Дәурен Тілеухан: Сәлемін жіберші құстардың...

ӘДЕБИЕТ
7202

          Жырлары əлемдік поэзияның жауһарлары қатарында тұрған Жан Николя Артюр Рембоны есіңізге алыңызшы. Бал дэуреннен алыстап та үлгермеген ...  Бала ақындар мүшəйрасы еді. Əділ қазымын. Кезегі келгенде Дəурен де шыққан ортаға ... Аса салмақты, орнықты, ойлы, һəм мұңдылау қара көз ... 
Шошып кеттім! Жо-жоқ, қорқып кеттім-ау деймін, сірə? 14-15 жастағы қаршадай қара бала "қалай-қалай, не дейд ?!"  Неше алуан сырлар шүпілдесе тұнып қалғандай жанарының қарашықтары тым тұңғиық, тым ойлы, тым пайымды! Əлдеқандай бір қуаныш лебі есіп өткендей, тұла бойым шымырлағандай, жүрегім атқақтағандай ма ... Жан дүнием: "Балақан! Балапан! Сен қандай ғажапсың?" деп сыбырлайды санама ғана естілерлік, соншалық жарқын үнімен.
Негізі; сəт сапар тілемекшімін.Мадақтау орынсыз, ə? Бірақ, мына жыр жарып шыққан жүрек, ақ ниет, пəк көкірек дандайсу, болып-толу ауылына ат ізін салмас-ау деймін де, исі қазаққа "сүііншілегім" кеп кетеді.Мына қараңызшы: 

   Ақиқатыма айналар, бəлкім, əр сағым, 
көрмеген жұмақ, жетпеген арман - аңсарый. 
Келер күндерге үздіге қарап бал шағым, 
қол бұлғап қалды ... 
Арқалар екем қанша мұң? 
Қолымды алмайтын тəкаппар өмір түк емес. 
Орындалмайтын қиялдарымнан шаршадым ... 

Естілер, мейлі еркімді билер нəзік үн. 
Ғаламның мынау 
көктемі-- күңгірт, жазы - мұң. 
Жанымның үнін қағазға төгіп қаламмен, 
таңбалап келем Тəңірдің берген жазуын. 
Тағдырдың жүгін көтергеніммен жалықпай
жасанды ойлардан қажыдым ...

           
     Ия, Дəуреннің жырынан үзінді ғой бұл.Мұншалық мұңға малшынып, соншама терең толғанардай неден қажыды бұ бала? Жаратқанның құдіретті, киелі қасиеті, əрине.Қабырғасы қатарлық, омыртқасы бекірлок ой ойлатып жүрген де, боздау~d-бебеуг салып, бұйдасын ерте түрген де, қызық, қыдырыстан аулақтап, қабағына мұң, қолына қалы ілген де мыңдардан бірді таңдап алатұғын, жүрекке жыр салатұғын Тəңірі таңдап берген құдірет.Мұнымен адам баласын құттықтауға болар ма? Əлде аяуға ... Тілектестік ше? Сол дұрысы! Өзіне өзі АДАЛ болса, өлеңге ОБАЛ жасамаса, болды.Өлеңді жетектемесе, жұмсамаса.Киесі ұрады, əйтпесе.

 Өлең-ғұмырдың ертеңі мен өртеңі əлден-ақ тезге салғандай, жауапкершілікті де, өз əл-қуатын да бажайлап қалғандай жас талап: 

Тамшыдай ізгіліктің тапшылығы 
таудай қайғы орнатты маңдайыма,
 - дейді.

Рас, бала ақын: 
-Шытынаған əйнектей əлем жатыр, 
жинай алмай сезімнің сынықтарын
 -, дей қалғанмен де, 

Жүректі жесе де жалқы мұң, 
табиғат тазартты уайымнан. 
Нөсердің нұрына малындым, 
қуаныш байқадым қайыңнан
 --деп, əлбетте құлшына ұмтылады жақсыға, мəн табады өмірден. 

Күндер зулап, жыл ақты жылғалардан, 
жеткізер ме алыста тұрған арман? 
Жерұйығын іздесе Асан қайғы 
мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан-
 дейтіні ше? Қуантпай ма пенде-көңілді? Сүйсіндірмей ме ұланынан үмітті қазақты.Елжіретпей ме ертеңге елеңдеулі, таңға алаңдаулы əр көкіректі? Жаз.Жаза ғой Жаратқанның бергенін.Алашың алдыңнан шығар, Алласы бар ғой! ..

  

  Гүлімай Əбішқызы. 
  Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі



Дәурен Тілеухан


     Кездейсоқ кездесу ...

Көшесі де көліктің күйін қостар, 
У-шуынан қаланың құлақ тынған. 
Жанарынан тамшылап түйір жастар, 
Кенет көрдім бір қызды жылап тұрған.

Тағдырынан тым ауыр үкім алып, 
Жылайды ару жасаурап тұла бойы. 
Жазмышының арызын күтіп алып, 
Бір бақытқа асығып тұрады ойы.

Кірпіктерін малып ап шерлі мұңға, 
Өксігенін көрудің өзі-ақ қайғы. 
Аттап баспас болдым мен енді мұнда, 
Аянышым себебі азаптайды.

Басқа жолға бағыңды бастаса арман, 
Осалдықтың шебінен озып тұрғын! 
Анау күні етегі жасқа толған, 
Ару қызды тағы да кезіктірдім.

Шыдап шықсаң шарпыған өрт, ағыстан, 
Кетер бәлкім сорыңның көші кері. 
Сол бір сәтте байқаған бейтаныс жан,

Тым бақытты көрінді осы жолы.

Күлдің не, қуандың не, жыладың не, 
 Жаныма қойды осылар бермей тыным. 
Түсіндім мен содан соң, мына өмірде, 
Қуаныштың қайғысыз келмейтінін ...

              Аңсар


Мүсін бар, бірақ сол жан табылар ма? 
Тұрады солғын тартқан сағым алда. 
Адамнан ең аяулы айырмайтын, 
Ажалдан арашалар дәрі бар ма? 

Сағындым сол әжемді бүгін тағы, 
Қу тірлік пенделерді құбылтады. 
Әлсін-әлсін елес боп еніп келсең, 
Өзгелер ертегі деп ұғынтады. 

Сен барда мен бала боп еркеледім, 
Бүгінде өлең дейтін өлкедемін. 
Өр кеменің ішінен өзіңді іздеп, 
Сағыныштың отына өртенемін. 

Есімде сол бір суық таңы, 
Ешкім мені бөлмеге жуытпады. 
Сол суық таң әжемді алып барып, 
Табыттай тар қуысқа құлыптады. 

Қазасы жандарына батты дағы, 
Жанарын жасқа малып жатты бәрі. 
Сол күні жерге түскен жапырақтай,
Мен үшін үзілген-ді шаттық әні. 

Жыл өтті, күндер көшті көрінбестен, 
Қайқы өлім талай жанның жолын кескен. 
Ал бүгін кейуананың құлпытасы, 
Гүлге ұқсайды бейіттің төрінде өскен. 

Ие боп ардақтайтын бір есімге, 
Жер астынан жымиып күлесің бе? 
Шаң басып тұрғанменен суреттерің, 
Сол бейнең тап-таза боп тұр есімде. 

Әз Ана келмейді ғой қайтып енді, 
Ол жоқта күн күлмеді, ай түнерді, 
Көп жылдың қуанышын қиып тастап, 
Айтыңдаршы әжем осы қайтіп өлді. 

Солса да сонау күзде гүл әлемің, 
Саған құран бағыштап тұрады елім. 
Алтын балық қолыма түсе қалса, 
Өзіңді тірілтуін сұрар едім, 
Мігілік өлмейтіндей қылар едім.


            Ақын сыры немес өлең туралы жыр

 Сөнбейтін сәуле сынды сағым жырым, 
Сағынсам сырымды ұғар сабырлығым. 
Өлеңнің соқпағында жүгірсем де, 
Сүрінсем ұғар екен жанымды кім? 

Қалам мен қағазымды серік қылып, 
Қара өлең қасиетін көріп, біліп. 
Ұқтырды ұлы екенін ұлы жырдың, 
Ұйқастан табылатын көріктілік. 

Тудырған күнді көктен, айынды алдан, 
Бабадан бізге қалған байырғы арман. 
Бақ болып, бағым болып отыр казір, 
Жаңылмай жеткен мұра шайырлардан. 

Айшықты әдебиеттік ордамдағы, 
Байырғы батпан сөздің болған бағы. 
Жадымда жатталып тұр жұтамайтын, 
Жыраулар төгіп айтқан толғаулары.

Болғанда барым-тапшы, бағым-қайғы, 
Кім келіп тілегімді орындайды. 
Жүйелі жөнін тапқан жақұт жырлар, 
Алты құрлық алсаң да табылмайды. 

Өлеңнің қайғы - мұңын артып кеткен, 
Бір ақын бір ақыннан артық деп пе ең. 
Әр ақын қара өлеңнің қыраны боп, 
Сұлу сөз биігінен қалқып кеткен. 

Ақын көп Алты Алашын жырға бөлеп, 
Қара өлең қасиетің қылған ерек. 
Сөз қадірін сезетін, терең ойлы, 
Қазаққа тағы талай тұлға керек. 

Үнсіз боп үңілгенде үніне тым, 
Сөздердің салмақтығы білінетін. 
Талай ғасыр толқыған тал мұрасы, 
Қазақтың қалмаса екен жыры жетім ...

 

          Жанымды жаулады нәзіктік

 Жанымды жаулады нәзіктік, 
Аға, мен аспанға құштармын. 
Түндерге тілегін жазыпты, 
Сәлемін жіберші құстардың ... 

Мехире, мүлгіген мына түн, 
Жанымның айқайын құпады. 
Таңдарда төгіліп тұратын, 
Мендегі мейірім шықтары ... 

Қайда сол жабыққан жапырақ? 
Күзді аңсап көп уақыт кідірдім. 
Бұлттардың бейнесін бақылап, 
Аспанның астына тығылдым. 

Жанымды жесе де жалқы мұң, 
Табиғат тазартты уайымнан. 
Нөсердің нұрына малтыдым, 
Қуаныш байқадым қайыңнан ... 

Сыр айтып ескірген сағаттан, 
Сағыныш сыйлады көлемді ой. 
Қамыққан сәттерде Жаратқан, 
«Көкке бір қарасын» деген ғой ...

Жанымды жаулады нәзіктік, 
Аға, мен ғарышқа құштармын. 
Түндерге тілегін жазыпты, 
Сәлемін жіберші құстардың ... 

          

           Іздеймін ...

Табар ма екен пенделер, қалағанын? 
 Таусылғандай күй кешем бар амалым. 
 Жаһан кезіп кетсем бе Фарабидей, 
 Зар мұңынан жырақтап замананың?

Қайдан іздеп табамын керегімді? 
 Неге өмір өксиді, неге мұңды? 
 Келер күннен ғажайып күтем ылғи, 
 Өрге сүйреп өлермен өлеңімді.

Қорқамын, сөнген шырақ жанбай ма деп, 
 Қорқамын, басқа бағым қонбай ма деп. 
 Тамшыдай ізгіліктің тапшылығы, 
 Таудай қайғы орнатты маңдайға кеп.

Содан бері қалмады ғаламда мән, 
 Жыртқыштай жауын көріп жалаңдаған, 
 Адамға адам кезеніп қаруларын, 
 Қалай ғана өлтірді адамды адам?

Білмеймін біздің жайды кім ұққанын, 
 Содан бері шаршадым, құрып хәлім. 
 Шытынаған әйнектей әлем жатыр, 
 Жинай алмай сезімнің сынықтарын.

Күндер зулап, жыл ақты жылғалардан, 
 Жеткізер ме алыста тұрған арман? 
 Жерұйығын іздесе Асан қайғы, 
 Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан, 
 Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан ...

       Арманымдағы Ақтөбе

 Тірі пенде мін таба алмад тағарға,
Жалын шашып жарқырайтын жанарда. 
Бәйтеректі ұясымен көшіріп,
Ақтөбеге орнатар ем Ақорда. 

Арманымның асқарына қосылып,
Биіктікті паш етеді осы үміт. 
Ақтөбенің қақ төріне қояр ем,
Алатауды ақ қарымен көшіріп. 

Тербетумен самал соқса ырғала,
Ақ бесігім кететіндей нұрлана. 
Дубайдағы көк тіреген көрікті,
Ғимаратты тұрғызар ем мұнда да. 

Түн үзіліп, байқалғанда таң әрең,
Сұлулыққа масайрайды сан әлем. 
Вавилонның ескі аңызын тірілтіп,
Ақтөбеге «Аспалы бақ» салар ем,

Келбетіне күн нұры да бағынар,
Құт мекеннің құдіретін танып ал!
Эх ... Бұл қала барлығына лайықты, 
Дегенменен өзінде де бәрі бар! 

Баяндайтын баға жетпес жеңісін, 
Осы жерде орын тапқан келісім. 
Ақ сәулелі, аппақ өлкем АҚТӨБЕ, 
Меккеден соң ең қадірлі мен үшін!

             Естелік елесі

Тамылжып төскейімнен таңның нұры, 
 Сайрайды сағым күннің әр бұлбұлы. 
 Есіме еріксізден еніп кетті, 
 Баяғы балалықтың балғын жыры.

Сол кездер түседі еске сәулеленіп, 
 Малымыз бар, Тәңірге тәубе дедік. 
 Кешқұрым төлдер келе өрісінен, 
 Әкем жүрген сиырмен әуреленіп.

Ал анама маңызды ед (і) май-қаймағы, 
Ала сиыр себеп боп қай-қайдағы. 
 Жан анам жалын шашқан жанарымен, 
 Ашуын жасыра алмай айғайлады.

-Жоғал! -деді ... Сосын мен кемсең қағып, 
 Жасықтықтан жүре алмай еңсемді алып, 
 Ызаландым ... күйзелдім ... абдырадым ... 
Төрт құбылам, төңірегім теңселді анық.

Құлазумен құбылды сантүрге әлем, 
Әжем барда тап бұлай тартынпп ем. 
Жазықсыз жапа шеккен сәтім үшін, 
Жылап тұрдым қораның артында мен.

Жанды баурап кенеттен күшті демі, 
Қолдарының жылуы ыстық еді. 
 Көз жасымды сүртіп ап саусағымен, 
Асыл анам құшаққа қысты мені ...

Балалықтың биік қой белестері, 
Тәтті шаққа ештеңе теңеспеді. 
Сағынышқа айналып кетеді екен, 
Бір сіттік естеліктің елестері ...

Бала аспанның жұлдыздары


Көрдің бе түннің мына тылсым нұрын? 
Паш етіп тұр бір сұмдығын. 
Жанарымды еріксіз еліктіріп, 
Жүрегімді жұлдызға жерік қылып, 
Сағынышқа сусаған көңілімді, 
Сырға малды өлшеулі өмірімді. 
Осы аспанның астында өткен сәттің, 
Көбі шаттық шашатын, көбі мұңды. 

Сырласым мен мдадым мылқау ғалам, 
Көгінде бұлт аунаған. 
Күн кетсе ай жететін алып-ұшып, 
Жұлдыздар әрі-бері сабылысып, 
Жалын ұшып жататын ғарыштан да, 
Табысқандар, куә ғой қауышқандар, 
Құпиясын біле алмай мына түннің, 
Мен үнсіз көкке қарап тұратынмын. 

Мұң жастанып кенеттен түнгі аспанды, 
Жұлдыз болып кірпіктен бір жас тамды, 
Сосын қора маңына таяу бара,
Бақылап жатамын мен баяу ғана. 
Жасыл шөптің үстінен нұрлы аспанды. 

Құштар боп сезіне алмай көптен бері, 
Бір күйді бастан кештім өткендегі. 
Шіркін-ай сол шаттарым көктем бе едің? 
Баяғы балалықтың өпкен желі, 
Бал шағым болашақтан безіп кетіп, 
Іздеп жүр көктен мені. 

Кеудемде орын алса көк тұрағы, 
Қиял боп кетті бәрі. 
Зуылдап жету үшін сол әлемге, 
Періштеге айналғым кеп тұрады. 
Ай күлсе, жымыятын қыр қызы да, 
Қарайтын күн қызғанып, гүл қызыға. 
Әлемнің бар жарығы жетпейді ғой, 
Дәуреннің бала күнгі жұлдызына.

         Мүсінге мұң шағу

Қазір басқа ғалам ... 
 Шарасыздан жанарды жасқа малам. 
 Шаршадым мен өмірдің күресінен, 
 Тірілші тастағы адам!

Қашанғы созылады мына нәубет? 
 Жұбатпас тірлік бізді "жылады-ау" деп. 
 Бұрылып қараймайды ол артына да, 
 "Құлады-ау" деп, "қол ұшын сұрады-ау" деп.

Досым да хәл-жайымды шын ұқпаған, 
 Көшелер кемсітетін күліп маған. 
 Сен мылқаудай сөзіңді айта алмайсың, 
 Мен тілімді тістелеп тұрып қалам ...

Дәрмен жоқ. 
 Дертке бәрін жеңдіресің, 
 Дүние дауа табар енді несін? 
 Мен сырымды өлеңмен ақтарамын, 
 Сен жолдарға тек үнсіз телміресің ...

Мейірімсіз әлемге қаяулана, 
 Баяны әуен естілер баяу ғана. 
 Азғындықты көп көріп көшелерден, 
 Тасқа айналып кеттів бе, аяулы аға?

Аңғармадың ажалдың жылдамдығын, 
 Мұңымды естіп шөккендей тұлғаң бүгін. 
 Қайдан білсін мына жұрт сендік жүрек, 
 Тар мүсінге қамалып тұрғандығын ...

Қазір өмір басқаша, басқа ғалам ... 
Шарасыздан жанарды жасқа малам. 
Шаршадым мен жалғыздық күресінен, 
Тірілші тастағы адам!



Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...