш айтты: "Болады, егер өз қалауымен шыққан күйеуі импотент ("анин) болса". Бұған сұлтанның ашуы келгенімен, іштей ұялды. Алайда бұл дәруіштен құтылудың жолын іздеп, сарай ғалымдарын жинап алып, дәруіштің қылығына разы еместігін білдіріп, оны сарайдан қууды тапсырды. Айтқанындай бар ғалымдар жиналып, ортаға дәруішті шақыртты. Дәруіш келгенде ешқайсысы жұмған ауыздарын аша алмады. Осы халды көрген дәруіш күліп, мысықтың мойнына қоңырау ілмекші болған. Тышқандар туралы тәмсілді айтып берді: бұған сұлтан ризашылығын білдіріп, дәруішті өз жайына қалдырды.

Төзімділік пен көнбістілік туралы тәмсіл. Аттар төзімділікті үш түрге бөледі: 1) бақытсыздыққа төзімділік, 2) жақсы істерге және ізгілікке төзімділік, 3) қателікті жібермеуге төзімділік. Осыған мысал ретінде мынандай оқиғаны келтіруге болады. Пайғамбар заманында аузынан Алласы түспейтін Умм' Абу-аллах есімді әйел және оның он сегізге келген ұлы болған. Аяқ астынан баласы безгек дертіне душар болып, қайтыс болады. Аттар баласынан айрылған ананың халін былайша суреттейді.

Сұрандар менен: не сезінем мынау халде басқа түскен, айтайын,

Жүрегімнің өзегінен жарылып, төгіледі қара қан жүз бұлақ боп.

Бірақ әйел осы қайғыны жұмыстан қалжырап қайтатын еріне қалай естіртсем екен деп қиналды. Күйеуі жұмыстан келіп, баласын сұрағанда, ол: "Бала ұйықтап жатыр, оны оятпа", — дейді. Әйелі еріне кешкі асын берді, ері мешітке барып қайтты әйелімен бірге, ұйықтап тұрды. Таң ертеңінде әйелі: "Кеше кешкілік мен бір қолайсыз жағдайдың куәсі болдым. Біздің көршілерге сақтап қоюға берген заттың иесі қайтадан алып кетсе, олар жылап-сықтап, бергісі келмей, "жалынды". Бұған күйеуі айтты: "Көршілеріміз надан екен, олар өздеріне берілген міндеттерінен құтылған жоқ па?" Сонда ғана әйелі баласының қайтыс болғанын еріне естіртті. Ері әйелінің төзімділігіне таң қалып, ауыр қайғыны жеңуге медет етті.

Қызғаншақтықты айыптау туралы тәмсіл. Бір дәруіш күнде ертемен Шахқа барып, оған кеңес беріп, тиісті сыйлықтар алып жүрді. Мұны көрген көршісі дәруіштің көзін жоюды мақсат етті. Ол келесі күні дәруішті қонаққа шақырып, содан кейін Шахқа барып оны ғайбаттады. Ол Шахқа мынандай кеңес берді: "Ертеңгі күні дәруішті шақырып алғанда, оған тура қарасаңыз, ол бетін сізден бұра береді, оның тура қарамағандығы — көңілінде жаман ойдың болғаны".

Зұлым - көрші дәруішті таңертеңгі дәмге шақырып, сарымсақтан жасалған тамақ береді. Ұнамаса да, дәруіш ол дәмді сыпайылықтан татты. Шахқа барғанда, дәруіш иіс сездірмеу үшін, бетін бұра берді, мұны қастандық деп түсінген Шах оның қолына мөрленген хат береді. Бұл хатты ол уәзірге апарып беруі керек-ті, хатты берушіні "өлтір" деген жарлық бар еді. Сарайдан аман-есен шығып келе жатқан дәруішті, оның қолындағы хатты көріп, бұл тағы да сыйлық шығар деп, дәруіштен хатты сұрап алып, оны уәзірге апарып береді. Уәзір хатты оқып, оны табанда өлтіртеді. Осы тәмсіл соңында Аттар былай дейді:

О, Хаййат, ешкімге де ешқашан қызғанышты білдірме, Өйткені әркім өзіне тиісті тағдырдан қашпас.

Сараңдықты айыптау туралы тәмсіл. Ғайса пайғамбар заманында өмір сүрген бір бай бозбала кездейсоқ кездескен қызға үйленеді. Қыздың бір қолы жоқ болатын, осы кемістігі үшін ол жігіттен қатты ұялды. Құдайға жалбарынды. Құдай қыздың тілегін қабыл алып, оның қолы орнына келеді. Бірде жұбайлар түскі тамақ ішіп отырғанда қайыр сұраушының дауысын естіді. Әйелі екі тілім нан алып, қайыршыға бергісі келіп еді, күйеуі рұқсат етпеді. Ол күйеуінің сараңдығына реніш етті. Күйеуі айтты: "Бұл аз, толық тарелкадағы асты бер", — деді.

Қайыршы сараңдықтан осындай халге жеткен әйелдің алғашқы ері еді. Ол кезінде бай болған еді. Әйел болған әңгімені баяндап берді. Алғашқы күйеуі адам айтқысыз сараң болатын. Бірде күйеуі үйде жоқта қайыршыға тауық береді, ал ол тауықтың ішіне күйеуі алтын сақина тығып қойған болатын. Келісімен алтын сақина тыққан тауықтың жоқтығын көріп, әйелінің қолын шауып, қуып жіберген-ді. Осы тұсқа келгенде, жігіт көзіне жас алып: "Сол қайыршы мен едім, алтын сақина маған байлық әкелді", — деді.

Мұндай тәмсілдерде терең философиялық ойлар болмағанымен, олар нақлия жанрындағы адам тәрбиелеуде нақтылы қызмет атқарған. Осындай тәмсілдер дін оқуларымен бірге қазақ халқының қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде ел ішінде кеңінен таралған.

Аттар мұсылман елдерінің бәрін аралаған. Египет, Индиядан кейін, қайтадан өзінің туған қаласы Нишапурге қайтып оралды. Кейбір деректерге қарағанда, алпыс жасқа келгенде ұл көргенге ұқсайды, демек, ақын отау құрып, қалыпты тұрмысқа түскен, бірақ бұл бейбіт өмірі оның "Таңғажайып көрініс" деген төртінші халиф Әліге арналған поэмасынан кейін бұзылды. Сүнниттер мұндай шейіттен дәстүрді дәріптейтін авторға қарсы болып, оны қуғынға салды. Аттар қартайған шағында жоқшылықты көп көрді. Осындай үйсіз-күйсіз күй кешіп жүргенде 1230 жылы монғол жауынгерлерінің қолынан қаза тапты деген дерек бар.


БҰЛБҰЛНАМА

1. Кіріспе

Қалам ал да қолыңа, жайып сал жүрек сырыңды, баста сөзді, барша ғалам құпиясын білушінің атыменен: хұзырында жалғыз соның талшық беру құлына.

Көк биігі, жер жазығы — бәрі содан, біліңіз, содан алған бастауын да қос әлем. Асқақтатқан көк түс беріп аспанды, сол жағады алтын күннің арайын.

Ақиқаттың теңізінде — ұшқыр қалам сүңгуір, әрбір сөзі бейне алтын көздің жауын алатын. Ажырасқан ғашықтарды өрнектесе бұл қалам, тамшылатар қанды жасты, не керемет — таң қалам.

2. Құстардың Сүлейменге келуі

Мен мынаны естідім: жын-перілерге тегіс өмір жүргізген Сүлейменнің патшалық еткен заманында құстар оның сарайына жиылды. Олар бұлбұлдың үстінен арызданды. Қамыс сыбызғыдай мұңды үн шығарып, тырнақтарымен бірі басын, бірі кеудесін сабалады. Тұмсықтары салбырап, зар илеп, қанаттарын жерге төсеп жатып алды. Олар бірінен соң бірі келіп, жүрек шайлықтырған сырларын Сүлейменге айта бастады.

Бірі шиқылдап, бірі қиқулап, жамырай жүректерін ағытты: "Ол — бау-бақшалар мен шалғындардың мадақшысы, оның мекені — жыңғылдардың іші. Ол лағнет иесі, үнемі қайғы - мұнда жүреді, әрі зұлымдықтар жасаушы, бірақ бір жапырақ болып тілі қандай майда. Үнемі өңі тозған жейдесі иығынан түспейді, базарлайтын пулы — жағымпаздық, қулық, масаңдық. Зарлап, көңіл хошты әнін құйқылжытудан жағы талмайды, бір сәт тыншымайды, бірақ ешкімді сыйлау деген тағы жоқ. Көктем шығып, раушан гүлі шешек атқанда мың құбылтып, сан әуенмен әуезді әніне басады. Отқа қойған шәугімдей бұрқ-сарқ етіп, тәтті ұйқыны да білмейді, түнімен аһ ұрып, күрсініп шығады. Бұл нақұрыс ұйқының тәттілігін білмейді, білімпаздар үндемесе, қиқуға дүмшелер салмайтын ба еді. Бітімі соншалықты әлжуаз бола тұра, шіркіннің дауысы жер жарады, оның аярлығының тереңдігі жалғыз Жаратушыға ғана аян.

О, Иеміз, әділетті іс қыл: оның бау-бақшалар мен ормандағы үнін өшір. Шешіміміз осы: біздерді ондай қарғыс ұрғаннан азат ет".

3. Сүлейменнің сұңқарды бұлбұлға жұмсауы

Құстардан осы сөзді естігенде Сүлеймен алай-түлей ашуланып, қаһарына мінді. Сол сәтінде сұңқарға жарлық етті: "Әй, жалындай шарпы, желдей ес, жылдам бар да, тез қайт. Көр, барлық құстарды зар қақсатып жүрген бұл не құс? Әлде бір білімге таласы бар ма, арыстандай қайратты ма? Айт: ол көпке неге жиіркенішпен қарайды? Сұра одан, кім оған жалғыздық хұқын берген? Ол бір сәтке болсын бізді һәм біздің сарайымызды неге есіне алмайды, неге бізге қызметке сай болмайды? Бәлкім, ол құныс болар, мас болар, өзін өзі танымас, ажыратпас жақсы менен жаманды? Айтып тұр ғой әлжуаз деп, әлсіз деп. Ал аһ ұрған үні барлық бау-бақшаны шарлайды. Оған жақын барғаныңда байқағайсың, батырым, Құдай бетін аулақ қылсын, өліп кетер жүрегі оның жарылып, жайлап сөйлес, тырнағың мен тұмсығыңды жасырып".

Кетті сұңқар, қанаттары сусылдап, тұмсығы оның — арыстанның азуы, қайту үшін бейбақ бұлбұл қанына бір сусындап. Уға малып тырнағы мен тұмсығын, қос қанатын кере - кере сермейді. Сұлтанының қызмет құлы бейшара, үсті-басы көк құрыш — қыларсың оған не шара.

Адалдықтың белгісі сол — біледі неден бастап, істің немен тынарын. Жарлық беру — ұлылардың пәрмені, жанын беру — кішіктердің қолдан келер дәрмені. Сұңқар жетті алып ұшып бұйрықты, бұлбұл құсқа гүлзардағы жолықты: масаңдау ма, қалай өзі, аһ ұрады ол бейбақ, маңайында ешбір жан жоқ, бақ ішінде жалғыз-ақ. Бақты көркем көрсетеді мәуесі, күрсіндірген бұлбұл құсты болды ненің әуресі? Сұңқар құстың құлағына ән боп жетті күрсініс, көз қуантып гүлдер және қаптаған, ләззат берді жасауылға хош иіс. Жалқы сәтке бойын меңдеп махаббат, шарықтатып жіберді оны аспанға, тілден қалды, бұл не деген ғаламат.

Абдыраған бойын жиып көк сұңқар, бұлбұл құсты жазалауға кірісті.

4. Раушан гүлі мен бұлбұлдың қоштасуы

—Жүрегіме сәуле бердің, енді алаулат жақсы көру шырағын. Жүр соңымнан, енейікші түн ләззаты қойнына. Түн дегенің қос бұрымы ақ маңдайлы арудың, мәпелесін, аяласын, нұрын құйып қойныма. Қандай бақыт екі жанның танды таңға ұрғаны, сыр бөлісіп, гүл өбісіп, көзін ілмей тұрғаны. Шын бақытың осы болар, осы болар пейішің — шын ғашықтар сейіл құрған бал махаббат тұрағы.

Лағыл ернін қызыл гүлдің тістеледі бұлбұл құс, тылсым түнде, оңашада, сұқ көздерден жасырын. "Ләззат түнін кешегі өткен, айтшы, кіммен бөлістің? Кім түрді екен шәйі перде нұр жүзіңді жасырған? Лағыл ерін тістеленген, мәні қалай бұл істің? Сен көктемнің самалынан мейіріңді қандырып, бүршік жардың көлденеңнің көзі жауын алдырып, кездейсоқ бір далбасаның әуресіне түспегей", — деді бағбан раушан гүлге қарап тұрып аңырып.

—"Ұзақ түннен таңға дейін шық қонақтап ерніме, алтындады тұла бойды самал желпіп келді де. Бейне тамшы ернімдегі бұлбұл құстың қаны ма, аузыма кеп тамса, шіркін, сол жылы қан тағы да".

"Серт етіп ең адалдыққа, соны, жаным, ұмытпа, енші келіп құшағыма, сәл де болса тыныста, басын қойған аяғыңа мендей пендең мың болар, сен жалғызсың бірақ маған осы бүкіл әлемде, сенсіз өткен әрбір сәтім беймаза бір мұң болар. Сағыныштан саған деген ернім қалды кезеріп, жас парлайды қос жанардан бейне нөсер ырысты, жан бітірген жатқан жерге кеше ғана безеріп, қорқынышым көк аспаны әр айналып өткені — мыңға бақыт, мыңға қайғы үлестіріп кеткені, залымдарға бақыт сыйлап, жақсыларды иықтап, махаббаттан адастырып, бейшара жан еткені.

Уақыт жетіп, күні ертең от орансаң сен егер, лапылдайды жүрегімде сол отыңның жалыны, көктем желі қалтыратып, тұншықтырса үніңді, сенен қайтіп айрылам деп баса алмаймын дірілді. Сен болмасаң, жарық күнің маған тылсым қараңғы, қандай бақыт көзім жазбай көріп жүру қаранды".

Осы ойлармен таң атырды, білмей тағдыр қалауын, үлгермеді көріп өлі жаңа күннің алауын — ажырасты, орындады қатал тағдыр талабын...

5. Сұңқардың бұлбұлға хабармен келуі

Сұңқар бұлбұлға айтты: "Түр, бейшара, жүр менімен, ұста менің қанатымнан, жармасқанды көрмей ар, Қағбаны көрмек болса, құмырсқа да қарманып, сусылдаған қанатыма менің келіп жармасар. Сотқа сені шақырады Сүлеймен, дәлеліңді ала жүргің, ондайларың болса бар. Не айтасың, кіммін дейсің сен бейбақ? Қайты - мұңды серпіп тастап, әлем кезіп жүресің, Сүлейменнен жырақ кетіп, гүлге мәз боп күлесің, хош иісі, әсем көркі оның сені арбады, бүгін сұлу — ертең тозаң, тозаң бәрі, алдамшы, айтшы, қайтіп сол алдамшы жүрегіңді баурады? Ұлылардың пәрменіне неге қарсы тұрасың, көрсеткенің жоныңды бір пәлеге айналар, патшасынан бұрылғанның қол-аяғы байланар. Бұл дүниеде даңқым шықсын деген ойың болғанда, билік кімде болса, соның дәлізімен сайранда!"

6. Хикая

Бір бейшара жапа шеккен, алакөңіл шарасыз, бетке алып жолға шықты Ширвандардың қаласын. Дәл түбінен дарбазаның тауып алып баспана, жыл бойына сарай жаққа көзін сүзді жасқана. Таққа жуық жүргендердің байқап бірі алыстан, сол сәтінде мәлім етті бар әлемге жар салып құпиясын қайыршының дарбазаға жабысқан. Уәзірі Ширван - шахтың қайыршыға тіл қатты: "Неткен жансың манаураған жолдың шаңын қымтанып?"

— Сүйенгенім қабырғаға — үмітім бар сарайдан, бәлкім, бір күн енгізерсің, жүріп алсам маңайлап?

Майда сөздер шах құлағын қытықтамай нетеді, алтын құйды шақырып ап толғанынша етегі, мәртебелі әміршінің болып қалды жуығы, сөзін тыңдап бүкіл Ширван қайыршының кешегі.

7. Бұлбұлдың сұңқарға жауабы

Сен ешқашан сүймегенсің, жанбағансың лапылдап, бықсып шыққан бір түтінсің, келме маған жақындап. Өз жаныңнан адаспасаң ғашықтықтың жолында, ғашықтықтың сыры қалар құпия боп соңында. Кім ұмытса өзін өзі, сол ішеді ғашықтықтың балдай тәтті шырынын. Асқақ ақыл — ғашықтықтың белгісі, махаббатта ақыл жолы — ақылынан адасу. Сүлейменге менен дұғай сәлем де: о, Жаратқан жарығы, әміріңнің зілін бізден қайтып ал, бізге қысым көрсетуің, байқасаңыз, қол емес, ессіздер мен ғашықтарды жазғырғаның жол емес.

8. Сұңқардың бұлбұлды ұрлауы

Бұлбұл шіркін алдауға да, сұрауға да көнбеді, қылығынан сұңқар құстың еш нәтиже өнбеді. Ашуланып сонда жендет түрікше, қара күшке салғаным – ақ жөн деді. Қағып қалып тырнағымен, мытып-мытып жіберді, бұлбұл үзді бұл дүниеден күдерді. Жан дауысы шығып, сонда айтқаны: "Бал ұсынған тұмсығың енді біз боп қадалды, болдым, міне, ел алдында масқара. Батыр босаң, кешірімді бола біл, арыстан бол, қасқыр мінез қалсын сенен адыра. Босат мені, Сүлейменге сый арнайын жүрегім мен жанымнан, көпті көрген даналардың жолынан мен жаңылман. Ақындардың дәстүрі бар арнау сөзбен баратын, сонда патша данышпанды назарына алатын. Екі ауыз сөз құрап алмай барғандар кім болса да тақ алдында мүләйім боп қалатын. Патшаларға жуықтайтын бар үш-ақ жол, үш тәсіл: өнер, ақша, мадақ айту — мен білетін үш асыл. Ақша да жоқ, өнер де жоқ мен сорлыда жиһанкез, бір мұрам бар ұсынатын — жүрек - жарды жылы сөз".

Сөзге тоқтап: "Болсын, — деді көк сұңқар, — айтқаныңның оқ тәрізді бұрысы. Өлеңіңді шығарған соң, алға түс, тарасын бір аяқ-қолдың құрысы. Серіктесіп жол танабын қуырсақ, сол болады, асылында, екеумізге дұрысы".

9. Бұлбұл көктем самалымен гүлге сәлем жолдайды

Таудың биік құзарынан қараса, көзі шалды самал желді тұрған таңмен таласа. Жалынышты сөзін айтты бұлбұл құс, келе беріп дәл тұсына жанаса: "Тұрып самал, сүйгеніме барып жет, етегіне басың қойып тағзым ет. Тағат кетіп отыр одан, білемін, бір тамшы қан сорғалаған — ол жоқ жерде жүрегім. Бүгін менде не ақыл жоқ, не сабыр жоқ, айта бар, онсыз жерде қайран жүрек қайтіп қана жай табар. Жалқы сәтке көрсем егер оңашада өзіңді, отырсам бір тамашалап айтқан әрбір сөзіңді, бұл дүниенің бар қайғысын елемей-ақ өтер ем, жолықпасам — көз жұмғанда мәңгілікке кетер ем. Тәтті өмірден белгі де жоқ бүгін менде ырымға, махаббатым Хосраудың махаббаты Шырынға. Көзі түссін адал жанның сенің арай жүзіңе, пендешілік қасіреті жуымасын басқан сенің ізіңе. Жаратушы өмір берсе, аман-есен қаламын, сенсіз жерде жан тапсырсам, бар ма оған амалым".

10. Самалдың баққа жетуі

Таңғы самал баққа келіп, куә болды жайға мына қаралы: дал-дұл болған раушан гүлдің үсті-басы жаралы. Мың тікенек балтырында, күдер үзген бұлбұлдан; ажырасу тікен болып қадалыпты жүрекке. Бір бүгіліп. бір тіктеліп, сазға біткен қоғаша, мұңлы-мұңлы сыр айтады отырып-ақ оңаша: "О, достарым, бірге жүрсек, думаны едік бақшаның, екеумізге барлық құстар қызғанышпен қарайтын! Қызғаншақтың көз жанары неге мәңгі солмайды, қимас достар неге мәңгі ажырамас болмайды?!"

11. Бұлбұлдың Сүлейменнің сарайына келуі

Сұңқар Сүлейменнің сарайына ұшып жеткенде құс атаулы қаздай сап түзеп түр екен. Бұлбұл басын жерге жеткіге иіп, тағзым жасап, үн қатты. Патшаға мақтау айтты, Сүлейменнің атын өлеңге қосып ұзақ мадақтады: "Сен құмырсқа, йен жыланды, адам мен аңдарды, жын-перілерді аузыңа қараттың. Сенен асқан әмірші жоқ тәж - тахытқа лайықты. Өзгеге де қайырымдысын, атақ пен даңқ үлестіресің. Сен Алланың елшісісің. Мәңгіліксің, кемшілік пен кемелдіктің бәрінен сен биіксің, Құдай маған тоқтау берсе, сенің қызметің жолында шыбын жаным құрбандық. Қызметіңнен жырақтау жүргенім — оған өзімді лайықты санай алмадым".

12. Сүлейменнің бұлбұлға жауабы

Сүлеймен айтты: "Сөйлегенде бал тамған сендей ділмәр құс қайда. Кәсіп қылсаң шарапты, шешендіктен не пайда? Бірде масаң, бірде сау, бірде тәтті ұйқыда, бірде сергек жүресің. Мұң жамылып барша құс, көктен тілеп тілеуін, жер бауырлап жатқанда, сен жүресің ғой тойлап, думандатып бақтарда. Гебрсің бе (зоратуштра дінін ұстаушы), сиқырдың болармысын адамы, кім деп сені таниын, білмеймін мен адалы. Ішер болсаң, шараптың сергелдеңге салмайтын бұл дүниеде жоғын іш. Сергелдеңге түсірсе, кәусар болсын мейілі, бұл шарапты өзіңе тыйым салған нәрсе де. Бұзықтардың жиылып ішуінен шарапқа бастан тиым салынды. Ортасында сондайдың мастық жеңіп ақыры, көп құпия ашылды. Ақылыңды алатын ішпе ішімдік тандырап, әйтпегенде, өмірің болар сенің сандырақ".

13. Харут пен Марут туралы хикая

"Естіп пе едің хикаясын Харут пенен Маруттың, болған олар қызметінде аспандағы тақыттың. Бастапқыда аспандағы періштелер болатын, енді пері түріне енді өне бойын мұң басып.

Құдай жерге адамды жібергенде іштерін жалын шарпыды. Жаратушы алдына келіп, жүректегі құпияларын ақтарды. Сөзді былай бастады:

"Халифалық, бәлкім, адамның өзіне лайық болған шығар, бірақ оның ұрпағы зинақорлық пен кісі өлтіру жолына түсті. Жер патшалығы күйзеліске толды".

Олар өздерін адамнан биік қойды, соны мәртебе санады. Әлемнің әміршісі оларға бұйрық етті, дүниенің ортасына барыңдар деп жұмсады. Зухраның көркем жүзін көрген бойда екеуі азаттығын бастарының құрбан етті сол арудың жолына. Ғашық болып, дүниенің бәрін түгел ұмытты, күн ұзаққа маза кетіп, түнде көзін ілмеді. Зухра келіп, еңкейіп, ептеп қана сыбырлайды құлағына екеуінің:

"Егер сендер маған шын ғашық болсаңдар, сендерге менен өзгенің әмірі жүрмесім. Иығыңа іліп алып бұзықтардың киімін, зина жаса, кісі өлтір, тойғаныңша шарап іш. Қылмақ болсаң мені өзіңе ашына, үйрет мені Әлығының атына" (Жаратушының құпия есімі. Оны білген адам кереметтер жасай алады. Оны жамандыққа пайдалану — сиқыршылық).

Олар зина қылмады, кісі де өлтірмеді, бірақ шарап ішкен соң ешбірінен тартынбады. Зухраға құпияны да жайып салды, осыдан соң қайғы-мұңның зынданына құлады. Білген жерде Әлығының есімін, Зухраны ол жалынша шарпыды. Айтуы мұң осы сөзді — көк жүзінде қалқыды: Ай — даяшы, Күн — қарауыл, сөйтіп көкте шалқыды.

Мына екеуі жерде қалды, дұшпандардың табасына тұтқын боп, әрі масаң, әрі арқалап қайғысын. Тағдыр ғана айырады жақсы менен жаманды, шарап ішіп мас болды, таба алмады оған қарсы ойлап ешбір амалды.

Айыққанда мастығынан екеуі, тіршіліктен күдер үзді біржола. Аһ ұрғанда жалын атты кеудеден қою түтін аралас, бәрі бітсе, күрсінгенмен не шара. Келді екеуі сұрап бізден кешірім, құл жасайды күнәні, кешірімі патшадан:

"Тым ұятты іс қылыппыз екеуміз, кешіретін күнә емес, білеміз, тағайында осы жерде жазаны, өйткені жоқ мұнда кеше, бүгін әлде ертеңі".

Вавилонда шыңыраудың ішінде аяғынан төмен қарай асылған, шарап емес, құдық іші толады қос сорлының көзден аққан жасына. Адамдар Вавилонға, ернеуіне құдықтың үйренуге аярлықты жиылар, қиястықты алуан түрлі үйреніп, қиянатты көз көрмеген жасайды, түрлері жоқ жамандықтан өздігінше тыйылар".

14. Бұлбұлдың Сүлейменге жауабы

"Бұлбұл оған жауап берді: "О Пайғамбар, біздің шарабымыздың құтысы, не басқа ыдысы жоқ. Мені масайтқан шарап сыры құпия, ол құтыға құйылмайды өзге шарап тылсымнан.

Дос дидарына ғашық жандар көзін ілмей, танды таңға ұрады. Шарапшының өзі келіп, алып кетсе жүрегін, ондай жандар қайтып ұйықтап, ауқаттанып, бойын жинап тұрады. Тәнім менің бір жапырақ, онда ешбір қауқар жоқ. О, Сүлеймен, сөзім бірақ барлығынан салмақты.

Мұң-зарымды менің тартқан білсе, білер сол ғана, қанды жасы жүрегінен тоқтамаған сорғалап. Әр таң сайын менің ішкен шарабымнан құдіретті шарапшының қолынан, жалғыз тамшы тамып кетсе аузыңа, сенде менше жаңылар ең ақыл - ойдың жолынан".

15. Хикая

Оның жалғыз тамшысын Мансурға берген еді: "Мен ақиқатпын" деп жар салып, әлемді бүлікке толтырды (Хусейн ибн Мансур әл-Халладж софылардың аса танымалы, мистик. Әл-Муктафир халифтің кезінде "Мен ақиқатпын" дегені үшін 922 жылы Бағдадта жазаға кесілді). "Хақ бірлігі" құтысы уысында тұрғанын көрген жерде моллалар бір шешімге келісті, жазаға оны берісті. Осы үкімді шығарған екі жүз адам бір сәтте жұрдай болды ұяттан. Масаң күйі Мансұрды базарға сүйреп апарды. Ерлікпен көніп ырыққа, аралап жүріп жағалай үкім кесер қатарды, айта берді қайталап: "Мені бұған қызғаныш өзгелерге жеткен жоқ, өзгесіне досымның көз қырымды салмадым. Осы мені түйреген өзгелердің қолымен, жалғыз осы жанардан жолым менің масқара шиырлаған өрілді. Ғашық жанға тәуекелге бел буып, неге айналып қыдырмасқа сүйіктінің сарайын, көлеңкеде қайтіп шыдап отырсын кім болса да күн сәулесі жүзін жуған арайлы!"

Оның басын салбыратып, дарға асты аяқтан. Тас жаудырды бейне бұршақ, жан екен деп аямай. Ауырсынбай дарды, тасты, аспақты, зарлап сонда "Мен — ақиқат" деп жатты. Оған қосты сарнаған үн қабырға, есік пен тас, қыл арқан мен дар ағаш. Осылайша үзілді оның өмірінің өзегі, махаббаттың жалынына су құйып, тозаң етіп жіберудің келді енді кезегі. "Мен" бұл жерде мәнін жойды, құртылды, бұл жерде жоқ "мен" осылай құрбандыққа тұтылды. Ағып жатқан өзен кенет лықсып шығып жағадан, сел боп кетті. Бүкіл дала жағалай, толқын серпіп жібергенде қақ жарылып ұлу тас, шыға келген сонда ішінен маржанды теңіз алып жөнеп берді алды-артына қарамай. Сол шараптан ішті мыңдар құмарын бір қандырып, құпиясын Ақиқаттың тылсым күйі қалдырып.

Сол сәтінде бұлбұл ант етті:

"Енді шарап ішпеймін мен, Құдай куә сөзіме. Бірақ қайтіп шыдармын мен ғашықтықтың тезіне. Аузыма кеп тығылады алқынғанда жүрегім, аһ ұрғанда жүз бір әуен шығарады, білемін. Күйзелісі махаббаттың - қуат кетіп, жүдедім. Таңның әрбір самалынан діріл қағып жылаймын, жел өтіне алып заңғар таулар ғана шыдайды. Күні ертең раушан гүлі бақты тастап шығады, мүләйім боп, сонда көмей сарнағаннан тынады".

Сүлеймен бұлбұлдың хикаясын естігенде, оның раушан гүлімен ажырасқанына қабырғасы қайысып, ұзақ уақыт өксігін баса алмады.

16. Сүлейменнің құстарды жазғыруы

Сүлеймен көкті мекендеуші құстарға айтты:

"Кеше сендер бұлбұл жоқта арыздандыңдар. Қазыға кім жалғыз келсе, сол одан разы болып, көңілді шығады.

Дұшпанның бетіне айт, ол жоқта арыздану — арсыздық. Егер айтпағың миға қонымды болса, қай жерде болсын айта бер, сені еститін құлақ табылады. Ол жоқта сендер шеттеріңнен батыр едіңдер, сорлы бұлбұлдың қанына семсер суарған. Енді, міне, бұлбұл ортамызға келді, сендерде қорқыныштан қозғалуға дәрмен жоқ. Онымен де, сендермен де болған жай мысық, тышқан және шарап арасында болғандай".

17. Тышқан мен мысық хикаясы

Түн жамылып бір тышқан ертеңгісін ойлаған, тамақ іздеп шығады құмырсқадай жыбырлап. Шарапшының үйінен бір түйір дән таппады, жүгірсе де қаншама бидай іздеп қыбырлап. Құтыдағы құюлы көрді таза шарапты, шарап буы іздеген ұмыттырды тамақты. Бір жұтымын ішті де, мастық жеңіп, жар салды: "Ерлігіме теңесер енді маған кім қалды? Бүкіл әлем оранса да құрышқа, шыға алмайды маған төтеп ұрысқа. Ерлерінің аяқ-қолын кісендеп, бар әлемді табындырам қылышқа. Маған теңі табылмайды патшалардың ішінде, тау да қарсы тұра алмайды, шерігім түр күшінде. Мысық деген кім ол өзі, тәйірі, тышқан жұртын мазақтауды көрер енді түсінде. Жарлық берем тышқандарға мейрамда, өзгелерге үлгі болсын, мысықтың басын іліп қойындар деп қадаға".

Осы кезде ойда жоқта мысық шыға келмесін бе аңшылап. Келді, көрді, ұстап алды тырп еткізбей, мытып-мытып жіберді тырнағымен аямай. Тышқан үшін кең дүние бола қалды аядай. Мысық сөйтіп берді оның жазасын, тыңда енді жалбарынған тышқан байғұс азасын.

18. Тышқанның мысыққа шағымы

"Құдай үшін, бар әлемнің батырының патшасы, қырыңа алма, қара менің жайыма. Сен тұрғанда мен сорлыны өмірде бар санама, сен ұлысың, сондықтан да мен сияқты бейшараңды талама. Мас болды да, бір білместік қызметшің жасады, құлының бұл қылығынан нем неге сасады? Лағып сөйлеу мас болғанда ішкіштердің әдеті, бола қоймас ондайларға мән берудің қажеті. Алдындамын сыдырсаң да қанға бояп жонымды, басымды идім аяғыңа, қақпас ешкім қолыңды. Дәл қазірден мен құлыңмын, іздегенде табылам. Жаным қалса, жалғыз ғана бір сен үшін табынам".

19. Мысықтың жауабы

"Жап аузыңды. Қылма сөзді рәсуә. Түстің бе отқа, шырылда да, күйе бер. Шарапқа сен мас болғанда ойланбай, қисап қылдың құдірет пен адамзаттың заңына. Қанынды мен судай шашсам, әділі сол болады, ұстазымның соңда маған көңілі әбден толады. Ол былай деп маған кеңес бергенді, орында оны, шәкірт болғаннан соң көргенді: "Бір күн жырақ шыға қалсаң сейілмен, дұшпан — шыбын, өзің піл бол мейілі, алданбағын, ертең ол да өседі, сонда тілі найза болып жүрегіңді теседі".

Осы сөзін ұстазымның сырға қылып таққанмын, үмітіңді үз құтылудан, ажал құрса қақпанын.

20. Құстар Сүлейменнің сарайына жиылады

"Құс біткен перілерше самғап келіп сотқа жиылды, сот алқасын айқай-шуға толтырды. Сүлеймен бұлбұлға айтты: "Сен қайдасың? Құстармен сайысқа неге шықпайсың? Құстар саған арыз айтып келді, орнықты жауабың болса, сөйле".

21. Бұлбұлдың жауабы

Бұлбұл жауап беріп, былай деді: "О, жарық сәуле берушім, сенің жүзің сұқ көздерден аулақ болсын. Не айтуға болады, ақиқатты кімге арнап айтамын, ақыл тілін түсіне ме табиғат? Жүректері солып қалған бұл бейшара тобыр кім? Малтығып тұр аяқтары лай су мен батпаққа.

Көзайымның құшағынан бұлар бір сәт шықпаған, сүйіктімен қауышқанда бал шараптан татпаған. Тас мүсіндей қатып қалған көңілдері қарайып, өмірлерін өткізіпті құмарлыққа алданып. Бұлар жайлы еш нәрсені білмеймін, содан сөзден тұрғаным ғой тартынып. Сондықтан мен Сатурнша кеттім алыс қашықтап, Юпитерім бола алатын бірін оның көрмедім. Күрсінісім шығар болса жарып қысқан кеудемді, түсер еді көктен Марс шоқжұлдызбен қосыла, қыл пернесін үзер еді Шолпан жұлдыз қайғыдан, Меркурийің шет қалмайды қайғы сеуіп басына. Не туралы сөйлесем де, сөздің нұры төгілер, әміріңдей падишаның қаз - қатар болып тізілер. Сенің бақытыңа, О, әлемнің әміршісі, дүние. ісінің бәрі сенін еркіңмен болсын, бұл әділетсіз құстардың әрбірінің жайына терең бойлап үңіліп, айтайын мен не қызықтап, не нәрседен жүргендерін түңіліп".

22. Бұлбұлдың самұрыққа жауабы

"Сен, самұрық, ешбір құсқа тең келе алмайсың, сен олардың жүрген жолымен жүрмейсің. Әлі ұзақ отырмақпысың үйінде етек - басты әйелдей, ұрыс үшін жаралдың ба — жасанып майданға шық. Сен балықша ғайып теңізіне сүңгіп жоқ болдың, патша болсаң, болмыстың майданынан табыл. Әлемге сенің атың ғана танымал, өзің бір әшекейлі суретсің. Құстардың падишасы атағың бар — олардың жолын аршы азаптан. Жиһангер екенсің — қол баста. Су ішінде жүрсең де жалын болып қал, көсемдігің шын болса, құстардың жиынында неге алға озбайсың? Егер ешкіммен істес болмайын десең, жалғыз шырақ сен тәрізді, бар көбелек неге саған қарап ұшады? Сен жарық та, көбелек те емессің, сонда кім деп білеміз? Бөтен де емес, емес те емес, кімсің сен? Сен барлық серіктеріңнен жырақтадың, ондағы ойың — оңашада тамақ пен ұйқыдан рахат табу. Егер сен көппен бірге болсаң, күшке айналасың, өзің де бір шырақ болып, өзгелерге берер едің жарықты. Осы көптің ортасында бол, бірақ хаққа қызмет қыл, денендегі жан бола біл, бірақ ұмыт денені. Сенің бар қамың өзің ғана, денеге сен жан тәрізді неге бекіп енбейсің? Оңаша өмір жасағанда қай ұшпаққа шығасың? Тек өзгенің көмегімен мекендердің бірінен екіншісіне өтіп бара аласың. Тек сол ғана жалғыздықта болмақ — кім де кім өзінің сырт қабығын сылып тастап, мүддем оны жоқ етсе. Ол қолыңнан келмесе — перілердің қолындағы сен бір жүрген ойыншық, адамдардың ортасында — кәдуілгі ібіліс. Менен шыққан қайғы-зарға дереу тұрғыз қалқанды, әйтпегенде желге ұшырар елесіңді талқандап".

23. Бұлбұлдың сұңқарға жауабы

"Зула, қане, жел қанатты ер сұңқар. Шен-шекпенге, байлық, барлық — ешқайсысына қызықпа. Сен ризасың отырғанға патшалардың қолында, бірақ біле бересің бе олардың салт, дағдысын? Әуел баста қондырады қолына, бейне кепкен жаңқадайын лақтырады соңыра. Егер өзің өз қамыңды ойласаң, ертеңіңді мойын созып қарар ең. Неге саған кигізеді томаға, неге сені қанға үйір қылады? Аяғыңа жібектен бау тағыпты, көзіңді ашып, есесіне мойныңа ілген қамсыздықтың қамытын. Өз-өзіңмен әуре болып, сенен езге жоқ сияқты тіршілік, бүкіл әлем мұң-зарына кереңсің. Айрылсаң бейхарекет керенаулық қалпыңнан, өз ұяңды қайтып іздеп таппас ең. Қанатынды сабалай бер, қияларға бет алып, бірақ ұзақ ұша алмайсың. Тарта берер төменге байлық, дәулет, молшылықтың жүгі ауыр. Қайран дүние, нисап саған дос болса, жүрмес едің құлшылықта сен босқа".

24. Бұлбұлдың тотықұсқа жауабы

Тотықұсқа айтты:

"Сен байғұстың қашаннан да тәтті болған қорегі, мен тәрізді хәлді кешіп, сыздамаған жүрегі. Көкірегің ұйықтап жатып, бал емесің тіліңмен. Сөздерінде мән-мағына ұсқын жоқ, әйтпегенде отырмас ең тор ішінде тұтқын боп. Біліп келіп бар әлемнің ғылымын, болсаң егер махаббаттан махұрым, болдым дегін бұл дүниеден хабарсыз. Жолбасшысыз жолға шығу — ойлағанға қамсыздық, таптауырын ізбен жүру — жан қинамас арсыздық".

25. Бұлбұлдың қырғауылға жауабы

"Бермен жүр, құс, әлем-жәлем жасанған, сыналатын келді сенің кезегің. Түріктердің сылқымысың сырттай саған қарасақ, бірақ үнді қарақшысын танытады аяғың. Ораныпсың үлде менен бүлдеге, бірақ жаның еш лыпасыз жалаңаш. Езуіңе күлкі жиып тұрсаң да, тамшылайды көздеріңнен ащы жас. Сен айнаны тоттан алдың тазартып, жүз бояумен көздің жауын алатын сол айнадай киім кидің жаңартып. Сол айнаға зергер келіп тұтас алтын аптаса, айна болмай, алтын болып қалар еді тап-таза. Сән-салтанат, хош иісті саудалау ғой баяғы, бұл кәсібің кімге керек, шығып жатса аяғың. Ар қымбат қой, ойлағанға құр даңғаза атынан, қымбатырақ қауырсыны қырғауылдың затынан. Аяғыңның ластығына көзің салсаң бір сәтке, жүрегіңді айнытар - ау әлем-жәлем ұсқының. Сен бояусың бар болғаны, болмыс сырын білмейсің, сен хош иіс бар болғаны, біздер саған құпия".

26. Бұлбұлдың қаршығаға жауабы

"Сен қайдасың, қаршыға, кәмелетке толмай жатып қартайып, тәтті өмірді ұмытқан? Көпті көрген қария делік, наналық, әрекеттің жаны болсаң, көрсет білім, даналық. Қашып барып мекен қыл бәйтерегін мәңгілік, әйтпегенде қаларсың өмір бойы қаңғырып. Көк жайлаған қыран құс, сағынарсың ұяңды, жалған дүние — сергелдең, ұмыттырар қияңды. Жылдам қомда қанатты, бақыт аспан көгінде, қарияға балалық жараспайды, тегінде. Көтерілдің сен биік, бірақ пайда таппадың. Қиянатың тағы жоқ жасап жүрген біреуге, бірақ жейтін тамағың — арам қатқан өлексе. Мұрның бірден сезеді өлексенің иісін, сол иістен өзің де ит - құзғынның бірісің. Аулақ жүріп олардан, барып көрші әнекей самұрықтың гүлзарын. Жүрегің пәк болғанда, өлексені теруден неге жүрсің тыйылмай. Жарасады алғаның білімнен алқа тағынып, ғашық болып жүргейсің, ғашықтықсыз өмір жоқ, мұны жақсы білгейсің. Шарапқа сен бір мас болып, көрші қайта сауығып, қызықтырмас болар еді осы дүние сауығы".

27. Бұлбұлдың байғызға жауабы

"Енді сен кел, байғыз, сені киелі дейді, айтшы маған, сенің сол киелігің неде? Асыл шапан жамылыпсың, бірақ сенде қайсарлықтан жоқ белгі. Дағарадай сәлде орапсың, бірақ мұңның ізі жоқ. Шапаныңды шешіп алса, алтындаған тәжді бастан лақтырса, негізің жоқ арғы жағында, тәж кигенің не теңің. Зерлі шапан үстіндегі, асыл тасты тәжің бар, үйлесімін соның бәрі ешқандай да таппай түр. Тәж - тахытқа иелердің жүрер жолы — ақыл және ғаділет, сенің барлық харекетің бар болғаны әрекет. Әрекетің сенің жатыр тіршіліктен аса алмай, харекетім менің болса сонау заңғар аспандай. Мен гүлзарда қайғы шеккен шерменде, сен жүресің сайран құрып тікенек пен ерменде. Сен Сүлейменге адал қызметші болмадың, мен ол үшін жүрегіммен, жаныммен де сиынам. Әлде сен көнелерден естімеп пе едің: кімдер мойын ұсынбаса, солар көтергісі келмеген нәрсені арқалайды дегенді. Ғашықтардың маскүнемі төгіп сенің қанынды, тәспі тізсе орынды, соған ғана лайықты көрем сенің түрінді. Ескендірдей жердің барлық патшасының патшасы, тәж тағады тек ғаділет жолы үшін. Әділетсіздік тәжін барып шеш жылдам, өйткені ол сан тахыттың жеткен еді түбіне".

28. Байғыздың бұлбұлға жауабы

Бұлбұлға айтты: "О, аласұрған, неге оларға ғаділдікпен келмедің? Надан болма, сенімсіздік деген өзі әділдіктен алыс жатқан барып тұрған надандық. Байбаламдап тырналама өзі жаралы жүректі, қайнап пісіп әуелі өзің жетіп ал, содан кейін төгілерсің лақылдап. Сұлулыққа ғашықтық — жанға асыл қазына, бірақ оның жүректе болуы тиіс сақшысы. Бар, ғашық бол, күйіп-жан, бірақ шашпа көрінгенге құпиясын жүректің. Жұлқынып бұз жан құрсауын, асқақта, бірақ мына сөздеріңді енді қайта айтпағын. Бұл әңгіме жауыр болған қайталаудан сонша рет, жалғыз бұлбұл салып жүрген ән емес. Қарсыласты мазаламай, аулақ жүр, тапқан күні онды дәлел, келесің. Әзірмін мен қазір түссем айтысқа, ғаділдердің сөз сайысы — ол да жатқан қазына. Бірақ сөзді айту үшін ашсам болды аузымды, барлық бақтың жым болады бұлбұлы. Біріншіден қояр сұрақ — Жаратқанмен тұтастық, екіншісі — ол не нәрсе дін деген, үшіншісі — беделді адам айтты екен деп, көзді жұмып еліктеу. Ең алдымен сөз бастайын субстанция (зат) хақында сенімен, одан кейін сөз етеміз акциденциялар (сипаттар) туралы".

Жақсы, Аттар, ділмарсың сен, тегінде, өнегені таратуға келгенсің сен өмірге.

(Аударған Ғ. Есім)

(Э. Бертельс. Суфизм и суфистская литература. Москва "Наука", 1987.С. 100-120.)


author

Ғарифолла Есім

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...