Жырлары əлемдік поэзияның жауһарлары қатарында тұрған Жан Николя...
Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі көркемдік шындық
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы.
Биыл Алаш қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, көсемсөзші, ұстаз, түркітанушы, аудармашы, қоғам қайраткері, ұлттық жазудың реформаторы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Бүгіндері бүкіл халық боп ғұлама ғалымды ұлықтап жатырмыз.
Қай дана, қай ғұламаны мысал қып алсаңыз-дағы, ол әлемдік тауарихқа, өркениет өрісінің кеңеюіне, әдебиетке, мәдениетке, ғылымға, адамзатқа ғаламат әсер еткен боп шығады. Пендеге бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетіп, адамшылыққа адаспай, сүрінбей-қабынбай, құламай-құлдырамай, шаршамай-шалдықпай, мүдірмей-кідірмей, бөгет-бөгеусіз жетуге бірден-бір сеп болатындар да – сол ұлылар. Жаңағыларды жалпақ жаһанға тарыдай шашып жіберген Жаратушымыз да – шексіз шебер иесі ғой, олардың көп болмауы да сондықтан деп ойлаймыз. Аз бола тұра, бәрімізді азғындықтан сақтап, күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, қай уақытта да сопиған соқа басын емес, жұртшылық қамын жегені. Қайткенде де еңбегі еленіп, есімі ел есінде қалып жатқанына – абыз кейіптес тарих куә. Солардың бірі де бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Алаш жұрты Ахметті ерекше қастер тұтады, бөлекше ардақтайды. Манағы көпшіліктің ішінде біз де бармыз. Оның тек маған ғана емес, көзі ашық, зерделіге тигізген әсері орасан, өлшеусіз. Дүрмек-дүбірге толы XX ғасыр – қазақ үшін, әлем үшін қиын, әрі қанды ғасыр болды. Ақын «Анама хат» атты өлеңінде былай дейді:
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Арлы сөз. Оның әдеби мұрасын бір-екі ауыз сөзге сыйдыра салу қиындау, әлбетте. Себебі, Ой дегеніңіз кеңістік ұқсап ұлғайып, далиып кете береді, кете береді, кете береді, шекара-шектеуі, басы да, аяғы да жоқ. Ахметті тек қана жаттап, судыратып айтып беру аздық етеді, оны мейлінше түсініп, ұғынып, он ойланып, мүмкін болғанша тереңіне сүңгіп барып оқымақ керек. Одан ойшылдықтың қаншалықты қиын жолмен келетінін ұғындым. Ол Алланы тануға, арлы болуға, адам болуға, білім жиюға үндейді, еңбектің қандай ғажап құндылық екенін түсіндіреді. Бұдан артық ақылман жанға не қажет, айтыңызшы? Санагердің сан алуан қыры бар, әр кісі өзін масаша мазалаған сауалға жауап алады. Ахаң «Қазақ қалпы» деген өлеңінде бүйдейді:
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар,
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Жалпы, ұлыларды ұғу үшін сыртқы және ішкі дайындықпенен уақыт керек. Ойшылдар от сияқты, абайламасаң өртеніп өлуің мүмкін, әгәрәки сырын ашуға талпынсаң керемет жылу сыйлайды, бөтенсінбейді, керісінше бауырына тарта түседі, өзіңмен теңдей дәрежеде сөйлеседі. Әуелгіде, маңына жолатпас, томаға-тұйық, көп көзінен оқшау ұстайды. «Сыртына қызыл сөзден бал жаққандық» (Т. Ахтанов) емес, бұл. Жер басып жүрген адам – көп, алайда тұлға – аз, некен-саяқ, бірен-саран. Ахмет Байтұрсынұлы – мәдениеттер тоғысында туған тұлға, феномен, құбылыс. Тұлғатану – соларға тән энциклопедиялық білім мен жан-жақтылықты талап ететін салмақты сала. Ахмет деп жазсақ та, айтсақ та: «Бұл қай Ахмет болды екен?..» – деп сұрамайды, ешкім. Бұл – шүбәсіз, күмәнсіз нәрсе. Өйткені, оның асыл образы ұлт жадында ойып тұрып орын алған-ды. Бұл – халық махаббатының тақ көрінісі. Көп деген жақсы. Бағалайтын да, сүйетін де, күйетін де, кейбір кезде сынайтын да – сол көп. Ұнатса астындағы атын беруге әзір тұрады, ұнатпаса абыройсыз етуі де мүмкін. Бүгінгі тілмен айтқанда аудитория ғой. Әр Сөз сонда бағытталады, оны бойға сіңіру үшін ынта қажет, ынтасыздық пен ынжықтық – туыс, өстіп-өстіп бірінен соң бірі балалай береді, балалай береді. Регресс. Автордың «Жауға түскеннің сөзі»...
Жанға көңіл қалып тұр,
Жан бұл күйге салып тұр.
Тәнге көңіл қалып тұр,
Тән шыдамай, арып тұр.
Жұртқа көңіл қалып тұр,
Жұрт жалғанға нанып тұр.
Өтірік өрлеп күшейіп,
Шын жеңіліп, талып тұр.
Бақ дегенге байлау жоқ,
Уағдадан танып тұр.
Тағдыр шіркін тап беріп,
Тамағымнан алып тұр.
Бәле деген аңдушы
Аяғымнан шалып тұр.
Жала деген төбеті,
Балтырымнан қауып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап, жанып тұр.
Әр адам тарихтың бөлшегіне айналып, ұлы уақиғалардың басы-қасында жүргісі бар. Дәмеміз – дәу. Анау бір қыр басына қарасаңыз, төмпешік жетерлік. Алайда, артында қалған белгі аз. Сонда мына бес күндік жалғанға, мына дүрмекті дүнияға не үшін келді деп те ойлайсың. Ойланасың. Шоқан құрлы, Ыбырай құрлы, Абай құрлы, Әлихан құрлы жоқ па екен, сонда?! Мұның атауы – мұратсыздық, Пәлсапаның пәленше жыл зерттеген орталық тақырыбы – пәруай. Өмірдің өзегі – мақсаттан мақрұм жаннан не күтуге болады, бұл тіршілікте? Құдай береді, Құдай алады. Келді, кетті, болды, осымен тамам... Ұлыларға қарап – ұрпақ өседі. Аксиома. Постулат. Соларға теңескісі келеді, бой түзейді, солардан үйренеді, кейінгілер. Сондықтан, бұндай атты алып жүру – қиын шаруа. Ахметтің «Жұртыма» атты өлеңіне мән беріңізші:
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған,
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Ес жиып, етегіңді жап дейді, Ахаң. Ақынның сыншылдық ойы кей шақта Канттың «таза ақыл сыншылдығы» ұғымымен (Абайша айтқанда «нұрлы ақыл») толығымен болмаса да үндестік табатынын ұғамыз. А. Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқышында»: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды, өзге үшін айтады, сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап, сөйлемді тізе білу тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді» дейді. Мазмұн да, мән де – дерексіз нәрсе. Абстракция. Оны ми қызметінің операциялары, сезім мүшелері мен түрлі қасиеттер негізінде ғана тани алмақпыз. Екеуін көзбен көріп, қолмен ұстамаған жағдайда да сезе, сезіне аламыз. Жақсылыққа бет бұрсақ жақсы боламыз, жамандықтың жалына жармассақ жаман атанамыз. Бұл – қарапайым формула, бұрнадан бергі өмір заңдылығы, баршаға аян классификация: жаман мен жақсы, жақсы мен жаман... Автордың «Адамдық диқаншысы» өлеңі... Туындының көркемдік әлемі мейлінше келісті. Автор өлеңдерінде сүйініш пен күйініш шеберлікпен өріліп отыруының сыры – оның жазу өнеріне деген адалдығында.
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым екі аяқты,
Адамдық хайуанға қанша қажет?!
Жаратқан малды Құдай не керекке –
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының үзіндісі әркімнің үйінде ілулі тұру керек. Шешімтал тұста ақын өлеңдерінің мәніне үңілсе, оқыса, күрмеулі мәселе де өз шешуін табады деп ойлаймыз. Бүгіндері тең құрбыларымыз, қанаттас-қатарластарымыз жеңіл ақша тапқанына желпініп жүргенін байқадық. Кәсіп бастап, тез байығысы келетін ұқсайды. Дұрыс қой, қарсы емеспіз. Өссін, өркендесін, тілекшіміз. Десек те, бұл руханияттан, бай мәдени мұрадан нәр алған кәсіп болуы керек. Сонда ғана ол қайырлы болмақ, сонда ғана қайырымды жан көбеймек, бұны макроэкономикада «қайтарымды капитал» деп атайды. Ахмет көтерген проблематика қай кезде де өзекті. Себебі, автор универсалды, адам баласына ортақ рухани кеселдерді сынайды. Адам жаны – Құдай мен Ібілістің майдандасатын орны, айқасқа түсетін алаңы. Алла жеңсе, тазарасың, имандылыққа бет бұрасың, екіншісіне ерік берсең құрдымға кетесің, таңдау еркі – өзіңде. Қараны – ақ, қараңғыны – жарық, жаманды – жақсы етіп көрсетіп, алдарқататын Әзекең – Әзәзіл емес пе?! Кісіге берілген, әрі Ақылға бас иген ерік, еркіндік, тәуелсіздік дәп осы тұста бас көтеруге тиіс. Ахмет Байтұрсынұлының «Көк есектерге» деген өлеңі – зар-запыранға, өкінішке толы өлең. Ұлттық әдебиеттің мұраты – ұлттық характер тудыру. Ал, шығармадағы ұлттық характер қаламгер бойында ұлттық рух болғанда ғана өз тұғырына берік орнықпақ. Ұлттың жоғала жаздаған тілі, дәстүрі, мінезі мен табиғи қасиетін көрсетуге, кісі бітімінің сан қатпарлы құпияларын ашуға ұмтылуы – қаламгер кредосы. Тіл – ойды, дүниетанымды, ішкі әлемді, бітімді танытатын құбылыс. Осыны таныта алғанда ғана, автор стилі айқындалмақ. Бір түсінгеніміз тілді ойдан немесе идеядан бөліп алып қарастыру – қасаңдық. Әдебиет – уақыттың рухани, адами сыпаттарын бейнелейді. Демек, әдебиет – қоғамның өсуі мен өшуі, өзгеруі мен түрленуі таразысы.
Не жазып ем,
Құдай-ау, мен қазаққа,
Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегендік пе азатқа?
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, –
Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!»
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді,
Тамақ үшін сатқан иттер иманын.
Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай,
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
Әдебиетте көлемі қысқа болса да, көтерер жүгі ауыр, өзі өмірдей жанды өлең деген тамаша жанр бар. Бұл жанр автордан жинақылық, нақтылық, ойлы оқырманды әп дегеннен-ақ тарта жөнелетін қасиетті талап етеді. Ол үшін қаламгерге өмірді жақсы танып, жан-жақты зерттеуімен қоса, шұрайлы тіл, асқан байқампаздық, талғам, биік идеалға алып барар парасат-пайым керек. Ол өз өлеңдерінде адам бойындағы құндылық пен қайталанбастықты ашуға талпынады. А. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» көркем шығарма жазу жөнінде былай дейді: «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат – топырақ болса, оны біріктіріп илейді, илеген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан да, кірпішінен де болады, бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы (Біздің жағдайда, ақын. – Ә.Б.) қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шықпақ». Адамның сан түрлі шаттыққа да, қайғыға да толы тағдырының әлеуметтік табиғатын психологиялық сипатымен суреттейтін Ахмет Байтұрсынұлының мейірімділік, қайырымдылық, жомарттық, мәрттік, кешірімгерлік, еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттермен бірге жексұрындық, сұрқиялық, екіжүзділік, қызғаншақтық, күншілдік, сатқындық, мансапқорлық, пайдакүнемдік, тұрлаусыздықты көркем шындық поэтикасымен кестелеудегі ойшылдық, һәм сыншылдық шеберлігі өлеңде ерекше аңғарылады. Тегінде, қаламгер атаулысына тән басты ерекшелік – өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген шығармашылық қолтаңбасы. Ұлт тыныс-тіршілігі мен өмірдің былайғы көзге көріне бермес құбылыстың сырына қанық, ойындағысын кісі қызығарлықтай, көңіл сүйсінерліктей етіп суреттейтін қабілет-қарымы мол, тіл, көңіл, сезім, рух байлығы жағынан алабөтен автордың өлеңдері – жан айқайы. Әдебиеттің негізгі міндеті – оқырман жан саулығын сақтай отыра, оған рухани қорек беру. Әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние. Десек те, оны байланыстырып тұратын тұтас желі болмақ. Автор соңғы шешімді, түйінді ойды оқырманға қалдырады. Шығармашылық – ол күрделі процесс. Кез келген туындының тууы – кісі сезімінің ғана емес, ақыл-ойының да жемісі. Ахмет өлеңді еріккенінен жазған жоқ, ақын боп танылайын деген де жоқ, бұндағы ойы – өлең арқылы қазақты ояту, ой салу еді және Алаш қайраткері сол міндетін толықтай атқарып шықты.