Ахмет Өмірзақ. Жан шырағы жарқыраған Жарасқан

ӘДЕБИЕТ
1051

Қазақ поэзиясында талантының көпқырлылығы жөнінен Әбдіраштың Жарасқанымен шендесетін ақын сирек, тіпті жоқ десе де болар. Оның лирик ақын, сатирик ақын, балалар ақыны, әдебиет сыншысы және аудармашы ретіндегі қабілеттеріне қарап осылай деу әділеттілік. Сонымен бірге көптеген таланттарда кездесе бермейтін ғажап еңбекқорлығы да оның нағыз әдебиет үшін жаралған жан екенін көрсетеді.

Жарасқан осыдан жетпіс бес жыл бұрын шөл даланың ортасында жақұттай жарқыраған Арал теңізінің жағасында дүниеге келді. Қазақ жұрты «Алаштың анасы» деп әспеттеген Сыр өңірі ежелден ұлт өнерінің туын биік ұстаған өлке, тек әдебиет жөнінен айтқанда, күл­лі қазаққа мәлім талай құдіретті ақын­дардың тал бесігін тербеткен жер. Базар жырау Оңдасынұлы, Қара­са­қал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Тұр­мағамбет Ізтілеуұлы секілді қайта­лан­бас ақындардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Ал ондай аймақта дәс­түр сабақтастығы, болмыс бүтіндігі сақ­талмауы мүмкін бе? Әрине, жоқ!

Туа сала, бір шетінен қарағанда арғы шетіне көз жетпей – аспанмен астасып тұрғандай болып көрінетін көкшулан теңіздің дауылды күні көкке шапшыған ғаламат толқындарына таңдана қарап, табиғат құдіретін сезініп өскен жанның жүрегіне батылдық бала жастан сіңгеніне күмән болмауы тиіс. Жарасқан сондай ақын. Оның поэзиядағы шындыққа тіке қарап тура жырлауы, сөз өнерінде жұрт таныған тұлғалардың беделінен сескенбей, олардың болмысындағы кем­шіліктерді қамырдан қыл суырғандай етіп эпиграмма арқылы ашып тастауы, әдеби сын мақалалар жазғанда ешкімнің көңіліне қарамай жетістігі мен кемшілігін бірдей саралап әділ төрелік айтуы – ақын талантына тірек болған батылдық пен тура­лықтың дәлелі.

Болмыс пенденің тағдырын жасайды десек, әділдікті сүйіп – «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали) деген аға сөзін ту қып ұстаған Жарасқан ақын жас­тайынан «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» (М.Әлімбаев) дейтін ұстанымды өмірлік кредосына айналдырған. Заман­дастарының айтуынша, әр аптаның сенбі, жексенбісі – дүние төңкеріліп кетсе де ақын үшін тапжылмай отырып жұмыс істейтін күндер болған. Осылайша ең алдымен өзін тәртіпке бағындырып – талантының бар қуатын әдеби еңбекке жұмсаған Әбдіраштың Жарасқаны артына көркемдік деңгейі жоғары мол мұра қалдырды.

Әдебиет адамның жан-дүниесін ізгі­лік­ке шақыратын біртұтас әлем десек те оның бағыттары көп. Лирика, эпиграмма, сын жанрларында өнімді еңбек етіп, оның бәрінде де табысқа жете беру онның тоғызына бұйыра бермейтін бақ. Сірә, Жарасқанның болмысы «Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жазады» (Асқар Сүлейменов) дейтін даналыққа келетін болар.

1969 жылы шыққан «Тұңғыш кітап» атты алғашқы жинағынан өзі қайтыс бол­ғаннан соң, екі айдан кейін жарық көрген «Құлпытас» (2001) кітабына де­йінгі отыз екі жылда әдебиетімізде Жа­рас­қанның шығармашылығы халықтың көз алдында биіктеп, шыңдарға қарай самғап өтті. Кітаптан кітапқа өсіп, таланты шыңдала түсті. Әдеби сын мақалалардағы таланттар тізімінде есімі үнемі алдыңғы лекте ата­латын. Поэзияны сүйетін оқырмандар­ға кең танымал болды.

Жарасқан дегенде есімізге ең алды­мен оның лирикалық туындылары түседі. Оның ақындығын паш еткен «Тұңғыш кітабы» мен «Ақ қайранынан» соң жа­рық көрген «Найзағайлы жаз» кітабы әде­биетімізге ерекше бір жаңа ақын келгенін танытқан-ды. «Найзағайлы жаздағы»:

Ақ бұлақтар!

Алқынған ақ бұлақтар!

Қазір – Көктем,

Алдың – Жаз,

Шапқылап қал!..

деген жолдарының өзі поэзиядағы музыканы тап басып, дәл ұстап, оқығанды елең еткізсе,

Төрт тұяғы – төңкерілген төрт кесе,

Жер тарпиды – таң асырып

ерттесе...

Кең жазықпен көсілгенде екпінін –

артық емес дауыл десе, өрт десе,

– деп тұлпарды суреттеген шумағы оттылығымен, әсемдігімен құлақтарға құйылып қалған-ды. «Теңіз дәмі тамшыдан белгілі» – бұл эстетикалық талғамы жоғары, сұлулықты сүйген ақынның дарын қуатын шебер өлең құрауға жұмсауы емес, тумысынан табиғатпен үндес, жылқымінез қазақтың болмысын дәл бейнелеуі еді. Біз үшін көктеммен бірге оралған сәуірдің жанға жағымды жібек желі болса, әдебиет үшін ойлы да сырлы үлкен арнаның екпінді басы еді.

Одан кейінгі «Дала, сенің ұлыңмын» атты жыр кітабы – қаншама қыспақта жүрсе де азаттыққа ұмтылудан тайма­ған халқының болмысына арналған та­маша ескерткіш деуге сыяды. Шын мәнін­де, жас күнінде адам ел, халық тура­лы тұғырлы ой айтып, болашақ туралы тол­ғана беруі сирек. Бірақ дала дана­лары – абыз ақсақалдардың елдік, ерлік туралы ғибратты сөздерін жастайынан құла­ғына құйып, санасына сіңіріп өскен Жарас­қанның жөні бөлек болатын. Сондықтан ол есті әңгімелерден ерте есейіп, ұлт туралы ерте толғанды.

Әлгі кітаптағы бір өлеңін ғана оқып көрейікші:

Туған дала,

Тұрдым-ау бүгін де атып,

Кешір!

Түсін!

Кінә жоқ ұлыңда түк!..

Қалай ғана шыдаймын –

көз алдымда

Жатса біреу Шындықты

шырылдатып?!

 

«Әдеп» пенен ысырып «тәртіпті» ары

кеттің деме жастықпен артық тағы...

Қалай ғана шыдаймын –

Қозғалмаса

құрығынан Мансаптың қорқып бәрі?!

 

«Қызбасың!» деп шетінен

қорлап-сөгер,

ақыр түбі азабын ардан шегер!..

Қалай ғана шыдаймын –

жалғандағы

Жалғыз сенер Жақыным

сол болса егер?!

 

P.S.

Және бір сыр:

Салмағын ердің менше ұқ,

Көрген емес ешқашан көңілім көншіп,

сөйлер тұста –

үндемей қалғандарға

Ашуларын ақылға жеңдіргенсіп!

 

Және бір сыр:

Жүргендер жоталанып,

аярлықпен айқасқа жеке барып,

безінді ме Шындыққа болысуға –

Өзіңді де құлдыққа сатары анық!..

Өлеңдегі ой-пікірге еркіндік беріл­ген қазіргі кезде оншалық таңырқатар нәрсе болып көрінбеуі мүмкін, бірақ тө­беңнен төніп, қылышын ойнатып тұр­ған коммунист-жендеттердің заманында – әр әрібіңнің астарына үңіліп, пәле іздеп тұрған шақта осылай деудің өзі үлкен ерлік болатын. Өйткені орыстандыру – мәңгүрттендіру дәуірінде қазақ­ты басқарғандар туған халқына тиісті деңгейде болыса алмады, абырой-атақ пен бедел-креслоны жұрт қамынан артық көрді. Әрине, осылай дегенде ақын өзіне жау тілеп алатынын, мұндай өлеңдерінен кейін жолына кедергі боларын білмеді емес, білді. Сөйте тұра ақындық арының алдында айтылуы тиіс нәрсені айтудан қорықпады. Мұның соңы Жарасқан­ды «мағжаншыл», «ұлтшыл» деп тілдеуге дейін жетті. Ақындығы әбден лайық болса да, сол тұста қолы жеткен адам тірі классикке айналатын Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығынан үш рет құлатылды...

Иә, кеңестік кезеңде таланттардың басына не түспеді, бірақ елінің ертеңіне сенген ақындардың қатарында Әбдіраштың Жарасқаны да «Егер адам тұла бойы түгелімен жалғандыққа берілсе, ақыл-ой талантынан айрылатыны айдан анық» (В.Белинский) екеніне жастай көз жеткізіп тура жолдан таймады, «Халықтың сүйіс­пеншілігінен басқаның бәрі сатылатынын» (Проспер Мериме) ескеріп, өзін туған халқына адалдығынан танбады, сон­дықтан жиырма жеті жасында-ақ ол «Дала, сенің ұлыңмын» деп жар салды.

Қуатты талант – көпқырлы. Қазақы тәмсілге ден қойсақ, «шын балуанға оңы да, солы да бірдей». Жарасқан титтейінен сана түкпіріне жарық берген отансүйгіш қасиетті жүрегінде аялап ұстаса да, адам баласының сезім атты қастерлі қасиетін де ұлықтап талай жырлар арнады.

Оның «Найзағайлы жаз» кітабында өзі өмір сүрген тұсқа сыйымсыз көріне­тін әуендегі өлеңдері болды. Тіпті, адам бойындағы құмарлық сезімінің алапат шындығын астарлап жеткізген «Шторм» атты өлеңі сол тұста «коммунистік эстетика» тұрғысынан азғындау сияқты қа­былданды. Оны тіпті Мұқағали Мақатаев ағасы «...бұл қазақша айтуға ұят, басқа тілде айтқанда, «сексуализм» деп те сынады. Бірақ жазылған нәрсенің әр дәуірде әртүрлі қабылданып, мәні ашыла түсеті­нін ескерсек, Жарасқанның «Штормы» уақыт өте келе сезім жалаңаштығын наси­хаттау емес, адам бойындағы пенделік осал­дықтың шындығын жеткізу екені таныл­ды: өлеңді бозбала мен бойжеткен жат­қа оқыды, кейін 80-жылдардағы жас­тар кумирі, ақын-композитор Табылды Досымов ән шығарып, жастар қосыла шырқады. Бұл поэзияның қандай нәрсені де әдеп, мәдениет шегінен аспай жырлау арқылы адамға ақиқатты тыңдата алатын құдіретінің көрінісі болса керек.

– О, махаббат

сегіз әріп,

бір арман!..

О, бір арман,

қырық қыздан құралған!

Мұңды жырсың –

тебіренсем,

толғансам,

бір қыз болып жолығасың сен қашан!

Ақын жүрегінен таңғы шықтай мөл­діреп, төгіліп түскен осы бір шумақты қан­ша ұрпақ жатқа айтпады? Тіпті авторын білмей-ақ оқып жүргендер көп. Бұл – сезімнің қазанында қайнаған махаббат жырларымен оқырман, тыңдар­ман қауымның ардақтысына айналудың айғағы десек артық емес. Интимдік лирика десек те, оны келістіре жырлау­ға, ойыңды бүкпесіз айтуға да таланттан бөлек батыл­дық қажет. Әрдайым ойын­дағысын бүкпесіз жайып салатын Жа­расқанның мұндай аңызға айналған өлеңдері көп.

Сан қырлы талант иесінің тағы бір жемісті бағыты – балаларға арнап жазған шығармалары. Шынына келсек, балаларға арнап жазу қиын, ақын-жазушының көбі оған бара бермейді. Ал Жарасқанның балалар тақырыбына жазған өлеңдерінің өзінде үлкен философия жатады. Мысалы, «Портфель» деп аталатын өлең:

Жатқызды қыртыс, қырымды,

Жылжыған жылдар өтектеп...

Мектепке тұңғыш ұлымды

Келемін үнсіз жетектеп.

Салқыны күздің соғады,

Ойлантпас қалай ол сені.

Жанымда томпаң қағады,

Жанымның құйттай бөлшегі.

 

Бұл күнді көріп түсіңде,

Асыға күткен аз ба адам,

Шаттығым да бар ішімде,

Тәтті мұң да бар аздаған.

 

Екі ұдай сезім тербеумен,

Күлген де болам сыр сақтап,

Жарасқан атты сүрлеуден,

Бөлінбек қазір бір соқпақ.

Жақындай бере:

– Ал енді,

Тоқтама, – дедім, – тарт! – дедім,

Шапқылап ала жөнелді

Арқалап шағын портфелін.

 

Емірендім сол сәт, егілдім,

Сезінсін қайдан сотқарың:

Алғашқы жүгін өмірдің

Арқалап бара жатқанын!..

Бір қарағанда тұңғыш балаңның мек­теп­ке барғанын жай ғана қуаныш ретінде атап өтіп, оның үлкен өмір жолындағы ал­ғашқы қадамына сүйсінгеннен өзге не бар деп ойлауың мүмкін ғой, ал ақын содан үл­кен мән табады. Өмірге басқан әр қа­дам қиындықпен күресуден тұратынын соң­ғы түйінде бір-ақ айтқанда ата-ана бол­ған әр адам­ның жүрегін шым еткізер сыр­ды сезесің. Кішкене нәрседен осынша терең философия көру жай сезгіштік емес, үлкен ойшылдық.

Жарасқан бір кітабын «Соғыстан соң туғандар» деп атады, бұл кейін кітаптың аты ғана емес, ақынмен бір мезгілде әде­биетке келген тұтас бір буынның атауына айналды. Ол тегін емес, қазақтың «аузы дуа­лы» дейтін сөзінің жарқын бір мысалы осы. Мәселен, күллі әлемге белгілі «Жо­ғалған ұрпақ» сөзі Э.Хэмингуэйдің бір ро­манында айтылған ойдан бастау алса, «Со­ғыстан соң туғандар» ұғымы Жарасқан қолданған бір сөзден туындап отыр.

Сол кітабында ол өз тұстастары туралы былай жырлаған-ды:

...Жау танкісі бәрімізді қоса атты,

тумай жатып көзімізден жас ақты!

Біз білеміз бейбіт күннің бағасын,

таңнан тұрып термесек те

масақты!

 

Сәби көңіл түйсінгенін толғасын,

қасіретке ортақтасу – ол да сын!

Біз білеміз мүгедектер мінезін,

денемізде жатпағанмен қорғасын!

 

Біз білеміз сағыныштың салмағын,

біз білеміз жалыныштың

«зарлы әнін!»

Біз білеміз бір анадан туса да

Өгей өскен ағалардың арманын...

 

Ес жыйғызбай есендесіп қайғы алуан,

Жанымызға мұң құшағын

жайды алдан.

Біз білеміз қазаның да не екенін,

«қара қағаз» алмасақ та майданнан!

 

Өйткені біз өрт ішінде өнгенбіз,

өмір үшін – өлімге де көнгенбіз!

Соғыс көрген әкелерден – Жаралып,

соғыс көрген аналарды – Емгенбіз!..

Тұтас ұрпақтың басынан өткен жай, өмір қасіреті. Егер Жұмекен Нәжімеденов соғыс кезіндегі елдің жай-күйін жан-жақ­ты суреттесе, Жарасқан соғыстан соң туған ұрпақтың болмысын жеріне жеткізе жырлады.

Ақынның көзі тірісінде өзі дайындап кеткен соңғы кітабы – «Құлпытас». Бұл кітап, шын мәнінде қазақ азаттығы жолында құрбан болған аяулы тұлғаларға жырдан қойылған ескерткіш. Көрнекті ақын Темірхан Медетбектің сөзімен айтсақ, ««Бұл кітап – сонау ауытқып тұр­ған алмағайып заманда адамның ар-ұяты мен иманы таразы басына түсер кезде елінің еркіндігі үшін жанталасып, жері­нің азаттығы үшін арпалысып өткен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, М.Жұмабаев, т.б. арыстарға қойылған құл­пытас. Сонымен бірге бұл кітап – Жарас­қанның өзіне өзі қойып кеткен құлпытасы».

Иә, ақындық дегенді о бастан елдің сөзін айту деп ұққан Әбдіраштың Жарас­қаны сонау шығармашылық жолы бас­талған қиын-қыстау заманның өзінде «Дала, сенің ұлыңмын» деп ұлт көкейіндегі ойларды батыл айтудан бастаса, жарық дүниеден көшер шағында, заманның темір шынжырын үзген азат дәуір басталғанда елімен қайта қауышқан халқымыздың ардақты перзенттеріне биік парасатпен өлеңнен «Құлпытас» қойып ақындық парызын адал атқарып кетті.

Сан қырлы таланттың бар қырын ашу үшін оның әрқайсысына толық тоқталу керек. Бірақ шектеулі көлем ішінде ол мүмкін емес. Әйтпесе, Жарасқан ақын­ның эпиграммалары туралы, сыншылығы жайында, аудармалары хақында кеңірек айтқанда болар еді, алайда әрқайсысы­ның ерекшелігін ашу үшін жай мақала емес, кітаптар жазылуы керек. Аристотель айт­пақшы, «Әдемі де сүйкімді дүниелер қайдан шығады? Оларды талантты, яғни зергер адам жасайды. Ал бұлардың мәні – сырының қандайлығын айқындап беру – біздің ғалымдарымыздың міндеті». Біз де осы сөзге тоқтағымыз келеді.

Ұлтының асыл қасиетін ұлықтап, хал­қы­ның қайсар болмысын ту етіп өткен жан-шырағы жарқыраған Жарасқанның со­ңында қалған әдеби мұрасы – ұлт әдебие­тінің асыл қазынасы. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлғалы талант – Әбді­раштың Жарасқанының жазғандарын саралап, сараптап, зерттеп, зерделеп ұлт­тық құндылық дәрежесіне көтеру соған мүдделі қаламгер қауымның да, ұлтының рухани дүниесінің көркемдігін қалайтын бар қазақтың парызы.

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

egemen.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...